Тапсырма.

1. Морфологиялық белгілерді білудің құндылығын анықтау.

2. Монолитті сипаттауға дағдылану.

Қажетті құралдар мен материалдар:Топырақ үлгілері, монолиттер, топырақ құрылымы үлгілері.

Қажетті құралдар мен материалдар:Топырақ үлгілері, монолиттер, топырақ құрылымы үлгілері, Захаровтың бояу түсі ұшбұрышы, кестелер.

Тапсырмаға түсініктеме.

Топырақты зерттеудің маңызды бөлімі топырақ кескінін морфологиялық (сыртқы) белгілеріне қарай сипаттау.

Морфологиялық белгілері арқылы топырақты жыныстан, бір топырақты басқа топырақтардан айыруға және топырақ түзілу процесінің бағытын, оның байқалу дәрежесін ажыратуға болады.

Топырақтың құрылысы – топырақтың генетикалық қабаттарының вертикал бағытта кезектесіп орналасуы. Топырақтың генетикалық қабаттарының геологиялық қабаттардан айырмашылығы олардың бір-бірімен тығыз байланыстылығында. Топырақ қабаттарында ауа, су, жылу, еріген тұздар және газдар бір қабаттан екінші қабатқа өтіп жиі алмасып отырады. Мынадай генетикалық қабаттарға бөледі.

А0 оргонегендік қабат, жерге түскен жапырақтардың органикалық қалдықтарынан және өлі өсімдіктердің сабақтану байламынан құралған. Тың жерлерде болады.

А – органикалық заттардың жиналу қабаты, кескіннің жоғарғы жағында қалыптасады. Бұл қабатты сипатына қарай былай ажыратады: А – қарашірікті аккумулятивтік қабат. Бұл қабатта органикалық (қарашірік) және қоректік заттар ең көп жиналған, минералдық заттардың бұзылуы және сілтісізденуі байқалмайды. Бояуы басқа қабаттармен салыстырғанда күңгірт болады. А1- қарашірікті- элювиальды қабат. Қарашірік жиналуымен қатар минералдардың бұзылуы және бұзылған заттардың төменгі қабаттарға шайылып жылжып тұруымен сипатталады. А2 – элювиальды қабат. Бұл қабатта топырақ түзілу процесінде бірқатар заттар төменгі қабатқа немесе топырақ кескіні астына шайылады. Сондықтан қабатта балшықты минералдар азайып кремний негізді заттар көбейеді.

В- иллювиальді немесе аралық қабат. Бұнда жоғарғы қабаттан шайылған заттар, кей жағдайда қанығуы жоғары рельефтерден жер асты сулары арқылы келген заттар жиналады. Топырақ кескінімен жылжыған заттарға байланысты иллювиальды қабат әртүрлі қосындылармен байытылуы мүмкін: гумуспен (Вh), лаймен (Ві), карбонаттармен (Вк), темір қосындыларымен (Вfe). Егер топырақта мұндай заттардың жылжуы болмаса В-қабаты иллювиальды немесе аралық қарашірікті аккумулятивтік қабаттан аналық жынысқа алмасу қабаты деп аталынады.

С – аналық жыныс. Өзгермеген немесе топырақ түзілу процестерінің сәл әсері болған жыныс.

Топырақты қабаттарға бөлгенде қабаттар алмасуына көңіл бөлу керек. Бір қабаттан екінші қабатқа алмасу сипатына қарай түзу, түзу емес, біртіндеп, анық және бірден деп бөлінеді. Бір қабат бояуының екінші қабат бояуына алмасуы 5 см созылса біртіндеп алмасу, 2-5 см анық, 2 см ге дейін бірден алмасу деп аталынады.

Топырақ түсі көзге ең бірінші байқалатын морфологиялық белгі. Басқа белгілерді ескере отыра топырақ түсі топырақтың типін анықтайтын негізгі белгі. С.А. Захаровтың анықтауы бойынша топырақ бояуы негізінен төмендегі қосындылардың үш тобына байланысты: 1) гумус; 2) темір қосындылары; 3) кремний қышқылы, көмір қышқыл әк пен каолин. Гумусты заттар қара, күңгірт сұр және сұр бояу береді.

Топырақ құрылымы – топырақ бөлшектене алатын түйіршіктер (агрегаттар). Олар бір-бірімен байланысқан механикалық элементтер және ұсақ агрегаттар. С.А. Захаровтың анықтауынша, негізгі үш құрылым типі бар: 1) Куб тәріздес – құрылым бөлшері бір – біріне перпендикуляр үш ось бойымен қалыптасқан; 2) призма тәріздес – бөлшектер негізінен вертикаль ось бойымен қалыптасқан; 3) тақта тәріздес – бөлшектер негізінен горизонталь екі ось бойымен қалыптасқан (7-кесте).

 

7 кесте – Құрылым классификациясы

 

Тегі Түрі Мөлшері
I — тип Куб тәріздес
Тоң кесекті — дұрыс емес және тегіс емес пішінді Ірі тоң кесекті Ұсақ тоң кесекті > 10см 10 — 1 см
Кесекті — дұрыс емес доғал пішінді, омырылу беті тегіс емес, бұдырлы қырлары байқалмайды Ірі кесекті кесекті ұсақ кесекті тозаң тәріздес 10 — 3 мм 3 — 1 мм 1 — 0,25мм < 0,25 мм
Жаңғақ тәріздес — сәл дұрыс пішінді, қырлары жақсы білінеді беті тегіс, қабырғалары өткір Ірі жаңғақты жаңғақты Ұсақ жаңғақты > 10 мм 10 — 7 мм 7 — 5 мм
Дәнді-түйіртпекті — пішіні сәл дұрыс, кейде домаланған, қырлары жақсы білінеді. Беті бірде бұдырлы, бірде тегіс, жылтыр. Ірі түйіршікті (бұршақ тәріздес) түйіршікті ұсақ түйіршікті 5 — 3 мм   3 — 1 мм 1 — 0,5 мм
II — тип Призма тәріздес
Бағана тәріздес — бөлшектер нашар пішінденген, қырлары түзу емес, қабырғалары домаланған. Ірі бағана тәріздес бағана тәріздес ұсақ бағана тәріздес > 5 см 3 — 5 см < 3 см
Бағаналы — дұрыс, жақсы жетілген вертикальды қырлы және жоғарғы жағы дөңгелене біткен, төменгі жағы тегіс пішінді. Ірі бағаналы   Ұсақ бағаналы 5 — 3 см   < 3 см
Призмалы — қырлары жақсы жетілген, тегіс жылтыр бетті, өткір қабырғалы.    
III — тип Тақта тәріздес
Тақталанған (қатпарлы) — көлденең жетілген қатпарлы жымдастық Тақталанған Плиткалы Пластинкалы Жапырақты > 5мм 5 — 3 мм 3 — 1 мм < 1 мм
Қабыршақты — мөлшері үлкен емес көлденең жымдастық, жиі өткір қырлы. Жұмыртқа қабыршақты ірі қабыршақты ұсақ қабыршақты > 3 мм 3 — 1 мм < 1

 

Бірігуі — тығыздықпен кеуектіліктің сыртқы байқалуы. Ол механикалық құрамына құрылымына топырақ фаунасының әрекеті және тамыр жүйесінің жетілуіне байланысты. Тығыздық дәрежесіне қарай топырақтарды былай бөледі: құйма, тығыз, қопсынды, бытыраңқы.

Кеуектілік құрылым бөлшектерінің ішіндегі және олардың арасындағы түтіктердің көлемі мен мөлшеріне байланысты.

Жаңа жарандылар — пішіні және химиялық құрамы әртүрлі заттардың жиналуы. Физикалық, химиялық, биологиялық процесстердің әсерінен және өсімдіктер мен жануарлардың тіршілік ету әрекетінен химиялық және биологиялық текті жаңа жарандылар жиналады.

Химиялық жаңа жарандыларды пішініне қарай былай бөлшектейді:

1. Жарғақтар мен қонымдар — топырақ бетіне жұқа пленка түрінде шыққан химиялық заттар.

2. Қабыршақтар, жұғындар — топырақ бетінде немесе жарықшақтарында жұқа қабат түрінде болады.

3. Арна, түтікше — құрт жолдары мен тамырлар жолдарына толған химиялық заттар.

4. Қабаттық — қабаттарда көп мөлшерде жиналады.

Топырақтағы жаңа жарандылар арқылы генезис және агрономиялық қасиеттерін бағалауға болады.

Егер жаңа жарандылар — топырақ түзілу процесі кезінде емес жаңа түзілген болса, онда ол агрономиялық қолайсыз қасиеттерге нұсқайды.

Кіріспелер — топырақ қалыптасу процесіне қатыссыз органикалық және минералдық заттар. Бұларға өсімдік қалдықтары, көң, жануарлар сүйектері, жыныстар сынығы, археологиялық қазбалар, кірпіш, көмір тағы сол сияқты заттар жатады.

 

БАҚЫЛАУ СҰРАҚТАРЫ:

1. Топырақты қандай негізгі морфологиялық белгілер сипаттайды?

2. Топырақ кескіні дегеніміз не?

3. Топырақтың құрылым классификациясы?

4. Жаңа жарандылар топырақ қасиеттеріне қалай әсер етеді?

 

III ТАРАУ. ТОПЫРАҚТАРДЫҢ ГРАНУЛОМЕТРИЯЛЫҚ ҚҰРАМЫ ЖӘНЕ ОНЫҢ МАҢЫЗЫ

 

Жұмыс мақсаты: Топырақтар мен жыныстардың гранулометриялық құрамын танап басында анықтау әдістерін (құрғақ, ылғалды әдістер) үйрену, зертханалық талдаулар көрсеткіштерінің көмегімен гранулометриялық құрамын анықтауға дағдылану.