СОЛОДТАР

Сабақтың мақсаты: Солодтардың, морфологиялық белгілері физико-химиялық қасиеттерімен танысу.

Тапсырма:

1. Монолиттер мен жәшіктегі үлгілерді пайдаланып солодтардың морфологиялық белгілерін қарастыру, дәптерге осы топырақ бейнесін түсіру.

2. Солодтардың классификациясы, түзілу жағдайларымен танысу.

3. Қазақстан және Солтүстік Қазақстан топырақ картасынан солодтардың таралу шекарасын қарастыру, алып жатқан ауданын анықтау.

Тапсырмаға түсініктеме.

Солодтар орманды және далалы аймақтарда таралған, құрғақ далалы және шөлейт топырақтарының арасында да кездеседі. Артық мөлшерде ылғалдану болып тұратын ойпаңдау жерлерде қалыптасады. Солод кескіні жеке қабаттарға айқын бөлінеді: А0, А1, А2, А2В, В(В1В2), С.

А0 –орман төсеніші немесе шым; А1– қарашірікті элювиальды қабат; А2– солодты, ақшыл, тақталанған немесе қатпарлы-қабыршақты құрылымды, татты дақтар түріндегі темір-марганец жаңа түзілістері байқалады. Солодты қабаттан кейін біркелкі боялмаған күңгірт-қоңыр түсті ақшыл дақтары мен ақпалары бар, тақталы-жаңғақты құрылымды, тығыздалған А2В қабаты орналасады. В- иллювиальды қабат екі немесе үш қабатшаға бөлініп кетеді күңгірт-қоңыр немесе қоңыр түсті, жаңғақты-призмалы құрылымды, құрылым бөлшектері қырларында анық байқалған жылтырлық бар, тығыз.

Иллювиальды В2 қабатының төменгі жағы, ашық түсті құрылым бөлшектері ұлғайып, жылтырлық азайған. С-аналық жыныс сарғылт-қоңыр түсті, құрылымы анық байқалмаған, тығыз қалыптасқан, жиі созылыңқы дақтар түріндегі карбонаттар болады.

Солодтар үш типшеге бөлінеді: ормандық (типті), шалғындық (шымды) және шалғынды-батпақтық (торфты).

Ормандық солодтар (типті) – шөптесін өсімдіктер нашар дамыған қайыңды және қайыңды-көктеректі шоқ ағаштар астында қалыптасады. Мұндай солодтар кескінінде А0 орман төсеніші астында А2 солодты қабат анық байқалады. Қарашірікті элювиальды А1 қабаты қалыптаспаған немесе нашар жетілген, оның қалыңдығы 5 см-ден аспайды. Орман солодтарының кескіні күлгін топырақтарға ұқсас.

Шалғындық солодтар (шымды)- селдір шоқ ағаштар астында немесе шөптесін өсімдіктері жақсы дамыған ойпаңдарда қалыптасады. Шалғындық солодтар кескінінде шымды қарашірікті-элювиальды А1 қабаты жақсы қалыптасқан, оның астында солодты А2 қабаты орналасады. Кескіннің төменгі жағында глейлену байқалады.

Шалғынды-батпақтық солодтар (торфты) – жер асты сулары жақын жатқан бұта аралас шалғынды-батпақтық өсімдіктер астындағы ойпаңдарда қалыптасады.

Шалғынды-батпақтық солодтар кескінінде торфтанған шым А0, торфты қабат Ат0, қарашірікті-элювиальды А1 және солодты А2 қабаты анық байқалады. Кескін бойында глейлену күшті дамыған.

Солодтарды кебірлену мен тұзданудың қалдық белгілері бойынша туыстықтарға бөледі. Солодтарды карбонатсыз, тұзданбаған және кебірленбеген, кебірленген және сортаңданған деп бөледі.

Шалғындық солодтарды (шымды) сонымен қатар шымды қабат қалыңдығы бойынша аз шымдалған- А1 қабаты қалыңдығы-5-10 см, орташа шымдалған- А1 -10-20 см және терең шымдалған А1 қабаты - >20 см. Шымды қабаттағы қарашірік мөлшері бойынша: аз қарашірікті- 3% -тен аз, орташа қарашірікті-3-6%, жоғары қарашірікті- 6%-тен жоғары.

 

БАҚЫЛАУ СҰРАҚТАРЫ:

 

1. Қандай топырақтар солодтар деп аталады?

2. Солодтардың негізгі морфологиялық айыру белгілерін атап беріңдер.

3. Солодтар кескіні қандай генетикалық қабаттарға бөлінеді?

4. Солодтар қандай тип тармақтарына бөлінеді?

ҚОҢЫР ШӨЛЕЙТ ТОПЫРАҚ

Сабақтың мақсаты: Қоңыр шөлейт топырақ классификациясымен, морфологиялық белгілерімен, қасиеттерімен танысу.

Тапсырма:

1. Монолиттер мен жәшіктегі үлгілерді пайдаланып қоңыр шөлейт топырақтардың морфологиялық белгілерін қарастыру дәптерге осы топырақ бейнесін түсіру.

2. Қоңыр шөлейт топырақ классификациясымен танысу.

3. Қоңыр шөлейт топырақтардың таралу шекарасын, түзілу жағдайларын қарастыру.

Тапсырмаға түсініктеме.

Шөлейт аймақ Қазақстанда дала мен шөл аралығында орналасып республика территориясының 23%-ін алып жатыр. Климаты қуаң және тым континентальды, жылдық жауын-шашын мөлшері 200-250 мм. Өсімдік жамылғысы сиректеу- боз, бетеге, жусан, бұйырғын, изен, қаңбақ, т.б. шөптерден құралған. Аймақтың негізгі топырақ типі қоңыр шөлейт топырақ.

Қоңыр шөлейт топырақта органикалық қалдықтардың аз мөлшері және олардың жылдам минералдануы, гумус мөлшері аз, аз қалыңдықты генетикалық қабаттарға анық бөлінген кескін қалыптастырады. Қоңыр шөлейт топырақтар кескінінің жоғарғы бөлігінде қабатты құрылымды, сұр-қоңыр немесе жалынды-сұр түсті қарашірікті-элювиальды А1 қабаты орналасады. Қарашірікті қабат қалыңдығы 10-15 см. Одан төмен қоңыр–сұр түсті, тығыз қалыптасқан, жарықшақты, ірі кесекті немесе тоң кесекті құрылымды қарашірікті-иллювиальды В1 қабаты орналасады. Омыру беткейінде сирек призмалық пен жылтырлық байқалады. А1+ В1 қабатының қалыңдығы 30-35 см. Қарашірікті-иллювиальды қабаттың астында иллювиальды карбонатты қабат Вк орналасады, біркелкі боялмаған, сарғылт-қоңыр, карбонат ақтаңдақтары бар.

Карбонатты қабат тығыз қалыптасқан, тоң кесекті немесе жаңғақты құрылымды. 80-100 см тереңдікте гипсті қабат бөлінеді, одан төмен жеңіл еритін тұздар кездеседі. Тұздар, соның ішінде натрий тұздары органикалық қалдықтардың минерализациясы және бұзылу кезінде түзіледі, терең шайылмайды, осыған байланысты натрийдің сіңіру комплексіне енуіне жағдай туады, нәтижесінде шөлейт қоңыр топырақтарда кебірлену процесі жүреді. Бұл топырақтарда кебірлену кең таралған (28-кесте).

 

28-кесте - Қоңыр шөлейт топырақтардың классификациясы

 

Типше Тегі
Типті қоңыр шөлейт топырақтар (Каспий алды)   Ашық қоңыр шөлейт топырақтар (Қазақстандық)     Гипссіз қоңыр шөлейт топырақтар (Орталық азиялық) Қалыпты (кебірленбеген) Кебірлі Қалдық-кебірлі солодтанған Сортаңданған Карбонатты Босқұмды Гипсті Шала дамыған (тығыз жыныстарда) Гипссіз

 

Қоңыр шөлейт топырақтарды типшелерге бөлу негізіне гумус мөлшері мен топырақ кескінінің жеңіл еритін тұздардан сілтісіздену дәрежесі алынады, бұл көрсеткіштер жергілікті жағдайлар (топырақтардың механикалық құрамы, жыныс сипаты, орналасу тереңдігі) және олардың даму ерекшеліктерімен анықталады.

Қоңыр шөлейт топырақтарды тегтерге бөлу негізіне кебірлену, сортаңдану және карбонаттылық алынған.

Қалыпты шөлейт топырақтарда топырақ типінің белгілері түгел сақталады.

Кебірленген топырақтардың сіңіру комплексінде 3 - 15% натрий болады. Қарашірікті В1 қабатының төменгі бөлігі тығыздалған, құрылымы кесекті-призмалы немесе тоң кесекті. Кебірленбеген қоңыр топырақтармен салыстырғанда карбонаттар мен жеңіл еритін тұздар топырақ беткейіне жақын орналасқан.

Қоңыр шөлейт қалдық-кебірлі солодтанған топырақтарда солодтану белгілері қарашірікті-элювиальды қабатта болады. Оларға SiO2 себіндісі, жапырақты құрылым, кеуекті қалыптасу тән. Қарашірікті қабаттың төменгі бөлігінде кебірлену мен аз мөлшерде сіңірілген натрий болады.

Қоңыр шөлейт сортаңданған топырақтар 1 метрлік қабатта жоғары мөлшерде жеңіл еритін тұздар болуымен ерекшеленеді.

Қоңыр шөлейт карбонаттық топырақтардың сипатты белгісі- беткейінен бастап қайнау және аз тереңдікте көп мөлшерде карбонаттардың болуы.

Қоңыр шөлейт босқұмды топырақтар құмды жыныстарда дамыған , кескінінің нашар жіктелуі, карбонаттар мен жеңіл еритін тұздардан сілтісізденуімен ерекшеленеді.

Қоңыр шөлейт гипсті топырақтар қалдық гипсті жыныстарда қалыптасады.

Қоңыр шөлейт шала дамыған топырақтар тығыз жыныстардың аз қалыңдықты элювийінде қалыптасады, қиыршық тасты, кейде тастанған.

Қоңыр шөлейт гипссіз топырақтар жеңіл жыныстарда қалыптасады, оларда кебірлену белгілері жоқ, тұзданбаған, аз карбонатты, олардың кескіні жиі қиыршық тасты.

Қоңыр шөлейт топырақтар кебірлену, сортаңдану, карбонаттылық және тастану дәрежесіне қарай түрлерге бөлінеді.

 

БАҚЫЛАУ СҰРАҚТАРЫ:

 

1. Қоныр шөлейт топырақтар қандай жағдайларда түзіледі?

2. Қоңыр шөлейт топырақтардың морфологиялық айырмашылық белгілері?

З. Қоңыр шөлейт топырақтардың классификациясы кандай?

4. Қоңыр шөлейт топырақтар Қазақстанның қай облысында кең таралған?

СҰР-ҚОҢЫР ТОПЫРАҚТАР МЕН ТАҚЫРЛАР

Сабақтың мақсаты: Сұр-қоңыр топырақтар мен тақырлардың классификациясы, морфологиялық белгілері, қасиеттерімен танысу.

Тапсырма:

1. Монолиттер мен жәшіктегі үлгілерді пайдаланып сұр-қоңыр мен тақырлардың морфологиялық белгілерін қарастыру дәптерге осы топырақ бейнесін түсіру.

2. Сұр-қоңыр мен тақырлардың классификациясымен танысу.

3. Сұр-қоңыр мен тақырлардың таралу шекарасын, түзілу жағдайларын қарастыру.

Тапсырмаға түсініктеме.

Сұр-қоңыр топырақтар мен тақырлар- шөлді аймақтың басты генетикалық түзілістері.

Сұр-қоңыр топырақтар мен тақырлардың құрылысы мен қасиеттері қолайсыз климат жағдайында өтетін шөлді аймақтың топырақ түзілу процестеріндегі ерекшеліктермен анықталады. Жылдық жауын-шашын мөлшері 75-200 мм, жазы ылғалсыз ыстық, 10 градустан жоғары оң температура жиынтығы 4000 градустан астам. Өсімдік жамылғысы – жусанды-сораңды, эфемерлі-эфемероидты түрлерден тұрады. Шөл топырақтары қарашірік мөлшерінің аз, қарашірікті қабаттың аз қалыңдықты болуы, құрылымының нашар түзілуімен ерекшеленеді. Шөлді аймақ топырақтарында кебірлену, беткейінен бастап карбонаттардың жиналуы, аз тереңдікте жеңіл еритін тұздар мен гипстің жиналуы анық байқалады.

Жаздағы аз ылғалдану мен күшті құрғау топырақ беткейінде шөлді аймақтың сипатты белгісі кеуекті қыртыс қалыптастырады.

Сұр-қоңыр топырақтарда кеуекті қыртыс К жалынды-сұр түсті, 3-5 см қалыңдықты. Оның астында қалыңдығы 5-7 см А1 қабаты орналасады. Одан кейін күңгірт-күрең түсті, призмалы-кесекті құрылымды, карбонат көздері бар тығыз иллювийлі В қабаты орналасады, оның төменгі бөлігінде 20-30 см тереңдікте гипс бөлінуі байқалады. 30-40 см тереңдікте жеңіл еритін тұздар болады. Бұл топырақтар қолайсыз физикалық қасиеттерімен ерекшеленеді. Сұр -қоңыр топырақтар 29-кестеде көрсетілген типшелер мен тегтерге бөлінеді.

Сұр-қоңыр карбонатты (тұрандық) топырақтар сұр-қоңыр аз карбонатты топырақтардан кескін бойы карбонаттардың жоғары мөлшерде болуымен ерекшеленеді. Карбонаттардың ең жоғары мөлшері кескіннің орта және жоғарғы бөліктерінде байқалады.

Сұр-қоңыр аз карбонатты (қазақстандық) топырақтар сұр-қоңыр карбонатты (тұрандық) топырақтармен салыстырғанда генетикалық қабаттарға анық бөлінеді.

Сұр-қоңыр қалыпты (кебірленбеген) топырақтар бос жыныстарда қалыптасады. Олардың кескіні нашар жіктелген.

 

29-кесте – Сұр-қоңыр топырақтар классификациясы

 

Типше Тегі
Сұр-қоңыр карбонатты (тұрандық)     Сұр-қоңыр аз карбонатты (қазақстандық)   Қалыпты (кебірленбеген) Кебірленген Сортаңданған Гипсті (гипс төселімді) Тығыз жыныстарда шала дамыған

 

Кебірленген топырақтар тығыз қалыптасу, жарықшақтық, кесекті-тоңкесекті немесе призмалы құрылымды болуымен сипатталады.

Сортаңданған топырақтар жеңіл еритін тұздардың жоғары мөлшерде болуымен ерекшеленеді.

Гипсті топырақтарда 40-50 см тереңдікте 50%-ке дейін гипс болады.

Сұр-қоңыр топырақтар түрлерге тұздану, кебірлену дәрежесі және кескін қалыңдығы бойынша бөлінеді. Тығыз жыныстарда шала дамыған топырақтар жеке тегке бөлінеді.

Сұр-қоңыр топырақтар арасында шалғындық-сұр-қоңыр шөл топырақтары кездеседі – шөлейт шалғынды-қоңыр топырақтарға ұқсас. Ойпаңдау жерлерде астық тұқымдас-жусанды өсімдіктер астында қалыптасады. Төселуші жыныс қасиеттері мен жер бедерінде орналасу жағдайына тәуелді, әртүрлі сілтісіздену және тұздану дәрежесімен сипатталады.

Тақырлар – шөлді аймақтың ойпаң балшықты жерлерінде кездеседі. Олардың беті кеуіп жарылып кеткен ойдым тығыз, қызғылт немесе жалын-сұр түсті. Беткейі балшықты 2-3 см қалыңдықты тығыз қыртыспен жабылған, тығыздығы аздау қабаттанған немесе қабыршақты қабатқа ауысады. Қыртыс пен қабыршақты қабаттың қалыңдығы 3-7 см. Одан төмен кесекті, жеңіл еритін тұздары бар қабат орналасады. Тақырлар Іле, Шу, Сырдария, Жайық өзендерінің төменгі жағында таралған.

Тақырларға кескінінің жоғары карбонаттылығы тән. Олардың ең көп мөлшері үстіңгі қабатта болады.

Тақырлар екі типшеге бөлінеді: типті тақырлар (балдырлы) және құмданған тақырлар (қыналы). Типті тақырлар мынадай тегтерге бөлінеді: қалыпты (сортаңданған) – аз тереңдікте жеңіл еритін тұздар болады; сорланған – қыртыстың астында тұздар болады; кебірленген – тұздар төмен қарай шайылған, қыртыс және қыртыс астындағы қабат тығызданған, су ерітіндісі күшті сілтілі; кебірлі құйма – су көп тұрған жерлерде қалыптасады, терең жарықшақты тығыз қыртысты, ірі тоңкесекті құрылымды және тұздардан шайылу дәрежесі бойынша бөлінеді; құмданған – құмдардың жиналуымен қалыптасады, басқа тақырларда болмайтын өсімдіктер өсуімен сипатталады.

Құмданған тақырлар (қыналы) беткейінің алма-кезек сумен жабылуы нәтижесінде қалыптасады. Бұл тақырларда жұмсақтау қабыршақты кеуекті қабат болады.

 

 

БАҚЫЛАУ СҰРАҚТАРЫ:

 

1. Сұр-қоңыр топырақтар мен тақырлар қандай жағдайларда түзіледі?

2. Сұр-қоңыр топырақтардың морфологиялық айырмашылық белгілері?

З. Сұр-қоңыр топырақтар мен тақырлардың классификациясы кандай?

4. Сұр-қоңыр топырақтар мен тақырлар Қазақстанның қай облысында кең таралған?

 

 

ТАУ ЕТЕГІНДЕГІ-ШӨЛДІ ДАЛАЛАР ТОПЫРАҚТАРЫ

Сабақтың мақсаты: Сұр топырақтар мен шалғындық-сұр топырақтардың классификациясы, морфологиялық белгілері, қасиеттерімен танысу.

Тапсырма:

1. Монолиттер мен жәшіктегі үлгілерді пайдаланып сұр топырақтар мен шалғындық-сұр топырақтардың морфологиялық белгілерін қарастыру дәптерге осы топырақ бейнесін түсіру.

2. Сұр топырақтар мен шалғындық-сұр топырақтардың классификациясымен танысу.

3. Сұр топырақтар мен шалғындық-сұр топырақтардың таралу шекарасын, түзілу жағдайларын қарастыру.

Тапсырмаға түсініктеме.

Сұр топырақтар мен шалғындық-сұр топырақтар субтропиктердің тау етегіндегі- шөлді далаларда таралған.

Сұр топырақтарға мынадай белгілер тән: кескінінің генетикалық қабаттарға нашар жіктелінуі; қарашірік мөлшерінің төмен болуы; сұрғылт-жалынды немесе жалынды түсті боялу; нашар қалыптасқан макроқұрылым; бүкіл кескінінің карбонаттылығы; топырақ фаунасының тіршілік әрекетінен пайда болған кеуектілік пен қазылған жолдардың болуы.

Бұл топырақтардың кескіні мынадай қабаттарға бөлінеді: А, В1, Вк, С. Сұр топырақтардың классификациясы 30- кестеде берілген.

 

30-кесте - Сұр топырақтардың классификациясы

 

Тип Типше Тегі
Сұр топырақтар Ашық Типті (кәдімгі) Күңгірт Тұзданбаған Сортаңданған Шала дамыған

 

Сұр топырақтарды тұздану дәрежесі мен жеңіл еритін тұздардың орналасу тереңдігі бойынша және қарашірікті қабат қалыңдығы бойынша (аз қалыңдықты А+В <40 см, орташа қалыңдықты - 40-80 см және қалың >80 см) түрлерге бөледі.

Ашық сұр топырақтардың гумус мөлшері төмен. Қарашірікті қабаттың жалпы қалыңдығы (А+В1) - 40-50 см. Ашық сұр түсті болуына байланысты қарашірікті қабат А аналық жыныстан қиын ажыратылады. Оның қалыңдығы 6-12 см. Тың жерде қабаттың жоғарғы бөлігі тақталанған-қабыршақты құрылымды, төменгі бөлігі – нашар байқалатын кесекті. Ауыспалы қабат В1 өте аз гумусты, қоңыр-жалын реңді ашық-сұр түсті. Тығыздалған, құрттар мен жер қазушылар тіршілік әрекетінің іздері байқалады. Иллювиальды карбонатты қабат Вк анық байқалмайды, карбонаттардың жиналуына байланысты ашықтау жалынды түспен бөлінеді. С қабатында 100-120 см тереңдікте жиі дақтар, кристалдар түріндегі гипс кездеседі.

Типті (кәдімгі) сұр топырақтардың гумус мөлшері жоғарырақ. Қарашірікті қабат қалыңдығы (А+В1) - 55-80 см. А қабаты ашық-сұр немесе сұр түсті, жоғарғы бөлігінде жақсы шымданған, кесек құрылымды. В1 қабаты сұрғылт-жалынды түсті, бос, ірі тесікті кеуек. Карбонатты қабат сұрғыл-жалынды түс және ақ көзше таңбаларымен бөлінеді. Гипс кристалдары 130-200 см тереңдіктен бастап кездеседі.

Күңгір сұр топырақтар қалың қарашірікті кескінді, жиі 80 см –дейін және жоғары. Қарашірікті қабат күңгірт-сұр түсті, кесек құрылымды. Ауыспалы В1 қабаты қоңыр-жалынды реңді сұр түсті, тоң кесекті-кесекті құрылымды, кеуекті. Карбонатты иллювиальды қабат анық байқалады, карбонаттар ақ көзшелер түрінде болады. Гипс кристалдары 200 см тереңдікте жыныста кездеседі.

Бұл аймақта сұртопырақтармен қатар жеке тип шалғындық сұр топырақтар кездеседі.

Шалғынды-сұр топырақтар қарашірікті қабаттардың (А және В1) сұр немесе күңгірт-сұр түспен айқын бөлінуімен сипатталады, оларда таттанған дақ тар түріндегі артық ылғалдану белгілері жақсы байқалады. Гипс пен жеңіл еритін тұздардың бөлінуі жиі кездеседі.

 

БАҚЫЛАУ СҰРАҚТАРЫ:

 

1. Тау етегіндегі- шөлді далаларда таралған топырақтардың морфологиялық айырмашылық белгілері?

2. Тау етегіндегі- шөлді далалар таралған топырақтардың классификациясы қандай?

3. Тау етегіндегі- шөлді далалар топырақтарының таралу аймағы?

ҚҰРҒАҚ ЖӘНЕ ЫЛҒАЛДЫ СУБТРОПИК ТОПЫРАҚТАРЫ

Сабақтың мақсаты: Сұр күрең, қүрең, қызыл, сары топырақтардың классификациясы, морфологиялық белгілері, қасиеттерімен танысу.

Тапсырма:

1. Құрғақ және ылғалды субтропик топырақтарының морфологиялық белгілері мен қасиеттерін қарастыру.

2. Құрғақ және ылғалды субтропик топырақтарының классификациясымен танысу.

3. Құрғақ және ылғалды субтропик топырақтарының таралу шекарасын, түзілу жағдайларын қарастыру.

Тапсырмаға түсініктеме.

Құрғақ субтропикалық дала аймағының негізгі топырақтары сұр күрең топырақтар мен күрең топырақтар, ал ылғалды субтропиктік аймақтың негізгі топырақтары қызыл және сары топырақтар.

Сұр күрең топырақтар ксерофитті шөптесін және бұталы өсімдіктер астында субтропиктік құрғақ климат жағдайында, карбонатты борпылдақ жыныста қалыптасады. Батыс Кавказ бен Батыс Тянь-Шань тауларының биіктеу бөктерлерінде таралған. Топырақ кескіні мынадай қабаттардан құралған: А-Вtк-ВСкк. А- қарашірікті қабат қалыңдығы 20-25 см, күрең-сұр түсті, кесек құрылымды. Метаморфты қабат Вt тығыздау, жаңғақ-кесекті құрылымды, карбонаттардың жаңа түзілістері байқалады. Вк- карбонатты метаморфтық қабат. ВСк- аналық жынысқа алмасу қабаты, карбонатты.

Сұр күрең топырақтар НСІ-дан беткейінен бастап қайнайды және жақсы қалыптасқан иллювиальды карбонатты Вк қабаты болады.

Сұр күрең топырақтардың топырақ типі үш тип тармағына бөлінеді: күңгірт сұр күрең топырақтар, кәдімгі сұр күрең топырақтар, ашық сұр күрең топырақтар.

Күрең топырақтар құрғақ субтропиктік ормандар мен бұталар астында қалыптасады. Сұр күрең топырақтардан айырмашылығы күзгі-қысқы-көктемгі ылғалдану мөлшері жоғарырақ. Грузияда, Әзірбайжанның кейбір аудандарында, Орта Азиялық таулы өлкелерде және Қырымның оңтүстік жағасында орналасқан.

Күрең топырақтарда кескіннің ортаңғы бөлігінде балшықтану процесі анық байқалады. Топырақ кескіні мынадай қабаттардан құралған: А-Вкt-ВС (ВСк)-Ск. А- қарашірікті қабат күрең немесе сұрғылт-күрең түсті, кесекті, қалыңдығы 15-30 см. Вкt- метаморфты, тығыз, күрең, кесекті-жаңғақты, кейде карбонатты, қалыңдығы 20-30 см. ВС (ВСк)- метаморфты, аналық жынысқа алмасу қабаты, біркелкі боялмаған, тығыздығы аздау, жиі карбонатты, Біртіндеп С аналық жынысқа өтеді.

Күрең топырақтардың топырақ типі үш тип тармағына бөлінеді: сілтісізденген күрең топырақтар, типті күрең топырақтар, карбонатты күрең топырақтар.

Қызыл топырақтар субтропиктік ылғалды және жылы климат жағдайында тау етегіндегі ағашты өсімдіктер астында қалыптасады. Типті күлгінденбеген қызыл топырақтардың кескіні мынадай қабаттардан құралған: А0 - шым, немесе орман төсеніші, папортниктер мен ағаш жапырақтарының жартылай ыдыраған қалдықтарынан құралған, қалыңдығы 3-4 см; А - қарашірікті қабат, сұрғылт-күңгірт-қоңыр, кесекті-дәнді, ауыр құмбалшықты немесе балшықты, қалыңдығы 20-25 см; В - қалыңдығы 35-45 см және жоғары (70-80 см) алмасу қабаты В1 және В2 қабатшаларына бөлінеді; В1- сұрғылт-қызыл, кесекті, ауырқұмбалшықты немесе балшықты, тығыздалған; В2- күрең-қызыл, қара және ақшыл-сары дақтары бар, тығыз, кесекті, ауыр құмбалшықты немесе балшықты; С - топырақ түзуші жыныс, біркелкі боялмаған, қызыл, көп мөлшерде ірі қара темір-марганецті түзілістері мен ашық-сары кремнезем дақтары бар, жаңғақ-кесекті, ауыр құмбалшықты, тығыз.

Қызыл топырақтардың топырақ типі екі тип тармағына бөлінеді: типті қызыл топырақтар, күлгінденген қызыл топырақтар.

Сары топырақтар субтропиктік ылғалды және жылы климат жағдайында мәңгі жасыл ағаштары басым ормандар өсетін жерде, сары түсті жер қыртысының бұзылған жыныстарында дамыған. Қара теңіздің баспалдақты жағалауы мен Батыс және Шығыс Кавказдың тау етегінде таралған. Сары түсті қыртыстың қызыл түстіден айырмашылығы кремнезем мөлшері жоғары (55-65%) және жартылай тотықтар мөлшері төмен (25-30%), осыған байланысты түсі қызыл топырақтардағыдай ашық емес.

Сары топырақтардың кескіні мынадай қабаттардан құралған: А01- АВ-В-ВС -С. А0 - орман төсеніші (3-4 см); А1- қарашірікті қабат, сұр түсті, жалынды кейде сарғылт реңді, кесекті, қалыңдығы 10-15 см; АВ-қарашірікті- метаморфты алмасу қабаты, сұрғылт-сары түсті, төменгі бөлігінде жиі ұсақ темір-марганецті түзілістер мен татты дақтар болады, қалыңдығы 15-20 см; В- иллювиальды-метаморфты қабат, сары түсті, тығыз, қалыңдығы 30-40 см; ВС - топырақ түзуші жынысқа алмасу қабаты; С - топырақ түзуші жыныс.

Сары топырақтардың топырақ типі үш тип тармағына бөлінеді: глейлі сары топырақтар, күлгінденген сары топырақтар, күлгінденген сары глейлі топырақтар.

БАҚЫЛАУ СҰРАҚТАРЫ:

 

1. Құрғақ және ылғалды субтропик топырақтары қандай жағдайларда қалыптасады?

2. Сұр күрең топырақтардың морфологиялық айырмашылық белгілері классификациясы қандай?

3. Күрең топырақтардың морфологиялық айырмашылық белгілері классификациясы қандай?

4. Қызыл топырақтардың морфологиялық айырмашылық белгілері классификациясы қандай?

5. Сары топырақтардың морфологиялық айырмашылық белгілері классификациясы қандай?

 

ЖАЙЫЛМА ТОПЫРАҚТАРЫ

Сабақтың мақсаты: Жайылма топырақтарының классификациясы, морфологиялық белгілері, қасиеттерімен танысу.

Тапсырма:

1. Монолиттер мен жәшіктегі үлгілерді пайдаланып жайылма топырақтарының морфологиялық белгілерін қарастыру дәптерге осы топырақ бейнесін түсіру.

2. Жайылма топырақтарының классификациясымен танысу.

3. Жайылма топырақтарының таралу шекарасын, түзілу жағдайларын қарастыру.

Тапсырмаға түсініктеме.

Жайылма - өзен арнасы бойындағы тасқын су басатын, оның шөгінділерінен (аллювий) құралатын ойпаң жер. Жайылма үш бөліктен тұрады: арна бойындағы жайылма, орта немесе өзен бойы және терраса бойы. Жайылманың негізгі топырақтары шымды қатпарлы топырақтар, аллювиальды шалғындық топырақтар және аллювиальды батпақтық топырақтар.

Шымды қатпарлы топырақтардың беткейінде аз қалыңдықты шымды қабат Ад орналасады. Оның астында жеңіл механикалық құрамды нашар байқалатын кесек құрылымды қалыңдығы 20 см–ге дейін қарашірікті А қабаты орналасады. Кескіннің ерекшелігі - анық байқалатын қатпарлылық. Қалыңдығы әртүрлі аллювийдің құмды, құмдақ және өте сирек жеңіл құмбалшықты қабаттар кезектеседі. Қарашірікті қабаттың төменгі бөлігінен жеке В ауыспалы қабатын бөледі. Кескінде тотықсыздану процестерінің белгілері болмайды. Шымды қатпарлы топырақтар арна бойы жайылмасының биіктеу бөлігінде орналасады.

Аллювиальды шалғындық топырақтар топырақ түзілуіне ықпалы болатын жер асты сулары жақын орналасқанда бірқалыпты аллювиальды режим жағдайында қалыптасады. Бұл топырақтар жақсы қалыптасқан гумусты кескінді, төменгі бөлігінде (В және С қабаттары) глейлену мен заттардың гидрогенді аккумуляция белгілері болады. Шымды қабаттың (Ад) астында анық байқалатын дәнді құрылымды ауыр механикалық құрамды қарашірікті қабат орналасады. Төменде дәнді-жаңғақты құрылымды және әртүрлі дәрежедегі глейлену белгілері бар жеке алмасу қабаты (В1 немесе В1g) орналасады. В1 немесе В1g қабатынан кейін жекеленген гумус дақтары мен анық глейлену белгілері бар, жаңғақты призмалы құрылымды В2g алмасу қабаты орналасады.

Аллювиальды батпақтық топырақтарда кескіннің үстіңгі бөлігінде торфты қабат немесе балшықты-шірінділі масса орналасады. Төменде глейлену жылдам дамиды. Торфты глейлі топырақтарда торфты қабат қалыңдығы 50 см-ден жұқа, торфты топырақтарда 50 см –ден қалың. Қалыпты жағдайда торфты қабат типті батпақтық төмегінгі торфты топырақтардағыдай ыдырау дәрежесінің жоғары болуымен ерекшеленеді. Бұл қабат жиі балшықтанған немесе темір, әк, кейде вивианттың аккумуляциясы байқалады. Далалы, шөлейт, шөл аймақтарда жиі батпақтық топырақтар тұзданған болады.

Балшықты- батпақтық топырақтардың кескінінде күшті ыдыраған жағылатын балшықты органикалық затпен қаныққан, ашық қызыл-сары глейлі дақтары бар шірінділі (гумусты) қабатты бөледі.

Жайылма топырақтарының кескінінде аймақтық топырақ түзілу ерекшеліктерінің белгілері сақталады – күлгіндену іздері, кебірлену, солодтану, сортаңдану және т.б.

Орманды далалы және далалы аймақ аллювиальды шалғынды топырақтары қарашірікті қабатының қалың болуы және гумуспен боялуының қою болуымен ерекшеленеді. Бұл топырақтарда карбонаттылық, кебірлілік пен сортаңдану байқалады.

Субаридті және аридті аймақ аллювиальды топырақтары қалыпты жағдайда карбонатты, жиі жеңіл еритін тұздар болады және қарашірікті қабаттың төменгі жағында химиялық байқалған кебірлі қабат болады немесе бүкіл кескінінің құйма қалыпты болуымен сипатталады.

 

БАҚЫЛАУ СҰРАҚТАРЫ:

 

1. Жайылма топырақтары қандай жағдайларда қалыптасады?

2. Шымды қатпарлы топырақтардың морфологиялық айырмашылық белгілері классификациясы қандай?

3. Аллювиальды шалғындық топырақтардың морфологиялық айырмашылық белгілері классификациясы қандай?

4. Аллювиальды батпақтық топырақтардың морфологиялық айырмашылық белгілері классификациясы қандай?

 

 

ТАУЛЫҚ АЙМАҚТАР ТОПЫРАҚТАРЫ

Сабақтың мақсаты: Тау топырақтарының классификациясы, морфологиялық белгілері, қасиеттерімен танысу.

Тапсырма:

1. Таулы аймақтарда топырақтардың орналасу ерекшеліктерімен танысу.

2. Полярлы, бореальды, суббореальды, субтропиктік топырақ белдеулерінде тау топырақтарының орналасуындағы айырмашылықтарымен танысу.

3. Қазақстанның таулы аудандарындағы топырақтардың орналасу ерекшеліктерімен танысу.

 

Тапсырмаға түсініктеме.

Таулы аудандарда топырақтардың орналасуы және қалыптасуы В.Д. Докучаев құрған тік аймақтылық заңына бағынады. Тік аймақтылық деп мекен биіктігіне тәуелді климат пен өсімдіктердің өзгеруіне байланысты топырақтардың орналасуын атайды.

Таулы елдерде топырақ зоналары жазықтықтағы сияқты белдеулер құра орналасады. Бірақ мекен биіктігінде топырақтардың кезектесіп орналасу тәртібі бұзылатын жағдайлар да кездеседі. Топырақтардың дұрыс орналаспау құбылысы топырақ зоналары инверсиясы деп аталады.

Бірқатар таулы елдерде қалыпты зоналар қатары жүйесінде жекеленген топырақ зоналары болмайды. Бұл құбылыс топырақ зоналары интерференциясы деп аталады.

Тік белдеулік сипаты таулы елдің ендік биоклиматтық орналасу белдеуімен анықталады. Мынадай белдеулік кластарын айырады: полярлы, бореальды, суббореальды, субтропиктік.

Белдеуліктің полярлық класында таулы тундра топырақтары басым. Тайгалы зона бореальды класын 2 белдеуге бөледі - таулы күлгінді және таулы-тундралы.

Бореальды белдеудің далалы және орманды далалы зоналарында таулы -қоңыр, таулы –қара топырақ және сұр орман топырақтары қалыптасады. Бұл белдеуде таулы құба орман және таулы-шалғын топырақтар да байқалады.

Суббореальды класта жоғары ормансыз белдеуде таулы шалғынды топырақтар басым, орманды белдеуінде ормандық қоңыр топырақтар басым.

Субтропиктердің құрғақ зонасында таулы сұр топырақтар таралған, субтропиктердің ылғалды зонасында қызыл топырақтар мен сары топырақтар таралған.

Орталық Азия мен Қазақстан таулы топырақтары өте күрделі және ерекше жаралған. Бұл орта азия тауларының географиялық орналасуы мен мұхиттан өте алыс қашықтығына, климат құрғақшылығы, күрделі геологиялық құрылым, жиі үштік тұзданған шөгінділер кездесетін топырақ түзуші жыныстар әртүрлілігімен анықталады.

Іле Алатауында (Солтүстік Тянь-Шань жотасы) 3800 м-ден жоғары мәңгі қарлар мен мұзарттар орналасқан. Содан солтүстік беткеймен төмен түскенде мынадай топырақтық өсімдік белдеулерінен өтуге болады: 3800–2800 м альпілі және субальпілі шалғындар (жазда жайлаулар) өсетін жерде таулық-шалғынды топырақтар: 2800–2000 м – орта таулы шалғынды – орман зонасы, қылқан жапырақты аралас ормандардың (Тянь-Шань шыршасы, қайың, көктерек) күңгірт түсті таулық-ормандық терең күлгіндеу топырағы және таулық-шалғынды қара топыраққа ұқсастау топыраға: 2000–1200 м – бітік шалғынды түрлі шөптіген масақты өсімдіктер астында күңгір-сұр аздап күлгіндеу ормандық сұр және сілтісізденген қара топырақтар; 1400–800 м – тау етегінің дала зонасында әртүрлі шөптекті – масақты өсімдіктер астында орташа гумусты қара топырақтар мен күңгірт қара қоңыр топырақтар; 800–500 м тау етегінің шөл дала зонасында эфемерлі – масақты – жусанды өсімдіктер өсетін жерде ашық қара қоңыр, кәдімгі және ашық боз топырақтар дамыған. Таулық топырақтар жазғы жайылым, орман және ауыл шаруашылығында және мал шаруашылығында пайдаланылады.

 

БАҚЫЛАУ СҰРАҚТАРЫ:

 

1. Топырақтардың тік аймақтылығы дегеніміз не?

2. Топырақ аймақтарының инверсиясы, миграциясы, интерференциясы дегеніміз не?

3. Таулы елдерде топырақ түзілуінде қандай ерекшеліктер болады?

4. Қазақстан территориясындағы тауларда топырақтардың орналасуы қандай?

 

 

ТОПЫРАҚТАРДЫ АГРОНОМИЯЛЫҚ СИПАТТАУ

Сабақтың мақсаты:Топырақтарды агрономиялық сипаттау, агроөндірістік топтау жолдарын меңгеру.

Тапсырма:

1. Облыстық немесе аудандық топырақ картасынан топырақ типтері мен типшелерін атау, облыс (аудан) ішінде топырақтық аудандарды анықтау.

2. Шаруашылықтың топырақ картасын қолданып, алқаптар бойынша жер бедерін ескере топырақтарды тип және типшелерге топтап тізімін құру.

3. Көрсеткіштерін анықтап, топырақ картограммасын оқу.

Тапсырмаға түсініктеме.

Карталар, картограммалар мен оларға түсініктеме материалдар (талдау мәліметтері, өнімділік, топырақ түзілу жағдайлары т.б.) негізінде шаруашылық топырақтарын агрономиялық сипаттау тапсырмасын орындаудан бұрын, бұл материалдарды мына тәртіппен мұқият зерттейді:

1) Гранулометриялық құрамын, топырақ түзуші жыныстар сипаты мен ауданын көрсете барлық топырақтар қатарын құрады;

2) Топырақтарды ылғалдану жағдайы (автоморфты, жартылай гидроморфты, гидроморфты, жайылмалық) бойынша бөледі;

3) Мелиоративтік шараларды қажет ететін топырақтарды бөледі (батпақтану, тұздану, кебірлену, тастардан тазалайтын бөліктер).

Бұдан кейін топырақтарды нақты бағалауға кіріседі. Топырақтарды агрономиялық бағалау негізінде тип, типшелерге бөлумен анықталатын генетикалық ерекшеліктері бірінші кезекте болады. Тип және типше ішінде топырақтардың гранулометриялық құрамы, орта реакциясы, гумус мөлшері, қарашірікті қабат қалыңдығы әртүрлі болуы мүмкін, топырақтарды нақты агрономиялық бағалауда су-ауа, жылу және қоректік режимдерімен тығыз байланысты топырақ жағдайлары, сонымен қатар ауылшаруашылығы дақылдарын өсіру ерекшеліктері ескеріледі.

Топырақтарды агрономиялық сипаттау материалдарын жүйелеуде барлық топырақ аймақтарын агрономиялық бағалауда қолданылатын жалпы топырақ қасиеттерін және жекеленген аймақтарда ғана болатын аймақтық ерекшеліктерді бөледі.

Топырақтарды агроөндірістік топтауда агрономиялық қасиеттері мен ауылшаруашылығында қолдану ерекшеліктері ұқсас топырақ түрлері мен түршелерін ірі аймақтық топтарға біріктіреді. Оны топырақ очеркінде, арнайы картограммаларда береді.

Агроөндірістік топтауды өсірілетін дақылдар ерекшеліктерін ескере топырақтарды нақты агрономиялық сипаттау негізінде жүргізеді, шаруашылықтың даму болашағы да ескеріледі. Агроөндірістік топқа ең алдымен генезисі (бір генетикалық типке, типшеге, тегке, түрге жату) ұқсас топырақтарды біріктіреді.

Топырақтарды агрономиялық сипаттау негізінде бірнеше түр немесе түршелерде бірдей болатын көрсеткіштерді анықтайды. Оларға мынадай көрсеткіштер жатады:

1) топырақтардың гранулометриялық құрамы, қалыптасуы, қарашірікті қабат қалыңдығы және топырақтардың геоморфологиялық, гидрологиялық орналасу жағдайлары негізінде қалыптасатын су-ауа және жылу қасиеттерінің ұқсас болуы;

2) қоректену режимі, сонымен қатар тыңайтқыштарды қолдану жағдайларын сипаттайтын жағдайлардың ұқсас болуы;

3) топырақтарды өңдеуді анықтайтын қасиеттер көрсеткіштерінің ұқсас болуы: байланыстылығы, иленгіштігі, жабысқақтығы, ісінуі, қыртыс түзуі, пісу уақыты, жырту қабатының тереңдігі;

4) мелиорациялық шараларға қажеттілік, топырақтардың батпақтану дәрежесін, гранулометриялық құрамын, кебірлілігі мен кебірлер кескінінің қалыптасу ерекшеліктерін, сортаңдануын, орта реакциясын бағалау негізінде анықталады. Гидрологиялық режим мен жер бедері жағдайлары да ескеріледі;

5) Топырақ кескінінде өсімдіктер үшін зиянды заттардың болуы;

6) Эрозияға ұшырау сипаты.

Бір агроөндірістік топқа біріктірілген топырақтардың қолданылу бағыты мен дақылдарды өсірудегі агротехникалық шаралар да ұқсас болады. Агроөндірістік топтау ауылшаруашылығының практикалық сұрақтарын шешкенді топырақтарды ең тиімді қолдануға мүмкіндік туғызады.

 

БАҚЫЛАУ СҰРАҚТАРЫ:

 

1. Карталар мен атластар ауылшаруашылығында қалай қолданылады?

2. Картограмма дегеніміз не?

3. Шаруашылық топырақтарын агрономиялық сипаттауда қандай материалдар қолданылады ?

4. Топырақтарды агрономиялық бағалауда бірінші кезекте қандай ерекшеліктер ескеріледі?

5. Ауылшаруашылығында қолдану ерекшеліктері ұқсас топырақ түрлері мен түршелерін ірі аймақтық топтарға қандай себептермен біріктіреді?

ТОПЫРАҚ БОНИТИРОВКАСЫ

Сабақтың мақсаты:Топырақ бонитировкасы мазмұны және міндеттерімен танысу, топырақтың бонитировкалық ұпайын есептеу әдістерін меңгеру.

Тапсырма:

1. Топырақ бонитировкасы мазмұны және міндеттерімен танысу.

2. Солтүстік Қазақстан топырақтары бонитировкалық ерекшеліктерін және негізгі бонитировкалық белгілерін анықтау.

3. Топырақтың бонитировкалық ұпайын есептеу.

Тапсырмаға түсініктеме.

Топырақ бонитировкасы – бұл топырақтың сапалық белгісі құнарлылықты сандық көрсеткішпен бағалау.

Бонитировка мақсаты – бір топырақтың екінші топырақтан өз қасиеттері бойынша артық не кемдігін ұпай түрінде көрсету.

Топырақ құндылығын салыстыру, оның құнарлылығын сандық бағалау ең алдымен жер ауыл шаруашылығындағы негізгі өндіргіш құрал. Сонымен қатар өз қасиеттерінің әртүрлілігімен ерекшеленетін болғандықтан қажет. Бұл маңызды жұмысты атқару үшін топырақ жайында нақты ғылыми білім, оны тиімді пайдалану үшін жердің потенциалды қорлары туралы топырақ жамылғысы туралы статистикалық мәліметтер қажет.

Мұның бәрі біздің елімізде топырақ бонитировкасын жүргізуді қажет етеді.

Топырақ бонитировкасы көрсеткіштері мыналарды анықтауға мүмкіндік тудырады.

1. Әрбір шаруашылықтың топырақ жамылғысының сапасын өндірістік мүмкіншіліктерін бағалау.

2. Әр түрлі облыстардың, аудандардың, шаруашылықтардың егістік алқаптарының сапасын салыстыру.

3. Әртүрлі ауыл шаруашылық дақылдарын өсіру үшін қолайлы топырақтарды анықтау.

4. Топырақтық-климаттық жағдайларды ескере отырып, ауыл шаруашылығын орналастыру және мамандануының қолайлы жағдайларын анықтау.

5. Топырақ сапасының негізінде ауыл шаруашылығы дақылдары өнімділігін жоспарлаудың ғылыми негізін қамтамасыз ету.

6. Жеке аудандардың, шаруашылықтардың, шаруашылықтық әрекетіне баға беру.

7. Шаруашылықтық әрекетке жер бөлудің тиімділігін жоғарылату

Қазақстанда топырақ бонитировкасының бірнеше әдісі ұсынылған. Ғылыми мекемелердің зерттеуімен, соның ішінде Солтүстік Қазақстан топырақтарының бонитировкасының әдістемесі жасалынған. Бұл әдістеме бойынша бағалау объектісі болып топырақ әртүрлілігінің бонитировкалық ұпайын белгілі жағдайда ауыл шаруашылығы дақылдары өнімділігіне ықпалы жоғары қасиеттері және белгілерінің сандық көрсеткіші негізінде есептейді. Солтүстік Қазақстан топырақтары үшін ондай қасиеттер мыналар.

1. Қарашірікті қабаттың қалыңдығы А+В1 см

2. А+В1 қабатындағы қарашірік қоры т/га

3. Механикалық құрамы (А қабатындағы физикалық балшық мөлшері)

4. Топырақтың кебірлену дәрежесі

5. Карбонаттылығы

6. Тұздануы

Топырақ әртүрлілігінің бонитет ұпайын есептеу 1 таблица бойынша жүргізіледі. Таблицаға топырақ әртүрлілігін жазады. Сәйкес бағасын және олардың сандық сипаттамасын бағаланатын жер аумағының ең жақсы топырағын қарашірінді горизонты қалыңдығы бойынша А+В горизонтындағы қарашірінді қоры бойынша механикалық құрамы бойынша 100 ұпай деп алып, басқа топырақ әртүрліліктерін осыған салыстырмалы түрде есептейміз.

Мысалы. А+В1 горизонты қалыңдығы эталон топырақта 60см 100 ұпай деп бағаланады, А+В1-50см болатын топырақ әртүрлілігінің бонитет балы мынаған тең.

60 см – 100 ұпай

50 см – х х=50*100/60=83 ұпай

Осындай жолмен А+В1 горизонтындағы қарашірінді қорының т/га бонитет ұпайын есептейді. Топырақ зерттеу деректерінде қарашірінді мөлшері процент есебімен көрсетіледі, ал бонитет ұпайын оның т/га есебіндегі қорымен шығарады. т/га есебінде қарашірінді мөлшерін есептеу үшін формула қолданылады:

I=h*v*p

Мұнда: І – берілген горизонттағы т/га-мен қарашірінді қоры

һ - горизонт қалыңдығы, см

v - көлемдік массасы г/см3 осы горизонттың

р – қарашірінді мөлшері %

Қарашірінді қорын т/га жеке А горизонтына және В1 есептейді.

Механикалық құрамын бағалау топырақтағы жоғарғы горизонтындағы физикалық балшық мөлшерімен жүргізіледі. Физикалық балшық мөлшері 52% топырақ 100 ұпай деп бағаланады. Осы эталоннан (52%) физикалық балшықтың 1%-ке жоғарылауы не кемуі бағалау ұпайын 2-ге кемітеді. Мысалы: бағаланатын топырақтың А горизонтында физикалық балшық 60%, яңни эталон топырақтан 8%-ке жоғары механикалық құрамы бойынша ұпайы 100-(8*2)=84 ұпай.

Топырақтағы А горизонтында физикалық балшық 42%, яғни эталон топырақтан 10%-ке төмен ұпай саны 10-(10*2)=80 ұпай. Үш көрсеткіш бойынша топырақтың ұпай санының орташа көрсеткішін былай есептейміз. Мысалы. Горизонт қалыңдығы бойынша 100 ұпай қарашірінді мөлшері бойынша 98 ұпай механикалық құрамы бойынша 96 ұпай

100+98+96/3=98 ұпай

Кебірленуін түзету коэфициентін ендіру арқылы шығарамыз.

Сәл кебірленген түзету коэфициенті 0,9

Орташа кебірленген – 0,8

Жоғары кебірленген – 0,6

Карбонатты топырақтар үшін түзету коэфициенті 0,95

Тұзданған топырақтар үшін түзету коэфициенті төмендегідей.

Сәл тұзданған – 0,8

Орташа тұзданған – 0,6

Тұздануы жоғары – 0,3

Сорлар – 0,1

Топырақ әртүрлілігінің нақты ұпай саны орташа ұпай санын түзету коэфициентіне көбейту арқылы шығарамыз.

Ауданның, шаруашылық топырақ бүркеуін бағалау үшін мына формуланы қолданамыз.

Ворташа1Р12Р2+т.с.с./Р12+т.с.с.

Мұнда: Ворташа- топырақ бүркеуінің орташа бағалық ұпайы

В1- топырақ әртүрлілігінің бонитет ұпайы

Р1- топырақ әртүрлілігінің ауданы

 

БАҚЫЛАУ СҰРАҚТАРЫ:

 

1. Топырақ бонитировкалық ұпайын есептеудің мақсаты қандай?

2. Бонитет ұпайын анықтауда қандай көрсеткіштер алынады?

3. Бонитет ұпайын анықтау қандай жолмен жүргізіледі?

 

ТОПЫРАҚТАНУ ПӘНІНЕН ТЕСТТЕР

 

1.<test>

Генетикалық топырақтанудың негізін қалаған кім:

a) Вильямс В.Р.

b) Сибирцев Н.М.

c) Костычев П.А.

d) Докучаев В.В

e) Тюрин Р.И.

 

2.<test>

Топырақ агрегаттарының қандай мөлшері макро құрылымды:

a) 10 мм-ден жоғары

b) 10-0,25 мм

c) 0,25-0,01 мм

d) 0,01-0,001 мм

e) 0,001 мм-ден жоғары

 

3.<test>

Топырақтар қандай тау жыныстарында түзіледі:

a) магмалық

b) метоморфтық

c) шөгінді

d) интрузивті

e) эффузивті

 

4.<test>

Топырақтың негізгі морфологиялық белгілерін көрсет:

a) құрылысы; қалыңдығы

b) құрылысы; қалыңдығы; боялуы, құрылымы, механикалық құрамы

c) құрылысы; қалыңдығы; боялуы, құрылымы

d) құрылысы; қалыңдығы; боялуы, құрылымы, механикалық құрамы, қалыптасуы, жаңа жарандылар мен кіріспелер

e) құрылысы; қалыңдығы; боялуы, құрылымы, механикалық құрамы, қалыптасуы, жаңа жарандылар мен кіріспелер, кеуектілік,

 

5.<test>

Өзендердің жайылуы нәтижесінде шөккен топырақ түзуші жыныстар қалай аталады:

a) элювий

b) делювий

c) пролювий

d) аллювий

e) морена

 

6.<test>

Тау жыныстарының бұзылуының қандай түрлері бар:

a) химиялық, физикалық

b) химиялық, физикалық, биологиялық

c) химиялық, антропогендік, биологиялық

d) биологиялық, физикалық

e) химиялық, биологиялық,

 

7.<test>

Физикалық балшыққа жататын бөлшектердің мөлшері қандай:

a) 0,0001 мм-ден кіші

b) 0,001 мм-ден кіші

c) 0,01 мм-ден кіші

d) 0,1 мм-ден кіші

e) 1мм

 

8.<test>

Мөлшері қандай топырақ элементтері тастар деп аталады:

a) 3 мм-ден ірі

b) 3-1 мм

c) 1-0,05

d) 0,05-0,0005 мм

e) 0,0005-0,0001 мм

 

9.<test>