туралы ілімі

Жалпы орналастыру теориясы XX ғасырда кең дамуға ие болды. Неміс ғалымы А. Лёштің «Шаруашылықты кеңістіктік ұйымдастыру» атты басты еңбегі екінші дүниежүзілік соғыс уақытында жарық көрді (1940 ж.). Сондықтан ол тек кейіннен ғана әлемдік тануға ие болды.

Аталмыш еңбекте сипатталған А. Лёштің зерттеулері үш бөлікке ие.

Біріншіден, ол 100 жыл бұрын қалыптасқан өндірісті орналастырудың барлық белгілі теорияларын жалпылайды және Й. Тюнен, А. Вебер, В. Кристаллердің барлық жеке теорияларын байланыстыра отырып, барлық бағыттар бойынша алға шығады.

Екіншіден, ол микродеңгейден (жекелеген кәсіпорындар мен тұрғылықты жерлер) экономикалық аймақтарды қалыптастыру мәселелеріне өте отырып, орналастыру теориясының пәнін кеңейтеді.

Және үшіншіден, А.Леш ілімінің биік шыңы – кеңістіктік экономикалық теңдік теориясының негіздерін өңдеу.

А. Лёш орналастыру теориясын микроэкономика құралдарының барлық түрлілігімен қанықтыра отырып, кәсіпорындарды орналастыру мен оларды үйлестіру (салықтар, баждар, монополия мен олигополия әсерлері) барысында қарастырылатын факторлар мен шарттар құрамын айтарлықтай кеңейтеді. Ол орналасқан жерді таңдау әр фирманың пайданы арттыруға ұмтылуымен ғана емес, сонымен қатар барлық нарықтық кеңістікті толықтыратын фирмалар санының артуымен де анықталатын бәсекелестік жағдайындағы фирмаларды орналастыру жағдайына талдау жасайды. Сәйкесінше, кеңістіктік баға белгілеуде жекелеген фирмалар өз нарығын өзге фирмалардың енуінен қорғау мақсатында бағаларды түзетіп отыруы тиіс.

А. Лёш экономикалық аймақты аймақаралық бәсекелестікке байланысты шекаралары бар нарық ретінде қарастырады. Аймақтың әмбебап формасы — дұрыс алты бұрыш. Ол сәйкес өнім түрлерінің бәсекеқабілетті өткізілу радиустарымен анықталатын нарықтық зоналар мен осы нарықтық зоналарды біріктіретін аймақтың жоғарғы типі болып табылатын экономикалық ландшафтты қоса алғандағы аймақтардың бірнеше типтеріне (деңгейлері) талдау жасайды.

А.Лештің басты ғылыми жетістігі – кеңістіктік экономикалық теңдік теориясының принципиалды негіздерін өңдеу.

А. Лёш әрбір экономикалық айналымы белгілі кеңістік нүктесіне байланысты болатын өндірушілер мен тұтынушылар жүйесінің нарықтық қызмет етуінің математикалық сипаттамасын береді. Тепе-теңдік моделі теңдеулерінің басты элементтері сұраныс пен шығындар функциясы болып табылады. А.Леш бойынша теңдік жағдайы келесі шарттармен сипатталады:

1) әр фирманың орны өндірушілер және тұтынушылар үшін максималды мүмкін болатын артықшылықтарға ие;

2) фирмалар территорияны толық пайдаланатындай орналасады;

3) бағалар мен шығындар теңдігі орын алады (артық табыс болмайды);

4) барлық нарықтық зоналар минималды көлемге ие (алты бұрыш формасында);

5) нарықтық ареналардың шекаралары талғамсыздық сызықтары бойымен өтіп, ол Лештің пікірі бойынша табылған теңдіктің тұрақтылығын қамтамасыз етеді.

А. Лёштің негізгі әдісі - бұл математикалық формадағы абстрактілі-теориялық талдау. А. Лёш пен көптеген экономистер әдістерінің айырмашылығын кеңістіктік экономикадағы территориялық еңбек бөлінісі сияқты маңызды феноменді түсіндіру арқылы көрсетуге болады.

 

 

2.3. В. Лаунхардтың өнеркәсіптік кәсіпорынның рационалды штандорты

Неміс ғалымы В. Лаунхардтың басты жаңалығы 1882 жылы жарияланған өнімді өткізу нарығының шикізат көздеріне қатысты жекелеген өнеркәсіптік кәсіпорынды оптималды орналастыру пунктін табу әдісі болып табылады.

Й.Тюнен сияқты В.Лаундхардт та өндірісті орналастырудың шешуші факторы ретінде тасымалдау шығындарын атап өткен. Өндірістік шығындар зерттелетін территориялардың барлық нүктелері үшін тең болып қабылданады. Кәсіпорынды оптималды орналастыру нүктесі тасымалданатын жүктер мен ара-қашықтықтың ара-қатынасына байланысты болады. Аталмыш мәселені шешу үшін В. Лаунхардт локациялық үшбұрыш әдісін өңдеген (сурет 2.1).

 

 

Сурет 2.1. В. Лаунхардтың локациялық үшбұрышы

 

Айталық, жаңа металлургиялық зауытты орналастыру пункті талап етілсін. Темір рудасын өндіру пункті белгілі — A нүктесі көмір өндіру пункті — В нүктесі және металды тұтыну пункті — С нүктесі (сурет 2.1). Тасымалдау тарифі t-ға тең (1 т/км-не). 1 т. металды ерітуге жұмсалатын руда шығындары - а; көмір шығындары — b. Сонымен қатар, пункттер арасындағы қашықтықтар да белгілі (локациялық үшбұрыштың қабырғалары): АС = S1 ; ВС = S2 ; АВ = S3.

Металлургиялық зауытты орналастырудың мүмкін болатын пункті ретінде руданы, көмірді орналастыру мен металды тұтынудың үш нүктесінің әрқайсысы алынуы мүмкін. Мұндай жағдайларда 1 т. металды тұтыну үшін барлық қажетті жүктерді тасымалдаумен байланысты шығындар төмендегіге тең болады:

 

( b S 3 + S 1 ) t — зауытты А нүктесінде орналастыру барысында;

 

( a S 3 + S 2 ) t — зауытты В нүктесінде орналастыру барысында;

 

( a S 1 + S 2 ) t — зауытты С нүктесінде орналастыру барысында.

 

Қарастырылған үш нүктелердің ішінде тасымалдау шығындары минималды болатын нүкте зауытты орналастырудың ең қолайлы пункті болады. Алайда орналастырудың бастапқы пункті локациялық үшбұрыштың бір де бір төбесіне сәйкес келмей, оның ішіндегі қандай да бір М нүктесінде орналасуы мүмкін.

Ішкі М нүктесінен үшбұрыштың төбесіне дейінгі қашықтық келесіні құрайды: AM = r 1 ВМ = r 2 СМ = r 3. Онда металлургиялық нүктені М нүктесінде орналастыру барысындағы тасымалдау шығындары келесіге тең болады: Т = ( ar 1 + br 2 + + r 3 ) t . Т > min талабын орындау кәсіпорынды оптималды орналастыру нүктесін береді.

Аталмыш жағдай геометриялық және механикалық шешімдерге ие.

Орналастыру нүктесін табудың геометриялық әдісі – локациялық үшбұрыштың әр қабырғасында бастапқыға тән үшбұрыш құрылады (қабырғаларының ара-қатынасы а : b : 1). Содан кейін осылайша құрылған үшбұрыштардың маңайында қиылысу нүктелері тасымалдау шығындарының минимум нүктесі болып табылатын нүктелер сипатталады. Аталмыш әдіс S 1 , S 2, S 3 қашықтықтарының ара-қатынасы үшбұрыш қасиетіне сәйкес келген жағдайда қолданылады (бір қабырғасы екі қабырғасының сомасынан кем). Ондай жағдай орын алмаса (мысалы, S 1 > S 2 + S 3 ), тасымалдау шығындары минимумының нүктесі локациялық үшбұрыш төбелерінің бірімен сәйкес келетін болады.

Аталмыш нүктені табудың механикалық әдісі күштер тепе-теңдігін табу әдісіне ұқсас болады. Мұнда руда, көмір мен металл салмақтары локациялық үшбұрыш төбелеріне сәйкес келетін өндірісті тартатын күштер ретінде қарастырылады. Мұндағы бастапқы нүкте – локациялық үшбұрыш төбелері арқылы өтетін үш байланысты тораптардың тепе-теңдік нүктесі. Бұл тораптарға a, b, 1 пропорционалды болып табылатын жүктер (Q a, Q b, Q c) тіркелген. В. Лаунхардтың локациялық үшбұрышы — теориялық және тәжірибелік мәселелерді шешу үшін қолданылатын экономикалық ғылымдардағы алғашқы физикалық модельдердің бірі.

Өзін-өзі бақылауға арналған сұрақтар:

1) Ғылыми пән ретінде аймақтық экономика қалыптасуының негізгі кезеңдерін атаңдар

2) Й.Тюнен, В.Лаунхардт, А.Вебердің штандорт теорияларының негізгі ережелері қандай?

3) Көптеген теориялардың ішінен А.Лештің шаруашылықты өнеркәсіптік ұйымдастыру туралы ілімі немен айрықшаланады?

ТАКЫРЫП 3. АЙМАҚ ШАРУАШЫЛЫҚ ЖҮРГІЗУ ЖӘНЕ БАСҚАРУ ОБЪЕКТІСІ РЕТІНДЕ

3.1.Аймақ ұлттық экономиканың ішкі жүйесі ретінде

3.2.Аймақтық даму негіздерінің макроэкономикалық сипаттамасы

3.3.Аймақтық еңбек бөлінісінің түрлері және деңгейлері

3.4.Аймақтық ұдайы өндіру процесінің ұғымы мен мәні

3.1.Аймақ ұлттық экономиканың ішкі жүйесі ретінде

Аймақ — өзінің құрылымы, қызметтері, сыртқы ортамен байланыстары, тарихы, мәдениеті, халықтың өмір сүру жағдайлары бар тұтастай жүйе. Оны сипаттайтындар: көлемінің үлкендігі, локальды мақсаттары бар түрлі типті өзара байланысты ішкі жүйелердің үлкен көлемі, басқарудың көп контурлығы, құрылымының иерархиялылығы, элементтердің жоғары қарқынының болуымен координациялаушы әрекеттердің кешіктірілуі, элементтер жағдайының толық анық болмауы.

Аймақтық экономиканың негізін қалаушы еңбектерде аймақ тек табиғи ресурстар мен халықты, тауарлар өндірісі мен тұтынылуын, қызмет көрсету саласын шоғырландыру объектісі ретінде ғана қарастырылып, экономикалық қатынастардың субъектісі, айрықша экономикалық мүдделердің тасымалдаушысы ретінде қарастырылмаған. Ал қазіргі уақыттағы теорияларда аймақ көп функционалды да көп аспектілі жүйе ретінде зерттеледі.

Қазіргі таңда аймақтың 4 парадигмасы неғұрлым кең тарауға ие болған:

- аймақ-квазимемлекет,

- аймақ-квазикорпорация,

- аймақ-нарық (нарықтық ареал),

- аймақ-социум.

Квазимемлекет ретінде аймақ мемлекет пен ұлттық экономиканың салыстырмалы оқшаулы ішкі жүйесін білдіреді. Көптеген елдерде осындай аймақтар бұрындары орталықтың иелігінде болған қызметтер мен қаржылық ресурстарды шоғырландырады.

Аймақтық биліктің басты қызметтерінің бірі — аймақ экономикасын реттеу. Жалпымемлекеттік және аймақтық биліктердің өзара әрекеттесуі, сонымен қатар аймақаралық экономикалық қатынастардың түрлі формалары (мысалы, экономикалық ынтымақтастықтың аймақаралық ассоциациясы шеңберінде) ұлттық экономика жүйесіндегі аймақтық экономикалардың әрекет етуін қамтамасыз етеді.

Квазикорпорация ретіндегі аймақ — бұл меншік (аймақтық) және экономикалық іс-әрекеттің ірі субъектісі. Бұл тұрғыдан аймақтар тауарлар, қызметтер мен капитал нарықтарындағы бәсекелік күрестің қатысушыларына айналады (жергілікті өнімнің сауда маркасын қорғау, неғұрлым жоғары аймақтық инвестициялық рейтинг үшін күрес және т.б.). Экономикалық субъект ретінде аймақ ұлттық және трансұлттық корпорациялармен әрекет етеді. Корпорациялардың штаб-пәтерлері мен филиалдарын орналастыру, олардың баға құру механизмдері, жұмыс орындарын ашу және салықтарды төлеуі аймақтардың экономикалық жағдайына біршама ықпал етеді. Аймақтардың экономикалық дербестігін кеңейту — нарықтық реформалардың басты бағыттарының бірі.

Белгілі шекаралары бар нарық ретіндегі аймаққа қатысты тәсілдеме түрлі тауарлар мен қызметтер, еңбек, несие-қаржылық ресурстар, құнды қағаздар, ақпарат, білімге қатысты аймақтық нарықтардың экономикалық іс-әрекеті мен ерекшеліктеріне назар аударады. Аталмыш тәсілдеме шеңберіндегі зерттеулерді кейде аймақтық нарықтану сияқты жеке ғылым саласы ретінде де бөліп қарастырады.

Аймақ теориясындағы аталған үш парадигмалар нарықтық өзін-өзі реттеу, мемлекеттік реттеу және әлеуметтік бақылаудың ара-қатынас мәселесін қамтиды.

Аймақты социум ретінде қарастыратын тәсілдеме (белгілі территорияда өмір сүретін адамдардың қоғамы) әлеуметтік өмірдің ұдайы өндірісі (халық пен еңбек ресурстарының, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, қоршаған орта және т.б.) мен орналастыру жүйесінің дамытылуын алға шығарады. Мұндағы зерттеу ерекше қызметтері және қызығушылықтары бар әлеуметтік топтар шеңберінде жүргізіледі. Аталмыш тәсілдеме экономикалық тәсілдемеден кеңірек. Ол аймақтық социумның мәдени, білім беру, медициналық, әлеуметтік-психологиялық, саяси және өзге де аспектілерін қамтиды.

Ұлттық экономиканың ішкі жүйесі ретінде аймақ реттеуші жүйелермен (орталықпен), өзге аймақтармен және сыртқы әлеммен экономикалық байланыстарға ие болады.

Аймақтар мен сыртқы әлем арасындағы қатынастар негізінен сауда-саттық сипатына ие болады (Т—А, А—Т), бірақ соңғы уақытта аймақтар несиелік ресурстар, құнды қағаздардың аймақаралық және халықаралық нарықтарының тікелей қатысушылары ретінде көзге түсуде. Егер тіпті тауарлардың сатушысы немесе сатып алушылары болып қандай да бір республикалық ұйым қарастырылса да, сәйкес сауда байланыстары аймақаралық ретінде (мысалы, әскери техниканы, азық-түлікті, стратегиялық шикізатты сатып алу және бөлу) қарастырылатынын айта кету керек. Орталық аймақтардың, ең бастысы, қаржылық саладағы байланыстардың тікелей қатысушысы ретінде қатысады: бюджетаралық трансферттер формасында, аймақтар территориясындағы республикалық бюджеттің тікелей шығындары, аймақтарға мақсатты несиелерді ұсыну, мемлекеттік құнды қағаздарды сатып алу-сату және т.б. Осындай қаржылық өзара байланыстарды реттеу (әсіресе бюджетаралық) мемлекеттік аймақтық экономикалық саясаттың басты бағыттарының бірі болып табылады.

Аймақтық шаруашылық кешен. Кез-келген аймаққа аймақтың шаруашылық (өндірістік) кешені сияқты материалды-өндірістік негізі құрайтын ішкі шаруашылық бірлік тән. Елдің ұлттық кешенінің ішкі жүйесі, бөлігі бола отырып, аймақтық шаруашылық кешен тығыз ішкі байланыстармен біріктірілетін кәсіпорындар мен салалардың қарқынды және тұрақты аймақтық немесе локальдық қалыптасатын үйлесімін білдіреді.

Аймақтық шаруашылық кешеннің табысты қызмет етуі аймақтық факторлар мен ерекшеліктерді максималды ескеруден тәуелді болады. Аймақтық экономиканың қалыптасу және қызмет ету факторлары — бұл аймақ территориясындағы өндіргіш күштердің дамуы мен орналасуын анықтайтын нақты жағдайлар жиынтығы. Факторлардың келесідей негізгі топтары болады: табиғи, экономикалық, демографиялық. Табиғи факторлар — бұл табиғи ресурстардың болуы, олардың сандық және сапалық бағалануы; климаттық жағдайлар, экологиялық жағдайлар. Экономикалық факторлар — бұл аймақтың экономико-географиялық жағдайы (дамыған аудандарға, көлік жолдарына қатысты жағдайы). Демографиялық факторлар халық санын, оның орналасуын, халықтың жасаралық құрылымын, еңбек ресурстарының санын, еңбек ресурстарының жасаралық құрылымын, еңбек ресурстарының біліктілігін қамтиды.

Осындай факторлар мен шарттардың болуы, аталмыш территориядағы олардың үйлесімділік сипаты аймақ экономикасының қалыптасуы мен дамуына тікелей ықпал етеді, аймақтың мамандануын, өндірісті басқарудың ерекшеліктерін, әлеуметтік процестерді басқару ерекшеліктерін анықтайды.

 

3.2.Аймақтық даму негіздерінің макроэкономикалық сипаттамасы

Қазақстан Республикасындағы аймақтардың макроэкономикалық ұйымдық құрылымын қарастырайық. Бір қарағанда, ол аймақтық экономика қызығушылықтарына толығымен сәйкес келетін сияқты. Кәсіпорын, ұйым, халықтан алынатын алғашқы статистикалық мәліметтер Қазақстан облыстарының статистикалық комитеттерінде жалпыланып, содан кейін ҚР статистика жөніндегі Ұлттық Агенттігінде жинақталады.

Аймақтық статистика жалпы аймақтық өнім, халық саны, оның ішінде еңбекке қабілетті адамдардың саны, жұмыссыздар мен жұмысбастылар саны, жан басына шаққандағы орташа табыс, өнеркәсіп пен ауылшаруашылық өндірісі өнімінің көлемі, құрылыстағы мердігерлік жұмыс көлемі, көліктің жүк айналымының көлемі, бөлшек тауар айналым, бөлшек бағалар индексі, негізгі капиталға салынатын инвестициялар, бюджет кірістері мен шығыстары сияқты көрсеткіштерді қамтиды.

Аймақтық статистиканы жетілдірудің басты әдістемелік бағыты – Ұлттық шоттар жүйесімен (ҰШЖ) үйлесетін аймақтық шоттар жүйесін (АШЖ) құру.

Негізінен мұнда өнімді шығару сомасы мен аралық тұтыну сомасы арасындағы айырма ретінде өндірістік әдіс бойынша анықталатын жалпы аймақтық өнімді (ЖАӨ) есептеу аса қызығушылық тудырады.

Аймақаралық байланыстарды сипаттау үшін натуралды және жалпылама құндық өлшем бірлігіндегі өнімдер мен ресурстар ағындарының көрсеткіштері қолданылады. Аймақтар арасындағы өнімнің нақты түрлерінің қозғалысын сипаттайтын натуралды көрсеткіштер неғұрлым сипатты болып табылады: шикізат ресурстары, азық-түлік, машиналар мен құрал-жабдықтар (салмақтық өлшем бірлік пен дана бойынша), сондай-ақ еңбек ресурстары (жеке тұлғалар).

Аймақаралық байланыстардың негізгі формалары болып тауарлар және қызметтермен айырбас, халық миграциясы, қаржылық және ақпараттық ағындар табылады.

Тауарлар және қызметтермен айырбасты талдаудың қарапайым әдістері өнімнің экспорты мен импорты, тауар айырбасы коэффициенттерінің көмегімен жүзеге асырылады.

Ел аймақтарының өзара байланысының неғұрлым толық бейнесін алу мақсатында құндық көріністегі салалар бойынша ағындарды сипаттайтын аймақтық дамудың жалпылама көрсеткіштері қолданылады: жалпы аймақтық өнімнің динамикасы бойынша, ақшалай ағындар динамикасы бойынша және т.б.

Аймақтар арасындағы өзара байланыстардың неғұрлым жалпы сипаттамасы үшін жалпы аймақтық өнім (ЖАӨ) деген көрсеткіш қолданылады. Ол аймақтық экономиканың резиденттері болып табылатын институционалды бірліктермен есепті кезеңде өндірілген жалпы қосылған құн сомасы ретінде анықталады. Мұнда жалпы қосылған құнды есептеу әдістемесі көбінесе республикалық деңгейде қолданылатын әдістемеге ұқсас келеді. Жалпы қосылған құн есепті кезеңде өндірілген тауарлар мен қызметтер құны және осы уақыт кезеңіндегі өндіріс процесінде тұтынылған (аралық тұтыну) тауарлар мен қызметтер құны арасындағы айырманы білдіреді.

ЖАӨ есептеу әдістемесінің ұқсастығы аймақаралық салыстыруларды жүзеге асырып, аталмыш көрсеткіш бойынша аймақтар рейтингін анықтауға мүмкіндік береді.

Жалпы аймақтық өнім көрсеткіштері (ЖАӨ) бойынша талдау бізге аймақтардың көшбасшылары мен қалыс қалушыларын анықтауға мүмкіндік беріп отыр. Мысалы, жағдайы жақсы өңірлердің жан басына шаққандағы жалпы аймақтық өнім көрсеткіші жалпыреспубликалық деңгейден екі, тіпті кей кезде төрт есе көп. Оларға өндірістік жағынан дамыған, мұнайлы облыстар жатады: Атырау және Маңғыстау облыстары, Алматы мен Астана қалалары, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Ақтөбе, Павлодар облыстары.

Ал мұндай көрсеткіштер экономикасы тұралап тұрған аймақтарда жалпыреспубликалық көрсеткішпен салыстырғанда үш есе кем. Олар: Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстары.

Салыстырмалы түрде біздегі өңірлердің 50 пайызы, яғни сегіз облыстың жан басына шаққандағы жалпыаймақтық өнім көрсеткіші жалпыреспубликалықтан әлдеқайда төмен. Яғни өңірлеріміздің тең жартысының экономикасы тұралап тұр.

Дәлірек айтсақ, 2010 жылдың бірінші жарты жылындағы Қазақстанның өндірілген жалпы аймақтық өнімінің көлемі 9 133553,0 млн.теңгені құрады. Жалпы аймақтық өнімді өндіруде жоғарғы үлесті Алматы қаласы (19,8%) иеленсе, ал төменгі үлесін Солтүстік Қазақстан облысы (1,8%) иеленіп отыр. Халықтың жан басына шаққандағы жалпы аймақтық өнім 569,6 мың теңгені құрады, оның неғұрлым жоғарғы үлестері Атырау (2 244,7 мың теңге), Маңғыстау (1 335,1 мың теңге) облыстары мен Алматы (1 287,9 мың теңге) және Астана (1 142,0 мың теңге) қалаларында байқалады.

Аймақтық статистиканың неғұрлым әлсіз учаскесі — тауарлар мен қызметтер экспорты мен импортын, сондай-ақ ақшалар миграциясын есепке алу. Өзінің толықтығы бойынша аймақаралық айырбас статистикасы аймақ экономикасының ашықтық дәрежесінің ұлттық экономиканың ашықтығына қарағанда неғұрлым жоғары болуына қарамастан, сыртқы сауда статистикасынан әлдеқайда төменде тұрады. Осының салдарынан өнім импорты мен экспортының көрсеткіштерін қамтитын тауарлар мен қызметтер шотын пайдалану көрсеткіштерінің есептелуі айтарлықтай қиындай түседі.

АШЖ құру бойынша жұмыстың дамуы аймақтық статистиканың айтылған қиындықтары мен кемшіліктерін біртіндеп жоюға мүмкіндік береді.

ҰШЖ-ң әдістемелік және ақпараттық базасының негізінде аймақ эконмикасының элементтері арасындағы өзара байланыстарды сипаттайтын жиынтық баланстар құрылады: материалдық баланстар, негізгі капитал баланстары, еңбек және табиғи ресурстар баланастары, қаржылық баланс және неғұрлым жалпы баланстар — өнімді өндіру мен бөлудің саларалық балансы, салааралық материалды-қаржылық баланс.

Елдің салааралық балансымен әдістемелік және ақпараттық тұрғыда үйлесетін аймақтық саларалық баланстарды (шығын-өндіру кестесі) өңдеудің маңызы аса зор.

Аймақ экономикасының түрлі аспектілерін талдау аймақтық даму стратегиясы мен тактикасы құрылатын объективті диагнозды анықтау мақсатымен жүзеге асырылады. Толық экономикалық диагностиканың әдістемесі айтарлықтай күрделі және әзірше стандартталмаған, сондықтан талдаудың неғұрлым кең таралған тәсілдерін қолданумен ғана шектелейік.

Аймақтық зерттеуде макроэкономикалық көрсеткіштер де қолданылады. Бұл жалпы ішкі өнім мен оның негізгі құраушылары (соның ішінде соңғы тұтыну), халық табыстары (олардың сатып алу қабілеттіктерін ескере отырып), аймақ территориясында шоғырландырылған ұлттық байлық. Даму деңгейлерін, әл-ауқат пен тиімділікті аймақаралық салыстыру үшін бұл көрсеткіштер халықтың жан басына шаққанда, бір еңбекке қабілетті немесе жұмысбасты халыққа шаққандағы есептеумен беріледі. Көрсетілген көрсеткіштерді есептеуге арналған негізгі мәліметтер салааралық баланс пен аймақтық есептеулерде қамтылады.

Аймақтық экономикалық жүйелер үшін макроэкономикалық индикаторлар кешеніне өндіріс пен ЖАӨ пайдаланылуын, бағалар деңгейінің өзгеруін (инфляция), жұмысбастылық пен инвестициялық белсенділік деңгейінің өзгеру қарқынын (банктік несие ставкасы), аймақтардың қаржы-шаруашылықтық іс-әрекетінің өзге жақтарын сипаттайтын көрсеткіштер енеді.

3.3.Аймақтық (территориялық) еңбек бөлінісінің түрлері және деңгейлері

 

Аймақтық шаруашылық кешенінің мамандануы. Белгілі пропорциялар және өзара байланыстармен сипатталатын аймақтың шаруашылық кешені салаларының жиынтығы аймақтың салалық құрылымын білдіреді. Аймақтық экономиканың салалық құрылымы және оның өзгеру қарқыны салааралық байланыстар тығыздығын, ішкі қажеттіліктерді қанағаттандырудағы аймақтың мүмкіндіктерін, территориялық еңбек бөлінісіндегі аймақтың орнын бағалауға мүмкіндік береді. Территориялық еңбек бөлінісі — бұл аймақтың кейіннен айырбастау мүмкіндігімен тауарлар мен қызметтердің белгілі түрлерін өндіруге мамандануы.

Территориялық еңбек бөлінісі көбінесе экономикалық аймақтардың өндірістік мамандануы мен аймақаралық кооперацияның күшею, мамандандырылған өнім және қызметтермен алмасу процесі ретінде, түрлі территориялардың экономикалық, әлеуметтік, табиғи, ұлттық-тарихи ерекшеліктері және олардың географиялық орналасуымен байланысты болып келетін қоғамдық еңбек бөлінісінің кеңістіктік көрінісі ретінде қарастырылады.

Белгілі территорияларға жекелеген салаларды бекіте отырып, территориялық еңбек бөлінісі кеңістіктің экономикалық игерілу дәрежесін, өндіргіш күштердің даму деңгейі мен елдің интеграциялану деңгейін көрсетеді.

Территориялық еңбек бөлінісінің процесі шаруашылық іс-әрекеттен оның алуан түрлерін бөліп шығарып, олардың территориялық оқшаулануы мен бірегей шаруашылық жүйеге байланыстырылуын қарастырады.

Территориялық еңбек бөлінісіндегі маманданудың ерекшелігі дамыту үшін қолайлы жағдайларға ие территориялық шекараларда белгілі өндірістерді шоғырландырудан тұрады. Ондай жағдайлар болып табылатындар: табиғи-шикізаттық және жанармай-энергетикалық базаның болуы; қажетті капиталмен қамтамасыз етілу; білікті жұмыс күшінің болуы; территорияның әлеуметтік-экономикалық даму деңгейі және т.б. Мысалы, ірі химиялық өндірісті орналастыру үшін өнімді өндіру 90% шығындарды құрайтын жанармай-энергетикалық және шикізаттық факторларды қажет етеді. Құрылыс материалдары өндірісінде мамандану үшін, ең алдымен, өткізу нарығын дұрыс бағалау қажет (яғни тұтыну факторы), себебі өнімді тұтынушыға жеткізу шығындарының үлес салмағы жоғары.

Жекелеген территория шеңберінде технологиялық мамандану барысында жекелеген өндірістер мен кәсіпорын жүйелері бекітіледі; заттық мамандану барысында — жекелеген кәсіпорындар бекітіледі. Мұнда кәсіпорындар табиғи, экономикалық және әлеуметтік шарттардың территориялық дифференциациясына байланысты өнімді төменгі шығындармен өндіреді. Территорияның тек өзіндік қажеттіліктерін қанағаттандыру мүмкіндігі ғана емес, сонымен қатар өзге аудандардан қажетті өнімді ала отырып, аталмыш өнімді сыртқа айырбастау мүмкіндігі де туындайды.

Маманданудың кері жағы бола отырып, территориялық кооперация территория ауқымында реттелген территорияны кешенді дамыту мен оның ресурстарын жанжақты пайдалануға бағытталған тауар өндірушілердің әрекеттерін білдіреді. Ол тиімсіз тасымалдаудың қысқаруына, жабдықтау мерзімінің азаюына ықпал етіп, өнім өндірісін арзандатады.

Өндірістерді шоғырландырудың кеңістіктік шектеулері екі жақты сипатқа ие. Біріншіден, белгілі территорияда өндірістердің шамадан тыс шоғырландырылуына ғаламдық факторлар кедергі болады: тасымалдау шығындарының деңгейі, шикізат базасының болуы; екіншіден, локальды факторлар да айтарлықтай рольге ие: шаруашылықты игеру үшін лайықты территорияның шектеулі мөлшері, кәсіпорындарды кеңейту үшін алаңдардың болмауы.

Шоғырландыру шаруашылықтың белгілі локализациялануына әкеледі, территория шеңберіндегі мақсатты қарқындарды күшейтеді, осының барлығы жағымды және жағымсыз салдарларды туындатуы мүмкін. Егер агломерациялық әсерлер қоғамдық шығындарды үнемдесе, ал шамадан тыс территориялық шоғырландыру өндіргіш күштерді орналастыруда жағымсыз салдарларға әкеліп, территория экономикасындағы баланстылықты бұзуы мүмкін. Осындай салдардың қатарына келесілерді жатқызуға болады: өңдеуші және қайта өндіруші салалар арасындағы айрымашылық, еңбек сыйымды өндірістердің еңбек ресурстарының орналастырылуынан тәуелділігі, қызмет көрсетуші және көмекші өндірістердің мамандандырылған өндірістерден артта қалуы, экологиялық теңдіктің бұзылуы және т.б.

Комбинациялау үшін территориялық шекаралармен байланыс территориялық-өндірістік бірлестік, кешен сияқты локальды территориялық-өндірістік құрылымдардың пайда болуын білдіреді. Комбинациялау бір территорияда орналасқан түрлі сала кәсіпорындары арасында технологиялық және территориялық бірліктің пайда болуына ықпал етеді, ендеше оның тұтастығын да нығайтады. Сол арқылы территориялық еңбек интеграциясы негіздерінің бірі қалыптасады.

Жалпы, шоғырландыру, мамандану, кооперациялау мен комбинациялау неғұрлым дамыған болса, соғұрлым оларды шектеуші территориялық нарықтар кеңірек, және керісінше, еңбек бөлінісінің географиялық шекараларының кеңеюі оның тереңдеуіне ықпал етеді, себебі еңбекті ұйымдастыру формаларының мүмкіндіктері өндіріс пен нарық ауқымдарынан тәуелді болады.

Әміршіл-әкімшіл экономиканың әрекет ету кезеңінде территориялық еңбек бөлінісіне қатысты елдің бірегей халықшаруашылық кешені түсінігі негізгі болып табылатын (ЕБХШК), оның шеңберінде территориялық еңбек бөлінісі жоғарыдан анықталып, қатаң орталықтандырылған аймақаралық және салааралық ресурстардың қайта бөлінуіне негізделген. Әр аймақ өнімді жабдықтау бойынша бекітілген тапсырмаларға ие болған.

Мұнда өнімдер мен қызметтер айырбасының кеңеюіне мамандану, кооперациялау, комбинациялау мен шоғырландырудың жағымды ықпал еткенін айтпай өтуге болмайды. Мұндағы басты мәселе – биліктік әкімшілік араласу жолымен бекітілген маманданудың пропорциялары мен бағыттары микродеңгейде қайталанбады (яғни жекелеген кәсіпорындар мен ұйымдар арасында); жалпы экономика тиімділігінің артуына ықпал етпеді.

Нарықтық реформалар кезеңінде территориялық еңбек бөлінісінің процестері қайшылықты қарқындармен сипатталады. Бір жағынан, ол табиғи экономикалық негізге сүйенеді. Аймақтардың мамандану алаңы тауарларды өндіру мен өткізу шығындарының дифференциациялану ықпалымен объективті түрде кеңейеді. Екінші жағынан, аймақтар арасында экономикалық және әлеуметтік айырмашылықтар күшейе түседі (жекелей алғанда, халықтың өмір сүру деңгейі арасында).

Территориялық еңбек бөлінісінің деңгейлері:

- халықаралық және аймақаралық,

- аймақішілік,

- локальды еңбек бөлінісі, яғни айтарлықтай маңызы жоқ территория шеңберіндегі еңбек бөлінісі.

Егер халықаралық территориялық еңбек бөлінісі жекелеген елдердің мамандану негізі ретінде қызмет етсе, ал аймақаралық территориялық еңбек бөлінісі — ел ішіндегі жекелеген аймақтардың мамандану негізі, аймақішілік — аймақ шеңберіндегі жекелеген территориялардың мамандану негізі, локальды — нақты өндірісті жоспарлау мен тұрғылықты пункт территориясының ұйымдастырылу негізі ретінде қызмет ететінін айта кеткен жөн. Осы тұрғыдан территориялық еңбек бөлінісінің түрлері сәйкес территориялық жиынтықтықтардың құрылу себебі болса, ал территориялық еңбек бөлінісінің өзі – қоғамның территориялық құрылымының негізіне айналады.

Жоғарыда айтылып кеткендей, территорияның мамандануы олардың өзара байланыстарын күшейтеді. Осыдан территориялық еңбек бөлінісінің нарық көлеміне ықпал етуіне қатысты қорытынды жасауға болады. Нарықтың шекаралары, сыйымдылығы, тауарлы номенклатурасы және өзге де сипаттамалары уақыт бойынша қалыптасқан территориялық еңбек бөлінісімен анықталады. Алайда бұл бір нарықтан екіншісіне көшу мүмкіндігін жоққа шығармайды. Мысалы, ғылыми-техникалық прогресс жетістіктерінің ықпалымен немесе конъюнктураның өзгеруімен өндіріс саласы шеңберінде мамандандырылған нарықтар ұлттық және тіпті халықаралық нарықтарға шыға алады.

Сол уақытта процестің екінші жағын да назардан тыс қалдыруға болмайды, дәлірек айтсақ, айырбастың территориялық және қоғамдық еңбек бөлінісінің дәрежесіне ықпалы. Көлемі мен потенциалы әр түрлі жекелеген территориялар арасында қалыптасатын айырбас (алдымен кездейсоқ және жүйесіз) уақыт өте келе территорияның тұрақты мамандануына, олардың белгілі нарыққа қызмет етуіне әкеледі. Мұндағы аймақаралық еңбек бөлінісінің дәрежесі ұлттық нарық көлемімен, халықаралық еңбек бөлінісінің дәрежесі әлемдік нарықтың көлемімен, аймақішілік еңбек бөлінісінің дәрежесі аймақтық нарықтың көлемімен анықталады.

 

3.4.Аймақтық ұдайы өндіру процесінің ұғымы мен мәні

Қоғамда болып жатқан өзгерістер оларды бейнелеудің адекватты формаларын талап етеді. Қоғам дамуының неғұрлы маңызды нәтижесіне материалды өндірісті, қоршаған орта ресурстарын сақтау мен ұдайы өндіруді қамтып, адамның ұдайы өндіріс процестерін қарастыратын экономикалық қатынастар саласын кеңейтуді жатқызуға болады.

Экономикалық процестерді, олардың ерекшеліктерін түсіну үшін белгілі территорияда орналасқан тұйық әлеуметтік-экономикалық құрылымды қарастыру қажет, дәлірек айтсақ, территориялық (аймақтық) ұдайы өндіру процестері.

Ұдайы өндіру процесінің сипаты өнімнің бөлу немесе айырбас арқылы жүзеге асатын өндірушіден тұтынушыға берілу тәсілімен анықталады.

Территорияның әлеуметтік-экономикалық құрылымдарының тұтастығына, осы құрылымдардың келісілген қызмет етуін қамтамасыз етуге ұдайы өндіру процестерін басқару жүйесі мен аймақтық нарықтың әрекет етуі арқылы қол жеткізуге болады. Басқару мен нарықтық реттеу параллельді әрекет етеді, яғни ұдайы өндіріс процестерінің қалыпты жүзеге асуын қамтамасыз ету жағымсыз құбылыстардың алдын алуға мүмкіндік береді.

Ұдайы өндіріс – бұл материалды және рухани игіліктер мен қызметтерді өндірудің үздіксіз қалпына келу процесі. Ұдайы өндіріс 4 негізгі фазалардан құралады: өндіру, бөлу, айырбастау және тұтыну.

Қоғамдық ұдайы өндірістің алғашқы фазасы – өндіру. Экономикалық қатынастар өндірістегі жұмыскерлер мен құралдардың келісілген қозғалысын білдіретін өндірісте жүзеге асырылады. Өндірістің нәтижесі – саны және сапасымен сипатталатын белгілі өнім.

Аймақтық экономикалық жүйеде өндіру процесі өндірілген тауарлар мен қызметтерді тұтынумен аяқталады. Экономикалық теорияда тұтынудың 2 түрі қарастырылады: өндірістік тұтыну және жеке тұтыну. Тұтыну барысында нақты территория шеңберінде әрекет ететін экономикалық қатынастар көрініс табады.

Қоғамдық өндірісте өндіру мен тұтынудың байланысы бөлу және айырбастау сияқты қоғамдық процестермен сипатталады. Экономикалық категория ретінде бөлу – бұл соңғы тауарлар мен қызметтерді, өндіріс факторларын (ресурстарды) бөлу. Ол 2 жақты сипатқа ие: салалық және әлеуметтік бөлу.

Салалық бөлу өндірістік тағайындаудағы өнімдердің белгілі салаларда тұтынылу үшін өндіріліп, тұтынылған өндіріс құралдарының өтелуін қамтамасыз ететіндей бөлінуіне негізделген. Ал жеке тұтыну заттарын бөлу салалық құрылым мен территориялық бөліністен тәуелді болса да, өзіндік өндіріс шекарасынан шығады.

Әлеуметтік бөлу өзге мазмұнға ие. Ол меншік институтынан тәуелді, себебі өндіріс құралдары олардың меншік иелеріне тиесілі болады, ал нарықтық шаруашылық ету жүйесіндегі ресурстардың бөлінуі бағалық механизмнің ықпалымен жүзеге асады. Нәтижесінде өндіріс құралдары мен тұтыну тауарларының бөлінуі табыс деңгейіне байланысты қалыптасатын халықтың әлеуметтік топтары бойынша жүзеге асырылады.

Бөлу сияқты айырбастау да өндіріске негізделеді. Айырбастау ұдайы өндіріс процесінің күрделі фазасы болып табылады және келесілерден құралады: а) кәсіпорындар, салалар мен қоғамдық өндіріс салалары арасындағы еңбек іс-әрекетінің айырбасы; б) осы іс-әрекет нәтижелерін шаруашылық буындар арасында айырбастау (мысалы, ауылшаруашылығы мен өнеркәсіп); в) жеке тұтыну үшін тауарлар және қызметтердің айырбасы.

Территориядағы ұдайы өндірістік процестер аймақ экономикасының тек максималды пайда алуымен ғана емес, сонымен қатар өмір деңгейі мен сапасын анықтайтын адамдардың қажеттіліктерін қанағаттандырумен де байланысты. Дәл осы халық қажеттіліктерін қанағаттандыру аймақтық экономиканың қызмет ету және дамуының негізгі қағидаларының бірі болып табыалды. Бұл, ең алдымен, адам өміріндегі «тұрғын үй – жұмыс – қызмет - демалу – тұрғын үй» сияқты кеңістіктік-уақыттық циклдарының (тәуліктік, апталық, жылдық) негізінен аймақ шекарасында тұйықталуымен байланысты, сондықтан территорияда адамдардың өмірлік іс-әрекетінің ұдайы өндірілуі жүзеге асырылады. Осыған байланысты жергілікті билік органдарының ролі төмендегілерді қамтамасыз етуден тұрады:

1) аймақ халқының өмір сүру сапасы (энергия, су, жылумен қамтамасыз етілу, қоғамдық және экологиялық қауіпсіздік);

2) халықтың өмір сүру деңгейі (рационалды жұмысбастылық);

3) халық ұдайы өндірісінің материалды негізі ретіндегі аймақтың тиімді экономикасын қалыптастыру;

4) аймақтағы дағдарыстық құбылыстарды, шаруашылықтардың теңсіздігін жою.

Аталған функцияларды орындау үшін территориядағы ұдайы өндірістік процестің эндогенді (территориялық ішкі факторлар) және экзогенді (территорияға қатысты сыртқы) факторлармен анықталатынын ескеру қажет.

Қоғамдық ұдайы өндіріс процесінде аймақтық әлеуметтік-экономикалық жүйе мен оның құрамдас бөліктері қалпына келтіріледі.

Аймақтық ұдайы өндірістің тұтастай процесі кеңістіктік бөліктерге бөлінеді:

- жалпы материалды игіліктерді ұдайы өндіру саласы;

- жұмыс күшінің ұдайы өндірілу саласы;

- қоршаған орта ресурстарын ұдайы өндіру саласы;

- қатынастарды ұдайы өндіру саласы.

Аймақтық ұдайы өндірістік процесс – уақыт пен кеңістіктегі экономикалық қатынастардың көрініс табу және жүзеге асырылуының неғұрлым жалпы формасы. Қалыптасқан жағдайда аймақтық ұдайы өндіру процесін зерттеу қажеттілігі, ең алдымен, экономикалық қатынастар мен басқарушылық құрылымдардың қайта құрылуының, құрылымдық дағдарыстың, аймақтық айырмашылықтардың жалпы ұдайы өндірісті реттеуге мүмкіндік бермеуімен түсіндіріледі.

Аймақтық ұдайы өндірістік процесс – салалық және территориялық еңбек бөлінісінің үйлесу нәтижесі.

Аймақтық ұдайы өндіріс циклдарына жатқызылатындар: еңбек ресурстарының ұдайы өндірісі; қаржы-несиелік және ақшалай ресурстардың ұдайы өндірісі; инвестициялық-құрылыс процесінің ұдайы өндірісі; азық-түлік ресурстарының ұдайы өндірісі; табиғи ресурстардың ұдайы өндірісі; өндірістік қызметтердің ұдайы өндірісі; әлеуметтік-тұрмыстық қызметтердің ұдайы өндірісі; нарықтық инфрақұрылым қызметтерінің ұдайы өндірісі; ақпарат пен білімнің ұдайы өндірісі.

Аймақтық экономиканың әр деңгейі үшін түрлі рангтағы территориялық құрылымдардың шекараларымен тұйықталатын ұдайы өндірістік циклдарының барлық жиынтығы тән. Олар аймақтық жүйенің құраушы элементтері мен олардың ұдайы өндірістік өзара байланыстарының қызмет ету үздіксіздігін қамтамасыз етеді.

Аймақтық ұдайы өндірістің аймақішілік аспектісі аймақтың кешенді даму мәселелерін қамтыса, ал аймақтық ұдайы өндіру процесінің әлеуметтік мағынасы, ең алдымен, халықтың лайықты өмір сүру деңгейін қамтамасыз етуден тұрады. Сондықтан аймақтық ұдайы өндіру процесінің ұйымдастырылуы аймақ мүдделеріне сәйкес келіп, табиғи жүйелердің сақталуы мен ұдайы өндірілуін, өмір сүрудің қолайлы жағдайларын қамтамасыз етуге бағытталуы тиіс.

 

Өзін-өзі тексеру сұрақтары:

1) Аймақтық экономикалық механизм деген не?

2) Жалпы аймақтық өнім түсінігін қалай түсінесіз?

3) Аймақ дамуының қандай жалпылама көрсеткіштері бар?

4) Территориялық еңбек бөлінісі деген не?

5) Территориялық еңбек бөлінісінің қандай деңгейлері бар?

6) Аймақтық ұдайы өндіру процесі қандай фазалалардан құралады?

 

ТАКЫРЫП 4. АЙМАҚТЫҢ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ПОТЕНЦИАЛЫ ЖӘНЕ ОНЫ БАҒАЛАУ

4.1.Аймақ потенциалының негізгі құрамдас бөліктері: құрылымы, даму көрсеткіштері.

4.2.Өндіргіш күштерді орналастыру заңдылықтары, принциптері және факторлары.

4.3. Салааралық өзара әрекеттесу

4.4. Аймақтың орталықпен, басқа аймақтармен және қалған сыртқы әлеммен экономикалық байланыстары.

4.5.Қарағанды облысының аймақтық дамуының ерекшеліктері

4.1.Аймақ потенциалының негізгі құрамдас бөліктері: құрылымы, даму көрсеткіштері

Қазіргі таңда территориялық экономикалық жүйелердің дамуы олардың экономикалық потенциалын пайдалану толықтығынан тәуелді болады.

Кең мағынада, потенциал – қандай да бір қатынастағы жасырылған мүмкіндіктердің дәрежесі. Аталмыш түсініктің мазмұнды мәніне алға қойылған мақсаттарды жүзеге асыру үшін пайдаланыла алатын мүмкіндіктер, резервтер сияқты категориялары сәйкес келеді.

Аймақ – территориялық және қоғамдық еңбек бөлінісіндегі аймақтың орнымен анықталатын халықтың өмір сүруінің жоғары деңгейін қамтамасыз етудің әлеуметтік және экономикалық потенциалдары ұдайы өндірілетін нақты әкімшілік шекараларға ие территориялық құрылым.

Бұрындары ғылыми зерттеулердің басым бөлігінде аймақ потенциалын сипаттау барысында оны ресурстардың жиынтығы ретінде анықтаған. Мүмкіндіктер ретінде қарастырылатын потенциалдың жалпы түсінігіне сәйкес, потенциал және ресурстар түсініктерін ұқсастыруға болмайды.

Территорияның потенциалын бағалаудың кешенділігіне қол жеткізу мақсатында экономикалық емес, әлеуметтік-экономикалық потенциалды зерттеген жөн. Аймақтың экономикалық потенциалының барлық құраушыларын зерттеу әлеуметтік аспектіні құрау, дамыту және тиімді пайдалану процесіндегі адамдар арасындағы қатынастармен сипатталатын әлеуметтік аспектіні есепке алу мен қарастыруды талап етеді. Сондықтан территориялық әлеуметтік-экономикалық потенциал барлық ресурстарды іске қосып, шаруашылықтың ерекшеліктері мен әрекет етуші перспективалы құрылымдарын пайдалану барысындағы аймақтың мүмкіндіктерін анықтайды.

Территорияның әлеуметтік-экономикалық потенциалын сипаттау барысында оның өсіміне салымдардың бағытталуы мен потенциалдың жинақталған деңгейін тұтынуды бөліп қарастырған жөн. Осыған байланысты әлеуметтік-экономикалық потенциалдың мынадай құраушыларын қарастыруға болады:

1) Жинақталған ресурстар қорына қатысты:

- қаржы-мүліктік;

- әлеуметтік-демографиялық;

- табиғи-экологиялық;

- технико-технологиялық;

- кәсіпкерлік;

- интеллектуалды-ерікті.

2) Макропотенциалды пайдалануға қатысты ішкі жүйлердің мүмкіндіктерін анықтайтын:

- нарықтық инфрақұрылым потенциалы;

- кинетикалық;

- интеграциялық.

3) Басқару ішкі жүйесінің потенциалы:

- консолидациялық;

- микроэкономикалық.

Аймақтар мен жалпы ел экономикасының қалыпты дамуын қамтамасыз ету үшін қоғамдық өндірісті дамытудың территориялық факторларын, олардың салалық факторлармен оптималды үйлесімділігін күшейту қажет. Осыған байланысты аймақтық экономикадағы еңбек бөлінісінің территориялық және салалық қағидалары мынадай негізгі бағыттарға негізделуі тиіс:

- өндірісті тұтынуға жақындату сияқты салалық ұдайы өндіріс салаларының өзара байланысын оңтайландырудың экономикалық сипаты;

- аймақ мамандануы мен оның алдында тұрған әлеуметтік мәселелер кешенін шешудің материалдық негізі ретіндегі өндіріс пен оның негізгі салаларын территориялық шоғырландыру;

- аймақтық шикізатты қайта өңдеуден одан дайын өнім жасауға дейінгі барлық кезеңдердің үйлесімділігіне негізделген комбинацияланған өндіріс.

Осылайша, салалық спецификасын толықтыра отырып, территориялық еңбек бөлінісі аймақтық өндірісті кеңістіктік оқшауландыру механизмі ғана емес, сонымен қатар қоғамдық өндірістің тиімділігін арттырудың қуатты факторы болып табылады.

Жалпы, тәуелсіздік жылдары мен күрделі экономикалық реформалар жағдайында аймақтардың мамандану бағыттары айтарлықтай өзгермей, тек салалардың даму деңгейлері ғана өзгеріске ұшырады. Мұнда қазақстандық экспорттың дәстүрлі тауарларына қатысты әлемдік нарық конъюнктурасы айтарлықтай ықпал етеді.

Негізгі экономика салалары болып мұнай өндіру, мұнайды қайта өңдеу және мұнай-химия өнеркәсібі табылатын Атырау және Маңғыстау облыстары айтарлықтай дамуға ие болып, олардың үлесіне облыстардың барлық өнеркәсіптік өнімінің 90 %-ы тиесілі.

Ақтөбе облысында хром рудасы, мұнай мен газ өндіріледі. Құрылыс материалдары өнеркәсібін кеңейту мүмкіндігі де әрекет етеді.

Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстары экономикасының негізгі салалары – түсті және қара металлургия. Аталмыш облыстардың терриорияларында түсті және қара металлургия рудаларының барланған кен орындары орналасқан. Қазақстанның минералды-шикізаттық ресурстарының тізімінде бірінші орынды мыс иеленеді, оның айтарлықтай қорлары Қарағанды облысының кен орындарында барланған.

Павлодар облысы елдегі көмір өндіру бойынша көшбасшы болып табылады. Оның үлесі елдегі көмір өндіру көлемінің 72,3 %-ды құрайды.

Жоғары ғылыми-техникалық, интеллектуалды потенциал, моральдық және физикалық тозбаған құрал-жабдық Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарының, Алматы қ. қорғаныс кәсіпорындарында орналасқан.

Елдің мәдени және интеллектуалды орталығы болып Алматы қаласы қала береді, оның мамандану бағдары біртіндеп қаржылық орталық сипатына қарай өзгеруде. Елдің жаңа астанасы Астана қаласында іскерлік және мәдени орталық белсенді қалыптасуда.

Республиканың астық өндірісі Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақмола облыстарында шоғырланған.

Ауылшаруашылық өндірісіне, оның ішінде көкөністер мен жеміс-жидектерді өсіруге мамандану республиканың аграрлы оңтүстігінде сақталады - Алматы, Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстары.

Аймақтың кеңістіктік ортасының ұдайы өндірісі оның экономикалық, әлеуметтік және табиғи базаларының ұдайы өндірісін қамтиды. Бұл орта түрлі көзқарас тұрғысынан қарастырылғанымен, материалдық аймақтық базаны сипаттаудың негізіне аймақтың экономикалық бағалануын немесе экономикалық потенциалын жатқызуға болады.

Осыған байланысты аймақтың экономикалық потенциалы 4 негізгі элементтерден құралады.

1.Табиғи-экологиялық потенциал, ол үнемі тікелей бағаланбаса да, жер, өткі