XIII тарау. Болмыс философиясы (Онтология ) 10 страница

Қорыта келе айтайын дегеніміз, материализм мен идеализмнің екеуі де өз дамыған формаларында реализм бағытына толығынан қосылмағанмен, жақындай түседі.

Енді реализмге келер болсақ, бұл бағыт Шындықтың екі жағын да толығынан мойындап, я болмаса оларды Болмыстың құндылығы жағынан тең екі жағы ретінде түсінеді. Олай болса, бұл бағыт материализм мен идеализмнің біржақтылығын мойындамайды.

Философия тарихында алғашқы реалистік жүйе жасаған «бірінші мұғалім» Аристотель болған-ды. Ол грек философиясының натурфилософиясындағы негізгі жетістіктерді Платонның идеалистік идеяларымен ұштастырып, «материя» мен «форманың» екеуінің де тең құндылықтығын айтады. Оның формуласы «материясыз форма, формасыз материя жоқ». Бұл формуланы нақтылай келе, материяны «мүмкіндік» (dinamis), форманы «шындық» (energeia), іске асушылық ретінде түсінеді. Форма мақсатқа лайықтылық арқылы өмірге енеді. Оны ол энтелехия, яғни рухани күш ретінде қарайды, бұл жағынан ол Платонның «эйдостарына» жақын. Бірақ Платонның идеялары ерекше Әлемді құрайтын болса, Аристотельдің рухани күштері материямен бірге берілген. Өйткені Шындық материя мен форманың бірлігінен туады, соның негізінде жеке заттар мен құбылыстар өмір сүреді.

Жоғарыдағы көзқарас «жан-дүние» категориясын талдауға да үлкен жаңалық енгізеді. Ол Платонның философиясына сәйкес «сезімдік» өтпелі Дүние мен «Эйдос әлемі» екі ортасындағы дәнекер емес, ол - белсенді рухани өмірлік күш-куат.

Реализм өзінің жалғасын Орта ғасырлардағы схоластика ағымында тапты. Бірақ олар рухани күштің басымдылығын Құдай идеясынан іздеді.

Жаңа дәуірдегі Декарттың философиясында реализм бағыты ашық дуализмге айналады. Өйткен себебі, Декарт екі бір-біріне тәуелсіз субстанцияны ~ дене мен жанды мойындайды. Мұндай қайшылықты шешу жолында ол оларды бір-бірімен біріктіретін Құдайды мойындауға мәжбүр болды. Құдай – мәңгілік Абсолютті субстанция, ал дене мен жан субстанцияларына келсек, оларды жаратқан - сол Қүдайдың өзі.

Декарттың философиясын қанағат тұтпай, голландык ойшыл Б.Спиноза монистік реализм бағытын тудырады. Оның ойынша, бір ғана субстанция бар - ол Құдай, немесе Табиғат - шексіз субстанция. Ал дене мен жанға келер болсақ, олар осы субстанцияның негізгі атрибуттары, яғни қасиеттері. Сонымен тағы да Аристотельге қайтып оралғандай болдық. Бірақ «материя» мен «форманың» орнына «созылу» мен «ойлау» принциптері келеді. Осындай көзқарасқа сәйкес, енді материя мен формадан тұратын жеке зат субстанция емес, ол - жоғарыдағы шексіз қасиеттердің шектелген көрінісі - модустары ғана. Өйткені созылған заттың шегі бар, ол кеңістіктің шектелуі деген сөз, қабылдау болғаннан кейін, ойлаудың да шектелуіне әкеледі.

Сонымен реализм бағытында пайда болған «материя мен форма» категориялары, «дене мен жанға», соңында «созылу мен ойлауға» ауысты.

XX ғ. ұлы философы П.Т. де Шарденді де реалистік бағыттың үлкен тұлғасы ретінде қарауға болады. Оның ойынша, жаратылған Дүниенің екі күш-куаты бар: бір жағынан, ол тангенциалдық, яғни физикалық энергия болатын болса, екінші - осы Дүниені біріктіріп даму жолына итеретін радиалдық, яғни психикалық, рухани күш. Адамзат тарихының Дүниеге келген сатысынан бастап радиалдық рухани күш толығынан ашылып, адамның саналы іс-әрекеті арқылы Жаратылған Дүниені әрі карай жетілдіріп, болашақта Жер бетінде ноосфераның қалыптасуына әкеледі - дейді ұлы ойшыл (қараңыз: П.Т. де Шарден. Феномен человека. М., Прогресс, 1988 ж.)

Қорыта келе, реализм бағытының бүгінгі таңдағы философиядағы болашағының басымырақ екенін айтқан жөн.

Енді «материя» мен «рух» жөніндегі қазіргі ғылымдағы тұжырымдарға тоқталған жөн сияқты.

а) материалдық болмыс

Бүгінгі таңдағы ғылыми деректерге сүйенсек, материалдық Дүние осыдан 20 млрд. жыл бұрын болған «¥лы Жарылыстың» нәтижесінде пайда болды. Оған дейін материя өзінің сингулярлык, яғни бірнүктелік орасан зор қысымдық жағдайында болған (нүкте көлемі - атомдай - 10 - минус 8 дәрежедегі см. болса, қысымдығы 10-94 дәрежедегі г./см!!!). Мұндай жағдайда өмір сүрген материяның ішінде қандай үрдістердің болғаны жөнінде ешкім ешқандай болжам айта алмайды.

«¥лы Жарылыстың» нәтижесінде, негізінен, материяның құрылымының үш деңгейі пайда болды:

1. Макроәлем, ондағы заттардың көлемі адамзат тәжірибесімен салыстырмалы; кеңістік - мм., см., км., ал уақыт - сек., мин., сағ., жыл ұзақтығымен беріледі;

Микроәлем - көзге көрінбейтін ұсак бөлшектерден тұрады. Олардың көлемі 10 минус 8-шіден 10 минус 16 дережедегі см. болса, өмір сүру ұзақтығы - 10 минус 24 дәрежедегі сек. дейін.

Мегаәлем - орасан зор Ғарыштағы объектілер. Олардың бір-бірінен қашықтығы сәуле жылымен есептелсе, өмір сүру уақыты миллиардтаған жылдарға созылады.

Әрбір әлемнің шеңберінде өз өмір сүру заңдылықтары бар. Сонымен қатар олар бір-бірімен өте тығыз байланыста екенін айтып кеткен жөн.

Бүгінгі таңда ашылған материяның екі түрін келтіруге болады. Оның бірі - табиғаттың заты болса, екіншісі - физикалык өрістер. Олардың бір-бірінен айырмашылығы:зат бөлшектерден - атомдардан тұрады, ал өріс бөлінбейді; заттың бөлшектерінің тұрақты салмағы (массасы) бар, өрісте жоқ;

заттың өткізбейтін, я болмаса аз өткізетін қасиеті бар, өріс өткізгіштігімен танылады; өрістің тарауы сәуленің жылдамдығына тең болса, заттың жылдамдығы бірнеше дәрежеде одан төмен.

Егер бізді айнала қоршаған макроәлемді мыңдаған жылдар бойы адамзат зерттеп келсе, микроәлем мен мегаәлем соңғы ғасырларда ғана танылуда. Бүгінгі таңда микроәлемнің құрамында 300-ге жуық элементарлық бөлшектер ашылып, олардың қасиеттері зерттелуде.

Соңғы жылдары мегаәлемді зерттеуде де қомақты нәтижелер бар. Олардың бірі Ғарыштың өне бойы кеңеюдегі үрдісі болса, екіншісі реликтік (relic - лат., қалдык) радиотолқындардың таралуы болды. Осы екі жаңалыктың негізінде «¥лы Жарылыс» теориясы жасалған болатын - оны бүгінгі таңдағы ғалымдардың көпшілігі мойындады.

Ғарышты зерттеудегі келесі жаңалық - «қара нүктелер», ғалымдардың пайымдауынша, олар сөнгеннен кейін коллапсқа (collapse - ағылш. сөзі, - құлдырау) ұшыраған алып жұлдыздар. Біздің галактикадағы «Магеллан тұмандығындағы» жакында ашылған «үлкен жарылыс» - жаңа жұлдыздардың Дүниеге келуінің айғағы. Сонымен, бір жағынан, жұлдыздар уақыты келгенде сөніп, коллапсқа ұшырап «қара тесікке» айналып жатса, екінші жағынан, жарылыстың негізінде жаңа жұлдыздар Дүниеге келіп жатыр.

Қорыта келе, материалдық Дүние өне бойы өзгерісте, қозғалыс пен даму үрдісінде екенін қазіргі жаратылыстану ғылымдары көрсетіп отыр. Біздің білетініміз өте аз. Ғылым әрі қарай дамыған сайын, әлі талай-талай ғажап жаңалықтар ашылатыны с білетініміз өте аз. Ғылым әрі қарай дамыған сайын, әлі талай-талай ғажап жаңалықтар ашылатыны сөзсіз.