Лекция 14 Адамзат пайда болуы мен эволюциясы

Адамзат пайда болуының мәселелері

Адамзат пен жануарлар арасындағы ұқсастықтар мен айырмашылықтар

Антропология ғылымы туралы

Адамзат, биосфера және космос. Ноосфера ұғымы

 

Адамзат пайда болуының мәселелері

 

Жер бетіндегі тіршіліктің пайда болуын қарастыра келіп, біз оның материяның орасан зор көлемдегі секірмелі өзгерісі мен әлемнің эволюциясы нәтижесінде мүмкін болғандығын анықтадық.

Көптеген ежелгі тайпаларда арғы тектің жануарлардан, тіпті өсімдіктерден таралғаны туралы (ежелгі тотемдерде) түсінік болды, ол қазіргі кейбір тайпаларда да бар. Антикалық уақытта адамдардың лайдан, балшықтан жаратылғаны туралы ойлар айтылды (Анаксимандр). Ол кезде адамдар мен маймылдар арасындағы ұқсастық туралы да сөз болды (Карфагендік Ганнон).

Қазіргі уақытта тіпті НЛО туралы әңгімелерге байланысты адамзаттың жерден тыс жан иелерінен шыққандығы туралы болжамдар айту әдетке айнала бастады.

Бірақ ХІХ ғасырдан бастап, ғылымда Ч.Дарвиннің эволюциялық теориясынан бастау алатын, адамзатттың қазіргі маймылдардың жоғары дамыған арғы тегінен шыққандығы туралы концепция қалыптасқан. Оны ХХ ғасырда генетика ғылымы негіздеп берді, өйткені барлық жануарлар ішінде гендік аппараты бойынша адамзатқа ең жақыны шимпанзе болып шықты.

Палеоантропологиялық зерттеулер мен соңғы уақыттағы ашылулар – адамзаттың түп-тамырымен биосфераға еніп, оның сан алуан жаратылысының бірі ретінде саналатындығын дәлелдеді.

 

Адамзат пен жануарлар арасындағы ұқсастықтар мен айырмашылықтар

 

Адамзат пайда болған уақыт туралы айтпас бұрын біз адамзаттың жануарлардан айырмашылығы туралы сұрақты анықтап алуымыз керек. Ең алдымен адамзат пен жануарлардың ұқсастығы туралы. Ол біріншіден, организмдердің заттық құрамы, құрылымы және мінез-құлқымен анықталады. Адам да жануарлар секілді белоктар мен нуклеин қышқылдарынан тұрады және біздің денеміздің көптеген құрылымдары мен атқаратын қызметтері жануарлардікі сияқты.

Ең жоғарғы эволюциялық сатыда тұрған жануардың адамзатқа ұқсастығы көп болады. Екіншіден, адам ұрығы өз дамуында тіршілік эволюциясы өткен сатылардан өтеді. Үшіншіден, жануарлар үшін үлкен рөл атқаратын рудиментарлық органдар адамдарда қажет болмаса да сақталып қалған (мысалы, соқырішек).

Ал адамзаттың жануарлардан айырмашылығы біршама. Оған ең алдымен ақыл-ес жатады. Маймылдармен жүргізілген тәжірибелер, олардың да сөздерді түсініп, компьютер арқылы өз тілектерін жеткізе алатынын көрсетті. Дегенмен, жоғарғы сатыдағы жануарларда түсінікпен ойлау жоқ, олардың ойлауы (тіпті ол бар деп есептесек), нақты, ал адамның ойлауы – абстрактылы, жалпылама, логикалық түрде болады.

Сол сияқты, адам мен жануарлардың мінез-құлқында ұқсастық бар. Жануарларда да қуанышы, қайғы, сағыну, өзін кінәлі санау, қызығу, назар аудару, есте сақтау сияқты қасиеттер бар. Адамзат түсінікпен ойлау арқылы адамзат өз іс-әрекетін, дүниені түсіне біледі және олардың жануарлардан бір ерекшелігі – ол өзінің іс-әрекетін белгілі бір жоба, жоспар арқылы жүзеге асырады.

Адамзаттың ең басты айырмашылығы – сөйлеу мәдениеті. Бұл арқылы адамзат қоғамы жануарлар дүниесінен айқын ерекшеленеді.

Еңбекке қабілет – бұл адамзаттың жануарлардан тағы бір негізгі айырмашылығы. Әрине, жануарлар да әр нәрсені істей алады. Мысалы: маймылдар жемістерді қағып түсіру үшін таяқ қолдана алады, бірақ тек адамзат қана еңбек құралын өзі ойлап тауып, жасап шығарады. Жануарлар қоршаған орта жағдайына бейімделсе, ал адамдар оны өзгертуге мүмкіндігі бар.

Еңбекке байланысты адамның тағы да екі айырмашылық белгісі бар: тік жүру және қолдарының дамуы. Ең соңында – мәдениет дамуына байланысты – отты пайдалану мен өліктерді көму – бұл тек адамдарға ғана тән іс-әрекеттер.

Антропология ғылымы туралы

Кең түрде алғанда, антропология – адамзат туралы ғылым (гр. «антропос» – адамзат). Яғни антропология – адамзат пайда болуы, дамуы, оның құрылымы туралы ғылым.

Антропология ғылымы ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап, Ч.Дарвиннің эволюциялық теориясы жасалған уақыттан кейін қарқындап дами бастады. Құрылымның негізгі белгілері мен эмбриондық дамуы бойынша «саналы адам» - хордалылар типіне, омыртқалылар подтипіне, сүтқоректілер класына, приматтар отрядына, адам тектес маймылдар подотрядына жатады.

Э.Геккель адамдар мен маймылдар арасында аралық бір түрдің болғанын айта келіп, оларды питекантроптар деп атайды (мағынасы: маймыл – адам). Ол ежелгі адамдардың арғы тегі қазіргі маймылдар емес, үштік дәуірдің ортасында өмір сүрген дриопитектер (ағаш маймылдары) деп болжамдайды. Олардың бір тармағынан эволюция нәтижесінде гориллалар мен шимпанзелер, ал екінші бір тармағынан адам тектес маймылдар таралды деп есептейді. Дриопитектердің бір түрлері ағаштан жерге түсіп, тік жүре бастады, оларды «рамапитектер» деп атады, қалдық сүйектері үнді жерінде табылғандықтан, Рама құдайының құрметіне солай аталды.

Бұдан мөлшермен 10 млн. жыл бұрын олардан сивапитектер бөлініп шықты.

Ал, 1960 жылы ағылшын археологы Л.Лики Шығыс Африкада «қабілетті адамның» қалдықтарын тапты, оның жасы мөлшермен 2 млн жылға сәйкес келеді. Оларды зинджантроптар деп атайды. Оларға «қабілетті» деген қосымшаның берілуі – тастан жасалған еңбек құралдарын пайдалануларына байланысты.

Еңбек құралдарын пайдалану мен топталып өсір сүру – ми мен тіл қатынасының дамуына әсерін тигізді.

Адамзат, биосфера және космос. Ноосфера ұғымы

Жер бетіндегі тіршілік пайда болуын қарастыра келіп, биосфера туралы, тірі заттардың биогеохимиялық қызметтері туралы аздаған мөлшерде айтып өттік. Бұл сұрақта осы мәселелерге тереңірек тоқталамыз.

Қазіргі жаратылыстану ғылымдары жүйесінде биосфера туралы ілім негізгі орын алады. Биосфера туралы ілімнің дамуы В.И.Вернадскийдің есімімен тығыз байланысты, оның басталу тарихы одан ертерек уақытқа Ж.Б.Ламарктың «Гидрология» еңбегінің жазылған кезіне (1802) жыл кетеді. Бұл еңбегінде ламарк тірі организмдердің геологиялық процестерге тигізетін әсері туралы жазған болатын. Одан кейін А.Гумбольдтың «Космос» атты көп томдық еңбегінде (алғашқы томы 1845 жылы шықты) тірі организмдердің өздері енетін жер қабықтарымен байланысы туралы тезис нақты дәлелдермен берілген. Ал 1875 жылы Австрия геологы Ә. Зюсс «биосфера» терминін өзінің «Альпі тауының геологиясы» атты еңбегінде қолданды және оны жеке қабық ретінде қарастырған болатын. Ол биосфераға кеңістік пен уақытта шектелген. Жер бетінде тіршілік ететін организмдердің жиынтығы деп анықтама бероді.

Бірақ ол кездерде биосфераның геологиялық рөлі туралы, оның Жердің планетарлық факторларына тәуелділігі туралы еш нәрсе айтылмады. Ең алғаш рет тірі заттардың геологиялық қызметі туралы, барлық органикалық дүниенің біртұтастығы туралы ой айтқан академик В.И.Вернадский болатын. Оның биосфера туралы концепциялары көптеген еңбектерінде біртіндеп жарық көре бастады. Ол еңбектеріне «Дала топырағының кемірушілер арқылы өзгеруі» (1884), «Тірі заттар» (20-шы жылдардағы қолжазба), «Биосфера» (1926), «Биогеологиялық очерктер» (1940), «Жер биосферасының химиялық құрылысы», «Табиғат зерттеушінің философиялық ойлары» атты еңбектері жатады.

Тірі заттардың геологиялық рөлі олардың атқаратын геохимиялық функцияларына негізделген, ал қазіргі жаратылыстану ғылымы – бұл функцияларды бірнеше категориямен береді:

1) энергетикалық;

2) концентрациялық;

3) деструктивтік;

4) орташа қалыптастырушы;

5) транспорттық.

Тірі органимздер тыныс алу, қоректену, метаболизм және үздіксіз ұрпақ ауыстыру арқылы планеталық орасан үлкен құбылысты – биосферадағы химиялық элементтердің миграциясын қамтамасыз етеді.

Ал геосфераның мұндай орасан зор өзгерістері үлкен энергияны қажет етеді.

Вернадский ашқан биосферадағы тірі заттардың биохимиялық энергиясы оның негізгі көзі болып табылады.

Биосфера – планетаның тірі және өлі заттарының бірлігі, ол геологиялық та, биологиялық та, географиялық та анықтама емес. Бұл биогеохимиядағы негізгі іргелі түсінік, біздің планетамыздың ұйымдасуының негізгі құрылымдық компоненттерінің бірі. Немесе, тіршілік әрекеті арқылы биоэнергетикалық процестер мен зат алмасу жүретін ерекще қабық.

Жерді қоршап тұратын биосфера қабығы өте жұқа. Бүгінгі күнде атмосфераның микроорганизмдер өмір сүретін қабаты. Жербетінен 20-22 км биіктікке дейін көтерілсе, мұхит шұңғымаларында бұл шекара 11 км тереңдікке түседі. Ал жердің тас қабатындағы (литосферадағы) тіршілік 2-3 км тереңдікке дейін барады деп есептелінеді. Өйткені, дәл осындай тереңдіктегі мұнай құрамында анаэробты бактериялар тіршілік ететіні анықталды. Әрине, биосфераның әр аймағында тірі заттардың мөлшері әр алуан. Олардың ең көп мөлшері литосфераның беткі қабатында (топырақта) гидросферада және атмосфераның төменгі қабатында, ал жер қыртысының терең қабаттары мен гидросфераның ең терең бөліктерінде және жоғарғы атмосферада тіршілік те біртіндеп сирей береді.

Космостық сәулелер мен Күн энергиясы Жер биосферасына, жер бетіндегі барлық құбылыстарға тұрақты түрде әсер етіп тұрады. Гелиобиологияның негізін салушы А.Л.Чижевский Күн-Жер байланысын зерттеумен өте көп айналысқан ғалым. Ол Жер бетіндегі сан алуан, сан қырлы құбылыстар мен процестер – Жер қыртысының геохимиялық өзгерісі, планетаның, оның құрамдас бөліктерінің динамикасы тікелей Күн энергиясының әсер етуімен жүреді деп есептейді. Күн энергиясы жер бетіндегі барлық құбылыстарға – соққан самал жел мен өсімдіктердің өсуінен бастап дауылды желдерге дейін, тіпті адамның ақыл-есіне дейін әсерін тигізеді.

Күн белсенділігінің арту циклдері мен биосферадағы процестер арасындағы байланыс XVIII ғасырдың өзінде-ақ белгілі болған. Сол кезде ағылшын астрономы В.Гершель бидайдың өнімділігі мен күн дақтарының арасында байланыс бар екендігін анықтаған. Ал ХІХ ғасырдың аяғында Одесса университетінің профессоры Ф.Н.Шведов жүз жылдық қарағанның діңінің көлденең кесіндісін зерттеу арқылы оның жылдық сақинасының жуандығы әрбір 11 жыл сайын, күн белсенділігінің циклін қайталайтындай өзгеріп отыратынын байқаған.

А.Л.Чижевский өзінен бұрынғы бұл мәселемен шұғыолданған ғалымдардың еңбектерін қорытындылай келе, Күннің жер бетіндегі көптеген биологиялық процестерге әсерін тигізетіндігі, мысалы, Күн тәжінің жарықтығы артып, хромосфералық ұшқындар болған кезде біздің планетамызда эпидемиялық аурулар көбейіп, ағаштардың өсуінің артуы, ауыл шаруашылық зиянкестерінің, микроорганизмдердің көбейіп кетуі сияқты құбылыстар жиілейтіндігін бақылаған.

Бүгінгі уақытта көптеген ғалымдар адамзат біздің планетамыздағы тірі заттардың тек бір бөлігін ғана құрайтындығын айтады. Ал адам органимзі және басқа тірі организмдер биогеосфера ырғағына бейімделеді, ең алдымен тәуліктік, содан соң жылдық немесе маусымдық ырғақтылыққа бағынады.

Адамдардағы зат алмасу ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отыратын циркадалық (тәуліктік) ырғақпен өтеді. Мысалы, 1931 жылы адам бауырының ырғақпен жұмыс істейтіндігі анықталды. Тәуліктің бірінші жартысында бауыр өттің көп мөлшерін бөліп шығарады. Өт – майлар мен белоктарды қорытып, оларды қанттың әр түрлеріне айналдыру үшін қызмет істейді.

Тәуліктің екінші жартысында бауыр қантты өзіне тартып, гликоген мен суды жинақтай бастайды. Оның клеткаларының мөлшері мөлшермен үш есе үлкейеді.

Сонымен бірге, тәулік бойында қанның құрамындағы гемоглобиннің мөлшері де өзгеріп отырады. Оның ең көп мөлшері сағат 11-13 аралығына, ең аз мөлшері 16-18 сағатқа сәйкес келеді.

Тәуліктік өзгеріске организмдегі биофильді химиялық элементтер де түсіп отырады.

Организмде түнде магний тұздары, ал ми сұйықтығында калий тұздары көбейеді. Бұл қосылыстардың екеуі де жүйке-бұлшық ет қызуын бәсеңдетеді. Сонымен қатар, вегетативтік жүйке жүйесі де тәуліктік графикпен жұмыс істейді. Тіпті статистика туу мен өлу процестерінің өзі тәуліктің қараңғы бөліктерінде, көбінесе түн ортасында өтетінін анықтады.

Күн белсенділігінің өзгерісі адамзат денсаулығына да әсерін тигізеді. Мысалы, Чижевский Европалық Россиядағы 1823 жылдан 1917 жылға дейін болған сүзек ауруының материалдарын, 1823 жылдан 1923 жылға дейінгі аралықтағы оба ауруының шыққан кездерін зерттей келе, бұл жұқпалы дерттердің шығуы күн сферасында өтетін құбыылстармен тікелей байланысты екендігін анықтады. Өзі құрастырған графиктер негізінде ол 1930 жылдың өзінде 1960-1962 жылдардағы оба ауруының эпидемиясы шағатынын болжаған, шынында да бұл ауру дәл сол жылдары Оңтүстік-Шығыс Азияда таралды.

Келтірілген фактілер космостық факторлардың және адам организмінің физиологиялық жағдайларына әсер ететіндіг3н көрсетеді.

В.И.Вернадский мен А.Л. Чижевскийдің космос адамзат, биосфера арасындағы байланыс туралы концепциялары Л.Н.Гумилевтің этногенез концепциясына негіз болды. Оның концепциясының негізгі түсініктерінің бірі – пассионарлық серпін – яғни қоршаған ортадан энергияны көп мөлшерде қабылдауға тырысушылық, ал артық энергияны адамзаттың белгілі бір қызмет бағытына жіберуі. Пассионарийлерге - Александр Македонскийді, Наполеонды, Марко Поло, А.Прежевальскийді, А. Эйнштейн мен Гетені және тағы басқаларды жатқызуға болады. Пассионарлық қасиет сирек байқалатын космостық сәуле шашу мен тікелей байланысты (ол мыңжылдықта 2-3 рет қана байқалады).

Биосфера мен космостың, жеке адам мен космостың, қоғам мен космостың арасындағы байланыс туралы ұғымдар біртіндеп ғылыми дүниетанымға енді. Бұл көзқарасты космизм деп, ал мұндай көзқарастың қалыптасуын ғылым мен философияның космизациясы деп атайды.

Космизм идеясы В.В.Докучаевтың, В.И. Вернадскийдің, К.Э.Циолковскийдің, А.Л.Чижевскийдің, Л.Н.Гумилевтің, Н.Г.Холодныйдың, С.П. Королевтің, Н.А. Морозовтың, Н.Ф. Федоровтың, В.С. Соловьевтің, А.Белыйдың тағы басқа ,ғалымдардың еңбектерінен көрініс тапты.

Ноосфера ұғымы. Ноосфера туралы екі түрлі түсінік бар:

1) ақыл-ой сферасының үстемдік етуі (Фихте);

2) адамзат пен табиғаттың ақыл-ой арқылы қарым-қатынас жасау сферасы (Теяр де Шарден, Вернадский)

Біз ноосфераны осы екінші түсінік бойынша қарастырамыз.

Теяр де Шарденнің анықтамасы бойынша, ноосфера дегеніміз – планета эволюциясының болашағынын бағыттарын бақылап отыратын коллективті саналылық, ол табиғатпен өте жақын үйлесімділік табады.

В.И.Вернадский ноосфера атауымен біздің ғаламшарымыз бен оның маңындағы кеңістіктің адамның саналы әрекетінің белгілері орын алған бөлігін түсіндірді. Биосфера тәрізді, ноосфера да Жердің барлық бөліктерін әсер етуші биогеохимиялық күш болып табылады.

Ал ноосфера терминін 1927 жылы француз ғалымдары мен философтары Э.Леруа мен П.Теяр де Шарден ұсынған болатын.

Вернадскийдің биосфералық ілімі бойынша тірі заттар Жер планетасының жоғарғы қабатын өзгертеді. Адамның осындай іс-әрекеті біртіндеп ұлғая түседі де, ол негізгі планетарлық геологиялық күшке айнала бастайды. Сондықтан да адамдар ғаламшар болашағы мен эволюциясы үшін өзінің жауапкершілігін түсіне білуі керек.

Өзінің ноосфера туралы концепцияларына Вернадский мынандай алғы шарттарды ұсынады:

1) Адамзат біртұтас бүтін қоғам. Кез келген құрылық бөлігіндегі болып жатқан жағдайлар барлық жерге ортақ;

2) Байланыс пен ақпарат таратудағы жаңалықтар. Оларды жер шарының кез келген түкпіріне таратады;

3) Адамзаттың тең өмір сүруі – ноосфера үшін қажетті жағдай;

4) Адамзаттың өмір сүру деңгейінің көтерілуі, халық массасының мемлекеттік және қоғамдық істерге араласу мүмкіндігі;

5) Энергетикалық дамуы, энергияның жаңа көздері мен түрлерінің ашылуы;

6) Қоғам өмірінен соғыстың аластатылуы.

Вернадскийдің ноосфера туралы концепциясы ғылыми орталарда қазіргі кезде жан-жақты талқылануда. Ол экологиялық мәселелерді шешу мен адамзат қоғамын сақтап қалу жөніндегі идеялар мен теорияларға негіз болып саналады.

 

Лекция 15 География ғылымдарының пәні, зерттеу обьектілері

 

География ғылымының ерекшеліктері

Географияның пәні және зерттеу обьектілері

География ғылымының қүрылымы

Географияның ғылыми-техникалық кезеңіндегі маңызы

 

География ғылымының ерекшеліктері

Біртұтас ғылыми білім жүйесінде географиялық білімдердің өзіндік орны бар.

География жер бетін құрастыратын күрделі территориялық жүйелерді зерттейді. Бұл жүйелер: табиғи, әлеуметтік және табиғи-қоғамдық болып бөлінеді.

Географиялық ойлаудың мәні –кеңістік заңдылықтарына талдау жасай білу, геожүйелер мен олардың компоненттерінің арасындағы өзара байланыстарды қазіргі әлемнің географиялық картинасына түсінік беретін тарихи әдістемелер негізінде анықтау. Ғылыми болжам жасау –ғылымның баға жетпес таланты. Географ әр түрлі материалдарды пайдалана отырып жер беті мен оның жеке аудандарындағы табиғат пен шаруашылықта болатын өзгерістерге болжам жасай білуі керек.

Қазіргі географтар жер бетінің күрделілігі мен қайталанбас ерекшеліктерін түсіндіретін көптеген заңдылықтарды ашты: географиялық қабықтың зоналылығы мен ырғақтылығы, геожүйелердегі зат және энергия айналымы, геожүйелердің космоспен байланысы, әр түрлі елдердегі шаруашылық дамуы тағы басқалар. Сонымен, әлем туралы географиялық білім уақыт өткен сайын кеңейіп отырады, ол табиғи процестердің динамикасы, мұхит суларының жағдайы мен циркуляциясы, шаруашылықтағы өзгерістер туралы мәліметтермен жыл сайын толығып отырады. Қазіргі уақытта жер бетіндегі экологиялық жағдайлар: ауамен судың ластануы, шөлдің таралуы, топырақ тұздануы тағы басқа мәселелер зерттелуде. Карталарда сстихиялық табиғат апаттары: жер сілкінуі, цунами, дауылдар, су тасқыны тағы басқалар Жер шары халқына, шаруашылығына зиянын тигізетін құбылыстар көрсетілуде. Табиғат, халық, шаруашылық туралы мәліметтер негізінде белгілі бір территорияның сипаттамасын жасау- тек географтың қолынан келетін шаруа. Сондықтан географияның сырт көзге жеңіл пән болып көрінуі бекер.

Географияның пәні және зерттеу обьектілері

География ғылыми байланыстардың екі сферасының (табиғи және қоғамдық) арасында орналасқан, сол себепті оның зерттеу обьектілері мен пәні болып алуан геожүйелер мен оның компоненттері саналады.

Дегенмен ғылым дамуының барысында географияның зерттеу обьектілері мен пәні сан рет өзгерді. Жалпы қалыптасқан ұғым бойынша көптеген ғалымдар география ғылымының негізгі обьектісі ретінде жер бетін қарастырады. Бұған байланысты К.Риттер географияның зерттеу обьектісі ретінде жер бетін, Э.Мартонн – Жер бетіндегі адамзат қызметіне байланысты физикалық, химиялық, биологиялық құбылыстармен олардың таралу себептерін, О.Пешель – Жер табиғатын қарастырады. Көптеген физик-географтар П.И.Броунов ұсынған «географиялық қабық» обьектісімен келіседі.

Географияның зерттеу обьектісі ретінде бірнеше терминдер ұсынылды: геогафиялық қабық, ландшафт қабығы, геосфера, ландшафтық сфера, биогесфера, эпигеосфера тағы басқа.

Ең дұрыс деп қабылданғаны: «географиялық қабық»

Сонымен, географтар өз зерттеулерінің обьектісін анықтады.

Бұл бірнеше бірімен-бірі байланысты жер сфералары мен олардың элементтерінен литосферадан, гидросферадан, атмосферадан, биосферадан тұратын күрделі құрылым – географиялық қабық болып табылады. Географиялық қабықтың компоненттеріне ауа, су, тау жыныстары, тірі заттар жатады. Сондықтан географиялық қабықтың табиғаты әр алуан: онда әр түрлі заттық құрамдағы жүйелер бір-бірімен өзара әрекеттеседі.

Жердің негізгі қабықтарының ішінде гидросфера мен биосфера толығымен географиялық қабыққа енеді. Географиялық қабықтың барлық компоненттері бір-бірімен тығыз байланысты. Географиялық қабықтың біртұтастығы – оның ең маңызды қасиеті.

Географиялық қабық екі маңызды қасиеттердің диалектикалық бірлігімен сипатталады: үздіксіздік (континуальдық) және іркілістік (дискреттік). Үздіксіздік географиялық қабықтың кеңістіктегі таралуының тұтастығымен, ал іркілістік – оның жеке геожүйелерге бекінуімен сипатталады.

Барлық географиялық ғылымдар дамушы территориялық объектілердің кеңістіктегі арақатынасын зерттейді. Бұл олардың негізгі пәні болып саналады.

Ғылым дамуы барысында географиялық зерттеулердің мақсаттары түрлене түседі, өйткені, жаңа объектілер мен жаңа әдістемелер пайда болады.

География ғылымының құрылымы

Ғылыми білімнің әр саласында дифференциация және интеграция процестері жүріп жатады.

Географияда дифференциация процесі 19 басталып ХХ ғасырдың басында белсенді түрде дамыды. Біртұтас география физикалық география мен экономикалық географияға бөлінді. Қазіргі кезде географиялық ғылымдар жүйесі үш блоктан тұрады: ғылыми-жаратылыстық, әлеуметтік-экономикалық және табиғи-қоғамдық. Сонымен бірге кейбір аралық ғылымдар да бар.

1. Ғылыми-жаратылыстық блок. Бұл блокқа теориялық және қолданбалы физикалық-географиялық және қолданбалы физикалық-географиялық ғылымдар енеді.

2. Әлеуметтік-экономикалық блок. Әлеуметтік тәсіл адамзат пен қоғамның көзқарасын, мәселелерін зерттейді.

Экономика – халық шаруашылығы туралы ғылым.

3. Табиғи-қоғамдық блок. Табиғат пен қоғам арасындағы байланыс нәтижесінде туындайтын мәселелерді зерттеумен айналысатын ғылымдар жүйесі.

4. Аралық ғылымдар. Бұл ғылымдар блогына концепциялары, әдістемелері барлық географиялық ғылымдарға қатысы бар пәндер жатады. Мысалы: картография, география тарихы.

Географияның ғылыми-техникалық кезеңіндегі маңызы

Қазіргі ҒТР уақыты әр түрлі ғылым салаларының үлкен нәтижелер көрсетіп жатқан уақыты. Ядролық физика мен генетика, космонавтика мен есептеу техникасы, күрделі процестерді жобалау мен автоматтандыру, жоғары молекулалы қосылыстар химиясы мен жаңа дәрілік препараттар жасау, кибернетика мен гендік инженерия – бұлар ғылыми-техникалық прогреске әсерін тигізуші ғылым жетістіктері.

Қазіргі кездің маңызды міндеттері – табиғат ресурстарын тиімді пайдаланудың ғылыми негіздерін жасау, қоршаған ортаны жақсарту мен қорғау географияға және оның барлық салаларына қатысы бар мәселелер.

Табиғат пен қоғам арасындағы байланыстарды глобалдық және аймақтық масштабта зерттеудің үлкен маңызы бар. Табиғи жүйелердің антропогендік әсерге тұрақтылығын зерттеу өте қажет жағдай. Қоршаған ортаның жағдайына бақылау жасау – географияның маңызды міндеттерінің бірі болып саналады.

Географияның теориялық және қолданбалық потенциалы аса ірі әрі маңызды табиғат туралы мәселелерді шешуде кеңінен қолданылады.

Аталған міндеттер мен халық шаруашылығы мен экономикасын басқаруда территориялық принципті қолданудың қажеттілігі зор.

Географиялық зерттеулердің маңыздысы қоршаған орта жағдайына, демографиялық, экономикалық жағдайларға болжам жасау.

Дұрыс, ғылыми түрде негізделген болжамдар халық шаруашылығын тиімді түрде жоспарлауға себін тигізеді.

География тек қана табиғатты, халықты, экономиканы ғана зерттеп қоймайды, оның идеологиялық қызметінің де маңызы зор. Білімді адамдарды дүние жүзінің саяси картасын, әлемдік экологиялық маңызы бар мәселелерді білмейінше білімді деп санауға болмайды.

Лекция 16 География ғылымының методологиясы

Географиядағы жалпы өзара байланыстар принципі

Кешенді географияның әдістеме және геожүйелік концепция

Кейбір жалпы ғылымдық концепциялардың географияға тигізетін әсері

Географиядағы заңдар мен теориялар

Географиядағы жалпы өзара байланыстар принципі

Географияның негізгі әдістемелеріне көшпей тұрып оның ғылым есебіндегі негізгі сипаттарын анықтаймыз:

1) география – дамушы территориялық объектілердің кеңістіктегі арақатынасы туралы ғылым;

2) география – екі ғылыми байланыс сферасында (табиғи және қоғамдық) дамитын ғылым;

3) география – географиялық құбылыстардың өзара байланысы, өзара әрекеті туралы ғылым.

4) Географиядағы жалпы өзара байланыстар принципі материалистік диалектикадан бастау алады.

Географиялық қабық, ландшафтық сфера, қоршаған орта, өндірістік-территориялық комплекс және басқа географиялық объектілер өзара ішкі байланыстар арқылы ұйымдасады. Ондай байланыстар вертикальды және горизонталды байланыстар болып бөлінеді. Вертикальдық байланыстар – бір объектінің компонеттерінің арасындағы байланыс (мысалы: жер бедері, климат, өсімдік тағы басқа).

Горизонтальды байланыстарға – географиялық кешендердің бір-бірімен байланысуын жатқызуға болады.

Табиғатта және географиялық қабықта кездейсоқ байланыстар жоқ, барлық байланыстар бір заңдылықтарға бағынады.

Өзара байланыстарға талдау жасау – зерттелетін табиғат объектілерін анықтауда пайдаланылады. Осыған байланысты физикалық-географиялық аудандастырудың мәні зор. Оның мәні – табиғаттағы табиғи-территориялық кешендерді анықтау және бөлу. Кешенді физикалық-географиялық аудандастыру мәселесінің үлкен методологиялық маңызы бар. Уақыт өткен сайын географиялық қабықтың дифференциациясы күрделеніп, табиғат кешендерінің саны ұлғая түседі.

Сонымен қатар, қоғамдағы өзара қарым-қатынастардың да маңызы зор.

Экономика саяси, құқықтық мекемелерді идеологияны қамтамасыз етеді. Қоғамдық – экономикалық формацияларға талдау жасау – дамыған қоғамдағы себеп-салдарлық байланыстарды анықтауға мүмкіндік береді.

Жалпы әлеуметтік сферада территорияға байланысты көптеген нақты өзара байланыстар бар. Мысалы: шарауашылық пен халықтың таралып орналасуы, елді мекендердің территорияларда таралып орналасуы тағы басқа.

Адамзат пайда болып қоғам қалыптасқан уақытпен байланысты өзара байланыстың жаңа түрі – адамзат – қоғам – табиғат байланысы пайда болды. Адамзат өз қызметі арқылы ҒТР-дәуірінде табиғат компоненттеріне әсерін тигізуші күшті факторға айналды және өз тіршілігі барысында адамзат өз санасынан тыс өмір сүретін табиғат заңдарын пайдаланады.

Осы табиғат пен қоғам арасмындағы байланыс көптеген қоғамдық ғылымдар арқылы зерттеледі. Мәселенің географиялық аспектілері қоғам мен табиғаттың нақты ерекшеліктерінің арасындағы өзара байланыспен аяқталады.

Адамзаттың саналы ақыл ойы арқылы өзгерген табиғатты академик В.И.Вернадский ноосфера деп атағаны белгілі.

Ноосфералық концепция қоғам мен табиғат арасындағы өзара байланысты ақыл –оймен ғылыми әдістемелермен ұйымдастыру керек екендігін дәлелдейді.

Кешенді географиялық әдістеме және геожүйелік концепция

Кешенді әдістеменің география тарихында үлкен орын бар. Табиғат туралы біртұтас кешенді ұғымдарды қалыптастырған В.Адокучаев, Л.С.Берг, А.И.Войейков т.б. Әсіресе бұл әдістемені қолдануда Докучаев мектебінің мәні зор. Сонымен бірге табиғат –қоғам өзара байланысын зерттеуде кешенді әдістемені қолданушылар –Н.Н.Баранский мен Ю.Г.Саушкин.

Жүйелік әдістеме ғылымда 40-жылдардың аяғынан бастап дами бастады. Оның негізін жасаушы Л.Берталанфи, ол мынандай анықтама берді: «Жүйе дегеніміз- өзара байланысқан компоненттер кешені»

Жүйе теориясындағы негізгі ұғымдарға: біртұтастық, құрылым, қызымет ету, өзін - өзі реттеу, беріктік тағы басқалар жатады.

Жер бетіндегі кез – келген обьект: өсімдіктер, жануарлар, адамзат, жер бедері, топырақ, өндіріс тағы басқаларын кешендік позициямен қарастыруға болады.

Жүйелік әдістеме зерттелетін обьектіні тек қана жаңаша ғана қарастырмай, оған сандық сипаттама беріп, сызбалық жобасын жасауға мүмкіндік береді. Жүйелік әдістеменің негізгі тәжірибелік мәні осында.

Географиядағы жүйелік әдістеме акад. В.Б.Сочаваның есімімен тығыз байланысты. («Геожүйе туралы ілімге кіріспе», 1978 ж).

Геожүйелік концепция туралы бірнеше көзқарастар бар В.Б.Сочава, А.Г.Исаченко және басқалары жүйе ретінде табиғат жүйелерін түсінеді. Кейде бұл терминді жер бетінде қалыптасқан кез –келген табиғат кешен үшін қолдануға болады деген пікірлер айтылады. (В.М.Гохман, А.А.Минц, В.С.Преображенский).

Геожүйелерді сипаттайтын түсініктер екі топқа бөлінеді:

1) оның ішкі құрылымын сипаттайтын түсініктер («компонент», «байланыс», « арақатынас», «орта», «біртұтастық», «құрылым», «ұйымдасу»);

2) оның қызметіне байланысты түсініктер: «функция», «беріктік», тепе-теңдік», «реттеу», «кері байланыс» тағы басқалар.

Геожүйенің элементі – дегеніміз оның ең кіші құрамдас бөлігі немесе басқаша айтқанда – оның бөліну шегі. Ол геожүйе атомы.

Ал, геожүйенің біртұтастығы - оның ішкі бірлігі, автономиялығы, қоршаған орта жағдайларынан белгілі бір тәуелділігі.

Кейбір ғалымдар біртұтастық дегеніміздің өзі жүйе, яғни бұл екі түсінікті бөлек қарауға болмайды деген пікір айтады.

Ал біртұтастық геожүйенің құрылымы арқылы анықталады. Құрылым дегеніміз – жүйенің ұйымдасуының құрылысы және ішкі формасы. Геожүйеге қатысты алғанда құрылым оның ішкі компоненттерінің және жекелеген құрылымдық бөліктерінің өзара байланысын көрсетеді.

Геожүйе құрылымы сыртқы әсерлерге тұрақтылығы арқылы сипатталады. Ол инварианттылық қасиетіне байланысты. Бұл түсінік математика мен физикада да қолданылады. Табиғи геожүйелерде инварианттық қасиеттер литогендік негіздің климатпен байланысы арқылы қалыптасады.

Геожүйенің динамикасы дегеніміз – құрылымды қайта құруға әкеліп соқпайтын барлық өзгерістер (Мысалы: құмды қайраңдарға өсімдік шығуы немесе кесілген орманның қайта қалпына келуі тағы басқа). Динамикадан геожүйенің өмір сүруін айыра білу шарт, оларға тәуліктік, айлық немесе жылдық ырғақтар тән (Мысалы, топырақтың жібуі немесе тоң қатуы тағы басқа).

Жердің қазіргі кеңістіктегі құрылымы – оның дамуының нәтижесі.

Өзін өзі реттеу геожүйенің ең маңызды қасиеті. Ол оның қалыпты жағдайын сақтауын білдіреді.

Осыған байланысты біз геожүйенің иілгіштігін, яғни сыртқы факторлардың әсеріне қарамастан өзінің негізгі қасиеттерін сақтауға тырысуын анықтаймыз.

Геожүйелердегі байланыстардың атқаратын рөлі үлкен, өйткені олар геожүйенің біртұтастығы мен тұрақтылығын анықтайды. Көптеген байланыстардың ішінен үш топты бөліп қарастыруға болады: өзара әрекеттесу байланысы, генетикалық және даму байланыстары.

Өзара әсер ету немесе әрекеттесу байланысы географиялық объектілер арасында қалыптасады, мысалы: өсімдік – жануар, өсімдік – су, тағы басқалар.

Генетикалық байланыстың географияда өзіндік ерекшелігі бар. Әр түрлі факторлардың әсерінен бұрынғы геожүйенің орнын басқа бір геожүйенің басуын айтуға болады. Мысалы, ұсақ көлдерді су өсімидіктері басуына орай бұл жер біртіндеп батпаққа айналады, яғни көл геожүйесі батпақ геожүйесімен ауысады.

Даму байланысын эволюцияның жалпы бағыттары анықтайды.

Кейбір жалпы ғылымдық концепциялардың географияға тигізетін әсері

Географияның жаратылыстық және әлеуметтік-экономикалық ғылымдардың жүйесінде орналасуы – оның теорияларында әр түрлі концепциялардың қолданылуына себебін тигізеді және бұл концепциялардың әсерлі уақыт өткен сайын өзгеріп отырады.

Географияның алғашқы қалыптасқан уақытында оған ғылыми ретінде геологияның, биология, статистика ғылымдарының үлкен әсері болды. Одан кейінгі уақыттарда физика мен математиканың әсері күшейді. Сонымен қатар әлеуметтік-экономикалық ғылымдармен – философиямен, саяси экономиямен, әлеуметтанумен байланыстар кеңіп, нығая түсті.

География ғылымының дамуына биологиядағы эволюциялық ілімнің пайда болуы көп әсерін тигізді.

Ұлы жаратылыстанушының ғылыми зерттеулері «Бигль» кемесімен 1831-1836 жылдарда жасалған дүниежүзін айналып шығу саяхатынан басталғаны белгілі. Соңынан ол түрлердің өзгерісі мен олардың қоршаған ортаның жағдайына бейімделуін жаппай табиғи сұрыпталу жағдайы арқылы жасалғанын айтқан болатын. Ол түрлердің морфологиялық өзгерісі мен қоршаған ортаның өзгерісі арасындағы байланыстарды анықтады.

Ресейдегі ғалым эволюционистердің ішінен еңбектері географияға тікелей қатысы бар К.Ф.Рулье мен И.А.Северцовты атауға болады. К.Ф. Рулье Мәскеу университетіндегі зоологтардың ғылыми мектебінің негізін салушы болды. Саяхатшы, әрі биолог Н.А.Северцовтың еңбектері гоеграфия мен биологиядан жазылған ірі еңбектердің алтын қорына енді.

Эволюциялық идеялар тек биологияда ғана емес, геологияда да дамыды. Ч.Лайель өзінің «Геология негіздері» атты үш томдық еңбегінде сол уақытта кең таралған апаттар теориясын сынға алып, актуализм (өзектілік) – теориясын жақтады.

Өзектілік теориясы геологияда да, географияда да, әсіресе жер бедері, топырақ, өсімдік, ландшафттар дамуының мәселесін зерттеуде үлкен рөл атқарды. Өткен уақыттарға қазіргі көзқараспен қарау – тарихи географияға тән. Геотектоникалық концепциялардың ішінде геосинклинальдық, глобальдық тектоникалық плиталар концепциялары маңызды рөл атқарды. Жерді мұз басу теориясы қазіргі ландшафт түрлерінің генетикалық түп-тамырын анықтауға мүмкіндік берді.

География ғылымдарының дамуына кибернетиканың қосқан үлесі зор. Кибернетикада келіп түсетін ақпараттар ағынының күрделі жүйелерді қалыптастырудағы рөлі қарастырылған.

Ақпараттар түсінігі қазіргі кезде өте кеңіді. Мысалы, өткендегі геологиялық оқиғалар зерттеушіге тау жыныстарының құрамы, споралар, шаң-тозаң түрінде беріледі. Далалық және лабораториялық әдістемелердің көмегімен ғалым бұл мәліметтерді өңдеп, пайдаланады. Бұл жағдайда өлшегіш-ақпараттық жүйелер қолданылады.

Сонымен информация түсінігі геожүйелер мен олардың өзінен-өзі реттелуіне қатысы бар.

Қазіргі уақытта география ғылымында экологияландыру, экономикаландыру, элементтендіру бағыттары қалыптасқан. Оларға жаратылыстану, әлеуметтік және экономикалық ғылымдардың жетістіктері әсерін тигізеді. Сондықтан географтар аталған білім салаларының концепцияларын білуі шарт.

 

Географиядағы заңдар мен теориялар

 

Ғылым заңдары материалдық дүниенің құбылыстарының маңызды қарым-қатынастарын білдіреді.

Ал теория дегеніміз – реальды дүниедегі құбылыстар мен процестерге түсінік беруге бағытталған білім жүйесі.

География – бұл ғылымдар жүйесі, сондықтан, ол әр түрлі көптеген заңдарға сүйенеді. Сөз жоқ, географияда физиканың, химияның, биологияныңғ әлеуметтік ғылымдардың заңдары қолданылады.

С.В.Калесник жалпы географиялық заңдылықтардың қатарына географиялық қабықтың біртұтастығын, зат айналымы, табиғат құбылыстарының ырғақтылығы, зоналылық, азоналық заңдылықтарын жатқызады.

Олардың ішінде кең таралғаны – зоналылық заңдылығы. Бұл заңның ландшафтқа тигізетін әсері климат, әсіресе күн радиоциясы арқылы жүзеге асырылады.

Географиялық қабықтың дамуымен тағы бір заңдылық – территориялық диффренцияация (бөліну) байланысты. Тұрақты дифференциация зоналықтың күрделенуіне -әсерін тигізді.

Табиғат процестерінің ырғақтылығы – олардың тәулік, ай, жылдар, ғасырлар бойында қайталанып келуі, зат айналымы жердің жеке сфераларында ғана емес, жалпы географиялық қабықта байқалатын заңдылық.

Мысалы, атмосфералық ауа айналымы, судың үлкен және кіші айналымы, ағыстар айналымы, химиялық элементтер айналымы.

Аталған заңдар табиғатқа, адамның шаруашылық қызметіне әр қилы әсерін тигізеді.

Табиғат комплекстері теориясы тек географияда ғана емес, биологияда да, экологияда қолданылады.

Ал аудандастыру теориясы барлық географиялық ғылымдарды бір-біріне жақындатады. Аудандастыру – территорияны белгілі бір жүйелерге бөлу. Оларды бөлудің жалпы принциптері бар.

Географияда географиялық объектілердің пайда болуы мен эволюциясы туралы үлкен топтамалар жасалған.

Экономикалық географияның өзіндік ерекшеліктері бар теориялары бар (өндірістік-территориялық кешендер, экономикалық аудандастыру теоориялары, В.Кристаллердің орталық орындар теориясы).

Қорыта келгенде, ғылымдағы көзқарастардың күресі белгілі бір теорияларға сүйенеді. Бұл жағдайда теориялар жаңа пікірлермен, жаңа пікірлермен, жаңа мәліметтермен толығады.

 

СЕМИНАР ТАҚЫРЫПТАРЫ

1 Ғылымның дамуы. Алғашқы ғылыми программалар

Ғылымның басталу мәселелері

Ежелгі Шығыстағы ғылыми білім

Ғылым және миф. Мифтен логосқа дейін

Антикалық уақыттағы ғылыми программалар: математикалық, атомизм, континуальдық

Ежелгі Грециядағы теориялық математиканың пайда болуы. Оның дамуының теориялық және әлеуметтіке алғы шарттары

 

Әдебиет

1. Гайденко П.П. Эволюция понятие науки. – М., 1980.

2. Ильин В.В., Калинкин А.Т. Природа наууки. – М., 1985.

3. Рожанский И.Д. Античная наука. – М., 1980.

4. Черняк В.С. История. Логика. Наука. – М., 1986.

5. Көбесов А. Математика тарихы. Оқу құралы. – Алматы: Қазақ университеті, 1993.

6. Жұмаділов Т. математика және дүниеге көзқарас. – Алматы: Білім, 1995.

7. Орынбаев М. Ежелгі қазақтың дүниетанымы. – Алматы: Ғылым, 1996.

 

2 Физиканың философиялық мәселелері

Физика – жаратылыстанудың іргелі пәні. Физика пәнінің сипаттары.

Физика мен басқа ғылым салалармен байланысы. Физиканың қоғам өміріндегі маңызы.

Физиканың негізгі заңдары, олардың ерекшеліктері. Физика заңдарының классификациясы

Әлемнің физикалық картинасы. Әлемнің қазіргі физикалық картинасының қалыптасуы

Физикадағы ғылыми революциялар

Қазіргі ғылыми-техникалық революцияның қалыптасуы мен дамуындағы физиканың рөлі.

Әдебиет

 

1. Иванов В.Т. Физика и мировоззрение. – М., Наука, 1975.

2. Кузнецов Б.Г. Развитие физических идей от Галилея до Эйнштейна в свете современной науки. – М.: Наука, 1966.

3. Пахомов Б.Я. Становление физической картины мира. – М., 1985.

4. Жұбанов М. Физиканың негізгі заңдары. – Алматы: Мектеп, 1989.

5. Бектенов М. Физика курсы. – Алматы: РБК, 1996.

3 Химия ғылымының философиялық мәселелері

Химия дамуының негізгі даму кезеңдері «ортағасырлық алхимия, химиялық бірлесіп түзілу кезеңі, химияның сандық заңдар кезеңі, қазіргі кезең

Химияның негізгі іргелі заңдары

Химияның концептуальды жүйесі және оның даму тәсілдері

Химиялық жүйелер, энергетика және химиялық процестердің бағыты, заттардың реакцияға қабілеттілігі

Химия ғылымының Қазақстанда дамуы

Әдебиет

1. Кузнецов В.И., Ддлис Т.М., тутина В.Н. Естествознание. – М.: Ажар, 1996.

2. Кузнецов В.И. Диалектика развитии химии. – М.: Наука, 1975.

3. Будрейко Н.А. Философские вопросы химии. – М.: Высшая школа, 1970.

4. Соловьев Ю.И. История химии. – М.:Просвещение, 1982.

5. Бірімжанов Б.А., Нұрахметов Н. Жалпы химия. – Алматы: Ана тілі, 1992.

6. Бірімжанов Б.А., Нұрахметов Н. Химия әлемінде. – Алматы: Мектеп, 1983.

 

4 Тіршілік пайда болуы мен дамуының мәселелері

 

Ғылым тарихы мен философиядағы тіршілік пайда болуының мәселелері

Тіршілік пайда болуы туралы АП.И.Опариннің концепциясы

Тіршілік анықтамалары. тіршілік белгілері

Жер бетінде тіршілік пайда болуы. Антрпогенез мәселесі.

Жер биосферасы және оның эволюциясы

В.И.Вернадскийдің биосфера туралы ілімі

 

Әдебиет

1. Опарин А.И. Жизнь, ее природа, происхождение и развитие. – М.: Наука, 1968.

2. Яблоков А.В., Юсуфов А.Т. Эволюционное учение. – М.: Высшая школа, 1989.

3. Войткевич Г.В. Возникновение и развитие жизни на Земле. – М., 1988.

4. Вернадский В.И. Начало и вечность жизни. – М., 1989.

5. Жатқанбаев Ж. Биосфера. – Алматы: Қазақстан, 1981.

 

5 Адамзат, биосфера және космос

Биосфера және тірі заттар: олардың анықтамасы, атқаратын қызметі және гнесеологиялық процестердегі рөлі

Космостық биосфералық процестер мен адамзат өміріне тигізетін әсері

Адамзат және Жер биосферасы

Қазіргі экологиялық мәселелер

Ноосфера түсінігі. П. Теяр де Шарденнің ноосфера концепциясы

 

Әдебиет

 

1. Вернадский В.И. Начало и вечность жизни. – М., 1989.

2. Вернадский В.И. Философские мысли натруалиста. – М., 1988.

3. Ровинский Р.Е. Развивающаясы Вселенная. – М., 1996.

4. Урсул А.Д., Урсул Т.А. Эволюция, космос, человек. – Кишинев, 1986.

5. Чижевский А.Л. Земное эхо солнечных бурь. – М., 1973.

«Қазіргі жаратылыстану концепциялары»

курсы бойынша емтихан және сынақ сұрақтары

1. Ғылым және оның мәдениеттегі орны

2. Ғылым, философия және дін арақатынасы

3. Ғылымның белгілері

4. Ғылыми теория, оның құрылымы мен негізі

5. Ғылымның гнесеологиялық алғы шарттары. Ғылыми теориялардың ақиқаттық мәселелері

6. Ғылыми түсініктер. Идеалдылық пен абстрактылық

7. Ғылыми танымның әдістемелері

8. Ғылыми білімнің дамуы. Ғылым және программалардың пайда болуы

9. Ортағасырлық ғылым

10. Қайта өрлеу дәуірі – классикалық ғылымның басталу уақыты

11. Г.Галилей, оның классикалық ғылымның қалыптасуындағы рөлі

12. XVI-XVII ғасырлардағы ғылыми революциялар, олардың барысы мен мазмұны

13. И.Ньютон, оның классикалық ғылым қалыптасуындағы рөлі

14. Классикалық ғылымның негізгі белгілері

15. Болашақ ғылымның негізгі белгілері

16. Қазіргі ғылымның қалыпатасуы. Ғылымдағы жаңа революциялар

17. Дүниенің физиалық картинасы, оның мазмұны мен дамуы

18. Материя құрылымы мен жүйелілігі

19. Өріс және уақыт

20. Элементар бөлшектер классификациясы

21. Кварктер, олардың қасиеттері

22. Физикалық өзара әсер: жалпы сипаттамасы

23. Гравитациялық байланыс

24. Электромагниттік байланыс

25. Үлкен және Супербайланыс теориялары

26. Уақыт және (көзқарас) кеңістік туралы көзқарас

27. Салыстырмалық теориясының негізгі мазмұны

28. Динамикалық заңдар мен классикалық детерминизм

29. Статистикалық заңдар және болжамдық детерминизм

30. Динамикалық және статистикалық заңдар арақатынасы

31. Ғаламшардың қазіргі космологиялық жобасының қалыптасуы

32. Ғаламшар эволюциясының басталу және ертедегі этаптары

33. Құрылымдық Ғаламшарлардың пайда болуы мен эволюциясы (галактикалардың, жұлдыздардың, химиялық элементтердің пайда болуы

34. Күн системасының пайда болуы

35. Материяның өздігінен ұйымдасу мәселелері. Синергетика

36. Химиялық білімдер жүйесі

37. Заттардың әрекеттесу қабілеттері. Химиялық процестер энергетикасы

38. Химиялық процестер ілімі

39. Эволюциялық химия. А.П.Руденко теориясы

40. Тіршілік пайда болуы мен мәні туралы мәселелер

41. А.И.Опариннің концепциясы, оның тіршілік пайда болуы мәселесін шешудегі рөлі

42. Қазіргі ғылымдағы тіршілік пайда болуы мәні жөніндегі көзқарастар

43. Тіршіліктің Жер беьтінде пайда болуы мен алғашқы сатылары

44. Биологиядағы даму идеялары тарихы

45. Ч.Дарвиннің эволюцяилық теориясы. Антидарвинизм

46. Генетика негіздері

47. Эволюцияның қазіргі кездегі теориялары

48. Адам пайда болуы. Денсаулық сақтау теориясы

49. Биосфера, адам, космос. А.Л.Чижеский концепциясы

50. Адам және табиғат. қазіргі экологиялық мәселелер

51. В.И.Вернадскийдің ноосфера теориясы

52. Географияның пәні және зерттеу объектілері

53. География ғылымының құрылымы

54. Географиядағы жалпы өзара байланыс принципі

55. Кешенді географиялық тәсіл және гео-жүйелік концепция

56. Кейбір жалпы ғылымдық концепциялардың географияға әсері

57. Географиядағы заңдар мен теориялар

ӘДЕБИЕТ

1. Кедров Б.М. Предмет и взаимосвязь естественных наук / Б.М. Кедров. – М.: Наука, 1967.

2. Горелов А.А. Концепции современного естествознания / А.А. Горелов. – М.: Центр, 1998.

3. Данилова В.С. Основные концепции совеременного естествознания / В.С.Данилова, Н.Н. Кожевников. – М.: Аспект Пресс, 2001.

4. Кузнецов В.И., Идлис Г.М., Гутина В.Н. Естествознание / В.И. Кузнецов, Г.М.Идлис, В.Н.Гутина. – М., 1996.

5. Концепции современного естествознания / Под ред. В.Н. Лавриенко и В.П. Ратникова. – М., 2000.

6. Карпенков С.Х. Основные концепции естествозания / С.Х. Карпенков. – М., 1998.

7. Грушевицкая Т.Г. Концепции современного естествознания / Т.Г.Грушевицкая, Садохин А.П. – Калуга, 1997.

8. Идлис Г.М. Революция в атрономии, физике и космологии / Г.М.Идлис. – М., Наука, 1985.

9. Рачков П.А. Науковедение / П.А.Рачков. – М., 1974.

10. Ахнезер А.И. Современная физическая картина мира / А.И.Ахнезер, М.П.Рекало. – М., 1980.

11. Ровинский Р.Е. Развивающиеся Вселенная / Р.Е.Ровинский. – М., 1996.

12. Ровкин В.И. Естествознание для гуманитариев / В.И.Ровкин. – Омск, 1993.

13. Дягилев Ф.М. Из истории физики и жизни ее творцов / Ф.М.Дягилев. – М., 1986.

14. Гумилев Л.Н. Этногенез и биосфера Земли / Л.Н.Гумилев. – М., 1994.

15. Жатқанбаев Ж. Биосфера / Ж.Жатқанбаев. – Алматы: Қазақстан, 1981.

16. Жұбанов М. Физиканың негізгі заңдары / М.Жұбанов. – Алматы: Мектеп, 1989.

17. Бектенов М. Физика курсы / М.Бектенов. – Алматы: РБК, 1996.

18. Бірімжанов Б.А., Нұрахметов Н. Химия әлемінде / Б.А.Бірімжанов, Н.Нұрахметов. – Алматы: Мектеп, 1973.

19. Соловьев Ю.И. История химии / Ю.И.Соловьев. – М.: Просвещение, 1983.

20. Дербісалиев А. Қазақ даласының жұлдыздары / А.Дербісалиев. - Алматы: Рауан, 1995.

21. Жекулин В.С. Введение в географию / В.С.Жекулин. – Л.: ЛГУ, 1989.

22. Саушкин Ю.Г. Географическая наука в прошлом, настоящем и будущем / Ю.Г.Саушкин. – М., 1980.

23. Забелин И.М. Географическая наука в современном естествознании / И.М.Забелин. – М., 1978.

МАЗМҰНЫ

КІРІСПЕ............................................................................................................. 3

Лекция 1 Ғылым және оның қоғам өміріндегі рөлі..................................... 5

Лекция 2 Ғылыми теория. Теорияның құрылысы мен негіздері
Ғылыми-танымдылық әдістемелер. Ғылыми білімнің дамуы.... 11

Лекция 3 Ғылымның даму тарихы............................................................... 19

Лекция 4 Ғылымның даму тарихы (жалғасы)............................................. 25