КІРІСПЕ 11 страница

Қазіргі ғылымның тың методологиялық негіздері әлі де толық қалыптасып үлгермеген кезеңде тарихнаманың атқарар рөлі күшее түседі. Өйткені тарихнамалық фактлер мен деректерге баға беруде басты критерий болып саналатын ғылыми тұжырымдарды айқындау - тарихнама ғылымының түбегейлі міндеттерінің бірі. Ғылыми тұжырымдар заманауи талаптарына сәйкес шынайы әрі дәйекті болуы шарт. Соны тұжырымдар мен ой – пікірлерді қалыптастыруда жаңа ізденістер, бағыттар, терең зерттеулер, бұрын - соңды ғылыми айналымға түспеген деректер қажет. Міне, осылардың негізінде шынайылық, тарихилық принциптері тұрғысындағы, ой - тұжырымдары тың әрі дәйекті іргелі зерттеулер жазылуы тиіс.

Отандық тарихнамада жаңа методологиялық ұстанымдарды берік орнықтыруда эталондық тұжырымдар ретінде бағаланатын көзқарастардың қажеттілігі уақыт өткен сайын айқын сезілуде. Эталондық ой - пікірлер көбейген сайын тарихнамалық фактлерді бағалау зерттеушіге қиындықтар тудырмайды. Ал эталондық тұжырымдар қоғамның саяси жүйесіне, әлеуметтік ортаға, идеологияға тәуелді болмауы тиіс.

Соны ғылыми тұжырымдамаларды қалыптастыруда түпнұсқалық сипаттағы деректерді іздеу, оларды жүйелеп талдау басты рөл атқарады. Деректерді талдаудың әдіс - тәсілдері заман мен ғылым талаптарына сәйкес жетілдірілуі хақ. Осыған орай тарихнамалық және деректанулық еңбектерді қайталамай, керісінше олардың методологиялық деңгейлерін көтере отырып, ғылымның жаңа саласы - тарихнамалық деректануды қалыптастыру міндеті туындайды.

Тарихнама ғылымындағы жаңа зерттеулер жүргізуде мынадай методологиялық мәселелерге назар аудару қажет. Біріншіден, қоғамдық ғылымдар саласындағы білімді дифференциациялау және интеграциялау процесінің заңдылықтарын зерттеу. Мұның өзі тарихнама ғылымы бойынша зерттеулерге тың серпіліс береді. Екіншіден, тарихнамадағы философиялық категорияларды нақты айқындау. Ол ғылымның өзіндік ерекшеліктерін анықтауға ықпал етеді. Үшіншіден, тарихнаманың ғылыми критерийлерін анықтау, ол бұл саланың мәнін терең түсінуге жол ашады. Мұндай міндеттерге қол жеткізу ғылымдағы пәнаралақты күшейту, соны ғылыми технологияларды меңгеру барысында мүмкін болады. Сонымен қатар тарихнаманың методологиясындағы өзекті мәселелерін зерттеуге жол ашады.

Методологияны үнемі тарихи процестердегі адами фактор қызықтырған. Тарихнаманың методологиялық аспектлерінің бірі тарихшының, сондай-ақ тарихнамашының шығармашылығындағы ғылыми объективтілік мәселесі болып табылады. Осыған орай тарихи және тарихнамалық шығармашылықтағы әлеуметтік, психологиялық алғы шарттар, олардың идеялардың, көзқарастардың, тұжырымдамалардың пайда болуы мен дамуына әсерін зерттейтін бірқатар жаңа ізденістер қажет. Тарихи танымды бірін бірі алмастырған зерттеушілер ұрпақтарының қызметінің нәтижесі және рухани шығармашылықтың түрі ретінде талдаудың маңызы зор.

Ғылымда тарихнаманың жалпыметодологиялық әдістері мен принциптері өзекті болып қала береді, оған қоса олардың жекелеген тұстарын терең зерттеудің мәні елеулі. Мәселен, тарихилық, шынайылық, әлеуметтік тәрізді жалпы методологиялық принциптерге негізделе отырып, олардың тарихнамада көрініс табуын ескере келіп, танымның тарихнама ғылымына тән әрекет етуін көрсету қажет. Тарихнамадағы нақты тарихи талдау, абстракция, логикалық, сыни, ретроспективті талдаулар, тарихи салыстырулар, параллельдер “тарихнамадағы зерттеу әдістері” деген кешенді ұғымды толық сарқып қамти алмайды.

Отандық ғылымда тарихты дәуірлеу мәселесі әлі де болса толық шешімін таба алмай келеді. Мұндай жағдайдың орын алуы себебін дәуірлеудің ғылыми критерийлерінің нақтыландырылмауы арқылы түсіндіруге болады. Тарихи дәуірлеу мәселелерінің түйінін шешпей тарихнамалық дәуірлеудің, оның кезеңдері мен сатыларын анықтаудың критерийін айқындау қиынға түседі.

Тарихнамадағы аса маңызды мәселелердің бірі тарихи білімнің нәтижелерін, оны көбейтудің әдіс-тәсілдерін, шынайы бағалау болып саналады. Бұл міндет қарапайым емес, себебі тарихи білімнің шынайылығы субъектінің, яғни тарихшының шығармашылығымен тығыз байланысты. Сондықтан да тарихтағы субъктивтілік мәселесі тарихнамашының үнемі басты назарында болуы тиіс.

Қазіргі кезеңдегі білім мен ғылымның даму деңгейі жаңа технологияларға, пәнаралық зерттеу әдістерін ұтымды пайдалануға, электронды есептеу және басқа да заманауи жетістіктеріне байланысты. Сондықтан да тарихнамалық зерттеулер жүргізуде қолданбалы жаңа технологияларды пайдалану маңызды болып саналады.

Республикада тарихнама ғылымы бойынша түбегейлі зерттеулер дайындауда ғылыми мектептің қажеттілігі уақыт өткен сайын айқын сезілуде. Осыған орай ғылыми мектепті қалыптастырып қана қоймай, оның әлеуетін де жетілдіру міндеті туындайды. Тарихнама ғылымы бойынша іргелі мектеп құрылса, ол осы саладағы көптеген өзекті мәселелермен бірге ғылымның методологиялық ұстанымдарын да ұштаумен айналысар еді.

Қорыта айтқанда ғылымның қазіргі кезеңдегі өзекті мәселелері аталмыш проблемелармен шектелмейді. Ғылым алдыға жылжыған сайын оның ауқымды мәселерінің өрісі кеңейіп, мақсат, міндеттері көбееді.