КІРІСПЕ

Жоспар

 

1. Саясат түсінігі. Оның шығу тегі.

2. Саясаттың құрылымы, функциясы және түрлері.

3. Саясаттағы мақсат және құрал. Саясат мүмкіндік өнері ретінде.

 

Саясат түсінігі. Оның шығу тегі.

«Саясат» термині мемлекетпен, өкімет билігі қатынастарымен, адамдар мен қоғамға басшылық ету ғылымымен байланысты көне заманғы ұғымдарға негізделген.

Дәстүрлік түсінік: Саясат дегеніміз, ең алдымен, мемлекеттік және қоғамдық істер, адамдар, әлеуметтік топтар, халықтар мен мемлекеттер арасындағы айқын көрінетін және өкімет билігі жөніндегі қатынастарымен байланысты қызмет саласын білдіреді. Әлеуметтік сирек ұшырасатын құбылыс ретінде оған саяси институттар мен ұйымдардың қызмет атқаруы, саяси нормалар мен дәстүрлері, адамдардың басқару қызметі, олардың әлеуметтік-саяси мүдделері мен қажеттері, саяси идеялары мен көзқарастары жатады.

Саясат - өкімет билігі мен қоғамды басқару тұрғысындағы таптар мен әлеуметтік топтар арасындағы қатынастардың, қызметтің, тәртіптің, бағдарлардың және коммуникациялық байланыстардың сан алуан әлемі ретінде түсіндірілетін әмбебап қоғамдық сирек ұшырасатын құбылыс.

Саясат қоғамнан тыс өмір сүре алмайды, қоғам, өз кезегінде, адамдардың өмірлік қызметінің: шаруашылық экономикалық, әлеуметтік, саяси және рухани қызметтерінің өзара байланысты, өзара тәуелді, бірақ едәуір дәрежеде дербес салалар жиынтығынан тұрады.

Қоғам өміріндегі саяси саланың мәртебесі. Саяси саланың басқа салалардан айырмашылығы мынада :ол сөздің белгілі бір мағынасында осыларға қатысты үстемдік рөлін атқарады. Саяси саланың мұндай жағдайы оның ауқымында қабылданған заңдарды, шешімдерді,жарлықтарды, нұсқауларды барлық басқа да қоғамдық салалардың міндетті түрде орындауына байланысты болады. Осыған орай, саяси саланың, әсіресе, қоғам дамуының өтпелі және күрделі кезеңдерінде тиісінше артықшылықтары болады. Сонымен бір мезгілде, саясат саласы қоғамның барлық басқа салаларымен тығыз байланыста, соларға тәуелді болады.

«Саяси» және «әлеуметтік» бірегей құбылыстардың ара- қатынасы. Принципінде кез келген әлеуметтік құбылыс өзінің өкімет билігі ығына еруінің дәрежесі мен деңгейіне қарай саяси белгілерін, саяси сипатының «алуы» немесе олардан «айрылуы» мүмкін. Қоғамдағы «саясат» атаулының бәрі әманда әлеуметтік болып табылады, бірақ әлеуметтік атаулының бәрі әлеуметтік болмайды немесе «саясатқа» айналмайды.

Демек, қоғамда тәртіпті сақтау мен басқа да міндеттерді шешу үшін болатын өкімет билігі мен беделі бар қоғамдағы құбылыстарға, институттар мен қатынастарға қатысы бар нәрселердің бәрін саясат деп түсінеміз.

«Саясат» ұғымын түсіндіру. Саясатты анықтаудың мейлінше кеңінен тараған әдісі «саясат» терминінің шығу тегіне жүгіну болып табылады, ол көне грек тілінде «мемлекетті басқару өнері» дегенді білдіреді. Саясатты осылайша анықтау саясаттың орталық элементі ретінде мемлекетті көрсетеді, ал мемлекеттің өзін саясат туралы ғылымның орталық санаты ретінде қарастырады, ол өзінің ресми бастауын Аристотельден алған, ол саясатты мемлекетпен тығыз байланыстырып, бұл терминді ғылыми айналымға енгізген.

Оның анықтауы бойынша, саясат - бұл «отақ игілікке» және «бақытты өмірге» қол жеткізуге қызмет ететін қауымының өркениетті нысаны.Қазіргі заманғы өлшемде саясатты осы тәріздес түсіндіруді баяндауда екі негізгі үрдіс туралы айтуға болады: А) мемлекет пен саясатты таптық санаттарда марксизм түсіндіру.

Б) мемлекет пен саясатты үкімет қызметі санаттарында американдық «саясат туралы ғылым» және француздық «саясат ғылымы» түсіндіру.

Маркстік теорияда саясат мемлекетпен және мемлекеттегі билікпен байланысты таптар күресінің саласы ретінде анықталады. Саясат туралы ағылшын тілді және француздың саясат туралы ғылымында саясат термині мемлекеттік басқару мен басқару қызметін жүзеге асыратын адамдар қызметімен бір мағынада байланыстырылады. «Саясат ғылымы»- бұл мемлекеттің, сондай-ақ оның өкіметінің сипаты мен қызметтері туралы ғылым, үкімет органының көмегі арқылы мемлекет өзінің бмлігін жүзеге асырады.

Саясатқа мұндай түсінік беруге саясатты әлеуметтану тұрғысынан ұғыну қарсы тұрады. Саясат саласында әңгіме жиынтық әлеуметтік субъектілер – ұлттар, таптар, ірі қоғамдық қозғалыстар туралы болуға тиіс. Атап айтқанда, олар істің шын мәнінде, «сайып келгенде» саясат субъектілері болып табылады және саяси партияларға, одақтарға, т.т ұйымдасқан өздерінің өкілдері арқылы жария өмірге қатысады.

Саясат ұғымына қолдануға болатын іргелі екі сұрақ бар. Біріншісі - адамнан басқа барлық тірі мақлұқтарда саясат бар ма? Екіншісі - қоғамдар саясатсыз өмір сүре ала ма? Сонау көне заман кезінде де, басқа мақлұқтарда да шынында да саясат болады деп есептейтін авторлар бар: он жетінші ғасырдың ортасында бал арасы туралы «үш атын саяси жәндік» деп жазған. Сондай-ақ Т. Мор «утопия» деген терминді енгізгенге дейін де, кенін де «утопиялық» қоғамда саясат болмайды деген ойлар айтылған. Мұндағы жасырын мағына («утопия» - еш жерде жоқ) – ондай қоғамды ойша елестетуге болады, бірақ ондай қоғам мүмкін емес.

Осы заманғы көзқарастардың бірі мынадай: саясат сөзін тек адамдарға ғана емес, мәлімдемелер жасайтын, принциптерін білдіретін, дау айтып, келіспейтінін білдіре алатын мақұлықтарға қолдануға болады. Адамдар мүдделер бөлінісі туралы мәселеде келісе алмайтын, бірақ мұндай алауыздықтарды шешудің бері салғанда бірнеше процедурасын қолданатын жерлерде саясат бар. Демек, адамдар өздерінің төл мүдделері үшін бір- бірімен соғысатын, «Менің оны алуға хақым бар» деудің орнына, «Мен оны аламын» деп өңеш жыртатын табиғи ахуалда (табиғат ахуалында ) саясат болмайды. Саясат, сондай-ақ қоғамда құқықтар мен міндеттер туралы берік те толық келісім бар жерлерде де жоқ. Әрине, осынау анықтама сананың ықтимал ерекшеліктеріне және адамдар жасалған ережелерді қабылдамай ма деген сұраққа байланысты саясаттың болатын - болмайтыны туралы ештеңе айтпайды деп дауласуға болады, Егер адамдар «жасырын алауыздықтар» ұғымын мойындайтын болса, онда саяси қызмет өрісі үшін тағы да шектеу жоқ.

Саясаттың мазмұны қоғамның жетекші әлеуметтік топтарының,таптарының немесе күштерінің мүдделерімен анықталады. Саясат мазмұны оның мақсаттарынан, бағдарламалары құндылықтарынан, ол шешетін проблемалары мен міндеттерінен, саяси шешімдерді қабылдау мен жүзеге асырудың себеп - салдарына, тетіктерінен, тәсілдері мен әдістерінен көрініс табады.

Саясат және билік. Көптеген саясаттанушылар саясат «билік» санаты арқылы түсіндірілуге тиіс деген пікірді ұстанады. Билік санатын пайдалану қажеттілігі саясат саласы тек мемлекет пен саяси жүйенің ғана қызметі шегінен шығады дегенді негізге алады.
Саясат және мүдде. Саясаттануда саясатты мүдделер тұрғысынан қарап ұғыну бар. Мұндай көзқарасты жақтаушылар саяси процестер мен құбылыстардың жасалуының алғашқы тетігі ретінде адамдардың топтық қажеттері мен осының негізінде пайда болатын әлеуметтік ( экономикалық, саяси, мәдени және басқа да) мүдделер болатынына назар аударды.

Саясатты әр алуан тұрғыда түсіндіру осы құбылыстың өзінің көп өлшемдігіне байланысты болады.

Саясаттың түрлері мен бағыттары.Саясат түрлері мен бағыттары бойынша сараланады. Ішкі және сыртқы саясат деп бөлінеді. Ішкі саясат қазіргі құрылысты сақтауға немесе реформалауға бағытталған мемлекеттің, оның құрылымдары иен институттарының экономикалық, демографиялық, әлеуметтік-ықпалдастық, мәдени, жазалау және т.т қызметі бағыттарының жиынтығы болып табылады. Ішкі саясатты жүзеге асыру үшін мемлекет әртүрлі құралдарды: заңды, нормативтік кесімдерді, салық тұтқалары мен жеңілдіктерді, әлеуметтік - беделді және әлеуметтік беделді емес қоғамдық мәртебелерді және басқаларын пайдаланады.

Сыртқы саят мемлекеттің сыртқы саясат қызметінің басқа да субъектілерімен: мемлекеттермен, шетелдік партиялармен, қоғамдық бірлестіктермен, дүниежүзілік және аймақтық ұйымдармен қатынастарды реттейтін халықаралық аренадағы қызметі. Сыртқы саясат мемлекеттің экономикалық, демографиялық, әскери, ғылыми-техникалық және мәдени әулетіне негізделеді.

Бағыттары бойынша саясат саласында немесе қосымша субъектісі не қарай: экономикалық, әлеуметтік, ұлттық, демографиялық, жастар, білім беру, әскери және т.т болып бөлінеді. Саясаттың объектісі және субъектісі. Субъектісі дегеніміз белсенді іс-қимыл жасайтын және сана-сезімді, ерікті тани білетін, ие болатын жеке дара адам немесе әлеуметтік топты; объекті дегеніміз субъектінің танымдық немесе өзге де қызметінің бағытын білдіреді.

Осыны негізге ала отырып,саясат субъектісі саясат объектісіне бағытталған мәндік-тәжірибелік саяси қызметті иеленуші ретінде түсіндіріледі.Саясат субъектісі не дәстүрлі түрде мыналар жатады: жеке дара адамдар (қатардағы немесе саяси көшбасшылар); әлеуметтік топтар-ұжымдар, этникалық топтрар, діни қауымдар, саяси бекзаттар, таптар, бұқара халық , азаматтық қоғам, халықтар, ұлттар, өркениеттер, саяси институттар (мемлекет, саяси партиялар, қоғамдық-саяси және азаматтық қозғалыстар).

Батыс саясаттануында саясат субъекттісін үш топқа бөледі:

А) парохиальдық субъектілер – бұл өздерінің тікелей, жергілікті, күнделікті мүдделерін іске асыру жөнінде қам-қарекет жасайтын және өзінің қатысуын,өзінің саяси ролінің саяси салдарын мойындамайтын жеке – дара адамдар;

Б) қоласты субъектілері - өзінің саяси рөлі мен мақсатын түсінеді, бірақ олардың шегінен шығу, саяси өмірге дербес ықпал ету мүмкіндіктерін көре алмайды ;

В) қатысушы субъектілер - өздерінің мақсаттарын және оларды іске асыру жолдарын айқын түсінеді, сондай-ақ бұл үшін институциялық тетіктерді ( партияларды, қозғалыстарды және т.т ) пайдаланады.

2. Саясаттың құрылымы, функциясы және түрлері.

Жоғарыда аталған сирек ұшырасатын құбылыстар қоғамдық сананың нысандары болып табылады, мұның өзі, принципінде, ендігі жерде олардың өзара байланыстылығын анықтайды.

Саясаттың заңдары қоғамдық қатынастарға оған араласқан адамдардың өзара іс-әрекеті мен ақыл-ойын анықтайтын әлеуметтік заңдылықтардың ерекшеліктерінің ізін қалдырады. Бұл жерде саяси оқиғаларды оның сипатын алдын-ала анықтайтын қатаң болжам моқ. Саяси құбылыстардың бағыныштылығының жоғары деңгейі саяси субъектінің сипаты мен оның тарихи дамуының ерекшеліктерінен, әлеуметтік белсенділік пен мәдениет деңгейінен көрінеді.

Адамзат қоғамының әрбір даму кезеңдерінде саясат адамдар өмірі үшін бірдей сипатта қызмет еткен емес. Ерте дүниеде саясат жеке адамның негізгі бағыттылығын сипаттаған болса, оған сүйеніп Аристотель адамды саяси тіршілік (существо) деп атаған еді. Одан кейінгі дәуірлерде жеке адамға байланысты бағалаудың мәні белгілі түзетулермен толықтырылып оның сапалы қасиеттері ескеріліп қоғамның әлеуметтік топтары мен үстем таптардың мүдделеріне сәйкестендірілді. 20 ғасырда саясат пен адамның қарым-қатынасы біркелкі емес. Ол қоғамдық – саяси құрылыстың сипатына, индивидтер өзара бөлісетін қоғамдағы қайсыбір таптың жасаған игіліктер жүйесіне де тәуелді. Әрбір тарихи белгілі қоғам мен әрбір қоғамдық таптың өзінің игіліктер жүйесі болады. Дегенмен, олардың бостандық, жеке адамның теңдігі мен абыройы, қоғамдық тәртіп пен әділеттілік, демократия мен жауапкершілік сияқты жалпы саяси игіліктерін жоққа шығаруға болмайды. Бұл игіліктер үшін күрес адамзаттың барлық саяси тарихы арқылы өтеді.

Жеке адам мен саясаттың қарым-қатынасының күрделілігі негізінен сыртқы қарама-қайшылығы болғанымен ішкі байланыстармен жалғасқан үрдістерден (тенденция) анық көрінеді. Ол-елдің үлкен топтары тарапынан саясатқа деген ұмтылыстың күшеюі мен оның ресми өкілдеріне деген сенімнің төмендеуі. Алғашқы үрдісті алсақ, ол адамдардың саясатқа араласуының көптеген демократиялық формалары түрінде көрінеді.

Саясатқа араласудың нақтылы формалары мен деңгейі көптеген формаларға байланысты. Ол:

- саяси режимнің, саяси дәстүр мен саяси мәдениеттің ерекшеліктері;
- саяси институттардың орнықтылығы және олардың өзара міндеттерінің анық әрі нақты бөлінуі;

- - әлеуметтік-таптық және топтық күштердің орналасуы;

- - мәдени-білімдік деңгей мен материалдық жағдай;

Қазіргі индустриясы дамыған елдердің жағдайына қарасақ ондағы адамдардың бос уақытының артуы мен халықтың мәдени-білімдік деңгейінің жоғарылауы көпшіліктің саясатқа деген ынтасын тудырғанын байқау қиын емес.

 

САЯСАТТАНУ ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ОҚУ ПӘНІ РЕТІНДЕ

Ж о с п а р ы:

1. Саясаттың мәні және табиғаты

2. Саясаттанудың пәні, қызметі, әдістері және парадигмалары

3. Саясаттану ғылымының маңыздылығы

 

Саясаттың мәні және табиғаты

«Саясат» термині (грекше politika – мемлекеттік және қоғамдық істер, polis – қала-мемлекет) Аристотельдің «Саясат» атты еңбегінде алғаш зерттеліп, қарастырылған. Сол кездің өзінде саясатты зерттеудің екі басты бағыты қалыптасты: функционалды және құндылықты. Функционалды зерттеу бағыты көбіне саясаттағы мақсат пен соған жету және нәтижесіне көңіл бөледі. Ал құндылықты бағыт сол саясаттың негізінен идеялық құрылым мен адамгершілік критерийлерді іздейді. Саясатты зерттеген әрбір зерттеуші өзінің бағыты бойынша келесі анықтамаларды берген. Біз олардың кейбіреулеріне тоқталайық. Мысалы:

«Саясат мемлекет ішілік немесе мемлекет аралық билікті үлестіруге ықпал ету немесе билікке қатысуға ұмтылысты білдіреді» (М. Вебер);

«Саясат – қоғам ішіндегі құндылықтарды билік арқылы реттеу» (Д. Истон);

«Саясат принциптер күресін жамылған мүдделер күресі. Жеке бастың пайдасы үшін қоғамдық істерді басқару» (А. Бирс);

«Саясат – жоғары мәнде өмір, ал өмір саясат» (О. Шпенглер);

«Саясатты зерттеу – ықпал мен ықпал етушіні зерттеу, басқаша айтқанда, кім не пайда табады, қашан және қалай» (Г. Лассуэл);

«Саясат онымен айналысқан адамдардан ақыл шеберлігін талап етеді, ол тәртіпке мәңгі берілген өзгермейтіндерді білмейді» (Г. Плеханов).

Бұл анықтамалардың әрқайсысы шындыққа негізделген және саяси өмірдің көп қырларын ашып береді, анықтамалардың әртүрлілігі саясаттың көпқырлылығын және күрделі құбылыс екндігін білдіреді.

Саясаттың мәні бірнеше деңгейде жүзеге асырылады:

Төменгі деңгейі жергілікті мәселелерді шешуді қарастырады. Саясатты бұл деңгейде жекелеген индивидтер жүргізеді, алайда жекелеген мәселелер жергілікті ассоциациялар арқылы шешіледі.

Аймақтық деңгей мемлекеттің араласуын талап етеді. Өз аймағындағы экономикалық дамуға мүдделі топтар мен ассоциациялар саясатты белсене жүргізеді.

Ұлттық деңгей саясат теориясында орталық орынға ие болған, бұл мемлекетті ресурстарды үлестірудегі негізгі институт екендігін анықтайды.

Халықаралық деңгей, мұнда саяси іс-қимылдың негізгі субъектілері ретінде егемен мемлекеттер қатысады.

 

Саясаттанудың пәні, қызметі, әдістері және парадигмалары

Саясатты түсіну ежелден бастау алады. Оны ғылыми тұрғыда шешу кейінгі ғасырларға келеді.

Саяси ғылым қазіргі кездегі мәнін ХІХ ғ. екінші жартысында иеленеді, ол жеке білім саласы ретінде бөлініп шықты. Лондон университетінде ХІХ ғ аяғында Лондонның экономика және саясат ғылымдарының мектебі ашылды. 1857 жылы Колумбия университетінде Америка тарихында алғаш саяси ғылымдар кафедрасы ашылды. Ал Батыста саясаттану ІІ дүниежүзілік соғыстан кейін дами бастады. Бұған көбіне 1948 ж Парижде ЮНЕСКО басшылығымен өткен саяси ғылымның сұрақтары жөніндегі халықаралық коллоквиум себеп болды. Онда саясаттанудың негізгі мәселелерін, мәнін ашатын құжаттар қабылданды. Құжатқа сая саясаттанудың зерттеу және оқыту мәселелері анықталды. Олар:

Саяси теория (оның ішінде саяси идеялар тарихы);

Саяси институттар (орталық және жергілікті өкіметтік органдар, мемлекет билік тармақтары, саяси және қоғамдық ұйымдар мен бірлестіктер);

Саяси мәдениет және сана;

Саяси даму және модернизация;

Саясат субъектілері;

Халықаралық қатынастар.

Қазақстандағы саяси ғылымның негізгі пәніне бұдан басқа, құқықтық мемлекет және азаматтық қоғам, геосаясат, ұлттық мүдде және ұлттық қауіпсіздік мәселелері кіреді.

Саясаттану басқа ғылымдар сияқты, келесі қызметтерді атқарады:

Танымдық қызмет саяси өмір және биліктік қатынастар туралы жүйелі түсінік қалыптастыру және дамудың тенденциялары мен заңдылықтарын анықтайды.

Практикалық қызмет, саяси теориялар мен тұжырымдар негізінде, мақсатқа жетуге байланысты нақты әдіс-тәсілдерді ұсынады.

Саяси өмірді рационализациялау қызметі, мемлекеттің шешімдері мен жүргізіп жатқан реформаларын қарапайым халыққа түсіндіру.

Әлеуметтендіру қызметі, азаматтық, патриоттық сезімді қалыптастыру және саяси мәденитетті көтеруге байланысты қызмет.

Болжам жасау қызметі, саяси үрдістің даму тенденциялары мен жетістіктерін анықтайды.

Саясаттану әдістері:

Саяси құбылыс пен үрдістер көптеген әдістер арқылы танылады. (грекше metodos – зерттеу жолы). Әдістер – бұл, теорияға баға беру жәнетексерудің тәсілдері, сараптау құралы.

Институционалды әдіс арқылы Конституция, мемлекеттің заңдар мен қоғамның нормалары мен тәртібін зерттеу арқылы тұтас дамудың мәнін ашады.

Салыстырмалы әдіс ежелден таныс, саяси объектілерді салыстыра отырып, олардың ұқсастығы мен айырмашылығын білу.

Әлеуметтенулық әдіс арқылы нақты саяси құбылысқа әлеуметтанулық зерттеу жүргізу арқылы қоғамның саясатқа қатынасын білуге болады.

Антропологиялық әдіс адам табиғаты ерекшелігінен туындайды. Бұл әдіс адам типі мен саясат байланысы, ұлттық сипаттың саяси дамуға әсер етуі немесе керісінше, саяси дамудың ұлт сипатына әсер ету мәселелерін шешуге көмектеседі.

Психологиялық әдіс саяси іс-әрекеттің, жеке адами сана, мінез-құлықтық субъективті механизмдерін және сонымен бірге психологиялық мотивацияның механизмдерін зерттеуге бағытталған.

Бихевиористік әдіс, саясат – қоғамдық құбылыс ретінде ең бірінші жекедаралық өлшем арқылы анықталады деген тұжырымға негізделген.

Коммуникативті әдіс саяси үрдістің кибернетикалық модельдерін қалыптастырады.

Саясаттанудың негізгі парадигмалары: әлеуметтік, психологиялық, биосаяси, теологиялық және натуралистік парадигмалар. Парадигма-үлгі деген мағына береді.

 

Саясаттану ғылымының маңыздылығы

Отандық саясаттану ғылымы тағдыры өте қиын қалыптасты. ХХ ғасырдың басындағы қоғамда болған ірі-ірі өзгерістер халық зиялыларының елдің саяси болашағы жайлы толғануларына әсер етті. Олар өз еңбектерінде саяси тағдыр, революция, мемлекет, билік мәселелері жайлы ойлар жазды. Кеңес Одағы кезінде саясаттану ғылымымен айналысуға тиым салды. Тек ХХ ғасырдың 90-жылдарынан бастап, Қазақстанда саясаттану пән ретінде оқытыла бастады.

Жоғары оқу қоғамдағы ірі салалардың бірі. Студенттер тек қана базалық білімдер жинағын лап қана қоймай, сонымен бірге жаңа білім алуға дағды қалыптастырады. Қоғамның әлеуметтік, мәдени, саяси және құқықтық құндылықтарды меңгереді. Бұл болашақ қоғамның субъектісіне толық тұлға болып қалыптасу үшін мүмкіндік береді. Ал сол жоғары оқуды гуманизациялау мемлекеттік бағдарламада негізгі жолға қойылған.

Студентке саяси білімнің қажеті не деген сұрақ туындайды. Саяси сауатсыз адам қазіргі қоғамда өзіндік пікір қалыптастырып, таңдау жасай алмайды. Көптеген идеялық ұстанымдарға сене беруі мүмкін. Ал саясаттан хабары бар, оның заңдылықтары мен тенденцияларын, қыр-сырын білетін және меңгерген адам демократиялық принциптер мен құндылықтарды жете меңгеріп, оның маңыздылығын түсіне алады және соны орнатуда белсенді іс-әрекет ету жолдарын анықтай алады.

 

САЯСИ ҒЫЛЫМНЫҢ ҚАЛЫПТАСУЫ МЕН ДАМУЫНДАҒЫ НЕГІЗГІ КЕЗЕҢДЕР

Ж о с п а р ы:

1. Ежелгі замандағы саяси ойлардың қалыптасуы

2. Орта ғасырлар мен Қайта өрлеу дәуіріндегі саяси идеялар

3. Жаңа заман және ХХ ғасырдағы саяси ілімдер

 

Ежелгі замандағы саяси ойлардың қалыптасуы

Нақтылы бір тарихи дәуірдегі қоғам, мемлекет, құқық, саясат туралы ойларды дұрыс түсіну үшін сол қоғамның, сол дәуірдің белгілі бір әлеуметтік топтары мен таптары үшін, олардың қандай мүдделерді қорғағандығын, бұл ілімнің авторы қандай мақсат пен позиция ұстанғандығын білу шарт. Сонда ғана саяси және сол мемлекеттің ерекшелігіне қарай дұрыс баға беруге болады. Ең алдымен саяси ілімдер тарихының негізгі кезеңдері мен оның ерекшеліктерін және саяси тарихын терең білу шарт.

Саяси ілімдер тарихын хронологиялық және мазмұндық тәртіппен ірі төрт кезеңге бөлуге болады:

Ежелгі замандағы саяси ілімдер тарихы (алғашқы мифтік көзқарастардың пайда болуынан, б.з.д. 3 мың жылдықтан – б.з. V ғасырына дейін).

Орта ғасырлар мен Қайта өрлеу дәуіріндегі саяси ілімдер тарихы (V-XVIIғғ).

Жаңа заман және ХХ ғасырға дейінгі саяси ілімдер тарихы.

ХХ және ХХІ ғасырлардағы саясат туралы ойлар.

Саяси ілімдер алғашқы кезеңде адамдардың алғашқы мифтік көзқарастары негізінде пайда болды.

Адамзат саясаттың сиқырлы сырын, құбылмалы құбылысын өте ерте заманнан түсініп – білгісі келген. Ежелгі Шығыс ойшылдары мемлекеттің, саяси биліктің мән-мағынасы неде және кімге қызмет етеді, қоғамдық құбылыстың қандай түрлері бар және олардың ең жақсысы, халыққа ең қолайлысы қайсысы деген сияқты сауалдарға жауап іздеген. Бірақ ол кездеге пайымдаулар негізінен діни-мифологиялық сарында болғаны белгілі. Себебі, ертедегі адамдар жер бетіндегі өмірге құдайдың құдыретінен туған жалпы әлемдік космостық тәртіптің бір ажырамас бөлігі ретінде қарады. Мысалы, Мысырда (Египетте), Вавилонда (қазіргі Ирак), Үндістанда, Қытайда сол кездегі мифтерге сүйенсек, басқарушының билік көзі құдайда және ол жер бетіндегі істерді реттеп, тындырып отырады. Көне Қытай мифі бойынша билік құдайдың құдыретімен жүргізіледі де, ал іске асырушы онымен байланысты император болып есептеледі. Әрине, діни көзқарастар мен парадигмалар ғылыми болып саналмайды, бірақ біз мұны жоққа да шығара алмаймыз, себебі қазіргі кезде діннің қайтадан қоғамда үлкен орын ала бастағанына қарасақ, мемлекеттегі және мемлекет аралық саясаттағы діннің орны ерекше.

Платон – антикалық заманның ғана емес, бүкіл философия, саяси ілімдер тарихындағы ұлы ойшылдардың бірі (б.з.д. 407-399). Платон идеалды мемлекет туралы еңбегінде әділдікті әркімнің өз ісімен айналысуынан және басқаның ісіне араласпауынан көреді. Адамдардың әлеуметтік топқа бөлінуімен олардың арасындағы мүлік теңсіздігін қалыпты жағдай ретінде қарастырады.

Платон адамдардың жан дүниесіне мемлекеттік құрылымның бес түрінің сәйкес келетінін айтады (аристократия, тимократия, олигархия, демократия және тирания). Олардың әпқайсысы биліктерін өз мүдделеріне қарай іске асырады. Тимократияда әскери адамдар билікте болады, олар жиі соғысады, соғыс мемлекеттің басты байлығы болып есептеледі. Олигархияда байлар билікке ие болғандықтан, өздеріне дұшпандық ниеттегі кедейлермен үнемі қақтығыста болады. Бұл мемлекетте кедейлердің наразылығы нәтижесінде кез-келген уақытта мемлекеттік төңкеріс болуы мүмкін. Тирания – мемлекеттік құрылымның заңсыздық пен зорлық-зомбылық үстемдік еткен ең нашар түрі.

Платон идеалды мемлекет құру туралы жобасында аристократиялық мемлекеттік құрылымды жақтайды және өз жобасының қиындықпен болса да жүзеге асатынына сенеді. Идеалды мемлекеттің өзі де мәңгі өмір сүре алмайды.

Платонның шәкірті Аристотель (б.з.д. 384-322жж). Еңбектері: «Афины политиясы», «Саясат», «Никомах этикасы». Аристотель тұңғыш рет саясат ғылымы туралы талдау жасауға кірісті. Саясатты ғылыми тұрғыдан түсіну адамгершілік пен этиканың дамыған ұғымы болып табылады.Әділдіктің екі түрін көрсетеді: теңестіретін және үлестіретін.Теңестіретін әділдіктің өлшемі ретінде «арифметикалық теңдік» қарастырылады. Бұл принциптің қолданылу аясы – азаматтық-құқықтық мәмілелер, шығынды қалпына келтіру, жаза және т.б. ал үлестіру әділдігі «геометриялық теңдік» принципі түрінде ұсынылады және бұл принцип ортақ игіліктерді еңбегі мен қоғамдағы орнына қарай бөлуге негізделеді.

Мемлекеттің дұрыс түрлері: монархия, аристократия, полития;

Мемлекеттің бұрыс түрлері: тирания, олигархия, демократия.

Ежелгі Үндістандағы саяси ілім үндіс қоғамында ұзақ ғасырлар бойы олардың рухани және әлеуметтік-саяси өмірінде үстем болған брахмандарға тікелей байланысты болып келеді.

Брахманизм идеяларының алғашқы көріністері б.з.д. екі мыңыншы жылдықтағы «Веда» ескерткіштерінде кездеседі. «Веда» - «білім, кіріспе» (Санскрит тілінде) деген ұғымды білдіреді. Веда бойынша барлық варналар мен олардың мүшелері құдай көрсетіп берген «дхармаға» - заңдарға, міндеттерге, құқықтар мен ережелерге бағынуы тиіс. Дхармадағы ережелер бойынша брахмандар қоғамда жоғары дәрежеде және үстемдік жағдайда көрсетіледі. Оқу, білім, дін ілімін, құрбандық шалу, өзіне және өзгеге арнап садақа үлестіру, садақа алу ісін құдай брахманға міндеттеген.

Б.з.д. VI ғасырда Будда («данышпан» деген ұғымды білдіреді) деген атпен белгілі болған Сиддхартха Гаутама «ең бастысы – адамның атағы мен шыққан тегі емес, адамгершілігі» деп үйретті. Буддистер үшін брахмандар артықшылыққа ие болған варна мүшесі емес, қарапайым адамдардың бірі.

Будда ілімін жақтаушылар дхарманы табиғи заңдылықты басқарушы әлем ретінде көреді. Саналы мінез-құлық үшін танымның қажеттілігі, табиғи заңдылықты қабылдау және мойындау туралы айтылады. Адам өмірінің мәні байлық пен атақта емес, әрқашан шындықты айтып, мейірімділік пен қайырымдылыққа ұмтылуда екендігі дәріптеледі.

Дхарма түсініктемелерінде адамдардың бір-біріне бауырмалдығы, қайырымдылығы, жамандыққа жамандықпен емес, жақсылықпен жауап беру арқылы ғана бұл әлемді ізгілікті өмірге қол жеткізетіндігі баяндалады. Буддизм ілімі бойынша адамдардың балығы тең дәрежеде. Олар қандай варнада немесе әлеуметтік сатыда тұрса да, аурудан, қасыреттен және өлімнен құтыла алмайды. Оған олардың лауазымдық шені де, құдайға шалған құрбандығы да көмектесе алмайды.

Ежелгі Қытай қоғамдық-саяси ойындағы ықпалды ағымдардың бірі даосизм ілімінің негізін салушы болып б.з.д. VI ғасырда өмір сүрген Қытай оқымыстысы Лао-цзы болып саналады. Оның басты еңбегі «Дао және дэ туралы кітап» («Дао дэ цзин») Аспан астындағы күштер туралы дәстүрлі діни түсініктерден даосизмнің айырмашылығы – аспан астындағы билеушіден тәуесіз заттардың табиғи дамуы мен табиғи заңдылықтары туралы сипаттама берілуінде. Яғни, даосизм ілімі «дао» ұғымына негізделеді, ал «дао» «алғашқы түп негіз» дегенді білдіреді.

Даосизм ілімінде аспан, табиғат және қоғам заңдылықтары анықталады. Бұл заңдылық жоғары қайырымдылық пен табиғи әділдікті жақтайды. Дао ілімі бойынша барлық адам тең. Өз дәуіріндегі мәдени жетімсіздіктер мен адамдардың әлеуметтік-саяси теңсіздігін, халықтың қайыршылық жағдайын және т.б. Лао-цзы даодан ауытқу деп есептейді. Сол кездегі халықтың ауыр жағдайына наразылық білдірген Лао-цзы даоның әділдікті қайта орнататынына сенеді.

Даосизм ілімінде адамдардың қанағатшылдығы мен белсенді әрекеттерден тартыну принципі көбірек орын алған. Лао-цзы сонымен бірге соғыстың барлық түрі мен армияны қатты сынға алады. Оның айтуынша, әскер жүріп өткен жерде арам шөптер мен тікенектер ғана өседі, үлкен соғыстардан кейін ашаршылық жылдары басталады. Прогрестік дамуды жақтырмаған Лао-цзы өткен дәуірге қайта оралуды және білім мен ғылымнан бас тартуды ұсынады. Оның айтуынша ақылды билеуші өзінің қол астындағыларға «дао» жолымен жүруге жағдай жасайды. Ондай билеуші халықтың жеке ісіне араласпайды. Оның басты мақсаты – елдегі тәртіп пен заңдылықты сақтау ғана.

Қытайдағы саяси ілім тарихында конфуцизм ілімі маңызды роль атқарады. Оның негізін қалаған б.з.д. 551-479 жылдары өмір сүрген ұлы Қытай ойшылы Конфуций болды. Оның көзқарастары оның шәкірттері құрастырған «Лунь юй» («әңгімелер мен пікірлер») кітабында жинақталған. Бұл кітап ғасырлар бойы Қытай халқының өмірі көзқарасына, тәлім-тәрбиесіне едәуір ықпал етті. Оның даналық туралы өсиеттері әлі күнге дейін мәнін жоғалтқан жоқ. Ол «даналыққа біз үш түрлі жолмен жетеміз, ең ізгі жол – санамен саралау, ең оңай жол – еліктеу, ең қиын жол – тәжірибеден тәлім алу» деді.

Дәстүрлі көзқарастарға сүйенген Конфуций мемлекеттің патриархалды – патерналистік концепциясын жасады. Оның айтуы бойынша, мемлекет – үлкен отбасы. Патшаның қол астындағыларға билігі әкенің балаға билігі ретінде көрсетіледі. Патшаның билігі отбасындағы жасы кішілердің ересектерге бағыныштылығымен теңестіріледі. Конфуций суреттеген әлеуметтік-саяси жүйедегі адамдар теңсіздігі, «қараңғы адамдар», «төменгі адамдар», «құрметті адамдар», «жоғары шенді адамдар», «лауазымды адамдар» ретінде көрсетіледі.

Әлеуметтік теңсіздікті қалыпты жағдай ретінде қарастырған Конфуций аристократиялық билік концепциясын, яғни ақсүйектер тобының билігін жақтады. Биліктің зорлықсыз тәсілін жақтаған Конфуций билеушілерді өз бағыныштыларына қайырымды болуға шақырады. Билеуші қайырымды болса, төменгі адам да қайырымды болады. Биліктің осы ережесін ұстанған Конфуцийден «Шөп жел соққан жаққа қисаяды» деген нақыл сөз қалған. Ішкі және сыртқы соғыстарға қарсы болған Конфуций Қытай жерінен алыс тұратын басқа халықтарды білімділікпен және ақылмен жаулап алуды ұсынады.

 

Орта ғасырлар мен Қайта өрлеу дәуіріндегі саяси идеялар

Орта ғасырлық араб философиясында саясат, мемлекет және билік пен құқық туралы ойлар Әбу Насыр әл-Фарабидің (870-950 жж) еңбектерінде жан-жақты талқыланды. Саясат, мемлекет және билік арасындағы айырмашылықтарға көңіл бөлмеген араб философы бұл ұғымдарды синонимдер ретінде бағалап саясат пен саяси ілімнің басқа варианттарын ұсынды. Саяси мәселелерді қарастыруда араб-мұсылман философы көп жағдайда грек ойшылдары Аристотель және Платонның еңбектріне сүйенді. Саясат. Ол үшін өзі «қайырымды қала» деп ат қойған идеалды мемлекет істері туралы ғылым болып саналады. Мұндай қалалар ретінде бірге тұрған, мақсаттары бір, бір басшылыққа бағынған шағын қауымнан бастап Араб халифатына дейінгі адамдар қауымдастығын түсінді.

Әл-Фараби «Қарапайым қала тұрғындарының көзқарастары туралы» трактатында қала тұрғындарын бес топқа бөледі. Оның ойынша, «қала бес түрлі адамдар тобынан құралады: ең құрметті адамдардан, шешендерден, өлшеушілерден, жауынгерлерден, және байлардан». Әл-Фараби ең құрметті адамдарға ақылдыларды, пайымдағыш адамдарды, маңызды істерде беделге ие болған адамдарды жатқызады. Екінші топтағы шешендерге – діни қызметкерлерді, ақындарды, музыканттарды, хатшыларды және шығармашылық жұмыспен айналысатындарды, ал өлшеушілерге – есепшілерді, дәрігерлерді, астрологтарды, математиканы оқытушыларды қосады. Байлар дегеніміз- қалада байлық табатындар, егіншілер, мал өсірушілер, саудагерлер, қол өнершілер.

Әл-Фараби қайырымды қала басшысында алты түрлі қасиет болу керек деп есептеген. Олар: даналық, асқан пайымдылық, сенімділік, ойлау қабылетінің жоғары болуы, соғыс өнерін жетік білуі, денсаулығының мықты болуы. «Осының бәрін өз бойында ұштастыратын адам барлық уақытта кімге еліктеу керек екенін, кімнің айтқан сөзі мен ақылына құлақ қою керек екенін көрсететін үлгі болады. Мұндай адам мемлекетті өзінің қалауынша басқара алады».

VIII-XI ғасырларда Орта Азия мен Қазақстанда ислам дінінің таралуына байланысты араб тілі мен жазуы кеңінен қолданыла бастады. Ірі қалаларда білім беру ісі мен ғылым дамыды. Араб Шығысы мен Үнді-Иран және Орта Азия әлемінде аталған кезеңде әдебиет пен ғылымның, саяси ой пікірдің дамуына тікелей әсер еткен ақыл-ой төңкерісі болды. Мұсылмандық Ренессанс деп аталған осы дәуірде өмір сүрген Жүсіп Баласағұн, Махмұт Қашқари, Ахмет Яссауи, Сүлеймен Бақырғани, Ахмет Иүгінеки және тағы басқа ғұламалардың шығармалары мен еңбектері кеңінен мәлім болды.

Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» еңбегінде қалай бақытқа жетуге болады деген сұраққа қалай жауап бергенін көре аламыз. Шығарманың негізінде әртүрлі қасиетке ие төрт мемлекеттік қызметкердің өзара әңгімесі алынған. Ол әділдікке «Күнтолды» (Ел басшы), Бақытқа «Айтолды» (уәзір), Ақылға «Өдүлміш» (уәзірдің баласы), Игілікке «Оғдұрмыш» (уәзірдің інісі) есімдерін береді. Бұл қасиеттерді жеке-жеке сипаттаған автор олар бір-бірінен тәуесіз өмір сүре алмайды деп қорытынды жасайды.

Билеушілер мен әкімдер халық мүддесімен санасып билік етсе елге ұнамды болады. «Патша жоғарылаған сайын жүгі ауырлайды», «Жақсы тәртіп орнат – сонда сыйлайды, опасыз халық бір уысқа сыймайды». Билік – мансап үшін берілген сыбаға емес. Билеушінің сыйлы болуы оның орнатқан тәртібіне байланысты болмақ. Ел билеу тек жақсы заңдар мен ережелерден тұрмайды. Саясат Баласағұнның ойынша, мемлекетті басқарудың сан қилы әдістерін игеру, алуан мінезді қоғамды уыстан шығармау, тентекті тыйып, әлсізді қорғау, қажетті жағдайда күш те қолдана білу.

Махмұт Қашқари («Диуани лұғат-ат-түрік») әкімдердің ел билеуде ақыл-парасат пен әдептілікке және кішіпейілділік үйір болуын талап етті. «Ұлық болсаң – ізгілік ет», сонда ғана сенің қарамағыңдағы халық соңыңнан ереді, сенім білдіреді. Жағымсыз әдеттер әкімдер үшін олардың қызмет бабына сиыспайды. Ел билеуде күшке сенгеннен ақылға жүгіну әлдеқайда тиімді нәтиже береді. «Ақылмен арыстан ұстауға болады, ал күшпен тышқан да ұстай алмайсың».

Өзінің жеке басының пайдасын күйттеген әкімдер елге опа әпермейді. Әкімнің барлық іс-әрекеті халықтың көз алдында, халықтан ешнәрсені де жасыра алмайсың, қандай ауыр кезең болса да халқыңмен бірге болуды үгіттеген.

«Мемлекеттің қазынасы халықтың табан ақысы, маңдай тері. Әмірші қазына кілтін ұстаған адамға аса сақтықпен қарағаны абзал. Алтын мен күміс бар жерде ұрлық жүрмей қоймайды. Ұрыны ұстасаң, дереу әшкере ет. Бүгін қалсаң, өзің де ұрысың».

«Үлкен кісі шақырса, ізетпен бар – сонда бол, қуаңшылық жылында, халық қайда – сонда бол». Халық болмаса, сенің билігің кімге керек, билік қызметі адамдар арасындағы қарым-қатынасты тәртіптілік пен заңдылықты сақтаумен бірге, шаруашылық істермен реттеуге, әділдікті қалпына келтіруге, зорлық-зомбылықты болдырмауға да арналған.

Ерте түрік дәуіріндегі ірі ойшылдардың бірі, бүкіл түркі елін бірлікке шақырған Қожа Ахмет Яссауи еді. Яссауидің басты еңбегі «Диуани хикмент» («Даналық кітабы»). Ол адам мен қоғам мәселелеріне де айрықша назар аударған. Ислам дінінің өнегелікке, таным-болмысқа қатысты ақыл-ой, парасат туралы құндылықтарын кең насихаттаған ол бұқара халыққа үстемдік құрған әмірлердің, бектердің, қазылардың әділетсіз істерін сынайды, бұл дүниенің жалғандығын сынайды. Оның сопылық ілімінің басты мақсаты адамды жетілдіру, адам бітіміне тән кейбір жағымсыз әдеттерді сынау. Сондықтан да Яссауи құдай атынан парасаттылыққа, әділдікке, тазалыққа үндейді. Оның ілімінде адамгершілік ойлары дін арқылы түсіндіріледі. «Кімде-кім жамандық жасаса, ол күнәдан арыла алмайды, кімде-кім жақсылық жасаса, ол құдайдың сүйіктісі болады». Жамандықты жасаушы адамдар, оны алла да жақтырмайды.

Адамдардың барлығы құдай алдында тең. Олардың теңсіздігі адамдардың жағымсыз іс-әркеттерінен туындаған. Ахмет Яссауи адам бойында кездесетін тойымсыздық, ашкөздік, екіжүзділік, даңққұмарлық, надандық сияқты жаман қасиеттердің болатынына өкініш білдіреді, мұндай жағымсыз әдеттерден арылуға шақырады, адамдарды бір-бірін құрметтеуге, көмектесуге, жақсылық жасауға үндейді.

Христиандық Батыстағы саяси ілім дамытқан өкілдердің бірі: Фома Аквинский (Аквинат., 1225-1274). Еңбектері: «Теологияның жиынтығы», «Жаратқан құдайдың абыройы үшін». Оның ойынша адамдар алғашқы кезден-ақ бірігуге және мемлекетте өмір сүруге ұмтылған, өйткені олар жеке дара өз қажеттіліктерін өтей алмайды. Мемлекеттің мақсаты – «жалпы игіліктер», саналы өмір мен тұрмыс үшін қажетті жағдай жасау. Мемлекеттік биліктің үш элементін анықтайды. Олар: 1. Биліктің мәні. 2. Биліктің пайда болу формалары. 3. Билікті пайдалануы. Заңдардың үш түрін атап көрсетеді: Мәңгі заңдар, табиғи заңдар және позитивті заңдар.

Никола Макиавелли (1469-1527). Атақты шығармалары: «Патша», «Тит Ливийдің бірінші онкүндігі жөнінде ойлар», «Флоренция тарихы». Макиавелли алғаш саясатты адамгершілік принциптерден бөліп қарады. «Мақсат - әдіс-тәсілді ақтайды». Ол республикалық мемлекетті, еркіндікті, теңдікті қалады. Билеуші арыстандай күшті және түлкідей қу болуы тиіс. Макиавеллидің ойынша, әлемде теңдей дәрежеде қайырымдылық пен жауыздық, әділдік пен зұлымдық бар, бірақ олар бір елден бір елге жылжи отырып, өздерінің географиялық бағытын өзгертуі мүмкін.

Томас Гоббс (1588-1679) мемлекет қоғамдық келісім нәтижесінде жалпыға бірдей бейбіт өмір мен қауіпсіздікті сақтау үшін пайда болды. «Левиафан» атты еңбегінде мемлекет пен ағзаны салыстырған. Гоббстың пікірі бойынша күшті орталықтанған мемлекет барлық жеке тұлғалардың қатысуымен жасалатын қоғамдық шарт негізінде құралады. Билеушінің парызы- халықты жақсы басқара білу, себебі, мемлекет билеуші үшін емес, халық үшін құрылған.

 

Жаңа заман және ХХ ғасырдағы саяси ілімдер

Шарль Луи Монтескье (1689-1775) «Заңдар рухы» атты еңбегінде алғаш геосаяси тұжырымдаманың негізін салған. Оның ойынша, әртүрлі факторлар: климат, георграфиялық орта, заң, дәстүр, дін тағы да басқалардың әсерінен халықтық рух қалыптасады. Оны қазіргі тілмен менталитет деп атайды.

Бостандық – заң неге ерік берсе, соны істеу. Бостандықты баянды ету мақсатында және төңкерістерге жол бермеу үшін билікті заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтарына бөлу керек деп есептеген.

Жан Жак Руссо (1712-1778) тек теоретик қана емес, қоғам қайраткері болған адам. Оның ойынша алғаш адамдар өздерінің тұлғалық қасиеттерін ортақ игілік үшін қоғамға бере отырып, мемлекетті қалыптастырады, ал кейіннен сол мемлекет өзінің заңдары мен нормалары арқылы азаматтарын қайта тәрбиелеп шығарады. Адами құндылықтар тек мемлекет пайда болғаннан соң өмір келген деп есептейді.

Гаэтано Моска (1853-1941) итальян саясаттанушысы «Басқарушы тап» атты еңбегінде, қоғамның басқарушыларға және бағынушыларға бөлінетінін көрсетеді. Алғаш рет элита теориясының негізін қалайды. Халықты ұлттық және діни сезімдерге негізделген идеяларды пайдалана отырып басқаруға болады, ол халықты алдау деп элитаның негізгі қызметін сынайды.

Ханна Арендт (1906-1975) австриялық саясаттанушы. «Тоталитаризм тамыры» атты еңбегінде тоталитаризмнің пайда болуын және мәнін зерттеген. Тоталитаризмді үшке бөледі: коммунизм, национал-социализм, фашизм. Тоталитаризмнің тек ХХ ғасырға тән құбылыс екенін дәлелдейді.

Морис Дюверже (1917 ж туған) француз саясаттанушысы. Еңбегі: «Саясат идеясы». Саясатқа мынадай анықтама береді: «Саясат, бір жағынан алып қарағанда әділдікті орнатушы күш, ал екінші жағынан идеялар мен принциптер арасындағы келіспеушілік». Дау-жанжалдың екі түрін көрсетеді: горизанталды және вертикалды.

 

БИЛІК САЯСИ ҚҰБЫЛЫС РЕТІНДЕ

Ж о с п а р ы:

1. Билік мәні, тұжырымдамалары

2. Биліктің негізі, ресурстары, элементтері

 

Билік мәні, тұжырымдамалары

Билік жөнінде ғалымдар арасында әр түрлі анықтамалар мен тұжырымдамалар бар. Солардың негізгілеріне қысқаша тоқтала кетейік.

Теологиялық анықтама билікті белгілі бер мақсатқа, белгілеген нәтижеге, қорытындыға жету мүмкіндігі деп түсіндіреді. Мысалы, ағылшын ойшылы Т. Гоббс (1588-1679) билік болашақта игілікке жетудің құралы және өмірдің өзі өле-өлгенше билік үшін үздіксіз ұмтылыс деп жазды.

Бихевиористік анықтама бойынша билік деп басқа адамдардың жүріс-тұрысын, өзін-өзі ұстауын өзгерту мүмкіндігіне негізделген іс-әрекеттің ерекше түрі.

Инструменталистік анықтама билікті белгілі бір құралдарды, амалдарды (зорлық-зомбылық, күштеу сияқты шараларды) пайдалану, қолдану мүмкіндігі деп біледі. Мәселен, Американың белгілі саясаттанушысы Р. Даль (1915 жылы туған) билік бір адамға екінші адамды өз еркімен жасамайтын іс-әрекетті жасауға мәжбүр ету мүмкіндігін береді дейді.

Структуралистік анықтама билікті басқарушы мен бағынушының арасындағы қатынастың ерекше түрі деп ұғады. Олар кейбір адамдарды туғанынан, табиғатынан әміршіл, басқарғысы келіп тұратын болады, ал басқалары көнбіс, көнгіш, басқа біреу өз ырқын билеп, басқарып, жол көрсетіп тұрғанын ұнатады, қалайды дейді. Солардың арасында, олардың ойынша, билік қатынастары туады.

Конфликтік анықтама билікті дау-жанжал жағдайында игілікті бөлуді реттейтін мүмкіндік, шиеленісті шешудің құралы деп түсіндіреді.

Біраз ғалымдар билікті кең мағынасында басқаларға тигізілетін жалпы ықпал ретінде қарайды.

П. Моррис, А, Гидденс сияқтылар, жоғарыдағы көзқараспен келіспей, билікті біреуге немесе бірдеңеге тигізетін жай ғана ықпал, әсер емес, оларды өзгертуге бағытталған іс-әрекет дейді.

Америка саясаттанушылары Г. Лассуэл мен А. Каплан «Билік және қоғам» деген кітабында билікті шешім қабылдауға қатысу мүмкіндігі ретінде сипаттайды.

Биліктің объектісі және субъектісі болады. Ол саяси өзгерістерге байланысты ауысып отырады.

 

Биліктің негізі, ресурстары, элементтері

Әдетте, «билік» деген сөз әр түрлі мағынада қолданылады. Оны ықпал ету бағытына, объектісіне байланысты былай етіп бөледі: ата-аналар билігі, мемлекеттік, экономикалық, саяси, әлеуметтік, құқықтық, әскери, рухани билік және т.б.

Саяси билік бар жерде теңсіздік бар. Мұнда біреулер билік етуге құқыты да, екіншілері оларға бағынуға міндетті. Бұл теңсіздік неден туады?Ол үшін саяси биліктің қарамағында теңсіздікті қамтамасыз ететін әдіс-құралдары бар. Оған жататындар:

Экономикалық қор. Қандай саяси билік болмасын оған қаржы-қаражат керек. Ұлттық валюта, алтын қор, материалдық құндылықтар, пайдалы қазба байлықтары және т.б. кіреді. АҚШтың Конституциясында кез келген АҚШ азаматы Президент бола алады деп көрсетілген. Бір тарихтағы президенттердің бірде-бірі кедей отбасынан шықпаған.

Әлеуметтік әдіс-құралдар. Үстемдік етіп отырған билік өзін қолдайтын, оның одан әрі өмір сүруіне мүдделі адамдар іздейді. Ондай рөлді ең алдымен оның мәртебелі, абыройлы, жалақысы мол қызметтерді атқаратын, көптеген жеңілдіктермен пайдаланатын қызметкерлері орындайды. Оларға көптеген рөлдер мен статустар беріледі.

Күш жұмсау құралдары. Олар мемлекетті қорғайды, ішкі тәртіпті сақтайды, саяси билікті құлатуға әрекет етушілерге мүмкіндік бермейді. Оған жататындар: әскер, полиция, қауіпсіздік органдары, түрме және т,б,

Ақпарат құралдары. Қоғамдық пікір тудырып, саяси өмірге ықпал ету жағынан оны төртінші билік деп те атайды. Кейбір саяси қайраткерлер кім теледидарды бақыласа, сол бүкіл әлемді бақылай алады деп санайды. ХХІ ғасыр ақпарат ғасыры деп тегін айтылмаған.

Саяси биліктің өзіндік қызметтері болады. Оған жататындар: қоғамның саяси жүйесін қалыптастыру; оның саяси өмірін ұйымдастыру (ол мемлекет пен қоғам, таптар мен топтар, ассоциациялар, саяси институттар, мемлекеттік басқару органдары мен аппараттары, партиялар, азаматтар және т.б. арасындағы қатынастарды қамтиды); әр түрлі деңгейдегі қоғам мен мемлекеттің істерін басқару; өкімет органдары, саяси емес процестерге басшылық ету,; саяси және басқа да қатынастарды бақылау және түптеп келгенде, белгілі бір қоғамға сәйкес басқарудың түрін, саяси тәртіпті және мемлекеттік құрылысты, ашық және жабық қоғамды құру, қоғамдық тәртіп пен тұрақтылықты қорғау; дау-дамай, шиеленістерді ашып, оларға шек қою және дер кезінде шешу; қоғамдық келісімге, мәмілеге келу және т.б.

 

ӘЛЕУМЕТТІК-ЭТНИКАЛЫҚ ҚАУЫМДАСТЫҚТАР ЖӘНЕ ҰЛТ САЯСАТЫ

Ж о с п а р ы:

1. Этнос және ұлт. Ұлт мәселесі және оның құрылымы

2. Ұлт саясаты мемлекеттік саясаттың құрамдас бөлімі ретінде

 

Этнос және ұлт. Ұлт мәселесі және оның құрылымы

 

Жеке бір ұлт адамзат қауымы құрамына қажеттілік ретінде енеді, онсыз қауымдық толық емес немесе тіпті зиян да шегуі мүмкін. Әрбір ұлт Бердяевтің ойынша, «күрделі иерархиялық баспалдақ, онда тарихи тағдырдың өткірлігі ерекше көрініс тапқан.

Тарихи үдерістің субъектісі бола отырып, ұлт өз күшінің арқасында және өз құндылықтарына сай өз аумағында дамиды, нәтижесінде «адамзаттықтың жағымды нақты тұтастығына адам болмысының барлық сатысы кіреді, одан ештеңе алынбайды да, жоғалтылмайды да». Адамзаттық тұтастық ұлттардың күрделі құрылымымен түсіндіріледі, олардың әрқайсысы өзінің сапалы үлесін қосып отыруы қажет, соның нәтижесінде «космостық иерархиядағы бір тұлғалық құбылыс ретінде» ол тұтастық өмір сүруге қабілетті және тұрақты, бай әрі мықты бола алады.