Философия
Кіріспе сөз
XVII ғ. бастап Батыс Еуропа топырағында капиталистік қатынастар қарқынды дами бастайды. Жалпы алғанда, қоғамның әлеуметтік-экономикалық, саяси ахуалы, коғам мен табиғатты танып-білу қажеттіктері философия саласында онтологиялық (болмыстық) мәселелерден гөрі, ғылымды дамыту қажеттіктері жаңа ұйымдардың, мекемелердің пайда болуына себеп болады. Оларды сонау Платонның заманынан келе жатқан «академия»деген сөзбен атай бастайды. 1560 жылы Неаполь каласында «Табиғат құпиясын зерттеу академиясы», осы кезде Англияда «Лондондағы корольдық қоғам», Парижде «Жаратылыстану академиясы» құрылды. Бұл академиялардан тәрбие алған Роберт Бойль қазіргі физика мен химия ғылымдарының алғашқы кірпіштерін қалаған, Исаак Ньютон механика ғылымының негіздерін жасаған, Христиан Гюйгенс алғашқы маятникті сағатты ойлап шығарған т.с.с. тұлғаларды айтып өтуге болар еді.
Бұл уақытта жаратылыстану саласында алға озып шыққан механикағылымы болды. Оның негізгі себебі - өндіргіш күштерді дамыту, жаңа машиналар мен неше түрлі механизмдерді жасау қажеттіктері болатын. Әрине, жаратылыстану саласындағы мұндай күрделі өзгерістер философия саласына зор әсерін тигізіп, материализмағымының механистіктүрін тудырды. Ол Қайта өрлеу заманында дүниеге келген органистік материализмді ауыстырды. Ал мұның өзі сол кездегі қоғамдық санадағы басым діни көзқарасты төңкеріп тастамағанмен, оның бітімін өзгертті. Біріншіден, діни фанатизм бірте-бірте азайып, оның орнына діни төзімділік, әрбір адамның қандай дінге сенуге деген кұқы мен талғамы болмасын іс жүзінде сақтала басталды. Ғылым мен діннің аракатынасы бұрынғыдай «қос акиқат» принципі арқылы шешіліп, сонымен қатар деистік (deus - латын сөзі, құдай) бағыт күш ала бастайды. Деизм бағыты Құдайды мойындағанмен, оны тек алғашқы Дүниені жаратқан күш ретінде ғана түсінеді, ал содан кейін жаратылған Табиғат өз заңдылықтарының негізінде өмір сүре бастайды, Құдай тағала оның өміріне енді ешқандай әсерін тигізбейді. Мұндай көзқарас ғалымдардың Табиғаттың терең жатқан сырларын ашуына кеңінен жол ашты.
Ал жаратылыстану ғылымдарының өзіне келер болсақ, онда бір-біріне қарсы тұрған екі әдіс кеңінен қолданыла бастады. Ол, бір жағынан алғанда, табиғат құбылыстарын тәжірибелік жолмен байқап зерттеу, екінші жағынан, Дүниені математикалық-абстрактылық жолмен сараптау. Мұндай жағдайлар философия саласында ғылымға деген үлкен үміт тудырады, жаңа зерттеулер тұрғысынан Орта ғасырларда дүниеге келген схоластикалық ойлау жүйесі қатты сынға алына бастайды. Ешқандай тарихтағы болған ұлы тұлғалардың ой-пікірі жаңа дамып келе жатқан жаратылыстану ғылымдарына кедергі болмауы керек, олар ерікті түрде өз пәнін зерттеуі қажет деген ой қоғамдық санада басымдыққа ие болады.
Ғылым Құдайға қарсы емес, керісінше, ол табиғаттың терең заңдылықтарын ашып, Жаратушының құдіреттілігін көрсетеді деген пікір кеңінен таратылады. Мінеки, осындай қайшылықты жол Жаңа дәуірдегі философияны тудырып, оны әрі қарай дамытады. Енді нақтылы түрде соған назарымызды аударайық.
§ 1. Ф.Бэкон - Жаңа дәуірдегі философияның алғашқы өкілі
Ағылшын философы Френсис Бэкон (1561-1626 жж.) – сол кездегі ақсүйектер тобынан шыққан, Кембридж университетінде білім алып, соңынан саясатпен, дипломатикалық жұмыспен айналысқан тұлға. Оның мемлекеттік қызметте жеткен шыңы - ол 1618 ж. ең жоғарғы - лорд-канцлерлік - әкімшілік орынға ие болады. Король Яков I оған Верлуам деген жердегі үлкен қорғанды сыйға тартып, «Верлуам лорды» деген атақ береді. Алайда саясатта тұрақтылық жоқ, сондықтан жүре келе, ол бұл саладан кетуге мәжбүр болады. Енді оның философиямен айналысуына жол ашылады.
Ф.Бэконның қол астынан шыққан еңбектерінің ішінде «Ғылымдардың қадірлілігі мен көбеюі жөнінде», «Жаңа Орга-нон», «Жаңа Атлантида»деген еңбектерін атап өтуге болады.
Ф.Бэконның шығармаларының ерекшеліктері — ол білімнің өмірге деген қажеттіліктен пайда болатындығын асыра көрсетуі. Ол әсіресе табиғатты зерттеудің кажеттігіне көп көңіл бөледі, ал оның негізгі жолы — тәжірибелікзерттеулер. «Не іс-әрекетте пайдалы болса, ғылымда да ақиқатты», ғылымның жетістіктері мен жемістері - оның ақиқаттығының көрінісі», - дейді ұлы ойшыл.
Тәжірибені талдай келе, Ф. Бэкон оны екіге бөледі. Олар – жемісті тәжірибе мен сәулелі тәжірибе. Бірінші өмірге пайдалы нәтижелер әкелсе, екінші табиғаттың терең сырларын ашуға көмектеседі. Сәулелі тәжірибелер өмірге дереу пайда әкелмегенімен, жемісті тәжірибелерді жүргізуге көмек береді, басқаша жағдайда олар сарқылып қалар еді.
Ғылымның дамуына сондай үлкен мән берген ғалым, оны сала-салаға бөлу мәселесіне (классификацияға) көп көңіл бөледі. Оның ойынша, адамның жан дүниесіндегі үш қабілеті ғылымды топтастырудың негізінде жатуы кажет. Олар: 1. есте сақтау; 2. қиял; 3. ақыл-ой. Есте сақтау қасиетіне сай ғылым - тарих,қиялға -поэзия,акыл-ойға - философия.
Тарих ғылымын Ф.Бэкон екіге бөледі. Олар - жаратылыстану тарихы(historia naturalis), екіншісі - азаматтық тарих(historia civilis).
Қиялға негізделген поэзия дүниені шынайы бейнелемей, керісінше, адамның жүрегінен, сезімінен шығатын талаптар тұрғысынан көрсетеді.
Ал енді философияға келер болсақ, оның пәні үш мәселені қамтиды. Олар - Құдай, Табиғат және Адам мәселелері. Өз заманындағы түсініктерге сай, Ф.Бэкон Құдай мәселесін «қос ақиқат» тұжырымы арқылы қарайды. Философия саласында Құдайды ақыл-оймен танып-білу мүмкін емес. Сондықтан ол теологияның шеңберінде сенім арқылы қаралуы керек.
Ал табиғат философиясына келер болсақ, Ф.Бэкон оны да екіге бөледі. Олар - теоретикалық жэне практикалық философия. Теоретикалық философия сәулелі тәжірибелерге негізделсе, практикалық философия жемісті тәжірибелерге сүйеніп, табиғатта бұрын-соңды болмаған жаңа заттар мен құбылыстарды тудырады.
Адам мәселесі де екіге бөлінеді. Табиғат туындысы ретінде оны философиялық антропология (philosophia humana), ал қоғамның мүшесі ретінде азаматтық философия (philosophia civilis) зерттейді.
Таным мәселелері
Ф.Бэконның ойынша, ғылым салаларында ғасырлар бойы қалыптасып, адамның дүние тануына кеселін тигізетін нәрселер бар. Ең алдымен оларды сыртқа шығарып әшкерелеу қажет. Сонда ғана жаңа әдістерге жол ашылып, зерттеулердің тиімділігі артады. Сол ғылымдағы кедергілерді Ф.Бэкон «идолдар», я болмаса «елестер» дейді. Олар - төртеу.
Бірінші елес - тектікидолдар (idola tribus). Олар адамның жаратылысынан, жалпы табиғатынан шығады. Оны біз қазіргі тілмен «антропоморфизациялау» деп айтар едік. Ол сонау көне заманда пайда болған мифологияға келіп тіреледі. Адам табиғаттағы сырлы кұбылыстарды танып-білуге бағытталған кезде, оларды «өзіне ұқсатып» түсіндіруге тырысады. Текті елестер ең тұрақты, оларды толығынан жою мүмкін емес. Ф.Бэконның бұл айтқан ойларын растау үшін мынандай мысал келтірейік. Адамдардың мыңдаған жылдар бойы арман еткен баска Дүниелердегі ақыл-оймен, рухпен кездесу киялы XX ғасырда ғарыштан ұшып келген тарелкалар жөніндегі неше түрлі аңыздарды тудырды. Ол қазіргі заманның тудырған мифтері бойынша, ұшып келген тарелкалардың ішінен шыққан пенделер нақ жердегі адамдар сиякты екі аяқты, қолды, екі көзді, тек олардың түсі көкшіл екен т.с.с.
Әрине, кең ғарыштың кеңістігінде басқа жұлдыздар аясындағы планеталарда өмір және сол өмірдің биік ғажап шыңы - рух пайда болуы мұмкін. Бірақ ол рухтың иесі тек адам сияқты болуы тіпті қажетті емес. Бірақ адам оны өзіне ұқсатып көргісі келеді... Ал бізге ең жақын орналаскан жұлдыздың қашықтығы 5 сәулелік жыл екенін ескерсек (яғни секундына 360 мың км. жылдамдықпен ұдайы 5 жыл ұшу қажет !!!) және А.Эйнштейннің салыстырмалы теориясына сай ондай жылдамдықтың шеңберінде заттың салмағы күрт өсіп, кеңістіктегі алатын орны қысқарып, уақыт баяуласа, онда қайсыбір тіршілік түрі мұндай кашықтықты өте алмайтындығына көзіміз жетеді. Сонымен ғылыми тұрғыдан қарағанда, «тарелка мифінің» орынсыз екенін көруге болады. Міне, бұл - Ф.Бэконның айткан тектік идолдарының бүгінгі таңдағы бір көрінісі ғана.
Екінші елес - ол үңгіридолы (idola specus). «Әрбір адам белгілі бір отбасында, белгілі бір жерде дүниеге келіп, тәрбиеленеді, ересек адамға айналады. Біреу адам түгіл құдай да ұмытқан ауылда, екіншісі аудан орталығында, үшіншісі астанада, ия болмаса үлкен қалада туып - тәрбиеленеді. Біреу кедей, екінші аукатты отбасында өсіп-өнеді, көбінесе соған сәйкес білім алуға, өмірде өз орнын табуға мумкіндіктер ашылады. Ол адамның болашақ тағдырына өзінің зор ықпалын тигізбей коймайды. Ол сол өзін қалыптастырған «үңгірден» дүниеге қарайды, ал оның өзі «табиғаттың сәулесін әлсіретіп бұрмалайды», - дейді ұлы ойшыл. Ал бұл елестен құтылу жолы - дүниеден алған жеке тәжірибені жалпыхалықтық тәжірибемен ұштастыру болмақ.
Үшінші - алаң,ия болмаса базарелестері (idola fori ). Олар қарапайым адамдар жиналған жерлерде пайда болады. Оның қайнар көзі - зат пен соны көрсететін, бейнелейтін сөзді толығынан теңеу. Ал шынына келсек, сөз - затқа қойылған ат қана. Сөз көбіне заттың не екенін емес, оның адамдарға деген маңызын ғана көрсетеді, -дейді ұлы ойшыл. Егер сөзді затқа теңесек, онда көбіне біз «жалған даналық» жолына түсіп кетеміз. Бұл елеске берген сыннан біз схоластикалық философияға қарсы бағытталған Ф.Бэконның көзқарасын болжаймыз.
Төртінші, соңғы елес - ол театрларидолы (idola theatri). Олардың дүниеге келу себебі - тарихтағы өмір сүрген даналарға, ұлы тұлғаларға толығынан сену, солардың уақытында жасаған ғылыми тұжырымдамаларын «соңғы өзгермейтін мәңгі ақиқат» ретінде түсіну. Мысалы, белгілі бір мәселе бойынша Аристотель былай деп айтқан, ал сіз Аристотельден де ақылдысыз ба? - деген даудамайдан сол адамның «театр елесінің» шеңберінде екенін байқаймыз. «Ақикат беделдің емес, тек өз заманындағы уақыттың қызы», - деп корытады Ф.Бэкон. Жаңада ғана келмеске кеткен Кеңес заманының негізгі елесі осы «театр елесі» болды емес пе? Тек беделділердің аттары ғана өзгерген жоқ па? Олар К.Маркс, Ф.Энгельс, В.И.Ленин т.с.с. болды. Бүгінгі таңдағы қоғамды демократизациялау, көппікірлік принципке көшу бұл елестің өмірден кетуіне себеп болуда.
Сонымен жоғарыда көрсетілген идолдар қандай күшті бол-ғанмен, ғылым жолына түскен адам өзінің ақыл-ойын, дүниесезімін олардан тазарту керек деп қорытады ұлы ойшыл. Бұл пікірге толығынан қосылуға болады.
Тәжірибелік-индуктивтік әдістеме жасау
Ғылым жолын неше түрлі елестерден тазалағаннан кейін, Ф.Бэконның алдында жаңа зерттеу жолдарын жасау мәселесі пайда болды. Ол үшін ең алдымен сол кездегі философиядағы абстрактілі-схоластикалық әдістерді сынау қажет болды. Олар – нәтижесіз. Белгілі бір жалпы ұғымдарға негізделген Табиғаттың өзіне, сондағы кұбылыстарға назар аудару керек. «Табиғаттың нәзік сырлары көп тұжырымдардан анағұрлым терең», - дейді Ф.Бэкон.
Әрине, ойшыл жалпы ұғымдар керек емес деп оларды толығынан теріске шығарды деген пікірден біз аулақпыз. Әңгіме сол жалпы ұғымдардың қалай шығарылғанында. Егер олар кездейсоқтық деректерді жалпылаудың негізінде пайда болса, онда олардан шығарылған тұжырымдар бізді жалған жолға түсіреді, адастырады.
Жалпы ұғымдар тәжірибеден шығуы керек. Бірақ біз оны әрқашан сынап, ой елегінен өткізіп отыруымыз қажет. Ғалым адам жолында жатқанның бәрін жинай беретін құмырсқаға (сол кездегі алхимиктер), сонымен катар бәрін өз ішінен шығарып, өзінің торын тоқитын өрмекшіге (сол кездегі схоластар) ұқсамауы керек. Ол әрбір гүлге қонып, оның нәрін жинап, оларды қайта өңдеп балға айналдыратын араға ұқсас болуы қажет, - деп қорытады Ф.Бэкон.
Жекеден жалпылықка өрлеуді индуктивті әдістемені алғаш рет Ф.Бэкон дүниеге келтірді десек, онда ол шындыққа лайықты болмас еді. Өз заманында ұлы Аристотель жалқыдан жалпыға көшу әдістемесін жасаған болатын. Орта ғасырларда да бұл әдістеме мүлде ұмыт болған жоқты.
Ф.Бэконның бұл әдістемеге енгізген негізгі жаңалығы - тек қана белгілі бір ұғымды дәлелдейтін деректерді ғана емес, сонымен қатар оған қайшы келетіндерді де зерттеу, олардың себебін табу болды.
Жалқыдан жалпыға жету жолында үш кесте жасау керек. Олар: tabula presentiae - деректердің болу кестесі, екінші – tabula absentiae - деректердің болмаған кестесі, үшінші – tabula graduum -деректердің азды-көпті болуының деңгейін көрсететін кесте. Зерттеу жолында бұл кестелер толтырылғаннан кейін, соларды салыстыру арқылы белгілі бір ұғымдарды тудыруға мүмкіндік пайда болады.
Сонымен Ф.Бэкон - жаңа дәуірдегі қалыптасып жатқан тәжірибелік ғылымның дамуына зор әсерін тигізген ұлы тұлға.
§ 2. Р.Декарттың рационалдық философиясы
Француз философы Рене де Карт (1596-1650 жж.)- Жаңа Дәуір философиясына өз үлесін косып, негізін калаған ірі тұлға. Уақытында өз заманының жақсы оқу орындарында окып білім алған. Егер біз оны Ф.Бэконмен салыстырсак, ол - бүкіл өмірін ғылым жолына арнаған тұлға.
Ұлы математик, механик, физиологияның негізін жасаушы, психолог Декарт Аристотельден кейінгі жан-жақты дамыған, философияны жеке ғылымдардың нәтижелерімен ұштастыра білген бірден-бір ойшыл болды.
Негізгі еңбектері: «Диоптрика»күн сәулесін зерттеуге арналған, «Метеорлар»метеорологиялық мәселелерге арналған, «Геометрия», «Философияның бастаулары», «Әдістемелер жөніндегі ойлар» т. с.с.
Онтологиялық (болмыс) мәселелер
Болмыс жөніндегі көзқарасында Р.Декарт дуалистік (екілік) көзқараста болды. Оның ойынша, жалпы дүние жөнінде екі субстанцияны мойындауға тура келеді. Олардың біреуі - материалдық, заттық, денелік субстанция. Оның негізгі атрибуты (қасиеті) - созылу, кеңістікте белгілі бір орын алу. Екінші субстанция - рух. Оның негізгі атрибуты - ойлау. Жан-дүние бір сәт те тоқтамай, тұрақты ойлайды.
Бұл екі бір-бірінен тәуелсіз жатқан субстанция адам мәселесіне келген кезде үлкен қиындықтарды тудырады. Қалайша адамның денесі оның рухына, жан дүниесіне, ал соңғы оның денесіне сондай үйлесімді өз әсерін тигізе алады? Оны өз кезіндегі жаратылыстану тұрғысынан түсіндіре алмай, Р.Декарт Құдай идеясына келуге мәжбүр болады. Оның ойынша, тек Құдай ғана дене мен ойдың үйлесімді қарым-қатынасын тудыра алады.
Бірақ Р.Декарт өзінің космогониялық (ғарыштың дүниеге келуі жөніндегі ) болжамында Құдайдың рөлін тек қана материяны жаратып, оны алғаш рет қозғап жіберуімен шектейді. Әрі қарай Дүние өзінің табиғи заңдылықтарының негізінде қалыптаса бастайды. Құйын сияқты қозғалған материалдық бөлшектер қыза келе жұлдыздарға, күнге айналады. Екінші ұсақ дөңгелек қозғалғыш элементтерден аспан пайда болса, ең соңында үлкен аз қозғалатын бөлшектер бір-бірімен қосылып, жер және басқа планеталардың денесін кұрайды.
Ал жер бетіндегі өмір сүріп жатқан тіршілікке келгенде, Р.Декарт бұрынғы философиядағы гилозоистік көзқарастардан бас тартады. Өз заманында Аристотельдің болжаған өсімдік пен сезімдік жандарын Р.Декарт жоққа шығарады. Оған себеп болған 1628 ж. Гарвейдің ашқан қан айналысы болса керек. Соған сәйкес, Р.Декарт жануардың өмірлік мүшесі - ол оның жүрегі деген пікірге келеді. Ол ғылымда алғашқы болып, жануарлардың сыртқы әсерге жасайтын ішкі реакциясыныңмеханизмін ашты. Оның ойынша, сыртқы әсерді миға жеткізетін - артериялар ішінде қозғалатын ең ұсақ қан бөлшектері. Әрине, бүгінгі физиология ғылымының тұрғысынан мұндай пікірді тұрпайы деп бағалауға болар еді. Бірақ шартсыз рефлекстің алғашқы болжамын жасаған Р.Декарт екені сөзсіз. Сонымен егер жануарлардың жан дүниесі болмаса, онда олар өте күрделі машиналар.
Адам дене ретінде жануар әлеміне жақын, сонда ол да машина ма? деген сұрақ заңды түрде ойға келеді. Оған Р.Декарт үзілді-кесілді теріс жауап береді. Біріншіден, адам мақсатқа лайықты іс-әрекет жасай алады. Ол қандай да болсын сырттағы қалыптасқан ахуалға үйлесімді жауап бере алады, өйткені ол ақыл-ой елегінен барлығын өткізіп, шешімін табады. «Адамның ақыл-ойы, зердесі - жан-жақты құрал», - дейді Р.Декарт. Адамның екінші ерекшелігі - ол сөйлей алатын пенде. Олай болса, адамның басқа тіршіліктен негізгі айырмашылығы - оның рухында.
Дүниетану мәселелері. Күмәндану принципі
Өзінің философиясының мықты негіздерін жасау үшін Р.Декарт «бәріне де күмәндану керек» деген шешімге келеді. Осы тұрғыдан сезімдік танымға келсек, ол көбіне бізге дүние жөнінде жалған пікір тудырады. Төртбұрышты нәрсеге алыстан қарасақ, ол дөңгелек сияқты болып көрінеді. Суға салынған таяқ сынған сияқты, күн кішкентай және жылы зат сияқты көрінеді. Кейбір кезде көзбен көргенді ұйқыдағы түспен шатастырып алуымызға болады. Ғылымдағы деректерге де күмәндануға болады. Сонымен, ең ақырында, біздің жан-дүниеміз толығынан күмәнға толады, онда бірде-бір күмәнданбайтын ақиқат қалмайды...
Олай болса, мұндай тұңғиықтан шығатын жол бар ма? Өзінің шашынан ұстап, өзін судан шығарған Мюнхаузен сияқты, Р.Декарт бұл тұңғиықтан шығаратын сол баяғы күмәнданудейді өйткені барлығына күмәнданғанмен, сол сәтте күмәнданып отырғаныңа күмәндана алмайсың. Онда мынандай тұжырымға келуге болады: «Ойлаймын, олай болса, өмір сүремін»(cogito ergo sum). Р.Декарттың ойынша, бұл тұжырым жөнінде ешкім күмәндана алмайды.
Бұл тұжырымнан шығатын бірінші қағида: адам, негізінен алғанда, - ойлай алатын пәнде. Біздің ойымыз өзімізге тікелей берілген. Ал сезім арқылы берілетін адамның денесі және айнала қоршаған заттардың қасиеттері ой елегінен өткенде, тек қана бұл дүниеде болуы мүмкін сиякты беріледі. Мысалы, егер мен ойлау қабілетінен айырылсам, онда менің өмір сүріп жатқанымның дәлелі дереу жойылар еді. «Ойлаймын, олай болса өмір суремін» қағидасының тағы бір ғажаптығы — ол түсінікті, ашық және мөлдір.
Р.Декарт ойлауды өте көлемді де кең түрде түсінеді. Ойлана алатын зат күмәнданады, түсінеді, қабылдайды, тұжырымдайды, теріске шығарады, киялданады, сезінеді, керек қылады т.с.с. Ең ақыр аяғы, ұйқы кезіндегі түс көрудің өзі ойлаудан шығады.
Адамның танымдық іс-әрекеті Р.Декарттың ойынша үш идеялар тобынан тұрады. Біріншісі сырттан қабылданатын сезімдік мүшелерге өзінің әсерін тигізетін идеялар. Мысалы, күн идеясы, ол әрбір адамның санасында бар.
Екінші - адамның ақыл-ойындағы идеялар. Олар сырттан қабылданған әсерді өзгерту арқылы пайда болуы мүмкін.
Соңғы үшінші идеялар - олар бізбен туа біткен, ең маңызды, таным процесінде шешуші рөл атқарады. Оған адам интеллектуалдық интуиция арқылы жетеді. Ал оған жеткізетін адамның жан дүниесіндегі табиғи ақыл сәулесі (lumen naturale). Туа біткен идеялардың ерекшеліктері - олар сыртқы заттардан толығынан дербес, анық, тұрпайы, адамның еркінен тәуелсіз. Бұған мысал ретінде Р.Декарт «екі шама үшіншіге тең болса, онда бір-бірімен де тең», «ештеңеден ештеңе пайда болмайды», «бір нәрсенің белгілі бір уақытта болуы мен болмауы мүмкін емес» т с.с. жатқызады. Туа біткен идеяға Р.Декарт «Ойлаймын, олай болса өмір сүремін» принципін де жатқызады.
Рационалдық әдіс
Егер Ф.Бэкон сезімдік, тәжірибелік білімді арқа тұтып, ғылымдағы негізгі әдістемені индукциядан көрсе, Р.Декарт, керісінше, сезімдік білімнің құндылығын теріске шығарып, дедуктивті әдісті негізгі тану жолына айналдырды. Дедуктивті әдістің негізгі талаптары - ол, біріншіден, туа біткен интуиция арқылы ақиқатқа тек өте анық шынайы ой елегінен көрініп тұрғанды ғана алу; зерттелетін мәселені ой өрісі арқылы барынша ұсақ, тұрпайы бөлшектерге бөлу, содан кейін ғана жоғарыға қарай күрделілікке өрлеу;
Негізінен алғанда, Р.Декарттың әдістемесі - ол интеллектуалдық интуицияаркылы алынған негізгі ұғымдарға сүйене отырып, басқа ұғымдарды, тұжырымдарды тудыру. Егер интуицияда ақиқат тікелей ашық берілсе, онда дедукцияның дәнекерлігі арқылы ақиқатқа кұрделі жол арқылы жетуге болады. Осы күрделі жолда бір ұғым байкалмай түсіп калса, онда нәтижеге жету мүмкін болмай қалады. Сондықтан бүкіл дедукция жолын ұқыпты есептеп бақылап отыру қажет. Дедуктивті әдістеме арқылы әртүрлі нәтижелерге жетуге болады. Сондықтан Р.Декарт оны жасанды тәжірибе койып, (эксперимент) тексеріп отыру қажет деген пікір айтады.
Р.Декарттың этикалық көзқарастары
Р.Декарттың этикалык көзкарастары адамның кұмарту сезімдерімен байланысты түрде қаралады. Олардың бәрін негізгі алты сезімге әкеліп теңеуге болады. Олар: таңғалу, сүю, жек көру, тілеу, қуану мен қайғыру. Олардың көбі адамның сезімдік заттарға деген іңкәрінен туады да, адамның жан дүниесін зардапқа толтырады. Ақыл-ой арқылы оларды жою мүмкін емес. Олай болса, олардың бәрін адамның жан дүниесіне сәйкес келетін бір кұмартумен алмастыру керек. Ол қандай құмарту сезімі болуы керек деген сұракқа ойшыл өзінше жауап береді. Оның ойынша, ол - дүниетануға деген жанның құмартуы, адамның дүниедегі кұбылыстарға кызығушылықпен қарауы.
Қорыта келе, Р.Декарттың философиясының болашақ дүниеге деген көзқарастардың дамуына зор әсерін тигізгенін атап өтеміз. Сонымен қатар философияда әртүрлі қайшылықтар етек алып, әртүрлі бағыттардың арасындағы күрестер күшейе түседі. Солардың ішінде Ф.Бэконның философиясын әрі карай дамытып, сонымен қатар Р.Декарттың философиясын сынға алған ойшылдардың ішінде әсіресе Т.Гоббсты атап өтуге болады.
§ 3. Т.Гоббстың философиялық көзқарастары
Томас Гоббс (1588-1679 жж.) –ағылшын философы, Оксфорд университетінде оқып, білім алған. Негізгі еңбектері: «Азамат жөнінде», «Левиафан, я Материя, шіркеу мен азаматтык мемлекеттің билігі мен бітімі» т. с.с.
Жаңа дәуірдегі алғашқы философтармен салыстырғанда, Т.Гоббс философия пәнін ақыл-ой арқылы дүниетанумен теңеп, оның шеңберінен үзілді-кесілді теологияны шығарып тастады. Сонымен қатар ол дінді, Құдайға сенуді қарапайым халыққа керек нәрсе деп есептеді, әсіресе ол оның моральдық жетілуінің тірегін құрайды.
Т.Гоббстың онтологиялық көзқарастарынакелер болсак, ол Дүниені бүкіл өмірде болып жатқан барлық денелердің жиынтығы ретінде қарайды. Олардан басқа еш нәрсе жоқ. Гоббстың ойынша, нақтылы өмір сүріп жатқан дененің өзі - сол субстанция. Ал дененің созылуы мен бітімі оның негізгі қасиеттеріне (акциденцияларына) жатады. Қозғалыс пен тұрақтылықты алар болсақ, олар, әрине, көп денелердің касиеттері, бірақ қозғалмайтын денелер де болуы мүмкін. Ал заттардың иісі, түсі, дыбысын алар болсақ, бұл қасиеттер пайда болып, келесі сәтте-ақ жоғалып жатады. Олар көбіне заттардан гөрі соларды қабылдайтын адамдардың түйсігіне байланысты.
Т.Гоббстың ойынша, қайсыбір субстанция нақтылы болғаннан кейін, абстрактілік субстанцияны мойындауға болмайды, ол нәтижесіз. Материя деген ұғым - ол тек қана бүкіл дүниедегі заттарға қойылған ат қана.
Т.Гоббс дене жоқ жерде кеңістік те жок деген пікірге келеді. Кеңістік - әрқашанда нақтылы заттың, дененің көлемі.
Уақыт та - қозғалып жатқан нақтылы заттардың өлшемі ғана. Ал Дүниеде болып жатқан таза ұзақтылықты ойшыл үзілді-кесілді теріске шығарады.
Дүниедегі себептілікке тоқталатын болсак, Т.Гоббс «соңғы себеп», «формальды себеп» деген сияқты ұғымдарды теріске шығарып, тек қана материалдық және қозғаушы себептерді мойындайды. Бірақ осы жолда ол үлкен киындықтарға кез болады. Дүниедегі саны шексіз заттардың қозғалысының қайнар көзі қайдан шығады? Тек XVIII ғ. материалистері оны материяның ішкі қасиеті деп мойындады. Ал Т.Гоббсқа келер болсак, ол Декарт сияқты, Құдайды мойындауға мәжбүр болды, өйткені Ол - алғашқы Дүниені қозғаушы күш, ал содан кейін Дүние өз заңдылыктарының негізінде өмір сүре бастайды.
Т.Гоббстың гносеологиясы (таным ілімі)тәжірибелік тұжырымынан шығады. «Алғашында туйсікте толығынан, я болмаса жартылай болмаған, ұғымда да жоқ» деген сенсуализм қағидасын Т.Гоббс толығынан мойындайды. Бірақ ғылыми ұғымдарды жасау үшін сезімдік саты, деректерді білу жеткіліксіз, өйткені ғылыми ұғымдар ең жалпылық, қажеттілік деңгейіне көтерілуі керек. Т.Гоббстың ойынша, ондай дәрежеге математика ғылымы ғана көтеріле алады. Р.Декарттың «туа біткен идеяларына» қарсы шығып, ол оның қайнар көзін тілдің сөздерінен іздейді. Оның ойынша, ойлау тілмен тең. Сөздер арқылы біз ішкі ойымызды сыртка шығарып, басқа адамдарға жеткізе аламыз. Сонымен Х.Гоббс тілді белгі тұжырымдамасының шеңберінде түсінеді. Қайсыбір сөз - ол затқа қойылған ат (nomina) қана. Ол әр түрлі мағынаны көрсетуі мүмкін. Мұндай жағдайда адамдар бір-бірімен түсінісе алмайды. Ал адамдар белгілі бір келісімге келіп, сол қойылған атқа, таңбаға нақтылы мазмұн беретін болса, сонда ғана ол белгіге айналып, соның негізінде адамдар бір-бірімен түсінісе алады. «Адамның ақыл-ойының сәулесі - ол көпмағыналықтан тазартылған, нақтылы анықтамасы бар сөздер», - дейді ұлы ойшыл.
Т.Гоббс «Ойлаймын, олай болса өмір сүремін», - деген Р.Декарттың принципін өзінің танымдық ілімінің тұрғысынан қатты сынға алады. «Мен ойлаймын, олай болса өмір сүремін» деген қағида бізді ойлана алатын дене бар екенін мойындауға әкеледі. Ал Р.Декарттың ойлайтын адам ойлауға тең деген пікірін «серуендеп жүрген адам серуен деген тұжырымға тең», - деп, материалистік тұрғыдан қатты соққыға жығады.
Т.Гоббс таным әдістемелері жөнінде де ерекше пікір айтады. Индуктивті және дедуктивті әдістерді бір-біріне қарсы қоймай, олардың екеуін де ғылыми зерттеулерде кең түрде қолдану қажет. Бірақ индуктивті әдіс табиғатты зерттегенде басымырақ қолданса, математика саласында және этика мен саясатты зерттегенде дедуктивті әдіс басым болуы қажет деген пікір айтады.
Адам мәселесі
Р.Декарттың «Адам - машина» деген көзқарасын әрі қарай жалғастырып, Т.Гоббс адам да дене ретінде күрделі механизм деді. «Өмір - бөлшектердің әр түрлі қозғалыстары «жүрек - серіппе, жүйке - жіптер, адамның аяқ-қолдары - машинаның дөңгелектері сияқты бүкіл денеге қозғалыс береді» т.с.с. Егер Р.Декарт адамның денелік емес жан дүниесін мойындаса, Т.Гоббс психиканың өзін механистік тұрғыдан түсіндіргісі келді.
Адамның моральдық қасиеттерін ойшыл оның табиғаты арқылы түсіндіреді. Бұл жағынан келгенде, оның көзқарасы Н.Макиавеллиге өте жақын. Адам табиғаты өзімшілдікке негізделген. «Адамдар өз табиғаты бойынша қомағай, тойымсыз, корқақ, долы т.с.с. хайуандыққа толы», ал қоғамдық пенде ретінде олар «пайда мен мансап» іздейді, тек өздерін ғана сүйеді, - дейді ұлы ойшыл.
Т.Гоббс адамдардың өзімшілдігінен шығатын мүдделері мен мақсаттарына көп көңіл бөледі. Қоғам өмірінде әртүрлі мүдделер бір-бірімен соқтығысып, құқ ғылымының әділдікке негізделуіне жол бермейді, заңдар бұрмаланады т.с.с. «Егер геометрия қағидаларының адамдардың мүдделеріне қатысы болса, онда ол кітаптарды адамдар жағып жіберер еді», - деген нақыл сөз осы кісінікі. Сондыктан моральдық құндылықтардың негізінде мүддеден шығатын пайдалық жатыр. Жақсылық пен жамандык, игілік пен залымдық дегендеріміз не? деген сұраққа «жаксылық, игілік» деген сөздермен бізге ұнайтын, пайдасы бар нәрселерді айтамыз, ал залымдық деп оған қарама-қарсы жатқан нәрселерді көрсетеміз», -деп жауап береді. Мұндай мораль саласындағы көзқарасты біз утилитаризм дейміз (utilitas - латын сөзі, пайда).
Әрине, адам мәселесін талдағанда, еріктік мәселесін аттап өте алмаймыз. Т.Гоббс ерік тек қана адамның ахуалынан ғана шығып коятын құбылыс емес деген тұжырымға келеді. Еріктік дегеніміз -барлық дүниедегі нәрселерге тән. Мысалы, ыдыс сынса, ішіндегі су еріктік алады.
Дегенмен адамның еріктігі өте киын шаруа, өйткені ол жалғыз емес, өмір жолында мыңдаған басқа адамдармен қарым-қатынаска түседі. Сондыктан, бір жағынан, ерікті болса, екінші жағынан, қоғамдық кажеттіктен аттап өте алмайды. Олай болса, олар бір-бірін толықтырады. «өзендегі судың ағысы ерікті де қажетті, өйткені ол арнасынан шығып кете алмайды». Адам да сол сияқты деп қорытады ұлы ойшыл.
Мемлекет пен қоғам мәселелері
Сонау көне заманнан бері коғам мен мемлекет мәселелеріне келген кезде, ойшылдар оны негізінен екі қарама-қарсы тұрғыдан қарады. Біреулер қоғамдық пен мемлекеттіліктің басымдылығын (мысалы Аристотель, кеңес заманындағы идеология), екіншілер жеке адамның мемлекет пен қоғам алдындағы біріншілігін (атомистер, қазіргі өтпелі дәуірдегі кейбір реформаторлар) көрсетті. Т. Гоббсты бұл аталған екі бағыттың кайсысына жатқызамыз? Әрине, екінші бағытқа, өйткені ол өзінің ілімінде мемлекеттілікті адамның өзімшіл табиғатынан шығарады. Әрбір адам ең алдымен өз мүддесін алға қояды, олай болса жалкылық, жекелік - бірінші, ал қоғамдық, мемлекеттілік - екінші орында.
Т.Гоббстың ойынша, әр халық өзінің тарихында екі сатыдан өтеді. Олар - мемлекеттікке дейінгі табиғи (status naturalis) және мемлекеттік (status civilis) саты.
Алғашқы табиғи сатыда мемлекет те, жекеменшік те, мораль да әлі жоқ, тек қана адамдардың табиғи құкы бар. Ол адамның керек қылатын нәрселерінің бәріне деген кұқы. Өзінің өмірін сақтап қалу жолында адам қандай іс-әрекет жасаса да, шектелген жок. Сондықтан мұндай жағдайда әр адам өмірге керек құндылықтарды өзіне тартқаннан кейін, «бәрінің бәріне қарсы соғысы» (bella omnia contra omnies) басталады. Адамдар бір-біріне қасқыр сияқты (homo homini lupus est) болады. Мұндай жағдайда адамдардың өз-өздерін кұрту қаупі туып, табиғи жағдайдан азаматтык мемлекеттік деңгейге көшу қажеттігі пайда болады.
Сондықтан адамдар өздерінің кейбір құқтарынан ерікті түрде бас тартып, оларды күшті орталандырылған билікке береді. Сонымен қоғамдық осындай шарттың негізінде мемлекет дүниеге келеді. Т.Гоббстың ойынша, қоғамдық шартқа өту тілсіз іске аспас еді. «Тілсіз адамдарда мемлекет, қоғам, шарт, бейбітшілік те болмас еді».
Адамдардың мемлекеттікке өтуінде олардың табиғатында бар заң (lex naturalis) үлкен рөл атқарады. Ол заң — «өзіңе тілемейтінді басқаға да жасама». Оны біз моральдың «алтын ережесі» дейміз.
Екіншіден, әрбір адам өлімнен қорқады, сондықтан ол бейбіт өмірдің кажеттігін сезінеді, ал мұның бәрі оны мемлекеттілікке қарай итермелейді.
Мемлекетке шарттық негізде өз еркімен берілген адамдардың құқтары енді қайтып алынбайды. Адамдар мемлекет заңдарын бұлжытпай орындаулары қажет. Сонымен қатар Т.Гоббс - құқ пен заңның арасындағы айырмашылықты анык байқаған адам. Бір жағынан алғанда, мемлекетте заңдылық, тәртіп болуы керек. Екінші Жағынан, заңдар мөлшерден шығып, барлык қоғамдағы қарым-қатынастарды ретке келтіруге тырысса, онда адамдардың белсенділігіне нұсқан келеді. Бұл жерде Т.Гоббс тоталитаризмнің болуын болжаған секілді. Сондықтан заңдар акыл-ой елегінен өткен қажетті қатынастарды ғана ретке келтіруге тиіс.
Әрине, мемлекеттің дүниеге келу мәселесі - өте күрделі құбылыс. Ол жөнінде әртүрлі болжамдар бар. Т.Гоббстың жасаған «конвенционалдык» (шарттық) тұжырымы, әрине, бұл мәселенің Мәнді бір жағын ғана көрсетеді. Осы тұрғыдан алғанда, кайсыбір Мемлекетті шарттык негізде өмір сүреді деп әбден айтуға болады. Біздің жас мемлекет те өзінің екінші «Ата заңын» (Конституциясын) 1995 ж. Бүкілхалықтық референдумда қабылдаған болатын. Ал мұның өзін белгілі шарт деп айтуға, әрине, болады.