Жалпы ережелер

427. Тәуліктік наряд адамдары күн тәртібінің (қызмет уақыты регламентінің) орындалуына және ішкі тәртіптің басқа да ережелерінің сақталуына табандылықпен қол жеткізе отырып, өз міндеттерін білуі және адал орындауы тиіс.

Бөлім бойынша кезекшінің рұқсатынсыз тәуліктік наряд адамдарының өз міндеттерін тоқтатуға немесе басқа біреуге орындауға беруге құқығы жоқ.

428. Бөлімшеге бөлім командирі және одан жоғары бастықтар келген кезде бөлімшелер бойынша кезекшілер бұл туралы бөлім бойынша кезекшіге дереу баяндауға міндетті.

Роталар (бөлімшелер) бойынша кезекшілер және бөлім бойынша кезекшінің көмекшісіне бағынысты басқа да кезекшілер ол келген кезде «Тік тұр» командасын бермейді және баяндамайды, тек өзін таныстырады.

429. Бөлім бойынша кезекшіге және оның көмекшісіне кезекшілік уақытында әрқайсысына бөлім командирі белгілеген уақытта төрт сағаттан артық емес, аяқ киімсіз, жарақтарын шешпей және шешінбей кезекпен жатып демалуға (ұйықтауға) рұқсат етіледі.

Бөлім штабы, парк, қойма аймағы (техникалық аумақ), бақылау-өткізу пункті мен асхана бойынша кезекшілерге, кезекші фельдшерге (санитарлық нұсқаушыға), рота бойынша кезекшіге және белгі беруші-барабаншыға кезекшілік уақытында бөлім командирі белгілеген уақытта төрт сағаттан артық емес, аяқ киімсіз, жарақтарын шешпей және шешінбей, жатып демалуға (ұйықтауға) рұқсат етіледі.

Кезекті тәуліктік кезекшіге, шабарманға, бақылау-өткізу пункті бойынша кезекшінің көмекшісіне жарақтарын шешуге және киімінің түймелерін ағытуға тыйым салынады.

Тәуліктік кезекшілердің бос ауысымына, шабарманға, бақылау-өткізу пункті бойынша кезекшінің көмекшісіне тек ұйқыға жатқаннан кейін және одан тұрғанға дейін шешінуге және жатып демалуға (ұйықтауға) кезекпен рұқсат етіледі.

Бөлім бойынша кезекшінің, оның көмекшісінің, штаб, парк, бақылау-өткізу пункті, қойма аймағы (техникалық аумақ), оқ-дәрілер арсеналдары, базалары бойынша кезекшілердің демалуы үшін арнайы орындар жабдықталады. Көрсетілген адамдарға басқа орындарда демалуға тыйым салынады.

Қарауыл құрамы Гарнизондық және қарауылдық қызметтер жарғысының ережелеріне сәйкес демалады.

430. Тәуліктік нарядтан ауысқан әскери қызметшілер ауысым күні сабақтан және жұмыстан босатылады.

Демалыс, мереке және жұмыс істемейтін күндері тәуліктік наряд құрамына кіретін офицерлер мен келісімшарт бойынша әскери қызметшілерге командир (бастық) аптаның басқа күндері демалыс беруге міндетті.

 

 

Бөлім бойынша кезекші

431. Бөлім бойынша кезекші бөлім және батальондар басқармасы офицерлерінің, роталар командирлері мен оларға теңестірілгендердің қатарынан тағайындалады. Ол: жауынгерлік әзірліктің жоғары дәрежесіне келтіруге белгі алынған кезде бөлімшелер мен бөлім басқармасын уақтылы хабарландыру, бөлімдегі ішкі тәртіп пен күн тәртібін (қызмет уақытының регламентін) ұстау, тәуліктік нарядтың қызмет атқаруы, құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі шараларды уақтылы қабылдау, сондай-ақ Жауынгерлік Тудың, бөлім штабы мен қызметтері офицерлерінің, келісімшарт бойынша әскери қызметшілерінің пистолеттері мен оқ-дәрілерінің сақталуы үшін жауап береді. Бөлім бойынша кезекші бөлім командиріне бағынады. Оған бөлімнің барлық тәуліктік наряды бағынады.

Жеке батальондар және оларға теңестірілген әскери бөлімдер бойынша кезекші етіп взводтар командирлерін, сондай-ақ батальон штабы мен қызметтерінің келісімшарт бойынша әскери қызметшілерін тағайындауға рұқсат етіледі.

Бөлімнің ішкі қарауылына қатысты бөлім бойынша кезекші Гарнизондық және қарауылдық қызметтер жарғысының ережелерін басшылыққа алады.

432. Таралымнан кейін жаңа кезекші бұрынғы кезекшіден тізімдеме бойынша құжаттарды, сондай-ақ бөлім штабы мен қызметтерінің офицерлері мен келісімшарт бойынша әскери қызметшілерінің қару мен оқ-дәрілерін қабылдайды. Қару дана бойынша нөмірімен және жиынтықта қабылданады. Одан кейін бөлім бойынша бұрынғы кезекшімен бірлесіп, ол хабарлау мен техникалық күзет құралдарының, радиациялық және химиялық барлау аспаптарының ақаусыздығын тексереді.

433. Барлық тәуліктік наряд адамдары кезекшілікті тапсырғаннан және қабылдағаннан кейін және қарауылдар бастықтарының қарауылдардың ауысуы туралы баяндауынан кейін бұрынғы және жаңа кезекшілер бөлім командиріне баяндаумен келеді.

Мысалы: «Полковник мырза. Аға лейтенант Жаппасбаев бөлім бойынша кезекшілікті тапсырды». «Полковник мырза. Капитан Жилов бөлім бойынша кезекшілікті қабылдады».

Одан кейін бөлім бойынша жаңа кезекші кезекшілікті қабылдау кезінде анықталған, ауысқан тәуліктік наряд жоя алмаған барлық кемшіліктер туралы, сондай-ақ қарауыл күзететін объектілерді ашу және жабу туралы баяндайды.

434. Бөлім бойынша кезекші:

бөлімшелердің күн тәртібін (қызмет уақыты регламентін) орындауына бақылау жасауға және белгіленген белгілерді беруге басшылық жасауға;

тәулігіне кемінде екі рет (оның біреуі түнде) тәуліктік нарядтың қызмет атқаруын және бөлімшелердегі ішкі тәртіпті сақтауды жеке өзі тексеруге, қылмыстардың, оқиғалардың, теріс қылықтардың алдын алу, қауіпсіздік талаптарын және әскери тәртіпті бұзуға жол бермеу жөніндегі, сондай-ақ анықталған кемшіліктерді жою жөніндегі шараларды қабылдауға;

командирге бөлімде болған барлық оқиғалар туралы, өз еркімен кетіп қалған мерзімді қызметтің әскери қызметшілері және оларды іздестіру жөнінде қабылданған шаралар туралы дереу баяндауға; бөлім командирінің және штаб бастығының болатын орнын ұдайы білуге;

кезекшінің бөлмесінде болуға; қызмет істерімен кеткенде өз орнына көмекшісін қалдыруға және оған қайда қанша уақытқа кеткенін хабарлауға;

оқу-жаттығу далаларының аудандарын, сондай-ақ қандай бөлімшелер қайда және қандай сабақтар өткізіп жатқанын білуге; полигондарда, оқу орталықтарында (лагерьлерде) бар қару-жарақ, әскери және басқа техника, зымырандар, оқ-дәрілер, өзге де материалдар, сондай-ақ гарнизон шегінен тыс іссапарға кеткен командалар туралы мәліметтері болуға;

жеке құрамның, оқ-жаттығу жауынгерлік және көлік пайдалану топтары машиналарының шығысы, сондай-ақ алыс рейстердегі автомобиль техникасы туралы мәліметтері болуға; парк бойынша кезекші арқылы кезекші тартқыштардың, санитарлық көлік құралдарының, өрт сөндіру және кезекші машиналардың әзірлігін, олардың паркке қайтып оралуын бақылауға, бөлім командиріне олардың рейсте бөгелу жағдайлары туралы баяндауға, машиналарды іздестіруге және паркке қайтып оралуына шаралар қабылдауға;

бөлімнен тағайындалған бөлімшелерді (командаларды), қарауылдарды тексеруге және уақтылы жіберуге және бұл туралы бөлім штабының бастығына немесе командирге баяндауға;

бөлім орналасқан жерден сейілдемеге босатылған мерзімді әскери қызмет әскери қызметшілерінің сыртқы пішінін қарап тексеруге және сейілдеме қағаздарына олардың қайтып оралу уақыты туралы белгілер жасауға; шабармандарға елтаңбалы мөрмен расталған хабардар ету карточкалары бойынша бөлім орналасқан жерден тыс шығуға рұқсат етуге;

бөлім орналасқан жерде немесе оған жақын маңда өрт, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдай кезінде Жауынгерлік Туды, жеке құрамды, қару-жарақты, әскери және басқа техниканы, зымырандарды, оқ-дәрілер мен басқа да материалдық құралдарды құтқаруға дереу шаралар қабылдауға, құтқару жұмыстарын ұйымдастыруға, ал өрт кезінде, одан басқа өрт сөндіру командасын шақыруға және ол келгенге дейін өрт сөндіруді ұйымдастыруға;

бөлімді жауынгерлік әзірліктің жоғары дәрежесіне келтіру туралы белгі алған кезде дереу белгіні бөлімшелерге жеткізуге, бөлім командирі мен штаб бастығына баяндауға, командирлердің орынбасарлары мен бөлімнің басқа да лауазымды адамдарын хабардар етуге, олар келгенге дейін бөлімшенің іс-қимылына басшылық жасауға; бөлімшелердің өз жиын пункттеріне ұйымдасқан түрде шығуына бақылауды жүзеге асыруға;

жұмылдыру туралы хабарлама алған кезде бұл туралы дереу командирге және бөлімнің штаб бастығына хабарлауға және олардың нұсқаулары мен нұсқамаларына сәйкес әрекет етуге;

қару мен оқ-дәрілерді бөлім басқармасының әскери қызметшілеріне қару мен оқ-дәрілерді беру кітабына қол қоюмен (29-қосымша), ал жауынгерлік әзірліктің жоғары дәрежесіне келтіру кезінде ауыстырушы карточкалар бойынша жеке қару мен оған оқ-дәрілерді, жеке радиоактивтік сәулелену мөлшерін өлшеуіштерді беруге; оларды уақтылы тапсыруды бақылауға;

қарсылас ядролық, химиялық және биологиялық қару қолданған немесе радиациялық химиялық қауіпті объектілердегі апат нәтижесінде радиациялық және химиялық қауіп туындаған жағдайларда, сондай-ақ табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар туралы ескерту белгісін алған кезде қолда бар нұсқаулыққа сәйкес әрекет етуге;

азық-түліктердің қазандарға салынуын бақылауға, дәрігермен (фельдшермен) бірлесе отырып, тамақты таратар алдында тамақ дайындау сапасын бақылауды есепке алу кітабына тиісті жазба жаза отырып, оның сапасын тексеруге және оны беруге рұқсат етуге; тамақтың дұрыс сапалылығына күмәнді болған жағдайда оны беруге тыйым салуға, дереу бөлім командиріне бұл туралы баяндауға; тамақ беру және ішу уақытында асханада жеке өзі болуға және тағамдардың температуралық режимін, оның нормаларының жеке құрамға толық жеткізілуін бақылауға;

казармаларда және бөлім орналасқан жерде тазалық пен тәртіпті бақылауды жүзеге асыруға;

роталардағы (бөлімшелердегі) қару сақтауға арналған бөлмелерді ашқан (жапқан) кезде жеке өзі қатысуға және оларды бөлім бойынша кезекшінің нөмірлі мөрімен мөрлеуге; бірнеше бөлімшеде қаруды, оқ-дәрілерді бір уақытта беру кезінде қару сақтауға арналған бөлмелерді байланыс құралдары арқылы ашуға рұқсат етуге; роталар бойынша кезекшілерден кешкі тексерулерді жүргізгеннен кейін бөлімшелердің қару сақтауға арналған бөлмелерінің, қаруы бар пирамидалардың кілттерін, сондай-ақ қызметтен кеткен кезде роталар командирлерінен (роталар старшиналарынан) бастап оқ-дәрілері бар жәшіктердің, пистолеттері бар шкафтардың кілттерін күзетуге қабылдауға;

бөлімшелердегі қару сақтауға арналған бөлмелердің күзет дабылдамасы өз бетінше іске қосылған кезде дабылдаманың өздігінен іске қосылу себептерін анықтауға және оның күзетуге қойылуын бақылауды жүзеге асыруға;

қарауыл күзететін объектілерді ашуға наряд негізінде қарауыл бастығына осы объектілерді ашуға рұқсат беруге;

ерекше жағдайларда бөлімшелер бойынша кезекшілерге казармаға кіретін есіктердің тиегін жабуға команда беруге;

бөлім командирі келген кезде оны қарсы алуға, «Тік тұр» командасын беруге және оған баяндауға міндетті.

Мысалы: «Полковник мырза. Менің кезекшілігім уақытында оқиғалар болған жоқ (немесе мынадай болды). Бөлім бойынша кезекші капитан Гаевский».

Бөлім бойынша кезекші басқа әскери қызметшілер болмаған кезде «Тік тұр» командасын бермейді, тек баяндайды.

Бөлім бойынша кезекші бөлім командирінің орынбасарларына тек өзін таныстырады.

435. Кешкі тексеруден және таңертеңгі тексеруден кейін бөлім бойынша кезекші бөлімшелер бойынша кезекшілерден баяндауларды қабылдайды және жеке құрамның шығысы; бөлімшелерде (командаларда) іссапарға кеткендер; алыс рейстердегі машиналар; полигондардағы, оқу орталықтарындағы (лагерьдегі) қару-жарақтар, әскери және басқа техника, зымырандар, оқ-дәрілер, өзге де материалдық құралдар туралы; кешкі тексеруде болмағандар туралы мәліметтерді, ал өз еркімен кетіп қалғандар болған кезде олардың тізімін жасайды. Көрсетілген мәліметтерді ол таңертеңгі баяндауда бөлім командиріне ұсынады.

Тәуліктік нарядтың қызмет атқаруындағы анықталған барлық кемшіліктер туралы және кезекшілікті тапсырғанға дейін жою мүмкін емес кезекшілік уақытындағы бөлімдегі ішкі тәртіпті бұзушылықтар туралы бөлім бойынша кезекші кезекшілікті қабылдау және тапсыру кітабына жазба жазады (30-қосымша).

Кезекшілікті қабылдау және тапсыру кітабын күн сайын бөлім бойынша кезекші бөлім командирінің қарап тексеруі және ауысымға рұқсат етуі үшін ұсынады.

436. Бөлім бойынша кезекші:

Қазақстан Республикасының Президентін және бөлім командирінің тікелей бастықтарын;

армия генералдарын, адмиралдарды, генерал-полковниктерді, сондай-ақ инспекциялау (тексеру) жүргізуге басшылық жасау үшін тағайындалған адамдарды қарсы алады және бөлім орналасқан жер бойынша оларға ілесіп жүреді.

Осы адамдарды қарсы алған кезде бөлім бойынша кезекші «Тік тұр» командасын береді және оларға баяндайды.

Мысалы: «Армия генералы мырза. Екінші мотоатқыштар бригадасы (мынадай ауданда) даладағы тактикалық сабақтарда. Бөлім бойынша кезекші капитан Шалов».

Бөлім бойынша кезекші аты аталған адамдардың келгені туралы дереу бөлім командиріне немесе оның орнындағы адамға баяндайды. Келген командирді (бастықты) бөлім командирі қарсы алған және оған баяндаған жағдайда бөлім бойынша кезекші тек өзін таныстырады.

Бөлімге жоғарыда көрсетілмеген генералдар мен адмиралдар, сондай-ақ өзінің бөлімінікі емес аға офицерлер келген жағдайда бөлім бойынша кезекші оларға өзін таныстырады.

Мысалы: «Генерал-майор мырза. Бөлім бойынша кезекші капитан Көбенов». Одан кейін ол оларды бөлім командиріне немесе оның орнындағы адамға ертіп келеді. Өз бөлімінікі емес қалған әскери қызметшілер келген адамның жеке басын және қажет кезде оның келу мақсатын анықтағаннан кейін бөлімге бір жолғы рұқсаттамалар бойынша жіберіледі.

437. Бөлім бойынша кезекшіде: бөлім бойынша кезекшіге және оның көмекшісіне нұсқаулықтар; бөлімді жауынгерлік әзірліктің жоғары дәрежесіне келтіруге және жұмылдыру кезіндегі нұсқаулықтармен пакеттер; бөлімді жауынгерлік әзірліктің жоғары дәрежесіне келтіру жағдайына қарауылдың ауысымы үшін паролі бар пакет; бөлімнің күн тәртібі (қызмет уақытының регламенті); таңертеңгі дене жаттығуын өткізу жоспары мен киім нысанының нұсқалары; өрт қауіпсіздігі шаралары жөніндегі нұсқаулықтар; аумақты бөлімнің бөлімшелеріне бекітіп беру схемасы; қарсыластың жаппай қырып-жою қаруын қолдану жағдайына нұсқаулық; телефон станциялары мен лауазымды адамдарды шақыру кестесі; қару мен оқ-дәрілерді беру кітабы; кезекшілікті қабылдау және тапсыру кітабы; қарауылды тексеру құқығы берілген бір жолғы куәліктердің үлгілері; жалпыәскери жарғылар; оқу материалдық-техникалық базасы объектілерінің орналасуының схема-картасы; бөлім бөлімшелерінің бір аптаға арналған сабақтарының құрама кестесі; радиациялық, химиялық және биологиялық қадағалау журналы; бөлімшелер мен жеке құрамды хабардар ету құжаттары; оқиғалар мен құқық бұзушылықтар жағдайындағы іс-қимылдар тәртібі жөніндегі нұсқаулықтар; жұмыс дәптері мен басқа да құжаттар болуы тиіс.

 

 

Бөлім бойынша кезекшінің көмекшісі

438. Бөлім бойынша кезекшінің көмекшісі кіші офицерлерден немесе сержанттардан (старшиналардан) тағайындалады және бөлім бойынша кезекшіге бағынады. Ол: бөлім бойынша кезекшінің міндеттерін, нұсқаулығын білуге, бөлім бойынша кезекшіде бар күзет құралдарымен және байланыс құралдарымен, радиациялық және химиялық барлау құралдарымен жұмыс істей білуге, кезекшінің орнына қала отырып, оның міндеттерін орындауға міндетті.

439. Офицерлерден тағайындалған бөлім бойынша кезекшінің көмекшісіне бөлімнің тәуліктік нарядының барлық адамдары бағынады. Ішкі қарауылдарға қатысты ол Гарнизондық және қарауылдық қызметтер жарғысының талаптарын басшылыққа алады.

Сержанттардан (старшиналардан) тағайындалған бөлім бойынша кезекшінің көмекшісіне офицерлерден басқа, тәуліктік нарядтың барлық адамдары бағынады.