Парк бойынша кезекші

440. Бөлімде парк бойынша кезекші офицерлерден. ал жеке батальонда келісімшарт бойынша әскери қызметшілерден – сержанттардан тағайындалады. Ол парктегі ішкі тәртіп пен нарядтың парк бойынша қызмет атқаруы үшін жауап береді. Парк бойынша кезекші бөлім бойынша кезекшіге, паркте ішкі қызмет тәртібімен бөлім командирінің қару-жарақ жөніндегі орынбасарына немесе бөлімнің техникалық қызметтерінің біреуінің бастығына бағынады.

Оған парк бойынша тәуліктік кезекшілер мен кезекші тартқыштардың механик-жүргізушілері (жүргізушілері) бағынады.

441. Парк бойынша жаңа кезекші белгіленген уақытта бөлім командирінің қару-жарақ жөніндегі орынбасарына нұсқамаға келеді.

Таралымнан кейін парк бойынша жаңа кезекші тізімдеме бойынша бұрынғы кезекшіден құжаттар мен мүлікті қабылдайды, онымен бірге парк аумағын және барлық парк үй-жайларын аралап шығады және тізімдеме бойынша мөрленген парк үй-жайларын, сақтау орындарын, сондай-ақ ашық алаңдар мен қалқа астында тұрған қару-жарақты, әскери және басқа техника мен жабдықты қабылдайды.

Кезекшілікті қабылдау және тапсыру кітабына ол кезекшілікті қабылдау кезінде жою мүмкін емес кемшіліктерді жазады.

Кезекшілікті тапсыру және қабылдау туралы бұрынғы және жаңа кезекші бөлім командирінің қару-жарақ жөніндегі орынбасарына, одан кейін бөлім бойынша кезекшіге баяндайды.

442. Парк бойынша кезекші:

оған бөлінген үй-жайда болуға; бөлім бойынша кезекшінің рұқсатымен қызмет істері бойынша кеткенде өз орнына бос ауысымның тәуліктік кезекшісін қалдыруға және оған қайда және қанша уақытқа кететінін хабарлауға;

паркке келген барлық адамдардың рұқсат қағаздары мен жеке басын куәландыратын құжаттарын мұқият тексеруге және бір жолғы рұқсаттамаларға паркке келген және кеткен уақыты туралы белгі қоюға; ауысымнан кейін рұқсаттамаларды техникалық бөлімге тапсыруға;

парк үй-жайлары мен сақтау орындарын ашуға бөлім бойынша бұйрық берілген адамдарды, бұл туралы тиісті кітаптарда жазу жаза отырып жіберуге, оларды ашу (жабу) кезінде болуға және есіктерді (қақпаларды) парк бойынша кезекшінің нөмірлі мөрімен мөрлеуге;

машиналардың парктен шығуына және парктің ішіндегі қозғалысына жеке өзі рұқсат етуге;

машиналардың шығуы мен қайтып оралуының белгіленген үлгідегі журналын жүргізуге;

машиналардың рейстен паркке уақтылы қайтып оралуын бақылауды жүзеге асыруға, ал олар бөгелген жағдайда бөлім командирінің қару-жарақ жөніндегі орынбасарына және бөлім бойынша кезекшіге баяндауға;

парктен жол қағазындағы, материалдық рұқсаттамадағы және тәртіптемедегі жазбаға сәйкес мүлікті алып шығуды (кіргізуді) бақылауға, сондай-ақ парк аумағына бөтен адамдардың жіберілуін болдырмауға шаралар қабылдауға;

парктегі күн тәртібінің орындалуын бақылауды жүзеге асыруға және парктегі жеке құрамның санын, қандай бөлімшелердің қандай жұмыспен айналысатынын білуге; паркте қару-жараққа, әскери және басқа техникаға техникалық қызмет көрсетумен немесе паркті жабдықтаумен байланысты емес жұмыстарға жол бермеуге;

парктің кіреберісіндегі кезекті тәуліктік кезекшілерді уақтылы қоюға және ауыстыруға;

ақаулы және ақаусыз қару-жарақтың, әскери және басқа техниканың болуын, шығысын, санын ұдайы білуге;

парк үй-жайларындағы және аумағындағы тазалық пен тәртіпке, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау ережелерін сақтауға бақылауды жүзеге асыруға;

жылдың суық уақытында парк үй-жайлары мен су-май жылытқышта пештерді уақтылы және дұрыс жағуды және парктің барлық үй-жайларында, от жағылмайтын сақтау орындары мен ашық алаңдарда белгіленген температураны ұстауға бақылауды жүзеге асыруға; қозғалтқыштарды суыту жүйелерінен судың ағызылғандығын суды ағызуды бақылау кітабындағы жазумен, ал қатты аяздарда одан басқа, машиналардан аккумулятор батареяларының алынғандығын және тиісті жазулардың ілінгендігін тексеруге;

өрт қауіпсіздігі талаптарының орындалуын бақылауды жүзеге асыруға, өрт сөндіру құралдарының, өрт дабылдамасының болуы мен жай-күйін тексеруге;

нарядқа түсер алдында кезекші көлік құралдарының әзірлігін тексеруге және бұл туралы бөлім бойынша кезекшіге баяндауға;

парк үй-жайлары мен аумағында, осы үшін арнайы бөлінген және жабдықталған орындарды қоспағанда, шылым шекпеуді және от жақпауды бақылауды жүзеге асыруға;

паркке қайтып оралған машиналар мен басқа техникаға уақтылы техникалық қызмет көрсетуге шаралар қабылдауға;

машиналарға қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып, тек жанар май құю пункттерінде жанар май құйылуын бақылауға;

тұрақтарға жанар май құйылмаған машиналарды қоюға рұқсат етпеуге;

кешке, барлық жұмыс аяқталғаннан кейін паркте барлық үй-жайларда жарықтың өшірілуін және тек кезекші жарықтың қалдырылуын, ал парктің сыртқы жарық беру нүктелерінің барлығы қосылғанын бақылауды жүзеге асыруға;

арнайы, улы техникалық сұйықтарды сақтау үшін арналған үй-жайлардың (қоршалған алаңдардың) есіктерінде құлыптар мен пломбылардың болуын және ақаусыздығын, сондай-ақ су-май жылытқыштарда сақталатын, төмен температурада қататын суытатын сұйықтықтар бар ыдыстардағы пломбыларды тексеруге;

паркке бөлім командирінің орынбасары және одан жоғары тікелей бастықтар, сондай-ақ бөлім бойынша кезекші келгенде оларды қарсы алуға және оларға баяндауға міндетті.

Мысалы: «Майор мырза. Менің кезекшілігім уақытында оқиғалар болған жоқ (немесе мынадай болды). Парк бойынша кезекші лейтенант Орманов».

Баяндаудан кейін кезекші келген командирді (бастықты) парк аумағы бойынша алып жүреді.

Келген командирді (бастықты) бөлім командирі немесе оның қару-жарақ жөніндегі орынбасары қарсы алған және оған баяндаған жағдайда парк бойынша кезекші баяндамайды, тек өзін таныстырады.

443. Парк бойынша кезекші парктен машиналарды белгіленген тәртіппен шығарады.

Машиналар паркке келісімен және оларды бақылау-техникалық пункті бастығы тексергеннен кейін парк бойынша кезекші жол қағазына және машиналардың шығуы мен қайтып оралуы журналына қайтып оралған уақыты, спидометрдің көрсеткіштері туралы жазу жазады, ал машинаға толық қызмет көрсетілгенде және май құйылғанда оны тұраққа жібереді немесе белгіленген тәртіппен оны күзетуді ұйымдастырады, одан кейін экипажға (жүргізушіге) парктен кетуге рұқсат етеді.

444. Паркте өрт шыққан кезде парк бойынша кезекші дереу өрт сөндіру командасын шақырады, өртті сөндіруге, машиналарды шығаруға және қару- жарақты, әскери және басқа техниканы, материалдық құралдарды құтқаруға шаралар қолданады, болған оқиға туралы бөлім бойынша кезекшіге, бөлім командиріне және оның қару-жарақ жөніндегі орынбасарына баяндайды.

445. Парк бойынша кезекшіде: парктің схемасы; бөлімді жауынгерлік әзірліктің жоғары дәрежесіне келтіру кезінде техниканы шығару жоспары; қару-жарақтың, әскери және басқа техниканың үлгілерін мөрлеу және күзетуге қабылдау тәртібі туралы нұсқаулық; өрт қауіпсіздігі шаралары жөніндегі нұсқаулық; парк үй-жайларын, сақтау орындарын және ашық алаңдар мен қалқалардың астында тұрған техниканы ашуға (жабуға) рұқсат етілген лауазымды адамдардың тізімі; рұқсаттамалар мен пломбалардың (мөрлер бедерлерінің) үлгілері; парк бойынша кезекші мен тәуліктік кезекшіге, кезекші тартқыштың механик-жүргізушісіне (жүргізушісіне) нұсқаулықтар; ашық алаңдар мен қалқалардың астында тұрған қару-жарақтың, әскери және басқа техниканың тізімдемесі; парк мүлкі мен жабдығының тізімдемесі; кезекшілікті қабылдау және тапсыру кітабы; машиналардың шығуы мен қайтып оралуы кітабы; парктегі жұмыс тәртібі; жол құжаттамаларының үлгілері; машиналарды пайдалануға наряд; парк үй-жайларын, қару-жарақты, әскери және басқа техниканы ашу кітабы; машиналардың кабиналары мен люктерінің, парк үй-жайлары мен қақпаларының кілттерін беру кітабы; жұмыс дәптері; кілттерге арналған шкафтар (жәшіктер); жалпыәскери жарғылар; машиналарды парктен шығаруға құқығы бар лауазымды адамдардың қолдарының үлгілері; парк үй-жайларының, сақтау орындарының қосалқы кілттерінің жиынтығы; суды ағызуды есепке алу кітабы; бөлім командирінің парктегі ішкі қызметті ұйымдастыру жөніндегі бұйрығынан көшірмелер және басқа құжаттар болуы тиіс.

446. Парктегі жұмыс аяқталысымен парк бойынша кезекші парктің барлық үй-жайларында және аумағында өрт қауіпсіздігі мен қоршаған ортаны қорғау талаптарының орындалғанын, тәртіпке келтірілгенін тексереді; бөлімшелер командирлерінен парк үй-жайларын, сақтау орындарын, ашық алаңдар мен қалқа астында тұрған сақтаудағы қару-жарақты, әскери және басқа техниканы қабылдайды, оларды мөрлеуге рұқсат етеді және оларды қосымша парк бойынша кезекшінің мөрімен мөрлейді. Улы техникалық сұйықтарды сақтауда және пайдалану, өрт қауіпсіздігінің талаптарын бұзулар анықталған кезде бөлім бойынша кезекші мен бөлім командирінің қару-жарақ жөніндегі орынбасарына дереу баяндайды, анықталған кемшіліктерді жою жөнінде шаралар қолданады. Өрт сөндіру наряды адамдарымен бірлесіп паркті тексергеннен және өрт сөндіру жетонын алғаннан кейін ол паркті қарауылға күзетуге тапсырады.

 

Парк бойынша тәуліктік кезекші

447. Парк бойынша тәуліктік кезекші сарбаздардан (матростардан) тағайындалады.

Ол паркте белгіленген тәртіптің сақталуы мен машиналарды парктен шығарудың және олардың паркке қайтып оралуының дұрыстығы үшін жауап береді. Парк бойынша тәуліктік кезекші парк бойынша кезекшіге бағынады.

448. Парк бойынша кезекті тәуліктік кезекші:

тек парк бойынша кезекшінің рұқсатымен әскери қызметшілерді паркке жіберуге, сондай-ақ машиналарды және басқа техниканы парктен шығаруға және паркке кіргізуге;

паркте тазалық пен тәртіпті ұстауға және парк бойынша кезекшіге анықталған парктегі ішкі тәртіпті бұзулар туралы баяндауға;

парк үй-жайлары мен аумағында, осы үшін арнайы бөлінген орындарды қоспағанда, шылым шегуге және от жағуға жол бермеуге;

машиналардың тұрақтағы орындарынан (орнына) тек парк бойынша кезекшінің рұқсатымен шығарылуын (қойылуын) бақылауды жүзеге асыруға;

суық уақытта парктің от жағылатын үй-жайларында ауа температурасын қадағалауға; от жағылмайтын және далалық парктерде қозғалтқыштардың суыту жүйелерінен судың ағызылуын және «Суы ағызылды» деген тақтайшаның ілінуін; қатты аяздарда машиналардың аккумуляторлары алынғанын және «Аккумулятор батареялары алынды» деген тақтайшаның ілінуін бақылауды жүзеге асыруға;

өрт шыққан кезде оны сөндіруге шаралар қолдануға және бұл туралы парк бойынша кезекшіге баяндауға міндетті.

449. Кезекті тәуліктік кезекші паркке кіреберіске қойылады, ал бос ауысымның тәуліктік кезекшісі парктегі жұмыс уақытында парк аумағында болады және ішкі тәртіпті, өрт қауіпсіздігі талаптарының орындалуын қадағалайды және парк бойынша кезекшінің рұқсатынсыз ешқайда кетпейді.

 

 

Кезекші тартқыштың механик-жүргізушісі (жүргізушісі)

450. Кезекші тартқыштың механик-жүргізушісі (жүргізушісі) бөлімшелердің механик-жүргізушілерінен (жүргізушілерінен) тағайындалады және кезекші тартқыштың қару-жарақты, әскери және басқа техниканы, басқа да материалдық құралдарды дереу эвакуациялауға ұдайы әзірлігі үшін жауап береді. Ол парк бойынша кезекшіге бағынады.

451. Кезекші тартқыштың механик-жүргізушісі (жүргізушісі):

парк бойынша тәуліктік наряд адамдары үшін бөлінген үй-жайда ұдайы болуға;

парк үй-жайлары мен сақтау орындарынан қару-жарақты, әскери техника мен басқа техниканы, басқа да материалдық құралдарды эвакуациялау үшін кезекші тартқышты пайдалану ережелері мен тәртібін білуге;

кезекші тартқышта бар қозғалтқышты сырттан от алдыру, қару-жарақты, әскери және басқа техниканы сүйреу мен эвакуациялау құралдарының болуына және ақаусыз жай-күйде ұстауға;

кезекші тартқыштың төмен температурада тез және кедергісіз от алуын қамтамасыз ететін кезекші тартқыш қозғалтқышының белгіленген температуралық режимін ұстауға;

паркте өрт шыққан кезде тартқышты дереу жұмыс істейтін жай-күйге келтіруге және парк бойынша кезекшінің нұсқауы бойынша қару-жарақты, әскери және басқа техниканы, басқа да материалдық құралдарды эвакуациялауға кірісуге міндетті.

 

 

Медициналық пункт, медициналық рота бойынша кезекші фельдшер (санитарлық нұсқаушы)

452. Медициналық пункт, медициналық рота бойынша (бұдан әрі – медициналық пункт) кезекші фельдшер (санитарлық нұсқаушы) медициналық пункттегі ішкі тәртіп, ал дәрігер болмағанда дәрігерге дейінгі медициналық көмек көрсету үшін жауап береді. Ол бөлім бойынша кезекшіге, оның көмекшісіне және бөлімнің медициналық пунктінің бастығына бағынады. Оған медициналық пункт бойынша тәуліктік кезекшілер бағынады.

Кезекшілікті тапсыру және қабылдау туралы бұрынғы және жаңа кезекшілер медициналық пункт бастығы мен бөлім бойынша кезекшіге баяндайды.

453. Медициналық пункт бойынша кезекші фельдшер (санитарлық нұсқаушы):

медициналық пунктте болуға; қызмет істері бойынша кеткенде өз орнына медициналық пункт бойынша тәуліктік кезекшіні қалдыруға және оған қайда және қанша уақытқа кететінін хабарлауға;

медициналық пунктте стационарлық емделудегі науқастардың санын, сырқаттану сипатын, әрбір науқасқа тағайындалған ем мен тамақтануды білуге, дәрігердің тағайындауларын орындауға;

белгіленген уақытта асханаға берілетін азық-түліктердің дұрыс сапасын айқындау және оларды ас тарату мәзіріне сәйкес қазандарға салу үшін келуге;

тамақты таратар алдында оның сапасын, тағамдардың температуралық режимін, тамақтануды ұйымдастыруға, сондай-ақ асхананың санитарлық-гигиеналық жай-күйін тексеруге, ол туралы тамақ дайындау сапасын есепке алу кітабына жазба жазуға;

амбулаторлық қабылдау басталғанға дейін рота бойынша кезекшілерден қабылдауға жазылған әскери қызметшілердің медициналық кітапшаларын жинап алуға және науқастардың температурасын өлшеуге;

медициналық пунктке кенеттен сырқаттанған әскери қызметшілер келіп түскен кезде оларға дәрігерге дейінгі медициналық көмек көрсетуге, жұқпалы сырқаттарды оқшаулау жөнінде шаралар қабылдауға және медициналық пункт бастығына баяндауға;

рота (бөлімше) бойынша кезекшінің немесе бөлім бойынша кезекшінің шақыруы бойынша сырқаттанғанға медициналық көмек көрсету үшін дереу келуге, ал шұғыл дәрігерлік көмек көрсетуді талап ететін жағдайларда сырқаттанғанды медициналық пунктке дереу жіберуге және бұл туралы кезекші дәрігерге баяндауға;

демалыстан, іссапарлардан келген, қарауыл және асхана бойынша нарядқа тағайындалатын жеке құрамды, сондай-ақ рейске шығар (парктен шығар) алдында жүргізушілерді (механик-жүргізушілерді) медициналық тексеруді жүргізуге;

медициналық пункт бойынша тәуліктік кезекшілерден сырқаттанғандарды мұқият бақылауды және қарауды талап етуге;

тағамдардың сапасын, температуралық режимін, сырқаттанғандар үшін тағам тасымалдау ережелерін сақтауға және оны уақтылы таратуға, медициналық пункт үй-жайларын жинауға және залалсыздандыруға, олардағы температураны және оларды уақтылы желдетуге бақылауды жүзеге асыруға;

кезекшілікті қабылдау (тапсыру) кезінде улы және есірткі заттарын, психотроптық заттар мен прекурсорларды және олар сақталатын шкафтардың кілттерін қол қоюмен қабылдауға (тапсыруға) және күзет дабылдамасының ақаусыздығын тексеруге;

кезекшілікті қабылдаған кезде шұғыл медициналық көмек көрсетудің санитарлық техникалық көлік құралының әзірлігі мен медициналық жабдықтармен жабдықталуын тексеруге; оны бөлімнің медицина қызметі (медициналық пункт) бастығының және бөлім бойынша кезекшінің рұқсатымен тікелей арналуы бойынша қолдануға;

кезекшілікті қабылдағаннан кейін бөлім бойынша кезекшіге медициналық пунктте стационарлық емделудегі сырқаттардың саны туралы мәліметтерді ұсынуға;

медициналық пунктке медициналық пункт бастығы және одан жоғары тікелей бастықтар, сондай-ақ бөлім бойынша кезекші мен оның көмекшісі келген кезде оларға өзін таныстыруға міндетті.

Мысалы: «Майор мырза. Кезекші фельдшер сержант Қамбарова».

Өзін таныстырғаннан кейін кезекші фельдшер келген адамға медициналық пункттегі сырқаттардың болуы және олардың жай-күйі туралы баяндайды.

 

 

Медициналық пункт бойынша тәуліктік кезекші

454. Медициналық пункт бойынша тәуліктік кезекші санитарлардан тағайындалады және кезекші фельдшерге (санитарлық нұсқаушыға) бағынады. Егер медициналық қызмет штатында санитар лауазымы жоқ болса, онда медициналық пункт бойынша тәуліктік кезекші медициналық пункт бойынша тәуліктік кезекшінің міндеттерін орындау қарсы көрсетілмеген, жазылып келе жатқан мерзімді әскери қызметтің әскери қызметшілерінен тағайындалады.

Ол:

кезекші фельдшердің (санитарлық нұсқаушының) нұсқауы бойынша және оның бақылауымен келіп түскен сырқаттарды санитарлық өңдеуді жүргізуге;

сырқаттардың жеке заттарын қабылдауға және залалсыздандыруға әзірлеуге;

сырқаттарға қызмет көрсетуге, оларға тамақ және ішетін су беруге;

медициналық пункттің үй-жайын жинауға;

медициналық пункттегі ішкі тәртіптің сақталуын бақылауды жүзеге асыруға міндетті.

 

 

Бақылау-өткізу пункті бойынша кезекші

455. Бақылау-өткізу пункті бойынша кезекші сержанттардан (старшиналардан) тағайындалады. Ол бөлімге келген (кеткен) адамдарды өткізудің (шығарудың) дұрыстығы, мүлікті алып шығудың (кіргізудің) немесе әкетудің (алып келудің) дұрыстығы үшін жауап береді (31-қосымша). Бақылау-өткізу пункті бойынша кезекші бөлім бойынша кезекші мен оның көмекшісіне бағынады. Оған бақылау-өткізу пункті бойынша кезекшінің көмекшілері бағынады.

Кезекшілікті тапсыру және қабылдау туралы бұрынғы және жаңа кезекшілер бөлім бойынша кезекшіге баяндайды.

456. Бақылау-өткізу пункті бойынша кезекші:

таралымнан кейін тізімдеме бойынша құжаттаманы, жабдық пен мүкәммалды қабылдауға;

бөлімге келген адамдардың рұқсаттамалар мен жеке басын куәландыратын құжаттарын тексеруге, тізімін бөлім командирі бекіткен лауазымды адамдардың рұқсатымен және бөлім бойынша кезекшінің, оның көмекшісінің нұсқаулары бойынша бір жолғы рұқсаттамаларды беруге;

қандай да бір мүлікті алып шығудың (кіргізудің) немесе әкетудің (әкелудің) дұрыстығын тексеруге;

бөлім бойынша кезекшіге ол құжаттарының дұрыстығына күмән келтіретін адамдар туралы баяндауға;

бөлім орналасқан жерден мерзімді әскери қызметтің әскери қызметшілеріне шығу құқығына құжаттарынсыз, әскери киім нысанын кию ережелерін бұзулармен, ал жаяу тәртіппен саппен келе жатқан командаларға белгі беретін жалаушаларсыз (белгі беретін қол шамдарсыз) шығуға рұқсат етпеуге;

бақылау-өткізу пунктінде болуға; бөлім бойынша кезекшінің рұқсатымен қызмет істері бойынша кеткенде өз орнына көмекшісін қалдыруға;

өз көмекшілерінің қызмет атқаруының дұрыстығын тексеруге;

бөлім командирі мен оның орынбасарлары келгенде, оларды қарсы алуға және оларға өзін таныстыруға міндетті.

457. Бақылау-өткізу пункті бойынша кезекші өз әскери бөлімінікі емес офицерлерді қарсы алады және оларға өзін таныстырады.

Мысалы: «Генерал-майор мырза. Бақылау-өткізу пункті бойынша кезекші сержант Оразбеков». Одан кейін ол дереу келгендер туралы бөлім бойынша кезекшіге баяндайды.

458. Бақылау-өткізу пункті бойынша кезекшіде: бақылау-өткізу пункті бойынша кезекшіге және оның көмекшісіне нұсқаулықтар; бөлімді жауынгерлік әзірліктің жоғары дәрежесіне келтіру жағдайына және өрт қауіпсіздігі талаптары жөніндегі нұсқаулықтар; күн тәртібі мен қызмет уақытының регламенті; бөлім аумағына кіруге, мүлікті әкелуге, алып шығуға және әкетуге рұқсат етуге құқығы бар адамдардың тізімі, олардың қолдарының үлгілері; бір жолғы рұқсаттамалардың бланкілері; бір жолғы рұқсаттамаларды беруді есепке алу кітабы; демалыс билетінің, іссапар куәлігінің (нұсқамасының), шабармандар үшін хабардар ету карточкаларының, сейілдеме қағазының, тұрақты, бір жолғы және материалдық рұқсаттамалар мен жол қағаздарының үлгілері; жалпыәскери жарғылар; келушілерді есепке алу журналы (оған кім, кімге келді, келу мақсаты, келу және кету уақыты жазылады) және басқа да құжаттар болуы тиіс.

Бақылау-өткізу пункті бойынша кезекшінің көмекшісі

 

459. Бақылау-өткізу пункті бойынша кезекшінің көмекшісі сарбаздардан (матростардан) тағайындалады. Ол бақылау-өткізу пункті бойынша кезекшіге бағынады.

Кезекшінің кезекті көмекшісі бақылау-өткізу пунктінен шықпайды және келген адамдарды бөлім аумағына өткізудің дұрыстығы, сондай-ақ мүлікті дұрыс алып шығу (кіргізу) немесе әкету (әкелу) үшін жауап береді.

460. Бақылау-өткізу пункті бойынша кезекші:

өз бөлімінің келісімшарт бойынша әскери қызметшілерін жеке куәлігі (рұқсаттамалар) бойынша, ал мерзімді әскери қызметтің әскери қызметшілерін сейілдеме қағазы (демалыс билеттері, іссапар куәліктері, нұсқамалары, хабардар ету карточкалары) бойынша нысанды киіммен және ұқыпты киінген түрде, басқа адамдарды тек рұқсаттамалар бойынша өткізуге;

тұрақты немесе бір жолғы рұқсаттамалар тексеру кезінде оларды бақылау-өткізу пунктінде бар үлгілерімен салыстырып тексеруге, мөрдің болуын, сондай-ақ фотосуреттің оны көрсетушіге сәйкес келетіндігін тексеруге, олардың мерзімі өтіп кетпегендігін, ал бір жолғы рұқсаттамалар келуші шыққан кезде рұқсаттама берілген адамның белгісі болуын бақылауды жүзеге асыруға;

материалдық рұқсаттама (жол қағазы) бойынша қандай да бір мүлікті алып шығу (кіргізу) немесе әкету (әкелу) кезінде атап айтқанда нені және қанша санда (орындар саны) алып кіру немесе өткізу рұқсат етілгенін тексеруге; бақылау-өткізу пункті бойынша кезекшінің рұқсатымен тек жол қағаздары бар машиналарды өткізуге;

бақылау-өткізу пункті бойынша кезекшіге мерзімі өтіп кеткен құжаттары бар және ол құжаттарының дұрыстығына күмәнданатын адамдар туралы баяндауға;

бақылау-өткізу пункті бойынша кезекшіге бөлім командирінің, оның орынбасарларының, сондай-ақ өз бөлімінікі емес офицерлердің келгені туралы дереу баяндауға міндетті.