САЯСИ ПРОЦЕСС 17 страница

Ақпараттық технологияның бір түрі саналатын саяси жарнаманың маркетингтік үлгісіне тән белгі – мұнда жарнама берушінің азаматтарды тіпті де ақпараттандыруға емес, олардың пікірлеріне мүдделі екендігін көрсетеді.

Жарнама ақпараттық нарыққа белгілі бір тауарларды шығара отырып, адамдардың саяси көзқарасын еркін де саналы таңдауын ынталандырады, қоғамдағы саясатқа деген іштей дұрыс көзқарасты білдіретін ахуалды қолдап, қуаттайды.

Жарнамалық технологиялар адам мен билік арасындағы ресми байланыстардан тұрады. Ол азаматтың мемлекетпен формалдық-мәртебелік қатынаста болмауына ұмтылады және азаматтардың өз түсінігіне нұқсан келтірмей, олардың саяси белсенділігін оятады.

Қайсыбір институттардың, көшбасшылардың немесе доктриналардың жағымды бейнесін қалыптастыра отырып, жарнама ақпарат нарығына саяси мақсаттар мен құндылықтарды үнемі ұсынып отырады. Бұл орайда, мұндай саяси тауарлардың таралу, олардың белгілілік және танымалдық деңгейі, сол сияқты оларды халықтың қолдау деңгейі де жарнама тиімділігінің басты көрсеткіші болып табылады.

Осыған байланысты жарнамалық технологиялардың мазмұны мен формасы сан алуан екенін атап айту керек[139]. Олардың көп түрлі болуы жарнама жолданылатын адресатқа немесе ұжымдық құрылымға, жарнамалық деректердің таралу уақытына, жарнама науқанының сипатына, жарнама таратылатын орынға және басқа да географиялық жағдайларға, сондай-ақ басқа да факторларға байланысты. Сонымен қатар жарнамалық технологиялардың мазмұны мен сипаты жағдайға, саяси процестің кезеңдеріне байланысты елеулі түрде өзгеруі де мүмкін.

Саяси кеңістікте болып жатқан өзгерістерде ақпараттық саяси нарықта электрондық бұқаралық ақпарат құралдарының пайда болуы, саяси байланыста сұхбаттасу әдістерінің қолданылуы, хабарды беру жылдамдығының күрт өсуі, «электрондық қауымдастықтардың» қалыптасуы және т.б. аса маңызды рөл атқарды. Сонымен бірге саясат саласына жаңа ақпараттық және коммуникативтік технологияларды белсенді енгізу жарнамалық технологияның түрін сапалы түрде өзгертіп қана қойған жоқ, көптеген ескі түсініктерді, нұсқауларды, іс-қимыл формаларын, жеке адамдар мен топтар, саяси институттар мен құрылымдар арасындағы өзара қарым-қатынастар үлгілерін де түбірінен өзгертті.

Жаңа ақпараттық технологиялар ақпараттармен жұмыс істеу кезінде компьютер техникасын және телекоммуникациялық байланыс құралдарын пайдалануға мүмкіндік береді. Жаңа ақпараттық технологияларды енгізу әр алуан қызмет түрлерін, ең алдымен басқару саласын елеулі түрде өзгертеді, басқарудың тиімділігін арттырады, мемлекеттік билік органдарында саяси-әкімшілік шешімдерді қабылдау процестерін ақпаратпен қамтамасыз етуді жаңа, анағұрлым жоғары деңгейге көтереді.

Мемлекеттің ақпараттық ресурстары – бұл оның ұлттық байлығы. Ақпараттық ресурстардың саны, сапасы және оған қол жеткізу қазірдің өзінде-ақ көп жағдайда мемлекеттің даму деңгейін, оның дүние жүзілік қауымдастықта мәртебесін айқындауда, мемлекеттің жағдайы мен саясатына ықпал етуде және, бұл, сөзсіз, ХХІ ғасырда саяси дамудың айқындаушы факторына айналады. Осыған байланысты жоғары билік органдарын ақпараттық ресурстармен қамтамасыз ететін ақпараттық жүйелерді жасау мен оны жетілдіру аса зор маңызға ие болады.

Осындай жүйелердің біріне Сенат пен Мәжілістің – Қазақстан Республикасы Парламентінің коммуникациялық жүйесі мысал бола алады.

Заң шығарушы биліктің кез келген органының тиімділігі оның комитеттерін, комиссияларын және жалпы алғанда депутаттық корпустың едәуір дәрежеде ақпаратпен қамтамасыз етілу сапасына байланысты болады. Шетел парламенттерінің көпшілігінде депутаттарды ақпаратпен қолдау жөніндегі жұмыс осы заманғы есептеу техникасы мен байланыс құралдарын кеңінен пайдаланыла отырып жүргізіледі. Біздің елде өкілетті билік органдарын ақпараттандыру ХХ ғасырдың соңында ғана жедел енгізіле бастады.

Коммуникациялық технологиялардың сан алуан түрлері ішінде Интернет соңғы жылдары сөзсіз көшбасшылыққа ие болды. Ол дүние жүзілік қауымдастық қамтуындағы ақпараттық инфрақұрылымның аса маңызды буынына айналып отыр. Интернет – бұл ақпараттар алмасу әдістері және бірыңғай адрестеу жүйесі туралы стандартты келісімдер негізінде жүздеген мың оқшау мемлекеттік, корпоративтік, қоғамдық, білім беретін және үйде орнатылған желілерді біріктіретін дүниежүзілік компъютерлік желі. Осыған байланысты интернеттік технологиялар аймақтық байланыстар, университеттер қауымдастықтары, мектептер және басқа да ұйымдар шеңберінде де жедел дами бастады, олар өздерінің алдынан жаңа өлшемнің – жан-жақты ақпараттық ресурстарды барынша иеленген және миллиондаған пайдаланушыларды біріктіруге қабілетті «киберкеңістіктің» ашылғанын мойындады.

Интернеттің орны мен рөлін мына тұрғыдан түсіндіруге болады: ол адамдарға ақпаратты тұтынушы, қабылдаушы және реципиент ретінде ғана емес, сонымен қатар оның дербес ақпарат көзі (генераторы) ретінде де әрекет ету мүмкіндігін береді. Ақпарат тарату қабілеті мол медиа-радио, телевидение – тыңдаушылар мен көрерменнің үлкен бөлігін қамти алады, әйтсе де олардың хабар тарату мүмкіндігі экономикалық, саяси және технологиялық жағдайларға байланысты шектеулі. Ал Интернетте географиялық шектеу болмайды және аудитория ауқымын кеңейтуге мүмкіндік жасайды. Интернет-коммуникациялар нәсілдік, жастың ерекшелігіне, жыныстық және дене күшіне қатысты кедергілерді жоюға мүмкіндік береді, өз кезегінде уақыттық белдеулерге және күн тәртібіне қатысты шектеулерді жоя отырып, ілеспе байланыстардың сапалы жаңа әдістерін іске қосады. Интернет-коммуникациялар сондай-ақ хабарларды жазып алуының арқасында аса ұтымды «есте сақтау тиімділігіне» ие. Комтьютерлік технологиялар бейнелі және сандық ақпараттар арасындағы қайшылықты да жояды.

Компьютерлік желі бойынша ұдайы айналыста болатын мәліметтерді бір мульттімедилік пакетіне енгізудің нәтижесінде адам қабылдай алатынның бәрін беруге болады, ал машина мәтінді өңдейді, олар: мазмұнды мәтін, жоғары сапалы дыбыс, түрлі-түсті бейнелер беруді жоғары деңгейде шешу, видеофрагменттер, компьютерлік бағдарламалар.

Осы айтылғандарға байланысты Интернеттің басты коммуникация құралына айналғанын атап айту керек.

Сонымен қатар Интернет мамандардың сөз қорына жаңа терминді – «компьютерлік қауіпсіздікті» енгізді. Аса ауқымды компьютер желілеріндегі мәліметтерді қорғау мәселелері, әсіресе егер ол мемлекеттік билік органдарына Интернетті енгізуге қатысты болса, ерекше жауапкершілікпен және аса ыждағатты жұмыс істеуді талап етеді. Бұл мәселенің сондай-ақ саяси жағы да бар, себебі ол елдің ұлттық қауіпсіздігімен тікелей үйлестіріп отырады: өйткені ақпарат мемлекеттің аса маңызды ресурсы болып табылады.

Сонымен қатар бүгінгі таңда халықаралық компьютерлік желі электоратқа жолы ашылған ең демократияшыл және жедел өсіп келе жатқан жүйе болып табылады.

Батыстық және кейбір Еуразия сарапшыларының пікірінше, таяу уақытта Интернет жалпы жұртшылық үшін биліктің ашықтығын қамтамасыз ететін негізгі құралға айналады.

Интернет арқылы осы заманғы саясатшылар қолданылып жүрген бұқаралық ақпарат және коммуникация құралдарымен салыстырғанда жаңа мүмкіндіктерге қол жеткізеді, атап айтқанда: дүние жүзілік мәліметтер базасы мен ақпарат ресурстарына еркін қол жеткізу; әріптестерімен, пікірлестерімен байланыс жасау мен еркін пікірлесу, ешқандай тіркеулер мен рұқсаттарды талап етпейтін қоғамдық ұйымдар құру мүмкіндіктері; желіге бақылау орнатылмауы, көзқарастарды тықпаламай насихаттау; Интернет беттерінде сайлау қарсаңындағы науқанды әзірлеу; Интернет желісінде ақпаратты еркін тарату; компьютерлік ақпаратты басқа да бұқаралық ақпарат құралдарының және т.б. артықшылықтарымен үйлестіре отырып орналастырудың шексіз мүмкіндіктері.

Жаһандық компьютер желісі қазірдің өзінде бұқаралық ақпарат құралының бірі ретінде ерекшеленіп, бұқаралық ақпарат құралдарының пәрменді бәсекелесіне айналуда. Интернет жұртшылықтың мемлекетпен екі жақты байланыс орнатуға мүмкіндік беретін осы заманғы жаңа құрылымға, сондай-ақ саяси байланыс құралына айналды, бұл оны «паблик рилейшнзде» аса мол мүмкіндіктерге ие етті.

«Паблик рилейшнз» технологиясы ақпараттық-аналитикалық жұмыстарының жүйесі екенін айтуымыз керек. Оның алдына қойған мақсатты – реципиентпен өзара адал да сыйластық қатынас орнату негізінде саяси мақсаттарды жүзеге асыруды қамтамасыз ету. Сондықтан, жалпы алғанда, бұл технологияның басты ұстанымы алдау-арбау мен фактілерді бұрмалаудан түбегейлі бас тарту және ол реципиент пен коммуникатор арасында екі жақты байланыс орнату.

Бүгінгі таңда саяси нарықта қолданылып жүрген «паблик рилейшнз» ірі бизнес әрекет еткен салада тарихи пісіп-жетіліп, шыңдалды. Ақпарат нарығындағы өзіндік сала ретіндегі «паблик рилейшнздің» негізін салушы американдық А.Ли деуге болады, коммуникация жөніндегі тәуелсіз сарапшы болған ол ХХ ғасырдың басында бизнестің ойдағыдай жұмыс істеуінің шарты ретінде жұртшылықтың мүддесін ескерудің және шындық ақпараттың қажет екендігін көрсеткен болатын. Сонымен қатар ақпаратты тұтынушылармен коммуникациялық қатынастар орнатудың осындай түріне жаппай көшу Екінші дүние жүзілік соғыстан кейін ғана қалыптасты және бұл ең алдымен баспасөзбен жаңа қатынастар орнатуға қатысты болды. ХХ ғасырдың соңында «паблик рилейшнз» дүние жүзілік қауымдастықтың қоғамдық өмірінің дамуына жаңа элементтерді енгізе бастады және «паблик рилейшнз» бұқаралық ақпарат құралдарының техникалық жағынан жедел дамуына, компьютерлендіруге, дүние жүзілік желінің – Интернеттің кең қанат жаюына байланысты өзінің жұмысын тез қайта құрды. Соның нәтижесінде бұқаралық ақпарат қоғамның аса маңызды стратегиялық және саяси шикізатына, оның дамуының әмбәбәп қуат көзіне айналды.

Бүгінгі Қазақстанға, әлеуметтік-саяси және экономикалық қиындықтарға қарамастан, дүние жүзілік ақпараттың мәлімет көздеріне қосылу, ақпарат алмасуға қатысу, дүние жүзілік қауымдастыққа ену, алға қарай қарқынды даму үшін, сондай-ақ уақытты жоғалтпау және ХХІ ғасырда өркениетті елдердің соңында қалмау үшін мемлекеттік билік органдарының жұмысына Интернетті белсенді түрде енгізу керек.

Демек, барлық деңгейдегі мемлекеттік билік және басқару органдарын біріктіретін дамыған ақпараттық құрылымның болуы, аса ауқымды ақпаратты жинаудың, жүйелеудің, саралаудың, беру мен сақтаудың тиімді құралдарын қолдану, мәліметтерді алу мен өңдеудің, оларды талдау мен моделдендірудің осы заманғы технологиясы саяси-әкімшілік басқару тиімділігінің шарты мен көрсеткіші болып табылады.

Компьютер – саяси технологиялардың ерекше құралы екенін айтқан жөн. Бүгінгі таңда қоғам өміріне компьютерлік технологияларды қолданбай саяси талдау жасау мүмкін емес. Қазіргі кезде кең қанат жайып отырған ақпараттық, телекоммуникациялық, компьютерлік революцияның өзіндік ерекшелігі ақпаратты жөнелтуші мен алушы арасындағы бір линиялы байланыстың көп функционалдық және диалогтық байланыспен алмастырылуы болды. Бұл ақпарат алмасуға қатынасуға жаңа мүмкіндіктер көкжиегін ашты.

Мысалы, «екі жақты байланыс» технологиясының көмегімен тұтынушы газет оқиды, почта алмасады, кітапханадан кітап алып оқиды (бейне нұсқа), зат сатып алады, өзінің қаржы жағдайын реттейді, тапсырыс берушіге өзінің шығармашылық еңбегін: шолулар, аналитикалық және басқа да материалдар; мақалалар, әлеуметтік сауалнама нәтижелерін жібереді.

Саяси процестердегі бұл жаңа техникалық құралдар мен әдістер қоғамдық пікір сауалнамасын өткізіп, олардың нәтижелерін «сол сәтінде» шығару, оперативтік саяси пікір-таластарын, референдумдар ұйымдастыру және т.б. үшін пайдаланылуы мүмкін.

Алға міндет қойып, оның нәтижелерін алғанға дейін бірнеше сағат өтеді. Әрине, мұндай жұмыс саласы тиімді компьютерлік желілердің, мамандардың болуын, біршама қаржы шығындарын талап етеді, жаңа компьютерлік технологиялардың мейлінше танымал болғандығы соншалық, батыс саясатшылары оларды жалпыға бірдей демократиялық қоғамның құралы ретінде бағалап жүр.

Қазіргі кезде Қазақстан Президенті әкімшілігінде жағдайларға талдау жасайтын компьютерлік-аналитикалық орталық жұмыс істейді. Оның басты мақсаты – мемлекет басшысын елдегі және дүние жүзіндегі жағдай жөніндегі ақпаратпен жедел және алдын ала қамтамасыз ету. Президент және оның көмекшілері қызметі аса маңызды проблемаларға талдау жасау және жедел шешімдер қабылдау үшін орталықтың қызметін пайдаланады. Жаңа құрылым сыртқы ақпарат көздері қосылған бірегей локальдық жүйе болып табылады. Ол ситуацияның моделін жасауға және мемлекет басшысының басқарушылық шешімдерін әзірлеуге мүмкіндік туғызады.

Бұл мүмкіндіктер плюрализмге, өкілетті демократияны бірде-бір демократиялық институтқа нұқсан келтірмей «қатысу демократиясымен» алмастыру үшін мол мүмкіндіктерге жол ашады. Бұл бірегей құбылыстың мәнін айқындау үшін тіпті «теледемократия» атты арнайы ұғым қолданылады. Алайда, бұған қарап телекоммуникацияның жаңа құралдарының маңызы мен рөлін асыра бағалау ағаттық болар еді.

Ақпарат алмасудағы өзінің техникалық мүмкіндіктерінің арқасында компьютерлік, коммуникациялық және басқа саяси технологиялар ХХ ғасырдың соңынан бастап сайлау науқандарына белсенді түрде пайдаланылғанын айта кету керек.