бап. Сот тапсырмалары

1. Қазақстан Республикасының соттары өздеріне Қазақстан Республикасының заңында немесе халықаралық шартында көзделген тәртіппен берілген жеке іс жүргізу іс-әрекеттерін жасау (хабарламалар мен басқа да құжаттар тапсыру, тараптардан, куәлардан түсініктемелер алу, жергілікті жерде сараптама және тексеріс жүргізу және т.б.) туралы шетелдік соттардың тапсырмаларын орындайды, бұған:
1) тапсырманы орындау Қазақстан Республикасының егемендігіне қайшы келетін немесе Қазақстан Республикасының қауіпсіздігіне қатер төндіретін;
2) тапсырманы орындау сот құзыретіне кірмейтін жағдайлар қосылмайды.
2. Шетелдік соттардың жеке іс жүргізу іс-әрекеттерін орындау туралы тапсырмаларын атқару, егер Қазақстан Республикасының халықаралық шартында өзгеше көзделмесе, заңда белгіленген тәртіппен жүргізіледі.
3. Қазақстан Республикасының соттары жекелеген іс жүргізу іс-әрекеттерін орындау туралы шетелдік соттарға тапсырмалар мен өтініш жасауы мүмкін.
4. Қазақстан Республикасы соттарының шетелдік соттарымен қарым-қатынас жасау тәртібі Қазақстан Республикасының заңында және халықаралық шарттарында белгіленеді.

424-бап. Шет мемлекеттердің органдары берген
құжаттарды тану

Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде жасалған, Қазақстан Республикасының азаматтары мен ұйымдарына немесе шетелдік азаматтарға қатысты шет мемлекеттердің заңдары бойынша шет мемлекеттердің құзыретті органдары белгіленген нысанмен берген, жасаған немесе куәландырған құжаттарды Қазақстан Республикасының соттары, егер Қазақстан Республикасының заңында немесе халықаралық шартында өзгеше көзделмесе, консулдық жариялау болған жағдайда қабылдайды.

425-бап. Шетелдік соттар мен төрелік соттардың
шешімдерін тану және орындау

1. Егер Қазақстан Республикасының заңында немесе халықаралық шартында өзара түсіністік негізінде бұл көзделген болса, шетелдік соттар мен төрелік соттардың шешімдері Қазақстан Республикасында танылады және орындалады.
2. Егер Қазақстан Республикасының халықаралық шартында өзгеше белгіленбесе, шетелдік соттар мен төрелік соттардың шешімдерін танудың және орындаудың шарттары мен тәртібі заңда белгіленеді.
3. Шетелдік соттың немесе төрелік соттың шешімі шешім заңды күшіне енген кезден бастап үш жыл ішінде мәжбүрлеп орындауға берілуі мүмкін. Дәлелді себептермен өткізіліп алынған мерзімді осы Кодекстің 128-бабында көзделген тәртіппен Қазақстан Республикасының соты қалпына келтіруі мүмкін.

425-1-бап. Төрелiктің шешiмiн мәжбүрлеп орындату

1. Егер төреліктің шешiмi онда белгiленген мерзiмде ерiктi түрде орындалмаған жағдайда, төреліктің шешiмi пайдасына шығарылған төрелікте талқылау тарапы (өндiрiп алушы) төреліктің шешiмiн мәжбүрлеп орындату туралы арызбен төрелік дауды қараған жердегi не борышкердің тұрғылықты жеріндегі немесе заңды тұлғаның органы орналасқан жердегі, егер тұрғылықты жері немесе орналасқан жері белгісіз болса, онда борышкердің мүлкі орналасқан жердегі сотқа жүгiнуге құқылы.
2. Атқару парағын беру туралы арызға төрелiктiң тиiстi түрде расталған түпнұсқа шешiмi немесе соның тиiстi түрде расталған көшiрмесi, сондай-ақ төрелiктің түпнұсқа келiсiмi немесе оның тиiстi түрде расталған көшiрмесi қоса берiледi. Егер төрелiктің шешiмi немесе келiсiмi шетел тiлiнде жазылса, тарап осы құжаттың мемлекеттiк тiлдегi немесе орыс тiлiндегi тиiстi түрде расталған аудармасын табыс етуге тиiс.
3. Атқару парағын беру туралы арыз төрелiктiң шешімiн ерiктi түрде атқаруға арналған мерзiм аяқталған күннен бастап үш жылдан кешіктiрiлмей берiлуi мүмкiн.
4. Белгiленген мерзiмiн өткiзiп алған не оған қажеттi құжаттар қоса тiркелмей берiлген атқару парағын беру туралы арызды сот қарамай керi қайтарады, бұл туралы ұйғарым шығарылады, оған осы Кодексте белгiленген тәртiппен шағым жасалуы мүмкiн.
5. Егер, сот аталған мерзiмдi өткiзiп алу себептерiн дәлелдi деп тапса, атқару парағын беру туралы арызды беру мерзiмiн қалпына келтiруге құқылы.
6. Судья атқару парағын беру туралы арызды сотқа арыз түскен күннен бастап он бес күн iшiнде жеке-дара қарайды.
7. Өндiрiп алушының төрелiктiң шешiмiн мәжбүрлеп орындату туралы түскен арызы, сондай-ақ оның соттың отырысында қаралу орны мен уақыты туралы сот борышкердi хабардар етедi. Оның арызын қарау орны мен уақыты туралы өндiрiп алушы да хабардар етiледi. Егер борышкерден сот отырысына келуi мүмкiн болмауының дәлелдi себептерi көрсетiлiп, арызды қарауды кейiнге қалдыру туралы ұсыныс түспесе, борышкердiң немесе өндiрiп алушының сот отырысына келмей қалуы арызды қарауға кедергi болмайды.
8. Сот төрелiктің шешiмiн мәжбүрлеп орындатуға арналған атқару парағын беру туралы арызды қараған кезде төрелiктiң шешiмiн мәнi бойынша қайта қарауға құқылы емес.
9. Сот арызды қарау нәтижелерi бойынша атқару парағын беру туралы не оны беруден бас тарту туралы ұйғарым шығарады.
Атқару парағын беру туралы соттың ұйғарымы дереу орындалуға тиiс.
Ескерту. 425-1-баппен толықтырылды - ҚР 2004.12.28 N 24 (қолданысқа енгiзiлу тәртібін 2 баптан қараңыз) Заңымен; өзгеріс енгізілді - ҚР 03.07.2013 125-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

425-2-бап. Атқару парағын беру

1. Сот төрелiктiң шешiмiн мәжбүрлеп орындатуға арналған атқару парағын беру туралы ұйғарым шығарған кезде атқару парағы осы Кодекстiң 236-бабының ережелерi бойынша берiледi.
2. Төрелiктiң шешiмiн мәжбүрлеп орындатуға арналған атқару парағын беру туралы арыз бойынша шығарылған соттың ұйғарымына осы Кодексте сот актiлерiне шағым жасау үшiн көзделген тәртiппен шағым жасалуы мүмкiн.
Ескерту. 425-2-баппен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2004.12.28. N 24 (қолданысқа енгiзiлу тәртібін 2 баптан қараңыз) Заңымен.

425-3-бап. Атқару парағын беруден бас тарту

Егер, сот:
1) бұл тарап:
сот төрелiк келiсiм тараптарының бiрiн әрекетке қабiлетсiз не әрекетке қабiлетi шектеулi деп немесе төрелiк келiсiмдi тараптар оны бағындырған заң бойынша, ал мұндай нұсқау болмаған кезде Қазақстан Республикасының заңнамасы бойынша жарамсыз деп тануының;
оған төрешiнiң тағайындалғаны туралы немесе төрелiк iс қарау туралы тиiстi түрде хабардар етiлмегенiнiң немесе сот дәлелдi деп таныған басқа да себептер бойынша өз түсiндiрмелерiн бере алмағанының;
төрелiктiң шешiмi төрелiк келiсiмде көзделмеген немесе оның шарттарына тура келмейтiн дау бойынша шығарылғанының не төрелiк келiсiмнiң шегінен шығатын мәселелер жөнiндегi қаулылардан тұратындығының, сондай-ақ даудың төрелiк соттың ведомстволық қарауында еместiгiнiң дәлелдемелерiн сотқа табыс етсе, төрелiктің шешiмiн мәжбүрлеп орындатуға арналған атқару парағын беруден бас тарту туралы ұйғарым шығарады.
Егер төрелiк келiсiмде қамтылатын мәселелер жөнiндегi төрелiктiң шешiмiн осындай келiсiмде қамтылмайтын мәселелер жөнiндегi шешiмнен бөлiп шығаруға болатын болса, онда төрелiктің төрелiк келiсiмде қамтылмайтын мәселелер жөнiндегi шешiмi бар сол бөлігінiң ғана күшi жойылуы мүмкiн;
төрелiк құрам немесе төрелiк iс қарау рәсiмi тараптардың келiсiмiне және төрелiктiң регламентiне сәйкес келмегенiнiң дәлелдемесiн сотқа табыс етсе;
2) сот төрелiктiң шешiмi Қазақстан Республикасының жариялылық тәртiбiне қайшы келетiнiн немесе төрелiктiң шешiмi шығарылған дау Қазақстан Республикасының заңнамасы бойынша төрелiк iс қараудың нысанасы бола алмайтынын анықтаса, төрелiктiң шешiмiн мәжбүрлеп орындатуға арналған атқару парағын беруден бас тарту туралы ұйғарым шығарады.
Ескерту. 425-3-баппен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2004.12.28. N 24 (қолданысқа енгiзiлу тәртібін 2 баптан қараңыз) Заңымен.

426-бап. Шетелдік соттардың орындауды талап
етпейтін шешімдерін тану

Шетелдік соттардың өз сипаты бойынша орындауды талап етпейтін мынадай шешімдері:
1) соты шешім шығарған мемлекет азаматтарының ғана жеке мәртебесін қозғайтын;
2) егер неке бұзу кезінде ерлі-зайыптылардың ең болмағанда біреуі Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде тұрған болса, Қазақстан Республикасының азаматтары және шетелдіктер арасындағы некені бұзу немесе жарамсыз деп тану туралы;
3) егер некенің бұзылуы кезінде ерлі-зайыптылардың екеуі де Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде тұрған болса, Қазақстан Республикасының азаматтары арасындағы некені бұзу немесе жарамсыз деп тану туралы шешімдері Қазақстан Республикасында танылады.
Ескерту. 426-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 03.07.2013 125-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

45-1-тарау. Төрелiктiң шешiмдерiне шағым жасау туралы
iстер бойынша iс жүргiзу

Ескерту. 45-1-тараумен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2004.12.28. N 24 (қолданысқа енгiзiлу тәртібін 2 баптан қараңыз) Заңымен.

426-1-бап. Өтінішхат беру

1. Төрелік шешiмiнің күшін жою туралы өтінішхатты төрелікте талқылау тараптары, іске қатысуға тартылмаған, бiрақ құқықтары мен мiндеттерiне қатысты төрелік шешiм қабылдаған үшiншi тұлғалар төрелiк шешiмнің көшірмесін алған күннен бастап үш ай iшiнде бере алады.
2. Төреліктің шешiмiне шағым жасау туралы өтінішхат төрелік дауды қараған жердегi сотқа беріледі.
3. Егер шешімге шағым жасау үшін осы баптың бірінші бөлігінде белгіленген мерзім аяқталса және осы Кодекске сәйкес оны қалпына келтіруге негіздер болмаса, судья өтінішхатты қайтарады.
Ескерту. 426-1-бап жаңа редакцияда - ҚР 03.07.2013 125-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

426-2-бап. Өтінішхатты қарау

1. Сот төреліктің шешiмiне шағым жасау туралы өтінішхатты осы Кодексте көзделген қағидалар бойынша iс қозғалған кезден бастап он күн iшiнде қарайды.
Судьяның үшінші тұлға шағым берген кезде қосымша дәлелдемелер беру қажет болған жағдайда, іс бойынша іс жүргізуді отыз күнге дейінгі мерзімге ұзартуға құқығы бар.
2. Төрелікте талқылау тараптарының біреуінің өтінішхаты бойынша істі сот талқылауына дайындаған кезде судья дәлелдемелерді талап ету үшін осы Кодексте көзделген қағидалар бойынша төреліктен не бірінші сатыдағы тиісті соттан іс материалдарын талап ете алады.
3. Сот төрелікте талқылау тараптарына, сондай-ақ үшінші тұлғалар төреліктің шешіміне шағым берген жағдайда үшінші тұлғаларға сот отырысының уақыты мен орны туралы хабарлайды. Сот отырысының уақыты мен орны туралы тиісті түрде хабарланған аталған тұлғалардың келмей қалуы істі қарауға кедергі болып табылмайды.
4. Сот істі қараған кезде төрелік шешімінің күшін жою үшін Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген негіздердің бар немесе жоқ екендігін анықтайды.
5. Сот төрелiктiң шешiмiне шағым жасау туралы өтiнiшхатты қарау нәтижелерi бойынша төрелiк шешiмiнiң күшiн жою не өтiнiшхатты қанағаттандырудан бас тарту туралы ұйғарым шығара алады. Мүдделi тұлғалар соттың ұйғарымына шағым жасауы мүмкiн.
Ескерту. 426-2-бап жаңа редакцияда - ҚР 03.07.2013 125-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

46-тарау. Шет мемлекеттiң және оның меншiгiнiң юрисдикциялық иммунитетi

Ескерту. Кодекс 46-тараумен толықтырылды - ҚР 2010.02.05 249-IV Заңымен.

427-бап. Шет мемлекеттiң иммунитетi

Шет мемлекет Қазақстан Республикасында, осы Кодексте белгiленген жағдайларды қоспағанда, соттық иммунитеттi, талап қоюды қамтамасыз етуден иммунитеттi және сот актiсiн мәжбүрлеп орындатудан иммунитеттi қоса алғанда, юрисдикциялық иммунитеттi пайдаланады.

428-бап. Соттық иммунитет

Осы Кодекстiң ережелерiне сәйкес шет мемлекет, егер ол соттық иммунитеттен бас тартуға келiссе не осы Кодекстiң 434-бабына сәйкес шет мемлекетке иммунитет қолданылмайтын болса, сондай-ақ, егер ол мемлекеттiң егемендi билiгiн жүзеге асырғандағыдан өзге қызметтi жүзеге асырса, оның iшiнде осы Кодекстiң 435-441-баптарында көрсетiлген жағдайларда соттық иммунитеттi пайдаланбайды.

429-бап. Шет мемлекеттiң Қазақстан Республикасы
сотының юрисдикциясына келiсуi

1. Егер шет мемлекет тиiстi мәселеге немесе iске қатысты, атап айтқанда:
1) Қазақстан Республикасының халықаралық шартында;
2) Қазақстан Республикасының халықаралық шарты болып табылмайтын жазбаша келiсiмде;
3) Қазақстан Республикасының сотында мәлімдеме жасау немесе нақты iс қарау шеңберiнде жазбаша хабардар ету арқылы Қазақстан Республикасы сотының юрисдикцияны жүзеге асыруына тiкелей келiсiм бiлдiрсе, ол соттық иммунитеттен бас тартуға келiскен деп танылады.
2. Шет мемлекеттiң соттық иммунитеттен бас тартуға келiсуi оның талап қоюды қамтамасыз етуден иммунитет пен сот актiсiн мәжбүрлеп орындатудан иммунитеттен бас тартуға келiсуi ретiнде қарастырылмайды.
3. Шет мемлекеттiң Қазақстан Республикасының заңнамасын қолдануға келiсуi оның соттық иммунитеттен бас тартуға келiсуi ретiнде қарастырылмайды.

430-бап. Шет мемлекеттiң сотта iс қарауға қатысуы

1. Егер шет мемлекет Қазақстан Республикасының сотында өзiнiң бастамасымен қозғалған iстi қарау тарабы болып табылса, немесе Қазақстан Республикасының сотында iстiң мәнiн қарауға қатысса, немесе iстiң мәнi бойынша қандай да бiр өзге iс-әрекеттi қолданса, осы мемлекет соттық иммунитеттен бас тартуға келiскен деп танылады. Алайда, егер мемлекет ол осындай iс-әрекет қолданғанға дейiн иммунитет туралы мәлiмдеуге негiз болатын фактiлер өзiне белгiлi болуы мүмкін болмағанын сотта дәлелдесе, ол осы фактiлер өзiне белгiлi болғаннан кейiн дереу солардың негiзiнде иммунитетке сүйене алады.
2. Егер шет мемлекет Қазақстан Республикасының сотында iстi қарауға қатысса немесе иммунитетке сүйену немесе iс қараудың нысанасы болып табылатын мүлiкке қатысты өз құқығына дәлелдемелер келтiру мақсатында қандай да бiр iс-әрекет қолданса, соттық иммунитеттен бас тартқаны ретiнде қарастырылмайды.
3. Шет мемлекет өкiлiнiң Қазақстан Республикасының сотына куәлiк айғақтар беру үшiн келуi осы мемлекеттiң соттық иммунитеттен бас тартуға келiсуi ретiнде қарастырылмайды.
4. Егер шет мемлекет Қазақстан Республикасының сотында iстi қарауға қатыспаса, бұл мән-жай өзiнен-өзi оның соттық иммунитеттен бас тартуға келiскенi ретiнде түсiндiрiлмеуге тиiс.

431-бап. Қарсы талап қоюға қатысты иммунитеттен бас тарту

1. Қазақстан Республикасының сотына талап қойған шет мемлекет осы мемлекеттiң алғашқы талап қоюындағы сияқты сол құқықтық қатынастарға немесе фактiлерге негiзделген кез келген қарсы талапқа қатысты соттық иммунитеттен бас тартуға келiскен деп танылады.
2. Қазақстан Республикасының сотына қарсы талап қойған шет мемлекет алғашқы талап қоюына қатысты соттық иммунитеттен бас тартуға келiскен деп танылады.

432-бап. Төрелiк iс қарауға қатысты иммунитеттен бас тарту

Егер шет мемлекет туындаған немесе болашақта туындауы мүмкін дауларды өзiнiң қатысуымен төрелікте қарауға жазбаша нысанда келiсiм бiлдiрсе, Қазақстан Республикасы сотының төрелікке қатысты функцияларды жүзеге асыруына қатысты мәселелер бойынша оның осы дауларға байланысты соттық иммунитеттен бас тартуға ерiктi түрде келiскенi деп танылады.

433-бап. Иммунитеттен бас тартуға келiсiмдi керi қайтарып
алу

1. Шет мемлекеттiң соттық имунитеттен, талап қоюды қамтамасыз етуден иммунитет пен сот актiсiн мәжбүрлеп орындатудан иммунитеттен бас тартуға келiсуi, осындай келiсудi керi қайтарып алуға жол беру дауға қатысушы басқа тараппен келiсiмде тiкелей көзделген жағдайларды қоспағанда, керi қайтарылып алынбайды.
2. Шет мемлекеттiң соттық иммунитеттен бас тартуға келiсуi сотта iс қараудың барлық сатыларында қолданылады.

434-бап. Қазақстан Республикасының юрисдикциялық
иммунитетiнiң бұзылуына байланысты даулар
бойынша иммунитеттi қолданбау

Егер Қазақстан Республикасының халықаралық шартында өзгеше көзделмесе, шет мемлекеттiң Қазақстан Республикасы мен оның меншiгiнiң юрисдикциялық иммунитетiн бұзуына байланысты даулар бойынша осындай шет мемлекет Қазақстан Республикасында соттық иммунитеттi, сол сияқты талап қоюды қамтамасыз етуден және сот актiсiн мәжбүрлеп орындатудан иммунитеттi пайдаланбайды.

435-бап. Кәсiпкерлiк қызметке байланысты даулар
бойынша иммунитеттi қолданбау

1. Шет мемлекеттiң Қазақстан Республикасының аумағында кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыруы кезiнде туындаған даулар бойынша соттық иммунитеттi осы мемлекет Қазақстан Республикасында пайдаланбайды.
2. Шет мемлекет жасаған немесе мемлекеттiң егемендi билiгiн жүзеге асырған кездегiден өзге түрде онымен байланысты болатын кәсiпкерлiк қызметтен тыс азаматтық-құқықтық мәмiлелерден туындаған даулар бойынша соттық иммунитеттi осы мемлекет Қазақстан Республикасында пайдаланбайды.
3. Шет мемлекет жасаған немесе ол байланысты болатын мәмiле оның егемендi билiгiн жүзеге асыруымен байланысты қызмет болып табыла ма деген мәселенi шешу кезiнде Қазақстан Республикасының соты осындай мәмiленiң сипаты мен мақсатын назарға алады.

436-бап. Заңды тұлғаларға қатысуға байланысты даулар
бойынша иммунитеттi қолданбау

Шет мемлекет Қазақстан Республикасының аумағында құрылған немесе негiзгi қызмет орны бар коммерциялық және коммерциялық емес заңды тұлғаларға өзiнiң қатысуына қатысты даулар бойынша соттық иммунитеттi Қазақстан Республикасында пайдаланбайды.

437-бап. Мүлiкке құқықтарға қатысты даулар бойынша
иммунитеттi қолданбау

Шет мемлекет:
1) Қазақстан Республикасының аумағындағы жылжымайтын мүлiкке өзiнiң құқықтарына, сондай-ақ осы мүлiкке байланысты өзiнiң мiндеттемелерiне;
2) мүлiкке осы мемлекеттiң егемендi билiгiн жүзеге асырумен байланысты емес негiздер бойынша туындайтын өзiнiң құқықтарына қатысты даулар бойынша соттық иммунитеттi Қазақстан Республикасында пайдаланбайды.

438-бап. Залалды (зиянды) өтеу туралы даулар бойынша
иммунитеттi қолданбау

Шет мемлекет, егер талап Қазақстан Республикасының аумағында толық немесе iшiнара орын алған iс-әрекетпен (әрекетсiздiкпен) немесе мән-жайлармен мүлiкке залал келтiруден туындаса, осы мемлекеттiң өмiрге және (немесе) денсаулыққа келтiрiлген зиянды және мүлiкке келтiрiлген залалды өтеуi туралы даулар бойынша Қазақстан Республикасында соттық иммунитеттi пайдаланбайды.

439-бап. Зияткерлiк меншiк құқықтары объектілерiне
қатысты даулар бойынша иммунитеттi қолданбау

1. Шет мемлекет зияткерлiк меншiк объектiлерiне өзiнiң құқықтарын белгiлеуге және жүзеге асыруға қатысты даулар бойынша соттық иммунитеттi Қазақстан Республикасында пайдаланбайды.
2. Шет мемлекет зияткерлiк меншiк объектiлерiне басқа адамдардың құқықтарын осы мемлекеттiң ықтимал бұзуына қатысты даулар бойынша соттық иммунитеттi Қазақстан Республикасында пайдаланбайды.

440-бап. Еңбек даулары бойынша иммунитеттi қолданбау

1. Шет мемлекет Қазақстан Республикасының аумағында толық немесе iшiнара орындалған немесе орындалуға тиiс жұмысқа қатысты осы мемлекет пен қызметкердiң арасында туындаған еңбек даулары бойынша соттық иммунитеттi Қазақстан Республикасында пайдаланбайды.
2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнiң ережесi:
1) қызметкердiң Қазақстан Республикасында тұрақты тұрғылықты жерi болған жағдайды қоспағанда, iс қарау қозғалған кезде қызметкер оны жұмысқа қабылдаған мемлекеттiң азаматы болып табылатын;
2) қызметкер мемлекеттiң егемендi билiгiн жүзеге асыру жөнiндегi мiндеттердi орындау үшiн жалданған;
3) еңбек шартын жасасу немесе қайта жаңарту дау нысанасы болып табылатын жағдайларда қолданылмайды.

441-бап. Теңiз кемелерiн және iшкi суда жүзетiн кемелердi
пайдалануға байланысты даулар бойынша иммунитет

1. Теңiз кемесiнiң немесе iшкi суда жүзетiн кеменiң меншiк иесi болып табылатын не осы кеменi пайдаланатын шет мемлекет, егер кеме талап қоюға негiз болған фактiлер туындаған кезде мемлекеттiк коммерциялық емес мақсаттардан гөрi өзге мақсаттарда пайдаланылса, осы кеменi пайдалануға немесе осы кемемен жүк тасымалдауға қатысты даулар бойынша соттық иммунитеттi Қазақстан Республикасында пайдаланбайды.
2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнiң ережесi:
1) әскери корабльдерге және әскери-қосалқы кемелерге, сондай-ақ мұндай корабльдер мен кемелердiң бортында тасымалданатын жүкке;
2) мемлекетке тиесiлi және осы жүк қандай кемемен тасымалданатынына қарамастан, тек ғана мемлекеттiк коммерциялық емес мақсаттарда пайдаланылатын немесе пайдаланылуға арналған жүкке қатысты қолданылмайды.
3. Осы баптың қолданылу мақсаты үшiн кеменi пайдалануға қатысты даулар деп, атап айтқанда:
1) кемелердiң соқтығысуына, порттық және гидротехникалық құрылыстардың бұзылуына немесе басқа да суда жүзетiн кеме аварияларына;
2) көмек көрсетуге құтқару жұмыстары мен жалпы аварияға;
3) кемеге қатысты жеткiзiлiмдерге, жөндеу және басқа да жұмыстарға, қызметтер көрсетуге;
4) теңiз ортасының ластануы салдарларына;
5) суға батқан мүлiктi көтеруге қатысты даулар түсiнiледi.

442-бап. Талап қоюды қамтамасыз етуден және сот актiсiн
мәжбүрлеп орындатудан иммунитеттер

Шет мемлекет:
1) шет мемлекет осы Кодекстiң 429-бабының бiрiншi бөлiгiнде көзделген тәсiлдердiң бiрi арқылы осы бапта көрсетiлген юрисдикциялық иммунитеттiң түрлерiнен бас тартуға тiкелей келiсiм бiлдiрген;
2) шет мемлекет Қазақстан Республикасының сотында iс қараудың нысанасы болып табылатын талапты қанағаттандырған жағдайда мүлiктi резервке қойған немесе өзгедей түрде белгiлеген;
3) шет мемлекеттiң Қазақстан Республикасының аумағындағы мүлкi мемлекеттiң егемендi билiгiн жүзеге асырудан өзге мақсаттарда пайдаланылатын және (немесе) пайдалануға арналған жағдайларды қоспағанда, талап қоюды қамтамасыз етуден иммунитеттi және сот актiсiн мәжбүрлеп орындатудан иммунитеттi пайдаланады.

443-бап. Егемендi билiктi жүзеге асыру мақсатында
пайдаланылатын мүлiк

Мемлекеттiң егемендi билiгiн жүзеге асырудан өзге мақсаттарда шет мемлекет пайдаланатын және (немесе) пайдалануына арналған мүлiк ретiнде (осы Кодекстiң 442-бабының 3) тармақшасы), атап айтқанда, шет мемлекеттiң мынадай мүлкi қарастырылмайды:
1) шет мемлекеттiң дипломатиялық өкiлдiктерiнiң немесе оның консулдық мекемелерiнiң, арнайы миссиялардың, халықаралық ұйымдар жанындағы өкiлдiктердiң, халықаралық ұйымдар органдарындағы не халықаралық конференциялардағы шет мемлекет делегацияларының функцияларын жүзеге асыруы үшiн пайдаланылатын немесе пайдаланылуға арналған мүлiк (оның iшiнде банк шотындағы ақша);
2) әскери мүлiк және (немесе) Қазақстан Республикасы таныған бiтiмгершiлiк операцияларда пайдаланылатын мүлiк;
3) сатуға қойылмаған не сатуға арналмаған мәдени құндылықтар немесе мұрағаттық құжаттар.

444-бап. Шет мемлекет қатысатын iстер бойынша сот iсiн
жүргізу

Егер осы Кодексте немесе басқа заңдарда өзгеше көзделмесе, шет мемлекет қатысатын iстердi Қазақстан Республикасының соттары, заңды тұлғаларға, атап айтқанда шетелдiк заңды тұлғаларға қатысты қолданылатын соттылық туралы ереженi қоса алғанда, Қазақстан Республикасының сот iсiн жүргізу ережелерi бойынша қарайды.

445-бап. Шет мемлекеттiң соттық иммунитетi туралы мәселенi
шешу тәртiбi

Шет мемлекеттiң соттық иммунитеттi пайдаланатыны немесе пайдаланбайтыны туралы мәселенi Қазақстан Республикасының соты тараптарды шақыра отырып, сот отырысында шешедi.

446-бап. Қазақстан Республикасы сотының шет мемлекет
қатысатын даулар бойынша талап қоюды қамтамасыз
ету және сот актiсiн мәжбүрлеп орындату туралы
мәселелердi шешуi

1. Қазақстан Республикасының соты талап қоюды қамтамасыз ету және шет мемлекетке қатысты шығарылған сот актiсiн мәжбүрлеп орындату туралы мәселелердi шет мемлекетте тиiсiнше талап қоюды қамтамасыз етуден иммунитеттiң және сот актiсiн мәжбүрлеп орындатудан иммунитеттiң болуына немесе болмауына қарай шешедi.
2. Шұғыл шаралар қабылдамау сот актiсiн орындауды қиындатуы мүмкін немесе атап айтқанда, сот актiсiн орындауға жол бермеу мақсатында мүлiктi жою, бүлдiру, орнын ауыстыру ықтималдығының едәуiр дәрежесiне немесе өзгедей иелiк етуге байланысты мүмкін етпейтiн жағдайларда, Қазақстан Республикасының соты шет мемлекет тиiстi иммунитеттi пайдаланады деп пайымдауға өзiнде жеткiлiктi негiздер болмаған кезде, тараптың өтiнiшi бойынша талап қоюды қамтамасыз ету туралы және сот актiсiн мәжбүрлеп орындату туралы шешiм қабылдауға құқылы. Мұндай шешiм қабылдау шет мемлекеттi тиiстi иммунитеттiң болуына сүйене отырып, оған дау айту құқығынан айырмайды.
3. Шет мемлекеттерге қатысты шығарылған сот актiлерiн мәжбүрлеп орындату Қазақстан Республикасының атқарушылық iс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы заңнамасының негiзiнде жүзеге асырылады.
Ескерту. 446-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 15.01.2014 № 164-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

447-бап. Өзара түсiнiстiк принципiн қолдану

1. Шет мемлекетке қойылған талапты Қазақстан Республикасының сотында қарау кезiнде сот талап қоюшының немесе iске қатысушы басқа тұлғаның өтiнiшi бойынша өзара түсiнiстiк принципiн қолданады.
2. Кәсiпкерлiк қызметке байланысты даулар бойынша, сондай-ақ кәсiпкерлiк қызметтен тыс азаматтық-құқықтық мәмiлелерден туындаған даулар бойынша тиiстi шет мемлекетте Қазақстан Республикасына берiлетiн юрисдикциялық иммунитеттiң көлемiн дәлелдеу өзара түсiнiстiк принципiн қолдану туралы өтiнiш бiлдiрген тұлғаға жүктелуi мүмкін.
3. Егер өзiне қатысты юрисдикциялық иммунитет туралы мәселе туындаған шет мемлекетте осы Кодекске орай шет мемлекетке берiлетiнге қарағанда Қазақстан Республикасына юрисдикциялық иммунитет неғұрлым шектелген көлемде берiлетiнi дәлелденсе, онда Қазақстан Республикасының соты көрсетiлген мәселенi шешу кезiнде өзара түсiнiстiк негiзiнде Қазақстан Республикасының тиiстi шет мемлекетте юрисдикциялық иммунитеттi қандай көлемде пайдаланатынын негiзге алуға құқылы.

448-бап. Осы Кодекстi қолдану мәселелерi бойынша
Қазақстан Республикасының сотына жәрдемдесу

1. Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлiгi Қазақстан Республикасы сотының сұратуы бойынша немесе өз бастамасы бойынша осы Кодекстiң шет мемлекетке қатысты қолданылуына байланысты, атап айтқанда, өзiне қатысты юрисдикциялық иммунитет туралы мәселе туындайтын тарап шет мемлекет болып табылады ма, мемлекеттiң егемендiк билiгiн жүзеге асыру жөнiндегi қызмет орын алды ма, шет мемлекетте Қазақстан Республикасының юрисдикциялық иммунитетi қандай көлемде берiледi деген мәселелер бойынша қорытынды бередi.
2. Қазақстан Республикасының соты дау нысанасы болып табылатын мәселелер бойынша жәрдемдесу және түсiндiру үшiн Қазақстан Республикасындағы және шетелдегi өзге де органдар мен ұйымдарға белгiленген тәртiппен жүгiнуi немесе сарапшыларды тартуы мүмкін. Алынған қорытындылар мен түсiндiрмелер iстегi бар дәлелдемелердiң жиынтығы ескерiлiп, Қазақстан Республикасы сотының бағалауына жатады.

449-бап. Шет мемлекетке iс жүргізу құжаттарын жiберу
және тапсыру

1. Шет мемлекетке оған қатысты Қазақстан Республикасының сотында iс қозғалғаны туралы хабарламаны және өзге де сот құжаттарын жiберу дипломатиялық арналар арқылы жүзеге асырылады. Тиiстi мемлекеттiң сыртқы iстерiн жүргiзетiн атқарушы билiк органының оларды алған күнi осы құжаттардың тапсырылған күнi болып есептеледi.
2. Қазақстан Республикасы соттарының шет мемлекетке құжаттарды тапсыру туралы және Қазақстан Республикасының сотында оған қатысты қозғалған iске байланысты өзге де iс жүргізу әрекеттерiн жасау туралы тапсырмалары Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актiлерiнде және Қазақстан Республикасының құқықтық көмек көрсетудi регламенттейтiн халықаралық шарттарында көзделген тәртiппен ресiмделедi.

450-бап. Сырттай шешiм шығару

Қазақстан Республикасының сотында iс қарауға қатыспаған шет мемлекетке қатысты шешiм, егер сот:
1) осы Кодекстiң 449-бабының талаптары сақталғанын;
2) шет мемлекетке оған қатысты iс қозғалғаны туралы құжаттарды тапсыру туралы тапсырма жiберiлген күннен бастап кемiнде алты ай өткенiн;
3) осы Кодекстiң ережелерiне сәйкес мемлекет соттық иммунитеттi пайдаланбайтынын анықтаған жағдайда шығарылуы мүмкін.

Қазақстан Республикасының
Президенті