Таным дегеніміз не ?

Жоғарғы тарауда болмыс мәселелерін талдап , "Дүние қалай құрылған?",- деген сұраққа жауап беруге тырыстық. Енді уақыт екінші үлкен сұраққа жауап беруді талап етеді. Осы өзімен-өзі өмір сүріп жатқан Дүниені адам танып-біле ала ма? - Әрине, біз бұл сұраққа оң жауап қайтарамыз. Тек болмыс шеңберіндегі заттар мен құбылыстардың ішкі сырын ашу арқылы ғана адам оны ерікті түрде шығармашылық жолмен қайта өзгерте алады. Бізді жағалай қоршаған "екінші табиғат" – неше-түрлі машиналар мен механизмдер, электр стансалары, байланыс жүйелері т.с.с. – адамның дүниетаным мүмкіндігі, рух құдіретінің шынайы көріністері.

Таным деп біз адамның жағалай ортаны зерттеудегі ерекше рухани іс-әрекетін айтамыз. Ол әрқашанда даму үрдісінде. Егерде көне замандағы адам найзағай жарқылдап, күн күркіреген кезде зәресі кетіп, оны аспан Құдайының іс-әрекетіне теңестірген болса, қазіргі уақытта оның физикалық сырын 8-9 сыныптарда оқитын әрбір оқушы айта алады.

Адамзаттың мыңдаған жылдарға созылған тарихы танымның өте күрделі көпдеңгейлі құбылыс екенін мойындайды. Миллиондаған адамдардың дүниетану әрекетінің негізінде, әр-түрлі жырақтар мен бұлақтардан қосылған өзен арнасы сияқты, қоғамдық мағнасы зор таным үрдісі қалыптасады. Алайда жеке адамның санасында қалыптасқан кейбір түсініктер жалған болуы, я болмаса, кейбіреулері өз заманының арнасынан шығып, бүгінгі өмірдің сұранысын тудырмауы да мүмкін. Сондықтан, нақтылы-тарихи қоғамның сұранысына байланысты "табиғи таңдауға" ұқсас үрдістердің негізінде жеке адамның санасындағы ойлар қоғамның рухани байлығына айналады. Ол үшін адамдар өз білімдерімен бір-бірімен бөлісуі қажет. Ол негізінен алғанда университтердің мінбелері, басылып жарық көрген мақалалар мен кітаптар арқылы, олардың мазмұнын сынау, тиімді және тиімсіз жақтарын қоғамдық санаға көрсету т.с.с. жолдармен жүріп отырады.

Қайсыбір тіршілік сияқты, адам да жағалай қоршаған ортаның шеңберінде өмір сүреді. Алайда, оның өмір сүру тәсілі басқа тіршіліктерден мүлде өзгеше. Егерде қайсыбір жануар өзінің дене құрылысы мүміндігіне сай жағалай ортаға бейімделген, дүниедегі сан-алуан құбылыстардың ішінде тек өз тіршілігіне тікелей, я болмаса жанама қатысы бар заттар мен құбылыстарды ғана сезініп, тек соған сәйкес өмір сүретін болса, адам дүниеге өз санасы арқылы универсалды, яғни, жан-жақты қарай алады. Сонымен қатар, жағалай орта нақтылы-тарихи өмір сүріп жатқан адамдардың таным мүмкіндіктері мен оны игеру деңгейінен әрқашанда асып түседі. Олай болса, ол адамдардың Дүниені зерттеп игеру жолындағы шексіз мүмкіндіктерін тудырады.

Дүниетанудағы негізгі мақсат – зерттеліп жатқан заттар мен құбылыстардың ішкі сырын ашу, яғни, оларды білу. Білім әрқашанда шындықтың идеалдық бейнесі, өйткені, бірдемені білу дегеніміз – сол жөнінде идеалдық түсініктің болуы. Олай болса, танымды - күрделі үрдіс, ал білімді – белгілі бір нәтиже ретінде қарауымыз керек.

Тарихи ғылыми білім дүниеге келместен бұрын күнбе-күнгі өмір тәжірибесінен пайда болған қарапайым күнбе-күнгі білім дүниеге келеді. Ол адамның кәсіби танымдық іс-әрекетінен емес, күнбе-күнгі өмірдің қажеттіктерінен (аң аулау, балық ұстау, еңбек құралдарын жасау, үй салу, бала тәрбиелеу, жеміс-жидек жинау т.с.с.) пайда болады. Оған күнбе-күнгі өмір тәжірибесінен қорытылған халық даналығын көрсететін мақал-мәтелдерді, адамгершілік нормаларды, әдет-ғұрыптарды т.с.с. жатқызуға болар еді. Осындай өмірлік білімнің негізінде адамдар жағалай ортаны бағдарлай алатын дәрежеге жетеді. Ал, ғылыми білімге келер болсақ, ол арнаулы білімді игеру мен оны шығармашылық жолмен дамытудың негізінде пайда болады. Оның қайнар көзі бертінде, ой еңбегінің дене еңбегінен бөлінуінен басталады.

Жүре келе, ғылыми зерттеудің пәніне байланысты білімнің әр-түрлі салалары пайда болады. Табиғатты зерттеудің барысында астрономия, механика, физика, химия, геология, биология т.с.с. ғылымдардың негіздері қаланады. Олардың басын біріктіріп жаратылыстану ғылымдары дейміз. Адам мен қоғамды зерттейтін білім салалары гуманитарлық, қоғамдық пәндерді тудырды. Оларға философия, психология, саясаттану, мәдениеттану т.с.с. пәндер жатады. Гуманитарлық білімдердің ерекшеліктері – олардың мазмұнында нақтылы-тарихи өмір сүріп жатқан әлеуметтік топтардың мұдделері мен мақсат-мұраттарының бейнеленуі. Сондықтан, белгілі бір қоғам өміріндегі құбылысқа әрбір әлеуметтік топ өзіндік баға беруі мүмкін. Сонымен қатар, бұл пәндердің бәрінің басын біріктіретін құндылықтарға келер болсақ, олар – адамды сүю, ізгілік, жақсылық, жетілгендік, әсемдік, әділеттілік, еріктік, теңдік т.с.с.

Гуманитарлық білім саласында көркемдіктануды ерекше алып қарауға болады. Оған әдебиет, поэзия, қылқалам, әуен т.с.с. өнер саласындағы туындыларды зерттеуді жатқызамыз.

Сонымен қатар, бүгінгі адамзаттың рухани-адамгершілік дағдарысқа түсуіне байланысты дінтану мәселелері ерекше өзекті болып отыр.

Дүниетану - өте күрделі құбылыс, ол үшін адам барлық жан-тәнінің мүмкіндіктерін пайдаланады. Нақтылы-тарихи өмір сүріп жатқан қоғамдағы құндылықтар, солардың негізінде қалытасатын қоғамдық қатынастар, өндіргіш күштердің деңгейі т.с.с. таным үрдісінде өз орнын алады.

Олай болса, дүниетану негізінде жатқан іргетасты құбылысты анықтамай болмайды, сонда ғана оның терең мәнін ашуға болады. Сана, рух болмысының өзегі білімде болғаннан кейін, мыңдаған жылдардың шеңберінде ойшылдар танымның негізін адамның санасынан көрді : "таным үрдісін дамытатын ақыл-ой жаттығуы, жетілуі", "шығармашылық ізденіс", "білімге деген құмарлық", "туа біткен табиғи дарын" т.с.с. Әрине, аталған факторлардың танымдағы орнын терістеуге болмайды. Бірақ, олардың негізінде толыққанды таным теориясын жасау мүмкін емес. Ол үшін біз адамның басқа тіршіліктерден бөлек, тек өзіне ғана тән өмір сүру тәсілін анықтауымыз керек. Ал, оның өзі бізді адамның "таза табиғатқа" қанағаттанбай, оны қайта құру, өзгерту іс-әрекетіне әкеліп тірейді. Оны философия тілінде "практика" дейді.

Танымның практикалық табиғаты

Практика (practіkos,- грек сөзі,- белсенділік, іс-әрекет) ұғымы жағалай қоршаған ортаны өзгертудегі адамның саналы, мақсатқа лайықты іс-әрекетін бейнелейді. Әрине, адам да қайсыбір тіршілік секілді жағалай ортасыз өмір сүре алмайды. Қайсыбір жануар өзінің дене құрылысы, табиғатына байланысты жағалай қоршаған ортаның шеңберінде өзінің орнын тауып өмір сүреді. Ол тек қана өз тіршілігіне тікелей, я болмаса, жанама қатысы бар заттар мен құбылыстарды ғана сезініп қабылдай алады. Яғни, оның мүмкіндіктері әрқашанда шектелген. Ал адамға келер болсақ, ол қоршаған ортамен универсалды, жан-жақты қатынасқа түседі. Жағалай қоршаған орта нақтылы-тарихи өмір сүріп жатқан адамның игеру мүмкіндігінен әрқашанда басым болғаннан кейін, адамның шексіз дүниетану мүмкіндігін тудырып, оның жаңа күш-қабілеттерін оятады.

Білімнің шынайы мән-мағнасы оның өмірге еніп қоғамның материалдық және рухани жақтарын жетілдіруде емес пе? Танымның негізгі мақсат-мұраты тек қана білімді жетілдіру ғана емес, сонымен қатар, қоғам мен адамның үне бойы өзгерістегі материалдық және рухани қажеттіктерін өтеуде болса керек.

Осы тұрғыдан алып қарағанда, ғылымның қайнар көзінің өзі осы адамзат практикасының қажеттіктерінен шыққанын байқауға болады. Мысалы, көне заманда көшпенділер аспандағы жұлдыздар мен планеталарға қарап, көш жолдарын анықтай бастады. Көне Мысыр мен Қытайда суармалы егін егу қажеттігі үлкен каналдарды қазып тартуға мәжбүр етті, ал ол үшін жер бетіндегі кеңістікті зерттеу қажет болды. Соның нәтижесінде геометрия мен математиканың негіздері жасала басталды.

Қазіргі адамзат практикасына келер болсақ, оның қажеттіктері де ғылымның дамуының негізінде жатқаны сөзсіз. Мысалы, АҚШ Невада штатында жақында орасан-зор синхрофазатронды іске қосты. Ол осы мемлекетке 6 млрд. долларға түсті. Осыншама қаражат бірнеше аса дарынды физиктердің "білімқұмарлығы үшін" жұмсалды деп ойлау тым тұрпайы болар еді. Ресей, басқа да ірі мемлекеттер де ядролық физика саласын зерттеуге біршама қомақты қаражат жұмсауда. Ал оның негізгі себебі адамзат практикасынан шығатын энергияның жаңа көздерін ашу қажеттігінде жатқаны сөзсіз. Өйткені, органикалық шектелген энергия ресурстары (мұнай, газ, тас көмір) жылдан-жылға азайып қазірдің өзінде алаңдатушылықты тудырып отырғаны ешкімге де құпия емес. Сонымен, жаңа энергия көздерін ашу, оны игерудің арзан да қауіпсіз технологияларын жасау – бүгінгі таңдағы ғылымның негізгі мақсат-мұраттарының біреуіне айналып отыр. ХХ ғ. соңғы ширегінде дүниеге келген эволюциалық химияның да алдындағы зор мақсат – күн сәулесін электр тоғына айналдырудың арзан технологиясын жасау, судың фотолизін жасап, су тегін практикалық түрде шексіз де таза энергия көзіне айналдыру т.с.с.

Бүгінгі таңдағы ең алдыңғы қатарлы ғылым саласы – биологияға келер болсақ, мұндағы ғалымдардың алдына қойған мақсат-мұраттары да бүгінгі адамзат практикасымен тығыз байланысты екенін байқаймыз. Генетикамен байланысты микробиологиялық зерттеулер тіршілікті клональды, яғни, бейжыныстық жолмен тудыру, өмірдің ең терең сырларын ашу – қазіргі адамзатқа ауадай қажет нәрселер. Өйткені, тек осы зерттеулердің негізінде болашақта тұқым қуу механизміндегі жиі кездесетін ауытқуларды емдеуге, сонымен қатар, мол өнім беретін жаңа өсімдіктер мен жануарлар түрлерін тудыруға, олай болса, жер бетіндегі аштыққа ұшыраған халықтарға тиімді көмек беруге жол ашылады.

Енді ғарышты зерттеу мәселелеріне келер болсақ, олардың да адамзат практикасымен байланысты екенін байқауға болады. Мысалы, ғарыштағы орналасқан байланыс жүйелері арқылы теңізде апат болған кемені тез арада тауып алып көмек көрсетуге болады. Бүгінгі жер бетін толығынан шырмаған ақпарат жүйелері – интернетті - өмірге еңгізу, әр-түрлі құрлықтармен телефондық байланыс жүйесін орнату т.с.с. ғарыштағы жасанды серіктерсіз мүмкін болмас еді.

Жоғарыда келтірілген деректерді тағы да жалғастыра беруге болар еді. Бұлардың бәрі де таным үрдісінің әрқашанда адамзат практикасымен байланысты екенін көрсетеді. Дүниетаным адамзаттың ерекше рухани іс-әрекеті болғанымен, оның терең табиғаты практикада, оның әлеуметтік-тарихи мән-мағнасында жатқаны сөзсіз.

Таным құрылымы

Таным - өте күрделі үрдіс, оған адамның бүкіл жан-дүниесі – түйсіктері, ақыл-ойы, ырқы, сезім тебіреністері, ішкі көкей көзі (интуиция) – бәрі де өзара бір-бірімен байланысты түрде қатысады. Шынайы таным үрдісінде оларды бір-бірінен ажырату мүмкін емес. Дегенмен де, танымды жете түсіну үшін біз теоретикалық деңгейде оларды бір-бірінен ажыратып қарастыруымызға болады. Осы тұрғыдан келгенде біз сезімдік танымнан бастауымыз қажет сияқты.

Сезімдік танымның негізгі формалары – түйсіктер, қабылдау және елестету – болып табылады. Жағалай қоршаған Дүниемен адам өз түйсіктері арқылы байланысты. Адам белгілі бір затты көріп, оның жылы-суықтығын, жұмсақ-қаттылығын, ащы-тәттілігін т.с.с. анықтай алады. Әрине, түйсіктерді толығынан жағалай ортадағы физикалық құбылыстармен теңеуге, сонымен қатар, ажыратуға болмайды. Кең түрде алғанда, түйсіктер – бізді дүниемен байланыстыратын, сол жөнінде деректер беретін бейнелеудің ерекше түріне жатады. Олар, әрине, қоғамдық-тарихи дамудың нәтижесі, адамзат практикасымен тығыз байланысты.

Адамның түйсіктері бір-бірімен байланысты, олар өзара бір-бірін толықтырып, сәйкестендіріп отырады. Соның нәтижесінде адам дүниені қабылдауға мүмкінді алады. Затты қабылдау дегеніміз – оның ащы-тұщылығын, түрлі-түсін т.с.с. қасиеттерін бөлек-бөлек ажырату емес, оның біртұтас бейнесін тудыру болып табылады. Сонымен қатар, ерекше ескеретін нәрсе – адам қабылдаған заттың барлық қасиеттерін бірдей бейнелей алмайды. Ол заттың тек оған қажетті жақтарын ерекше белгілейді. Мысалы, егер көктемде біз алқызыл апорт алмасын көрсек, оның біртұтас бейнесінің ішінде оның хош иісіне ерекше көңіл бөлеміз. Өйткені, біз оны жегіміз келеді. Егер де осы ақуал күзде болып, жаңа ғана он алма жеп, сол апортты көрсек, оны қабылдағанда оның түсіне, әсем жақтары мен формасына ерекше көңіл бөлеміз, яғни, оны жейтін тамақ емес, эстетикалық зат ретінде қабылдап, ләззәт аламыз.

Әр адам дүниедегі заттарды өз жасына, өмірден алған тәжірибесіне, білімі мен кәсіби іс-әрекетіне, тіпті мінез-құлқына байланысты сана-сезіміндегі қалыптасқан категорияларды (ұғымдарды) пайдаланып қабылдайды. Мысалы, жеңіл машинамен әуестенетін адамның санасында неше-түрлі солар жөнінде ақпараттар бар. Егер ол бұрын көрмеген машинаның жаңа моделін көшеде байқаса, оның жанына келіп, бұрынғы білімдерін пайдаланып, бір минуттан кейін сол көлік жөнінде белгілі бір пікірге келеді, яғни, ол оны игереді. Ал басқа адам ол машинаға көңілін де бөлмеуі мүмкін. Музейге қойылған мәрмәрден жасалған жас әйелдің дене бітімінен бір адам асқан сұлулықты, жетілгендікті көрсе, екінші надан адам оны нәпсілік тұрғыдан қабылдауы мүмкін.

Енді елестетуге келер болсақ, оның санаға тіпті жақындығы байқалады. Өйткені, көзге елестетін зат, я құбылыс көз алдыңда жоқ, бірақ сіз оны елестете аласыз. Мысалы, жақсы көретін досыңызды, я болмаса, ауылдағы туысыңызды дәл қазір жаныңызда болмағанмен көзге елестетуге болады.

Адамның сана-сезімінің тағы да бір керемет ерекшелігі - өткендегіні есте сақтау. Физиологиялық тұрғыдан келгенде, ол адам жүйкесінің өткендегі болғанды ақпарат ретінде сақтау қасиеті болып табылады. Оның негізгі екі түрін көрсетуге болады. Біріншісі – сезімдік бейне болса, екіншісі – сөздік-ұғымдық түрі.

Сонымен, сезімдік таным бізге заттардың айнадағыдай бейнесін бермейді, оның қалыптасуына адамның қажеттігі мен мүддесі, мақсат-мұраты мен идеалдары, неше түрлі сезім толқындары, қысқасы, бүкіл жан-дүниесі қатысады.

Енді абстрактылық ойлау формаларына келер болсақ, онда ең бірінші ұғымдарды атап өтуіміз қажет. Ұғымдарда заттар мен құбылыстардың адамға деген жалпы, мәнді, қажетті жақтары бейнеленеді. Уақытында көркем түрде Г.Гегель ұғымды «табиғаттың жаны,- деген болатын. Өйткені, қайсыбір ұғым мазмұнына заттың біршама мәнді қасиеттері кіріп, оның көлемін сондай қасиеттері бар көп заттар құрайды. Ұғымдар, бір жағынан, дүниедегі заттар мен құбылыстардың бізге керек сан-алуан қасиеттерінің бар екенін және олардың бір-бірімен байланыстарының байлығын бейнелесе, екінші жағынан, адамның танымдағы белсенділігі мен нәтижелігін, ой мен білімнің құнарлы күшін көрсетсе керек.

Жалпы алғанда, ойлау дегеніміз ұғымдарды ретімен байланыстырып белгілі бір пікірге келу, пайымдау болып табылады. Мысалы, адам – ойлай алатын пенде,- десек, оның негізгі қасиеттерінің бірін көрсетеміз.

Бірнеше бір-бірімен байланысты пікірлерді салыстырып белгілі бір қорытындыға келуге болады. Мысалы:

адам- ойлай алады;

Нұрлан – адам;

Нұрлан – ойлай алады.

Алғашқы екі пікірді қорытудан үшінші пікір пайда болды.

Сонымен, адам ойланған кезде белгілі бір зат жөніндегі сезімдік деректерді ұғыммен қамтыуға тырысады. Соның нәтижесінде сезімдік әртүрліктің бірлігі анықталады, яғни зат жөнінде жаңа білім пайда болады. Егер сезімдік деректер әр алуандықты көрсетсе, ұғым олардың бірлігін алға тартады. Мұны біз ғылыми тілде категориалдық (ұғымдық) синтез (біріктіру) дейміз. Кейбір әдебиет беттерінде оны дискурсивтік ойлау әдістері дейді.

Сонымен қатар, адам таным қабілеттерінің бірі ретінде интеллект деген ұғымды келтіруге болады. Ол адамның ең жоғарғы, бүкіл Дүниені біртұтас ретінде қамтуға бағытталған, яғни, философиялық дәрежеге көтерілген ойлау қабілеті болып есептеледі.

Енді интуиция (көкей көз) мәселесіне келер болсақ, ол тікелей шындыққа жету, оның ақиқаттығын анық та айқын көру, ешқандай дәлелдеуді талап етпеу. Мәселенің қиындығы – сол саған ашылған шындықты басқаға жеткізу болса керек. Ол үшін оны тағы да ой елегінен өткізу қажет. Ал мұның өзі интуиция адамның бүкіл сана-сезімімен тығыз байланысты екенін көрсетеді. Қайсыбір көкей көз арқылы берілген шындық сол мәселемен талай күндер, я жылдар бойы айналысқан, оның бүкіл жан-тәнін бойрап алған адамға келеді. Ал оның өзі - сол мәселенің шешілуі тіпті адамның саналы түрде ғана емес, сонымен қатар, бисаналық жолмен жүріп шешілгеннің көрінісі емес пе?

Таным үрдісі адамның ырқымен (воля) де тығыз байланысты екенін байқаймыз. Ол адамды таным жолында белгілі бір мақсаттарға, нәтижеге жеткізуге көмектеседі. Адам өз ырқы арқылы бүкіл күш-жігерін жинақтап, оны зерттеуге ұмтылдырады. Алайда, ырық әрқашанда сананың, ең алдымен, моральдық құндылықтардың бақылауында болуы қажет. Ол, әсіресе, бүгінгі таңдағы жаратылыстану ғылымдарында қажетті. Өйткені, адам дүниеге тереңдеген сайын табиғаттың орасан-зор күштерімен кез болып, ар-ұжданы дамымаған ғалымды сол күштерді өз мүддесіне жаратуға бағытталған пейілі мен іс-әрекетін тудыруы ғажап емес. Мұндай жағдайда, ол адамзатты үлкен қайғы-қасіретке, тіпті бұрынғы-соңғы болмаған апатқа әкелуі мүмкін. Көне Грек елінде өз атын тарихта қалдыруды армандаған, бірақ, қолынан ұлы іс келмейтін Герострат деген кісі Артемида құдайына арналған ғажап кесенені жағып жіберген екен. Сол сияқты бүгінгі уақытта ғылым саласында қызмет етіп жатқан геростраттар жоқ деп кім айталар екен?

Таным үрдісінде аса бағаланатын нәрсе – ол адамның таланттығы. Біріншіден, ол адамға берілген табиғи дарынмен тығыз байланысты екенін байқауға болады. Егер біреу – көркемөнерге жақын болса, екінші – математика, физикаға, үшінші – тілдерді игеруге ынтық болуы мүмкін. Адамдардың бұл қабілеттері белгілі бір әлеуметтік жағдайларды жасау, сонымен қатар, тұлғаның қажымас еңбегінің арқасында, талантқа, яғни, шығармашылық қабілетіне айналуы мүмкін. Кері жағдайда, адам табиғи дарынын таланттық деңгейге көтере алмай, оны сөндіріп алуы да ғажап емес.

Танымның негізгі мақсаты – ақиқатқа жету, соның нәтижесінде ғана оны практикалық өмірде пайдалануға жол ашылады.

Танымдағы ақиқат мәселесі

Практикамен тығыз байланысты келесі мәселе – дүниетану жолындағы ашылған білімнің ақиқаттығы. Әңгіменің қиындығы мынада: қайсыбір білімнің екі жағы бар. Біріншісі - адамның биологиялық табиғаты, яғни, оның түйсіктері, жүйке мен ми ерекшеліктері, сонымен қатар, нақтылы-тарихи жағдайдағы қоғам құрылымы, оның мәдениет ерекшеліктері, ғылыми ақпаратты өңдеп, пайдалану тәсілдерімен байланысты. Екіншісі, танымда бейнеленетін объективтік шындықтың өз қасиеттері мен ерекшеліктерін анықтау болмақ. Танымның осы екі жағы бір-бірімен өте тығыз байланыста екені сөзсіз. Олай болса, біздің білім мазмұнының қай жақтары жеке адам, я болмаса, адамзатқа тәуелсіз түрде зерттеліп жатқан заттың шынайы қасиеттеріне сәйкес келеді? – Бұл сұрақ білім ақиқаттығы мәселесінің өзегін құрайды.

Әрине, жалпы түрде алғанда өзімен-өзі өмір сүріп жатқан шынайы білім дүниеде жоқ. Ол адам, әлеуметтік топ, я болмаса, жалпы қоғамның білімі. Ол бітімі жағынан субъективті. Сонымен қатар, онда дүниедегі зерттеліп жатқан заттар мен құбылыстардың ішкі бізге тәуелсіз мәндік жағы ашылады. Осы тұрғыдан алғанда, ақиқат деп дүниедегі заттар мен құбылыстардың адамның санасында сәйкес бейнеленуін айтамыз.

Сонымен қатар, біз мына нәрсені ұмыт қалдырмауымыз керек. Дүниені зерттеуде адамзат шегіне жеткен ақиқатқа ешқашанда жете алмайды, өйткені, ол шексіз үрдіс. Сондықтан да, ақиқат жөніндегі ілімде оның объективтік, салыстырмалы, абсолютті, прагматистік, когеренттік т.с.с. жақтары ерекше бөлініп алып талданады.

Объективтік ақиқат деп адам, я болмаса, адамзатқа тәуелсіз, яғни, заттың өзіндік қасиеттерін бейнелейтін білім мазмұнын айтамыз. Мысалы, айдың жерді айналып тұрғаны – объективтік ақиқат. Біз қандай әрекет жасасақ та, оны тоқтата алмаймыз, ол бізге тәуелсіз түрде өмір сүріп, жерді айналып тұр.

Абсолютті ақиқат деп дүние жөніндегі толық сарқылып шегіне жеткен білімді айтуға болады. Алайда, Дүниенің іш және сырт жағына да шексіздігі бізді абсолюттік ақиқатқа жеткізбейді. Сонымен қатар, дүниені зерттеу жолындағы алынған объективті ақиқаттар бір-бірімен қосыла келе бізді абсолюттік ақиқатқа жақындата түсіреді. Ол – шексіз үрдіс деп те айтуға болар еді.

Негізінен, адамзат қолы жеткен білім әрқашанда салыстырмалы десек те болғаны, өйткені, ол оның нақтылы- тарихи қалыптасқан іс-әрекетімен, яғни, сол заманның практикасымен шектелген. Мысалы, соңғы уақытқа дейін Марс планетасында су болды ма, я жоқ па?,- деген сұраққа жауап бере алмадық. Өйткені, ол жөніндегі болжамдарды тексеретін дәрежеге жеткен жоқ едік. Енді, тек 2004 жылы ғана американ ғалымдары Марсқа жіберген ғылыми аппараттар арқылы онда өткен шақта су болғанын дәлелдейтін деректер алды. Олай болса, бұрын осы планетада өмір формаларының болғаны сөзсіз, өйткені, су бар жерде - өмір де дүниеге келеді. Мүмкін, вирустар, я болмаса кейбір бактериалар болған болар. Бұл болжам техникалық құралдар дами келе тексерілетіні сөзсіз. Екінші жағынан, дүниеге келген әр ұрпақтың білімінде ақиқат мен қатар әрқашанда жаңылу болатынын да ескеруіміз қажет. Келесі ұрпақ оның біршамасын тексеріп түзетсе де, ғылымды дамыту жолында ақиқат пен қатар жаңылу да болуы мүмкін. Осы тұрғыдан жаңылуды жалғаннан ажыратуымыз қажет. Егер ғылыми танымның қиындықтары кейбір жағдайда зерттеушіні ақиқаттан алшақтатып жаңылуға әкелсе, жалғандық - өтірік айтып адамды саналы түрде қисық жолға түсірумен тең,- дер едік.

Когеренттік ақиқатқа келер болсақ, ол ғылымда ашылған жаңа деректердің негізінде жасалған белгілі бір тұжырымдардың бұрынғы өмір сүріп жатқан теорияға сәйкес келуі. Егер де жаңа ашылған ғылыми жаңалықтарды ескі теорияның шеңберінде түсіне алмасақ, яғни, олар бір-біріне когерентті болмаса, онда ғылымның сол саласында дағдарыс басталып, жаңа ізденістерге жол ашылады.

Батыс философиясында прагматистік (pragma,- іс, іс-әрекет) ақиқат деген де ұғым бар. Егер белгілі бір тұжырымды, я болмаса, көзқарасты басшылыққа алып жақсы, өзімізге пайдалы нәтижелерге жетсек, онда оны прагматистік ақиқатқа жатқызамыз,- дейді осы ағымның өкілдері.

Ақиқат мәселесін талдай келе, оның әрқашанда нақтылығын ұмыт қылмаған жөн. Дүниеде абстрактылық, барлық жағдай мен уақытта пайдалануға болатын ортақ ақиқат жоқ. Бұл жөнінде Гегель былай әңгімелейді: адам өлтірген жас жігітті дар асуға алаңға әкеле жатыр. Алаңға жиналған халық оған тас лақтырып, неше-түрлі қарғыс сөздер айтуда. Осы кезде алаңда тұрған бір қыздың аузынан "шіркін, қандай сұлу жігіт еді",- деген сөздер шығып кеткенде, басқалар оған жекіп "қылмыскер қалай сұлу болады, сен не шатып тұрсың ",- десе, екіншілер "қазіргі жастар бұзылған",- деген "терең" пікір айтады. Бұл, әрине, мәселеге абстрактылық тұрғыдан қарау деген сөз. Өйткені, алаңда тұрғандардың арасында ешкім де сол жігіттің адам өлтіруге қалай барғанын, мүмкін, оны байқамай, я болмаса, кездейсоқтық жағдайда жасағанын білмейді.

Енді философия тарихында кең орын алып, осы уақытқа дейін талданып келе жатқан "ақиқат пен сенім" мәселесіне көшейік. Өз уақытыгда Ибн-Рошд белгілі бір нәрсе жөнінде екі қарама-қарсы тұрған ақиқат айту мүмкін емес, ол – біреу, олай болса, ақыл-ой таразысынан өтуі қажет, - деген пікір айтқан болатын. Ф.Аквинскиге келер болсақ, ол, керісінше, сенім ақиқаты білім ақиқатынан жоғары, өйткені, ол Құдайдың аяны,- деген пікір ұстады. Бүгінгі таңда бұл мәселе "ғылым және мораль" мәселесіне айналды. Өйткені, адамзаттың әрі қарай өрлеуі моральдық құндылықтарға сәйкес келетін ғылым нәтижелерімен тығыз байланысты екенін баса айтуымыз қажет. Басқаша жағдайда, ғылым өз мән-мағнасын жойып, адамға қарсы тұрған зұлымдық күшке айналып кетуі мүмкін. Осы арада қазіргі ғылымды талдауға уақыт келген сияқты.

15.2. Ғылым. Таным методологиясы

Кең түрде алғанда, гректің "methodos",- деген сөзі "жол" деген мағна береді. Әр нәрсені жасағанда, адам оны белгілі бір үлгілер, тәсілдерге сүйене отырып істейді. Мысалы, бүгінгі саясатта батыс елдерінде алғаш пайда болған "пиар-технологиялар" қолданылуда. Педагогика саласында әр пәнді қалай үйрету керегі жөнінде неше-түрлі методтар шығарылған. Мұндай мысалдарды шексіз көбейте беруге болар еді. Сол сияқты ғылыми салада да неше-түрлі методтар жасалып, нәтижелі қолданылады. Бірақ, әңгімені біз сол "ғылымның өзі не",- деген сұрақтан бастауымыз керек. Содан кейін ғылыми методтарды талдауға көшуге болады.

Бүгінгі қоғам өмірін ғылым мен техникасыз көзге елестету мүмкін емес. Ғылым – дүниетану, жалпы алғанда, рухани өндірістің қалыптасқан ерекше түрі. Оның өз мекемелері (ғылыми-зерттеу институттары, лабораториялар т.с.с.), ғылыми қауымдастықтары, зерттеу жабдықтары, ақпарат алмасу (журналдар, конференциялар т.с.с.), қаржы орталықтары т.с.с. бар. Ғылымның негізгі мақсаты – адамзат қажеттіктерін өтеу жолында соған керек білімді өндіріп, оны іс жүзінде өмірде пайдалануға болатындай ғылып қайта өзгерту. Екіншіден, барлық ғылым салаларынан шығатын деректер мен тұжырымдар, теориялардың басын біріктіріп, олардың өзара байланыстарын анықтап "Дүние жөнінде ғылыми сурет" жасау болмақ. Соңғының негізінде адамдардың дүниеге деген көзқарасы қалыптасады. Әрине, ғылым дамыған сайын "дүниесурет" те өзгеріске түседі.

Мыңдаған жылдар бойы ғылым ұрықтары философияның ішінде пайда болып дамыды. Математиканың (геометрия) негіздері жер өлшеу, су каналдарын өткізу т.с.с., астрономия – көшіп-қонудағы аспанға қарап бағыт алудан, Орта ғасырлардағы алхимия – байлықты өсіру (қорғасынды алтынға айналдыру) іс-әрекеттерінен пайда болды. Дегенмен де, бүгінгі ғылым өз түп-тамырларымен Жаңа дәуірге, яғни капитализмнің тарихқа келуімен байланысты дүниеге келеді. Оның Отаны – Еуропа топырағы. Егер Батыс пен Шығыс елдерінің даму қарқыны мыңдаған жылдар бойы біркелкі болса, ХУ1 ғасырдан бастап Еуропа ғылыми зерттеулерді дамыту барысында тез қарқынмен алға өрлей бастайды. Шығыс елдері ғылыми-техникалық салада артта қалады.

Енді мұндай өзгерістердің себебі неде?,- деген сұрақ қойсақ, оған ғылыми әдебиеттен әр-түрлі жауап аламыз. Бұл мәселені егжей-тегжей талдаған неміс философы К.Ясперс оның түп-тамырын христиан дінінің адамға беретін рухани бағытынан көреді (библия этосы адамнан - ол қандай зардаптан өтсе де - ақиқатқа жетуді талап етеді). Екіншіден, "Дүниені Құдай жаратқаннан" кейін, М.Лютер айтқандай, "Құдайдың ісін биттің ішінен-ақ көруге болады", осы себепті, таным дегеніміз Құдай ойының ізімен жүру болса керек. Үшіншіден, бұл Дүние зардап пен қайғыға толы болғаннан кейін, Құдайды ақтау жолында солардың түп-тамырын зерттеп, олармен күресе білу қажеттігі.

Әрине, бұл көрсетілген рухани себептердің өз орны бар. Бірақ, біздің ойымызша, К.Ясперс христиан дінінің негізгі қағидаларының бірі - Құдай адамды өзіне ұқсатып осы жаратылған дүниенің әміршісі қылып жаратты,- деген қағидасына мән бермегендей. Ал шынына келгенде, осы қағида ғылымның христиан әлемінде тез қарқынмен дамуына зор әсерін тигізсе керек. Дүниенің ішкі сырын ашып, оны өз пайдасына жаратып, ақырында сол Табиғатты өз еркіне көндіру – талай ғасырлар бойы жаратылыстану ғылымдарын дамытудағы бағыт болды десек,- ақиқаттан алшақ болмайтын сияқтымыз. Өйткені, біршама Батыс ойшылдарының өзі-ақ бүгінгі таңдағы Еуро-Атлантикалық цивилизациясының терең дағдарысын осы себептен көруде.

Бірақ, бұл мәселенің әлеуметтік-экономикалық жағы тағы да бар. Ол Еуропа топырағына Қайта Өрлеу заманының келуімен тығыз байланысты (ХУ-ХУ1ғ.ғ.). Осы кезде Италияда теңіз саудасы мен балық аулау, мата тоқу т.с.с. кәсіптердің дамуы арқасында біршама шаруалар өз қожайындарынан жеке бас еріктігін сатып алып "жаңа байларға" айналып, шеберханаларында өз еркімен келіп жалданып істейтін еңбек күшін пайдаланады. Сонымен, капиталистік экономикалық қатынастардың негізі пайда болып, тез қарқынмен дами бастайды. Соңында болған буржуазиялық-демократиялық революциялар барлық адамдарға бас бостандығын әкеліп, бүкіл халықты заң жүзінде теңейді. Жаңа қалыптасқан жағдайда әр адам "мен не істеп өз жағдайымды дұрыстай аламын, қалай жан-ұямды асыраймын",- деген ойға келіп, ізденіске кіріседі. Осы миллиондаған адамдар белсенділігінің арқасында капитализм өндіргіш күштерді орасан-зор қарқынмен дамытады. Ал ол үшін Табиғатқа бет бұрып, оның заңдылықтарын ашу арқылы ғана жаңа құрал-жабдықтар, технологиялар жасау мүмкін еді. Міне, біздің ойымызша, ғылымның ерекше салаға айналып дамуының негізінде жатқан негізгі себеп осы болса керек. Сонымен қатар, жоғарыда көрсетілген рухани себептерді де ескеру қажет.

Қорыта келе, ғылым мен техниканың даму сатыларын былайша көрсетуге болады:

1. ғылымға дейінгі саты (көне заманнан ХУ ғ. дейін)

2. қазіргі ғылымның қалыптаса бастауы (ХУ1 – Х1Х ғ. 70ж.ж.)

3. классикалық ғылым мен техника сатысы (Х1Х ғ. 70ж.ж. бастап ХХғ. ортасына дейін)

ХХ ғ. ортасынан бастап осы күнге дейін (постклассикалық саты)

Соңғы сатыда ғылым мен техниканың дамуы "үлкен жарылысты" еске түсіреді. Бүгінгі таңдағы өндірістегі автоматикалық зауыттар, бүкіл дүниежүзін қамтыған интернет жүйесі, теледидар, ұялы телефондар, 2,5 дыбыс жылдамдығына жеткен ұшақтар (Конкорд), Ғарышта орналасқан стансалар мен жер серіктері т.с.с. қазіргі ғылым жетістіктеріне негізделген.

Осы жетістіктерге таңырқап сүйсіне қараған ойшылдар болашақта адамзаттың барлық қайшылықтары ғылымның даму негізінде шешіледі,- деген көзқарас ұстады. Мұны біз сциентистік (scіentіa,- лат. сөзі,- ғылым), я болмаса, техно-оптимистік көзқарас дейміз.

Алайда, шың бар жерде, құз да барын ескеру керек. ХХ ғ. 70 ж.ж. бастап ғылым мен техниканың теріс жақтары да айқындалып (жағалай ортаның бұзылуы, климаттың өзгеруі, адамның техника құлына айналуы т.с.с.) көрсетіле басталды. Антисциентистік, техно-пессимистік бағыт ұстаған ғалымдар қазіргі ғылымды "құмырадан шығып кеткен жынға" теңеп, "енді әрі қарай жаңа өндіріс кешендерін салуды тоқтату керек, әйтпесе жердегі тіршілік оған шыдамай құрып кетеді",- деген пікір айтты. "Аш бала тоқ баламен ойнамайды, тоқ бала аш болам деп ойламайды",- демекші, жаңа ғана дамып келе жатқан елдер өз өндіріс кешендерін орнатып, халықтарының әл-ауқатын көтергісі келеді, Батыс ойшылдарының алаңдауын олар ескермейді.

Сонда әрі қарай не істеу керек?,- деген заңды сұрақ туады. Кейбір кезде, мүмкін, Табиғаттың баласы болып, оған қарсы шықпай үндесті өмір сүрген біздің көшпенді бабаларымыз дұрыс істеген болар?,- деген де сұрақ ойымызға келеді. Әрине, ол - романтикалық көзқарас. Ғылым мен техниканың дамуын тоқтату мүмкін емес. Сонымен қатар, ғылымның жетістіктерін өмірге еңгізген кезде (ол ғылымның негізгі мақсаты), ойланып-толғанып, тек бүгінгі күннің мүддесін ғана ойлап қоймай, сонымен қатар, алыс болашаққа тигізетін оң, я болмаса, теріс әсерін сараптауға салу керек.

Танымдағы сезімдік және ақыл-ой сатылары ғылымда зерттеудің екі деңгейін құрайды. Олар – эмпирикалық және теоретикалық білім. Олар, әрине, бір-бірімен өте тығыз байланысты.

Қайсыбір зерттеу эмпирикалық сатыдан, яғни, ғылыми деректерді жинаудан басталады. Ол үшін зерттелетін зат (объект), я болмаса, құбылысты (феномен) бақылау қажет. Аса назар аударатын нәрсе - ғылымдағы бақылаудың ерекшелігі, өйткені, ол - "tabula rasa",- таза тақта емес. Таным субъектісі (ғалым, я болмаса, ғылыми қауымдастық) зерттелетін объект жөнінде белгілі бір пікір, тұжырым, идеяға ұқсайтын көзқараспен мақсатқа лайықты бақылауға кіріседі. Тәжірибелік таным барысында ғылыми деректер жиналып, салыстырылып, белгілі бір жүйеге келтіріледі.

Әрі қарай ғылым теоретикалық деңгейге – тәжірибелік білімді ұғым, тұжырым, заң т.с.с. ғылыми құралдар арқылы өңдеуге көтеріледі. Теоретикалық таным арқылы біз зерттелетін заттың ішкі тұрақты байланыстары мен заңдылықтарын аша аламыз.

Енді теоретикалық білімнің құрылымына (структурасына) келер болсақ, оларға проблема (мәселе), гипотеза (болжау), теория, заңды жатқызуға болады.

Таным үрдісінде белгілі бір сатыда тежеу, түсініксіз, адамды абыржуға әкелетін ақуал пайда болады. Осы сәтте проблема дүниеге келеді. Оны шешпейінше, адамнан тыныштық кетеді. Сондықтан, кейбіреулер проблеманы – білмейтінімізді білу дейді. Мұндай ақуалдың пайда болуының негізінде сан-алуан қайшылықтар жатыр. Ол белгілі бір құбылыс жөнінде екі әр-түрлі пікірдің пайда болуынан, я болмаса, ескі теория мен жаңадан ашылған ғылыми деректің арасындағы қайшылық т.с.с. себептерден болуы мүмкін. Көп жағдайда мәселенің шешілуі – оны дұрыс қоя білумен байланысты. Ол үшін, әрине, барлық жиналған ғылыми деректер мен тұжырымдарды тағы да ой елегінен өткізіп, проблеманы айқын сезіну қажет. Шешілген проблема ғылыми білімді тереңдетіп, сонымен қатар, жаңа проблемаларды тудырады.

Гипотеза (болжау) – белгілі бір зерттеліп жатқан зат, я құбылыстың себебі жөніндегі кейбір деректерге негізделген болжам болып есептеледі. Ол әлі өзін дәлелдеуді талап етеді. Кейбір гипотезалар зерттеліп жатқан құбылыстың себебін анықтаудың тіпті мүмкін еместігінен пайда болады. Мысалы, ғылымда таңғаларлық бірнеше ғана мәселелер бар. Ол осы Дүниенің өзі, содан кейін тіршілік, ең соңында, рухани пенде – адамның өзі қалай пайда болды деген сұрақтар.

Бұл мәселелер жөніндегі діни көзқарастарды жақшаға шығарып қарағанда, материалистік философия мыңдаған жылдар бойы бұл Дүние мәңгілік өмір сүріп жатыр деген көзқараста болды. Мәселенің қиындығы – осы Дүниедегі бірде-бір зат, я болмаса, құбылыстың мәңгілік өмір сүре алмайтындығында, өтпелілігінде еді. ХХ ғ. 70 ж.ж. астрофизиктер "Ұлы Жарылыс" (Grand Explosіon) гипотезасын ұсынды. Бұл гипотеза Дүниенің мәңгілік еместігін, осыдан 13 млрд. жыл шамасында вакуумның жарылуынан пайда болғанын болжайды. Осы гипотеза арқылы Ғарыштағы "инфра-қызыл сәуле толқындарының ығысуын", "дүниенің кеңею үстіндегі үрдісін" түсінуге болатын сияқты. Уақыты келгенде (млрд. ж.ж. кейін) бұл Дүние өзінің ішкі гравитация күші арқылы тартылып, яғни, коллапсқа ұшырап, өз өмірін тоқтатады. Келесі жарылыс Дүниенің "жаңа үлгісін" әкелуі мүмкін. Мұндай болжамдар адамның ақыл-ойы, шығармашылығының ғажаптығын көрсетпей ме?! Таңғаларлық нәрсе – осы гипотезаға ұқсас идеяларды осыдан 120 ж. бұрын орыс теософы(teos,- құдай, sofіa,- даналық) Е.Блаватская өзінің "Құпия доктрина" деген еңбегінде айтқан болатын.

Ал тіршілік мәселесіне келер болсақ, көп гипотезалардың ішінен акад. Опариннің "коацерваттық", яғни алғашқы көп минералдық тұздар еріген жылы мұхитта күн сәулесінің қуаты арқылы сансыз химиялық реакциялардың негізінде тірі белоктың дүниеге келгені жөніндегі болжамы ерекше бізді тартады.

Адам мәселесіне келер болсақ, ол жөніндегі гипотезаларды біз "адам болмысы" тарауында қарағанбыз (қараңыз: осы кітап, 77-101 б.б.)

Әрине, жоғарыдағы көрсетілген гипотезаларды теорияға айналдыру өте қиын, өйткені, олардың түп-тамыры млрд. жылдарға кетеді. Ал шынайы өмірдегі нақтылы табиғи, я болмаса, әлеуметтік саладағы гипотезаларға келер болсақ, олардың ақиқаттығы ертелі-кеш дәлелденеді. Сонда ғана ол теорияға айналады. Өмірдің өзі-ақ біршама гипотезалардың жалғандығын көрсетіп, оларды ғылым шеңберінен шығарып тастайды. Мысалы, флогистон, я болмаса, ғарышты толтырып тұрған эфир сияқты гипотезалар ғылым дами келе өз жалғандығын көрсетіп категориялық (ұғымдық) статусынан айырылып қалды.

Теория – зерттелетін заттар, я болмаса, құбылыстардың ішкі мән-мағнасын ашатын, практика арқылы дәлелденген, қайшылықсыз бір-бірімен байланысты ұғымдар жүйесі. Мысал ретінде А.Эйнштейннің "салыстырмалы теориясын", Ч.Дарвиннің "эволюциялық теориясын", К.Маркстің "формациялық теориясын" т.с.с. келтіруге болады.

Теорияның қоғам өміріндегі негізгі қызметіне (функция) – түсіндіру, алдын-ала болжау, іс жүзінде пайдалану (практика) жатады.

Қайсыбір теория сол саладағы неше-түрлі деректерді тәртіпке келтіріп, өзара байланыстырып, зерттелген заттың идеалдық моделін (үлгісін) жасайды, сондықтан, адам оның терең мәнін түсінуге мүмкіндік алады.

Жақсы сарапталған теория алдын-ала болжауға, әлі де болса ашылмаған заттың қасиеттерін ашуға мүмкіндік береді. Мысалы, Д.И.Менделеевтің химиялық элементтердің алмасу заңына сүйене отырып, ғалымдар біршама жаңа элементтерді ашты. Әсіресе, әлеуметтік теориялардың маңызы өте зор – солардың арқасында қоғам өміріндегі болашақ өзгерістерді алдын- ала болжауға, яғни, сол өзгерістерге саяси, құқтық т.с.с. жақтардан дайын болуға мүмкіндік ашылады.

Танымның практикалық табиғатынан теорияның іс жүзінде өмірде қолдану мүмкіндігі шығады. Теория біздің танымға деген сүйіспеншілігімізді қанағаттандырып қана қоймайды. Оның негізгі мақсаты - өмірді өркендету, адамдарға өмірлік бағыт беру. Мысалы, ядролық физикада жасалған теориялардың негізінде АЭС-терді салуға мүмкіндік алып, бүгінгі таңда жер бетіндегі жүздеген атомдық стансалар адамзатты орасан-зор күш-қуатпен қамтамасыз етіп жатыр.

Заң - зерттелген заттар, я болмаса, құбылыстардың ішкі, қажетті, мәнді, қайталанатын, тұрақты байланыстарын көрсетеді. Әрбір ғылым саласы өз заңдылықтарын ашып, оларды өзара байланыстырып, теориялық дәрежеге көтеруге тырысады.

Енді таным методологиясын талдауға уақыт келген сияқты. Қазіргі ғылымда сан-алуан зерттеу методтары жасалған. Жалпы алғанда, ғылымдағы таным методтарын үшке бөлуге болады:

Жеке ғылым методтары

2. Жалпы дүниетану методтары

3. Ең жалпы (универсалды) методологиялар

Әрбір жеке ғылым саласы дами келе өз таным үлгілерін (методтарын) жасайды. Ол оның пісіп-жетілгені, жеке ғылым ретінде өз орнын (статусын) тапқанының белгісі. Мысалы, археология ғылымында қазба методтары, мәдени қабаттан табылған заттарды сақтау үлгілері т.с.с. бар. Физика ғылымына келсек, онда спектральдық анализ, тарихи тілтану ғылымында салыстыру методы бар. Археологиядағы қазба методын физикалық зерттеуде қолдануға болмайды, сол сияқты физика методтары арқылы тіл тану мүмкін емес т.с.с.

Жалпы дүниетану методтарына келер болсақ, оларды ғылымның әрбір салаласында белгілі бір зерттеу сатысында қолдануға болады.

Ғылымның эмпирикалық (тәжірибелік) сатысында қолданылатын жалпы методтарға келер болсақ, оларға бақылау, экспериментті жатқызуға болады. Бақылау жөніндегі ойымызды жоғарыда айтқанбыз (107 б.). Экспериментке келер болсақ, ол зерттелетін заттың әлі де болса ашылмаған қасиеттерін білу үшін оны жасанды жағдай жасау арқылы зерттеу болып табылады. Оны кейбір кезде "табиғатты тергеу" дейді. Бүгінгі таңдағы эксперименттерде ғылыми аспаптар мен жабдықтар кеңінен пайдаланылады.

Теоретикалық деңгейде қолданылатын жалпы методтарға абстрактылау, жалпылау, анализ бен синтез, индукция мен дедукция, экстраполяция, моделдеу, тарихтық және қисындық, абстрактылықтан нақылыққа өрлеу т.с.с. жатады.

Абстрактылау дегеніміз зерттеліп жатқан объектінің кездейсоқтық мәнсіз жақтарын ой арқылы "жақшаға алып", мәнді, керектілерін жинақтап, сақтау болып табылады.

Жалпылау – жинақталған жақтардың жалпы, бәріне бір ортақ қасиеттерін табу, сол арқылы олар жөнінде ұғымдану.

Анализ – зерттеліп жатқан заттың құрамдас бөліктерін ашып, олардың қасиеттерін зерттеу.

Синтез – заттың зерттелген құрамдас бөліктерін ой арқылы қайта біріктіріп, олардың бір-бірімен байланысын анықтау.

Индукция – белгілі бір текке жататын заттардың қасиеттерін зерттеу арқылы жекеліктен жалпылыққа өрлеу. Дүние шексіз болғаннан кейін индукция әрқашанда толық емес.

Дедукция – жалпылықтан жекелікке өту. Кеңінен математика, юриспруденция, қисында қолданылады.

Экстраполяция – белгілі бір жеке ғылымның әдістемелерін, я болмаса, тұжырымдарын соған жақын ғылым саласына тарату, сол арқылы жаңалықтар ашу. Мысалы, этика мен құқық ғылымдары нормативтік пәндер болғаннан кейін бірінің нәтижелерін екіншіге пайдалануға болады (әрине, салыстырмалы түрде).

Моделдеу – кеңінен жаңа техника, я болмаса, технологиялар жасағанда қолданылады. Мысалы, жаңа ұшақтың ең алдымен қуыршақ моделін жасап, аэродинамикалық трубадан өткізіп, оның ұшу қасиеттерін тексереді. Содан кейін барып шынайы жаңа ұшақтың сынағы басталады.

Тарихтық және қисындық методтар да бірге қолданылады. Белгілі бір заттың қалайша дүниеге келгенін, қандай нақтылы сатылардан өткенін, сол жолда басқа заттардың оның даму жолын қалай бұрмалағанын т.с.с. біз тарихи метод арқылы зерттейміз. Ол, әрине, ең алдымен қоғам өмірін зерттегенде кеңінен қолданылады.Мысалы, тарихи метод арқылы Қазақ елінің дербестік алғаннан бері қандай сатылардан өткенін, оның даму жолында қандай кедергілердің болғанын, бүгінгі таңда қандай деңгейге көтерілгенін тарихшылар егжей-тегжей зерттеуде. Қисындық деп заттың ішкі табиғатынан, Аристотельдің сөзімен айтсақ, энтелехиясынан шығатын түзу жолды айтамыз. Яғни, қисындық дегеніміз қысқартылған тарихтық. Соңғы - қисындықтың өзге болмысы.

Абстрактылықтан нақтылыққа өрлеу методы - ғылымдағы кең қолданылатын және де қиын тәсіл. Оны жете түсіну үшін "сезімдік нақтылық", "ой нақтылығы" деген ұғымдардың мәнін ашып алуымыз керек.

Көз алдымызда күнбе-күн кездесетіннің бәрін біз түйсіктеріміз арқылы біртұтас зат ретінде қабылдаймыз. Оны біз сезімдік нақтылық дейміз. Ол бізге заттың терең ішкі мәні жөнінде ештеңе айтпайды.

Ой нақтылығы дегеніміз зерттелген заттың абстрактылық ұғымдар арқылы ішкі жан-жақты байланыстары мен қатынастарының бірлігін, олай болса, оның мәнін ашатын метод болып табылады.

Ой нақтылығына жету үшін ең алдымен сезімдік нақтылықтан абстрактылық ұғымдарды жасауға өрлеу қажет. Ол үшін жоғарыдағы көрсетілген біршама тәсілдерді пайдаланып белгілі бір тектегі заттардың ішкі қасиеттерін бөлек-бөлек көрсететін абстрактылық ұғымдарды жинақтаймыз. Яғни, сол саланы бейнелейтін категориалдық (ұғымдық) жүйе жасалуы қажет. Бірақ бұл жасалған жүйенің кемшілігі – оның абстрактылығында. Мысалы, бүгінгі таңдағы саясаттану ғылымында жүздеген ұғымы бар абстрактылық демократия теориясы бар. Ал, осы демократия теориясын нақтылай келгенде, ол әр елде әртүрлі келбетімен көрінеді. Өйткені, әр елдің өз тарихи жолы, мемлекет жөнінде жинақтаған тәжірибесі, әдет-ғұрпы, соған сәйкес менталитеті (ой өрісі) т.с.с. бар. Сондықтан, Қазақ еліндегі демократиялық үрдістің нақтылы теоретикалық моделін жасау үшін сол абстрактылық ұғымдарды пайдаланып, абстрактылықтан нақтылыққа өтуге болады. Сонда ғана біз ой нақтылығына өтеміз.

Енді танымдағы ең жалпы (универсалды, яғни, философиялық) методологияға келер болсақ, ол:

барлық ғылым саласында қолданылады

оның негізгі қағидалары нақтылы жүріп жатқан зерттеудің басынан аяғына дейін басшылыққа алынады.

Ғылымда универсалдық методология қағидаларының болуы Дүниенің біртұтастығымен байланысты. Өлі, тірі табиғат, қоғам өмірі, ойлау үрдістері – бәрі де белгілі бір ең жалпы даму заңдылықтарына бағынады. Осы тұрғыдан алып қарағанда, сонау көне заманнан бастап Дүниетану саласында екі бір-біріне қарсы тұрған көзқарас пайда болды. Олар – диалектика және метафизика.

Көне заманда стихиялық диалектиканың негіздері Шығыс пен Батыста бірдей қалыптаса бастады. Дүние – ағым, өзен,- деді Гераклит. Қытай данасы Лао-цзы болса, қарама-қарсылықтың бір-біріне өтетінін айтып қана қоймай, одан өмірге керек қағидалар шығарды. "Қиындықты жеңу үшін жеңілден баста, ұлылыққа жету үшін кішіден баста, бақытқа жету үшін бақытсыздықтан өту керек (әйтпесе, бақытты екеніңді қайдан білесің)…" т.с.с. Грек топырағында ұлы Сократ алғашқылардың бірі болып ой қайшылықтарын зерттей бастаса, Элеялық Зенон қозғалысты қалайша ой арқылы беруге болатындықты зерттеді…

Жаңа дәуірде неміс философиясының ұлы өкілі Г.Гегель адамзат рухани өрлеу тарихын ұқыпты зерттеп диалектикалық ойлау методологиясын жасады.

Х1Х ғ. марксизмде Гегельдің идеялары әрі қарай дамытылып, тек ой өрісі ғана емес, бүкіл Дүниедегі барлық даму үрдістері диалектикалық заңдар мен категориялардың негізінде жүретіні, олай болса, таным мен қисынның өздері де соларға сәйкес келетіні жөнінде терең ойлар айтылды. Бүкіл ХХ ғ. жаратылыстану мен әлеумет тану нәтижелері – диалектикалық методологияның салтанатты өрлеуі болды десек асыра айтпаған болармыз. Ең алдымен диалектикалық идеялар қоғамтану пәндеріне, содан кейін биология саласына, ХХғ. физика, астрофизика, химия, геология т.с.с. ғылымдарға кірді.