Смагулова Г.М., 1 страница

т.ғ.к., доцент

 

«Халықаралық ұйымдар»

пәні бойынша

ДӘРІСТЕР КУРСЫ

(8 дәріс)

Мамандығы: 5В020200 «Халықаралық қатынастар»

 

Қарағанды 2011


1 Лекцияның тақырыбы: Халықаралық ұйымдар: тарихы, анықтамасы, түсінігі, функциялары және классификациясы

Лекцияның жоспары:1. Халықаралық ұйымдардың қысқаша тарихы

тарихы.

2. Халықаралық ұйымдардың анықтамасы мен

түсінігі.

3. Халықаралық ұйымдардың қызметтері

(функциялары)

4. Халықаралық ұйымдардың жіктелуі

(классификациясы)

 

1. Халықаралық ұйымдар ұзаққа созылған халықаралық қатынастардың үрдістерінің дамуы барысында және оған экономикалық және саяси факторлардың ықпал етуінің нәтижесінде пайда болды әрі осы күнге дейін дамып келеді. Ол әлемдік қауымдастықтың дамуының объективті нәтижесі. Халықаралық ұйымдардың туындауына бір жағынан халықаралық құқықтың рөлінің өсуі мен дамуы, екінші жағынан халықаралық қатынастардағы көпжақты дипломатияның қалыптаса бастауы да әсер етті. Ол - көпжақты дипломатияның тарихи жемісі ғана емес, сонымен бірге оның негізгі түрлерінің бірі.

Ал көпжақты дипломатия антикалық дәуірдің өзінде-ақ бастау алды. Сол замандағы мемлекеттер өзара түрлі халықаралық келісімдер жүргізді, екіжақты кездесулерден басқа, халықаралық құқық нормаларына сүйене отырып, халықаралық қатынастардың түрлі проблемаларын шешудің жолдарын қарастырғаны антика дәуірі классиктерінің еңбектерінен белгілі. Мысалы, Цицерон өз заманында үздіксіз жүрген соғыстардың қайталанбауы үшін «Адамзат одағын» құруды ұсынған. Мұндай одақ біздіңше, халықаралық ұйым немесе көпжақты дипломатияның құралы ретіндегі механизм болары сөзсіз.

Жалпы көпжақты дипломатия халықаралық байланыстың тұрақты институттары ретінде ХІХ-ХХ ғасырлардың аралығында кең етек жайды. Оның әрбір келесі кезеңінің пайда болуы алдыңғысының эволюциясымен байланысты болды: келіссөздерден халықаралық конференциялар дамыды, ал бұл олардың тұрақты қолданатын форматы еді. Яғни халықаралық ұйымдар конференциялардан туындап отырды. Ендеше халықаралық ұйымдардың пайда болуының формуласын қарапайым түрде былайша елестетуге болады: келіссөздер-конференциялар-ұйымдар.

Халықаралық ұйымдардың пайда болуына әлемдік сауданың, сонымен бірге діннің де үлкен ықпалы болды.

Біздің заманымызға дейінгі ІҮ ғасырда Ежелгі Грецияда пайда болған тұрақты халықаралық бірлестіктер қалалар мен қауымдардың немесе діни-саяси одақтардың бірлесуі негізінде туындады. Мысалы, Дельфийлік-Фермопильдік амфиктиония.

Ал орта ғасырларда халықаралық экономикалық және кедендік бірлестіктер құрылды. Мысалы, Ганзей сауда одағы. Ол сол кездегі Солтүстік Германияның ортағасырлық бытыраңқылығынан бөлініп шыққан одақ еді.

Ең алғашқы халықаралық ұйым ретінде, қазіргі түсінік бойынша, көбінесе1815 жылғы Вена конгресінен кейін көп қырлы негізде құрылған Рейн өзеніне қатысты навигациялық құқықтар жөніндегі комиссия (1831 ж.) саналады. Біраз уақыт өткеннен кейін, 1856 жылы Париж конгресінде Дунай өзеніне қатысты осыған ұқсас комиссия құрылды. ХІХ ғасырда құрылған алғашқы халықаралық ұйымдардың қатарына мыналарды жатқызуға болады: Константинопольде құрылған денсаулық сақтаудың Жоғары кеңесі (1839 ж.); құлдыққа қарсы Бүкіләлемдік конвенция негізінде құрылған халықаралық одақ (1840 ж.); Жерді өлшеуге арналған халықаралық одақ (1864 ж.); Халықаралық телеграф одағы (1865 ж.); Дүниежүзілік пошта одағы (1874 ж.); Халықаралық салмақ және өшлем комитеті (1875 ж.); Өнеркәсіптік меншікті қорғауға арналған халықаралық одақ (1883 ж.); Әдеби және көркемдік меншікті қорғауға арналған халықаралық одақ (1886 ж.); Кедендік тарифтерді жариялауға арналған халықаралық одақ (1890 ж.). Ал 1863 жылы тұңғыш халықаралық үкіметтік емес ұйымдардың бірі – Халықаралық Қызыл Крест комитеті құрылды. ХІХ ғасырдың ортасынан бастап Бірінші дүниежүзілік соғыс басталғанға дейінгі аралықта бірқатар халықаралық ұйымдар пайда болды. «1910-1914 жылдардың арасында олардың саны 212 жетті. Олардың ішінде үкіметтік емес ұйымдар – 192, үкіметаралық ұйымдар – 20».

Халықаралық ұйымдарды ресми тұрғыдан тіркеуді және олардың тізімін жасауды 1909 жылы Брюссельде құрылған Халықаралық ассоциациялар одағы жүргізеді. Оның алдына қойған мақсаты – халықаралық ұйымдардың қызметін үйлестіру және олардың қызметінің жалпы мәселелеріне байланысты ақпараттарды жинақтау. Одақтың өзінің баспасөз органдары бар. Олар: «Халықаралық одақтар» журналы және «Халықаралық ұйымдар жылнамасы». Бұл басылымдарда үкіметаралық және үкіметтік емес, сондай-ақ, ұлттық ұйымдар мен мекемелердің халықаралық қатынастарға байланысты іс-қимылдары мен қызметтері жөніндегі мәліметтер жарияланады.

Халықаралық қатынастар саласының мамандары халықаралық ұйымдардың үш генерациясын, яғни түрін бөліп көрсетеді:

1. ХІХ ғасырда пайда болған ұйымдар (негізінен бұлар - әкімшілік одақтар);

2. Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі жан-жақты деңгейде саяси ынтымақтастықты құруға деген нақты талпыныспен байланысты ұйымдар (Ұлттар Лигасы);

3. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін пайда болған ұйымдар. Кейде бұлардың қатарына 1960 жылдардың басында пайда болған үшінші әлем елдерінің ұйымдары және аймақтық ұйымдардың күрт өсуіне байланысты тағы бір кезеңді қосады.

Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейінгі аз уақыттың ішінде қазіргі кезде де қызмет ететін халықаралық ұйымдар құрылды: БҰҰ, НАТО, ГАТТ, Халықаралық валюталық қор, Бүкіләлемдік банк Осылармен қатар құрылған, бірақ қазіргі кезде жоқ ұйымдар: СЭВ (Экономикалық өзаракөмек кеңесі), Варшава пактісі. Сол жылдары қазіргі ЕуроОдақтың негізі қаланды.

Халықаралық ұйымдардың жаһандық мәселелерді шешудегі де рөлі жыл артқан сайын күшейіп келеді. Мысалы, энергетиканың көзі болып табылатын мұнайды экспорттауда ОПЕК-тің; атом энергиясын бейбіт мақсатта қолдануда МАГАТЭ-нің халықаралық ұйым ретіндегі маңызы ерекше деп айтуға болады.

Экономикалық сипаттағы халықаралық ұйымдардың рөлі бұрынғыдан бетер өсуде. ХХ ғасырдың соңы мен ХХІ ғасырдың басында ерекше маңызға ие болып отырған ЕуроОдақтан басқа, қазіргі кезде аймақтық экономиканың жандануына себепші болып отырған Солтүстікамерикандық еркін сауда аймағы - НАФТА, 1989 жылы құрылған Азия-Тынық мұхит аймағы елдерінің экономикалық ынтымақтастығы – АТЭС сияқты толып жатқан аймақтық одақтар, бірлестіктер мен құрылымдар бар.

Халықаралық қатынастардың биполярлы кезеңінде немесе «қырғи-қабақ соғыс» жылдарында пайда болған әскери-саяси одақ НАТО, бұл кезең аяқталғаннан кейін өзінің алғашқы мақсатын енді қауіпсіздікті сақтауға бұрып, әлемдік және аймақтар арасындағы форматқа айналған ұйым болып отыр. Оның қатарына Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымы – ЕҚЫҰ-ны жатқызуға болады. Ал ХХІ ғасырдағы халықаралық қатынастардағы жаңа проблема – халықаралық терроризм, діни экстремизм сияқты бірқатар мәселелер, оларды шешу үшін жаңа құрылымдардың пайда болуына әкелді. Олардың қатарына Шанхай ынтымақтастық ұйымын (ШЫҰ), Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымын (ҰҚШҰ), Азиядағы өзара іс-қимылдар мен сенім шаралары жөніндегі кеңесті (АӨСШК) жатқызуға болады.

Халықаралық ұйымдардың санының көп болуы, сөзсіз, бірқатар қиындықтарды да келтіреді. Кейде қандай да бір ұйымның функционалды селқостығы тығыз және өткір мәселелердің маңызын жоюға немесе олардың шешілуінің ұзаққа созылуына әкеледі. Ал консенсусс, яғни пәтуашылық принципі күрделі саяси шешімдер қабылдауда тиімсіз болып шығады. Өте жиі жағдайда шешімдер тексерілмеген күйінде қалады, ал көптеген халықаралық ұйымдар жаңа соққылар, қақтығыстар және проблемалар алдында дәрменсіз болып шығады.

Халықаралық қатынастар тарихында ХХ ғасыр – көпжақты дипломатия мен халықаралық ұйымдардың кезеңі болып табылады. Әсіресе екінші дүниежүзілік соғыстан кейін, бұрынғы отар елдердің өз егемендіктерін алып, көптеген жаңа мемлекеттердің пайда болуы да аймақтық халықаралық ұйымдардың пайда болуына әкелді. Олардың қатары уақыт өткен сайын толыға түсіп, қазіргі кезде олар әлемдегі ең өзекті мәселелерді шешумен айналысуда. Ондай аймақтық ұйымдарға Америка мемлекеттерінің ұйымы, Африка одағы, Ислам конференциясы ұйымы, АСЕАН, ТМД, ЕурАзЭҚ тағы басқаларын жатқызуға болады.

Халықаралық ұйымдар халықаралық өмірді реттеудің айрықша дамыған және сан түрлі механизмдеріне жатады. Олар өздерін екі сатыда көрсетеді: мүше-мемлекеттер арасындағы кооперативтік қақтығыста өзара әрекет ететін өрісті құрайды және ерекше қызмет ететін субъект ретінде танылады. Халықаралық ұйымдарға қатысу мемлекеттер үшін олардың халықаралық әлеуметтенуінің факторы болуда. Халықаралық аренада басты қызмет етуші тұлғалар мемлекеттер болса да, халықаралық ұйымдар сан жағынан алып қарастырғанда анағұрлым көп және олар іс жүзінде қазіргі халықаралық қатынастардың барлық салаларын қамтитын кең жайылған желіні құрайды. Халықаралық ұйымдардың жалпы санының біршама өсуі сияқты олардың белсенділігінің елеулі түрде жоғарылауы қазіргі халықаралық дамудың есте қаларлық феномендерінің бірі болып табылады. Кең тараған көзқарастарға сәйкес, халықаралық ұйымдардың ХХ ғасырдың ортасынан бастап күрт өсуінің себебі, егемендік алған мемлекеттердің өзара тәуелділігінің сапалық тұрғыға қарай өзгеруі болып табылады. Ол ең алдымен, экономикалық өмірдің интернационализациялануынан, жаппай қырып жоятын қарудың кең таралу қауіпінен көрінеді. «Қырғи-қабақ соғыс» аяқталған соң және биполярлы жүйе күйрегеннен кейін бұл ағымдар өз мәнін сақтап қана қалған жоқ, оған қоса қосымша түркілерге ие болды.

Халықаралық ұйымдар халықаралық қатынастар жүйесінің ажырамас бір бөлігі. Бұл жүйенің ең басты және негізгі элементі – мемлекет. Ал мемлекеттер халықаралық құқықтың басты субъектілері болып табылады. Сондықтан халықаралық ұйымдарды халықаралық қатынастар жүйесінің екінші деңгейдегі элементі деп қарастыру керек. Халықаралық ұйымдар халықаралық қатынастар жүйесіндегі өздерінің алатын орны мен рөліне қарай жіктеледі.

Сонымен, халықаралық ұйым – бұл бірнеше мемлекеттің немесе олардың азаматтар тобының мүдделерін қозғайтын халықаралық мәселелерді бірлесе отырып шешу құралы. ХХІ ғасырда да халықаралық ұйымдар халықаралық қатынастар жүйесіндегі өзекті проблемаларды шешуге қатысуға дайын құрылым немесе бірлестік ретінде көріне береді.

 

2. Халықаралық ұйымдардың анықтамасын беру үшін бұл ұйымдардың маңызды ерекшеліктерін, қазіргі дүниежүзілік құрылымдардың негізгі саяси-экономикалық кескін-келбетін, олардың әлеуметтік аспектілерін, қазіргі кездегі халықаралық қатынастар жүйесінің күрделілігін есептей отырып, осы қатынастар жүйесінің негізгі элементтерінің өзара қимыл әрекеттеріне талдау жасау қажет. Бұл жерде есте ұстайтын жайт, халықаралық ұйымдар идеясы тәуелсіз мемлекеттерді олардың халықтарының санына, территориясының көлеміне, экономикалық үлес салмағына қарамастан заңдық тұрғыдан тең елдер деп есептейтінін білген жөн.

Кезінде мамандар халықаралық ұйымдар түсінігінің негізгі белгісін атап көрсеткен болатын. Оларға мыналар жатады:

1. Келісімдік негіз. Мұның мәні халықаралық ұйымдарды құру актісі, жарғысы ретінде көпжақты халықаралық келісім-шарт есептеледі. Келісім-шарттар халықаралық ұйымдардың заңдық-болмысын анықтайды.

2. Белгілі бір мақсаттардың болуы – маңызды белгілердің бірі. Халықаралық ұйымдардың белгілі бір мақсатта құрылуы олардың заңдылығын, ұйымдық құрылымын, құзыретін және т.с.с. анықтайды.

3. Өзіне сәйкес ұйымдық құрылымы, яғни халықаралық ұйым шеңберінде ынтымақтастық механизмін құрайтын тұрақты органдар жүйесінің болуы.

4. Ұйымдардың дербес халықаралық құқықтарының және міндеттерінің болуы, мүше-мемлекеттердің міндеттері мен құқықтарынан басқа, олардың құқықтық еркі бар заңды тұлға ретінде қалыптасуы.

5. Халықаралық құқық талаптарына сай құрылуы, яғни халықаралық ұйымның өз қызметін халықаралық құқықтың жалпыға бірдей принциптері мен нормалары шеңберінде жүргізуі.

Сонымен, жалпыға ортақ белгілері мен өлшемдерін (критерийлер) негізге ала отырып, халықаралық ұйымдардың анықтамасын беруге болады.

Халықаралық (мемлекетаралық) ұйым дегеніміз – халықаралық құқық субъектісі болуға мүмкіндігі және тұрақты түрде қызмет атқаратын мекемелері бар, халықаралық құқық талаптарына сай белгілі мақсаттарды орындау үшін келісім негізінде құрылған мемлекеттердің халықаралық бірлестігі.

Халықаралық ұйымның бұдан басқа осыған ұқсас тағы бір анықтамасы бар. Халықаралық ұйымбұл көп жағдайда үш мемлекеттен кем емес және оның қатысушыларымен келісілген мақсаттары, құзыреттері және тұрақты органдары бар, көпжақты халықаралық қатынастардың тұрақты институты.

Жоғарыда берілген анықтамалардан басқа, Н.А. Ломагиннің еңбегінде халықаралық ұйымға байланысты мынадай анықтама берілген:

Халықаралық ұйымоның мүшелері ерікті түрде ортақ проблемаларды бірлесе отырып шешу үшін және жарғының шеңберінде өзінің іс-әрекетін жүргізу үшін құрылған, тұрақты, халықаралық ынтымақтастықтың қатаң құрылымдық формасы.

 

3. Халықаралық ұйымдардың қызметтерідепөздерінің алдарына қойған мақсаттары мен міндеттерін орындауға бағытталған іс-қимылдар жиынтығын айтуға болады.

Халықаралық ұйымдардың қалыптасқан және дәстүрлі аспектілерінің бірі – олардың дипломатиялық құрал екендігінде. Бірақ, халықаралық ұйымдардың қызметтері көптеген жағдайларда дипломатия шеңберінен анағұрлым кең. Соңғы кездері олардың қызметі ақпараттық-үйлестіруші құзыретінің шеңберінен асып түсіп, көпшіліктің мүдделеріне сай жаңа салаларды қамтитын өзіндік, дербес оперативті функцияларды иемдене бастады.

Халықаралық ұйымдардың ертеден келе жатқан дәстүрлі функцияларының бірі – ақпараттық қызмет. Бұл қызмет екі бағытта жүзеге асырылады. Біріншіден, әрбір ұйым өзінің құрылымы, мақсаттары және қызметінің негізгі бағыттары жөніндегі құжаттар топтамасын жариялайды; екіншіден, ұйым халықаралық қатынастардың өзекті мәселелерін қамтитын арнайы басылымдарды - баяндамалар мен шолуларды, рефераттарды жарыққа шығарады.

Халықаралық ұйымдардың ереже шығармашылық (нормотворческая) қызметінің екі аспектісі бар:

1. Бұл ұйымның халықаралық құқық субъектісі сапасына ие болумен байланысты, халықаралық ұйымдардың халықаралық құқық ережелерін жасауға тікелей қатысуы;

2. Жекелеген ережелерді, конвенцияларды, ұсыныстарды, актілерді және тағы басқаларын жасау мен қабылдау арқылы, халықаралық ұйымдардың жекелеген мемлекеттердің ереже шығармашылық үрдісіне қатысуы.

Халықаралық ұйымдардың бақылау қызметі олардың дәстүрлі функцияларының біріне жатады. Халықаралық ұйымдардың көптеген халықаралық құқықтық актілері бар: жарғылар, көпжақты конвенциялар, пактілер және нормалардың орындалуын бақылаудың түрлерін орнату, сонымен бірге бақылауды жүзеге асыру үшін арнайы органдарды құруды қарастыру.

Оперативтік функция – халықаралық ұйымдардың жаңа функцияларының бірі. Бұл қызмет БҰҰ, оның мамандандырылған мекемелері және коммерциялық-пайдаланушылық іс-әрекетке ие болушы басқа да бірқатар халықаралық ұйымдарға тән. Оған мысал ретінде БҰҰ-ның халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті орнықтыру бағытындағы операцияларын, дамушы елдерге техникалық көмек көрсету іс-қимылдарын атауға болады. Егер халықаралық ұйымдар өздерінің реттеу және бақылау қызметтерін жүзеге асыру мақсатында мемлекеттерге саяси қысым жасауға дейін баратын болса, оперативтік қызмет халықаралық ұйымдардың өз күшімен, қарауындағы адами және материалдық ресурстардың көмегімен атқарылады.

Кейбір мамандар аталғандардан басқа халықаралық ұйымдардың негізгі үш функциясын бөліп көрсетеді. Олар мыналар:

1. халықаралық ұйымдар жекелеген мемлекеттердің сыртқы саясатының инструменті ретінде;

2. халықаралық ұйымдар ұйымға мүшелердің ынтымақтастығын, пікір таласын, келіспеушілігін көрсету үшін арена (форум) ретінде;

3. халықаралық ұйымдар халықаралық қатынастардың белсенді субъекті ретінде.

Енді осыларға қысқаша тоқталып кетейік.

Бірінші жағдайда халықаралық ұйымдар қандай да бір болмасын мемлекеттің сыртқы саясатының құралы ретінде қызмет ететінін біз НАТО ұйымының мысалында көрсете аламыз. НАТО-ның мүшесі АҚШ осы ұйым арқылы ұзақ жылдар бойы Еуропаның ішінде әскери күштері жағынан басым, сонымен бірге жарғылық қорға ең көп мөлшерде қаржы салушы мемлекет ретінде дүние жүзіне танылып келді. Ал Ресей болса БҰҰ-ның шеңберінде ұлы держава статусын сақтап қалғысы келеді. Мұндай мысалдарды басқа да ұйымдар арқылы көрсетуге болады.

Халықаралық ұйымдар дипломатиялық қызметтің аренасы ретінде де көріне алады. Бұл жерде нақты мысал ретінде БҰҰ-ның Бас Ассамблеясының жыл сайынғы сессиясын айтуға болады. Мүше-мемлекеттердің өз ұстанымдарын жариялауда, пікір-таласқа түсуде Бас Ассамблея трибуна қызметін атқарады. Басқа да халықаралық ұйымдар өз құзыреттеріне тиісті сұрақтарды талқылау үшін арена қызметін атқарады. Мысалы, Халықаралық олимпиадалық комитет өз сессияларында оимпиада ойындары өтетін жерді анықтайды, оның бағдарламасын талқылайды, спортшылардың қолдануына тыйым салынған препараттардың тізімін бекітеді т.с.с. Ал Халықаралық Қызыл Крест комитеті қарулы қақтығыс аймақтарына көмек көрсету мәселелерін ортаға салады, өз тәжірибелерімен бөліседі т.с.с.

Халықаралық ұйымдардың үшінші функциясы халықаралық аренада субъектілердің сыртқы күштерінен тәуелсіз түрде қызмет атқаруға тырысады. Ол үшін мүше-мемлекеттердің мүдделері ортақ болмаса да, ұйым шешім қабылдауда «дербестік» таныта білгені жөн. Мысалы, ОПЕК өзінің кейбір мүшелерінің дамыған елдерге тәуелді болғанына қарамастан, 1973-1974 жж. және 1999-2000 жж. ұйымның дағдарысы кезінде халықаралық қатынастардың жеке субъектісі бола білді.

Халықаралық ұйымдардың әр түрлі нысандағы қызметтері халықаралық қатынастардың дамуының қажеттіліктеріне байланысты. Сондықтан болашақта да халықаралық ұйымдардың қызметі дами береді және халықаралық жағдай қажет ететін болса жаңа функциялардың да пайда болары анық.

 

4. Халықаралық ұйымдарды жіктеу (классификациялау) мәселесінің белгілі қиындықтары бар. Мұның өзі бір жағынан, халықаралық ұйымдардың санының көптігіне байланысты болса, екінші жағынан, олардың жікте өлшемдерінің (критерийлер) көп түрлілігіне байланысты. Дәстүрлі түрде барлық халықаралық ұйымдар үкіметаралық (мемлекетаралық) және үкіметтік емес болып екіге бөлінеді.

Үкіметаралық халықаралық ұйымдар мемлекет, үкімет және олардың өкілдерінен тұрады. Мұндай халықаралық үкіметаралық ұйымдарға жататындар:

Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастығы ұйымы (АТЭС)

Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттерінің ассоциациясы (АСЕАН)