Смагулова Г.М., 6 страница

1995 жылы Бангкоктегі АСЕАН-ның бесінші саммитінде үлкен экономикалық интеграция үшін күн тәртібі қабылданды, оған сәйкес АСЕАН Еркін Сауда Аймағын құру мерзімі бастапқы 15 жылдық кезеңнен 10 жылға қысқартылды.

1997 жылы АСЕАН лидерлері аймақта терең экономикалық интеграцияға қол жеткізуді мақсат еткен «АСЕАН VISION 2020» («АСЕАН-ның 2020 жылғы көрінісі) қабылдады. Бұл құжаттың мәні – дамуы тұрақты, гүлденген, бәсекеге қабілеттілігі жоғары АСЕАН экономикалық аймағын құру болды. Осы экономикалық аймақта тауарлардың, қызметтердің, инвестициялардың, капиталдың еркін айналымы қамтамасыз етіліп, кедейшілік пен әлеуметтік-экономикалық теңсіздіктердің төмен деңгейі сақталуы тиіс. 1998 жылы қабылданған Ханой іс-шаралар жоспары осы «АСЕАН VISION 2020» жоспарын жүзеге асыруда алғашқы қадам болды.

АСЕАН ынтымақтастығы терең аймақтық интеграцияға алып келді. АСЕАН еркін сауда аймағын құрғаннан кейін үш жылда мемлекеттер арасындағы экспорт 1993 жылы-43,26 млрд АҚШ долларынан 1996 жылы-80 млрд АҚШ долларына дейін өсті, ал жылдық орташа өсім көрсеткіші 28,3 % құрады. Сонымен қатар АСЕАН-ның жалпы саудасындағы аймақ ішілік сауда үлесі 20 %-дан 25%-ға өскен. АСЕАН-ға мүше елдерден келген туристер аймақтағы туризмнің маңызды үлесін құрады. 1996 жылы АСЕАН-ға келген 28,6 млн туристердің 11,2 млн немесе 40% сол АСЕАН-ның өз мемлекеттерінен болды.

Бүгінгі күні АСЕАН экономикалық ынтымақтастығы төмендегі салаларды қамтып отыр: сауда, инвестициялар, өнеркәсіп, қызметтер сферасы, қаржы, ауыл шаруашылығы, орман шаруашылығы, энергетика саласы, транспорт пен коммуникациялар, интеллектуалды мүлік, жоғары технологиялар, кіші және орташа бизнес, туризм.

Мүше елдердің экономикалық даму көрсеткіштерінің әр түрлі болуы, Индонезия, Малайзия, Таиланд және Филиппины экономикаларының шикізаттық сипатта болуы, өнеркәсіптік құрылымның нашар дамуы, жұмыс күшінің төмен мобильділігі, ұлттық жеке кәсіпкерліктің әлсіздігі, үлкен капитал салымдары үшін ресурстардың жеткіліксіздігі АСЕАН елдерінің аймақтық экономикалық интеграция жолында әуел бастан кездескен басты қиындықтар болды. БҰҰ-ның сарапшылары аймақтық кәсіпорындарды бірлесе құру инициативасына басым көңіл бөлумен шектелді. Бірақ, олар бұл міндетті орындауда нақты мүмкіндіктерді асыра бағалады. Интеграцияның комплексті нарықтық жолдарынан бас тартып, баяндама авторлары жоспарлы түрде импортты алмастыру жобаларын ұсынды. Іс жүзінде шетел капиталының маңызына және осы мәселеге деген АСЕАН елдерінің ортақ саясат жүргізу қажеттілігіне мүлдем көңіл бөлінбеді.

ХХ ғ. 70-ші жылдардың ортасы АСЕАН-ның дамуында елеулі кезең болды. 1976 жылы Бали аралында АСЕАН-ның мемлекеттік және үкімет басшыларының алғашқы жиналыс өтті. Онда қабылданған «АСЕАН келісімінің Декларациясы» және «Оңтүстік-Шығыс Азиядағы достық пен ынтымақтастық түралы Келісімде» бірлестіктің саяси статусы, терең саяси ынтымақтастыққа бару қажеттілігі ресми түрде мойындалды [45, Б.93-94]. Сонымен қатар экономикалық ынтымақтастықты нығайту мәселелері алдыңғы орынға шығып, оны ынталандыруға бағытталған іс-шаралар бағдарламасы белгіленді. Ұйымның құрылымын дамыту, яғни орталық секретариат құру, экономикалық министрлер кездесуінің мәртебесін көтеру, экономикалық мәселелер бойынша жаңадан бес тұрақты комитет құруға шешім қабылданды.

Үндіқытай халықтарының ұлт-азаттық қозғалысы жеңіске жетіп, социалистік Вьетнам құрылғаннан кейін аймақтағы саяси жағдайдың өзгеруі нәтижесінде 70-ші жылдардың ортасында тұрақтылықты қамтамасыз ету мәселесі өзекті болды. 1976 жылы қол қойылған АСЕАН-ның бағдарламалық құжатындағы экономикалық ынтымақтастықты ынталандыру туралы положение АСЕАН-ның тек саяси ғана емес, экономикалық та саласындағы басты ресми концепциясына айналған «ұлттық және аймақтық қарсы тұру» концепциясында өз қолданысын тапты. «Ұлттық және аймақтық қарсы тұру» ұғымын нақтылай келе, сол кездегі Индонезияның президенті Сухарто АСЕАН-ның бірінші кездесуінде сөйлеген сөзінде: «Біздер-дамушы мемлекеттер үшін экономикалық қарсы тұрудың маңызы зор, оған көп көңіл бөлу керек және ол бірлескен нақты іс-әрекеттерді қажет етеді»,- деді. Сингапурдың бұрынғы премьер-министрі Ли Куан Ю-дың ойынша: «Басты мәселе-әлеуметтік және саяси проблемаларды шешу үшін экономикалық дамуды ынталандыру арқылы тұрақтылықты қамтамасыз ету! Әйтпесе, өсіп келе жатқан наразылық кез-келген елеусіз қызметті нағыз төңкеріске айналдырады».

Алайда, тек сыртқы саяси сипаттағы факторлар ғана емес, сонымен қатар 70-ші жылдардың ортасындағы АСЕАН елдерінің қарқынды өнеркәсіптік экспортына қарсы бағытталған «жаңа протекционизмнің» таралуы 70-ші жылдардың ортасында оларды экономикалық ынтымақтастықты жеделдетуге итермеледі.

АСЕАН-ның Балиде қабылданған «АСЕАН келісімінің Декларациясында» белгіленген экономикалық ынтымақтастық бағдарламасы өзара шаруашылық байланыстарды ынталандырудың төмендегідей негізгі бағыттарын көздеді:

1. Шикізат тауарларымен, негізінен азық-түлік және энергоресурстарымен қамтамасыз ету екі басты салада: а) Ассоциациядағы партнерлерді дефицитті шикізат тауарларымен (мұңай, күріш – ішкі аймақтық шикізат саудасының басты тауарлары) қамтамасыз ету; б) аймақтың кейбір елдерінде шикізат тауарларының бірқатарын (бәрінен бұрын энергетикалық шикізат пен азық-түлік) өндіру үшін күш жұмылдыру;

2. Өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастық-маңызды тауарларға деген аймақтық қажеттіліктерді қанағаттандыратын үлкен масштабты кәсіпорындарды құру; оның ішінде жергілікті шикізатпен жұмыс істейтін, жұмыспен қамтамасыз етуге және шетел капиталының көбеюіне жағдай жасайтын кәсіпорындарға басымдылықберіледі.

3. Сауда саласындағы ынтымақтастық өнеркәсіптің жаңа салаларының дамуына, жекелеген елдің және жалпы аймақтық сауда құрылымының рационализациясына, шетел инвестицияларының артуына жағдай жасауы тиіс. Ассоциация мүшелерінің бір дауыспен қолдаған жағдайында преференциалды сауда келісімдерін қабылдау-басты ұзақ мерзімді мақсат болып жарияланды.

4. Әлемдік нарықта бірдей сыртқы экономикалық саясат жүргізу: а) халықаралық сауданы қайта құру, валюталық жүйені реформалау мәселелері бойынша бірдей позицияны ұстану; б) аймақтық сұранысқа ие тауарлардың бағаларын тұрақтандыру туралы тауарлық келісімдерді қабылдау;

Ассоциация елдерінің өнеркәсіп бұйымдарының қарқынды экспорты (1970-1975 жылдардағы экспортта өнделген өнімнің үлесі Филиппиныда 8 %-дан 15 %-ға дейін, Сингапурда 28%-дан 38%-ға дейін, Малайзияда 6%- дан 16%-ға дейін, Таиландта 4%-дан 14%-ға дейін өскен) 70-ші жылдардың ортасынан бастап «жаңа индустриалды елдердің» әлемдік нарыққа дайын бұйымдарды экспорттауда қол жеткізген жетістіктердің салдарынан болған «жаңа протекционизмнің» қуатты толқынына тап болды. Дегенмен де АСЕАН мемлекеттері үшін өнеркәсіп бұйымдарының экспортының маңызы жоғалған жоқ, олар өнеркәсіптік экспортты қолдау саясатын жүргізуді жалғастырды.

1976 жылы «АСЕАН Келісімінің Декларациясын» дайындау кезеңінде болашақ аймақтық ынтымақтастықтың түрлерін талқылау барысында Сингапур премьер-министрі Ли Куан Ю өзара саудада барлық шектеулерді жою керек деді және оның ойынша бұл мақсатқа 7-10 жылдың ішінде қол жеткізуге болады. Алайда алғашқы болып Сингапур қолдаған еркін сауда аймағын құру идеясы бірден іске аспаса да, Бали Саммитінде сауда либерализациясы арқылы аймақ ішіндегі экономикалық байланыстарды ынталандыру принципі мойындалды. Осылайша өзара қызығушылық туғызатын жекелеген тауарларға преференциалды тарифтерді енгізу туралы келісімдерді дайындау АСЕАН-ның ұзақ мерзімді мақсаты ретінде алға қойылды.

70-ші жылдарда өнеркәсіптің экспортқа бағытталған салаларын қолдау саясаты АСЕАН елдерінің барлығына тән болды. Нәтижесінде АСЕАН-ның жалпы экспортында өнеркәсіптік тауарлардың үлесі 1970 жылы 10,6 %-дан 1980 жылы 21.8%-ға артуына алып келді. 70-ші жылдардың ортасында АСЕАН-ның Сингапурдан басқа мүшелері өздерінің өнеркәсіптік бұйымдарын экспорттауда алғашқы қадам жасаса да, әлемдік нарықтағы бәсекелестік пен дамыған елдердің протекционистік саясатының күшеюі жағдайындағы АСЕАН елдерінің экспорттық потенциалы олардың аймақтық нарыққа деген қызығушылығын арттырған маңызды фактор болды.

1977 жылы 4-5 тамызда Куала-Лампурде өткен АСЕАН-ның екінші кездесуінде үшінші елдерге қатысты бірдей саясатты ұстану мәселелері қарастырылды. Ал Сингапурда орналасқан Оңтүстік-Шығыс Азияның Зерттеу Институтының экономикалық ынтымақтастық бойынша зерттеуші тобы ұсынған АСЕАН сауда зонасын құру идеясы он жылдың ішінде Индонезия, Малайзия, Таиланд және Филиппины арасында кедендік одақ құруды, содан кейін осы одақ пен Сингапурдың еркін сауда аймағын құруды ойластырды. Уақыт өте келе осылайша құрылған АСЕАН-ның сауда аймағына жекелеген келісім негізінде Брунейдің де қосылуы қарастырылды. Неміс экономисі Ханс Ригердің басшылығымен дайындалған осы концепция 1986 жылы қазанда Куала-Лампурде өткен конференцияда және 1987 жылы Сингапурде АСЕАН ынтымақтастығының мәселелеріне арналған «Болашақтың міндеттері» атты арнайы коллоквиумда талқыланды.

Дегенмен АСЕАН-ның сауда-өнеркәсіп палатасының ұсынысы АСЕАН үшін ең қолайлы деп табылды. Эксперттер тобымен дайындалған «АСЕАН: жол алға» деген баяндама 1987 жылы маусымда қолдау тауып, 1987 жылы желтоқсанда Манилада өткен АСЕАН елдерінің үшінші кездесуінде қабылданған шешімдердің негіздеріне алынды.

Филиппиныдағы саяси жағдайдың тұрақсыздығына қарамастан, Сабахқа байланысты Малайзия мен Филиппины арасындағы шиеленістерге қарамастан, Оңтүстік-Шығыс Азияда ядролық қарусыз зона құру мәселесіне қатысты арандатушылықтарға қарамастан, АСЕАН территориясында американдық әскери базалардың болуына қарамастан АСЕАН-ның мемлекет және үкімет басшылары тағы да ниеттестік танытып 1987 жылы 14-15 желтоқсанда Манилада үшінші рет кездесті. Осы кездесудің басты саяси құжаттары «Манила Декларациясы-1987» және экономикалық ынтымақтастыққа қатысты төрт негізгі келісімге қол қою үшін оларға небары 18 минут уақыт қажет болды.

Манила декларациясы АСЕАН елдерінің аймақтық саяси бірлікті сақтап қалуға деген талпыныстарын тағы да көрсетті. Мұнда саяси қарым-қатынастардағы барлық шиеленісті мәселелердің компромисті шешімі табылды: Оңтүстік-Шығыс Азияда ядролық қарусыз зона құруға дайындық және комбоджалық проблеманы саяси жолдармен шешу қажеттілігі мәлімденді.

Экономикалық ынтымақтастықтың Манила бағдарламасы төрт негізгі құжаттан тұрды:

1. АСЕАН елдеріндегі шетелдік жеке меншік капиталының қызметінің кепілдіктері туралы;

2. преференциалды сауда аймағын кеңейту туралы;

3. жеке меншік сектордағы АСЕАН-ның бірлескен өнеркәсіп компанияларының қызметін ынталандыру туралы;

4. тарифтік емес кедендік шектеулерді жою туралы.

АСЕАН елдерінің арасындағы экономикалық ынтымақтастықтың нақты бағыттарын саралай келе, АСЕАН дәл сауда либерализациясында зор жетістіктерге қол жеткізді деген қорытынды жасауға болады. 1992 жылы Сингапур саммитінде мүше елдер АСЕАН еркін сауда аймағы туралы келісімге қол қойып, осы құжатқа сәйкес АСЕАН елдері 15 жылдың ішінде біртіндеп ішкі тарифтерді 0-5 % деңгейіне дейін кемітуге тиіс еді. Нәтижесінде АСЕАН «алтылығы» (Сингапур, Таиланд, Филиппины, Малайзия, Индонезия, Бруней) Үшін бұл мерзім 2003 жылға, кейін 2002 жылға ауыстырылды.Ал АСЕАН-ның жаңа мүшелері болса, осы ұйымға кіргеннен бастап он жыл ішінде өз тарифтерін 0-5 % деңгейіне дейін төмендетуге міндеттенді. 1999 жылы Ассоциация мүшелері АСЕАН «алтылығы» үшін 2015 жылға қарай, ал АСЕАН-ның жаңа мүшелері үшін 2018 жылға қарай ішкі аймақтық саудаға тарифтерді мүлдем жоюға келісті.

Дегенмен тарифтерді кеміту ішкі аймақтық сауда үлесінің артуына елеулі әсер еткен жоқ: 1970 жылы ішкі аймақтық сауда үлесі АСЕАН елдерінің жалпы сыртқы саудасының 17,8 % құраса, 1990 жылы тек 18 %, 1999 жылы 22,5 % құрады. Алайда ішкі аймақтық сауда үлесінің артуы үшінші елдермен сауда үлесінің кемуімен қатар жүреді, ал АСЕАН мемлекеттерінің экономикасы ашық, әрі экспортқа бағытталғандықтан, ішкі аймақтық сауда үлесін арттыру АСЕАН елдерінің көңілінен шыға бермейді. Шетелдік зерттеулер көрсеткендей, егер АСЕАН ішіндегі кедендік тарифтер толығымен жойылса, мүше-елдердің жалпы ішкі өнімі 1%-дан артық өзгермейді, яғни 1%-ға артады немесе кемиді. Бірақ ішкі аймақтық сауда либерализациясының АСЕАН-ға тигізетін пайдасының зор болатаны сөзсіз: ол мүше-елдер шаруашылықтарының құрылымын оптимизациялауға, бірлестік шеңберінде экономикалық өзара байланыстарды нығайтуға, еңбек бөлінісін тереңдетуге, өндіріс пен капиталды шоғырландыруға мүмкіндік береді.

АСЕАН-дағы ішкі аймақтық сауда либерализациясы ішкі аймақтық сауда үлесін арттыруға ғана емес, аймақтық ресурстарды тиімді үлестіруге және мемлекеттер арасында жартылай дайын өнімдердің айырбасын арзандатуға бағытталған. Бұл өз алдына АСЕАН экспортының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға әкеледі.

АСЕАН-ның экономикалық ынтымақтастығының ең алғашқы кезінен-ақ экономиканы индустриализациялау мен импортты алмастырушы өндірісті дамыту қажеттілігін есепке ала отырып, өнеркәсіптік кооперацияға үлкен мән берілді. Алайда АСЕАН-ның әр елінде мемлекеттік негізде ірі өнеркәсіптік объектілерді және бірін-бірі толықтырып отыратын кәсіпорындарды салуды ойластырған алғашқы жобалар іс жузінде іске аспай қалды. Бұған Ассоциация мүшелері үшін аймақтық мүддеден гөрі ұлттық мүдделердің артық болуы, мүше-елдер арасында теке-тірестіктің болуы, сол жобалардың қолайсыз болуы себеп болды. АСЕАН-ның өнеркәсіптік ынтымақтастығы бірте-бірте мемлекеттің жетекші рөлінен жеке меншік сектор мен ынтымақтастықты реттеудің нарықтық жолдарына көшті. Бүгінгі күні іске асып отырған AICO (ASEAN Industrial Cooperation) жобасы АСЕАН елдерінің жеке меншік кәсіпорындары арасында өнеркәсіптік кооперацияны ынталандыруға және шетелдік инвесторларды тартуға бағытталған. Мұнда шетел инвесторларына 0-ден 5 %-ға дейін льготалық кедендік тарифтер беріледі, сонымен қатар қолданатын шикізат пен дайын өнімді автоматты түрде сертификациялау сияқты жағдайлар жасалады. 2000 жылы АІСО жобасы бойынша берілген тапсырмалар саны 89-ға дейін артып, олардың 52 қолдау тапты. АСЕАН мамандарының есептеулері бойынша қолдау тапқан жобалардың айналымы жыл сайын 534 млн АҚШ долларын құрайды. Алайда, АСЕАН еркін сауда аймағын құрғаннан кейін АІСО жобасының басты артықшылығы-льготалық кедендік тарифтерді беру өз маңыздылығын жоғалтады. Сондықтан да осы жағдай өнеркәсіптік ынтымақтастықтың жаңа ынталандыру жолдарын іздеуге мәжбүр етеді.

Бүкіл әлемдік деңгейде кедендік тарифтердің кемуі жағдайында мүше-елдер үшін АСЕАН еркін сауда аймағының артықшылықтары азаяды және өнеркәсіптік ынтымақтастық бірте-бірте жеке меншік сектор саласына көшеді. Бұл АСЕАН елдерінің экономикалық ынтымақтастығына тән сипаттар болып табылады. АСЕАН-ның ғаламдық бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатымен қызметтер саудасының либерализациясы, транспорттық және ақпараттық инфрақұрылымды дамыту, кедендік ынтымақтастық, инвестициялық климатты жақсарту, стандарттарды унификациялау және туризмді дамыту экономикалық интеграцияның жаңа басым бағыттарына айналды.

Қазіргі кезде АСЕАН-да ақпараттық инфрақұрылымды дамытуға, сонымен бірге Ассоциация елдерінің арасында қоғамдық және экономикалық қарым-қатынастардың барлық сфераларына ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың өнімдерін енгізуге көп көңіл бөлініп отыр. «Электронды АСЕАН» бойынша жасалған келісімде төмендегідей міндеттер қойылған:

· АСЕАН-ның ақпараттық инфрақұрылымын жасау;

· Электронды коммерция айналымдарын арттыру;

· Үш кезеңнің ішінде ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың өнімдерінің саудасына тарифтік емес шектеулерді жою: біріншісі-2003 жылы 1 қаңтарда, екіншісі-2004 жылдың басында, үшіншісі-2005 жылы 1 қаңтарда күшіне енді.

· Ақпараттық-коммуникациялық технологияларды жалпы қолданыста және АСЕАН елдерінің үкіметтерінің қызметінде қолдану;

АСЕАН басшыларының сенімі бойынша ақпараттық технологиялар экономикалық ынтымақтастықты жаһандану талаптарына сай жаңа сапаға өтуіне зор үлесін тигізеді. Сондықтан АСЕАН елдері арасындағы «сандық алшақтықтың» алдын алу мәселесі, яғни мүше-елдердегі ақпараттық технологияларды пайдалану деңгейіндегі өзгешеліктер АСЕАН үшін өз маңыздылығын әлі де жоғалтқан жоқ.

1997 жылғы дағдарыстан кейін қаржылық саладағы ынтымақтастық ерекше маңызды болды. АСЕАН бақылаушы процесінің (ASEAN Surveillance Process) шеңберінде қаржылық және банк жүйесінің реформалары жүргізіліп, корпоративті басқару күшейтілді, мүше-елдердің фискалды және монетарлы саясаты реттелді. 2001 жылы АСЕАН елдерінің қаржы министрліктері фондовый нарық туралы заңдарды унификациялауға қатысты жұмысты бастады.

1995 жылы Бангкокте өткен АСЕАН саммитінде қызметтер саудасы бойынша АСЕАН келісімі қабылданды. Оған сәйкес Ассоциация мүшелері телекоммуникация, туризм, қаржылық және кәсіби қызметтер, құрылыс, теңіз және әуе тасымалдары сияқты қызмет салаларында либерализация жүргізуге міндетті болды. Либерализацияның бірінші кезеңі 1999-2001 жылдарға жоспарланып, 2020 жылға қарай қызметтер саудасына қатысты шектеулер толық жойылуы тиіс.

Транспорттық жүйенің дамуы АСЕАН интеграциялық үрдісі үшін аса маңызды. АСЕАН-мен жүзеге асырылып отырған басты транспорттық жобалардың бірі-жалпы асеандық транспорттық желісі 1987 жылдан бастап дайындалып, бүгінгі күнде осы жобаның жартысы, яғни жалпы ұзындығы 38400 км болатын 23 автомагистраль салынған. Ендігі кезекте Сингапур-Кунминг (Қытай) темір жолын салу жоспарланып отыр.

АСЕАН-дағы кедендік ынтымақтастықтың мақсаты-кедендік процедураларды жеңілдету, жалпы кедендік қызметтердің сапасын жоғарлату болып табылады. АСЕАН кедендік саладағы әлемдік лидерлер – Еуропалық Одақ пен Жапонияға теңесуге тырысады. Аталған елдерде жүктердің 90-95% «жасыл коридор» арқылы кеденнен өтеді, ал сол тексеру, бағалау, тіркеу сияқты жұмыстың бәрі тек 1-2 сағат уақыт алады. Ал АСЕАН болса өз алдына кедендік қызметтерді Дүниежүзілік Сауда Ұйымының стандарттары бойынша жүзеге асыру міндетін қойып отыр.

АСЕАН-ның дамыған елдері мен Камбоджа, Лаос, Мьянма және Вьетнам сияқты жаңа мүшелерінің арасындағы экономикалық даму деңгейіндегі алшықтықтың алдын алу мақсатында «АСЕАН Меконг бассейні ынтымақтастығының дамуы» бағдарламасы қабылданып, АСЕАН осы елдерге нарықтық экономикаға көшуге, сауда және инвестициялық саясатты айқындауға, сонымен қатар автомибиль жасау, тұсмыстық электроника өндірісі, туризм, қаржылық жүйе, транспорт, телекоммуникация, текстиль және жеңіл өнеркәсіпті дамытуға үнемі көмек көрсетіп отыр .

АСЕАН-ның ресми орталарында кедендік одақ құру және бірыңғай валютаны енгізу мүмкіндіктерін жоққа шығармайды, бірақ бұл сұрақтар әлі де үкімет аралық деңгейде талқыланбай отыр. Қазіргі кезде орташа сыртқы кедендік тарифтер Сингапурде 0,1%-дан Таиландта 43,2%-ға дейін ерекшеленіп отыр. Сондықтан даму деңгейі жағынан және тарифтік құрылымы жағынан бір-бірінен ерекшеленетін АСЕАН мүшелері арасында кедендік одақтың құрылуы жақын арада іске аса қоймас. Бірыңғай сыртқы тарифтерді енгізу тарифтері төмен елдерге де,тарифтері жоғары елдерге де жағымсыз әсер етеді. Сондықтан АСЕАН елдері сыртқы кедендік тарифтерді ішкі аймақтық сауда тарифтерімен қоса индивидуалды түрде азайту керек.

1980-1990 жылдары АСЕАН елдерінде тікелей шетелдік инвестициялардың ағымы едәуір қысқарды. АСЕАН капиталының басты экспорттаушылары – жапондық және американдық корпорациялары өз таңдауларын Қытай мен Оңтүстік Кореяға берді. Инвестициялық сарапшылардың ойынша АСЕАН елдеріндегі экономикалық және саяси тұрақтылықтың бұлыңғыр болашағы инвесторлардың өз көңілдерін шығыс азиялық көршілерге тоқтатуына себеп болды. Сондықтан АСЕАН шеңберінде тікелей шетелдік инвестициялар үшін қолайлы жағдай жасау үшін 1998 жылы АСЕАн елдері АСЕАН инвестициялық аймағын құру туралы келісімге қол қойды. Осылайша, бір жағынан, аймақ елдерінің арасында инвестициялық ынтымақтастықты нығайту, екінші жағынан, сырттан капиталдың ағымын арттыру жоспарланды.

Келісім тек тікелей инвестицияларға қатысты болды. Осы құжаққа сәйкес келесі мақсаттарға қол жеткізу көзделді:

· Тікелей шетелдік инвестициялар ағымын кеңейтуге мүмкіндік беретін, мүше-елдердің инвестициялық ынтымақтастығының жалпы бағдарламасын дайындау;

· 2010 жылға қарай ұлттық экономиканың барлық салаларына АСЕАН елдерінен келетін тікелей инвестицияларды тарту, ал 2020 жылға қарай әлемнің басқа елдерінен келетін тікелей инвестициялармен қамтамасыз ету;

· Инвестициялық ағымдарды реттеу мәселелері бойынша жоғары жәрежедегі ынтымақтастықтың рөлін арттыру;

· АСЕАН аймағының ішінде капитал, технологиялар, маманданған жұмыс күші мен мамандардың еркін қозғалысы үшін жағдай жасау;

1997 жылдың ортасында басталған валюталық-қаржылық дағдарыс АСЕАН елдерінің экономикалық дамуына қатты соққы берді. Ұйым мүшелерінің ұлттық валюталары девальвацияға ұшырады. Малайзиялық ринггит 40 %–ға, тайлық бат 55 %–ға, ал индонезиялық рупия 80 %–ға құнсызданды. Доллармен есептегенде халықтың пайдасы екі есе қысқарды. АСЕАН ішіндегі сауда 1996 жылы 154,3 млрд доллардан 1997 жылы 131 млрд долларға азайған. АСЕАН еркін сауда аймағының болашағына қатысты сенімсіз болжаулар айтыла бастады. Егер АСЕАН-да ұлттық эгоизм басым болса, АСЕАН еркін сауда аймағының құрылуы шешілмеген мәселе болып қалады деген көзқарастар кең тарады.



e-block;width:580px;height:400px" data-ad-client="ca-pub-1201569435861782" data-ad-slot="9319239531">