Сарбаз (матрос)

 

167. Сарбаз (матрос) бейбіт және соғыс уақытында оған жүктелген міндеттер мен оған қойылған тапсырмалардың нақты және уақтылы орындалуы, өз қаруының, оған сеніп тапсырылған әскери, басқа техниканың ақаусыз жай-күйі және оған берілген жабдық пен мүліктің сақталуы үшін жауап береді.

Ол бөлімше (экипаж, есептоп) командиріне бағынады.

168. Сарбаз (матрос):

өзінің Қарулы Күштер жауынгері конституциялық міндетін жете түсінуге, әскери қызмет міндеттерін үлгілі орындауға;

әскери істі сапалы түрде оқып-үйренуге, оған командирлер (бастықтар) оқытатынның бәрін ұқыпты және нақты меңгеруге; өзінің қызметтік міндеттерін үлгілі орындауға; жалпыәскери жарғылардың талаптарын нақты білуге және адал ниетпен орындауға;

командирлердің (бастықтардың) бұйрықтарын мүлтіксіз, нақты және мерзімінде орындауға:

батыл және тәртіпті болуға; өзін абыроймен және қадір-қасиетпен ұстауға, қоғамдық тәртіптің бұзылуына, лайықсыз теріс қылықтарға жол бермеуге және жолдастарын олардан тоқтатуға;

мемлекеттік құпияларды қатаң сақтауға;

командирлер (бастықтарға) мен үлкендерге құрмет көрсетуге, басқа әскери қызметшілердің ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеуге, әскери әдептілік, мінез-құлық және әскери сәлемдесу ережелерін сақтауға:

қаруды (қару-жарақты, әскери және басқа техниканы) білуге және ол әрқашанда ақаусыз, тазаланған, ұрысқа әзір болуға;

бригада командирін қоса, өзінің тікелей бастықтарының лауазымын, әскери атағы мен тегін білуге;

мемлекет мүлкін сақтауға, киім мен аяқ киімді ұқыпты киюге, оларды уақтылы және ұқыпты жөндеуге, күн сайын оларды тазалауға және көрсетілген жерде сақтауға;

өзін күн сайын шынықтыруға, өзінің дене дайындығын жетілдіруге, жеке және қоғамдық гигиенаны сақтауға;

қаруды ұстаған, қару-жарақпен және әскери техникамен жұмыс істеген кезінде және басқа да жағдайларда қауіпсіздік талаптарын, сондай-ақ өрт қауіпсіздігі талаптарын орындауға;

бригаданың орналасу шегінен тыс шығу қажет болған кезде бұған бөлімше командирінен рұқсат сұрауға, ал келгеннен кейін оған келгендігі туралы баяндауға;

әскери киім нысанын киіп жүру ережелерін сақтауға міндетті.

Келісімшарт бойынша әскери қызмет өткерудегі сарбаз (матрос) одан басқа, взвод командирінің (взвод сержантының) шешімі бойынша ротадағы таңертеңгі тексеру мен кешкі тексеруде жиі болуға міндетті.

169. Сарбазға қызметтік міндеттерін үлгілі орындағаны, жауынгерлік даярлықтағы жетістіктері мен үлгілі әскери тәртібі үшін ефрейтор әскери атағы, ал матросқа аға матрос атағы берілуі мүмкін.

Ефрейтор (аға матрос) бөлімше командиріне сарбаздарды (матростарды) оқыту мен тәрбиелеуде көмектесуге және әскери міндет қызметтерін орындаудың үлгісі болуға міндетті.

 

2-тарау. Ішкі тәртіп