Лекция.

Тақырыбы: Орта мектептегі химия курсының мазмұны және құрылымы

Жоспары:

1. Химия курсының мазмұны

2. Химия курсының мазмұнын таңдауға және оқытуға қойылатын дидактикалық талаптар

3. Мектептік химия курсының құрылымы

Лекция мақсаты:Студенттерге орта мектептегі химия курсының мазмұны және құрылымымен таныстыру және меңгерту.

Лекцияның мәтіні:

1. Химия курсының мазмұны

Химиялық білімнің мазмұнын анықтау -өсіп келе жатқан ұрпақты неге үйрету, сондай-ақ оқыту мақсатын анықтау мәселелерін шешу деген сөз. Осыған орай, мектепте қайда, қашан, кімді және не үшін оқытады деген сұрақтараға жауап берілуіне қарай оқытудың мазмұны туралы мәселе әрқилы шешіледі. Мектепте химия курсы негізгі екі білім жүйесінен құралады, олар: зат жөніндегі және химиялық реакциялар жөніндегі білім жүйелері. Ол бейорганикалық, органикалық химияда оқу материалын ашатын басты идея ретінде берілген. Оқу материалдарын іріктеуде танымдық және тәжірибелік мәні бар тақырыптар негізге алынады. Осы белгілерге сәйкес оқу материалына мыналар жатады:

1. Танымдық үлкен мәні бар материалдар, олардың негізінде ұғымдар жүйесі қалыптасады, теорияларды меңгеруге нақты негіздер қолданылады. (мысалы, сутек, оттек, су кейбір металдар мен бейметалдар, типтік оксидтер, қышқылдар және тұздар)

2. Практикалық мәні бар тақырыптар (минералды тыңайтқыштар, ионидтер, синтетикалық кір ашатын заттар, сабын).

3. Тірі және өлі табиғат негіздерін құрайтын басты элементтер, заттар, қосылыстар (кремний, кальций, олардың қосылыстары, майлар, ақуыздар, көмірсулар).

4. Кейбір технологиялық үрдістер мен химия өндірісі жөнінде мәліметтер беретін тақырыптар енгізілген (аммиак, күкірт және азот қышқылын өндіру, этилен, альдегидтер өндіру).

5. Қазіргі ғылым мен өндірістің жетістіктерін көрсететін материалдар (Мысалы, катализатор, синтетикалық каучук, синтетикалық амин қышқылдары, жасанды талшықтар, пластмассалар, жасанды алмаз).

Оқытудың мазмұны оқушылардың қызметіне сәйкес химия пәнінің негіздерін меңгеруге қажетті іскерліктерді біріне-бірі байланысты бірнеше топтарға бөлінеді:

1. Пәндік ұйымдастырушылық: сынақ-тәжірибелерді жоспарлайтын іскерліктер, есептер шығару жолдарын белгілейтін ізденістер, оқулықпен, әдебиеттермен өзіндік жұмыстар, кабинеттегі жұмыс орындарын даярлау, тәжірибенің қауіптілігін жою.

2. Мазмұнды интеллектуалды іскерліктер: теориялық білімді пайдалану, танымдық әдістерді меңгеру, пәндік және пәнаралық байланыстарды тағайындау.

3. Хабарламалы коммуникативтік химиялық тектестіктерді оқу арқылы, оқу хабарларын тыңдау кезінде анықтамалармен жұмыс істеу, білімді жинақтау. Кесте, химиялық сызбанұсқаларды, аудиовизуалдық құралдарды пайдалану, химия ғылымының тілдік қатынас жасай алуы, сөздік хабарды номенклатура, термин, белгілер бойынша өрнектей білу.

4. Сарамандық жұмыстарды, зертханалық тәжірибелерді орындай білу, приборларды құрастыру, сынақ-тәжірибе мен теориялық дәлелдемелерді орындау, графиктер сыза білу.

5. Есептеу іскерліктер: химиялық сандық есептерді шығара білу, өндірістік есептерді орындай білу.

6. Бағлай білу іскерлігі: танымдық әдіс бойынша алға қойған мақсатқа жету, өз білімін, жауабын дәлелдеу, теориялық материалдарды қорытындылау, жинақтап шолу, жүйелеу.

2. Химия курсының мазмұнын таңдауға және оқытуға қойылатын дидактикалық талаптар

Химия курсының мазмұны химия ғылымының қолы жеткен табыстарын дидактикалық талдау арқылы мына негіздерге сай анықталады және оқытылады: ғылымилығы, жүйелілігі, түсініктілігі, саналылығы мен белсенділігі, көрнекілігі, теорияның сарамандылыққа байланыстылығы.

Ғылымилығы: Орта мектептегі химияның негізіне ғылымда толық шешімін тапқан деректер мен көз-қарастар кіреді. Олар ғылымдағы мәліметтерге толық сәйкес келіп, заттар мен құбылыстар туралы ақиқатты бұрмаламай жеткізуі тиіс.

Жүйелілігі: Оқу материалы ғылымының логикасына сәйкес бірінен бірі туындайтын ретпен орналастырылады. Жаңа материал өтілгенді ескеріп беріледі де, өзі соңындағыларға негіз болады. Жүйелік негізі, әсіресе, химияның негізгі ұғымдарын қалыптастырғанда ескеріледі.

Түсініктілігі: Бұл ғылыми негізге –кереғар, жүйелікке тура қатысты болады. Оқу материалының түсінікті болуы көлеміне және ғылыми деңгейіне байланысты, сондықтан кейбір ғылыми ақпарды оңайлатып беруге тура келеді.

Саналылық және белсенділік негізі: Оқыту барысында мұғалім мен оқушы еңбегінің ара салмағын оқушылар жағына ауыстырып, олардың пәнге қызығуын және білім алудағы белсенділігін арттыру. Ол үшін білімнің қажеттігі мен пайдасына оқушылардың көздерін жеткізіп, өздігінен жұмыс істей білуге үйрету керек.

Көрнекілік принципі: Дидактиканың ертеден қалыптасқан түпкілікті негіздерінің бірі, химияны оқытуда маңызды орын алады. Оқушыларды білімді заттар мен химиялық әрекеттерді тікелей қабылдау арқылы алуы тиіс.

Теорияның сарамандыққа байланыстылығы: Бұл оқушылардың ғылым негіздерінен алған білімін өмірмен, қоғамдық құрылыс сарамандығымен ұштастыру арқылы жүзеге асады, политехникалық білім беру мәселелерін қамтиды. Реті келген жағдайда химия ғылымында ашылған жаңалықтардың өндіріске енгізілуін, ал химия өнеркәсібі қажеттілігінің ғылым дамуына түрткі болғанын нақты мысалдармен түсіндіріп отырған жөн.

Сондықтан осы принципті жүзеге асыру үшін оқушылар химиядан алған теориялық білімін сарамандық таным есептерін шығаруға қолдана білуі тиіс. Бұл есептер өмірде, табиғатта, зертханаларда және өндірісте жиі кездесетін құбылыстарға негізделіп қарастырылады.

3. Мектептік химия курсының құрылымы

Оқулық оқушылардың өздігінен жұмыс істеуіне арналғанын ескере отырып, оқу материалы жүйелілік пен бірізділікке сәйкес жазылады. Оның мазмұнына осы кездегі ғылыми білімнің ерекшелігіне сәйкес іскерлік пен дағды енеді. Білімге химия ғылымының негізгі элементтері жатады: құбылыс пен деректі көрсететін ұғымдар жүйесі; олардың арасындағы заңдылық пен тәуелділікті көрсететін заңдар мен формулалар; ұғымдардың тілдік құралы-терминдер, номенклатуралар, нышандар. Оқу пәніндегі ғылыми білімді іріктеп алу түсініктілік, жүйелілік пен бірізділік, қабілеттік ұстанымдары мен ғылыми мәнділік, теорияның практикамен байланысы ұстаным тұрғысынан шешіледі. Химия ғылымының құрылымына негізделген логикасы бар. Логика әрқашанда бір орында қатып қалған және өзгермейтін нәрсе емес. Оқу пәнінің мазмұны бағдарламамен анықталады.

Бақылау сұрақтары:

1. Оқу материалдарын танымдық және тәжірибелік мәні бар тақырыптар негізге ала отырып оқу материалын қалай топтастыруға болады?

2. Оқытудың ғылымилығы?

3. Оқытудың түсініктілігі және жүйелілігі?

Лекция

Тақырыбы: Химиялық ұғымдарды қалыптастыру

Жоспары:

1. Таным теориясы тұрғысынан ұғымдар қалыптастырудың логикалық жолы

2. Дүниенің ғылыми сипатын қалыптастырудағы химиялық ұғымдардың ролі

Лекция мақсаты:Болашақ мұғалім яғни студенттерге химиялық ұғымдарды қалай қалыптастыру керектігін үйрету. Ұғымдарды қалыптастырудағы тиімді тәсілдерді көрсету.

Лекцияның мәтіні:

1. Таным теориясы тұрғысынан ұғымдар қалыптастырудың логикалық жолы

Таным үрдісінде теориялық түсініктеме таным теориясы арқылы беріледі, ол нысанды дүниетану үрдісі адам сана сезіміндегі шындық құбылыстардың бейнесін көрсетеді. Таным теориясы бойынша танылмайтын заттар-тек құбылыста жоқ әлі де танылмаған заттар ол да ертелі кеш танылады.

Басқа ғылымдар сияқты бейорганикалық және органикалық химияны оқып-үйрену барысында оларды салыстыру, талдау мен синтез, дерексіздендіру, қорытындылау және тағы сол сияқты логикалық операцияларды пайдалануға тура келеді.

Таным үрдісінде талдау мен синтез тәсілдерінің рөлі күшті. Талдау үрдісінде затты элементтерге бөлшектеп, одан әрі элементтер бойынша зерттейді. Ал синтез-бөлшектенген бөліктерді біріктіреді. Талдау-жинақтау тәсілі заттар мен құбылыстарды тереңдей әрі жан-жақты танып-білуге мүмкіндік береді. Химияны оқып-үйренуде елеуліні-елеусізден, маңыздыны-маңызсыздан, анықтаушыны-қосалқыдан үнемі ажыратып отыруға тура келеді.

Заттарды жеке бөлшектерге ажырату, оларды басқа көптеген заттардан дерексіздендіру-бұл дерексіздендіру үрдісі. Дерексіздендіре білмейінше, ұғымдарды қалыптастыру мүмкін емес, өйткені ол ұғымдар осы кластағы барлық заттардың жалпы мәнді белгілірін анықтау нәтижесінде түзіледі.

Логикалық қорытындылау тәсілі жекеден жалпыға көшіп, танып білуге мүмкіндік береді. Ғылыми ұғымды қалыптастыру үшін, жеке заттардың елеулі белгілерін бөліп көрсету дерексіздендіру жеткіліксіз, бұл белгілердің қайсысы сол кластағы заттардың барлығына қатысты екенін анықтау қажет. Логикалық қорытындылау заттар класы жөніндегі не гомологиялық қатарлар жайлы ұғымдарды қалыптастыруға неғұрлым жиі қолданылады.

2. Дүниенің ғылыми сипатын қалыптастырудағы химиялық ұғымдардың ролі

Ұғымдарды қалыптастыру мен қорытындылаудың соңғы кезеңдері, дүниенің ғылыми құрам бірлігін танып-білумен ұштасады. Бұл мәселені шешу әр түрлі пәниелерімен бірлікте кешенді комплексті, тәсіл бойынша жүзеге асады. Дүниенің ғылыми сипатын қалыптастыру негізі деген үш бағытпен жүзеге асады. Біріншіден-пәндегі негізгі идеялар мен теорияларды қорытындылап жинақтау. Екіншіден-туыстас жаратылыстану пәндерінен алған білімдерін жүйелеп қорытындылау. Үшіншіден-философиялық санат бойынша ұғыну арқылы қоғамдық пәндерден алған білім жүйелерімен жақындастыру және синтездеу.

Оқушылардың дүниетанымдық көзқарастарын қалыптастыруда пәнаралық дәрістер мен семинарлар “дүниенің қазіргі сипатын көрсетуде басты рол атқарады, білім синтезін тудырады, дүниені танып білудің құрамына айналдырады.” Дүниенің ғылыми сипатын қалыптастыруда химиялық мәнін түсінуде білім жүйесінің бірлігі көмектеседі, әсіресе, химия пәнінің негізі саналатын ұғымдар: “химиялық элемент”, “химиялық реакциялар”, “химиялық қосылыстар”, “зат”, “энергия” және философиялық санаттар: “материя”, “әрекеттесу”, “себеп”, басқа да ұғымдар көп көмегін тигізеді.

Табиғаттың химиялық сипатына зат жөніндегі, оның құрылысы жөніндегі, бөлшектердің көп түрлілігі жөніндегі, оның эволюциялық дамуы жайындағы, түрлі химиялық теориялар мен заңдылықтардың дәлелдемелері көмектеседі. Ол туралы көп айтып, көптеген дәлелдеулерді келтіруге болады. Осының бәрі химиялық ұғымдарға оның дәлелдемелері мен қолданылымына байланысты.

Бақылау сұрақтары:

1. Оқушылардың дүниетанымдық көзқарастарын қалыптастыруда пәнаралық дәрістер мен семинарларды ата

2. Логикалық қорытындылау тәсілі

 

 

Лекция

Тақырыбы: Химиялық ұғымдарды түсіну үрдісі. Ұғымдарды дамыту мен қолданудың әдістемесі

Жоспары:

1. Ұғымдардың анықтамасы мен қалыптасу кезеңдері

2. Ұғымдарды меңгеру үрдісі

Лекция мақсаты: Химияны оқыту үрдісінде ұғымдардың анықтамасы нақты факторлар негізінде құрылуын және әртүрлі пікірлердің дұрыс бұрыстығын анықтау.

Лекцияның мәтіні:

1. Ұғымдардың анықтамасы мен қалыптасу кезеңдері

Химияны оқыту үрдісінде ұғымдардың анықтамасы нақты факторлар негізінде құрылады. Ұғымдар анықтамасы жөніндегі көптеген пікірлер бар. Бір авторлар анықтаманы қосылыстың құрылысына сәйкес беруді ұсынса, екінші біреулер-қасиеттеріне сәйкес беруді дұрыс көреді. Мысалы, “молекула” ұғымының анықтамасы әр оқулықта әртүрлі: бір оқулықта молекула заттың ең кішкене делінсе, екіншісінде өз бетінше бола алатын заттың ең кішкене бөлшегі, тағы бірінде сол заттың бар қасиетін сақтай алатын ең кішкене бөлшегі немесе химиялық қасиеттерін сақтайтын ең кішкене бөлшегі түрінде беріледі.

Ұғымдарды қалыптастыруды бірнеше кезеңдерге бөлуге болады: бірінші кезеңде заттар мен әр түрлі құбылыстарды тікелей байқау және пайымдау. Екінші кезеңі-заттар туралы теориялар мен белгілі заңдылықтарды пайдалану кезіндегі анықтамалық материалдарды қолдана білуге назар аудару. Үшінші кезең-заттар жөніндегі жеке ұғымдарды, басқа ұғымдарды түсіндіру кезінде пайдалану. Төртінші кезең- химияның алғашқы ұғымдарын, күрделі ұғымдарды түсіндіруге және дүниетанымдық көзқарастарды нақтылай көрсету кезінде қарастыру. Сондай-ақ пәнаралық байланыстарда пайдалану.

Химиялық ұғымдар қалыптастыруды кейде сфераларға немесе бөліктерге бөліп қарастыру да бар, олар ұғымдар, негізгі ұғымдар, қолданбалы ұғымдар сферасы болып бөлініп жүр. Бұл ұғымдардың бәрі де өзара бір-бірімен тығыз байланыста қолданылады. Қалыптасатын негізгі ұғымдар, тірек және қолданбалы ұғымдарға өзара тәуелділікте болады.

 

2. Ұғымдарды меңгеру үрдісі

Ұғымдарды меңгерудің мақсаты- әртүрлі танымдық және сарамандық міндеттердің мазмұнын меңгеріп, қолдана білудің жолдарын шешеу. Ұғымдарды меңгеру аса күрделі үрдіс, өйткені алғашқы ұғымдарға ой қорытындыларын жасай білу, оның мазмұнын жаңғырта білу, ұғыну, біліктер мен іскерліктерді бекіту, танымдық әрекеттерді іс жүзінде қолдана білу, ең соңында ұғымдарды меңгеру жүзеге асады.

Аса жауапты кезең ұғымдар мен алғашқы танысу және оны меңгеру кезінде оқушылардың ұғымға деген алғашқы ой пікірі қалыптасады. Меңгеру үрдісі нәтижелі болуы үшін оқытудың ұғымға деген дәлелдігін арттыру қажет. Тәжірибеге негізделген және теориялық ұғымдарды жекелеп қалыптастыруға үлкен мән беріледі.

Ұғымдарды сапалы меңгерудің үш санаты бар, олар: ұғым мазмұнын меңгерудің толықтылылығы, дәрежесі және көлемі, ұғымды жинақтаудың өлшемі, басқа ұғымдармен салыстырғанда байланыс толықтығы.

Оқушылардың оқу-танымдық дамуына сәйкес ұғымдарды меңгерудің төрт жолы бар:

1. Жеке ұғымдарды олардың белгілеріне қарай, басқа ұғымдарға байланыссыз меңгеру.

2. Белгілі жүйедегі ұғымдарды жалпы ұғымдар жүйесімен байланысты білім деңгейіне қарай типтік мысалдарға сәйкес пайдалана білу.

3. Білімнің үшінші деңгейінде біріне-бірі өзара байланыссыз тұтас жүйе құрайды. Білім аса толығып жаңа сапаға ие болады. Ол негізінен сол жүйенің ішінде қайта құрылып, жеңіл белсендіріледі де, оны оқушылар химиялық білімнің белгілі саласына қолданады.

4. Білімнің төртінші деңгейінде дамуы жоғары сатыға көтеріледі де, білім жүйе ішінде қомақты нәруызға айналады. Оқушылар білімі осы деңгейде жаңа сапаға ие болып, белгісіз факторларды да болжап айта алатын болады.

 

Бақылау сұрақтары:

  1. Ұғымдарды қалыптастырудың қанша кезеңібар және оларды ата?
  2. Ұғымдарды меңгерудің мақсаты қандай?
  3. Оқушылардың оқу-танымдық дамуына сәйкес ұғымдарды меңгерудің қанша түрі бар?

Лекция

Тақырыбы: Химия тілі-химияны оқытуда таным құралы

 

Жоспары:

1. Химия тілі және оның маңызы

2. Химиялық тілдің оқыту құралдары жүйесіндегі атқаратын қызметі

Лекция мақсаты:Студенттерге әр ғылымның зерттейтін объектісі, зерттеу нәтижесінде алынған білім жүйесі, оны тіркеп, заттандырытын таңбалар жүйесі болатындығын үйрету.

 

Лекцияның мәтіні:

1. Химия тілі және оның маңызы

Химия тілін химия ғылымының бір бөлігі деп қарайды. Әр ғылымның зерттейтін объектісі, зерттеу нәтижесінде алынған білім жүйесі, оны тіркеп, заттандырытын таңбалар жүйесі болады.

Әдетте, тар мағынадағы түсініп осы үшеуінің ішінде білім жүйесін ғана ғылымға жатқызады, солай екені рас. Білім-сананың қызметі, ол бақыланатын, зерттелетін объектіге айналу үшін тіл арқылы берілуі керек. Сонымен, химиялық тіл дегеніміз- химиялық білімді тіркейтін, сақтайтын, бірден-бірге жеткізетін арнайы таңбалар жүйесі.

Химия тілінің бір-бірімен тығыз байланысты үш бөлігі бар. Химиялық тілдің бірінші бөлігі-ғылыми терминологиясы, жеке терминдер мен терминдер жүйесінен тұрады. Химиялық терминдер-ғылыми ұғымдардың атаулары. Химиялық элемент, атом, зат және химиялық реакция ұғымдары анықталғаннан кейін ғана химия ғылым ретінде қалыптасты. Химияның ғылыми ұғымдары молайған сайын оларды бейнелейтін терминдер жүйесі байып, толыса түседі.

Химиялық тілдің екінші бөлігі-химиялық номенклатура, заттарды атаудың белгілі негізге сүйенетін арнайы жүйесі. Ол кәдімгі және жүйелілік, ұлттық және халықаралық номенклатура деп жіктеледі. Жүйелік және халықаралық номенклатура химиялық символикаға негізделеді.

Химиялық тілдің үшінші бөлігі- химиялық символика, химиялық таңба, формула және теңдеуден құралады.

Химиялық тіл-оқушыларға тәрбие берудің және оларды дамытудың ең тиімді құралы. Заттар мен құбылыстардың шарттастығын, олардың арасындағы себеп-салдар байланысын ашу, тікелей көзге түспейтін мәнін түсіндіру арқылы химиялық тіл оқушыларда ғылыми көзқарас қалыптастырады.

 

2. Химиялық тілдің оқыту құралдары жүйесіндегі атқаратын қызметі

Химияны оқыту құралдарының арасындағы байланыстарды шартты түрде сызбанұсқа арқылы көрсетуге болады.

 

Химияны оқыту құралдары

 
 

 

 


Тіл-қисындық құралдарға құрылым формулалары, терминдер, символдар және номенклатуралық атаулардың қатысуымен жасалған құрылым-қисындық сызбанұсқалар жатады. Химияның бағдарламалары, оқулықтары, оқу құралдары, мұғалімдер мен оқушыларға арналған басқа кітаптар ғылыми тіл арқылы жазылған.

Ғылымның тілдік құралдары пайдаланылғанымен оқулық тілінің өзіндік ерекшеліктері бар. Химия оқулығының текстері және кейбір текстен тыс бөліктерінің тілі: а) табиғи тілдің сөздерінен; ә) ғылымаралық терминдермен таңбалардан; б) химиялық терминдерден; в) номенклатуралық атаулардан-номендерден; д) символдар жүйесінен тұрады. Бұлардың алғашқы төртеуі сөйлем және текст құруға қатысады, заттар мен химиялық құбылыстар туралы білімді тасмалдаушы қызметін атқарады.

Химиялық эксперимент өзінің оқу-тәрбиелік міндеттерін сөзбен ұштастыру арқылы ғана ойдағыдай атқарады. Көрнекі көрсетілетін тәжірибелерді қойғанда берілетін нұсқау-тапсырма; 1) тәжірибенің мақсаты; 2) тәжірибеге қандай заттар алынады, олардың қасиеттері; 3) құралдың құрылысы және жеке бөліктерінің қызметі; 4) ескерілетін сақтық шаралары; 5) байқалатын құбылыстар, олардың мәні; 6) байқалған құбылыстарды түсіндіру; 7) рекация теңдеуін жазу және қорытынды жасау ғылыми тіл арқылы жүзеге асады.

 

Бақылау сұрақтары:

  1. Химиялық тіл дегеніміз не?
  2. Химия тілінің бір-бірімен тығыз байланысты қанша бөлігі бар?
  3. Көрнекі көрсетілетін тәжірибелерді қойғанда берілетін нұсқау-тапсырмалар?

 

Лекция

Тақырыбы: Химияны оқыту әдістері

 

Жоспары:

  1. Оқыту әдістері туралы түсінік
  2. Оқыту әдістерінің жіктелуі
  3. Түсіндірме-көрнекі бейнелеу әдісі
  4. Ішінара-ізденіс әдісі
  5. Зерттеу әдісі

Лекция мақсаты:белгіленген оқу мақсатына жету үшін мұғалімнің іс-әрекеті мен оқушы іс-әрекетінің үйлесу түрлері мен тәсілдерін түсіндіру.

Лекцияның мәтіні:

1. Оқыту әдістері туралы түсінік

Оқыту әдістері дегеніміз- “белгіленген оқу мақсатына жету үшін мұғалімнің іс-әрекеті мен оқушы іс-әрекетінің үйлесу түрлері, тәсілі”.

Оқытудың мақсаттары мен құралдары тұрғысынан алғанда оқыту әдістері “мұғалімнің оқушыларды білім және білікпен қаруландыратын, адамгершілік көзқарас қалыптастыратын құралдары мен тәсілдерінің жиынтығы”.

Оқытудың мақсаты мазмұнын игеру арқылы жүзеге асады. Оқытудың әдістері, құралдары, іс-әрекеті осы мазмұнды меңгеруге бағытталған. Бұл тұрғыдан қарағанда “Химияны оқыту әдістері химия ғылымының мазмұнымен анықталады, өйткені әдіс дегеніміз-мазмұнның ішкі қозғалысы”.

Келтірілген анықтамалардың біреулері дұрыс, екіншісі бұрыс деп айта алмаймыз, өйткені әдістің мәнін ашу үшін оқыту әрекетінің жеке жақтары пайдаланылған. Солардың бәрінің басын қосып, оқыту әдістері дегеніміз- белгіленген мақсатқа сәйкес анықталған мазмұнды игеру үшін мұғалім мен оқушы іс-әрекетінің үйлесу формалары деген анықтамаға келеміз.

Химияны оқыту әдістері, ғылыми зерттеу әдістерімен ұштасып жатады, оқушылардың химия объектілерін танып-білу әрекетінің ерекшеліктерімен де сипатталады.

 

2. Оқыту әдістерінің жіктелуі

Қазіргі оқытудың қалыптасқан дәстүрлі әдістері оқытушы мен оқушылардың қызметінің сыртқы белгілеріне қарап анықталып, білім көздері бойынша жіктеліп жүр.

1. Сөздік әдістер-оған мұғалімнің әңгімесі, түсіндіруі, әңгімелесіп-кеңесуі, баяндап беруі, дәріс, кітаппен жұмыс кіреді де сөздік әдістер тобына бірігеді.

2. Сезімдік қабылдау немесе көрнекілік әдістер- тәжірибелер, кестелер, сызбанұсқалар, модельдер, диапозитивтер, кино-фильмдерді көрсету, заттардың үлгісін, жинақтамаларын көрсету, өндірістік құбылыстар мен үрдістерді бақылау, танымжорық-саяхатқа шығу.

3. Оқытудың сарамандық әдістер тобына-зертханалық тәжірибелер, сарамандық сабақтар, сан және сапалық-сынақтәжірибелік есептер шығару, аспаптар құрастыру, сызбанұсқа, диаграммалар әзірлеу, графиктер сызу, оқу-тәжірибе үлгісіндегі сарамандық жұмыстар, жаттығулар орындау.

Әдістерді жіктеуде химиялық өздік-ерекше әдістер, педагогикалық және логикалық әдістер басшылыққа алынады.

Атақты орыс педагогі Ю.К. Бабанский оқыту әдістерін мынадай топтарға бөледі:

1) оқу-танымдық қызметті ұйымдастыру әдістері.

2) Оқу-танымдық қызметті ынталандыру және мотивтендіру әдістері

3) Оқу-танымдық қызметті бақылау және өздік бақылау әдістері

 

1. Оқу-танымдық қызметті ұйымдастыру әдістері.

Әдістер бірнеше аспектілерге немесе методикалық топтарға біріктірілген.

1. Перцептивтік аспект- құбылыстар мен деректерді әр түрлі жолмен түсіндірудің әдістері. Мұнда оқушылар тыңдап-бақылау немесе сарамандық іс-әрекет орындайды. Бұл негізінен педагогикалық әдістердің үш тобын қамтиды: сөздік, көрнекілік, сарамандық әдістер тобын.

2. Гиостикалық аспект-проблемелық ізденушілік әдістер немесе репродуктивті тәсілді қамтиды. Оған оқушылардың жаңа оқу материалын меңгеру жолдарын өз бетінше ойлап, проблемалық ахуал тудыру, тәсілдерін білу және шешу жолдары жатады. Ол-негізінен түсіндірме-көрнекі бейнелеу, проблемалық, жартылай ізденуші-зерттеу әдістері жатады.

3. Логикалық аспект-оқу материалын түсіндіру кезіндегі индуктивті, дедуктивті, продуктивті, синтезбен, талдау, салыстыру, қорытындылау, редукциялау, дерексіздендіру, жүйелеу тәсілдерінің әдістері жатады.

4. Басқару аспектісі-негізінен оқу-тәрбие қызметінде мұғалімнің басшылығымен оқушылардың өзбеттерінше орындайтын оқу қызметі кіреді.

 

2. Оқу қызметін ынталандыру мен уәждендіру әдістері

Ынтыландыру, уәждендіру әдістері- саналылықты, жауапкершілікті, табандылықты, талапкерлікті, сенімді, жаттығуды, қасиеттерді керек етеді.

Ынталандыру мен уәждендіру әдістері- қызықты жағдаятар тудыруды көздейді, оған танымдық ойындар, оқу танымдық айтыстар, ойлан тап жұмбақтары, кездейсоқ ахуалдар жатады.

 

3. Оқу қызметін бақылау және өзіндік бақылаулар

Оқу қызметін бақылау және өзіндік бақылаулар әдістеріне-ауызша, жазбаша ағымдағы қорытынды бақылаулар, фронтальды, топтық, жекелей, бақылаулар жатады. Техникалық құралдар және техникалық құралдарсыз бағдарламалап сұрау тәсілдері жатады.

Химияны оқытудың өзіне тән ерекше әдістерін атақты әдіскерлер Р.Г. Иванова, Л.А. Цветков жүйелеп жазды. Химияны оқытудың жалпы әдістерін олар үш топқа бөлінеді.

1. Түсіндірме-көрнекі бейнелеу немесе ақпараттық-репродуктивтік.

2. Ішінара-ізденіс

3. Зерттеу әдістері деп бөлінеді.

Оқытудың әрбір жалпы әдістер тобына жататын әдістер һз кезегінде сөздік, сөздік-көрнекі және сөздік-көрнекі сарамандық әдістер тобына бөлінеді.

Жалпы әдістер мұғалімнің өз қызметінің белгілі бір түрін таңдап алуын алдын ала анықтап, оқыту үрдісін ұйымдастыру ережелерін көрсетеді.тОлай болса, әдіс-ғылыми түрде негізделген ереже, іс-әрекетке басшылық, мақсатқа жетудің сол мақсатпен анықталатын тәсілі.

Әдістің негізгі мазмұны-ондағы іс-әрекет идеясы. Сонымен қатар аса маңызды белгісі оның әрқашан әрекет етушіге қатысы, өйткені нақзатсыз және осы нақзаттың белгілі қызметіне қатысты, олай болса әдіссіз іс-әрекет болуы мүмкін емес.

 

3.Түсіндірме-көрнекі бейнелеу әдісі

Түсіндірме-көрнекі бейнелеу әдісі- мұғалімнің екі негізгі іс-әрекетін, жаңа білімді баяндап түсіндіруін және оқушылардың дербес оқу әрекетін ұйымдастыруын көрсетеді. Мұғалімнің оқу материалын баяндауының үш түрі белгілі: монологтық, диалогтық және көрсетілімді пайымдау тәсілі, сондай-ақ оқушылардың өздігінен істейтін оқу әрекетін ұйымдастырудың да үш түрлі дидактикалық әдістері бар, олар: тапқырлық, зерттеу және бағдарланған тапсырмалар деп аталады.

Түсіндірме-көрнекі бейнелеу әдісі

Сөздік әдістер тобы Сөздік-көрнекі әдістер тобы Сөздік-көрнекілік-сарамандық әдістер
1. Баяндау (дәріс, әңгіме) Көрнекі құралдарды көрсетіп баяндауы Оқушылардың үлестірме материалдармен жұмыс істеуі
2. Әңгімелесу Көрнекі құралдарды көрсетіп әңгімелесу Химиялық тәжірибелерді орындауы
3. Мәтінмен оқушылардың өзіндік жұмысы Көрнекі құралдарды пайдаланып, өзіндік жұмыстар орындау Аспаптар құрастыру, модельдеу
    Жазба графикалық жұмыстарды орындау

 

4. Ішінара-ізденіс әдісі

Ішінара-ізденіс әдісі-танымдық әңгіме тәсілдерін проблемалық тапсырмалармен бірлікте шешеді.

Ішінара-ізденіс әдісі

Сөздік әдістер тобы Сөздік-көрнекі әдістер тобы Сөздік-көрнекілік-сарамандық әдістер тобы
1. Әңгіме (пікірталас, семинар) Көрнекі құралдарды көрсетілімді әңгімелеуі Үйлестіріп берілетін материалдармен жұмыс
Мәтінмен оқушылардың өзіндік-дербес жұмыстары Мәтінмен не көрнекі құралдармен оқушылардың дербес жұмыстары Химиялық тәжірибелерді орындауы
    Аспаптар құрастыру, модельдеу. Жазба графикалық жұмыстарды орындау

5. Зерттеу әдісі

Зерттеу әдісі кезінде мұғалімнің көмегінсіз шешілетін проблемалық міндеттер мен тапсырмалар басым болады; бағдарламаланған тапсырмалар да өз алдына әдіс болып, оқушылардың әр түрлі дәрежедегі оқу-танымдық қызметін қалыптастыратын бағдарламаланған тапсырмаларды орындау тапсырылады.

Зерттеу әдісі

Сөздік әдістер тобы Сөздік-көрнекі әдістер тобы Сөздік-көрнекілік-сарамандық әдістер тобы
Оқушылардың оқулықпен Оқу әдебиеттерімен Үйлестірме материалдармен жұмыс
    Химиялық тәжірибелерді орындауы
    Аспаптар құрастыру, модельдеу. Жазба графикалық жұмыстарды орындау

Бақылау сұрақтары:

1. Оқытудың мақсаты қалай жүзеге асады?

2.Оқыту әдістері қалай жіктеледі?

3.Оқу-танымдық қызметті ұйымдастыру әдістері қанша топқа жіктеледі?

Лекция

Тақырыбы: Химиялық есептер-химияны оқытудың бір құралы

Жоспары:

  1. Эксперимент есептерінің оқу-тәрбиелік маңызы және типтері
  2. Сан есептерінің оқу-тәрбиелік маңызы және жіктелуі

Лекция мақсаты: Химияны оқытудағы химиялық есептердің атқаратын рөлін анықтау және олардың түрлерін үйрету.

 

Лекцияның мәтіні:

1. Эксперимент есептерінің оқу-тәрбиелік маңызы және типтері

Химия есептері сан және сапа есептері болып екіге жіктеледі. Сапа есептерін эксперимент есептері деп те атайды, өйткені оларда сандық мәліметтер болмайды, химиялық тәжірибелер жасау арқылы шығарылады. Химиядан білім мен білік қалыптастыруда, оқушылардың алған білімін бақылап, бағалауда эксперимент есептерінің маңызы зор. Эксперимент есептерін шығару арқылы оқушылар теориялық білімін баянды етеді, іс жүзінде қолдана білуге үйренеді. Олар химиялық құрал-жабдықтармен және реактивтермен жұмыс істеу дағдыларын нығайтып, жетілдіре түседі. Эксперимент есептерін үзбей шешіп, машықтанғанда оқушылар өздігінен жұмыс істей білуге, ұқыптылыққа, өз ісіне сын көзімен қарауға үйренеді. Оқушылардың химиядан білім сапасы мен сарамандық әзірлігі эксперимент есептерін шығару үстінде айқын білінеді. Сондықтан химиядан мектеп бітіру емтиханы билеттерінің бір сұрағы эксперимент есебі түрінде беріледі.

Эксперимент есептері оқушылардың таным әрекетінің сипатына қарай бірнеше типтерге бөлінеді. Солардың мектепте іс-жүзінде жиі қолданылатындары: химиялық құбылысты бақылау және түсіндіру; заттың сапалық құрамын анықтау; затты тани білу, заттарды алу; заттың жіктелу белгілерін табу; қоспаның құрамын анықтау және бөлу; құралдар қарастыру.

Эксперимент есептерін шығарудың ең тиімді кең таралған тәсілі-анализ және синтез. Оқушы есептің шартын нақтылы талдау арқылы шешу жоспарын жасайды да, соған сәйкес іс-әрекеттерді жүзеге асырады.

 

2. Сан есептерінің оқу-тәрбиелік маңызы және жіктелуі

Сандық мәліметтер заттар мен құбылыстарды сан жағынан сипаттай отырып, химияны оқытудың білім мен тәрбие беру және оқушыларды дамыту міндеттерін нәтижелі жүзеге асыруға көмектеседі.

Сан есептері арқылы жаңа білім беріледі, алынған білім нығайтылады, жетілдіріледі және қолданылады. Есептеулер жасау арқылы химиялық теориялардың, заңдардың және ұғымдардың мәні ашылады, деректі материалдардың түсініктілігі артады, политехникалық білім беріледі, химиялық тілдің мағынасы нақтыланады.

Методикалық әдебиеттерде және арнайы оқу құралдарында сан есептерін жіктеудің бір ізгі түсірілген жүйесі кездеспейді. Бір автордың өзі сан есептерін әр түрлі негізге сүйеніп жіктейді. С.Г: Шаповаленко оқу материалының сипаты, түрі және символикасы бойынша сан есептерін жеті типке бөледі.

1 тип. Тәжірибе мәліметтері, масса сақталу заңы және құрам тұрақтылық заңы бойынша есептеулер

2 тип. Заттың қарапайым және нағыз формуласын табу.

3 тип. Химиялық формулалар бойынша есептеулер

2тип. Химиялық теңдеулер бойынша есептеулер.

3тип. Ерітінділер дайындау және олардың қанықпасын анықтауға байланысты есептеулер.

4тип. Газдың тығыздығы бойынша молекулалық массасын, молекулалық массасы бойынша тығыздығын және қалыпты жағдайда газдардың көлемін есептеу.

5тип. Аралас есептер.

Есептерді жіктеуді бір негізге келтіру үшін химияның зерттеу объектілері немесе оларды бейнелейтін химияның тілі тұрғысынан қарауға болады: 1) затпен байланысты есептеулер; 2) химиялық реакциялармен байланысты есептеулер; 3) ерітінділермен байланысты есептеулер; Сондай-ақ 1) химиялық формулалар бойынша есептеулер; 2) химиялық теңдеулер; 3) химиялық терминдер бойынша есептеулер.

 

Бақылау сұрақтары:

1.Химиялық есептер қанша топқа жіктеледі?

2.Эксперименттік есептердің оқытудағы қызметі қандай?

3.Сан есептерінің типтерін ата

Лекция

Тақырыбы: Оқушылардың білім мен біліктерін тексеру

Жоспары:

  1. Білім мен білікті тексерудің оқу-тәрбиелік маңызы
  2. Оқушылардың білім мен білігін тексеру әдістері мен түрлері
  3. Білімді бағалау
  4. Оқушылардың білімін есепке алу-оқу үрдісінің бір бөлігі

Лекция мақсаты: Студенттерге келешек мұғалім ретіндегі оқушылардың білімін қалай бағалау керектігін үйрету.

Лекцияның мәтіні:

  1. Білім мен білікті тексерудің оқу-тәрбиелік маңызы

Оқушылардың білімі мен білігін тексеру арқылы мұғалім өз ісіне талдау жасайды, қолы жеткен табыстарын молайтып, жіберген кемшіліктерінің себебін ашуға ұмтылады. Оқыту мазмұнына, ұйымдастыру формаларына, құралдарымен әдістеріне өзгерістер енгізеді, жетілдіреді.

Жүйелі жүргізілген тексеру оқушыларды әр сабаққа әзірленіп екелуге машықтандырады, өз ісіне деген жауапкершілігін арттырады, жолдастарының алдында есеп беруге, өз ойын анық және дәл жеткізіп, сөйлей білуге үйретеді.

Білім мен білікті күнделікті, тоқсандық жылдық және қорытынды тексеру арқылы оқушылар кластан класқа көшіріледі, мектеп бітіру емтихандарында сыналады.

Тексеру жүйелі және жоспарлы түрде жүзеге асырылуы тиіс. Тексеру үшін қажетті дидактикалық және техникалық құралдар, тексеру әдістері мен түрлері материалдың мазмұнына сәйкес алдын-ала әзірленеді.

Сонымен оқушылардың білімін, білігін және дағдысын тексеру дидактикалық жағынан алғанда бақылау, үйрету, бағдарлау және тәрбиелеу міндеттерін атқарады. Мұғалім оқытудың әр кезеңінде оқушылардың өтілген материалды қалай меңгергенін бақылайды. Бақылау нәтижесін талдау арқылы оқушыға бағыт-бағдар нұсқайды, білім алу жолындағы мақсатын орындауда қажырлы, адал және шыншыл болуға тәрбиелейді.

Тексерудің түрлері мен әдістері әр мұғалім жүзеге асыра алатындай қарапайым және оңтайлы болуы керек. Сонымен бірге білімді тексеру мен бағалау кезінде ақиқаттан алыстамаудың әділеттілік пен парасаттылықтан айнымаудың тәрбиелік маңызы зор екенін айрықша айтпаса болмайды.

2. Оқушылардың білім мен білігін тексеру әдістері мен түрлері

Методикалық әдебиеттерде оқушылардың білімі мен білігін тексеруді дидактикалық мақсаттарына қарай күнделікті, дүркінді және қорытынды тексеру деп жіктейді. Күнделікті тексеру- жеке сабақтарда, дүркінді тексеру- бір тақырыпты өткен соң, қорытынды тексеру- тоқсанның соңында, жыл аяғында жүзеге асырылады. Бұлардың әрқайсысы өткізу әдістері немесе білімнің алыну формасы бойынша ауызша сұрау, жазба жұмыстар және эксперименттік тапсырмаларға бөлінеді.

Осы кездегі педагогикалық және методикалық әдебиеттерде айтылып жүрген оқушыларда қалыптасуға және тексеруге тиісті біліктер мен дағдыларды үш топқа біріктіруге болады. Біріншісі-оқу жұмысын ұйымдастырумен байланысты біліктер мен дағдылар: жоспарлау, оқулықпен жұмыс істей білу; білімнің басқа құралдарын пайдалана білу; беретін жауабының жоспарын жасау; айтқанын дәлелдей білу, өзін-өзі бақылау және талдау. ЕКіншісі-оқушылардың даму өресін көрсететін қисынды біліктер мен дағдылар: анализ және синтез жасай білу; салыстыру; жіктеу; жалпылау; негізгісін таба білу; аналогия жасау; себеп-салдар байланысын ашу; жорамал жасай білу, оны дәлелдеу, қорытындысын шығару. Үшіншісі- еңбек істей білумен байланысты біліктер мен дағдылар: еңбек істеуге ыңғайы, жабдықтарды пайдалан білуі; реактивтермен жұмыс істей білуі; сақтық шараларын орындауы; техникасын меңгеруі; құбылыстарды бақылай білуі; бақылауды тіркеп жазуға икемділігі; уақытты тиімді пайдалануы, жұмыс орнының тазалығы.

Осы үш саладағы жалпы біліктер мен дағдылардың әрқайсысы химиялық материалды өткенде және химиядан тәжірибелер жасағанда қалыптасуы және тексерілуі тиіс.

Тексерудің қай түрі болса да тиімділігі мен дайындығына байланысты, оның негізгі түрлері тақырыптық жоспарда көрсетіледі. Күнделікті, дүркінді және қорытынды сұраулар үшін карточкалар әзірленеді.

 

3. Білімді бағалау

Білімді бағалау білімді есепке алудың бүкіл проблемесындағы ең даулы және көп айтыс тудыратын мәселелердің бірі болып табылады. Ол-іс жүзінде көп қиындықтар туғызады. Мұғалім дұрыс қолданатын жағдайда, баға өте күшті ынталандыратын құрал болып табылады және оның тәрбиелік үлкен маңызы болады.

Кейбір елдерде баға жүйесі тек жазбаша жұмыстар үшін ғана жасалған, өйткені жоғары да айтылғандай, жазбаша жұмыс батыс елдерінде білімді бағалаудың бірден-бір әділетті құралы деп саналады. Қазіргі кезде біздің елімізде бес балдық (іс жүзінде төрт балдық) жүйе қолданылады. Егер бағдарламаның жалпы талаптарын негізге алсақ, “5-тік” баға оқушыларға бағдарлама бойынша қойылатын талаптардың толық көлемдегі білім үшін; “4-тік” баға бағдарлама бойынша қойылатын талаптар көлемінен шамалы ауытқыған білім үшін; “3-тік” баға оқушыға одан әрі жұмыс істеуге мүмкіндік беретін білім үшін; “2-лік” баға оқушы бағдарлама бойынша одан әрі алға баса алмайтын жағдайда қойылады.

 

4. Оқушылардың білімін есепке алу-оқу үрдісінің бір бөлігі

Оқушылардың білімін жүйелі түрде есепке алып отырудың тәрбиелік маңызы зор, ол оқушыларды тәртіпті болуға, өз міндетіне жауапкершілікпен қарауға, мақсат қоя білуге еркін, зейін тәрбиелей білуге үйретеді. Әрбір сабақты уақытында шын пейілмен орындауға тәрбиелейді.

 

Білімді есепке алу жүйесін былай көрсетуге болады.

 
 

 


Оқушылардың білімін есепке алудың үш түрі бар: алдын-ала тексеру, ағымдағы тексеру және қорытынды тексеру. Алдын ала тексеру мақсаты: өткен жылғы білімдеріне сәйкес жүргізіледі. Соның негізінде жаңа білімді меңгеру көзделеді.

Ағымдағы тексеру оқушылардың білімін белгілі бір уақыттың ішіндегі өтілген материалдар бойынша жүргізіледі. Онда іскерліктер мен дағдыларды тексеру көзделеді. Ағымдағы тексеру оқушылардың жүйелі түрде дайындалып жүруіне негіз болады.

Қорытынды тексеру әр түрлі формада жүргізіледі, соның бір түрі-сынақ, ол әрбір тақырыптың не бөлімнің соңында жүргізіледі, қорытынды тексерудің екінші түрі-емтихан, онда оқушылардың білімі белгілі бір жүйелікпен қорытындыланады.

Бақылау сұрақтары:

1. Оқушылардың білімі мен білігін тексеруді дидактикалық мақсаттарына қарай қалай жіктейді?

2. Шетелдердегі білімді бағалаудың қандай түрлерін білесіңдер?

3. Оқушылардың білімін есепке алу?

Лекция

Тақырыбы: Орта мектепте химияны оқытудағы оқуды ұйымдастыру формалары

 

Жоспары:

  1. Химиядан оқу жұмысын ұйымдастыру
  2. Химияны оқытуды ұйымдастырудың басқа формалары

Лекция мақсаты: Мектептегі оқу жұмысын ұйымдастыру формаларын яғни сабақ, факультатив сабақтар, топсеруендердің маңызын анықтау

Лекцияның мәтіні:

1. Химиядан оқу жұмысын ұйымдастыру

Мектептегі оқу жұмысын ұйымдастыру формаларына сабақ, факультативтік сабақтар, топсеруендер, кластан тыс жұмыстар, өндірістік оқу сарамандығы жатады. Химияны оқытудың білім мен тәрбие беру, оқушыларды дамыту міндеттері, ең алдымен, сабақта шешіледі, содан соң басқа формаларында жетілдіріледі және тереңдетіледі. Оқыту барысы тұрғысынан қуалап келгенде сабақ үшінші басқышта тұрғанымен өзі күрделі дидактикалық жүйе құрайды. Сондықтан қазіргі дидактикада сабақты оқыту барысының барлық ерекшеліктері айқын білінетін бір бөлігі деп есептейді, яғни екінші басқышқа көтереді.

Химия пәнін тереңірек оқып үйренуге байланысты факультатив, қосымша сабақтар ұйымдастырылады. Сабақ- оқытудың сыныптық-сабақтық жүйесінің құрамдас бөлігі. Біздің елімізде оқыту сыныптық-сабақтық деп аталатын жүйе бойынша жүргізіледі. Оқытудың сыныптық-сабақтық жүйесі жалпы білім беретін орта мектептің бірден-бір жүйесі емес, жоғары сыныптарда, жоғары оқу орындарына тән сабақтық дәрістік-семинарлық жүйесі де қалыптасып келеді. Оқытудың жекелеп оқыту формасы, бағдарламалап оқыту формасыда қолданылады. Сыныптық-сабақтық жүйе- педагогика саласындағы бағалы жетістіктердің бірі. Оның 300 жылдық тарихы бар. Бұл жүйені көп елдің мектептері пайдаланады.

2.Химияны оқытуды ұйымдастырудың басқа формалары

Үй тапсырмасы оқытудың ұйымдастыру формаларымен тығыз байланысты. Химиядан берілетін үй тапсырмалары әр түрлі: оқу материалын-оқулықтан оқу, жаттығулар орындау, есептер шығару, кестелер сызу, анықтамалармен жұмыс, модельдер құрастыру, тәжірибелерді орындау, оларды байқау, рефераттар дайындау, оны хабарлап айтып беру, қосымша әдебиеттермен жұмыс. Тапсырма барлық оқушыларға бірдей жаппай не сараланып, әр оқушыға жеке дара беріледі. Үй тапсырмасын оқушылардың шығармашылық сипатта өз бетінше дамытатындай етіп беру керек. Оқушыларға тапсырма етіп берілген тақырыптың жоспарын жасау, жауап жазу, негізгіні негізгі еместен айыра білу ескертіледі. Үйтапсырмасын шамадан тыс көп беріп, ауырлатуға болмайды. Химиялық тақырыпта шығарма жаздырып, аспаптар құрастыруды да тапсыруға болады.

Консультация көпшілік жағдайда мектеп бітіру емтихандарына даярлық кезінде беріледі. Кәмелеттік аттестатқа емтихан тапсыру алдында 11-сыныптарда, кейде білімін жетілдіретін оқушылармен жүргізіледі, онда мұғалім сұраққа жауап береді, түсініксіз мәселелерді түсіндіреді, типтік есептер де шығарылады.

Сынақтар жоғары сыныптарда білімді тексеру және есепке алу мақсатында жүргізіледі. Тақырыптық сынақтар үлкен тақырыптардың соңында, не бөлімдердің аяғында жүргізіледі. Сынақты күндізгі мектептердің барлық оқушылары бірдей тапсырмайды, тек жекелеген оқушылар тапсырады. Сынақ тапсырмайтындар өзбетінше белгілі бір тапсырмаларды орындайды.

Емтихан- химиядан оқушылардың білімін емтихан арқылы тексеру, оқу жұмысының ерекше формасы. Оқушылар оқу жылының барлық кезеңдері бойынша бекітілген емтихан билеті бойынша есеп береді. Емтихан бойынша білімді тексеру білім министрлігінің арнаулы нұсқауы бойынша жүргізіледі.

Оқу жұмысын ұйымдастырудың басқа формаларына әр түрлі өндірістік саяхаттар, факультатив сабақтары, сыныптан тыс, мектептен тыс химия сабақтарында жатқызуға болады.

 

Бақылау сұрақтары:

1.Мектепте оқу жұмысын ұйымдастыру формаларына нелер жатады?

2.Химияны терең оқып үйрену ұйымдастыру формасының қай түріне жатады?

3.Сынақтар не үшін жүргізіледі?

Лекция

Тақырыбы: Сабақ- химияны оқытудағы басты ұйымдастыру формасы

 

Жоспары:

  1. Сабақ оқытуды ұйымдастырудың негізгі формасы

Лекция мақсаты:Сабақ-уақыт жағынан шекті оқыту үрдісі, оның барысында белгілі оқу-тәрбиелік мақсаттар жүзеге асатындығын студент бойына сіңірту.

Лекцияның мәтіні:

1. Сабақ оқытуды ұйымдастырудың негізгі формасы

Оқушыларға химиядан жүйелі білім беруде сабақ басты орын алады. Сабақ-өте күрделі, жан-жақты, қызмет атқаратын педагогикалық үрдіс.

Оқу жұмысын ұйымдастырудың көптеген формалары бар, сабақ-олардың негізгілерінің бірі. Сабақ-уақыт жағынан шекті оқыту үрдісі, оның барысында белгілі оқу-тәрбиелік мақсаттар жүзеге асады. Сабақ сипатына мыналар жатады:

1. Әрбір сабақ кестеге ендіріліп, уақытпен шектеледі, оның көлемі оқу бағдарламасымен анықталады.

2. Сабақ бағдарламалық дағдыны, іскерлікті, оқытудың құрамдас бөліктерін игерудің, жүйелеудің тұрақты формасы.

3. Сабаққа қатынасу барлық оқушы үшін міндетті. Сол арқылы олар химияны оқытудың мазмұнын меңгеріп жүйелейді.

Сабақтың көптеген анықтамасы бар. Сабақ дегеніміз-мұғалім мен оқушы арасындағы шығармашылық ізденіс, бірлесіп нәтижеге жететін ақыл-ой еңбегі. Саба&