Рота бойынша кезекші

 

476. Рота бойынша сержанттардан және ерекшелік ретінде неғұрлым даярланған сарбаздардан тағайындалады. Ол рота әскери қызметшілерінің алынған белгілер мен өкімдер туралы уақтылы хабардар етілуі, күн тәртібінің нақты орындалуы және ротадағы ішкі тәртіпті сақтау жөніндегі басқа да ережелердің сақталуы, қарудың, оқ-дәрілері бар жәшіктердің, рота мүлкінің, сарбаздар мен сержантар жеке заттарының сақталуы және тәуліктік кезекшілердің қызметті дұрыс атқаруы үшін жауап береді. Рота бойынша кезекші бөлім бойынша кезекшіге және оның көмекшісіне, ал ротадағы ішкі қызмет тәртібімен рота командиріне және рота старшинасына бағынады. Оған рота бойынша тәуліктік кезекші бағынады.

Ротаның барлық сержанттары мен сарбаздары рота бойынша кезекшінің оның қызметтік міндеттерімен айқындалған талаптарын мүлтіксіз орындауы тиіс.

477. Таралым алдында рота бойынша жаңа кезекші ротаның тағайындалған тәуліктік наряд құрамын тексереді, оны қарайды және рота старшинасына таныстырады. Нұсқамадан, қараудан, міндеттерін білетінін тексергеннен және рота старшинасы практикалық сабақтар өткізгеннен кейін ол бұрынғы кезекшіден жеке құрамның болуы мен шығысы туралы мәліметтерді қабылдайды және тәуліктік нарядты таралымға апарады.

Таралымнан кейін жаңа кезекші бұрынғы кезекшімен бірге қаруды, оқ-дәрілері бар жәшіктерді және олардағы мөрлерді, тізімдеме бойынша мүлікті тексереді және қабылдайды, өрт сөндіру мен хабардар ету құралдарының болуы мен ақаусыздығын тексереді, одан кейін кезекшілер кезекшілікті қабылдау және тапсыру кітабына қолдарын қояды.

Қару дана бойынша, нөмірлері бойынша және жиынтықта қабылданады. Бұл ретте құлыптардың, күзет дабылдамасының, шкафтардың, мөрлер мен басқа да жабдықтардың дұрыстығы тексеріледі.

Кезекшілікті қабылдап, жаңа кезекші бұрынғымен бірге рота командиріне немесе оның орнындағы адамға кезекшілікті қабылдау және тапсыру туралы баянатпен келеді.

Мысалы: «Капитан мырза. Сержант Әжібаев рота бойынша кезекшілікті тапсырды». «Капитан мырза. Кіші сержант Алтаев рота бойынша кезекшілікті қабылдады».

Одан кейін рота бойынша жаңа кезекші барлық жасалған ескертулер мен таралымда бөлім бойынша кезекші берген нұсқаулар туралы, сондай-ақ кезекшілікті қабылдау кезінде анықталған ақаулар немесе кемшіліктер туралы хабарлайды.

478. Рота бойынша кезекші:

бөлімді жауынгерлік әзірліктің жоғары дәрежесіне келтіру кезінде жеке құрамды ұйқыдан тұрғызуға, рота орналасқан жерден тыс тұратын ротаның әскери қызметшілерін хабардар етуге, ротаның офицерлері мен келісімшарт бойынша әскери қызметшілері келгенге дейін бөлім бойынша кезекшінің нұсқауларын орындауға;

ротаның жауынгерлік есебін білуге;

ротада күн тәртібінің нақты орындалуын бақылауды жүзеге асыруға, белгіленген уақытта жеке құрамды жаппай ұйқыдан тұрғызуға;

ротаның орналасқан жерін және оны шақыру тәртібін, ротадағы жеке құрамның болуын, жауынгерлік кезекшіліктегілердің, жауынгерлік қызметтегілердің, нарядтағылардың, сырқаттанғандардың, бөлім орналасқан жерден сейілдемеге босатылғандардың немесе командалар құрамында жіберілгендердің санын, сондай-ақ қарудың болуын және нақты шығысын білуге;

пистолеттерден басқа қаруды рота командирінің, бөлім бойынша кезекшінің қатысуымен, ал көрсетілген лауазымды адамдардың біреуі болмаған кезде ол туралы қару мен оқ-дәрілерді беру кітабына жаза отырып, бөлім командирінің жеке рұқсатымен беруге, қаруды қабылдау кезінде оның нөмірлері мен жиынтығын тексеруге; күндізгі уақытта қару сақтауға арналған бөлмелердің кілттерін өзімен бірге алып жүруге, ал кешкі тексеруден кейін бөлім бойынша кезекшіге мөрленген пеналда сақтауға тапсыруға;

ротада қандай да бір оқиғалар және ротаның сарбаздары мен сержанттары арасындағы жарғылармен белгіленген өзара қарым-қатынас ережелерін бұзушылықтар жағдайында тәртіпке келтіруге шұғыл шаралар қабылдауға, бұл туралы бөлім бойынша кезекші мен рота командиріне немесе оның орынбасарына, ал соңғылар болмағанда рота сержантына (старшинасына) дереу баяндауға;

ротаның өрт сөндіру құралдарының және қару сақтауға арналған бөлмелерінің күзет дабылдамасының болуын және ақаусыздығын, ротадағы өрт қауіпсіздігі талаптарының орындалуын бақылауды жүзеге асыруға (шылым шегуге тек арнайы бөлінген орындарда, киім-кешекті кептіруге тек кептіретін жерлерде рұқсат етуге, пештерді жағу және шамдарды пайдалану ережелерінің орындалуын бақылауға);

өрт шыққан кезде өрт сөндіру командасын шақыруға, оны сөндіруге шаралар қолдануға және бөлім бойынша кезекші мен рота командиріне дереу баяндауға, сондай-ақ қауіп төніп тұрған үй-жайлардан жеке құрамды әкету, қару мен мүлікті шығару жөнінде шаралар қабылдауға;

бөлім бойынша кезекшінің командасы бойынша казарманың есігін тиектерге жабуға, ал әскери қызметшілерді жіберуді келушінің жеке басымен алдын ала танысқаннан кейін дабылдама қоңырауы бойынша жүзеге асыруға;

тәуліктік кезекшілерді уақтылы ауыстыруға; рота сержантының (старшинасының) бұйрығы бойынша жұмысқа тағайындалған бөлімшелер мен әртүрлі командаларды жөнелтуге, сондай-ақ барлық сырқаттанғандар мен дәрігердің қарауына жататындарды медициналық пунктке жөнелтуге;

белгіленген сағатта әскери бөлім орналасқан жерден сейілдемеге шығарылатындарды сапқа тұрғызуға, бұл туралы рота старшинасына баяндауға және оның бұйрығы бойынша оларды бөлім бойынша кезекшіге таныстыруға;

қызмет істері бойынша рота үй-жайынан кеткенде, сондай-ақ демалу уақытында өзінің міндеттерін атқаруды бос ауысымының бір тәуліктік кезекшісіне беруге;

рота старшинасынан кешкі тексеруден кейін жеке құрамның шығысы; іссапарларға кеткен командалар; сабақтардағы қару мен оқ-дәрілер туралы; болмағандар, ал өз еркімен кетіп қалғандар болған кезде, олардың тегі мен аты туралы мәлімет алуға, бұл туралы бөлім бойынша кезекшіге баяндауға.

Мысалы: «Капитан мырза. Бірінші танк ротасында кешкі тексеру өткізілді, демалыстағы екі адамды, нарядтағы үш адамды қоспағанда, барлық адамдар түгел. Рота бойынша кезекші сержант Тоқышев»;

таңертеңгі тексеруден кейін бөлім бойынша кезекшіге техникалық байланыс құралдары арқылы рота жеке құрамының болуы мен шығысы, түнде болған оқиғалар туралы баяндауға, ал сейілдемеден кешіккендер мен өз еркімен кетіп қалғандар болған кезде, олардың тізімін беруге; белгіленген уақытта сырқаттарды жазу кітабын бөлімнің медициналық пунктіне ұсынуға;

тағайындалған жинаушыларға басшылық жасауға; рота үй-жайларын мұқият жинауды және ұстауды, оларда белгіленген ауа температурасын ұстауды, үй-жайларға жарық беру, жылыту, желдету тәртібін сақтауды, шағын бөшкелерде ішетін судың және қолжуғыштарда судың болуын, сондай-ақ ротаға бекітіліп берілген аумақ учаскесін жинауды бақылауды жүзеге асыруға;

рота старшинасының нұсқауы бойынша асхана бойынша кезекшіге жауынгерлік кезекшіліктегі, жауынгерлік қызметтегі, тәуліктік нарядтағы немесе басқа да қызмет істері бойынша жоқ адамдарға тамақ қалдыруға өтінімдерді уақтылы беруге;

ротаға рота командирі және одан жоғары тікелей бастықтар, бөлім бойынша кезекші, сондай-ақ инспекциялаушы (тексеруші) адамдар келген кезде «Тік тұр» командасын беруге, оларға баяндауға және рота орналасқан жер бойынша ілесіп жүруге міндетті.

Мысалы: «Майор мырза. Менің кезекшілігім уақытында оқиғалар болған жоқ (немесе мынадай болды). Рота жауынгерлік оқ ату алаңында айналысуда. Рота бойынша кезекші сержант Тоқышев».

Басқа әскери қызметшілер жоқ кезде «Тік тұр» командасы берілмейді, тек баяндалады.

Басқа офицерлерге, келісімшарт бойынша әскери қызметшілерге баяндамайды, тек өзін таныстырады.

Мысалы: «Лейтенант мырза. Рота бойынша кезекші сержант Тоқышев».

Өз ротасынікі емес офицерлер келгенде рота бойынша кезекші, сондай-ақ оларға өзін таныстырады және оларды рота командиріне алып келеді.

Келген командирді (бастықты) рота командирі қарсы алған және оған баяндаған жағдайда бұл ретте қатысып тұрған рота бойынша кезекші баяндамайды, тек өзін таныстырады және рота командирінің нұсқауы бойынша әрекет етеді.

479. Рота бойынша кезекшіде: рота бойынша кезекшіге және тәуліктік кезекшіге нұсқаулықтар, бөлімді жауынгерлік әзірліктің жоғары дәрежесіне келтіру жағдайына және өрт қауіпсіздігі талаптары жөніндегі нұсқаулықтар, күн тәртібі; казармадан тыс тұратын әскери қызметшілердің мекенжайы, телефондары мен шақыру тәсілдері көрсетілген тізімі; жинау үшін ротаға бекітіліп берілген аумақ учаскесінің схемасы; рота қарамағындағы мүліктің тізімдемесі; таңертеңгі дене жаттығуын өткізу нұсқалары; таңертеңгі дене жаттығуы үшін киім нысандарының үлгілері; кезекшілікті қабылдау және тапсыру, қару мен оқ-дәрілерді беру (қару мен оқ-дәрілерді сақтауға арналған бөлмеде болады), сырқаттанғандарды, сейілдемеге шығатындарды жазу кітаптары; жалпыәскери жарғылар; өрт сөндіру командалары мен бөлім бойынша кезекшінің телефондарының нөмірлері; кезекшілерге (тәуліктік кезекшілерге) берілетін типтік командалар мен белгілердің тізбесі және басқа да құжаттар болуы тиіс.

480. Елді мекенде орналасқан кезде рота бойынша кезекші одан басқа, сарбаздар (матростар) мен сержанттардың (старшиналардың) рота орналасқан ауданнан шықпауын бақылауды жүзеге асырады.

 

 

Рота бойынша тәуліктік кезекші

481. Рота бойынша тәуліктік кезекші сарбаздардан тағайындалады. Ол өзінің күзетуіндегі қарудың, пистолеттері бар шкафтардың (жәшіктердің), оқ-дәрілері бар жәшіктің, рота мүлкінің және сарбаздар мен сержанттардың жеке заттарының сақталуы үшін жауап береді. Рота бойынша тәуліктік кезекші рота бойынша кезекшіге бағынады.

482. Кезекті рота бойынша тәуліктік кезекші казарма үй-жайының ішінде кіретін есіктің алдында, қару сақтауға арналған бөлмеге жақын жерде қызмет атқарады.

Ол:

рота бойынша кезекшінің рұқсатынсыз рота үй-жайынан ешқайда шықпауға; қару сақтауға арналған бөлмені ұдайы бақылауға;

үй-жайға бөтен адамдарды өткізбеуге, сондай-ақ казармадан рота бойынша кезекшінің рұқсатынсыз қаруды, оқ-дәрілерді, мүліктер мен заттарды шығаруға жол бермеуге;

рота бойынша кезекшіге ротада барлық болған оқиғалар туралы, рота әскери қызметшілері арасында жалпыәскери жарғылармен белгіленген өзара қарым-қатынас ережелерінің бұзылулары туралы, байқалған ақаулар мен өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзылулары туралы дереу баяндауға, оларды жоюға шаралар қабылдауға;

жалпы ұйқыдан тұрғызу кезінде, сондай-ақ түнде бөлімді жауынгерлік әзірліктің жоғары дәрежесіне келтіру немесе өрт жағдайында жеке құрамды оятуға, күн тәртібіне сәйкес уақтылы команда беруге;

үй-жайлардағы тазалық пен тәртіпке бақылауды жүзеге асыруға және әскери қызметшілерден оларды сақтауды талап етуге;

суық уақытта, әсіресе түнде әскери қызметшілердің үй-жайдан киінбей шығуына жол бермеуге;

әскери қызметшілердің тек осы үшін арнайы бөлінген орындарда шылым шегуін, аяқ киімі мен киімін тазалауын бақылауды жүзеге асыруға;

ротаға рота командирі және одан жоғары тікелей бастықтар мен бөлім бойынша кезекші келген кезде «Тік тұр» командасын беруге; ротаға ротаның басқа офицерлері, сондай-ақ рота сержанты және өз ротасынікі емес әскери қызметшілер келгенде кезекшіні шақыруға. Мысалы: «Рота бойынша кезекші, шығыңыз»;

кезекші жарық беру тәртібі мен ережелерін сақтауға міндетті.

Кезекті тәуліктік кезекшіге жабдығын шешуге және киімінің түймесін ағытуға тыйым салынады.

Бос ауысымның тәуліктік кезекшісі рота үй-жайларында тәртіп пен тазалықты ұстауға және рота бойынша кезекшінің рұқсатынсыз ешқайда кетпеуге, рота сарбаздары немесе сержанттары арасында жалпыәскери жарғылармен белгіленген өзара қарым-қатынас ережелері бұзылған жағдайда оған тәртіпке келтіруде көмек көрсетуге, әскери қызметшілердің тек осы үшін бөлінген орындарда шылым шегуін, аяқ киімін және киімін тазалауын бақылауды жүзеге асыруға; рота бойынша кезекшінің орнына қала отырып, оның міндеттерін орындауға міндетті.

483. Ротаны елді мекенде пәтерлерге орналастырған кезде тәуліктік кезекшілердің біреуі көшеде, рота командирі белгілеген және қолайсыз ауа райынан қорғау үшін қалқамен жабдықталған орында ешқайда кетпей тұруы тиіс.

Тәуліктік кезекші рота бойынша кезекшінің қайда екенін әр уақытта білуі тиіс және әскери қызметшілердің қоғамдық тәртіп пен әскери киім нысанын киіп жүру ережелерін сақтауын қадағалауға міндетті. Байқалған барлық бұзушылықтар туралы ол рота бойынша кезекшіге баяндайды.

 

 

Батальон (бөлімшелер) бойынша кезекші

484. Батальон (бөлімшелер) бойынша сержанттардан тағайындалады және бөлім бойынша кезекші мен оның көмекшісіне бағынады. Батальон бойынша кезекші батальондағы ішкі қызмет тәртібімен батальон командиріне, ал бөлімшелер бойынша кезекші бөлім бойынша бұйрықпен осы бөлімшелер бойынша үлкен болып тағайындалған бөлімшелердің біреуінің командиріне бағынады.

Батальон (бөлімшелер) бойынша кезекші рота бойынша кезекшінің міндеттеріне сәйкес жауапты болады және міндеттерін орындайды. Бұл ретте бөлімшелер бойынша кезекші орналасқан жерге бөлім бойынша кезекші, инспекциялаушы (тексеруші) адамдар, ішкі тәртіп бойынша ол бағынатын адамдар келгенде «Тік тұр» командасын беруге және баяндауға міндетті, бөлімшенің қалған командирлеріне ол тек баяндайды.

485. Бөлімнің қалған бөлімшелерінен жеке орналасқан батальонда батальон бойынша кезекші офицерлерден немесе келісімшарт бойынша әскери қызметшілерден тағайындалуы мүмкін. Бұл жағдайда ол бөлім бойынша кезекшінің міндеттеріне сәйкес міндеттерін орындайды.

 

________________________