Темперамент туралы теориялар.

Гиппократ темперамент адамның анатомиялық — физиологиялық және психологиялық даралық ерекшеліктері деп түсінді.

Одан әрі темперамент туралы ілімнің дамуы төмендегі бағыттарда іске асты.

Бірте-бірте темпераменттің психологиялық сипаттамасы кеңейе түсті. Рим дәрігері Галеннің Гиппократтан айырмашылығы темперамент түрлерінің физиологиялық қасиеттерімен катар психологиялық және адамгершілік қасиеттерін сипаттады. Неміс философы И.Кант XVIII ғ. аяғында темпераменттің тек қана психикалық қасиеттерін сипаттады. Жаңа кезеңге дейін темпераменттің сипаты негізінен психологиялық бағытта қалыптасты. Осыған байланысты темпераменттің түрлері туралы ұғым өзгерді. Темпераменттің түрлері физиологиялық емес, психикалық касиеттердің пропорциясына байланысты сипатталады. Кант темпераментті әртүрлі сезімдердің және іс-әрекеттің әртүрлі деңгейдегі белсенділігінің арақатынасы ретінде қарастырды. Неміс психологі Вундт XIX ғ. аяғында — темпераментті жылдамдықтың және "жан қозғалыстарының" күштерінің арақатынасы деп білді. Ол темпераментті екі түрге бөлді:

1) эмоциясы күшті темпераменттер;

2) әлсіз эмоциялы темпераменттер.

Біріншісіне холерик және меланхолик темпераменттерін жатқызды.

Өйткені, холериктің эмоциясы күшті болады да және тез әрекет етеді, ал меланхоликтің жан дүниесінің ауысып отыруы өте шабан, баяу болып келеді. Эмоциясы әлсіз темпераменттерге сангвинник және флегматик жатады. Сангвиниктің қозулары, сезімдері күшті, әрекеттері жылдам болып отырды. Ал флегматиктің эмоциялары күшті, бірақ олардың әрекеті шабан келеді. Әрине, бұл теориялардың қай-қайсысы да біржақты, ғылыми негізсіз қате теориялар болып табылады.

Бұл теориялар Гиппократтың ілімін осы уақытқа дейін өзгертіп, қолданылып келеді.

XX ғасырда темперамент туралы пікір айтқандардың бірі және ерекше кеңінен таралған Э.Кречмердің (1888-1964) ұсынған типологиясы. Ол 1921 ж. өзінің "Тән құрылысы және мінез" атты белгілі еңбегінде темперамент адамның тән құрылысының белгілі психикалық ерекшеліктерімен байланысты болатындығын дәлелдейді. Э.Кречмердің теориясы Еуропада кеңінен тарады.

Ерте кезден бастап, зерттеушілер темпераменттің әртүрлі типтері қалыптасқандығына тоқталды. Олардың ішінде ерекше қызығушылық туғызған теориялар темпераменттің қасиеттері тұқым арқылы берілген, туа біткен қасиет ретінде түсіндіріліп, дене бітімінің ерекшеліктеріндегі даралық айырмашылықтармен байланыстырылады.

Бұл теория дене бітімінің теориясы деп аталады. Ерекше кеңінен тараған теория Э.Кречмердің типологиясы. Бұл теорияның негізгі идеясы адамдардың дене бітімінің немесе құрылымының белгілі түріне қарай белгілі психикалық ерекшеліктері болатындығы. Ол адам денесінің бөліктеріне көптеген зерттеулер жүргізіп, осының нәтижесінде 4 дене бітімінің типін бөліп көрсетуге мүмкіншілік берді.

1. Лептосоматик— нәзік дене құрылысымен, биік бойымен, тегіс келген омырауымен сипатталады (тар иықты, қол-аяқтары ұзын және жүдеу келеді).

2. Пикник— өте толық келген, орта және шағын бойымен, үлкен ішімен және қысқа мойынды дөнгелек басымен сипатталады.

3. Атлетик— күшті дамыған бұлшық етімен, мықты дене бітімімен, ұзын немесе орта бойлы, кең иықты, тар жамбасымен ерекшеленетін адамдар.

4. Диспластик- дене бітімі ешқандай түрсіз, дұрыс емес дене құрылымымен ерекшеленетін адамдар. Бұл типтегі адамдар дене бітімінің әртүрлі түрін өзгерту арқылы сипатталады (Мысалы, шамадан тыс бойы, пропорционал емес дене бітімі). Жоғарыда аталған дене құрылысының типтерімен катар Кречмер 3 темпераменттің түрін ерекше атады, оларды ол шизотимик, иксотимик және циклотимик. Шизотимик астеникалық дене бітімі бар, ол тұйық, сезімнің өзгеруіне бейім келетін қасарыспа, ұстанымы мен көзқарасын өзгертуге бейім емес, қоршаған ортаға өте қиын бейімделетін тип.

Одан иксотимиктің айырмашылығы атлетикалық дене бітімімен ерекшеленеді. Бұл салмақты, көңіл-күйі аз өзгеретін, бет пішіні, дене қозғалысы ұстамды, ойлаудың икемділігімен ерекшеленетін адам. Циклотомик пикникалық дене бітімі бар, оның эмоциясы қуаныш пен қайғының арасында, ол адамдармен жақсы қарым-қатынас жасайды және көзқарасында реалистік бағыт басым.

Темпераменттің психикалық қасиеттері мен жүйке жүйесінің физиологиялық қасиеттері тығыз байланысты екенін аңғаруға болады.

Шетел психологиясында (Кречмер, Шелдон) темперамент жүйке жүйесінің жалпы типінің физиологиялық негіздеріне, сонымен қатар ағзаның жалпы бітіміне, оның сыртқы көрінісі болып табылатын денесінің құрылымына, олардың бөліктерінің арақатынасына байланысты деген теория кең өріс алды. Осы тұрғыдан алып қарағанда, дененің құрылысы, темпераменттің қасиеттері бір ғана жалпы себепке — ішкі секреция бездерінің қызметіндегі тұқым қуалау ерекшелігіне тәуелді болып табылады. Сондықтан да осындай теориялар темпераменттің гармоналдық теорияларыдеп аталады. Бұл теориялар темперамент мәселелерін бір жақты түсіндіреді. Гармоналдық теориялар біржақты ішкі секреция бездерінің ролін асыра бағалайды.

И.П.Павлов жүйке жүйесінің жалпы типін генотипдеп атады, демек, тұқым қуалайтын тип жүйке жүйесінің типі - бұл жүйке жүйесінің табиғи, туа біткен қасиеті,бірақ, өмір және іс-әрекет жағдайымен өзгеруі мүмкін. Жүйке жүйесінің типі адамның мінез-құлқына ерекшелік береді. Адамның барлық келбетіне өзінше із қалдырады.

Темперамент негізіне жүйке жүйесінің тұкым арқылы берілген типі жатады. Темперамент типінің қалыптасуында тұқым қуалау негізгі рол атқарады. Осы қағида бірдей тұқым қуалау физиологиялық касиеттері, темпераменттің қасиеттері ұксастықтары бір жұмыртқалы егіздерде әртүрлі жұмыртқалы егіздерге қарағанда біршама артық, оларда бұл физиологиялық қасиеттер бірдей еместігі айқын дәлелденді. Сол сияқты, егер әртүрлі отбасы тәрбиеге алған бір жұмыртқалы (гомозиготтық) егіздердің темпераментін салыстырсақ, сондай заңдылық дәлелденеді. Бұл егіздердің әртүрлі өмір жағдайы мен тәрбиесіне қарамастан, темпераменттің қасиеттері бойынша олардың арасында көптеген жылдар бойы өзгешеліктер өте аз болғандығын көреміз.

4. Темпераменттің түрлері және оның сипаттамасы.

Темпераменттің бір түрін жағымды, екінші түрін жағымсыз деп бағалау дұрыс болмайды. Әрбір темпераменттің өзінің жағымды жақтарыменкатар жағымсыз жақтары да болады. Таза күйінде темперамент өте сирек кездеседі. Адамда темпераменттің белгілі бір түрінің қасиеті басым келеді, бірақ бұл жағдайда, басқа темпераментке тән жекелеген белгілер байқалуы мүмкін. Оқыту және тәрбие үрдісінде шәкірттерге дара әсер ету үшін, демек, практикалық қажеттіліктер үшін темпераменттің негізгі сипаттамасын бағдарлай отырып, қарастырған жөн.

Темпераменттің түрлеріне тоқталып, әрқайсысына психологиялық сипаттама беретін болсақ:

Сангвиникалық темперамент өкілдері қозғалғыш, сергек, қызыққыш келеді. Сангвинниктер негізінен көңілді тип. Эмоциялық көңіл-күйі тұрақсыз, өзгеріп отырады, сезімге тез беріледі. Олардың сезімдері күшті, терең емес. Шапшаң ашуланып, тез арада күйіп-пісіп қалады. Ашуы тез басылады, кек сақтамайды, тез ұмытып кетеді, сәтсіздіктерді тез жеңе біледі, ұжымда беделді. Ұжым мүшелерімен жақсы қарым-қатынаста болады, адамдармен тез арада тіл табыса біледі.

Сангвиникалық типтегі адамдар тез пайда болатын күшті, бірақ тұрақсыз эмоциялық қозуымен ерешеленеді. Сангвиниктердің көңіл-күйі тез өзгеріп отырады. Бұл типтегі балалар қозғалғыштығымен ерекшеленеді. Ондай балалар әртүрлі іске тез кіріседі, бірақ әр нәрсенің басын бастап, аяқсыз қаддырады, істі аяғына дейін жеткізе алмайды, тез арада суып қалады, олар бір бағыттағы ұзақ, табандылықты қажет ететін іс-әрекетке бейім емес. Олардың ренжуі де, жылауы да тез, күлуі оңай. Сезімі тез өзгеріп отырады.

Холерикалық темперамент өкілдері тез пайда болатын күшті және тұрақты эмоциялық қозуымен ерекшеленеді. Холериктердің сезімі бет-пішінінен, дене қимылынан, сөйлеген сөзінен анық байқалады. Холериктер күйіп-пісу, тез қозғалғыштық, әруақытта да іс-әрекетке бейім келеді. Оларда психикалық үрдістер тез, жылдам жүріп жатады. Холериктер іс-әрекетке жылдам, қызыға, құлшына кіріседі.

Бұл типтегі балалар өте белсенді. Холерикалық типтегі қозу тежелуден басым келеді. Олар жігерлі, қызу қанды, кейде артық кетіп қалады, кейде ашуға, сезімге тез беріледі. Ұжымда эмоциялық ұстамсыздық аңғартады және осының негізінде ұжымда кейбір жайсыз ахуал қалыптасады.

Холериктердің жағымды жақтары — белсенділігі, іскерлігі, іс-әрекетке тез енетіндігі. Жағымсыз тұстары — ұстамсыздығы, дөрекілігі, ұшқалақтығы, ашуға тез берілгіштігі. Бұл типтегі балалар белсенді. Олар іске тез кіріседі және оны аяғына дейін жеткізеді. Олардың біреуге ренжіп қалуы да тез. Ашуланған адамына кекті ұзақ сақтайды, көпке дейін ұмытпайды.

Флегматикалық темперамент жай пайда болатын, әлсіз және қысқа мерзімді эмоциялық қозумен ерекшеленеді. Флегматиктің сезімі сырттай әлсіз аңғарылады. Бұл типтегі адамдардың қуануы да, қайғыруы да қиын. Флегматикалық типтегі балалар сабырлы, салмақты, мінез-құлқы әруақытта да бір күйде тұрады.

Флегматиктердің психикалық үрдістері жай, бірсарынды жүреді. Бұлар өте ұстамды, салмақты, іс-әрекетте баяу. Істеген ісін сапалы, тындырымды орындайды. Бүл типтегі балалар сабақты жаксы оқиды, іс-әрекетте орнықты, табандылық анғартады.

Адамдармен қарым-қатынаста флегматик әруақытта да орнықты, салмақты, ретімен адамдармен араласады, көңіл-күйі тұрақты. Олар әркез жанжалдан басын ала қашады. Кейбір қолайсыз жағдайларда флегматиктерде тән сылбырлық, енжарлық, жалқаулық сияқты жағымсыз қасиеттер қалыптасуы мүмкін.

Меланхоликалық темперамент жай, бірақ күшті және тұрақты эмоциялық қозумен ерекшеленеді. Меланхоликтер тұрақты, ұзақ көңіл-күйге бейім тұрады, бірақ олардың сезімі сырттай әлсіз аңғарылады. Меланхоликалық типтегі адамдар қозғалыста, іс-әрекетте баяу. Меланхолик іс-әрекетке бірден кірісе алмайды, ырғалып-жырғалып барып кіріседі, егер іске кірісе қалса, аяғына дейін жеткізеді. Бүл типтегі балалар жай іс-әрекетке енеді, оларды И.П.Павлов ынжық тип деп атайды. Бұл типтегі балалар тез шаршайды, эмоциялық көңіл-күйі жай пайда болады, бірақ тереңдігімен, ерекше күшімен және ұзақтығымен ерекшеленеді. Меланхоликтердің жаны тез жараланғыш, көңіліне ауыр алғандарын ешуақытта ұмытпайды, кекті ұзақ сақтайды.

Бұл типтегі балалар көбіне тұйық келеді, ұжыммен және адамдармен, әсіресе таныс емес, жаңа адамдармен карым-қатынас жасауы қиын. Олар коғамдық жұмыстарға қатыспайды, ондай балалар өзімен-өзі болғанды жақсы көреді. Сондықтан да белгілі қолайлы жағдайларда, дұрыс ұйымдастырылған оқу-тәрбие жұмысында меланхоликтерге ерекше назар аударған жен. Оларға мұғалімдердің тарапынан ерекше көңіл бөлініп, жағдай жасалса, олардың бойындағы құнды қасиеттерді дамытуға болады.

Егер холерикте флегматикке қарағанда іс-әрекеттің шапшаңдығын калыптастыру жеңіл болса, флегматикте холерикке қарағанда ұстамдылықты, салқынқандылықты, салмақтылықты калыптастыру оңай.

Сангвиниктің сезімталдылығы, өмірге икемділігі, жылдамдығы, флегматиктін асықпайтындығы, сабырлы, салмақтылығы, холериктің жігерлілігі мен энергиясы, меланхоликтің сезімінің тұрақтылығы, тереңдігі — оның барлығы темпераменттің жағымды сапалары.

Сонымен катар кез-келген темпераментте жағымсыз қасиеттердің дамуына қауіп баршылык. Белгілі жағдайда сангвинникалық темперамент әр нәрсемен айналысуға дайын тұрады. Флегматиктің кемшілігі баяу қозғалатындығы, холерик — ұстамсыз, айтайын дегенім бетің бар, жүзің бар демейді, айтъш тастайды, меланхолик өз жеке басының көңіл-күйі жабырқау, өте тұйық, ұжымнан бөлек оқшау ұстайды, адамдармен қарым-қатынасы жоқ, өзімен-өзі жүреді.

Қазір өмірде жиі кездесетін темпераменттің 4 түрінің өкілдеріне психологиялық сипаттама беру үшін өмірден мынадай мысал келтіруге болады:

Төрт түрлі темпераменттің типі айқын аңғарылатын өкілдері — төрт дос театрға кешігіп қалады. Осындай ахуалда олар өздерін қалай үстады?

Холерик бірден бақылаушымен қарсыласып, өз орнына отыруға әрекет етті. Ол театрдың сағаты алда деп, ешкімге кесел келтірмейтіндігін, өз орнына барып отыратындығын дәледемек болады.

Сангвиник партнерге жібермейтінін бірден түсініп, жоғары қатардан залға кіру оңай деп, баспалдақтар арқылы жоғарыға шығып, кетті.

Флегматик залға жібермейтініне көзі жеткеннен кейін "Бірінші бөлім әр уақытта да қызықсыз, үзіліске дейін буфетке бара тұрайын" — деген шешімге келеді.

Меланхолик: "Маған әруақытта да сәті түспейді, театрға өмірімде бір шыққаным еді, ол да сәтсіз болды" — деп, үйіне қайтып кетіпті.

5. Темпераментті қалыптастыру және тәрбиелеу.

Темпераменттің ерекше қарапайым, табиғи көрінуін біз балалық шақта байқаймыз. Бала өскен сайын оның сыртқы ортамен қарым-қатынасы күрделене түседі, демек, бұл дүниенің әсерін соғұрлым ол сезіне түседі.

Жүйке қызметінің типтерін және темпераменттермен жүргізілген зерттеулер олардың өте ерте аңғарылатындығын дәлелдеді (Н.И.Красногорский және басқалар). Мысалы, Е.П.Ересь шәкірттердің темпераментін зерттей отырып, III сыныптың шәкірттерін (10-11 жаста) алады және солардың ішінде анық байқалатын барлық темпераменттің түрлерін табады. Оған психолог И.В.Страховтың зерттеулерінін мәліметтері дәлел бола алады. Зерттеуге алынған 39 шәкірттің 33-і темпераменттің анық байқалатын белгілерімен, аралас белгілері — 6 адам. Таза сангвинниктер ~ 9, холериктер — 10, флегматиктер — 9, меланхоликтер — 5.

Жүргізілген зерттеулер көрсеткендей, темпераменттің анык байқалуы "таза" түрінде алғашкы балалық шақта аңғарылады.

Адамның динамикалық белгілері мінез-құлқының тек сыртқы келбетінде, тек қозғалыстарында байқалып қана қоймайды, сонымен қатар ақыл-ой саласында, талпынуда, жалпы жұмысқа кабілеттілігінде аңғарылады. Темпераменттің белгілері оқу үрдісіне және еңбек іс-әрекетіне әсер етеді. Егер психолог ғалымдар жүргізген темпераменттің психологиялық сипаттамаларын бағалайтын болсақ, әрбір темпераменттің ұнамды сапаларымен қатар ұнамсыз сапалары да кездеседі.

Мысалы, сангвиник эмоциялық көңіл-күйі көтеріңкі, жұмысқа жақсы қабілеттілігімен ерекшеленеді, бірақ қозуы тұрақсыз, сонымен қатар зейіні де тұрақсыз келеді. Меланхоликтің жұмысқа қабілеті жеткіліксіз, бірақ өте нәзік, сезімтал адам, өте сақ, алды-артын байқап, іс-әрекетке кіріседі. Сонымен , "жақсы" және "жаман" темперамент деген болмайды, әрбір темперамент бір жағдайда жағымды және екінші жағдайда жағымсыз болуы мүмкін. Ол адамның әлеуметтік құндылығын анықтай алмайды, темпераментке адамның бейімділігі, козқарасы және сенімі, қызығуы байланысты емес.

Өткен ұлы адамдардың арасында әртүрлі темпераменттің өкілдері кездеседі. А.В.Суворов және А.И.Герцен сангвиникалық темпераменттің өкілдері, Петр I жонс И.П.Павлов - холериктер, Н.В.Гоголь жоне П.И.Чайковский - меланхоликтер, ал М.И.Кутузов жэне И.А.Крылов флегматикалык темпераменттің өкілдері болды. Қазіргі біздің замаңдастарымыздың арасында аты әлемге белгілі спортшылар, космонавт-ұшқыштар, еңбек озаттары, ғұлама ғалымдар, қоғам қайраткерлері — әртүрлі темпераменттің өкілдері.

Жеке тұлғаның жағымды сапалары күшті және әлсіз жүйке жүйесі жағдайында да байкалуы мүмкін, әрбір адамның өзіне тән даралық ерекшеліктері болады.

Оқыту және тәрбие жоғары жүйке кызметінің түрлерінің кемшіліктерін болдырмауға көмектесуі мүмкін, мінез-құлықтың үйреншікті түрлерін қалыптастыра отырып, адамның өмір сүруі үшін жағымды жағдай жасайды.

Темперамент сырттан әсер еткен ықпалдардың, тәрбие жұмыстарының әсерімен өзгереді, соның негізінде балалардың бойында кажетті, құнды мінез-құлық сапалары қалыптасады. Мұғалім сыныптағы балалардың әрқайсысының типологиялық ерекшеліктерін жақсы білуі қажет. Әрбір шәкірттің темпераментін біле отырып, оның бойындағы оқуға кедергі келтіретін жағымсыз мінез-құлқындағы кемшіліктерді жоюға бағытталуы қажет, әрбір шәкірттің іс-әрекетін ұйымдастыруда осыны ескеріп отырған жөн. Мұғалім кез-келген темпераменттің өкілдері бола алады. Ол өз темпераментінің егер жағымды жақтарын орынды пайдалана және жағымсыз жақтарын жеңе білуі қажет. Мысалы, холерикалық темпераменттегі мұғалім өзінің темпераментінің жағымды жақтарын, атап айтқанда, белсенділік, жігерлілік сияқты сапаларын орынды пайдаланғаны және ұшқалақтық, аффектілік сияқты жағымсыз сапаларды тежеп отырғаны ұүрыс болар еді. Мұғалім, тәрбиеші меланхоликалық темпераменттегі шәкіртке белсенді көп әрекет етуге, белсенділігін арттыруға мүмкіншілік жасауы қажет. Осындай оқушылардан жиі-жиі сабақ сұрап, олардың белсенділігін арттыратын тапсырмалар беріп, ерекше назарда ұстау керек. Меланхолик — шәкірттер әлсіз типтің өкілдері. Сондықтан да осы ерекшеліктерін ескере отырып, оларға шамадан тыс тапсырма беріп, шаршатуға болмайды.

Психолог-ғалымдардың зерттеулері көрсеткендей, меланхолик темпераменттегі шәкірттер оку және еңбек іс-әрекеттері үрдісінде күшті жүйке қызметінің түріне тән кейбір сапаларды меңгергендігін білуге болады.