Гусев В., Минеева Л.А., Микробиология –М: Изд-во Москва ун-та, 1985.

2.Шлегель Г.Общая микробиология. –М: Мир, 1972.

3.Дарқанбаев Т.Б., Шоқанов Н.Қ. Микробиология және вирусология негіздері. Алматы, Мектеп, 1982.

4.Шоқанов Н.Қ. Микробиология. Алматы, «Санат», 1997.

Қосымша әдебиеттер:

1. Шығаева М.Х., Камаев А.Т. «икробиология және вирусология» А., «Қазақ университеті»,2008ж.

2.Лурия С., Дарнелл Дж. и др. Общая вирусология – М.: Мир, 1981.

3.Общая и частная вирусология. –М.: Медицина, 1982. –Т. 1-2.

4.Пяткин К.Д., Кривошеин Ю.С. Микробиология. –М.: Медицина, 1980.

5.Тимаков В.Д., Левашов В.С., Борисов Л.Б. Микробиология. –М.: Медицина, 1983.

6.Руководство к практическим занятиям по микробиологии (Под. Ред Н.С.Егорова. –М.: Изд-во Моск. ун-та, 1983).

7. “Отбасы және Денсаулық” журналы, № 11 – 2006 ж.

Дәріс №20

 

Патоген микробтар

 

Мақсаты: Студенттерге патоген, микроорганизмдерді және олардың түрлері (оба, күйдіргі, тырысқақ т.б.) білу қажет.

а) Патоген микроорганизмдер. Жұқпалы аурулардың қоздырғышы-патоген микробтар. Әрине жұқпалы ауру адамға немесе жануарларға таралуы үшін белгілі бір жағдай қажет. Оларға адам және мал организмдерінің осы ауруларға бейімділігі, яғни қабыл алғыш қасиеті жатады. Мәселен, топалаңнан өлген малдың етінен бөлініп алынған микробтардың сау организмді тез арада қатты ауруға шалдықтыратын қасиеті бар. Осындай микробтардың болмашы мөлшері үй қоянын сеспей қатырады. Ал осы микробты зертхана жағдайында бірнеше уақыт бір қоректік ортада сақтағаннан кейін қоянға жұқтырса, ол ауруға шалдықпайды, өйткені қолайсыз жағдайда топалаң микробы өзгеріп, әлсізденіп қалады.

Жұқпалы аурулардың таралуы адам мен жануарлар организмінің мықтылығына, яғни сол ауруға қарсы тұра алу қасиетіне байланысты. Мәселен, тауық топалаңмен мүлде ауырмайды, тіпті оларға топалаң микробы қолдан жұқтырсаңыз да жұқпайды. Мәселен, адам өкпесіне туберкулез микробы енді делік, бірақ денсаулығы күшті болса, бұл адам ол аурумен мүлде ауырмайды. Егер басқа бір аурумен ауырып, адам организмі нашарласа, онда туберкулез микробына организмнің қарсы тұрарлық қасиеті әлсірейді де, адам туберкулезбен ауырады.

Жұқпалы ауру қоздырғыштары біздің организмге түрліше зиянды әсер етеді. Зиянды микробтардың көпшілігі организмді уландырып, жүйке жүйесін, жүрек қызметін, қан тамырларын және ішкі мүшелердің барлығын зақымдайтын түрлі улы заттар бөліп шығарады.

Ауру қоздырушы, яғни патоген микробтар бір адамнан екінші адамға тікелей жұғуы мүмкін. Мәселен, мерез ауруын қоздырушы гонококк микробы, әсіресе әйел мен еркектің жыныстық қатынасы кезінде, ал әр түрлі іш аурулары кір қол немесе заттар арқылы таралады. Мәселен, оба және іш сүзегімен ауырған адамдардың төсек орны және басқа да заттары арқылы сау адамдарға жұғады. Көптеген зиянды микробтар науқас адамдар тыныс алғанда ауаға тарайды. Осы ауамен дем алған сау адамның науқастануы да ықтимал.

Әрбір патоген микробтар тек бір ауруды ғана қоздыруы мүмкін, яғни олардың атқаратын қызметі жекелеген болады. Кейде адамдарда белгілі бір аурулар тек жануарлардың бір түрінен жұғады. Мәселен, маңқа ауруы адамға жылқы немесе мысықтан жұғады. Ал кейбір ауру адамға қауіпсіз. Мысалы, ит, шошқа және ірі қара обасы адамға қауіпсіз.

б)Күйдіргі.

Күйдіргі- біздің дәуірден мың жылдай бұрын белгілі болған. Атақты Гомер IX ғасырда малды және адамды қырқынға ұшыратқан «қасиетті от», яғни күйдіргі туралы өз еңбектерінде жазған болатын. Бұл ауру әуелі Италияда етек алып, содан кейін Еуропаға ауысты. Шығыс елдерінде оны «Парсы оты» деп те атаған.

Ресейде 1865 жылы болған осы аурудан он мыңдаған адам қырғынға ұшыраған. Күйдіргі жұққан мал бір-екі күн ғана ауырып өледі. Санитарлық және мал дәрігерлік шаралардың мешеулігінен патшалы Ресейде бұл ауру малдардан адамдарға жұға бастады. Ресейде 1896 жылдан бастап жиырма жыл ішінде осы аурудан жарты миллиондай бұғы қырылды.

Күйдіргіні қоздырғыш бациллус антрацис-ірі таяқшалар, қозғалмайды, ауалы жерде спора түзеді. Сондықтан оларды бацилдерге жатқызады. Жасушаларын қоршап тұратын капсулалары бар. Грам әдісімен боялады. Бацилдер бір немесе қос-қостан, көбіне шағын тізбек түрінде орналасады. Спора тек оттегі бар жерде ғана түзіле бастайды. Егер температура + 12º С-тан төмен, +42º С-тан жоғары болса да спора түзілмейді. Споралары сопақша, жасушаның орта шетіне орналасады. Өніп-өсуі үшін ең қолайлы температура +30 º -37 º С. Жалпы физикалық және химиялық факторларға олардың вегетативтік жасушалары төзімсіз, +50-55 º-та олар бір сағатта-ақ қырылады, ал споралары +110 º-та 10 минуттай қыздырса да тіршілігін жоймайды. 140 º құрғақ ыстықта споралар үш сағаттан соң өліп қалады. Топырақта күйдіргі микробының споралары бірнеше жыл бойына сақталады. Күн сәулесі де жасушалар мен спораларға жойқын әсер етеді, олар 1%-дық формалинде және 10%-дық күйдіргіш натрийда екі сағаттан кейін, 5%-дық фенолда бір тәуліктен кейін қырылады.

В.В.Архипованың мәліметіне қарағанда жоңышқа, сиыр жоңышқа, бидай, қара бидай, сарымсақ және рауғаштардың тамырынан бөлінетін заттар бұл микробтарға зиянды әсер етеді екен.

Ауылшаруашылық малына күйдіргіге қарсы актив иммунитет жасау мақсатында, оларға Ценковский вакцинасын егеді. Оларда 12-13 айға дейін иммунитет жақсы сақталады. Сарысудан даярланған вакцинаны адамға да егіп, онда иммунитет жасауға болады.

Әрине тиісті санитарлық және гигиеналық шаралар жүзеге асырылмаса, аурудан біржолата құтылу қиынға соғады. Өйткені күйдіргі микробының таралу көзі тым көп.

Күйдіргінің ғылыми аты-Сібір уытты жарасы. Ол ауруды қойда-топалаң, сиырда- қараталақ, қарасан, жылқыда- жамандат, түйеде- ақшелек, ал адамда күйдіргі деп атайды. Бірақ аурудың ғылыми аты да, оны қоздыратын микробтары да біреу.

в) Оба. XVIII- XIX ғасырларда Орта Азия елдерінде оба ауруы етек алды. Тіпті сол XIX ғасырдың өзінде Ресейде, соның ішінде Волга жағалауында, Ставропольде, Одессада, Қырымда обадан көп адам құрбан болды. 1894 жылы Гонконг қаласында өте зор оба індеті байқалды. Француз микробиологы А. Иерсен өлген адамдардың денесін тексеріп, одан оба ауруын қоздырушы өте майда микроорганизмдерді тапқан. Қазір ол микробтарды ғалымның атымен Иерсения пестис деп атайды. Ауру, әдетте организмнің өлуімен аяқталады. Адамның, кемірушілердің және түйе обасының бәрінің де қоздырғышы біреу. 1910 жылы араб елінде обамен ауырған түйенің етін жеген 100 шақты адам лезде қырылған. Бұл ауру өте тез таралып, шапшаң өледі.

1896 жылдан бастап Үндіде оба кең таралды. Үнді сол кезде ағылшын отары болатын. Мұнда жыл санап мыңдаған адам қырылды. Обаның бір түрі өкпе обасы 1910-1911 жылдары Манчжурияда таралып, бірқатар адам өмірін жойды.

Оба бактериясы (Pasteurellа pestis) –қысқа таяқшалар, кейде бір- бірден, кейде тіркесіп, ұзынша шынжыр тәрізді орналасады. Қоректік ортада олар капсула түзеді, спора түзбейді, қозғалмайды. Олар пастерелла туысына жатады. Оба микробы аэроб, әдеттегі қоректік ортада жақсы өседі, қолайлы температурасы +28-30 º. Маннит, салицил, глюкоза, мальтоза және арабиноза көмірсуларын ыдырата алады. Аурудың инкубациялық, яғни жасырын кезеңі 1-5 күн шамасында. Әдетте ауырған адам мен малдың барлығы дерлік өледі. Обаны тратушылар кемірушілер және олардың паразиттері – бүргелер. Ауылшаруашылық малы ішінде түйелер қауіпті. Оларда аурудың инкубациялық кезеңі 2-ден 8 күнге созылады. Обадан өлген түйе етін мүлде қолдануға болмайды.

Әдетте, оба микробы ұзақ уақыт сақталып қалады. Сондықтан болса керек, анда-санда болса да кейбір мемлекеттерде бұл ауру байқалып қалады. Оба микробтарының биологиясын және оның таралу кезеңдерін зерттеген орыстың көрнекті ғалымдары- Д.К. Заболотный мен И.А. Деминский.

Оба микробы адам денесіне ене қалса, көбінесе олар лимфалық тамырлар арқылы бездерге ауысады, ол жерлер ісініп, іріңдейді де, көлкілдеп тұрады. Оны бөртпе оба деп атайды. Ол көбінесе қан тамырлары арқылы таралады. Егер оба микробы өкпеге ене қалса, оба пневмониясын қоздырады.

Мұнда кәдімгі өкпе ауруы сияқты адам түкіреді, егер қақырықты микроскоппен қараса, миллиондаған оба микробын көруге болады. Әдетте бөртпе обамен ауырғандардың 40-тан 90% -ға дейіні қаза болса, өкпе обасынан іс жүзінде адам тірі қалмайды.

Қазір оба вакцинасы әлсіретілген оба микробынан жасалады және адамға міндетті түрде егіледі. Осының нәтижесінде адам обаның жеңіл түрімен ауырып тұрады да, онда иммунитет пайда болып, оле кінші рет ауырмайды.

г) Азиялық холера (тырысқақ). Тырысқақ ауруының отаны Үндістандағы Брахмапутра және Ган өзенінің төменгі ағысының жағалаулары. Сондықтан оны Азия тырысқағы деп те атап кеткен.

Жалпы тырысқақ ауру Үндістанға ертеден белгілі болған. Тарихта Александр Македонский әскері бірқатар жерлерді жаулап алып, Үндіге таянғанда, онда адамдар арасында адамдар арасында тырысқақ ауруының көп таралғанын естіп, кейін оралғаны жөнінде деректер бар. Әдетте, адамдар тырысқақ микробы таралған су арқылы зақымданады. Ерте кезде Үндістанға көршілес араб елдерінде де тырысқақ ауруы көп байқалған. XIX ғасырдың бас кезіне дейін Еуропада қатынас жолдарының ұзақ уақытқа дейін болмауы және болғанының өзінде де керуеншілердің ұзақ уақыт сапар шегуі тырысқақ ауруының осы елдерге таралуын тежеген болатын.

Біздің елде тырысқақ ауруы 1925 жылы мүлде жойылды.

Бұл аурудың нағыз қоздырушысы –тырысқақ микробы, яғни холера вибрионы екені (Vibrio comma) 1880 жылдары белгілі болды. Оның пішіні кәдімгі үтір тәріздес (вибрио-латынша «үтір» деген сөз).

Алғаш рет оны 1883 жылы Р.Кох тапқан болатын. Ол Мысырдағы осы тырысқақ ауруынан өлген адамдардың нәжістерінен микробты бөліп алып зерттеген. Ауру тым ауыр өтеді, кейде ауырғандардың 40-50% -ы қаза табады.

Ауру тек адамнан жұғады. Табиғи жағдайда ешбір тірі организм онымен ауырмайды.

Тырысқақ үтіршесі қозғалғыш, шеттерінде жіпшелері бар, спора да, капсула да түзбейді. Көбінесе екі-екіден «S» пішіндес болып орналасады. Тырысқақ вибрионы тым өзгергіш келеді. Крахмал, гликокол бар қоректік ортада таяқша тәрізденіп, бұйраланып, жіпшеленіп, шар тәрізді болып, тіпті ашытқы саңырауқұлақтары сияқтана өніп өседі. Әдеттегі қоректік ортада олардың түрі қайтадан «үтір» тәрізденеді. Тырысқақ вибрионы қоректік ортаны талғамайды, аэроб +16-дан +40 º С аралығында өніп өседі. Дегенмен, оған тым қолайлысы +37 º С. Ортада аз ғана мөлшерде қышқыл болса, ол өніп өсе алмайды. Жалпы орталыққа жеке у бөлмейді. Организмде вибрион өніп-өскенде ғана адамды улайды. Сонда олар эндотоксиндер бөлетін болады.

Тырысқақ ауруымен ауырғаннан кейін адамда иммунитет пайда болады да, екінші қайталап ауырмайды. Организмдер мұндайда вибрионды ерітіп жәіберетін антителалар түзеді деген пікір дәлелденіп отыр.

Қазіргі кезде өлтірілген тырысқақ вибрионынан жасалған құрғақ және сұйық вакцинаны қолданады. Тырысқақ микробынан даярланған вакцинаның бір миллилитрінде 4 миллиондай вибрион бар. Осындай вакцинамен аралығын 7-10 күннен ала отырып үш рет егеді.

Әрине тырысқақ ауруы біліне бастағанда басқа да сақтандыру шараларын қолдану қажет: қайнатылмаған суды ішуге, жуылмаған жемістерді, көкөністерді жеуге болмайды, мұндайда жеке бастың гигиенасын сақтау қажет.

 

Бақылау сұрақтары:

 

  1. Патоген микроорганизмдер. Инфекция жұқпалы ауруын қоздырғыштары?
  2. Патоген микроорагнизмдерді сипаттаңыз?
  3. Патоген бактериялар мен вирустардың айырмашылығы қандай?

 

Негізгі әдебиеттер: