XVI тарау. Рух философиясы 2 страница

Адамның денесі болғанымен, ол ең алдымен - рух. Өткен замандағы және қазіргі ойшылдардың бәрі де адамның рухани пенде екенін қажымай айтып келеді. Кең түрде алғанда, рух деп біз адамның психикалық өмірінің ең биік, санамен байланысты, оны жетілдіруге, кемеліне келуге итермелейтін,дүние мен қоғамды бірлікке, үндестіккешақырып, осы жолда оны өзгертуге бағытталғанкөріністерін айтамыз. Рухтың қайнар көзі материалдық дүниенің терең қабаттарына кетеді. Ол - заттардың біртұтастығын және бір-бірімен байланыстарын қамтамасыз етіп, оларды жетілуге итермелейтін күш. Уақытында П.Т. де Шарден айтқандай, оны біз молекуланың өз ішкі тартуынан-ақ байқауымызға болады. Оны Платон «морфе» (заттың болмыс формасы), Аристотель қайсыбір дененің «энтелехиясы» (оның болмысын анықтайтын ішкі мақсат-мұраты), В.Г.Лейбниц «монада» (көзге көрінбейтін рухани күш), - деп атап кеткен болатын.

Егер өлі және тірі табиғатта оның осы ішкі күштері денесінен бөлінбей өмір сүрсе, адам дуниеге келіп, абстрактілік ойлау мүмкіндіктері пайда болысымен-ақ, олар оның санасында бейнеленіп, неше түрлі категориялар, принциптер, нормалар, идеялар т.с.с. кұндылықтарды тудырады.

Аса ескеруге алатын нәрсе - адам Дүниенің заңдылықтарын өз санасында тек бейнелеп қана қоймай, оны өзгертуге, жетілдіруге, кемеліне келген модельдерді қалыптастыруға, бүгінгі өмірде жоқ, бірақ болуға тиістіні ойлап шығаруға тырысады. Оны философия тілінде «қол астындағы болмыстың шеңберінен шығу, трансценділеу» дейді. Міне, осының арқасында қоғам өмірінде тиістілік, болуға тиіс, яғни құндылықтар әлемі дүниеге келеді. Ол - Ізгілік пен Әсемдік, Ақиқат пен Шындық, Әділеттілік, Еркіндік пен Теңдік, Сүйіспеншілік,т.с.с. құндылықтар. Мұны рухтың ең биік қызметі деп айтсақ та болады. Ол тұлға өмірінің мән-мағынасын құрап, соны өмірге енгізуге бағытталған күш-жігерді тудырады.

Алайда негізгі өмір қайшылығы мынада: ешбір рухани құндылық, идеал, т.с.с. ешқашанда толығынан өмірде іске аспайды. Оны ойшылдар сонау көне заманда байқап: «Бәрі де әбігерлік, әбігерліктің әбігерлігі», — деген болатын. Сондықтан ол рухтың шынайы дүниедегі адамдар пендешілігіне қарап зарығып, зұлымдыққа былғанып жатқан дүниеге қарсы шығып, оқтын-оқтын көтерілуіне әкеледі. Осы тұрғыдан алғанда, адамзат тарихында өткен барлық ұлы революцияларрухтың өмір алдына қойған талаптары мен шынайы өмірде қалыптасқан жағдайдың арасындағы қайшылықтың шегіне жетіп өршіген кездепайда болатынын біз жақсы білуіміз керек. Бірақ бірде-бір тарихта болған революция өзінің алдына қойған мақсат-мұратына толығынан жете алған жоқ. Көп жағдайда ол қан төгіске, зардап шегуге, сәтсіздікке әкеліп, зұлымдыктың кейбір өршіп кеткен түрлерін жойғанмен, олардың орнына оның жаңа түрлерін дүниеге әкелді.

Бұл арада біздің зұлымдық мәселесіне тоқтала кеткеніміз жөн болар. Өлі табиғат пен жануарлар өміріне, әрине, зұлымдық ұғымын қолдану мүмкін емес. Ол - қоғам өмірінде пайда болатын кұбылыс. Ұлы Гегельдің ойынша, оның қайнар көзі - өмірде болып жатқан мен болуға тиістініңарасындағы қайшылық.Тек қана адам өмірінде шынайы өмірде жоқ, бірақ болуға тиістіні қажет ету(долженствование) бар. Ал орындалмаған бұл кажеттілік адамнын зардаптануына, қайғы-қасіретіне әкеледі.

Біздің ойымызша, зұлымдық материалдық ресурстардың әрқашанда шектелгендігінен, соның нәтижесінде кейбіреулердің жеке мүддені асыра бағалап, қоғамдық бір тұтастыққа қарсы кою іс әрекетінен пайда болса керек. Ол жеке адамның өзімшілдік мүддесін іске асырудағы пиғылынан шығуы мүмкін, сонымен қатар белгілі бір әлеуметтік топтың да іс әрекетінен пайда болуы ғажап емес. Мысалы, уақытында фашистік Германияның басшылары неміс халқын ерекше биік орынға қойғысы келіп, басқа халықтарға қарсы қойып, сол саясатты жүргізу барысында адамзатты қандай трагедияға әкелгенін білеміз. Бүгінгі таңда, АҚШ басшылары өз күшін пайдаланып, басқа халықтардың мүддесіне сай келмейтін өр көкіректік саясатты жүргізіп, ондаған мың шақырымдағы жерлерді сол елдің «өмірлік мүдделері» бар аймақтары деп бағалауда. Ал одан шыққан іс әрекеттерді біз локальды қан төгістер жүріп жатқан жерлерден көріп жатырмыз.

Енді жоғарыда талданған шынайы өмір мен құндылықтар әлемінің арасындағы қайшылықтарға тағы да оралсақ, Л.Фейербах діннің қайнар көзін Дүниенің өтпелілігі мен кемшіліктерінен, содан шығатын адамның зардабынан, табиғаттың орасан зор күштеріне тойтарыс бере алмай, үрейленуінен көреді. «Сондықтан адамның қиял-арманы о дүниені, жетілген мәңгілік рухани өмір, Құдай идеясын дүниеге әкеледі», — дейді ұлы ойшыл.

Егер дүние кемеліне келіп жетілсе, онда ол барлық қайшылықтарды жойып, яғни өз-өзін жоқ қылатынын біз ақыл-ой аркылы түсінеміз. Ал мәңгілік бақытты өмір, осы тұрғыдан алғанда, тозақтың ең жаман түрі болар еді. Жас дос, өзіңіз ойлап қараңызшы, егер мәңгі өміріңіз болса, сіз саусағыңызды да қозғалтпаған болар едіңіз, өйткені алда шегі жоқ мәңгілік бар. Ал дүние кеңістік пен уақыт арқылы беріліп, өзіңіздің болашақта өмірден кететініңізді білгеннен кейін, сіз белсенділік көрсетесіз, алдыңызға үлкен мақсат-мұрат қойып, соны іске асыруға ұмтыласыз, осы фәниде өз ізіңізді қалдырып кетуге тырысасыз, өмірдің әрбір шағының тамаша жақтарына сүйсіне карап, оның ғажабына тоймайсыз т.с.с.

return false">ссылка скрыта

Алайда ақыл-ой оны түсінгенмен, рух оған қанағаттанбайды, ол қол астындағы кемшілікке толы болмысты Ізгілік пен Әсемдік, Акиқат пен Сүйіспеншілік т.с.с. кұндылыктардың негізінде қайта өзгертіп, жетілдіргісі келеді. Қайсыбір дін осы жолда ертелі-кеш зұлымдыққа тойтарыс беріліп, жақсылық, ізгіліктің болашақтағы жеңісіне сенуді уағыздайды. Әрине, ол адамның көңілінен шығады. Сондьқтан көп жағдайда нақтылы өмірде зұлымдық өз тойын тойлағанмен, ақырында, жақсылықтың жеңетініне адамзаттың көпшілігі сенеді.

Сонымен қатар адам рухының кемеліне келген дүниеге деген іңкәрлігі мыңдаған жылдардың шеңберінде орасан зор Өнер Әлемінтудырады. Оған әдебиет пен поэзия, қылқалам мен мүсін, сәулет пен әуен, сымбат т.с.с. өнер түрлерін жатқызуға болады. Өнер әлемі бізді аз уақыт болса да нақтылы болмыстан жоғарылатып, рухтың кереметтігін көрсетіп, жан-дүниеміздің ластанған жағын тазартады (Аристотельдің тілімен айтсақ, «катарсиске» әкеледі), біздің Ақиқат, Әсемдік, Сүйіспеншілікке деген сенімімізді нығайтады.

Қарапайым сана деңгейінде көп жағдайда «жан» мен «рухты» бір мағынада пайдаланады. Алайда олар әр түрлі ұғымдар. «Жан» (псюхе, анима) деп біз адамның ішкі әлеміндегі өмірге деген іңкәрлігін, оның күнбе-күнгі қуанышы мен зардабын, оның жарқын, я болмаса күңгірт ұмтылуларын, жалпы алғанда, өмір сүруге (витальдық) бағытталған күш-қуатын айтамыз. Яғни оны адамның дене құрылысымен өте тығыз байланысты сезімдік-психикалық құбылыстардың жиынтығы деуге де болар еді. Тарихи жан адаммен бірге дүниеге келеді. Ал рухқа келер болсақ, ол адам психикасы дамуының соңғы жетілген сатыларымен байланысты. Неміс философы К.Ясперстің ойынша, рухтың дүниеге келген уақыты -кіндікті заманда (осевое время), шамамен б.з.д ҮІП-ІІ ғғ. болса керек. Осы кезде адамның абстрактілік ойлау қабілеті жетіліп, мифологиялық дүние түсіну философиялық пайымдауға ауысып, көпқұдайлықтан бірқұдайлыққа негізделген дүниежүзілік діндер дүниеге келеді. Міне, осы уақытта жан-дүниенің үстінде рух пайда болады.

Енді жеке адамның өмір сатыларына келер болсақ, онда да рух жаннан кейін қалыптаса бастайды. Егер жан деп біз адамның организм ретіндегі өмірге деген интенциясын (ұмтылысын) айтсақ, рухтың өмір сүруі тікелей адамның дене кұрылысымен байланысты емес. Мысалы, әйгілі философ И.Канттың әлсіз денесінде күшті рух болды емес пе? Рух өз қалыптасу заңдылықтарына сүйенеді, өз-өзін адам өмір шеңберінің аяғына дейін дамытып, кейбір кезде тіпті адамның дене ахуалын ауырлатып та жіберуі мүмкін.

Негізінен, адамның өмір сатысын үшке бөлуге болады. Бірінші - жастық шақты эстетикалық,я болмаса романтикалық саты дейміз. Өйткені жастық гүлденген шақта адам әсемдікке ұмтылады, өмір жаңа ғана басталып жатыр, алда мәңгілік жатқандай болып сезіледі. Адам мейлінше өмірден сезімдік ләззаталсам дейді. Бұл жолға түскен адамның сезімі бірте-бірте жұқара түсіп, ақырында оның шектелгенін сезеді. Өмірдің сыртқы және ішкі жағына келер болсақ, оның екеуі де жеңіл сияқты көрінеді.

Екінші сатысында адам есейген, естияр кезінде прагматикалық(бейімделу, пайда табу) кезден өтеді. Адам сыртқы өмірге аса көп ойланбай бейімделіп, балалы-шағалы болып, ішкі өміріне де көбірек үңіле бастайды. Сыртқы өмір ауыр болғанымен, ішкі өмір әлі де болса жеңілірек.

Жасы келе, адам өмірдің соңғы - үшінші - сатысына аяқ басады. Оны пуристік(таза), я болмаса діни,адам дінге сенбесе, руханияттықсаты деп атауға болар еді. Өйткені адам өз өмірінің «күнбатысымен» кез болады. Бұл шақта адамның рухы кемеліне келіп, оған көп сұрақтар қойып, мазалай бастайды. Адамның сыртқы өмірі жеңіл (күнкөріс, бақталастық т.с.с. күйбіңнен адам алшақтайды) болып, ішкі рухани өмірі үлкен тебіреністерге, ауыр жүкке толып, оны күнбе-күн үлкен ойға қалдырады. Ондағы негізгі сұрақ өмірдің мән-мағынасы, мазмұндылығы, өмір соңындағы қалдырған із болса керек.

Енді рухтың өмір сүру формаларына келер болсақ, уақытында оны Г.Гегель егжей-тегжейлі талдаған болатын. Ол оны субъективті, объективті және абсолютті рухқа бөледі.

Субъективті рух деп біз тарих сахнасында өмір сүріп жатқан тірі өзіндік сана-сезімі бар адамды айтамыз. Рух жеке адамның психикалық ерекшеліктеріне сай қалыптасып, дамиды. Адам өзінің саналы іс әрекетінің негізінде тұлғаға айналып, қоғам өміріндегі құндылықтарды игеріп, өзіндік сана-сезімін қалыптастырады.

Объективті рухқа біз белгілі бір әлеуметтік қауымның мойындаған ортақ құндылықтар әлемін жатқызамыз. Оған оның дүние сезімі, көзқарасы, этикалық, эстетикалық, саяси-құқтық, философиялық т.с.с. түсініктері, көңіл күйі, идеялары жатады. Негізінен алғанда, объективті рух - ол белгілі бір тарих сахнасында өмір сүріп жатқан халықтың рухы, ең алдымен оның тудырған тілі, жасаған өнер әлемі, әдет-ғұрпы, тәлім-тәрбие әдістері, құқтық жэне моральдық құндылықтары, менталитеті (ділі) т.с.с.

Гегельдің уақытында айтқан абсолюттік рухы — ол кемеліне келіп жетіліп, өзінің шеңберіне қайта оралған абсолюттік идеяның (Құдайдың) жердегі өмірмен ешқандай байланысы жоқ рухы. Мұндай көзқарас бүгінгі әдебиетте көп жағдайда мойындалмайды. Сондықтан Гегельдің көрсеткен абсолюттік рухтың сатыларын: өнер, дін, философияны объективті рухтың ішіне кіргізуге болады.

Философиялық әдебиетте объективтендірілген рух деген ұғым қолданылады. Оның мәні мынада. Қайсыбір адамның шығармашылық іс әрекетінен туған идея өмір сүруі үшін заттанады, яғни объективтендіріледі. Мысалы, күнбе-күнгі өмірде мыңдаған рет кездесетін жеңіл машиналар, автобустар т.с.с. техника түрлерін алсаңыз, олар жүздеген ғылыми қайраткер, инженер, ойлап шығарушы талантты адамдардың ой еңбегінің жемісі. Белгілі бір кешенді салу үшін ол ең алдымен архитектордың санасынан өтіп, жобаға айналуы керек т.с.с. Тағы табиғатта қалалар, машиналар, байланыс жұйелері т.с.с. жоқ. Яғни бүкіл адамзат тудырған «екінші табиғатта» адамзат рухы затталып, соның ішінде сөнген. Адам күнбе-күнгі өмірінде неше түрлі заттарды пайдаланған кезде (ол үшін оның құрылымын білуі қажет), сол сөнген рухты жандандырып, яғни игеріп, өз рух құрамының ішіне кіргізеді. Осы жолда оған шабыт келіп, оның шығармашылық іс әрекетін оятып, жаңа идеяларды тудыруы ғажап емес. Өйткені қайсыбір рухани туындыда иесінің ескермеген, байқамаған жақтарын соны игеру үстіндегі адам байқап қалуы мүмкін. Сонымен рух, бір жағынан, адамның санасында жанып, екінші жағынан, заттардың ішкі мәнін құрап сөніп жатады екен.

Келесі үлкен мәселе - «рухтың өзегінде не жатыр»?деген сұрақ. Оған жауап ретінде біз моральдық құндылықтар дер едік. Бұл арада біз А.Швейцердің пікірімен толығымен келісеміз. Адамзаттың нағыз алға жылжуы ғылыми-техникалық жетістіктерде, айнала қоршаған ортаны сырттай өзгертуде емес, адамның өзінің іштей жаңаруы, моральдық өрлеуінде жатса керек. Бүкіл рухани дүние әрқашанда моральдың бір қарағанда байқалмайтын ықпалында болады. Негізінен алғанда, адам болу дегеніміз өнегелік, ұдайы өз ар-ұждан, адамның жүрегінен шығатын ішкі талаптарға ұкыпты қарау, тұлғаның моральдық өмірден алган тәжірибесін шыңдау емес пе? Рухани өмірдегі моральдық нормалар мен құндылықтардың шешуші рөлі түсінікті болуы үшін, біз адамның жүріс-тұрысы, іс әрекеті ерекшелігін алға тартуымыз керек. Адам өз жүріс-тұрысында әрқашанда моральдық құндылықтарды басшылыққа алады, ал оньң талаптары көпшілік жағдайда сол сәттегі адамның мүдделеріне шек қойып, басқа адамдардың да мүдделерімен санасуды қажет етеді. Өйткені адам бұл дүниеде жалғыз ғана өмір сүріп жатқан жоқ, ол басқалармен бірге, яғни өне бойы қоғамның шеңберінде. Моральдың келесі бір ғажап жағы - бүкіл қоғамның барлық саласын қамтуында. Тіпті адам кейбір жағдайда жалғыздан-жалғыз калғанның өзінде, өз-өзіне моральдық тұрғыдан қарап, баға береді.

Енді осы моральдың ерекшеліктерін басқа рухтың салаларымен салыстырсақ, онда оның өзектілігі дереу байқалады. XX ғ. адамзат ақыл-ойы табиғаттың терең жатқан сырларын ашып, оларды өз мүддесіне сай етіп пайдаланды. Сонымен қатар ол адамзаттың өз құдіреттілігіне деген осы уақытқа дейінгі ойын су сепкендей басты. Өйткені ғылымдағы бір жаңалықты өмірге енгізіп, оның пайдасын көргенмен, оның қандай теріс салдар әкелетінін адам қандай керемет компьютермен есептесе де толығынан анықтай алмайды. Ал оның өзі экологиялық дағдарыстарға, тіршіліктің азып-тозуына әкеліп жатқан жоқ па? Тек таза есеп-қисапка (рационализм) негізделген ақыл-ой, егерде ол моральдық құндылықтарға негізделмесе, дүниені хаостың тұңғиығына, тіпті адамзаттың өз өліміне әкелуі мүмкін. Моральдық құндылықтарға мән бермей, «мен бәрін білемін» деген адам компьютердің бір түріне, барлық тіршілікке өмір беріп тұрған күн сәулесі емес, сәулесі әлсіз айға ұқсайды. Ондай адам «білімді» болғанымен, өз салқындығымен басқаларды алшақтатады. Моральдық санасы кемтар адам өз шығармашылығында көп нәрсені байқамай, «барлық заттың өлшемі» деген бағаға ие бола алмайды. Тек моральдық құндылықтармен тығыз байланысты, соның ықпалындағы білім ғана адамды даналық дәрежеге көтеріп, оны «заттардың өлшеміне» айналдырады. Сол себепті бүгінгі таңда ғылым мен моральдың өзара байланысы ең өзекті мәселеге айналды.

Енді өнер мен моральдың арақатынасына келер болсақ, онда да жоғарыдағы ахуал байқалады. Моральдан жұрдай «арсыз әсемдік» адамды сүйсіндіре алар ма екен? Біз өнер саласындағы туындыларды бағалағанда, ең алдымен оны тудырған кайраткердің адамгершілік ізденісіне назар аударамыз.

Діннің моральдық мазмұны мыңдаған жылдар бойы адамның рухани тірегіне, оның ішкі зұлымдыққа қарсы тойтарыс бере алатын күшке айналып отыр. Егерде біз діннен оның моральдық жақтарын алып тастасақ, онда не қалар еді? Ол адамның ақыл-ойына сыймайтын неше түрлі аңыздардың жиынтығы болып, оған сенуден көпшілік бас тартар еді. Философияға келсек, оның ұғымдық құрылымы, мазмүны, әрине, жеке ғылымдардын аса тез қаркынды дамуына байланысты байыды, оны терістей алмаймыз. Бірақ біз Платон мен Аристотель, Әл-Фараби мен Ф.Аквинский, Г.Гегель мен А.Шопенгауерден дүниенің шегіне жеткен терең метафизикалық мәселелерін талдауда онша алысқа кете алмадық. Сонымен қатар ойшылдың моральдық, адамгершілік көзқарасына байланысты жүздеген неше түрлі жаңа философиялық ағымдар пайда болды емес пе? Өйткені дүниежүзілік тарихта ешқашанда моральдық адами тебіреністе болмай, болмыстың терең қабаттарын зерттеп жатқан ойшыл болған жоқ. Орыс халқының тамаша ойшылы С.Л.Франк айтқандай, «моральдық сана арқылы біз болмыстың шексіз мұхитына терең сүңгіп, іштей сезіне аламыз..., белгілі бір затты білу дегеніміз - ортақ өмірде бірге болғаннан кейін оны іштей сезіну болмақ».

Енді саясат пен құқық саласына келер болсақ, олар қоғамды біріктіретін, оның бір тұтастығын қамтамасыз ететін сыртқы күштерге жатады. Егерде қоғам өміріндегі жүргізіліп жатқан саясат халықтьң жүрегінде моральдық жағынан ақталмаса, ол ешқандай нәтижеге әкелмейді. Биліктегілер елді басқара алмай, шығарылған заңдар орындалмас еді.

Сонымен жоғарыда көрсеткеніміздей, моральдық сана бүкіл руханияттың негізінде жатыр. Олай болса, келесі өте күрделі сұрақ пайда болады. Ол - моральдың өз қайнар көздерін неден іздеуіміз керек деген сұрақ.

Тарихи алғашқы моральдық жүйелерді дүниеге әкеліп, оларды халыққа уағыздай бастаған адамзат бабалары Лао-цзы, Кон-фу-цзы, Будда, Заратустра, Моисей, Мұхаммед болатын. Олардьң моральдық көзқарастары әртүрлі діндердің құрамына кіріп, ғасырлар бойы адамзаттың адамгершілік жолмен дамуына ықпалын тигізді. Бүгінгі таңның өзінде «ағарған адамзаттың» жаратылыстану, гуманитарлық білімі қаншалықты өскенмен, жүздеген миллион адамдар бұрынғыдай өздерінің жүріс-тұрысында негізгі моральдық қағидаларды басшылыққа алады. Моральдың қайнар көзін қайсыбір дін қол астындағы кемшілікке толы болмыстан аттап өтіп, тікелей Құдайдың құдіретті шығармашылық күшінен шығарады: міне, оның адамдарға тигізетін зор ықпалы осында жатыр.

Жаңа дәуірде XVIII ғ. бастап Еуропа ағартушылары христиан дінін, оның негізгі қағидаларын қатты сынға алып, көп адамдарды діннен алшақтатып, атеистік жолға қойды. Сол себепті Ф.Ницше«Құдай өлді!», олай болса, адамға ешқандай тыйым салуға болмайды, ол ерікті, ойына не келсе, соны жасай алады деген пікірге келді. Алайда оның бұл тұжырымы орынсыз болды, өйткені Құдай идеясында адамның ең сәулетті мәндік күштері, рухани тебіреністері жинақталған. Бүгінгі таңда біз, керісінше, діни ізденістердің жаңа дүмпуін байқаймыз, мыңдаған жаңа діни секталар әртүрлі мемлекеттерде пайда болып, дүниеге деген өз көзқарастарына көп адамдарды тартуда. Мұның өзі адамдардың қазіргі етек алып кеткен рухани азғындауына деген қарсылығы

болса керек.

Немістің ұлы ойшылы И.Кант уақытында моральдың қайнар көзін адамның парасатына негіздеп, «категорикалық императивін» ұсынған болатын. Оның қысқаша мәні - адамның жүріс-тұрысы бүкіл адамзаттың қалаған тілегінен шығуы керек. Яғни белгілі бір нақтылы ахуалдағы сенің таңдауың қазіргі адамзаттың қайсыбір өкілінің болсын жүрегінен шығуы керек. Тек оның қойған бір талабы — адамның сезім-күйінен шығатын ұмтылыстарды ескермеу қажет, өйткені ол адамның пендешілігінен шығады. Егер сіз бір адамды жақсы көріп, оған жақсылық жасасаңыз, И.Канттың ойынша, оның моральдық құндылығы жойылады. Адами қарым-қатынастарда сіз тек «категорикалық императивтің» талабын ақыл-ойыңыздан өткізіп, ешқандай сезімділікке бой ұрмай, оны басшылыққа алсаңыз, сонда ғана моральдың шеңберінде қаласыз. Алайда бұл талап шынайы өмірдегі адамдардың күнбе-күнгі қарым-қатынастарына қарсы келіп, абстрактылық өмірмен тығыз байланысы жоқ қағида болып кала берді.

XX ғ. Э.Фромм, А.Швейцер сияқты, Батыс ойшылдары моральды негіздеуде жаңа көзқарас ұсынды. Олардың ойынша, моральды негіздеуді шынайы өмірдің өзінен, сол өмірдің ең әсем гүлі - адамның өз табиғатынан іздеу керек. Олай болса, «Жақсылық», «Ізгілік» дегеніміз - адамның ішкі қабілеттерін ашатын, өмірдің толыққандығын сезіндіретіннің бәрі, ал «зұлымдық» деп адамның гүлденуіне, оның қабілеттері мен шығармашылық, еңбегіне тосқауыл қоятын нәрселерді айтамыз. Ал «күнәға» адамның өз өміріне деген жауапкершіліктің жоқтығы жатады. Дүниенің ең әсем гүлі ретінде адам, - кең мағнада алып қарағанда, - Жер бетінде жүріп жатқан бүкіл биологиялық, психологиялық, жан мен рухтық үрдістерді өз бойында қамтиды. Сондықтан «Жақсылық» дегеніміз тек адамның өмірін сақтап гүлдету емес, сонымен қатар бүкіл жер бетіндегі барлық тіршілікті өзімен бірге сақтап, дамыту болмақ. Осындай түсінікке сәйкес, «зұлымдық» дегеніміз Жер бетіндегі тіршілікті аяққа басу, құрту-жаншу болмақ. Біздің ойымызша, бұл ойшылдар өз заманынан озып, жаңа «Ғарыштық этиканың» негіздерін жасаған сияқты. Оның өмірге енуі алда, ол болашақ адамзаттың рухани өмірінің негізі болуға тиіс.