КІРІСПЕ 2 страница

Осы дәуірде пайда болған араб тіліндегі жазба деректердің де біразы топтамалар түрінде жарияланды.[8] Мұсылман тарихнамасы Мұхаммед әл- Насауи, Мұхаммед Иакуб Бухари, Мұхаммед Карминаги, Бабыр, Мұхаммед Хайдар Дулати, Мұхаммед Юсуф Мунши, Мир Мұхаммед Амин Бухари, Хафиз Тыныш, Мұхаммед ибн Наджип Бекран, Хайдар ибн Хусаин Рази, т.б. авторлардың шығармаларымен толыға түсті.[9]

Мұхаммед Хайдар Дулат тарих жазуда шынайылық принципіне үлкен мән берді. Тарихи оқиғаларды баяндау шындығында орын алған жайттарға сәйкес болуы қажет екендігін басшылыққа алып, өзі әңгімелеген процестердің ақиқатына кепілдік беріп отырды. Мұхаммед Хайдар “Тарих и Рашиди” еңбегін объективтілік принципін ұстану арқылы жазғандығына көпшіліктің назарын аударып, ХУ-ХУІ ғасырлардағы Дешті-Қыпшақ пен Орта Азия аумағындағы тарихи оқиғаларды анағұрлым шынайы көрсетуге тырысқан. Сондықтан да бұл еңбек деректік жағынан аса құнды шығарма болып табылады. Сонымен қатар өз заманының куәгері болып табылатын шығарманың тарихнамалық дерек ретіндегі де маңызы зор.

Қазақ даласының орта ғасырлық тарихын жазу жөніндегі тарихнамадағы алғашқы қадамдар ХУІІ - ғасырда жасалды. Түркі тарихшысы, жалайыр тайпасының өкілі - Қадырғали Қосымұлы 1602 жылы ауызша айтылып келген тарихи аңыздар мен Рашид ад-Диннің тарихи жинағына сүйене отырып “Оқиғалар жинағы” деген еңбек құрастырған. Еңбекте Алтын Орда және ол ыдырағаннан кейінгі кезеңдегі Дешті Қыпшақтағы мемлекеттік құрылымдар, түркі, түркіленген тайпалар туралы оқиғалар суреттелген.[10]

Хиуа ханы Әбілғазы “Түріктер шежіресі” және “Түрікмендер шежіресі” атты тарихи шығарма дайындаған. Оларда орта ғасырлық тайпалардың тарихы, түркі этнонимдерінің этимологиясы және сол кездегі Қазақстанның тарихи географиясы қарастырылған.[11]

Қазақ даласы Ресей империясының қол астына қаратылғаннан кейінгі кезеңде орыстың шығыстанушы ғалымдарының өлкенің тарихына, рулық тайпалық құрылымын зерттеуге ықыластары ауып, ынта - жігерлері артты. Солардың нәтижесінде Қазақстан тарихнамасына қайталанбас мазмұндағы құнды ғылыми зерттеулер енді. Бұл еңбектер тек мазмұнымен ғана емес методологиялық ұстанымдарымен, зерттеу әдістерімен, салихалы тұжырымдарымен ерекшеленді. Сондай туындылардың бірі, тіпті бірегейі Г.Е.Грум-Гржимайлоның, А.И.Левшиннің, Н.И.Гродековтың зерттеулері болып табылады. Авторлар қазақ халқының құрамына кірген бірқатар рулар мен тайпалардың тарихи тағдырлары, олардың шығу тегі, этникалық атаулары, ұрандары мен таңбалары турасында мол мәліметтер келтіріп, көбінесе ауызша тарих айтуда орын алып келген мәселелерді талдаған.[12]

Тарихи деректердің, соның ішінде археологиялық және этнографиялық жәдігерлердің атқаратын рөлінің зор екендігін өз кезегінде ғалым Ш.Ш.Уәлиханов дәйектеген. Саяхаттарға шығып, ел ортасын көп аралаған ғалым жазба деректерден басқа халық даналығы болып саналатын фольклорлық материалдардың тарихи оқиғаларды баяндаудағы маңызы зор екендігін дәлелдеп, бұрын-соңды тарихшыларға беймәлім болып келген рухани мұраның көзін ашты. Көптеген аңыз-әңгімелердің, жыр-дастандарды ғылыми айналымға ендіре отырып, қазақ халқының қалыптасуы, дәстүрлі шаруашылықтың ерекшеліктері жөнінде сүбелі зерттеулер жариялады. Шоқан өз зерттеулерінде қазақ және ноғай эпостарын, аңыздарды, тарихи әңгімелерді, өзге де фольклорлық материалдарды кеңінен пайдаланған. Шоқанның түркі халықтарының тарихын зерделеген еңбектері орыс және дүние жүзілік тарихнамада жоғары бағаға ие болды. Ұлттық тұрғыда төл тарихымыздың өзекті мәселелерін зерттеген көрнекті қазақ шығыстанушысының шығармалары күні бүгінге дейін ғылыми мазмұнын жоғалтпай келеді.

Тарих шығыстану зерттеулерінің одан әрі дамуы, сондай-ақ география мен этнография жетістіктері ХІХ-ғасырдың аяғына қарай орыс ғалымдарының жекелеген шаңырағы, негізінен әскери саяси сипаттағы мәліметтерді түсіндіруден оларды тарихи тұрғыдан қорытуға көшуіне, әртүрлі түркі халықтарының этникалық тарихы жөнінде жиынтық еңбек жасауға әрекет етулеріне мүмкіндік берді. Осы орайда Қазақстанның орта ғасырлық тарихын зерттеуде Н.А.Аристовтың түркі тайпалары мен халықтары туралы кеңінен мәлім еңбектері елеулі орын алады. Н.А.Аристов зерттеулері қарастырылған мәселелерінің ауқымдылығымен, айналымға түскен мол дерек көздерімен, пайдаланған ғылыми зерттеулерімен өзгелерден дараланады[13]. Жан-жақты әрі терең зерттеулер жүргізуінің нәтижесінде түркі, сондай - ақ қазақ халқының этникалық құрылымы, үш жүздің құрамы жайлы анағұрлым толық әрі кешенді ғылыми жетістіктерге қол жеткізді. Қазақ тарихнамасында ғалым зерттеулеріне теңдес шығармалар кемде кем.

Алаш қайраткерлері Ә.Бөкейханов, Ж.Ақпаевтың шығармалары да тарихнамадан өзіндік орын алады.[14] Ұлт зиялылары қазақ халқының қалыптасуына байланысты пікір танытып, тарих ғылымының дамуына үлес қосты. Ал ауызша тарих айтудың ұлттық тарихты қалыптастырудағы қайталанбас ерекшеліктері жайындағы Ш.Құдайбердіұлының, М.Тынышпаевтың пікірлері және дәстүрлі деректер негізінде жазылған еңбектері төл тарихымыздағы құнды рухани мұра болып саналады.[15]

Көшпелі мал шаруашылығымен айналысқан монғолдардың қоғамдық өмірі мен тұрмыс тіршілігін жан-жақты қарастырған Б.Я.Владимирцевтің монографиясы түркі халықтарының тарихын зерттейтіндерге бағыт - бағдар беретін сүбелі еңбек.[16]

В.В.Бартольдтың орта ғасырлық Қазақстанның тарихы жөніндегі зерттеулерінің ғылыми маңызы зор. Оның еңбектері отандық және дүниежүзілік шығыстануда, сонымен бірге тарихнамада іргелі әрі салихалы зерттеулер қатарына жатқызылады. В.В.Бартольдтың орта ғасырлардағы Қазақстан мен Орта Азияның тарихын бір жүйеге келтіріп белгілеген кезеңдері тарих ғылымына қосқан сүбелі үлес болып табылады. Ол негізгі белгілері жағынан отандық тарихнамасынан берік орын алады. В.В.Бартольдтың еңбектері Қазақстан тарихын зерттеуде көп жағынан негізге алынады.[17] Ғалым зерттеулерінің ерекшелігі сонда, ғылыми айналымға нумизматика, эпиграфика, этнография, археология жәдігерлері қоса ендірілді.

В.В.Бартольдтың ғылыми зерттеулерін ары қарай жалғастырып, күрделі теориялық мәселелердің түйінін шешкен ғалым А.Н.Бернштам болды. Қазақстанның ежелгі дәуіріне қатысты ғұндардың, үйсіндердің тарихын зерттеуде қомақты нәтижелерге жеткен. Шығыстанушы ғалым түркі және қытай деректерінің негізінде түркілер қоғамындағы әлеуметтік-экономикалық қатынастарды, олардың көрші елдермен байланыстарын көрсетті. Түркі, қарлұқ қағандықтарының тарихының кейбір тұстарын нақтылады.[18]

Қазақстанның орта ғасырлардағы тарихын, соның ішінде монғол жаулап алу кезеңін, Алтын Орданың баянын мұсылман деректері бойынша зерттеп, ғылымда ірі жетістіктерге жеткен ғалымның бірі - А.Ю.Якубовский.[19] Көрнекті ғалым ХІ-ХІІІ ғасырлардағы монғолдар тарихына теориялық шолу жасап, көшпелі түркі тайпаларының әлеуметтік-шаруашылық тарихын зерделеудің тұжырымдамасын қалыптастырды. Методологиялық мәселелерде УІ-ХУ ғасырлардағы Орта Азия тарихын кезеңдерге бөліп, қомақты табыстарға қол жеткізді.

Отандық тарих ғылымының дамуына ежелгі дәуір мен орта ғасырлардағы Батыс және Оңтүстік Қазақстан халқының қоғамдық құрылысы мен мәдени тұрмысына талдау жасау арқылы елеулі үлес қосқан зерттеуші-ғалымдардың бірі - С.П.Толстов. Ол массагеттер, дайлар, қаңлылар тарихына қатысты мәселелерде көне жазба ескерткіштерінің көмегімен тың тұжырымдар қорытып, күрмеуі қиын түйіткілдерді тарқатуға атсалысты. С.П.Толстов Сырдария оғыздары туралы үлкен тарихи археологиялық жәдігерлерді талдап, оларды ғылыми айналымға түсіру нәтижесінде пәрменді пікір танытып, бірқатар жаңалықтарға қол жеткізді.[20]

Қазақстанның орта ғасырлық қыпшақтарының шығу тегі, шаруашылығы, әдет-ғұрыптары мен діни наным-сенімдері мәселелерін, сонымен бірге хорезм- қыпшақ қатынастарын анағұрлым толық қарастырғандардың арасынан С.М.Ақынжановтың есімі ерекше аталады. Ғалым өзі зерттеген проблемаларын монография түрінде жариялап, тарих ғылымының өркендеуіне септесті[21].

Араб деректері бойынша қыпшақтар тарихын зерделеген Б.Е.Көмеков зерттеуінің тарихнамада өзіндік орны бар.[22]

С.Г.Кляшторныйдың монографиясында ежелгі түріктердің руналық мәтіндерінен алынған материалдар алынып, бір жүйеге келтіріліп, өзге де тарихи деректермен салыстырылып, қорытылған. Солардың негізінде түркілер ғана емес кангюйлерге қатысты проблемалар тиянақты зерттелген.[23]

Жазба деректер мен археологиялық жәдігерлердің мол қорына сүйене отырып дайындаған С.Г.Кляшторный мен Т.И.Сұлтановтың салихалы еңбегі отандық тарихнамадағы айтулы құбылыс болды.[24]

Тәуелсіздік жылдары отан тарихының ежелгі және орта ғасырлардағы тарихы бұрын-соңды ғылыми айналымға түспеген қытай, парсы, араб тілдеріндегі тың деректердің негізінде жаңа тарихи таным тұрғысында зерттеліп, ғылыми еңбектер жарияланды. Түркі кезеңіндегі найман, керейт, онгут ұлыстарының тарихы қытай, монғол деректерінің желісінде З.Қинаятұлының зерттеулерінен көрініс тапты.[25] Монғол жаулап алуы мен ұлыстардың құрылуы мәселелері ғалым назарынан тыс қалмады. Жошы ұлысының, Ақ Орданың анағұрлым нақты, толық тарихымен танысудың мүмкіндігі туды.

Монғол жаулап алуына байланысты жаңа көзқарастардың қалыптасуына Н.Мыңжанның еңбектері ықпал етті.[26]

Түркілердің сонымен бірге қарлұқ тайпалары тарихи баяны К.Аманжоловтың, С.М.Сыздықовтың туындылары түрінде жарық көрді.[27]

Кейінгі орта ғасырлардағы өзекті мәселелерге, соның ішінде Қазақ хандығы тарихына М.Әбусейітова, Ә.Хасенов, З.Қинаятұлы, С.Жолдасбайұлы, Б.Кәрібаев, т.б. қалам тартып, өздерінің тұжырымдарын түйіндеді[28].

ХУІІІ-ХХ ғасырлардың аралығын қамтитын ғылымның дәуірлеу мәселелерінде жаңа заман деп аталатын кезеңдегі басты тарихи оқиға қазақ даласының Ресей империясының қол астына өтуі саналады. Бодандықты қабылдау нәтижесінде өзінің тәуелсіздігінен айырылған қазақ елі патшалық өкіметтің отарына айналды. Сондықтан да осы кезеңдегі барлық зерттеулер отар аймақтың хал-ахуалын ашып көрсетуге арналды. Қазақстанның отарлық кезеңінің тарихы, оның өзекті мәселелері көбінесе кеңестік кезеңде зерттелгендіктен тарихи шындығы толық ашылмады. Әсіресе отарлық езгіге қарсы ұлт-азаттық қозғалыстардың ақиқаты бүркемеленді. Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін ғана бодандық бұғауын киген өлкенің өткені, оның түйінді мәселелеріне назар аударылып, мұрағат қойнауындағы соны құжаттар мен материалдардың көмегімен объективті түрде жазыла бастады.

ХУІІІ ғасырдың алғашқы ширегіндегі қазақ-жоңғар қатынастарын ұлт зиялылыры М.Ж.Көпеевтің, Ш.Құдайбердиевтің, М.Тынышпаевтың, М.Дулатовтың, Ә.Бөкейхановтың күш-жігерлерін жұмсауы барысында дүниеге келген іргелі зерттеулерінің негізінде шынайы саралауға мүмкіндік туды.

Кеңестік тарихнамада Қазақстанды отарлаудың басталуы оның Ресейге “қосылуы” тұрғысынан пайымдалды. Кейбір авторлар мәселенің экономикалық жағына да, саяси себептеріне де мүлде тереңдеп бармай, оны тек қана сыртқы факторларына қарап, қосылу кездейсоқтықтан болды деп есептеді. Енді біреулері империяның отаршыл мүдделерін жақтап, жергілікті халықты менсінбеу, оны төмендету пиғылын танытты. Үшіншілері “қосылудың” прогрессивті салдарын іздеп бақты. “Жабайы, артта қалған” қазақ халқына мәдениет әкелген, шаруашылығын жақсартып, тұрмыс тіршілігін жандандырған отарлау саясаты деген тұжырымдаманы бекітуге жанталасты. Осындай бағыттарда патшалық биліктің құйтырқы саясатының бет пердесі бүркемеленіп, көптеген шығармалар жарияланды. Тек қазақ халқы өкілдерінің еңбектерінде бодандықты қабылдаудың шынайы тұстары ашып айтылды. Мәселен, қазақ ағартушы ғалымдары Шоқан Уәлиханов, Абай Құнанбаев, Ыбырай Алтынсарин ұлы державалық шовинизмге қарсы өз пікірлерін білдірді.

Қазақстанның Ресей құрамына кіру проблемасы Ә.Бөкейхановтың еңбектерінен анағұрлым толық көрініс тапты. Ұлт зиялысы, Алаштың ардақтысы “Қырғыз өлкесінің тарихи тағдыры және оның мәдени жетістіктері” атты зерттеуінде “қосылу”деген сөзді мүлде қолданбай, “жаулап алу”, “бағындыру” терминдері арқылы империяның боданына, отар елге айналудың алғышарттары мен себеп, салдарын түсіндіреді.[29]

Кеңестік кезеңде аталмыш мәселеге ерекше мән беріліп, бірқатар зерттеушілер оларды жан-жақты таразылауға ықылас танытты. Солардың арасында Т.Рысқұлов, Х.Досмұхамедов, П.Г.Галузо, Ғ.Тоғжанов, С.Меңдешев және т.б. бар. Әсіресе Ресей бодандығындағы қазақ елінің жағдайын, отаршылдыққа қарсы бас көтерулерді ғылыми тұрғыда терең зерттеп, ғылымға мол еңбек сіңірген П.Г.Галузо болды.[30]

Ұлт зиялылары Қазақстанның Ресей бодандығына өтуін сыртқы саяси жағдаймен байланыстырды. Жаулап алу қазақ бұқарасына күйзеліс пен тонаушылық әкелгендігін баса көрсетті.

Қазақстанның Ресейге қосылуының зерттеу қорытындылары 1970-1990 жылдары жарық көрген Г.Ф.Дахшлейгердің, Д.И.Дулатованың, Ж.Қасымбаевтың, І.Қозыбаевтың, И.Ф.Ерофееваның тарихнамалық еңбектерінде шығарылды[31].

ХУІ-ғасырдың орта кезінен ХХ-ғасырдың басына дейінгі қазақ-орыс қатынастарының мәселелері отандық тарих ғылымындағы басым проблемалардың бірінен саналды. Мұндай басымдылықты қазан төңкерісіне дейінгі ұлыдержавалық шовинистік пиғылмен, кеңестік кезеңдегі коммунистік идеологияның ықпалынан туындаған құбылыс ретінде таныған жөн. Осындай құбылыстың нәтижесінде қазақ даласының Ресейдің айыр басты бүркітіне бағынуы “кіру”, “өз еркімен қосылу” тәрізді процестердің қалыптасуына алып келді. Қазақстанның Ресей бодандығын қабылдауы, оның ішкі, сыртқы факторлары, Әбілхайыр ханның рөлі, қазақ жүздерінің империяға адалдығы жөнінде ант берулері, т.б. мәселелердің зерттелуі деңгейі айқындалып, осы проблемаға қатысты ғылымның жай-күйі көрсетілді.

Бодан болудың ауқымындағы казак отарлауы тарихын кеңестік кезеңде П.Г.Галузо ғана зерттеген болса, тәуелсіздік алғаннан кейін М.Ж.Әбдіров, Т.Б.Митропольская, В.А.Терещук проблеманы анағұрлым терең әрі жан-жақты қарастырып, тарихи шындыққа сәйкес тұжырымдар жасады.[32]

Отар аймақтағы қазақтар туралы олардың тарихынан, әлеуметтік құрылымынан, тұрмысынан, рухани өмірінен, салық төлеуі мен әдет-ғұрпынан бастап, алуан түрлі мәліметтер беретін жалпылама еңбектер, сондай-ақ қазақ қоғамының саяси, экономикалық жағдайының, құқықтық нормаларының, мәдениетінің жекелеген мәселелерін арнайы және терең зерттеген шығармалар тарихнамадан орын алады.

Отандық тарих ғылымында қазақ қоғамындағы әлеуметтік-шаруашылық мәселелері, соның ішінде орыс шаруаларының Қазақстанға қоныс аударуы, өлкеге капиталистік қатынастардың енуі анағұрлым терең зерттелді. Осы орайда Б.Сүлейменовтың, П.Г.Галузоның, Е.Бекмахановтың, Ц.Фридманның, Ә.Б.Тұрсынбаевтың, М.Х.Асылбековтың, Е.Ділмұхамедовтың, А.Нүсіпбеков-тың, Ж.Қасымбаевтың, Ж.О.Артықбаевтың, С.Игібаевтың[33] және т.б. еңбектері жарияланды. Қазақстанға капиталистік қатынастардың енуі мәселелеріне Т.Ә.Төлебаевтың тарихнамалық зерттеуі арналды.[34]

ХІХ ғасырдың соңы ХХ ғасырдың бас кезіндегі өлке халқының әлеуметтік-демографиялық ахуалы зерттелген бірқатар еңбектер отандық тарихнамаға қосылған айтулы үлес болды. Қазақ халқының ХІХ-ғасырдың соңы ХХ- ғасырдағы әлеуметтік-демографиялық жағдайының тарихнамасы тарихнамалық тұрғыда таразыланып, зерттелуге тиіс мәселелері анықталды.

Қазақтардың отарлық езгіге қарсы ұлт-азаттық күресі Отан тарихындағы айшықты оқиғалардың бірінен саналады. Озбыр отарлау саясатына қарсы даланы дүбірге толтырған ондаған ірі ұлт-азаттық қозғалыстар тарихы зерттеушілер ықыласын өздеріне аударды. Сондықтан да тәуелсіздік жолындағы күрестердің баянын көрсететін арнайы зерттеулер жарияланды. Олардың авторлары А.Ф.Рязанов, М.П.Вяткин, Е.Бекмаханов ғылымға сүбелі үлес қосты[35]. Айта кетерлік жайт ғылымда әлі де болса осы ұлт-азаттық қозғалыстар тарихнамасы кешенді түрде талданбай келеді.

ХХ-ғасырдың бас кезіндегі ұлт зиялыларының қалыптасуы, Алаш қозғалысы ғылымда тың деректер мен тыйым салынған құжаттардың жариялылыққа ие болуына байланысты жаңа қырынан зерттеліп, К.Нұрпейістің, М.Қойгелдиевтің, Д.Аманжолованың еңбектері дүниеге келді.[36] Зерттеуші ғалымдар ұлт көшбасшылары болған Алаш зиялылары қазақ қоғамының дәстүрлі мәдениетімен тығыз байланысты еді, шын мәніндегі рухани ренессанстың ұйытқысы болатын. Олар ұлттық нәрсенің бәрін қызғыштай қорыды, діни фанатизмге, ұлтшылдық, нәсілшілдік және өзге де соқыр сенімдерге ұрынбады деген тұжырым түйіндеді.[37] Жалпы ғылымда Алаш қозғалысына байланысты тиянақты шаралар атқарылды. Мәселенің тарихнамасы сараланып қана қоймай, деректері де талданып, бұрын жарияланбаған мұрағат құжаттары және өзге де материалдар жинақтар түрінде жарық көруде.

Кеңестік кезеңде отандық тарихнама ғылымы көптеген жаңа зерттеулермен толықты. Ғылыми еңбектер Қазақстанда кеңес өкіметінің орнауы мен нығаюы, индустрияландыру, аграрлық салада жүргізілген бірқатар реформалар, “мәдени революция”, т.б. тарихи оқиғалар, процестерге байланысты жарияланды. Алайда зерттеулердің басым көпшілігінде тарихи шындық көрініс таба алмады. Ғылымда маркстік-лениндік методология мен коммунистік идеологияның үстемдік алуына орай сараланған мәселелер таптық тұрғыда, социалистік саяси биліктің мүддесінде ақиқаттан алшақ зерттелді. Мұның өзі ғылымда таптаурын, сыңаржақ тұжырымдардың орнығуына жол ашты. Нәтижесінде тарихты жазу номенклатуралық биліктің тапсырысы шеңберінде әрі қатаң бақылауында болды. Дегенмен кеңестік кезеңде республикада тарихшы мамандарды дайындаудың деңгейі мен сапасы артты, ғылыми мектептер қалыптасты. Отан тарихы проблемеларымен кешенді түрде айналысатын арнайы зерттеу институттары құрылды. Осы орайда Ш.Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты тарихшы-зерттеушілердің көшбасшысы ретінде салмақты да салихалы ғылыми туындылардың дүниеге келуіне мұрындық болды. Қазақстан тарихының ежелгі дәуірінен “кемелденген социализмге” дейінгі аралықтағы тарихи процестердің баяны ұжымдық зерттеулер, арнайы монографиялар, ғылыми мақалалар, деректік топтамалар, т.б. түрінде жарық көрді. Отандық тарих ғылымының өзіндік мерзімді басылымдарын - хабаршы, жаршы тәрізді журналдарды шығарып тұру мүмкіндігіне қол жеткізді. Осылайша отандық тарих ғылымы дамып, тарихи білім толықты.

Көрсетілген кезеңде Қазақстан тарихын дәуірлеу мәселесі таптық тұрғыда бекітіліп, ол формациялық тұжырымдаманың аясына сыйдырылды. Алғашқы қауымдық құрылыс, құл иеленуші құрылыс, феодализм, капитализм, социализм деп аталатын бес дәуір замандарға, соңғылары кезеңдерге бөлінді. Мұндай кезеңдеменің кемшіліктері мен олқылықтары болғанымен ғылым оны берік ұстанды. Осындай дәуірлеуге байланысты қазақ тарихы ұлттық ұстанымдардан тыс азаматтық тарих тұрғысында зерттеліп, өткеннің саяси-басқару, әлеуметтік жіктелуі, бұқараның рөлі тәрізді мәселелеріне басты назар аударды.

Тарихи оқиғалар мен процестерді ұлттық тұрғыда қарастыру мүмкін болмағандықтан төл деректердің көпшілігі ғылыми айналымнан тыс қалды. Бұл бір жағынан қасақана жасалған саясат болса, екінші жағынан оның астарында халықты төл деректерінен айыру, соның нәтижесінде шынайы тарихынан жат ету пиғылы жатқан еді.

Зерттеу принциптері мен әдістерінің маркстік-лениндік методологияға бағындырылуы тарихи жағдаяттарды шынайы қарастыруға жол бермеді. Сондықтан да тарихшылар түрлі деректерді пайдаланғанымен саяси жүйеге тиімді тұжырымдар түйіндеуге мәжбүр болды. Осыған орай ғылыми тұжырымдар мен пікірлер бір арнаға тоғысып, балама көзқарастар білдіру мүмкін болмады.

Кеңестік кезеңнің жекелеген проблемаларының зерттелуі туралы айтатын болсақ, кеңес өкіметінің алғашқы аграрлық реформалары, ауыл шаруашылығын жаппай ұжымдастыру, тың және тыңайған жерлерді игеру, тағы сол сияқты кейбір проблемелардың зерттелу деңгейі анықталып, бірқатар тарихнамалық зерттеулер жарияланды. Кеңестік кезеңдегі Қазақстан тарихының тарихнамасын өз кезегінде тарихнамашы ғалым Г.Ф.Дахшлейгер арнайы зерттеп, елеулі еңбек жариялаған.[38] Алайда зерттеуде жасалған тұжырымдардың қазіргі ғылым талаптарын қанағаттандыра алмайтындығы түсінікті. Сондықтан да отандық тарихнама ғылымы түбегейлі тарихнамалық зерттеулерге зәру. Тұтас бір кезеңді қамтитын тарихнамалық еңбектер дайындаудың әрі сол кезеңдегі тарих ғылымының дамуын анықтаудың, оны ары қарай жетілдірудегі маңызы зор. Сол себепті де ғылымда осындай проблемаларға назар аудару қажет. Ол үшін белгілі бір мәселелерді зерттеуде жаңа тарихи таным тұрғысында соны бағыттарды, тың көзқарастарды көрсету керек. Сонда ғана түрлі тұжырымдар мен пікірлерге тарихнамалық талдау жүргізу тартымды әрі ғылымды дамыту үшін ұтымды болады. Өйткені тарихнама ғылымы тарихи білімнің пайда болуы мен жинақталуына, тарихи ойдың дамуын зерттеуге, тарих ғылымының қалыптасуы мен алға жылжуына септеседі. Тарихнаманың міндеті - тарихи таным мен ойдың әртүрлі сатыларының заңдылықтарын ашу, ғылымда әлеуметтік тарихи ақиқаттың терең әрі жан-жақты көрініс табу үрдістерінің негізгі мазмұнын және әдістерін зерттеу.