Тапсырма №1.

Тақырып: Қызмет көрсету(8 - сағат).

Жұмыс орнын дайындау және техника қауіпсіздігі.

Жұмыс орны әр уақытта жинақы әрі ретті болуы керек. Жұмыс үстеліне тек осы сабақта пайдаланатын құралдар ғана қойылады. Құралдарды барынша сақтықпен пайдаланып, техника қауіпсіздігі ережелері мен жеке гигиенаны мүлтіксіз сақтау керек. Мұндай сақтық өздеріңді және қасыңда отырған көршілеріңді ойда жоқта жарақаттанып қалудан қорғайды.

Сендерге еңбек мәдениетінің негізгі ережелері ұсынылады:

- сабаққа арнаулы киіммен келу(алжапқыш, жеңсе немесе халат, жаулық немесе телпек);

- құрал-жабдықтарды, сурет, сызба, жазу жазатын жұмыс дәптерлерін ретке келтіріп отыру;

- тек дұрыс құралмен ғана жұмыс жасау, оларды өзінің тиісті жерінде пайдалану;

- техника қауіпсіздігінің ережесі бұзылған жағдайда, жараланғанда тез мұғалімге хабарлау.

 

Жеміс сақтауды үйренейік.

Еске түсірейік: әрбір алманы қағазбен орап, сөреге қойып, жәшікте сақтайды.

Алма мен алмұртты дөңгелектеп турап, ішіндегі дәнектерін алып, әр түрлі тәсілмен кептіреді.

Тосап қайнатарда жемісті ұрығынан тазартып, ұсақтап тураймыз.

Сақтауға қойылатын көкөністерді іріктеуге және тазалауға көмектесеміз.

Сәбізді сақтау үшін, оны салқын жертөлеге қоярдан бұрын далаға жайып, кептіру керек. Жабысқан балшық кеуіп, үгітіліп түседі. Сәбіздің сабағын қайта көктемейтіндей етіп, тұқыртып кеседі. Қоймаға сақтағанда, сәбізді үлкен жәшіктерге салу керек. Жәшіктердің жан-жағы тесілуі тиіс. Ол ауа кіріп тұру үшін қажет. Сәбізді құрғақ құмға көміп, жәшіктерге салып, жертөлеге сақтайды.

 

Киімге түскен дақты кетіру.

Киімдерді қолмен немесе кір жуғыш машинамен жуады. Сендер орамалдарыңды, киімдеріңді жуа аласыңдар.

Кір киімдерді құрғақ күйінде себетте, неғұрлым бөлек орында сақтаған дұрыс. Егер киім ұзақ уақыт жуылмай жатып қалса, кірін кетіру қиын болады. Капрон шұлықтар мен ұйықтарды мерзімінде жуу керек.

Кір жуудың реті:

  1. Жуар алдында мақта және кендір маталарды жүн, жібек маталардан бөліп алу керек.
  2. Ұнтақ сабындарды этикеткасындағы жазуын оқып барып таңдаған дұрыс.
  3. Киімді алдын ала ұнтақ сабын қосқан суға салып қояды.
  4. Кір киімді сабыны көпіршіген жылы суға екі рет жуады.
  5. Үтікті қатты қыздырмай, кепкен киімді іш жағынан үтіктейді.
  6. Кейбір тоқыма бұйымдарды үтіктемей-ақ, жеңіл ғана сілкіп алып, тегіс жерге жайып кептіреді
  7. Боялып тоқылған бұйымдарды суға алдын ала салмай жуады.
  8. Қыстырғыштарды суға жақсылап шайып алу керек, әйтпесе киімді дақ қалуы мүмкін.
  9. Қазір электр киім құрғатқыштар бар. Ол приборды қолдану үшін үлкен кісілердің қадағалауымен орындалуы керек.
  10. Киімге түскен дақты алдын ала салқын сумен жуып алып, ұнтақ сабын қосылған сумен тазартады.

 

Түймебау жасау.

Түймебаудың ұзындығы түйменің өлшемінен екі есе ұзын болады. Түймебауды екі бүктеп, киімге екі ұшын қайырып тігеміз. Түйме қадайтын жердің түймебаудың дәл ортасына сәйкес келуін қадағалаймыз. Содан кейін түймені қадаймыз.

 

Бөлмені жинау.

Сенбі сайын барлық балалар бірігіп, кесте бойынша өз бөлмеміздің тазалығын реттейміз. Біз бірінші сыныпта гүлді күту, тақтаны тазалау, шашылған бұйымдар мен заттарды жинау, тәртіпке келтіру орындалған болатын. Енді терезенің шаңын сүрту, еденді сыпыру. Терезенің ластануын және шаңын кетіру үшін алдымен ылғал шүберекпен әйнектің бетін сүртеді. Кейін кепкенін күтіп таза шүберекпен сүртеді. Кейде таза шүберектің орнына газета немесе жұмсақ таза қағаздармен де тазартуға болады. Қазіргі кезде бірнеше терезе тазартатын ертінділер сатылады. Олардың әйнекті тазарту мүмкіндігі өте жоғары. Сондықтан, оны пайдалану кезінде үлкен кісілердің рұқсатымен, қолдану ережесін дұрыс сақтау қажет болады. өйткені, ол ерітінді улы химиялық элементтердің құрамынан жасалған. Еденді сүрту үшінде арнайы еден жуатын шүберекті ылғалдандырып сүртуге немесе ылғалданған сыбыртқымен тазалауға болады. Пайда болған қоқысты үй күрегімен жинап қоқыс ыдысына салады.

 

 

Тексеру сұрақтары.

  1. Оқу бағдарламасы дегеніміз не?
  2. Оқу бағдарламаның қызметі қандай?
  3. Оқу бағдарламаның құрылымы мен мазмұнының сипаты қандай?
  4. Еңбекке баулу пәні оқу бағдарламасының басқа пәндердегі оқу бағдарламаларынан айырмашылығы қандай?
  5. Оқу бағдарламадағы тақырыптық оқу материалдарының жазылу стилі қандай?
  6. Еңбекке баулу пәні оқу бағдарламасындағы оқу материалының бөлімдері қандай?
  7. Тақырыптық оқу материалының көлемі бағдарламада мөлшері, қандай болу керек?
  8. Оқу бағдарламасын жасау, қандай құжаттарға негізделеді?
  9. Мұғалім оқу бағдарламасын жасағаннан кейін, келесі қандай оқу - әдістемелік құжатқа көшеді?

 

Ұсынылатын әдебиеттер.

 

  1. Оқулықтар, оқу - әдістемелік кешеннің құрамы мен оқу бағдарламаларын әзірлеуге және сараптауға қойылатын дидактикалық талаптар. -Алматы, 2000ж.
  2. Бастауыш білім беру мемлекеттік жалпы білім беру стандарты. -Алматы, 2003.
  3. Еңбекке баулу пәнінің оқу бағдарламасы(3 - сынып). -Алматы, 2003 ж.
  4. Оралбекова Т. Еңбекке баулу (3 - сынып). -Алматы, 2003 ж.

 

Лабораториялық жұмыс №2

Тақырыбы:еңбекке баулу пәнінің күнтізбелік - тақырыптық жоспарының құрылымы мен мазмұны.

 

Объектісі:еңбекке баулу пәнінің оқу процесіндегі күнтізбелік-тақырыптық жоспары.

Предметі: 2 – сыныптың көркем еңбек бөлімі оқу материалының мазмұнында күнтізбелік – тақырыптық жоспарын құрастыру.

 

Мақсаты:көркем еңбек бөлімінің тақырып мазмұнының күнтізбелік – тақырыптық жоспарының жобасын жасау.

 

Міндеттері:

- жұмыстың міндеттері және мазмұнымен ұқыпты оқып танысу;

- үлгі күнтізбелік – тақырыптық жоспардың құрылымы және мазмұнын қарастыра түсіну;

- күнтізбелік – тақырыптық жоспарды құруға қажетті дидактикалық талаптарды нормативті оқу - әдістемелік құжаттардан оқып қарастыру;

- күнтізбелік – тақырыптық жоспардың жобасын жасау;

- орындалған жұмыстың мазмұнын тексеру және ол туралы есеп беру.

 

Жұмыстың құралдары:бастауыш мектептің еңбекке баулу пәнінің мемлекеттік міндетті білім беру стандарты; 2 сыныпқа арналған еңбекке баулу пәнінің оқу бағдарламасы, оқу құралдары, нормативті оқу - әдістемелік құжаттарды жасаудың дидактикалық талаптары, күнтізбелік – тақырыптық жоспардың үлгісі, қосымша оқулық құралдары.

Жұмысты орындауға нұсқау.

Сыныпқа арналған көркем еңбек оқу материал бөлімінің мазмұнымен тапсырма №1 толық таныса қажетті дидактикалық талаптарға, күнтізбелік – тақырыптық жоспар үлгісіне негізделе, оның кестедегі бағаналы құрылымын анықтауға кіріседі. Күнтізбелік-тақырыптық жоспардың құрылым үлгісі төмендегі кестеден байқауға болады. Орындаушы өзінің білім дәрежесіне сәйкес бағананың қосымша атаулары мен мазмұнын жетілдіруге мүмкіндігі бар. Күнтізбелік жоспарда негізінен бөлімнің және тақырыптың атауы, тақырыптың қысқаша мазмұны, жалпы сағат көлемі, әр сабақтың тақырыбына бөлінген нақты уақыт, оның мақсаттары сияқты белгілері анықталуы қажет.

Әрбір тақырыптық оқу мазмұнын анықтағаннан кейін, қолданылатын оқытудың формаларын, әдістерін, құралдарын және практикалық тапсырмалардың түрлерін көрсетілген бағаналарда жазылады. Күнтізбелік жоспардың соңғы бағаналарында пайдаланатын оқулық құралдардың аттары мен авторлары, үй тапсырмасы белгіленеді.

Күнтізбелік -тақырыптық жоспардың жобасы жасалынғаннан кейін, оқытушыдан тәжірибеге жіберілуі үшін рұқсат алынады. Ол үшін орындаушы жасалынған жобаның құрылымы мен мазмұнына теориялық негіздеме жасап, дұрыс орындалғаны тексерілуі тиіс. Бұл кезеңнен кейін студент күнтізбелік жоспардың жобасын мектеп тәжірибесінде сынап, қолайлығы мен тиімділігі туралы бастауыш мектеп мұғалімдерінен қанағаттырарлық пікір алып, оқытушыға төмендегі құжаттармен есеп бере тапсырады:

- күнтізбелік – тақырыптық жоспарды құрудың теориялық негіздемесі;

- күнтізбелік – тақырыптық жоспардың үлгісі.

 

Жұмыстың орындалу шартына ескертулер:

- студент күнтізбелік – тақырыптық жоспарды жобалауда логикалық сәйкестікте оқу материалының мазмұнын жетілдіруге, толықтыруға, тақырыпты өзгертуге, жаңартуға, ықшамдауға мүмкіндігі бар;

- күнтізбелік – тақырыптық жоспардың кесте құрылымы мен мазмұнын жетілдіруге мүмкіндігі бар;

- оқытудың дәстүрлі және жаңа құралдарын, формаларын, оқыту әдістерін, тапсырмаларды өз еркімен дидактикалық талапқа сай таңдай қолдана алады;

- күнтізбелік – тақырыптық жоспардың оқу құралдары оқушының танымдық, психикалық және физиологиялық функциялары мен процестерін дамытуға ықпалының болуы;

- оқу құралдарының дидактикалық принциптеріне сәйкес келуі;

- күнтізбелік жоспардың қарастырылуындағы құрылымы мен мазмұны логикалық үндестікте болуы.