Философия

ТӘЖІРИБЕ САБАҚТАРЫНЫҢ ЖОСПАРЫ

 

1 апта Философия және оның адам мен қоғам өміріндегі алатын орны Дүниетаным ұғымы және оның түрлері. Философия туралы ұғымдар. Философия дам жанының қажеттілігі ретінде. Философиялық білімнің құрылымы. Философияның атқаратын қызметтері.
2 апта Көне заман философиясы Үнді философиясының қалыптасу ерекшеліктері. Брахманизм Үнді философиялық ойлауының қалыптасуының бастамасы ретінде.Үнді философиясындағы ортодоксальды және ортодоксальды емес философиялық мектептер. Дәстүрлік Ежелгі Қытай философиясының қалыптасуының бастамасы ретінде. Ежелгі Қытай философиясының этико-философиялық бағыты. Қытай философиясының негізгі ағымдары мен мектептері. Чань-буддизм.
3 апта Антикалық философиясы Антика философиясының қалыптасу ерекшеліктері. Космоцентризм идеясы. Негізгі философиялық мектептер: милет мектебі, элеаттер мектепбі, Гераклит диалектикасы, Пифагоршылдар мектебі, атомистер мектебі. Софистер және Сократ. Сократ философиясындағы адам проблемасы. Платонның идеялар туралы ілімі. Аристтотель философиясы. Эллинизм философиясының этикалық кезеңі. Эпикуризм. Стоицизмнің дүниетанымы. Рим стоиктеріні писсимизмі. Скептицизм.
4 апта Ортағасырлар философиясы (Еуропа және Араб-Мұсылман) Христиан дінінің бекітілуі және ортағасырлық филояофия. Ортағасыр философиясының кезеңдері. Патристика. А. Августиннің христиандық психологизмі. Номинализм мен реализм арасындағы күрес. Схоластика. Аквинскийдің философиялық жүйесі. Ортағасырдағы Аоаб Шығысының мәдени өрекендеуі. Исламдағы Құдай-Адам-Әлем қатынасы. Араб философиясындағы діни философиялық ағымдар: Батыс және Шығыс перепатетизмі. Ибн-Рушд философиясы. Қос ақиқат теориясы
5 апта Қайта өрлеу дәуір (Ренессанс) философиясы Қайта өрлеу дәуір философиясының қалыптасу ерекшеліктері: антропоцентристік сипаты. Қайта өрлеу дәуіріндегі Құдай-табиғат қатынасы. Реформация философиясы. Қайта өрлеу дәуіріндегі саяси-әлеуметтік көзқарастар
6 апта Жаңа Уақыт мәдениетіндегі Батыс еуропалық философия. XVIII ғасырдағы ағарту философиясы Жаңа заман философиясының қалыптасу ерекшеліктері. Ғылыми жаңалықтардың ашылуы. Эмпиризм және рационализм (Р.Декарттың күмәндану әдісі және Ф.Бэконның индуктивтік әдісі). Лейбниц монодологиясы. Гоббс пен Берклидің номинализмі. Локтың таным теориясы. Ақыл-ойдың заңдық күші және прогресс. Ағартушылар кезеңінің қоғамдық-құқықтық идеалы. Француз ағартушылығындағы антиклерикализм мен радикализм. Вольтердің деизмі. Монтескьенің әлеуметтік философиясы. Руссоның философиялық идеалы. Дидроның энциклопедизмі.
7 апта XVIII -XIX ғасырлардағы Неміс классикалық философиясы Неміс классикалық философиясының негізгі ерекшеліктері. Канттың сыни философиясы жзәне антиномиясы. Канттың категориялық императиві және апрыз этикасы. Фихтенің ғылыми ілімі. Шеллингтің объективті идеализмі. Гегельдің идеалистік идеализмі. Гегельдің рух философиясы. Фейербахтың антропологиялық материализмі
КОЛЛОКВИУМ
8 апта XIX ғасыр мәдениетіндегі бейклассикалық философия. Маркстік философиясы. Класикалық және класикалық емес философияның өзіндік ерекшеліктері. Шоепнгауэр философиясындағы әлемдік ерік проблемасы. Ф. Ницше философиясындағы билікке деген ерік. С. Кьеркегордың алғашқы экзистенциалистік философиясы.
ТЕСТ Р1
9 апта XIX-XX ғасырлардағы Ресей философиясы Орыс классикалық философиясы туралы. Батыстанушылар мен славянофильдер. XIX ғасырдағы орыс философиясындағы материалистік және позитивистік ағымдар.
10 апта Қазақ мәдениет шеңберіндегі отандық философия Қазақ ұлттық философиясының қалыптасу ерекшеліктері. Дәстүрлі дүниетаным. Қазақ дала ойшылдарының философиялық идеялары. XIX-XX ғасырлардағы ағартушылардың әлеуметтік-философиялық және этикалық гуманистік көзқарастары
11 апта ХХ ғасыр философиясы XX ғасырдағы жаңа философиялық ағымдар: Позитивизм және оның түрлері. Психоанализ және жаңа фрейдизм. Феноменология. Структурализм. Экзистенциализм.
12 апта Болмыс философиясы Болмыс түсінігі. Субстанция мәселесі. Болмыстың бірлігі мен көптүрлілігі. Философия тарихындағы болмыс проблемасы. Материя. Материяның атрибуттары. Қозғалыс. Қозғалыс түрлері. Уақыт пен кеңістік проблемасы.
13 апта Таным философиясы. Эпистемология Таным философия мен арнайы ғылымдардың пәні ретінде. Әлемді танып білу проблемасы: гностицизм, агностицизм, скептицизм, релятивизм. Танымның түрлері: ғылыми таным. Ақиқат философияның орталық проблемасы ретінде. Ақиқат критерийлері. Ақиқат және практика..
14 апта Әлеуметтік философия. Қоғам болмысы Қоғам ұғымы. Қоғам өзіндік дамушы жүйе ретінде. Тарихи және аксеологиялық өлшемдегі қоғам. Қоғамның дамуы туралы философия тарихындағы көзқарастар.
КОЛЛОКВИУМ
15 апта Философиялық антропология. Адам мәселесі Адам философияның орталық проблемасы. Философиялық антропология түсінігі. Адам мәнін түсіндірудегі үш ыңғай: табиғи-биологиялық, әлеуметтік-практикалық, жеке-іс-әрекеттік. Тұлға ұғымы. Тұлғаның қалыптасу ерекшеліктері. Философия тарихында адам проблемасын, адам өмірінің мәнін шешу жолдары. Өмір мен өлім, мәңгілік өмір проблемасы. Махаббат адам өмірінің мәні.
ТЕСТ Р2
16 апта ЕМТИХАН

Негізгі әдебиеттер тізімі:

return false">ссылка скрыта
  1. Тұргынбаев Ә.Х. Философия. Жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған оқу қүралы. - Алматы: «Білім», 2010 ж. – 304 бет.
  2. Философия: жоғары оқу орындары студенттеріне арналған оқулық/Кұрастырған Т. Ғабитов. – Алматы: Раритет, 2014. – 392 бет.
  3. Дж. Реале, Д. Антисери Батыс философиясы: Бастауынан бүгінгі күнге дейін: Оқулық./Ауд. Т.Х. Габитов, т.б. Алматы: 2012. – 628 бет.
  4. Философия: Оқу қүралы/ Р.Е. Жүншеев, Ө.С. Төкенов, А. Ә. Ізтілеуов/Алматы, 2011. -367 бет.

 

ЛЕКЦИЯЛАРДЫҢ КОНСПЕКТІ

 

Дәріс №1

Мәдениет аясындағы философия және оның адам мен қоғам өміріндегі алатын орны

 

Дәрістің мақсаты: мифологиялықғ діни және философиялық көзқарастармен танысу, философияның міндеттерімен, мақсатымен атқаратын қызметтерімен және әдістерімен танысу

 

1. Дүниетаным түсінігі және оның тарихи типтері

2. Философия пәні, мақсаты мен міндеттері

3. Философияның атқаратын қызметтері мен әдістері

4. Философияның қоғам өмірінде алатын орны

 

Адам басқа тіршіліктерге қарағанда ерекше пенде: ол өзін бүкіл Дүниеден бөліп алып, оған қарсы қоя алады. Менің осы Дүниедегі орным қандай? Мен бұл өмірге не істеу үшін келдім? Адамды Құдай, я болмаса «ұлы мәртебелі Табиғат» неге жаратты? Бұл Дүниені адам танып, түбіне жете алар ма екен? Мені жағалай қоршаған табиғат неге шексіз, әртүрлі және сондай әсем? Ертең-ақ бұл әсем Дүниені өлер шағымда қалайша қиып кетемін? Егер мен бұл Дүниеге уақытша ғана келсем, онда бұл өмірдің мәні неде? деген осындай және мыңдаған басқа сұрақтар адамның ойына оқтын-оқтын келеді. Әрбір адам өзінің ой-өрісі, өмірден алған тәжірибесі, жалпы мәдениетінің деңгейіне қарай бұл сауалдарға жауап беріп, өзіне тән дүниеге деген көзқарас қалыптастырады.

Алайда қайсыбір Дүниеге деген көзқарасты философияға жатқызуға болмайды, өйткені соңғыға тек қана абстрактілік ой-өріс дамуының негізінде Дүниені ұғымдармен бейнелеу түрі жатады. Олай болса, философия - Дүниеге деген дамыған көзқарас түрі.

Тарихи дүниеге деген көзқарастың түрпайы түрі алғашқы қауымдық қоғамның шеңберінде Дүниеге келеді. Оны біз мифология дейміз.

Миф - табиғат, қоғам және адам жөніндегі алғашқы түрпайы фантастикалық түсініктер. Алғашқы қауымдық қоғамдағы әлеуметтік дамудың тым төмендігі, адамның табиғаттың әртүрлі күштеріне қарсы тұра алмауы, сонымен қатар өзінің өмірге деген қажеттіктерін өтеу жолындағы сол табиғат құбылыстарын сезіну және түсіну іңкәрі - мифтердің Дүниеге келуінің қайнар көзі болып табылады.

Әрбір халық өзінің дүниеге келу жолында әртүрлі мифтерді ойлап шығарды. Дүниенің пайда болуы мен тәртібі, жақсылық пен жамандық, көркемдік пен түрсіздік, адам өмірінің мәні мен құндылығы т.с.с. сұрақтардың жауаптары халықтар аңыздарында әртүрлі дәрежеде берілген. Ол жағалай қоршаған табиғаттың ерекшелігіне және соған сәйкес қалыптасқан халық тіліне байланысты болса керек.

Бірақ тереңірек қарасақ, әртүрлі халықтардың дүниеге қойған сұрақтары, ізденістерінің бір-біріне ұқсас жақтарын да көруге болады. Олар: Дүние қалай пайда болды? Кім адамды тудырды? Адам неге өледі? Адамдардың сөйлейтін тілдері неге әртүрлі? Аспан мен жер неге бір-бірінен бөлінген? т.с.с.

Әрине, бұл сұрақтарға берілген жауаптар бүгінгі адамдарды қанағаттандырмайды, оған ол түрпайы болып көрінеді, өйткені мифтерде табиғаттың құбылыстары сиқырлы күштер арқылы түсіндіріледі. Мифтер - адамзаттың «балалық тарихындағы» туындылары. Сол кездегі адамдар мифтердегі айтылатын сиқырлы күштерге өзінің ықпалын тигізе алатынына кәміл сенді. Сонымен олар жағалай қоршаған ортаны, табиғаттың зор күштерін қиялдық жолмен түсінуге және игеруге тырысты.

Жалпылай келе, әртүрлі халықтардың мифтерін белгілі бір топтарға бөлуге болады. Мифтердің ең үлкен бөлігінің бірі космогониялық аңыздар. Оларда көбінесе Дүниенің алғашқы жағдайы хаос арқылы көрсетіледі. Сиқырлы құдіретті күштің іс-әрекеті арқылы хаос жер мен көкке бөлініп, Дүниеге тәртіп келіп, әртүрлі табиғаттың құбылыстары дүниеге келеді.

Уақыт өте келе мифологияның шеңберінен дін бөлініп шықты, сонымен қоғамға дүниеге деген көзқарас, дүние сезімінің жаңа түрі келді. Дін де мифологияға ұқсас синкретикалық табиғатымен, сонымен қатар Дүниені фантастикалық бейнелеуімен ерекшеленеді.

Сонымен қатар бұл құбылыстардың негізгі айырмашылықтары: мифте шынайы өмір мен қиял бір-бірімен араласып жатса, дінде «бұл Дүние» мен «о Дүние» бір-бірінен анағұрлым алшақ жатыр. Өйткені егер бұл Дүниедегінің бәрі де өтпелі, кемшілікті, өз-өзіне жеткіліксіз болатын болса, о Дүние - мәңгі, әсем, бақытты, жетілген т.с.с. Дінде ең құдіретті жасампаз - Құдай - табиғаттан жоғары және бөлек түр. Оны ғылыми жолмен танып-білу мүмкін емес, ол адамға аян арқылы беріледі де, адамның жан дүниесінде терең сенім сезімін туғызады.

Сенім дегеніміз - белгілі бір қоғамдағы уағыздалатын пікірлерге, нәрселерге берілу, олардың шындығын тексеру, я болмаса дәлелдеуді қажет етпеу. Осы тұрғыдан алғанда сенімді екіге бөлуге болады. Олардың бірі - ғылыми сенімдік. Оған қазіргі адамдардың ғылым мен техниканың жетістіктеріне, олардың болашақта адамзат өмірін түбегейлі өзгертетіне сену. Оны философияда сциентизм ия болмаса технократизм дейді.

Сенімнің екінші түріне адамзаттың күнделікті тәжірибесінен, я болмаса ғылыми деректерден шықпайтын, тіпті оған қайшы келетін қиялдарға нандыру және соларды адамның өз-өзіне нандыруы жатады. Міне, осы соңғы сенімдік түрі қайсыбір діннің негізін құрайды.

Діннің негізінде Құдайдың өз еркімен адамдарға пайғамбарлар арқылы берген белгілі бір тұжырымдары жатады. Олар адамдардың іс-әрекетін, жүріс-тұрысын, ойлау өрісін анықтайтын абсолютті қағидалар.

Мұндай қағидалардың жиынтығы діни көне құжаттарды құрайды. Оларға Құран, Тәурат, Талмуд, Інжіл т.с.с. киелі кітаптарды жатқызуға болады. Бұл кітаптарда Құдайдың құдіретті күшін көрсететін неше түрлі табиғат заңдылықтарына бағынбайтын, оларды бұза алатын ғажайып оқиғалар жазылған. Солардың ішіндегі ең ғажабы - адамның рухының, жан дүниесінің өлместігі.

Жоғарыда атап өткеніміздей, Дүниеге деген діни көзқарасқа қанағаттанбаушылық сонау көне заманның өзінде-ақ пайда болып, аса ұлы тұлғалардың дүние мен адам қарым-қатынасы жөніндегі ақыл-ойға негізделген сұрақтар мен жауаптарының дүниеге келуіне себеп болды.

Осы тұрғыдан алғанда, «Философия - ақыл-оймен ұстап қалынған тарихи дәуір» деген Гегельдің берген анықтамасында терең сыр жатса керек.

Әрине, дін де философия саяқты шынайы ең биік рухани құндылықтарды, адамның өмір жолының адалдығын уағыздайды, бірақ олардың қайнар көзін «о Дүниеден» табады. Философияны алсақ, сонау Көне Грециядағы алғашқы пайда болған «Милет мектебі» өкілдерінің қойған: «Дүниенің негізінде не жатыр?» -деген сұрағынан бастап, осы күнгі ойшылдардың: «Адамзаттың болашағы бар ма, ия болмаса ол өзін-өзі экологиялық апатқа, дүниежүзілік ядролық соғысқа әкеліп өлтіре ме?» - деген сұрағына дейін, бұлардың бәрі де ақыл-ой таразысына салынып, парасат шеңберінде талданады.

Философияның басқа өмірге деген көзқарастардан айырмашылығы - оның рационалдығында (ratio - латын сөзі, ақыл-ой). Жалпы алғанда, философия қоғамдық сананың ғылыми саласының шеңберінен шығып кетпеуге тырысады, осы мақсатқа жету үшін өзінің категориялық (categoria - грек сөзі, белгі, пікір айту, айыптау) бүкіл ғылымның жетістіктеріне, адамзаттың мыңдаған жылдық өмірден алған тәлім-тәжірибесіне негізделген жүйесін қалыптастырады.

Сонымен қатар философияны басқа жаратылыстану және әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдармен салыстырсақ, оның ерекшеліктерін де байқауға болады (humanus - латын сөзі, адамдық, адамгершілік).

Біріншіден, философиялық категориялардың (ұғымдардың) шегіне жеткенше жалпылығын атап өтуге болар еді. Олар болмыс пен ойлаудың ең маңызды және мәнді терең байланыстары мен қатынастарын көрсетеді. Жеке ғылымдар тек қана Дүниенің белгілі бір бөлігін ерекше объект ретінде қарап, соның мәнді байланыстары мен қатынастарын зерттейді (ontos - латын сөзі, зат).

Екіншіден, философия басқа ғылымдар саяқты , ғылыми деректерді пайдаланады. Бірақ философиялық деректердің айырмашылығы - ол жеке ғылымдарда сарапталған, белгілі бір теоретикалық орта деңгейге көтерілген білімді дерек ретінде қорытады, әсіресе бұл философияның онтология және гносеология (әпистемология) салаларьша тән нәрсе (ontos - грек сөзі, болу, өмір сүру), (gnosis - грек сөзі, білім, таным).

Үшіншіден, философияда ғасырлар бойы жиналған сан алуан теоретикалық жүйеге келтірілген көзқарастарды кездестіруге болады. Бірақ, соған қарамастан, Бұл ғылымның саласында үзілді-кесілді шешілген барлық философиялық қауымның бір ойынан шығатын бірде-бір тұжырымдамасы жоқ сыңайлы. Философия саласында қызмет еткен ірі тұлғаның өзіндік дүние сезімі, түсінігі, көзқарасы қалыптасады. Сондықтан біз Платон, Спиноза т.с.с. ірі тұлғалардың философиясын ерекше түрде басқалардан бөліп алып зерттейміз.

Ал жеке ғылымдарды алатын болсақ, ондағы ашылған табиғат сырларын, жасалған теориялар мен тұжырымдамаларды сол саладағы ғалымдар мойындайды. Мысалы, физика саласында қазақ, американ ия болмаса араб физикасы жоқ, Бұл ғылымның жетістіктері бүкіл адамзатқа ортақ, және өткен ғасырларда ашылған жаңалықтар мен жасалған теориялар үйлесімді түрде жаңа жасалған тұжырымдамалардың ажырамас бағынышты бөлігіне айналады, олар бір-біріне қарама-қайшы келмейді.

Философияны өнерге жақындататын келесі мәселе - Дүниенің біртұтастығын көрсету, ішке және сыртқа қарай шексіз Дүниенің суретін жасау - философия саласындағы ең қиын істің бірі. Өйткені Дүние жөніндегі ғылыми деректер әр уақытта өзінше шектелген. Олай болса, тек қана ғылыми жолмен шексіз Дүниені шектелген білім арқылы біртұтас ретінде суреттеу мүмкін емес. Ал, бірақ адамның жүрегінде Дүниені толығынан түсіну ұмтылысы ешқашанда бітпес іңкәр болып қала береді де, әртүрлі Дүние суретін тудырады. Ол үшін философ өзінің Дүниесуретін ғылыми деректер жетіспеген жағдайда қиял арқылы толықтырады, сезім толқындарымен бояйды. Олай болса, философия өзін тудырған мифологиядан толығынан бөліне алмайды. Философия мен көркемөнердің бір-біріне жақындығын, бір-біріне өтіп жатқанын айқын көрсететін нәрсе - тарихтағы ұлы тұлғалардың шығармалары. Оған Платонның «Диалогтарын», нақыл сөздерін, Ницшенің афоризмдерін, Камюдің әсселерін жатқызуға болады, өйткені олардың философиялық мазмұны көркем сөзбен берілген. Ал Абайдың өлеңдері мен Әуезовтің романдарында Достоевский, Толстой саяқты орыстың ғұлама жазушыларының шығармаларында терең философиялық сыр жатыр, (dialogs - грек сөзі, екі адамның айтысы. Essentia –мән, латын сөзі, қысқаша жазылған көркем терең мазмұнды шығарма).

Философияның тағы бір ғажап жағы - оның өз бойына мистикалық транцендентік қасиеттерді сіңіруі (mystikos - грек сөзі, құпия; transcendere - аттап өту, латын сөзі). Дүниені транцеденттік жолмен игерудің керектігі - оның тұңғиықтығында, шексіз-дігінде, құпия әлі ашылмаған сырларында. Екінші жағынан алып қарағанда, адамның өзінің де жан дүниесі, ішкі рухани өмірі де шексіз терең. «Өзіңді тани біл» деген көне заманнан бері келе жатқан қағида әрқашанда мазмұнды болмақ. Сонымен ішке және сыртқа қарай транцеденттік бір-бірін толықтырып, адамның қол астындағы болмысты, жиналған тәжірибені аттап өтіп, Дүниенің ең терең жақтарын мистикалық сезіммен қамтуында, адамның осы шексіз Дүниенің ажырамас тамшысы ретінде сезінуінде жатыр. Транценденттеу дегеніміз - ақыл-ойдың шеңберінен аттап өтіу.

Қорытындылай келе, философиялық Дүниеге көзқарастың мәнін ашу жолында біз оның көпқырлы, көпсырлылығын байқадық. Бір жағынан алып қарағанда, философия ғылымменен ұлттасып жатса, екінші жағынан, оның көркем өнермен, идеологиямен, гуманитарлық біліммен, күнбе-күнгі сана мен моральдық рухани құндылықтармен, тіпті мистикалық діни сезімдермен байланысты екенін байқадық.

3. Философия пәні

Философия пәнінің қайнар көзі - жеке адам, я болмаса әлеуметтік тол, қоғамның Дүние мен адам және олардың ара-қатынасы жөніндегі жалпы мағлұматты қажет етуінде. Басқаша айтқанда, homo sapiens (саналы адам) Дүниені біртұтас ретінде және сол дүниедегі өзінің кім екені, ондағы алатын орны жөніндегі ойлар мен сезім тебіреністерін тудырады.

Философияның пәні Дүние мен адам арасындағы жүйедегі шегіне жеткен ең жалпы байланыстар мен қатынастар жиынтығын құрайды. Бұл ең жалпы жақындағанда ғана. Бұл қатынастар мен байланыстарды әрі қарай сараптап тереңдетсек, онда оның көпқырлылығын көреміз.

Ең бірінші философия пәнінің метафизикалық онтологиялық қыр-сырын атап өтуіміз керек (ontos - грек сөзі, барлық, болу; logos - ілім, болмыс жөніндегі ілім). Оған мынандай сұрақтарды жатқызуға болар еді. Дүниенің негізінде не жатыр? Ол шектелген бе, я болмаса шексіз бе? Мәңгілік, я уақытша ма? Дүниенің өмір сүруінің ішкі мақсат-мұраты бар ма, ол не үшін жаратылған? Адамзат не үшін жаратылды? Адам болмысының мәні неде? Қоғам болмысын анықтайтын заңдар бар ма? т.с.с.

Философия пәнінің екінші үлкен мәселелері - ол оның гносеологиялық жақтары (gnosis - грек сөзі, тану, білу). Оған мынандай сұрақтарды жатқызуға болар еді. Біз кімбіз және Дүниедегі алатын орнымыз қандай? Адамның ақыл-ойы мен зердесінің табиғаты неде және ол Дүниенің ішкі сырын аша ала ма? Ақиқат, шындық дегеніміз не? Сезімдік пен ақыл-ойдың ара-қатынасы қандай? т.с.с.

Философия пәнінің ажырамас мәселелерінің бірі - ол оның аксиологиялық, яғни құндылық жақтары, құндылық әлемін сараптау. Адам өмірі мән-мағынасының даму бағытын анықтауда философияның алатын орны мен қызметі ерекше. Осы тұрғыдан алғанда, философияда мына сұрақтар бар: шындық, әсемдік, ізгілік дегеніміз не? Адам өміріндегі еріктік, әділеттілік, теңдік, жақсылық, өлшем, парасаттылық, құндылықтар қандай орын алады? т.с.с.

Философия пәнінің келесі жағы - ол оның праксеологиялық, прагматикалық мәселелері (practicos - грек сөзі, белсенді, іс-әрекетшіл; pragmatos - грек сөзі, іс-қимыл). Өйткені адам Дүниені тану барысында тек қана оны ой-өрісімен қамтып қана қоймай, өз іс-әрекеттерімен түйістіріп, Дүниеде бұрын-соңды болмаған жаңа нәрселерді, құбылыстарды тудырады. Кең түрде алғанда, философияның праксеологиялық мәселелеріне бүкіл адамзат тарихындағы материалдық және рухани өндірістегі жетістіктері мен тәжірибесі, соларға жеткізген сан алуан адамдардың табиғатпен және өз-өздерімен байланыстары мен іс-әрекеттерін жатқызуға болады. Адам, әлеуметтік тол, я болмаса қоғамның дүниетанымы, дүниені түйсінуі мен оның іс-әрекет белсенділігінің байланысы қандай? Адамның іс-әрекетіне түрткі болатын оның қажеттіліктерінің табиғаты неде? Мақсатқа лайықты іс-әрекет деп нені айтамыз? Адамның іс-әрекетінде мақсат-мұрат пен соған жеткізетін құралдардың арақатынасы қандай? Адам өзінің іс-әрекеттерінен шығатын Дүниеге тигізетін барлық салдарды ескере ала ма? Дүниені адамзат қаншалықты өзгертуі керек және де сол өзгертуде қоғам мен басқа тіршіліктің арақатынасы қандай болмақ? т.с.с. сұрақтар философияның праксеологиялық мәселелеріне жатады.

Ең соңында біз философия пәнінің ең нәзік, күрделі, терең ой, телегей-теңіз сезімдер, рухани толғау тудыратын жағын атап өтуіміз қажет. Ол Дүниені өзін-өзі танып-білу дәрежесіне көтерген ең әсем күш - адам.

Бүгінгі таңда жаңарудағы қоғамның философиялық-әлеуметтік мәселелерін қою және шешу жолында бұрынғы кеңестік қоғамның идеологиялық негізі болған марксизмді сырттатуда философияның негізгі мәселесін де жоққа шығарғысы келетін пікірлер аз емес. Әрине, маркстік философияның шеңберінде «негізгі мәселе» тек қана диалектикалық материализмді дәріптеуге, қалған философиялық бағыттарға «бейғылымдылық» баға беру жолында пайдаланылды.

Бірақ, соған қарамастан, біз философияның негізгі мәселесі марксизмнің ойлап шығарған «жалған мәселесі» деген ойдан алшақ болуымыз керек. Өйткені философия дүниеге келісімен-ақ, оның шеңберінде әртүрлі бір-біріне қарсы бағытталған ағымдар пайда болды.

Философиядағы әрбір дүниеге деген көзқарастың негізінде осы пәннің негізгі мәселесінің шешімі жатыр.

Философияның негізгі мәселесі осы пәннің терең табиғатынан шығады. Дүниенің біртұтастығын, бірлігін ой-өрісімен қамту үшін, біз мына сұраққа жауап беруіміз керек: Дүниенің алғашқы негізгі субстанциясы неде? (substantia - латын сөзі, негізінде, астында жатқан).

Екінші жағынан, бұл Дүниені ең шегіне жеткен жалпылық тұрғысынан алып қарағанда, онда біз екі-ақ құбылысты табамыз: оның бірі материя (materia - латын сөзі, зат) - табиғат заты, екіншісі - сана - адамның ішкі жан-дүниесі, рухы.

Жалпы айтқанда, жоғарыда көрсетілген үш ұғымда Дүниені зерттеудегі негізгі үш идея берілген. Ол - Дүниенің бірлігі, екіншіден - оның заттық субстраты (substratum - негіз), үшіншіден - адамның өз ішінен табатын материалдық емес, рухани тебіреністері.

Келесі ерекшеліктері – бұл ұғымдардың метафизикалық табиғаты, яғни оларды жеке ғылымдардағы ұғымдар саяқты тәжірибе арқылы тексеру мүмкін емес, өйткені олар бүкіл әлемді өз мазмұнында қамтуға бағытталып, бүкіл адамзат тәжірибесінің сыртына шығып, тек болжамдық мағынаға ғана ие болады.

Олай болатын болса, қайсыбір философиялық ағым, қалай дегенде де, бұл ұғымдардың арақатынасын өзінше анықтамай, әрі қарай бір қадам аттай алмайды.

Егер Дүниенің субстанциясы материя деген пікірге келсек, онда философияда материалистік ағым пайда болады.

Керісінше, субстанция дегеніміз жеке адамның жан дүниесі, я болмаса дүниежүзілік абсолюттік идея, рух т.с.с. деп болжамдасақ, онда философияда идеалистік ағым пайда болады.

Егер Дүние субстанциясының екі ажырамас - материалдық және рухани - жағы бар деген көзқараста болсақ, онда біз философияда реализм бағытын тудырамыз. Тек қана бұл ұғымды орта ғасырлардағы схоластикалық философияның жалпы ұғым жөніндегі реализмінен айыруымыз керек.

Философиядағы материалистік ағым ең көне, бүгінгі таңда жан-жақты дамыған жеке ғылымдардың нәтижелерін өз бойына сіңіріп, адамзаттың ағарған бөлігінің Дүниеге деген көзқарасы ретінде өзін көрсеткісі келеді.

Бірақ бұл көзқарастың сонау түрпайы материализмнен бастап диалектикалық материализмге дейінгі негізгі елсіз жері - материалдық қоршаған ортаның логикасы қайдан шықты? Дүниенің заңдылықтары, оның дамуының қайнар көзі неде? деген сұрақ. Бүгінгі адамды «ол - Дүниенің ішкі қайшылығында, материяның бейнелеу қасиетімен байланысты» деген жауап толығынан қанағаттандыра алмайды.

Философияның негізгі мәселесін шешу жолындағы материализмге қарама-қарсы бағыт - идеализм (idea - грек сөзі, ой, идея). Дүниенің негізінде субстанция ретінде рухани болмыс жатыр деген қайсыбір дүниетаным мен дүниені қабылдауды біз идеализм дейміз. Идеализм адам өмірінің рухани жағын бірінші орынға қояды. Бұл ағым қайсыбір белсенділік, шығармашылықтың қайнар көзі — рухта деген пікір айтады. Материя мойындалғанымен, ол енжар, болмыстың төменгі жаратылған түрі ретінде ғана қаралады.

Идеализмнің қайнар көзі сонау мифологиялық дәуірдің өзіне барып тіреледі. Өйткені алғашқы қауымның шеңберінде өмір сүріп жатқан адам бүкіл Дүниедегі құбылыстарды адамға ұқсатып түсіндіреді, оларды жандандырады. Әрі қарай жүре келе, адамның абстрактылық ойлау дәрежесі жоғарылаған сайын, идеализмнің дүниеге келуіне толық жол ашылады. Өйткені қайсыбір Дүниедегі құбылыстарды бейнелейтін жалпы ұғымдарда сол заттардың ішкі терең мәні берілген. Сезіммен қабылданатын сол заттар күнбе-күн өзгеріп, тіпті өмірден кеткенмен, ұғымның мағынасы тұрақты болғандықтан, ол өмірде қала береді. Мәселенің екінші жағы - қайсыбір нақтылы зат, құбылыс өзінің ұғымына ешқашанда толық сәйкес келмейді (ханның қызында да кемшіліктер бар). Сондықтан ұлы Абайдың «адам бол» деген нақыл сөзінде терең сыр жатыр. Өйткені бұл Дүниедегі өмір сүріп жатқан миллиондаған адамдардың ішінен бірде-бір адам идеясына толық сәйкес келетін жанды табу мүмкін емес. Тірі адамның үлесі - өмірінің соңына шейін күнбе-күн өзін жетілдіруге тырысу, сол адам ұғымына жеткенінше сай болу. Олай болса, идеалистердің айтуына қарағанда, ұғым шынайы болмысқа жатса, нақтылы дүниеге келіп, біршама уақыттан кейін дүниеден кетіп жатқан мінді заттар - елес, жалған болмыс ретінде түсіндіріледі.

Егер материализм адамның ішкі өмірінен гөрі сыртқы дүниені танып-білуге бағытталса, идеализмнің ең негізгі мәселесі - адам, оның өмірі мен ой-өрісі, тағдыры мен үміті, зардабы мен қуанышы т.с.с. Сондықтан идеалистік философияның аксиологиялық, праксеологиялық жақтары онтологиялық, гносеологиялық жақтарына қарағанда басьшырақ болады. Идеалистік философияның негізгі екі түрін бір-бірінен ажыратуға болады: ол объективті және субъективті идеализм.

Философияның негізгі функциялары (functio - латын сөзі, орындалу жасалу, істейтін қызметі)

Жоғарыда көрсетілгендей, философия - ғылым мен өнер салаларына ұқсас, сонымен қатар адамзаттың мәдениетінде ерекше орын алатын пән. Ол өзінің әртүрлі қырларымен қоғам мен адам өміріне жан-жақты әсерін тигізеді, бұтінгі рухани дағдарыстағы адамзатқа оның жаңа өмір бағытын іздеудегі талпыныстарында философияның орнын асыра бағалау қиын.

Философия Дүниеге деген адамның көзқарасын қалыптастырады. Бұл - осы пәннің ең негізгі функцияларының бірі.

Философияның келесі функциясы - оның әдістемелік қызметінде. Әр ғылымның саласында өзінің пәнін зерттеуде белгілі бір іс-әрекеттер, әдістемелер қолданылады (methodos - грек сөзі, зерттеу жолы). Әртүрлі әдістер жеке, жалпы, ең жалпылық (философиялық) болып бөлінеді. Әдістер жөніндегі жалпы ілімді біз методология дейміз.

Философия болмыс пен ойлаудың ең жалпы формаларын зерттегеннен кейін, олардың әдістемелік қызметі объективтік шындықтың универсалды модельдерін жасау арқылы, сол тұрғыдан жеке ғылымдардың орнын, зерттеуге керек таным құралдарын -категориялар, заңдар, принциптер, - ұғымдарды анықтау арқылы жүреді. Әсіресе гуманитарлық пәндерді зерттеуде философияның құндылық, өмірдегі мән-мағыналық бағытты анықтаудағы қызметін асыра бағалау өте қиын. XX ғасырдағы ғылым мен техниканың өте тез дамуына байланысты философияның әдістемелік қызметінің де мәні өсуде.

Философияда кеңінен олданылатын әдістер: метафизикалық,диалектикалық, софистикалық, герменевтикалық, феноменологиялық, т.с.с.

 

 

Дәріс №2

Көне заман мәдеииеті аясындағы философия

Дәрістің мақсаты: философия тарихының кезеңдерімен танысу, алғашқы діни философиялық ойланрмен танысу, оларға бүгінгі көзқарстар негізінде талдау жасау, алғашқы ухани көзқарастарды талдау.

 

1. Философия тарихы дегеніміз не?

2. Ежелгі Үнді философиясының қалыптасу тарихы және оның негізгі ілімдері

3. Ежелгі Қытай философиясының қалыптасуы және оның негізгі мектептері

 

Философия б.ғ.д. VI-V ғ.ғ. пайда болып, өзінің бүгінгі ахуалына келді. Қайсыбір философия, Гегельдің айтуына қарағанда, оймен ұсталып қалынған өз заманы, дәуірі. Философия тарихы, олай болса, адамзаттың ой-өрісінің даму тарихы, шегіне жеткен ең жалпы адам мен Дүниенің қарым-қатынасы жөніндегі мәселелерді шешудегі өз заманымен шектелген ойлау, рух талпынысы.

Философия тарихы сонау көне заманнан бері қалыптаса бастады. Оның қайнар көзі - Дүние мен адамның байланысы жөніндегі алғашқы жиналған ойлар мен пікірлер, оларды белгілі бір жүйеге келтіріп, сараптау қажеттігі, соның негізінде әрбір философ-тың өзінің ой-пікірін жеке көрсетуге тырысуында жатса керек. Сондықтан Кон-фу-Цзы, Платон, Аристотель саяқты көне замандағы ірі ойшылдар өздерінің көзқарасын бұрынғы тарихта қалыптасқан пікірлермен салыстырып, оларға баға береді.

Әрине, философия тарихының қалыптасуы мен дамуының ішкі заңдылықтары бар. Әр философ, қайсыбір адам саяқты , өз дәуірінің тұлғасы, сондықтан оның ой-толғауында сол заманның мұң-мұқтаждықтары, философиялық ой-өрісі көрінбей қоймайды.

Әрбір географиялық аймақтағы тұратын халықтардың сол жерге мыңдаған жылдардың ішіндегі бейімделуінің негізінде өзінің дүниетанымы мен дүниені түйсінуі, өзінің философиясы қалыптасады. Оны ғылымда менталитет деген ұғыммен береді (mental -ағылшын сөзі, ой-өріс). Сондықтан біз Шығыс, Батыс философиясы, Африка, Америка т.с.с. философиясы деп оларды ерекше қараймыз.

Сонымен бірге философияның келесі күрделі ерекшелігі оның тарихына өз әсерін тигізбей қоймайды. Ол - Дүниеге деген көзқарастың көптүрлілігі, ішкі және сыртқы жағына шексіз Дүниені танып-білудегі кемеліне келген соңғы ақиқаттың үзілді-кесілді түрде болмауы. Сондықтан соңғы ақиқат - ешбір философиялық ағымда, ешбір аса ірі тұлғаның қолында жоқ және ол болашақ тарихта да болмайды. Бұл философияның іргетасты ерекшелігі тарихтағы пайда болған әр философия ағымының, әр ірі тұлғаның дүние сезімінің, тебіренісінің қайталанбауын, оның орны бөлек рухани құндылық екенін көрсетеді

Философияның дүниеге келу уақыты ғылымда нақтылы көрсетілген. Жалпы алғанда б.ғ.д. VI-V ғ.ғ. Шығыста да, Батыста да адамзаттың ұлы ойшыл-бабалары дүниеге келіп, философиялық ой-пікірді туғызды. Олар: Қытайда - Лао-Цзы, Кон-фу-Цзы, Парсы елінде - Заратустра, үнді елінде - Гаутама Сидхартха, соңынан Будда (ағарған) аталған, Грецияда - Сократ, Фалес, Анаксимандр т.б., Палестинада - Илия, Исая, Иеремия т.б.

Цивилизацияның бірі - ұлы Қытай елі. Ол - бүгінгі таңда заманның қойған Талабына сәйкес жақсы Жауап тауып, өте тез дамып келе жатқан ел. Ғалымдардың айтуына қарағанда-, XXI ғасырдың отызыншы жылдарында Қытай дүние жүзіндегі ең дамыған елге, дүние жүзінің экономикалық орталығына айналмақ.

Қытай елінде болып жатқан жаңару үрдістері сол елдің терең түп-тамыры - 4-5 мың жылға кететін мәдениетімен, сол халықтың дүниетанымы мен дүниесезімі (менталитеті), философиясымен байланысты. Синологтардың (қытайтанушылар) айтуына қарағанда, Қытайдың моральдық философиясының негізгі қағидалары бүгінгі заманның талабына сай келіп, реформаларды жеделдетуге өзінің зор ықпалын тигізуде. Ендеше сол халықтың тудырған философиясын зерттеп, өзімізге керек жақтарын ойымызға түйейік. Қытай философиясына кіріспестен бұрын, бір-екі ауыз сөзді осы халықтың мифологиясына арнау керек, өйткені қай халық болмасын оның мәдениеті мен философиясының түп-тамыры, қайнар көзі сол көне аңыздарға барып тіреледі. Қытай аңыздарында Дүниенің жаратылуына көп көңіл бөлінген. «Алғашқы тұңғиықтың (хаостың) ішінде үлкен жұмыртқа пайда болып, оның ішінен дәу алғашқы адам - Пань-Гу шықты», - дейді Қытай мифологиясы. Содан кейін ол оң қолымен сермеп қалғанда, хаос қақ жарылып, жер мен аспан пайда болыпты. Әрі қарай оның тынысы желге айналып, дауысынан күн күркірейді, бір көзінен күн туса, екіншісінен ай пайда болады, Дүниенің төрт бөлігі оның екі қолы мен екі аяғынан, өзендері оның қанынан, жаңбыр шыққан терінен пайда болыпты.

Даосизм ағымы

Даосизм бағытының негізін қалаушы - Лао-Цзы (VI-V ғ.б.ғ.д) «Даодецзин» деген кітапта бұл кісінің айтқан ойларын оның оқушылары мен ізбасарлары IV б.з.д. ғ.ғ. жинақтаған.

Даосизмнің онтологиялық (болмыс) мәселелері. Лао-Цзы философиясының негізгі ұғымы - Дао қытай тіліндегі көп сөздер саяқты , өзінің бойына әртүрлі мағына сіңірген ұғым. Дао, бір жағынан, Дүниенің қайнар көзі, алғашқы негіз ретінде түсіндірілсе, екінші жағынан ол - аспан заңдылықтары, бүкіл Дүниедегі заттар мен құбылыстар оған бағынышты. Дүниенің негізінде жатқан Даоны біз: «...мәңгілік, ол өзгер-мейді, бітімсіз, танылмайды», - дейміз. Оған қаншалықты мұқият қарағанмен, ол көрінбейді, зер қойып тыңдасақ - естілмейді, оған ат қояйық десек, қалай атарымызды білмейміз: оның аты жоқ. Ол - еш нәрсе, бейболмыс. Дао - бүкіл өмірге келетіннің терең қақпасы.

Ал біз өмір сүріп жатқан нақтылы Дүниеге, бізді қоршап жатқан сан алуан заттарға келер болсақ, олардың әрқайсысының аты бар. Олардың бәрі де қозғалыста, өзгерісте, олар уақытпен шеңберленген, яғни бұл Дүниеге келіп, аяғында Даоға айналып мәңгілікке кетеді.

Дао тудырған болмысты, заттар әлемін Лао-Цзы «Де» деген сөзбен береді. Дао заттарды тудырса, Де оларды асырайды. Денелік заттардың бітімін құрайды, инь мен янның күштері арқылы зат қалыптасады. Сондықтан бұл Дүниеде Даоны құрметтейді, «Дені» бағалайды. Адам жерге бағынады, жер - аспанға, аспан - Даоға, Дао - өз-өзіне.

Дао - мәңгілік және аты жоқты. Солай бола тұра, оны ешбір бұл Дүниедегі нәрсе өзіне бағындыра алмайды.

Теңізге әр жерден келіп құйылып жатқан кіші-үлкен өзендер саяқты , Дао өзінің бойына Дүниедегі барлық заттар мен құбылыстарды сіңіріп, қайтадан өз бойынан оларды тудырып отырады.

Сонымен Бейболмыс - бірінші, нақтылы дүние, болмыс -екінші. Дүниедегі барлық заттар болмыстан шығады, ал болмыс бейболмыстан туады. Қазақстанның философ-ғалымы А.А.Хамидов атап көрсеткендей, «Шығыс философиясында бейболмысқа креа-тивтік (creatio - лат сөзі, тудыру) күш беріледі. Сондықтан Батыстағы белгілі тұжырым «Ех nihilo nigil fit» (жоқтан еш нәрсе тумайды) шығыс ой-пікіріне сәйкес келмейді. Шығыстың ой-пікірінен шығатын тұжырым - «Ех nihilo nigil fit» - лат. (жоқтан барлығы пайда болады).

Даосизмде дүниенің қайшылығы, қарама-қарсылықтың бір-біріне айналып жатқаны айқын көрсетіліп, адам өзінің жүріс-тұрысында, іс-әрекетінде оны қалай ескеру керектігі айтылады. «Сұлудың сұлұлығы білінген кезде, түрсіздік те пайда болады. Жақсылықтың жақсылығы білінген уақытта жамандықта пайда болады... Сондықтан болмыс пен бейболмыс бірін-бірі тудырады, ұзын мен қысқаны бір-бірімен салыстырып қана білеміз, биік пен аласа бір-бірімен майысады, әртүрлі дыбыстар бір-біріне қосылып, гармония (harmonia - грек сөзі, үйлесімді) тудырады. «Қарама-қарсылыққа айналу - даоның қозғалысы». «Мінді мінсіздікті сақтайды». Бұл бос сөз бе? Ол - адамның жетілуінің жолын көрсететін қағида. Сондықтан қиындықтан өту үшін жеңілден бастау керек, ұлы нәрсе кішіден басталады, көп нәрсе аздан тұрады, бақытқа жету үшін бақытсыздықтан өту керек... кім көп жинаса, соншалықты көп жоғалтады. Кім өлшемді сақтаса, сәтсіздікке ұшырамайды. Кім өз шегін білсе, қауіптен құтылады. Егер жеңілдікті іздесең, қиындықтар өз-өзінен пайда болады».

Даосизмнің жоғарыда көрсетілген нақыл сөздері өзінің терең даналығымен бізді таңғалдырады. Онда Дүниенің терең мәні, адамның өмір сүруіне қажетті қасиеттер көрсетілген. Тек оқы да, бойыңа тоқы. Аз күнде ұлылық дәрежеге көтерілем деп, беліңді шойыртып алма, күнбе-күн аз-аздап, шаршамай-талмай еңбек ет, сонда ғана белгілі нәтижелерге жетуге болады. Даосизмнің бұл нақыл сөздері жастарға, я болмаса қарапайым адамдарға ғана емес, біздің саяси және экономикалық әлитаның кейбір өкілдеріне қандай керек десеңізші!!!

Даосизмдегі дүниетанымдық мәселелер. Даоны тану жолында сезімдік, іңкәрлік бізді оған ешқашанда жеткізбейді. Адам сезімдік жолмен тек қана шектелген нақты заттарды ғана тани алады. Сондықтан адам іңкәрліктен арылып, тыныштық жағдайға келгенде ғана Дүниеге тереңдей алады.

«Дүние әртүрлі заттардан тұрғанмен, олардың бәрі де гүлдейді де, соңынан тамырына қайтып оралады. Оны біз тыныштық дейміз, ол бізді мән-мағынаға жеткізеді, мән-мағына тұрақтылыққа әкеледі. Тұрақтылықты білген адам жетілудің шыңына жетеді. Жетілген адам іңкәрліктен айырылады, іңкәрліктен айырылған адам даоға жетеді. Даоға жеткен адам - мәңгілік. Даоны түсінген адам қауіптен құтылады».

Дүниетану жолындағы жасалған ұғымдарды сараптап, олардың біртекті мән-мағынасын анықтау қажеттігін даосизм асыра көрсетті. «Тәртіпті орнатқан кезде аттар қойылды. Заттардың аттары пайда болғаннан кейін, оларды шектеу қажет. Ол қателіктерден құтылдырады».

Өзіңді танысаң, басқаларды да білесің. Бір отбасынан басқалардың бәрін де тануға болады. «Бір елді танып білсең, бүкіл жер бетіндегі елдерді білгенің», - дейді даосизм. Әсіресе жастарға ой салатын мынандай нақыл сөзбен аяқтайық: «Дана адам білімі бола тұра, оны көрсетпейді, надан адам білмесе де, білімді саяқты болып көрінгісі келеді».

Даосизмнің моральдық, әлеуметтік-саяси көзқарастары. Даосизмнің моральдық ілімі Кун-фу-Цзы іліміне қарама-қарсы. Конфуций адамдардың бір-біріне жақсылық жасау керектігі қағидасын сынға алып, олар оны «мен - саған, сен - мағанға» теңеп, «оның ешқандай моральдық мәні жоқ, тек қана пайда табушылыққа итереді» деген ойды айтады.

Даосизмнің этикалық идеалы - жақсылық жасауға ұмтылмау. Сондықтан ондай адам - ізгі адам. Мұндай идеяға оларды итерген өмірде көп кездесетін жақсылықтың жамандық болып оралуы болса керек. Сондықтан даостардың ізгі адамы еш нәрсе жасамай жеңіске жетеді. «Күреспей-ақ жеңіске жетеді», - дейді даостар.

Даосизмнің әлеуметтік-саяси көзқарастарына келетін болсақ, қоғам өмірінде адамдардың тәтті тамағы, жылы киімі, тұрақты үйі болса, онда олардың өмірі қуанышты. Сонда ғана көрші мемлекеттер бір-біріне алыстан қарап, бір-бірінің әтештерінің шақыруын, иттерінің үруін тыңдап, өздерінің қартайып өлгендеріне шейін бір-біріне тимейтіндігін айтады.

Даосизм ілімі адамдарға білім беруге, оларды ағартуға қарсы, ал білімді адамдардың өзін іс-әрекет жасауға жібермеу керек деген пікір айтады. Өйткені әрекет жасамау, барлық заттардың өзінің мақсатына лайықты өзгеруіне, өзіне-өзі жеткілікті болуына әкеледі. Ал енді басқару мәселесіне келетін болсақ, онда олардың пікірінше, «ең жақсы елбасын, яғни тек оның бар екенін ғана халық біледі. Ал халық сүйетін және көтеретін елбасы - екінші дәрежеде. Содан кейін халықты қорқытып ұстайтын елбасы келеді. Егер халық елбасынан жиіркенсе - онда ол ең жаманы».

Даосизм елдің әділеттік арқылы басқарылатынын, соғыстың құлық арқылы жүретінін айтады. Елді басқару дәрежесіне көтерілу еш нәрсе жасамау арқылы болмақ (У.Вей - заттың табиғи қалыптасуына тежеу жасамау). Егер елбасы еш нәрсеге килікпесе, онда қоғам өмірінде тыныштық орнап, барлығы да өз орнымен келе береді. Егер үкімет тыныш болса, онда халықтың көңілі де жайлы. Бірақ үкімет неше түрлі іс-әрекетте болса, онда халық бақытсыздыққа ұшырайды.

Даостар үкімет басындағы адамдарды байлыққа, қымбат заттарға қызықпауға шақырады. Әсіресе тәкаппарлықтың зияндылығын аса көрсетеді. «Ең бақытсыздық - өз іңкәрінің шегін білмеу-де, ең қауіптілік - асқан байлыққа жетуге ұмтылуда».

Даостар - соғысқа қарсы. Соғыста болған жеңісті мадақтау - адамдарды өлтіргенмен тең. Сондықтан ізгі басшы көршілермен тату түруға, егер қайшылықтар пайда болса, оны бейбіт түрде жол беру арқылы шешу керектігін айтады. Сондықтан қашанда соғысты бірінші болып ашудан бас тартқан жөн деп есептейді.

Конфуций ілімі - Қытайдың моральдық философиясы.Конфуций (551-479 б.ғ.д.) - Қытай халқының ұлы ойшыслы, саяси қайраткері, тәрбиешісі, осы уақытқа дейін өзінің ықпалын тигізіп келе жатқан философиялық ағымның негізін қалаушы. Негізгі еңбегі - «Лунь-уй» (әңгімелер мен пікірлер).Конфуций философиясында қойылған онтологиялық (болмыс) мәселелерге келер болсақ, ойшыл өзінің болмысқа, дүниеге деген жалпы көзқарасында сол кездегі қалыптасқан ой-орістің шеңберінде болған. Аспандағы дао заңдылықтарына табынып, тағдырға сенген. Мысалы, «Лунь-уй» кітабында: «Аспан жөнінде не айтуға болады? Жылдың төрт маусымының ауысуы, болмыстың дүниеге келуі. Басқа не айтуға болады? Егер кімде-кім тағдырды мойындамаса, оны нағыз ерге жатқызуға болмайды», -дейді ұлы ойшыл.

Конфуцийдің адамзат тарихында ұлы ойшыл ретінде осы күнге дейін сақталуы - оның моральдық-этикалық көзқарастарында. Оның әлеуметтік-саяси көзқарастарының өзі осы моральдың тиістілік шеңберінде қаралады.

Конфуций еңбектерінен біз «бес тұрақтылықты» (у-чан) табамыз. Олар: адамгершілік, адамды сүю (жень), әділеттілік (и), әдеттілік (ли), даналық, ақыл-оймен тоқулық (чжи), сенімділік (сань). Осы бес тұрақтылық арқылы адам дао жолына шыға алады.

Конфуций моральдың «алтын ережесін» алғаш көрсеткен деген пікір әдебиетте бар. Оқушы бұл кісіге: «Бір сөйлеммен сіздің моральдық іліміңізді бізге жеткізе аласыз ба?» - деген сұрақ қойыпты. Оған ол: «Өзіңе тілемейтінді басқаға да жасама», - деген екен.

Конфуций өзінің моральдық ілімінде «адамдардың өзаралықтығына» «алтын ортаңғылыққа», әке-шеше мен аға-апаны сыйлауға, адамдарды сүюге шақырады. Ол кісі жақсылықтың жақсылық болып қайта оралуына сенген.

Біздің баса көрсеткіміз келетін «тұрақтылық» - ол «ли» (әдеттілік). Конфуцийдің айтуына қарағанда, халық өзінің ғасырлар тарихында қалыптасқан әдет-ғұрыптарын сақтап, сыйлауы керек. Әдет-ғұрпынан айырылған халық тарап кетеді. Расында да, қазақ халқы бодан болған өзінің тарихында, әдет-ғұрпынан толықтай айырылып қала жаздады. Әсіресе кеңес заманында әдет-ғұрпын сыйлаған адамдарға «ұлтшылдық» таңба тағылым, қудаланған болатын. Сондықтан халықтың «мәңгүрт-тенуі» де көбінесе осыған байланысты болды. Бүгінгі таңдағы жаңару үстінде біз өз мәдениетіміздің көп жағымен «қайтадан танысып» халықтық дәрежемізді көтерудеміз.

Конфуцийдің айтуына қарағанда, адамдарды екі түрге бөлуге болады. Олар: «ізгі адам» (цзюн-цзы) және «ұсақ адам» (сяо-жень).

«Ізгі адам» өз алдына үлкен талаптар қояды, ал «ұсақ адам» талапты басқалардың алдына қояды. Ізгі адамға үлкен істерді тапсыруға болады, ұсақ адамға сенуге болмайды. Ізгі адам басқа адамдармен тіл тауып, бірақ өмірде өз жолын іздейді. ұсақ адам басқа адамдармен бірге болғанымен, ұрыс - керіс тудырады. Ізгі адам адамгершілік жолында өзінің өмірін қиюға дайын, ұсақ адам өзінің өмірін ит саяқты орда бітіреді.

Әлеуметтік-саяси көзқарастар. Конфуций өзінің әлеуметтік көзқарастарында әрбір топтың тарихи қалыптасуында өз орны болуы керектігі және олардың арасындағы қарым-қатынастары әдет-ғұрыптың негізінде ретке келіп отыруы керектігін көрсетті. «Елбасы әрқашанда ел басы орнында, қызметші - қызметші орнында, әке - әке орнында, ұл -ұлдың орнында», - болуы керек дейді ұлы ойшыл.