Бойынша есеп беру

403. Басқарманың әскери қызметшілері мен бөлім офицерлерінің, сондай-ақ бөлімшелер арасындағы нарядтардың кезектілігін бөлім штабының бастығы белгілейді.

Ротадағы взводтар арасындағы нарядтардың кезектілігін рота старшинасы, ал взводта – взвод сержанты (взвод командирінің орынбасары) белгілейді.

Әскери қызметшілер арасындағы кезекті нарядтар саны бірдей және әділ бөлінуі тиіс.

404. Нарядтар парағын (27-қосымша):

сарбаздарға – взводтар сержанттары (взводтар командирлерінің орынбасарлары) арқылы;

сержанттарға – рота старшинасы арқылы;

бөлім басқармасы мен жекелеген бөлімшелерінің офицерлеріне, батальон командирлері мен олардың орынбасарларына – бөлім штабында, ал қалған офицерлерге – батальон штабтарында әр айға бөлек жүргізіледі.

Нарядтар парағы (кезекшіліктер кестесі) бөлім штабы мен бөлімше орналасқан жерлердегі белгіленген орындарда ілінеді.

Нарядтар парағы жыл бойы сақталады, одан кейін жойылады.

 

 

Тәуліктік нарядты даярлау

405. Әскери бөлім штабы жаңа ай басталғанға дейін бес-алты тәулік бұрын бөлімше командирлеріне әскери қызметшілердің тәуліктік наряд құрамына түсетін күндерін хабарлайды.

406. Тәуліктік наряд тағайындалатын бөлімше командирлері жеке құрамды қызмет атқаруға іріктеу, орналастыру және даярлау, тәуліктік нарядтың бөлімнің тиісті лауазымды адамына сабаққа (нұсқамаға) және таратуға уақтылы келуі үшін жауап береді.

407. Наряд алдындағы түні тәуліктік нарядқа тағайындалған адамдар барлық сабақтар мен жұмыстардан босатылуы тиіс.

408. Нарядқа түсетін күні күн тәртібінде көрсетілген уақытта жеке құрамға қызмет атқаруға дайындалу үшін, сонымен бірге практикалық сабақтар өткізу үшін кемінде үш сағат және демалу (ұйықтау) үшін кемінде бір сағат берілуі тиіс.

409. Қарауылдан басқа, ротадан тағайындалған тәуліктік нарядтың жеке құрамын даярлауды рота старшинасы жүргізеді. Батальоннан немесе әскери бөлімнен тағайындалған тәуліктік нарядты даярлауды тиісті командирлер ұйымдастырады және олардың орынбасарлары жүргізеді.

Қарауылды даярлау Гарнизондық және қарауылдық қызметтер жарғысына сәйкес жүзеге асырылады.

410. Бөлім бойынша жаңа кезекші белгіленген уақытта штаб бастығына нұсқамаға келеді, одан пароль, ал саптық бөлімнен (кадрлар органынан) жеке құрамның шығысы туралы мәлімет алады.

Бөлім бойынша бұйрықпен айқындалған тәуліктік нарядтың адамдары қызметі бойынша тағайындалуына сәйкес белгіленген уақытта бөлім командирінің орынбасарларына немесе бөлім командирі осы үшін тағайындаған басқа да лауазымды адамдарға сабаққа (нұсқамаға) келеді.

Сабақта (нұсқамада) жалпыәскери жарғылардың ережелері, нұсқаулықтар мен қауіпсіздік талаптары зерделенеді, сондай-ақ наряд жеке құрамының олардың арнайы міндеттерін білуі тексеріледі.

Практикалық сабақтар нарядқа түсетін күні күн тәртібінде көрсетілген сағатта тәуліктік нарядтың қызмет атқаруы үшін жабдықталған үй-жайларда (орындарда), бөлімше орналасқан жерлерде немесе қызмет атқару орнында жүргізіледі (28-қосымша).

411. Қажет жағдайларда тәуліктік нарядтың кейбір адамдарын автоматтармен (карабиндермен) қаруландыру кезінде қару қолданумен іс-қимыл жасау бойынша сабақтар жүргізіледі.

412. Тәуліктік нарядты тарату орны мен уақытын әскери бөлім командирі белгілейді. Барлық тәуліктік нарядты таратуды әскери бөлім бойынша жаңа кезекші жүргізеді.

Таратуға шыққанға дейін он бес минут бұрын тәуліктік наряд қызмет атқаруға әзір болуы және өз кезекшілері мен бөлім қарауылдарының бастықтарының бағынысына қабылдануы тиіс. Тәуліктік нарядтың жеке құрамы бөлім бойынша кезекшінің бағынысына оны қарсы алу үшін команданы тарату уақытында «Тік тұр» командасы берілген сәттен бастап көшеді.

 

 

Тәуліктік наряд таралымы

413. Тәуліктік наряд таралымы оның қызмет атқаруға әзірлігін тексеруден, оның тиісті лауазымды адамдардың бағынысына өтуінен, сондай-ақ қарауылдарға бұрынғы қарауылды ауыстыру құқығын беруден тұрады. Таралым кемінде қырық минуттан аспауы тиіс.

414. Тәуліктік наряд таралымының орны мен уақытын әскери бөлім командирі нарядтың таралым орнына, сондай-ақ таралым орнынан қызмет атқару орнына баруға қажетті уақытынан шыға отырып, айқындайды, ол бір сағаттан аспауы тиіс.

Бұл ретте таралым орнына немесе таралым орнынан қызмет атқару орнына отыз минуттан артық қажет болса, әскери бөлім командирінің бұйрығымен көлік құралы беріледі.

415. Таралымға нарядтың барлық жеке құрамы мен оркестр шығарылады, олар таралым орнына ол басталғанға дейін он минуттан кешікпей келеді.

Оркестрлері жоқ әскери бөлімдерді, сондай-ақ минус он бес градустан және одан төмен ауа температурасында таралымға бір-екі белгі беруші-барабаншы шығарылады немесе техникалық музыка ойнату құралдары қолданылады.

416. Таралымға дейін он минут бұрын офицерлер қатарынан әскери бөлім бойынша кезекшінің көмекшісі бөлімше кезекшісінен басқа тәуліктік нарядтың жеке құрамын таралым үшін белгіленген орынға сапқа тұрғызады, оның болуын тексереді және әскери бөлім бойынша кезекші келісімен оған баяндайды.

Егер әскери бөлім бойынша кезекшінің көмекшісі сержант болса, онда тәуліктік нарядты сапқа тұрғызуды және бөлім бойынша кезекшіге баяндауды тәуліктік наряд қатарынан офицер жүргізеді.

417. Таралым үшін тәуліктік наряд: оң қапталда – қарауыл, одан кейін оңнан солға қарай – парк бойынша кезекші, қойма аймағы (техникалық аумақ) бойынша кезекші, кезекші фельдшер (санитарлық нұсқаушы), бақылау-өткізу пункті бойынша кезекші, бөлім штабы бойынша кезекші, бөлімшелер тәртібімен барлық роталар бойынша кезекшілер, шабармандар, асхана бойынша кезекші, асханаға жұмысшылар, өрт сөндіру нарядының бастығы мен кезекші белгі беруші-барабаншы сапқа тұрғызылады. Бақылау-өткізу пункті бойынша кезекшінің көмекшілері, тәуліктік кезекшілер мен кезекші тартқыштардың механик-жүргізушілері (жүргізушілері) өз кезекшілерінің ту сыртына сапқа тұрғызылады, бөлім бойынша кезекшінің көмекшісі қарауылдардың оң қапталына тұрады.

418. Қарауылдың оң қапталына қарауыл бастығы, ал сол қапталына оның көмекшісі тұрады, таратушылар өз қарауылдарының оң жағына қарай бірінші қатарда тұрады. Қарауылдар постылар нөмірінің ретімен солдан оңға қарай, бір-бірінің ту сыртына ауысым тәртібімен тұрады. Қарауылдың көлік құралы, өрт сөндіру машиналары жүргізушілерімен олар үшін бөлінген орынға орналасады.

419. Бөлім бойынша кезекшіні қарсы алу үшін оның көмекшісі кезекші сапқа қырық-елу адым жақындасымен: «Наряд, ТҮЗЕЛ, ТІК ТҰР. Назар оң-ҒА (сол-ҒА, орта-ҒА)» командасын береді. «ТҮЗЕЛ» командасы бойынша әскери дирижер саптық адыммен оркестрдің ортасына шығады және бірінші қатардан екі-үш адымда маңдайшепке қарап тұрады. Бірінші команда бойынша офицерлер мен сержанттар қолын бас киіміне апарады; барлығы басын бөлім бойынша кезекші жаққа бұрады және оның соңынан басын бұра отырып, оны көз қарасымен шығарып салады. Оркестр «Қарсы алу» маршын орындайды (белгі беруші-барабаншылар «Жорықтық марш» соғады). Бөлім бойынша кезекшінің көмекшісі қолын бас киіміне апарып, саптық адыммен бөлім бойынша кезекшіге жақындайды, одан екі-үш адым жерде тоқтайды және баяндайды.

Мысалы: «Майор мырза. Наряд таралым үшін сапқа тұрғызылды. Бөлім бойынша кезекшінің көмекшісі лейтенант Омаров». Бөлім бойынша кезекшінің көмекшісі баяндауын аяқтап, бас киімінен қолын түсірмей, бір уақытта оңға (солға) бұрыла сол (оң) аяғымен жанына бір адым жасайды және бөлім бойынша кезекшіні алға өткізіп жіберіп, оның артынан бір-екі адым жерде және саптың сыртқы жағынан жүреді.

Бөлім бойынша кезекшінің көмекшісі баяндау үшін тоқтаған кезде оркестр (белгі беруші-барабаншылар) ойнауын (соғуын) тоқтатады, ал әскери дирижер қолын бас киіміне апарады.

420. Бөлім бойынша кезекші баяндауды қабылдап, сап ортасының алдына тұрады және нарядтың жеке құрамымен: «Армысыздар, жауынгерлер» деп амандасады; сәлемдесуге жауап алғаннан кейін «ЕРКІН ТҰР» командасын береді және бас киімінен қолын түсіреді. Бөлім бойынша кезекшінің көмекшісі «ЕРКІН ТҰР» командасын береді және бас киімінен қолын түсіреді. Офицерлер, сержанттар мен әскери дирижер бас киімінен қолын түсіреді.

421. Бөлім бойынша кезекшінің көмекшісі тағайындалмаса, таралымдағы оның міндеттерін қарауыл бастығы орындайды. «ЕРКІН ТҰР» командасын беріп, ол өз орнына тұрады.

Нарядты тексеру үшін бөлім бойынша кезекші қатарларды біреуін екіншісінен бір адымға таратады және өз көмекшісімен бірге наряд құрамын, жеке құрамның сыртқы пішінін, олардың өз міндеттерін білуін, сондай-ақ қаруын тексереді және анықталған кемшіліктерді жою жөнінде нұсқау береді.

Бөлім бойынша кезекші қарауылға жақындаған кезде қарауыл бастығы саптан шығып, оған өзін таныстырады, қарауылдың жеке құрамын тексеру уақытында бөлім бойынша кезекшіні алып жүреді және одан кейін рұқсат алып, саптағы өз орнына барып тұрады.

422. Егер қандай да бір наряд қызмет атқаруға даяр болмаса, бөлім бойынша кезекші оны наряд тағайындалған бөлімшеге қосымша даярлық немесе ауыстыру үшін қайтарады және бөлім командиріне бұл туралы дереу баяндайды. Осы нарядтың таралымын бөлім бойынша кезекші немесе оның көмекшісі жеке жүргізеді.

423. Тексеру аяқталғаннан кейін бөлім бойынша кезекші саптың ортасына шығады және нарядтың алдына оған қарап тұрады; кезекшінің көмекшісі бөлім бойынша кезекшінің артына оңға қарай немесе солға қарай бір адымда тұрады. Бөлім бойынша кезекші:

«Наряд, ТҮЗЕЛ», «ТІК ТҰР», «Оркестр, жиынды ойна» («Белгі беруші-барабаншылар, жиынды соқ») деп команда береді. «ТІК ТҰР» командасы бойынша офицерлер мен сержанттар қолын бас киіміне апарады.

424. «Жиынды» ойнау аяқталғаннан кейін офицерлер мен сержанттар қолын бас киімінен түсіреді. Бөлім бойынша кезекші: «Қарауыл бастығы, маған кел» деп команда береді. Қарауыл бастығы саптық адыммен бөлім бойынша кезекшіге келеді, одан екі-үш адымда тұрады және өзін таныстырады. Мысалы: «Қарауыл бастығы аға лейтенант Ботабеков».

Бөлім бойынша кезекші қарауыл бастығына оның қызметінің ерекшеліктері туралы ескертеді және парольдар жазылған қағазды тапсырады.

425. Парольдар жазылған қағазды беріп және парольдарды дұрыс түсінгеніне көз жеткізе отырып, бөлім бойынша кезекші: «Қарауыл бастығы, сапқа тұр» деп команда береді. Осы команда бойынша қарауыл бастығы саптағы өз орнына тұрады; оркестр (белгі беруші-барабаншылар) он-он бес адымға алға шығады және оң иықпен ене отырып нарядқа сырт жағын беріп тұрады. Бөлім бойынша кезекші: «ТҮЗЕЛ, ТІК ТҰР» деп команда береді және: «Бөлімнің Жауынгерлік Туының, әскери объектілердің сенімді күзеті мен қорғанысын қамтамасыз ету, бөлімдегі жауынгерлік әзірлік пен ішкі тәртіпті ұстау міндетімен қызметке кірісуге бұйырамын. Қызмет жалпыәскери жарғылардың талаптарына сәйкес атқарылсын» деп бұйрық береді.

Бұйрық бергеннен кейін бөлім бойынша кезекші: «Оркестр, таралымды ойна» деп команда береді. Бұйрық беру және оркестрдің ойнауы уақытында бөлім бойынша кезекші, оның көмекшісі мен мылтықпен қаруланған қарауыл бастығы қолын бас киіміне апарады.

«Таралымды» ойнап біткеннен кейін, оркестр Мемлекеттік Әнұранды ойнайды. Оркестр жоқ бөлімдерде Мемлекеттік Әнұран техникалық дыбыс жазбасын ойнату құралдарымен ойналады.

Мемлекеттік Әнұран аяқталған соң кезекші: «Наряд, оңға, қызмет атқару орнына адым-БАС» деп команда береді. «Бас» командасы бойынша наряд саптық адыммен әскери сәлемдесуді орындай отырып, бөлім бойынша кезекшінің жанынан саптық адыммен өтеді және қызмет атқару орындарына қарай жүреді. Оркестр (белгі беруші-барабаншылар) орнында қала отырып, маршты орындайды.

Оркестрдің ойыны (белгі беруші-барабаншылардың соғуы) бөлім бойынша кезекшінің командасы (белгісі) бойынша тоқтатылады.

426. Егер таралым уақытында әскери бөлім командирі немесе оның тікелей бастықтары, сондай-ақ әскери бөлімді инспекциялауға немесе тексеруге басшылық жасайтын адам келсе, онда әскери бөлім бойынша кезекші оларды қарсы алу үшін: «Наряд, ТҮЗЕЛ», «ТІК ТҰР», «Назар, оң-ҒА (сол-ҒА, орта-ҒА), («Оң жақтан (сол жақтан, маңдайшептен) қарсы алу үшін, Қарауыл-ҒА») деп команда береді. Оркестр «Қарсы алу» маршын (белгі беруші-барабаншылар «Жорықтық маршты» соғады) орындайды, бөлім бойынша кезекші қолын бас киіміне апарып, саптық адыммен бастыққа жақындайды, одан екі-үш адым жерде тоқтайды және баяндайды.

Мысалы: «Полковник мырза. Тәуліктік наряд таралымы жүргізілуде. Бөлім бойынша кезекші майор Дүйсекеев».

Бөлім бойынша кезекші баяндау үшін тоқтағанда оркестр (белгі беруші-барабаншылар) ойнауын (соғуын) тоқтатады. Бөлім бойынша кезекші бастықтың рұқсатын алып: «ЕРКІН ТҰР» деп команда береді және өз міндеттерін орындауды жалғастырады.

2. Тәуліктік наряд адамдарының құқықтары мен міндеттері