Тарих философиясы
И.Канттың ойынша, халықтардың дамып-жетілуі көп жағдайларда «сол елдердің туған жеріне, еңбек салаларына, әдет-ғұртыпына, қолөнері мен саудаға, халықтың тығыздығына байланысты».
Қоғам өмірінде гипотетикалық және категорикалық императивтер бір-бірімен қайшылыққа түседі. Адамдар өз табиғаты бойынша тойымсыз, сараң және өлшемсіз, билікке, үстемдікке деген құштарлықтарымен мінезделеді.
Сонымен қатар категорикалык императивтің талаптарына сәйкес, олар өздерінің жүріс-тұрысын моральдық тұрғыдан ақтағысы келеді. Бір жағынан адамдар бір-бірінен алшақтап, екінші жағынан бір-біріне жақындайды, өйткені олар неше түрлі өздерінің қажеттіктерін өтеу жолында бір-бірінен көмек іздеуге мәжбүр болады. «Адам сондай қисық ағаштан жасалғаннан кейін, оны қанша сүргілесең де, түптүзу қылу мүмкін емес», - дейді И.Кант. Бірақ, осыған карамастан, жеке адамдар арасындағы кайшылықтар бүкіл қоғамдық тұрғыдан алып карағанда, тарихты алға жылжытады. Қоғам әлеуметтік жағынан алға жылжыған сайын, қайшылықтар да өсе бастайды. Жетілген болашақ қоғамда «оның мүшелеріне орасан зор еріктік беріледі, олай болса, олардың арасындағы кайшылыктар да өмір сүреді», — деп қорытады И.Кант.
И.Канттың ойынша, адамзат тарихы бүкіладамзаттың құктық. азаматтык ахуалына карай дамып келеді, бірақ оған толығынан бұл дүниеде жету мүмкін емес. «Жалпы алғанда, адамзаттың сыртқы мәдениеті оның моральдық жетілуіне қарағанда анағұрлым тез дамып келеді. Бұл адамзат алдында тұрған үлкен үрей», - деп есептейді ұлы ойшыл. Әрине, И.Канттың заманынан кейінгі уақыт бүл кісінің ойының негізсіз емес екенін ашык көрсетті: тек өткен XX ғ. өзінде-ақ екі дуниежүзілік соғыста миллиондаған адамдар сонын құрбаны болған жоқ па ?!!
Сондықтан И.Кант мемлекеттер арасындағы қайшылықтарды, халықтар арасындағы алауыздыкты қалайша жою керек, адамзат өмірінде «мәңгілік бейбітшілікті» қалай орнату керек деген сиякты көкейтесті сұрақтарға жауап беруге тырысты.
«Бүгінгі таңда халыкаралык катынастарда үстемдік жасайтын кұқ емес, тек қана зорлық-зомбылық», - деп корытады ұлы ойшыл. Соғыс - адамның өз-өзіне мақсат еткенін аяққа басады, сондықтан, «ол болмауы кажет».
Соғыс болмауы үшін мемлекеттер арасында тек кару-жарак болып, олар өздерін өзара коркытып ұстауы қажет, я болмаса болашакта бүкіл адамзатты бір ғана дүниежүзілік мемлекеттің аясында біріктіру кажет деген кең тараған пікірлерге И.Кант үзілді-кесілді карсы шығады. Оның ойынша, мемлекет арасындағы қару-жарақ, күш теңдігі ертелі-кеш әрқашанда бұзылады, ал бүкіл дүниежүзілік мемлекет халықтардың бостандығын аяққа басар еді.
И.Канттың ойынша, тек қана бүкіл жер бетіндегі мемлекеттердің ерікті федерациясы ғана халықтардың бостандығы мен саяси дербестігін сақтап қалуға мүмкіншілік береді. «Ол халықтар одағы болар еді, бірақ ол ешқашанда халықтардың мемлекеті болмауы керек», - деп ойлайды И.Кант. Сонымен ол ұлттық мемлекеттің өмір сүру кұқын осылайша қорғайды.
Бүкіл адамзаттық-азаматтық ахуалды жақындату үшін, халықаралық келісімдер қатаң сақталып, мемлекеттің ішкі істеріне баскалар араласпай, халықтар арасында сауда-саттык, мәдени байланыстарды дамыту қажет. Байқағанымыздай, И.Канттың бұл саладағы негізгі идеялары өз заманын озып, бүгінгі уакытта да өзектілігімен байқалады.
И.Канттың философиясы дүниежүзілік философия тарихында өзінің өшпес ізін қалдырды. Көп ғалымдардың айтуына карағанда, И.Кант XIX ғ. неміс философиясының негізін ғана қалап қоймай, XX ғ. көп философиялық толғауларға өзінің әсерін тигізді.
§ 2. Фихтенің философиясы
Иоган Готлиб Фихте (1762-1814 жж.) - И.Канттан кейінгі неміс классикалық философиясының өкілі. Иена және Лейпциг университеттерінде оқып, білім алған.
Бір жағынан алғанда, И.Фихтенің өмір сүрген уакыты Ңаполеонның Еуропа елдерін жаулап алып, империя құруымен байланысты болса, екінші жағынан, Германияның өзіндегі феодалдық қатынастардың іріп-шіріп, буржуазиялық-демократиялық қоғамға қарай бетбұрысымен байланысты болды.
Сондықтан И.Фихтенің бүкіл жан-дүниесін баурап алған идея - ол неміс халқын азат ету, оған бостандық әперу, екінші жағынан, жеке тұлғаның еріктігі үшін күресу, феодалдық адам тәуелділігіне қарсы шығу.
Бұл идеяларды философиялық жолмен негіздеу үшін И.Фихте субъективтік идеалистік философия жолына түсіп, өзінің тамаша ойларын дүниеге әкеледі.
И.Фихтенің философиясын терең түсіне алмаған замандастары ол жөнінде неше түрлі аныздар қалдырған. Солардың бірі: Фихте өзінің зайыбымен театрға келгенде, әйелдер бір-біріне сыбырлап: «Фихте мырза, бізді айтпағанның өзінде, өз әйелін басындағы қиялы ғана деп есептей ме екен», - деп күлген екен.
Неміс халқын азат ету жолында Фихте соғысқа өз еркімен кетіп, сүзек ауруынан 1814 ж. қайтыс болады.
Негізгі еңбектері: «Ғалымның міндеті», «Ғылым жөніндегі ілім», «Неміс ұлтына арналған сөздер» т.с.с.
Адамның еріктілігін, оның моральдық іс-әрекетін негіздеу жолында Фихте тұлғаның рухани белсенділігін көрсетеді, ал оның өзі бүкіл Дүниенің негізін құрайтын рухани үлкен күштің жалғасы ретінде түсіндіріледі.
Фихтенің ойынша, Дүниенің бастауы «Үлкен Менге» барып тіреледі. Ол - ешқандай шектелмеген, таза, қайсыбір сезімдіктен жоғары белсенділік, еріктік, іс-әрекеттік, өзін-өзі толығынан танып-білуге ұмтылған, өзінің себебі өзіндегі рух. Сондықтан ол Дүниені өз ішінен жарата алады.
Фихтенің ойынша, Дүниенің өмір сүруінің үш негізі мынандай:
1. Алғашында орасан зор тебіреніс арқылы «Үлкен Мен» өз-өзін анықтап «Мен - Менмін» деген дәрежеге келеді.
2. Келесі сатыда «Мен» өзінен «Мен еместі» тудырып, өзіне карсы қояды. «Мен емес» өз ішінде «кіші Мен» (оның санасы бар) мен бірге табиғатты (оның санасы жоқ) камтиды. Сонымен «кіші Мен» - ол тарихта өмір сүріп жатқан тұлғалар - тірі адамдар.
3. Соңғы сатыда шексіз «Үлкен Мен» мен өзі тудырған «Мен еместің» арасында, бір жағынан, шексіздікке бағытталған, екінші жағынан, шектелген диалектикалык байланыстар пайда болады.
Сонымен қатар «Мен еместің» өз ішінде адам (кіші Мен) мен Табиғаттың арасында «кіші Меннің» белсенділігі, оның қоршаған ортаны, қол астындағы болмысты өзгерту, «Үлкен Менге» қарай ұмтылу, соған қосылу іңкәрінің негізінде күрделі байланыстар пайда болады.
Фихтенің ойынша, «Мен еместің» ішіндегі құрамдас бөлік -табиғат- өз-өзіне жеткілікті, дербес емес, ол тек қана объект, зат, кедергі.Оны субъект - «кіші Мен» әр қашанда іс-әрекет арқылы бұзып, игеріп, өзін-өзі толықтырып, «Үлкен Менге» жақындай түседі. Алайда «кіші Мен» мен «Үлкен Мен» бір-біріне толық ұласып кетпейді: ондай жағдай болғанда ешқандай іс-әрекет қажет болмай қалар еді. Сондықтан бүкіл адамзат тарихы - «Үлкен Менге» - Дүниежүзілік рухка өне бойы шексіз жақындау.
Сонымен «Үлкен Мен» Дүниедегі барлық субъектілер мен объектілерді жаратады. Оның барлық тірі адамдардың санасына қарым-қатынасы бар, бірақ ол өзі шексіз болғаннан кейін, нақтылы тұлға бола алмайды.
Ал енді адамның тұлғалық өзіндік санасына келер болсақ, ол тек қана өзінің «мен еместен», яғни табиғаттан айырмашылығын түсіне келе ғана пайда болады. Олай болса, субъектісіз объект жоқ, объектсіз субъект жок. Олардың өзара байланысында, әрине, субъект шешуші рөл атқарады, оның рухани күштері, шығармашылық іс-әрекеттері айнала қоршаған ортаны өзгертуге бағышталған. Өзінің ішкі мүмкіндіктерін сыртка шығарып қана тұлға өз-өзін орнықтыра алады, яғни еріктікке жетеді.
Материалдық дүниені - Табиғатты игеру тарихы, Фихтенің ойынша, адамзат мәдениетінің калыптасып дамуымен тең. Осы процесте адам тек қана табиғатты игеріп қана коймай, сонымен қатар өзінің табиғи негіздерін де жетілдіру керек, сонда ғана ол бақытқа жетеді. Осы арада біз Фихтенің тарих философиясына жақындап қалдық.