Тасымал.

Буын.

Қазақ тілінде дауысты дыбыстардың бір ерекшелігі олардың буын құрайтындығы болып табылады. Сөзде қанша дауысты дыбыс болса, сонша буын болады. Мыс: а-та, ша-ға-ла, ке-ре-мет, т.б. Буынның айтылуындағы өлшемі мен, жазылуындағы түрі бірдей болып келе бермейді. Мыс: метр, литр сөздері жазылуында бір буын болғанмен, айтылуы екі буынды сөз. Сонымен кооператив сөзі жазылуда бес буын, айтылуда төрт-ақ буын. Қазақ тілінде екі дауысты қатар келгенде айтылуда бірінің түсіп қалуы да осыған байланысты. Мыс: келе алмады, бара алмады дегендер айтылуда ықшамдалып, келалмады, баралмады болып айтылады.

Тасымал.

Жазып келе жатқан сөздің бір жолдың бойына сыймай қалатын болса, тұтас бір буынды немесе көп буынды екінші жолға көшіруді тасымал дейміз.

Бір дыбысты ашық буын тасымалдауға келмейді. Мысалы, а-та. Екі-үш дыбысты тұйық буынды бөліп-жарып тасымалдауға болмайды. Мыс: ат, ант, ән, т.б. сияқты буындардың жігін ажыратуға болмайды. Бітеу буындарды да бөліп жаруға болмайды. Буын құрамындағы бір-бірінен ажыратуға болмайды. Бас әріптен тұратын қысқарған сөздер де бөліп тасымалданбайды.

Буын оның түрлері. Тасымал тақырыптарын оқыту.

Оқушыларға буынға бөліп айтқызып, жазылып үйреткенде, оған дағдыландырғанда, мына ережені ескеру керек. 1.Бірінші буын дауысты я дауыссызға аяқталуына қарамастан екінші не одан кейінгі буындар әрқашан дауыссыз деп басталып отырады. 2. Дауыссызардың арасында бір дауысты тұрса, дауыссыз дыбыс екінші буын құрамында айтылады. Ала, қа-ра, жеңіс. Олардың арасында екі дауыссыз болса, соңғысы екінші буын құрамына енеді. Бал-та, шақ-пақ, Ай-ман. 3. Үш дауыссыз болса, соңғы дауыссыз буынға қосылады: тарт-па, бұлт-ты, қант-қа. Қою,бояу, сия, ащы, тұщы сияқты сөздерді буынға бөлгенде, қо-ю айтылуы (қо-йу), ащы (аш-шы), тұщы (тұш-шы) түрінде болады. Жазуда ащы, тұщы буын жігін ащы, тұ-щы түрінде бөлуге болады, бірақ ол негізгі ережеге қайшы. Сондықтан оқушыларға мән-жайды түсіндіріп, ауызша аш-шы, тұш-шы деп бөлдіру керек.

«Тасымал» тақырыбы буынмен тікелей қатысты, сауатты жазуға дағдыландыратын тақырып болып табылады. Сондықтан жазуда дұрыс тасымалдату үшін, мына ережеге оқушыны дағдыландыру қажет: бір буынды сөз тасымалданбайды, тасымал буын жігінде болады, бірақ әр буында ең кемі екі дыбыса болады. Қа-ғаз, кі-сі. Буын құрамында бір әріп болса, яғни оқы, Омар, ерін, сия сияқты кейбір сөздер тасымалданбайды. Тасымалдың белгісі-дефис (кіші сызық). Ол жолдың оң жағына бір-ақ рет қойылады, сол жағына қойылмайды. Осы аталғандардың бәрі тақта көрнекілігі, жаттығулар, ережелерді қайталаулар арқылы іске асырылуы керек.

Екпін тақырыбын оқыту. V класта бұл тақырып екі мәселені қамтиды: 1) Негізгісі-қазақ тілінде екпіннің соңғы буынға түсетіні, сөзге қосымша жалғанған сайын екпін сөз соңына қарай жылжып отыратыны: жұмыс-жұмысшы-жұмысшылар; 2) ескерту ретінде орыс тілінен енген сөздердің белгілі буынға (басқа, ортаңғы, соңғы) екпіні сақталумен қатар, оған қосымша жалғанғанда, тағы да соңғы буынға түсетін екпіннің болуы: машина-машина+ға, техника-техника+ның, рекорд-рекрд+тан.

Бірақ бұл тақырыпта екпін түспейтін қосымшалар мен сөздер (шылаулар) ескерту ретінде болса да елену керек. Мысалы, жіктік жалғауға, етістіктің болымсыздық жұрнағына, тілек мәнді шы, ші жұрнағына екпін түспейді. Салыстыру арқылы анықтауға болады.

 

(Біз) оқушымыз (Біздің) оқушымыз

(сөзімді) бөлме (кең) бөлме

(кітапқа) жазба жазба (жұмыс)

(жақсылап) көрші (жақсы) көрші

(әдемілеп) үйші (шебер) үйші.

Үндестік заңы

Адамның тілі – дыбыстық тіл. Біз өз ойымызды осы дыбыстардың тіркесі тізбегі арқылы білдіреміз. Алайда дыбыстардың өзара тіркесуінде әр тілдің өзіне ғана тән белгілі бір қалыптасқан заңдылық, жүйе бар. Қазақ тілінде алдыңғы дыбыс (буын) өзіне кейінгі дыбысқа (буынға) ықпал етіп, игеріледі. Мұны тіліміздегі қосымшалардың көп вариантты болып келуінен көруге болады.Мыс: бірғана көптік жалғауы тоғыз вариантта ұшырайды. Оның атауы (лар, лер, дар, дер, тар, тер) орфографиялық норма болып есептеледі де, қалған үшеуі айтылуда ғана кездеседі. Олар лер (үйлер, түрлер), ер (күндер, шөптер).

Қазіргі қазақ тілінде түбір мен қосымшаның аралығында қатар келген буындар мен дыбыстардың өзара үйлесімі, яғни тілімізге тән, үндестік заңы мынадай болып келеді.

1.Түбірдің соңғы буыны жуан болса, оған жалғанатын қосымшалар да жуан буынды болады. Мыс: мал-шы-лық-та, ал-ды-рың-дар, қала-лық-тар-ға.

2.Түбірдің соңғы буыны жіңішке болса, оған жалғанатын қосымшалар да жіңішке буынды болып келеді. Мыс: мек-теп-тер-ің-ді, кел-ті-рің-дер, қате-лік-тер-ің-ді.

3.Түбірдің сңғы дыбысы дауысты не үнді болса, оған жалғанатын қосымшалар үнді не ұяңнан басталады. Мыс: бала-лар, бала-ға, бала-да, бала-мен.

4.Түбірдің соңғы дыбысы қатаң болса қосымша да қатаңнан басталады. Мыс: мақсат-қа, мақсат-пен, мақсат-тан, университет-те, университет-пен.

Дыбыстардың үндесуі немесе үндестік заңы қазақ тілі монологиясының ең өзекті мәселелерінің біріне жатады.

Ықпалдардың түрлері.

Үндестік заңы көрші дыбыстар мен буындардың бір-біріне ықпал етіп, бірінің екіншісіне бейімделіп тұруына негізделеді. Ықпал негізінен морфема мен морфеманың аралығында қатар келген дыбыстар мен буындардың арасында болады. Түбір морфеманың соңғы буыны қосымша морфеманы тілдік қатысы жағынан жуан немесе жіңішке етіп игеріп тұрады. Мыс: дала-ның, дала-ға, университет-тің, университет-ке, қасиет-ті. Сондай-ақ ерін қатысы жағынан да ықпал ете алады. Мыс: үй-ге, үй-дің, т.б.

Көрші дыбыстардың бірі игеріп, екіншісі соның ықпалына көніп, игеріліп тұрады. Игерудің өзі екі түрде болады.

1) толық игеру-дәл өзіндей ету. Мыс: ат-ты, кес-се, тарақ-қа, қап-пен, т.б. 2) Жартылай игеру-өзіне жуықтату, бейімдеу. Мыс: ат-қа, кес-ті, тарақ-ты, қап-қа, аш-ты. Игер бар жерде үнемі алмасу бола бермейді.

Игеретін дыбыстардың орын тәртібіне қарай қазақ тілінде дыбыстардың бір-біріне ықпалы үш түрлі болады.

1. Прогрессивті (ілгерінді) ықпал-алдыңғы дыбыстың кейінгі дыбысты өзіне тәуелді ету, игеруі. Көрші дыбыстардың алдыңғысы кейінгісін үнемі дауыс (салдыр) қатысы жағынан тәуелді етіп, игеріп тұрады. Сөздеріміздің біріңғай жуан буынды немесе жіңішке болып келуі де прогрессивті ықпалға негізделген.

2. Регрессивті (кейінгі) ықпал-прогрессивті ықпалға қарама қарсы кейінгі дыбыстың алдыңғы дыбысты тәуелді етуі, игеруі.

Соңы қ,к,п қатаңдарына біткен сөздерге дауыстыдан басталатын қосымша жалғанғанда әлсіз қатаңдар күшті дауыстылардың регрессивті ықпалына ұшырайды. Мыс: тарағы (тарақ-ы), керегі (керек-і), қабы (қап-ы). Регрессивті ықпал күрделі сөздердің (әсіресе біріккен, түбірлердің) буындары арасында жиі кездеседі. Прогрессивті және регрессивті ықпалды былай да түсінуге болады. Түбірдің дыбыстары мен қосымша дыбыстарының үндесу бағыты екі түрлі: бірінде-түбірдің соңғы дыбысының не соңғы буынының аузына қарай, қосымша дыбыстары өзгереді; екіншісінде-қосымша дыбыстарының ықпалымен түбір дыбыстары өзгереді.

3.Тоғыспалы ықпал – көрші дыбыстардың ілгерілігі кейінгіге қарсы әсері. Әдетте мұның өзі ек-ақ жағдайда оның өзінде де сөз бен сөздің арасында ұшырайды. Мыс: қаңғызыл (қан қызыл), оң ғой (он қой), меңгелдім (мен келдім), досшаран (дос жаран), қашшақсы (қас жақсы), қошшан (қос жан).

Қазақ тілінің лексикасы мен фразеологиясын оқыту әдістемесі. Қазақ тілінің жүйесінің құраушы кіші жүйе ретіндегі лексиканы және ара деңгей ретіндегі фразеологияны оқытудың мақсаты мен міндеттері. Берілген білім мазмұнының көлемі мен минимумы.

Жоспар:

1.Лексиканы оқытуда қойылатын талаптар

2.Лексикалық құралдарды іріктеу ұстанымдары

3. Сөздік жұмысын жүргізу әдістемесі

Лексиканы оқытудың білімдік, танымдық маңызы тіл білімі туралы ұғымды терең меңгертумен қатар, тілідң ең кіші бөлшегі- сөздің фонетикамен, морфологиямен, синтаксис және стилистикамен байланысын түсіне білуге, яғни, бүкіл тілдік жүйені меңгерумен орай оқушының ана тілі арқылы материалистік көзқарасының қалыптасуына мүмкіндік жасайды.

Екінші, тіл дамыту мақсатын ескеретін, яғни жиі қолданылатын лексика мен сирек қолданылатын лексиканы бөлек-бөлек іріктеуді талап ететін ұстанымдар:

а) Бағдарламада белгіленген тақырыптарға сәйкестікұстанымы. Бұл ұстаным бойынша лексикалық білім беруде қазақ тілі пәні материалдарына, тақырып мәселелеріне сәйкес келетін сөздер енгізіледі. Мысалы, 5-сынып оқушыларына сөздерді ұсынуда сөздің көп мағыналылығы мен ауыспалы мағыналардың жасалуы сияқты күрделі ұғымды сөздер таңдалынбайды. Өйткені, бұл күрделі ұғымды, сөздің мәнін, мағынасын біршама игергенмен, оны оқушылардың сөйлеуде қолдана білу дағдысы әлі дұрыс қалыптаспағаны байқалады. Сөздің ұғымын жалпы сол сөйлемдегі ойға байланысты түрде ғана түсінеді де, оның стилистикалық реңін меңгере бермейді. Мәселен, шақ, құйып қойғандай деген сөздің киімге байланысты жалпы мәнін ұғынуы мүмкін, ал құйып қойғандай деген тіркес ұғымы адам мүсінін жасау өнеріне байланысты екенін қабылдай бермейді.

ә) Ұғымды бейнелеу ұстанымы. Бұнда ұғым мәні бойынша сөздердің бейнелегіштік және көркемдегіштік қасиеттеріне байланысты сөз таңдап енгізу ұсынылады. Бұл ұстаным өз ойын бейнелеп, көркемдеп жеткізу үшін сөзді стилистикалық тұрғыдан дұрыс қолдануға үйретуде негізге алынады. Мәселен, бала сипаттау мақсатында мәтін құрастыру үшін онда тілдің көркемдегіш және бейнелегіш құралдарын қолдана білу дағдыларының болуын талап етіледі. Бұл құралдар туралы қазақ тілі пәні бойынша 5-8-сыныптарда таныстыру, дағды беру қарастырылмаған. Тек жүйелену үшін 9-сыныпта ғана стилистикаға байланысты мәліметтер беріледі. Дегенмен, 5-сыныптан бастап-ақ әдебиеттік оқу сабағында болсын, жаттығуларда болсын сипаттау мазмұндағы мәтіндер енгізілген. Біздің зерттеу жұмысымыздың нәтижесі бойынша баланың тілін дамыту үшін сол тілдің бейнелегіш құралдары ұсынылатын лексикалық минимум тізбесіне қосылу керек. Оны лексикалық материал ретінде «бейнелі сөздер» тақырыбымен, грамматикалық материалдар ретінде әр сөз таптарындағы (әсіресе, сын есім, үстеу т.б.) сөздердің қолданылуы бойынша минимум сөздікке ендіріледі.

б) Семантикалық ұстаным бойынша минимумға бағдарламалық материалдарға байланысты аса маңызды сөздер іріктелініп алынады. Мысалы, тіл білімін игеру үшін терминдер ұғымы игертіледі. Олай болса, оқушыға сол сыныпта оқытылатын пәндер бойынша терминдік сөздер таңдаулы қажет.

Үшінші топқа жататын ұстанымдар мыналар:

а) Сөздердің бір-бірімен тіркесу қабілетін ескеру. Бұл ұстаным бойынша минимумға неғұрлым көп сөздермен тіркесіп, грамматикалық мағынада жиі көрінетін сөздер енгізіледі. Бұл туралы тіл білімінде тіркестердің түрлері (есімді, етістікті), байланысу тәсілдері сияқты ұғымдар бар. Оқушының сөздік қорын дамыту үшін лексикалық минимум ұсынудың жиілік ұстанымының өзі осы сөздің тіркес құрау қабілетіне байланысты. Олай болса, сөздердің бір-бірінің тіркесу қабілеті лексикалық минимум ұсынудағы сөздерді сұрыптаудың ең маңызды өлшем бірлігі болмақ.

ә) Сөз тудыру құндылығы немесе сөздің туынды сөздерге негіз болу қабілеті. Бұл ұстаным бойынша неғұрлым көп туынды сөздерге негіз бола алатын, сөйтіп жаңа сөздің мағынасын болжауға, өз бетімен түсінуіне мүмкіндік беретін сөздер алынады. Бұларға қоса б)сөздің көпмағыналылығын ескеру, в)стилистикалық шекті мәнді сөздерді енгізу ұстанымдары да бар.

Адамның сөйлеу әрекеті, оның құрылымдық типологиялық ерекшеліктері жоғары лингвистикалық шамалар лексикалық, морфологиялық, семантика-синтаксистік ерекшеліктер нәтижесінде қалыптасады.

Мектепте сөздік жұмысы бес бағытта жүргізілді:

1) Балалардың сөздігін байыту, яғни оқушыларға бұрын сөйлеуінде қолданылмаған жаңа сөздер үйрету, олардың мағынасын, ұғымын түсіндіру;

2) Сөздіктерін анықтау, яғни бұрыннан білетін сөздерінің мағына, ұғым түсініктерін тереңдете түсу;

3) Сөзді сөйлеу әрекетінде орынды қолдануға мүмкіндік жасау, яғни әрбір оқушы сөйлегенде, сөйлем құрағанда, мүмкіндігінше, ыңғайына қарай сөздік қорын молайту;

4) Әдеби тілге жатпайтын сөздермен таныстыру, тіл мәдениетін арттыру.

5) Сөзді сан жағынан және сапа жағынан байыту .

Баланың сөз игеру қабілеті әр сыныпта әр түрлі екендігін көрсетеді. Оның негізі оқушылардан сөзді белгілі бір қарым-қатынас түрі (ауызша, жазбаша) мен оның тіл стилдеріне байланысты қолдану ерекшелігі болатындығы байқалады. Мәселен,5-6-сынып оқушылары тура мағынадағы сөздерді, яғни жаңа үғымдарды қалыптастыруға байланысты сөздерді игерудегі белсенділігі байқалса, 7-9- сынып оқушылары сөздердің ауыспалы мәні мен бейнелі мәнін игеру қабілеттілігі байқалады. Сондықтан баланың сөздік қорын байытудағы лексикалық минимум беру екі бағытпен жүргізіледі. 1) Сөзді сандық жағынан жаңа ұғымдарды қалыптастыру 2) Сөздерді сапалық жағынан, қолданылуын игерту, яғни сөздің мәні бойынша сөздік қорын дамыту

Синонимдердің мағыналарының бір-бірінен айырмашылығын, және мағыналардың осы көріністері мәтіндегі қолданылатын сөзді таңдауды айқындайды, оқушылардың тіл дамуын жетілдіреді, сөзді дұрыс, нақты қолдануға дағдыландырады.

Сабақ үлгісі: Оқушының игеретін икемділіктері мен дағдылары:

1. Етістіктің шақ категориясы бойынша сөздік қорын байыту:

а) лексикалық мағыналы сөздер бойынша;

ә) шақтың жұрнақтарының грамматикалық мағына жасау ерекшеліктері арқылы;

б) игерген сөздерін қолдана білуге жаттықтыру;

в) сөздерді тіркестіре білу дағдысын қалыптастыру;

г) сөйлем құрау икемділігін дамыту;

д)белгілі бір шақта тұрған баяндауыштың мәтінде қолданылудың балалардың омонимдердің өзіндік ерекшеліктері мен анықтамасы жөнінде түсінігін қалыптастыру.

а) Жаттығулар мәселелік ахуалдар негізінде түзіліп, оқушының шығармашылық қабілетін дамытуға негізделуі шарт.

ә) Жаттығулар оқушылардың өздік жұмыстары арқылы іске асырылады.

б) Жаттығулардың өтілген тақырыптарға негізделуі;

Жаттығулар стандарттық сабақтың құрылымы мен мақсатына қарай өтілген материалдарға негізделеді.

в) Жаттығулардың логикалық жүйелілігі; Жаттығулардағы тапсырмалар өзара логикалық байланыста болады.:

а) Сөз мағынасын ашу тәсілі;

1-тапсырма. Көрші ауылда болған жаманат сол заматта-ақ бізге келіп жетті. Мынау жаман ат. Асқар кешегі тірлігінен кейін жаман атқа ие болды. Осы үш сөйлемдегі «жаманат» сөзінің мағынасы «суық хабарға»сәйкес келе ме?

2-тапсырма «Жаманат» сөзінің түсінігін беріңдер. Бұл сөздің мағынасы оқиға, зат, құбылыс, әңгіменің қайсысына қатысты?

Оқушылар мұнда сөздердің мағынасын дұрыс түсінуге дағдыланады.

3-тапсырма «Жаманат» сөзін қандай сөздермен тіркестіре аламыз? адам, жануар, зат, құбылыс.

Бұл тапсырма арқылы шәкірттер сөздерді тіркестіру дағдыларын меңгерді.

ә) Сөздің көп мағыналығын түсіндіру тәсілі;

1-тапсырма. Сыртқа шықсақ даланы қараңғылық басыпты. Көңіл қараңғылығын кім ашады, кім сәуле шашар екен? Деген сөйлемдердегі «қараңғылық» сөзінің мағынасын ажыратыңдар.

2-тапсырма. “Қараңғылық басыпты” деген сөз тіркесіндегі «қараңғылық» сөзінің қандай мағыналық жағы «көңіл қараңғылығы» сөз тіркесінде қолданылып тұр?

Тапсырма арқылы балаларда сөздердің ауыспалы мағыналары туралы біліктері дамытылды.

3-тапсырма. Қараңғылық сөзі мына сөздердің қайсысымен тіркесе алады: тау, жолдас, жануар, түн. Себебін түсіндір.

Осы сияқты тапсырма арқылы шәкірттерде сөздерді дұрыс қолдану дағдылары жетілді.

Қорыта келгенде, оқу жүйесінің бағдарламасына байланысты жүргізілетін пән сабақтары балаларға білімнің алуан түрлі саласынан ақпарат берумен қатар, олардың сөздік қорын молайтып, сөзді өз мағынасында пайдалануға дағдыландырады, тәрбие алады.

Лексикалық ұғымдар және оларды меңгерту әдіс-тәсілдер жүйесінің ерекшеліктері.

Жоспар:

1.Оқушы тілінде байқалатын лексикалық қателер және оларды болдырмау жолдары.

2. Лексиканы меңгерту барысында оқушыда қалыптастырулы тиіс машық-дағдылар.

Баланың жеке сөз бен сөз тіркестерінің қолданылуы туралы білім беру арқылы оқушылардың ойын дамытуға болады.

Қазіргі заманғы педагогикалық ой-тұжырымдарда гуманизм идеялары, еркін білім беру, оқушының жеке тұлғалық күшін дамыту, оның шығармашылық ерік-жігерінің дамуы басты рольді атқарып отыр.

Оқушының шығармашылық қабілетін дамыту үшін бірнеше шарт орындалуы тиіс. Олар: оқушының шығармашылық қабілетін дамытуды жүйелі түрде жүргізу; жүйелі түрде шығармашылық әрекет жағдайында болуы; ойлау мүмкіндігінің ең жоғарғы деңгейіне жетуі.

5-6-сынып оқушыларының сөз байлығы мен сөйлеу дағдысын бақылап, олардың ауызша және жазбаша жұмыстарына талдау жасалынды. Сондай-ақ озат мұғалімдердің тіл дамытуға байланысты ұйымдастырған сабақтарына қатысып, талдап, тәжірибе материалдары жинақталады. Бұл кезеңдегі мақсат: оқушылардың тілін зерттеу, ауызша және жазбаша тіліндегі сөздік қателерін және оның себептерін анықтау; оқушылардың сөздік қорын байыту барысындағы жұмыстардың, сабақтардың жүргізілу сапасын байқау; тіл ұстартуға әр сынып бойынша берілген бағдарламалық сағаттардың дұрыс игерілуі мен сөздік жұмыстарын зерттеу; сөздік қорды байыту жұмыстарының мазмұнын, көлемін, жүйесін және білім мен дағдыны беру жолдарын белгілеу.

Лексикалық бірліктерді орнымен қолдана білуді жаттықтыру мақсатында талап қоя отырып, олардың көп мағыналы, синоним және фразеологиялық тіркестерді қолдану дағдысы бойынша мазмұндама алынды.

Мектептегі оқытылатын қазақ тілі жүйесінің ұғымдары мен терминдерді меңгерту жолдары. Термин сөздерді үйрете отырып, балалардың тілін дамыту пайдалы, тиімді жұмыстардың бірі. Мұғалім кез-келген термин сөздерді беталды түсіндірмеуі тиіс. Пәндер бойынша жинақтап термин сөздерді топтастырып түсіндіру керек. Мысалы: грамматика, фонетика, сингорманизм тіл ғылымына қатысты терминдер екендігін және олардың мән-мазмұнын түсіндіру керек, сол секілді басқа ғылым салаларындағы терминдерді де топтастырып қарастыру тиімді. Оқыту әдістері қолданылу мақсаттарына қарай әрі олардың атқаратын қызметтері тұрғысынан бір-біріне принциптік ұқсастығы бойынша төмендегі үш түрге топтастырылады: оқу процестерін ұйымдастыру әдістері; оқушылар үйренетін білім көздерінің әдістері; нақтылы оқу міндеттерін белгілейтін әдістер.

Осы әдістерді қолдана отырып, сабақ материалы бойынша жұмыс жүргізгенде, мұғалім мен оқушылар арасындағы педагогикалық қарым-қатынас әрі кері байланыс амалдары ұштастырылады, сонымен бірге ұстаз бен шәкірттер арасындағы жұмыстардың бірлігі айқын көрініс береді. Аталған әдістердің маңыздылығы тап осында.

Ескерілетін бір методикалық мәселе – жоғарыдағы әдістердің біреуі сабақ процесінде басым роль атқаруы мүмкін. Солай екен деп әдіске ерекше артықшылық беріп, сабақтың басым көп уақытын сол әдіс арқылы ұйымдастыру сабақ сапасына нұсқан келтіреді. Ондай сабақтан, әсіресе төменгі сыныптарда, тиімді нәтиже шығуы екіталай. Сабақтың бір сарынды жүргізілуі оқушыларды жалықтырады, енжарлық сезімге бөлейді.

Оқушы білімін қалыптастырудың негізгі тәсілі–білім бекіту жаттығулары. Оқушы білімі белгілі тілдік материалды, грамматикалық ереже-анықтамаларды өту үстінде бекітіледі. Оқушылардың грамматикалық білімді меңгеруінің беріктігі мен сапасы төменгі көрсеткіштер бойынша сипатталады.

1. Оқушылардың грамматикалық құбылыстарды бір-бірінен ажырата біліп, олардың өзіндік ерекшелігін көрсете алуы.

2. Грамматикалық терминдерді дұрыс қолдана білуі.

3. Оқушының ереже мен анықтамаға саналы түсініп, байланысты түрде баяндауы, оларды дәлелдеу үшін лайықты мысалдар келтіре алуы.

4. Оқушының грамматикалық ережелерді жазбаша жаттығу орындағанда, сөйлеу практикасында қатесіз қолдана білуі.

Оқушыларды грамматикадан сапалы, берік біліммен қаруландыру мақсаты білім бекіту жұмыстары арқылы жүзеге асады. Білім бекіту жұмысы ауызша, жазбаша жаттығулар жүйесі бойынша жүргізіледі. Жаттығулар арасында грамматикалық талдау жұмысының маңызы ерекше. Ол тілдік фактілерді жетік білуге, ережелерді дұрыс қолдану дағдысына үйретеді.

Білім бекіту жұмысы ауызша және жазбаша жаттығу жұмыстары арқылы жүргізіледі. Олардың негізгі түрлері мыналар:

1. Көру, есту қабілетіне сүйенетін көшіріп жазулар.

2. Орфографиялық тапсырмалар. Мысалы, әдейі қалдырылған әріптерді тауып сөзді толықтыру немесе сөз тұлғаларын өзгерту.

3. Есту, көру қабілетіне сүйенетін әр алуан диктанттар мен мазмұндамалар.

4. Әр түрлі шағын шығармалар.

Қазақ тілі пәнінен тоқсандық, жылдық бір ғана жиынтық баға қойылады. Соның өзінде тоқсан бойындағы бағалар негізге алынады.

Оқыту әдістемесі дегеніміз – белгілі бір пәнді оқып үйрену кезінде мұғалімнің оқушы әрекетін ұйымдастыру тәсілі. Оқыту әдісінің қай-қайсысы болсын, мұғалім мен оқушылардың өзара байланысын көздейді, олар оқыту процесінде бір-бірімен тығыз байланысты болады.

Қазақ тілін оқыту әдістемесінде мынадай ұстанымдар бар: ғылымилық принцип, яғни мектепте оқылатын материалдың мазмұны тіл біліміне, оның ұғымдарына, логикасына, құрылымына сәйкес келеді; жүйелілік ұстанымы, яғни тіл білімі саласындағы мағлұматтар жиынтығын біртұтастыққа, сымбатты, өз бөліктерінің арасы бір-бірімен тығыз байланыста, шарттастықта болуы; сабақтастық. Бірізділік ұстаным, яғни алынған материалдардың соңғысы алдыңғысынан туындайды және соған негізделеді; сабақты алдын ала болжалдау ұстанымы, яғни оқыту тек әрбір сабақтың мақсатын көздемей, сол сабақта не оқытылады, қазіргі оқытылып жатқан материалдарды оқушылар ұққанда, оның келешектегі материалға қандай материалға қандай пайда тиеді дегенді ескереді; саналылық– оқушылардың оқылатын материалды толық түсінуі, оқығанын жаттанды емес, мән-мағынасына ой жүгіртіп игеруі; белсенділік–оқушылар материалды өзінің бар ақыл-ойын жұмсап, күш салып, ойлау белсенділігінің арқасында ұқсастық байланыстарын немесе ерекшеліктерін анықтау арқылы игеруі; түсініктілік–шама-шарықтылық, яғни оқылатын материал оқушылардың жас ерекшелігі мен жеке басының мүмкіндіктігіне шақталуы, олардың өсу дәрежесі мен даярлығына сәйкес болуы тиіс; беріктігі–пән бойынша сабақтарды ұйымдастырғанда, бұрын өтілген материалды белгілі дәрежеде естерінде сақтауға мүмкіндік туғызып, керек болған жағдайда оны өздерінің іс-мақсаттарына пайдалана алатындай болғаны абзал; теорияның практикамен, өмірімен байланыстығы–қазақ тілін оқытудың негізгі практикалық мақсатты көздейді, ол мақсат – қоғам өмірінің талап-тілегімен, мұқтажымен белгіленеді. Оқушылардың теориялық білімі мектепте оқу міндеттерін шешуге қажет болса, келешек өмірінде өндірістік сипаттағы міндеттерді шешу үшін қажет болады.

Фразеологияны оқыту әдістемесі.

Жоспар:

1.Фразеологияны оқытудың мақсаты мен міндеттері.

2.Фразеологияны мектеп барысында ұлттық дүниетанымын ерекшеліктерін таныту.

Лексикалық бірліктерді орнымен қолдана білуді жаттықтыру мақсатында талап қоя отырып, олардың көп мағыналы, синоним және фразеологиялық тіркестерді қолдану дағдысы бойынша мазмұндама алынды.

Фразеологияның жолдары. Фразеологияны оқытуда көрнекі құралдары, қосымша әдебиеттерді пайдалану жолдары. Фразеологияны оқьпуда көрнекі құралдары, қосымша әдебиеттерді пайдану жолдары.

Салыстыру, жинақтау, талдау қарама-қарсы қою ақыл-ой әрекеттерін үйренген оқушылар өздерінің сөздік қорындағы сөздерді ауызша және жазбаша сөйлеу үдерісі кезінде мағынасы мен қызметіне қарай орынды қолдануға дағдыланады. Сөздік қорды молайтуға арналған лексикалық 5 – 6 сыныптағы қазақ тілі бағдарламасында сөз тіркесі туралы білім беру қарастырылмаған, бірақ сөз таптары оқытылатын болғандықтан оқушыларға сөз таптары бойынша білім мен білігін арттыру мақсаты сөз тіркесінсіз игерілмейді.

 

№9 Дәріс Тақырып: Сөзжасамды оқыту әдістемесі

Жоспар:

1.Мектепте сөзжасамды оқытудың маңызы, мазмұны, міндеттері мен танымдары. Сөзжасамды сөз таптарымен, орфографиямен, тіл мәдениетімен және стилистикамен байланыстыра оқыту. Жаттығулар жүйесі. Сөзжасамдық норма. Сөздерді сөзжасамдық және морфемдік талдаудың әдістемесі. Сөзжасамды оқытуда көрнекі құралдар мен техникалық құралдарды, сөздіктерді пайдалану.

2.Грамматиканы (морфология, синтаксис) оқыту әдістемесі

Мектепте грамматиканы оқытудың мақсаты мен міндеттері. Мектепте оқылатын грамматикалық ұғымдар жүйесі мен оларды меңгерту әдістері. Грамматикадан берілетін эмпирикалық және теориялық білім мазмұны көлемін анықтау. Грамматикалық дағды, оның түрлері. Грамматикалық қатемен жұмыс жасау әдістемесі.

Грамматикалық талдау әдістемесінің теориялық негіздері. Талдаудың түрлері. Грамматикалық терминдер.

Мынадай грамматикалық жаттығулар жүргізіледі; 1)заттармен құбылыстардың атауын жіктеу, топтастыру; 2)түбір сөзден бірнеше түбірлес сөздер жасау; 3) заттың атын, сапа-белгісін, іс-әрекетін білдіретін сөздерді жинақтау т.б.

Сөз жасам туралы білім мен дағдысына орай тіл дамыту жұмысы зерттеуімізде екі бағытпен қатыстырылды:

1.Тіл дамытуда қосымшалардың жұрнақ, жалғау мәні мен қолданудағы қызметін танудың баланың сөздік қорының толығуына ықпал жасайды. Зерттеумізде ол үшін жұрнақтардың мына сияқты ерекшеліктер туралы қарастырылады. Мәселен, сөзжасам жүйесіндегі жұрнақтардың әрқайсысының мәнін үйрету мына бағытта жүргізіледі:

1)түбір сөздің лексикалық мағынасын өзгертеді; мысалы, ән-ші, дәрі-гер, т.б.

2)жұрнақ жалғану арқылы да көп мағына жасалады. Мысалы, шалма (етістік), шалма (зат).

3)жұрнақ жалғану арқылы көркемдегіш, бейнелегіш құралдар да жасалады. Мысалы, үй-үйдей, т.б.

2. Жұрнақтар сөз таптарының қызмет мәніне қатысты болады. Сондықтан сөзжасам материалдарын оқыту арқылы оқушылардың тіл дамыту бағытындығы мына төмендегідей іскерлік пен дағдысы қалыптастырылыды:

а)тіл дамытуда сөз құрамының түбір мен қосымшалар туралы білімін, сөздердің құрамына қарай түрлерін, сөзжасам элементтерін үйретуде оқушылардың сөздік қорын байыту мақсатында қолданылады. Ол үшін әрбір сөздің түбірін, жұрнақ пен жалғауының, сөз формасының тіліміздегі қолдану ерекшеліктері туралы білім мен дағды беріледі.

ә) сөз үйрету барысында, сөздік жұмысы мен оқушылардың сөздігін арттыру мақсатында сөзжасам формаларының әр сөз табына қатыстылығы мен байланыстылық мәніне орай топтастыра мәлімет беру мен үйрету тиімді.

б) сөз таптары бойынша сөздердің мәні мен ерекшіліктері, түрлері қызметін үйрету арқылы сөздік қорын байытуға болады.

в) сөз таптары бойынша сөздердің грамматикалық мағынасы, тіркеске түсу ерекшілігі мен сөйлем құраудағы маңызын үйрету арқылы қолдана білуге жаттықтырылады.

г) сөз таптарын стилистикалық және функционалдық жақтарын қамти оқыту арқылы сөздерді шығармашылықпен өз тәжірибиесінде қолдана білуге жаттықтыру жұмыстар жүргізіледі. Мысалы:

-берілген үлгі бойынша сөз тіркесін немесе сөйлем құрау;

-сөздер мен сөз тіркестерінің сөйлемдегі қолдану бойынша салыстырмалы талдау жасау;

-белгілі сөйлемдегі сөздерді мәндес, вариантты, синоним сөздермен ауыстырып байқау;

-тірек сөздер арқылы мәтін құрастыру, т.б.

1.Сөз жасамды оқыту барысында сөздік қорды молайту. Мектеп оқушыларының сөздік қорын молайту жұмыстарында сөздердің жасалу жолдарына арналған жаттығулардың алар орны ерекше. Себебі оқушылар сөздердің жасалу тәсілдерін үйрену арқылы түрлі сөздердің, мағынасын өзгерте алатындығын танып біледі. Бұл оқушылардың сөздік қорындағы сөздерді орынды қолданып , оларды белсенді пайдалануына септігін тигізеді. Оқушылар сөздердің мағыналарын жеке дара ретінде қолданбай, олардың күрделі грамматикалық құрылыс негізінде жасалынған бүтіндік екендігін аңғарады. Сонымен қатар әрбір сөздің грамматикалық құрылысы әркелкі болатындығын, бұл құрылыс грамматикалық заңдылықтар арқылы жасалатындығын ұғынады. Сөз жасамдық тәсіл арқылы оқушылар сөздің лексикалық және грамматикалық мағынасын жете түсініп, өздерінің сөз мағыналары жөнінде мағлұматтарын кеңейтеді.

Оқушылардың сөздік қорын байытуда сөзжасам оқыту тәсілі арқылы жүргізілген жұмыстар барысында мынадай дағдылар мен біліктері қалыптасады:

-жаңа сөздердің жасалуындағы түбірдің қасиетін, қызметін сезінеді;

-жаңа сөздерді жасауда түбірдің мағынасына қосымшалар жалғай отырып, үстеме мағына қосылатындығын аңғарады.

-сөздердің түрлі мағыналық қолданыстарын ажырата біледі;

-сөздің тек лексикалық мағынадан тұрмайтындығын, оның грамматикалық мағынасы да бар екендігін игеру арқылы ұсынылған сөздер бойынша, мәтін құрастырып, ауызша-жазбаша сөйлеуге жаттығады. Нәтижеде игерген сөздік қорын өз тәжірибесінде қолдана білуге дағдыланады.

 

№ 10 Дәріс Тақырып: Морфологияны оқыту әдістемесі

Жоспар:

1. Морфологияны оқытудың мақсат, міндеттері мен жалпы әдістемелік ұстанымдары.Орта мектепте морфология курсынан берілетін білім мазмұны және қалыптасатын қабілетін пен дағды. Морфологияны оқытудың жеке әдістемелік ұстанымдары: лексика-грамматикалық, парадигмалық, морфология-синтаксистік.

2. Мектепте морфологияны оқытудың ғылыми-практикалық маңызы.

Морфологияның оқушылардың логикалық ойлауын дамытудағы рөлі.

Морфологияны теориялық деңгейде оқытудың практикалық іскерлікті дамытудағы маңызы.

3. Негізгі морфологиялық ұғымдар. Сөз таптары ұғымының ішкі мазмұнын танытудың жолдары. Атауыштық сөздер мен көмекші сөздерді оқьпудың өзіндік ерекшеліктері. Морфологияны оқытуды синтаксистік негізде жүргізудің маңызы. Морфологиялық жаттығулар, олардың ішкі жүйесі. Морфологиялық талдау және оны жүргізу әдістемесі.

4. Грамматикалық қателер, оны болдырмаудың жолдары. Морфологиялық жаттығулар, оларды қолдану жолдары. Морфологияны оқытудағы көрнекілік пен қосымша оқу құралдар жүйесін пайдалану әдістемесі.

Морфология–грамматика жүйесінің бір бөлігі екендігі. Мектепте морфологияны оқытудың жалпы білім берудегі және практикалық маңызы. Морфологияның жалпы білім берушілік құндылығы–тілдің табиғатын терең қамтитын сала екендігі, оқушылардың логикалық ойлауын дамытудағы кемшіліктері мол екендігі, тілдік фактілердің мәнін түйсіндірудегі көмегі зор. Морфологияны теориялық деңгейде оқытудың практикалық іскерлікті дамытудағы маңызы. Морфологияны оқытудың практикалық маңызы қазақ әдеби тілінің ұғымдарын оқушыларға меңгертудегі үлкен орнымен, бала тіліне тән емес ұғымдарды меңгерту арқылы оқушының тілін байыту мүмкімдігімен басталады, сауатты жазудың ережелерін меңгертудің негізі болып табылады. Морфологияны оқытудың ұстанымдары. Негізгі морфологиялық ұғымдар. Сөз таптары ұғымының ішкі мазмұнын таныту. Атауыштық сөздер мен көмекші сөздерді оқьпудың өзіндік ерекшеліктері. Морфологияны оқытуды синтаксистік негізде жүргізудің маңызы. Морфологиялық жаттығулар, олардың ішкі жүйесі. Морфологиялық талдау және оны жүргізу логикасы. Морфологияны оқытудағы көрнекілік пен қосымша оқу құралдар жүйесін пайдалану әдістемесі. Мектеп бағдарламасында морфология материалдарын оқытудың өзіндік мақсаты бар. Морфологиялық заңдылықтарды оқыту дидиктикалық принцип негізінде іске асырылады.

Қазақ тілі морфологиясының қарастыратын нысаналары тілдің бірден-бір нақты, әбден қалыптасқан өзекті мәселерелінің бірі болып есептеледі. Сондықтан қазақ тілі морфология матералдарын оқытуды зерттелмеген екіұшты мәселелер кездеспейді.

Морфология–сөз және оның грамматикалық көрсеткіштері туралы ілім. Әрбір сөздің контексте нендей өзгеріске түсіп, грамматикалық қандай мағына мен қызметке ие болып тұрғандығы ескертіледі. Морфологияны оқытуда мұғалімдерден қазақ сөздерінің қандай топқа бөлінетінін, ол топтардың әрқайсысының өзіне тән қандай грамматкиалық сыр-сиаптының барлығын және контексте қандай қызмет атқаратындығын оқушыларға білдіру талап етіледі.тілдің заңдылықтарын тәжірибеде дұрыс пайдалана білуге дағдыландыру, баулу жұмыстары әр сабақ үстінде үнемі ескеріліп, іске асырылып отырылатын негізгі өзек болады. Сондықтан тіл деректерінің сапалы да, тиянақты меңгертілуі мұғалімдердің теориялық біліміне тікелей байланысты. Мұғалім тілдің ішкі заңдылығын терең білсе, оқушыға берілетін білім де, тілдің жүйесі де, тараулары да өзара байланысып дұрыс оқытылады. Қазақ тілі мен әдебиет пәнінен оқытатын ұстаздарға ортақ грамматикалық бір тұлғаны екінші бір ұқсас категориялармен шатастырып алушылық жиі ұшырасады. Сонымен қатар, кейбір тақырыптардың сыр-сипатын саралап, нақтылап беруде, кейбір ұстаздар грамматикалық талдауға үстірт қарап, оқулықта берілген ереже. Анықтамалар мен мысалдарды қайталап айтып берумен шектелетін жайттар да бар, мұндай кемшілік жіберілмеуі тиіс.

Сөздің морфологиялық құрамын талдау тәсілі. Кейбір жаңа сөздердің мағынасын морфологиялық құрамын талдау арқылы түсіндіруге болады. Бұл тәсілдің артықшылығы сол морфологиялық талдау арқылы оқушы қазақ тілінің ішкі заңдылықтарына, жаңа сөз жасау жолдарына қаныға түседі. Сондықтан мұндай тәсілді түбір мен қосымша, біріккен сөзде, жұрнақ пен жалғау тақырыптарын өткеннен кейін кездесетін жаңа сөздерді түсіндіруге кең түрде қолданылуға болады. Мысалы, бастық, басшы, баспана, бастау т.б. сөздердің түбір морфемаларын таптыру арқылы бұлардың түбірлес сөздер екенін, бір сөзден тарағанын танытуға болады.

5.Оқушыларға жаңа сөз мағынасын меңгертудің тағы бір тәсілі – логикалық анықтама беру. Бізді қоршаған заттар мен құбылыстар негізгі және негізгі емес белгілерден тұрады. Қай нәрсеге болмасын анықтама беру деген сөз оның барлық қасиеттерін санап көрсету не қамту деген сөз емес. Сондықтан заттарға не құбылыстарға анықтама бергенде олардың басты белгілерін қамтудың өзі де жеткілікті болады. Мысалы, адам екі аяқты, екі қолды, тік жүретін деп анықтама берсек, дұрыс болмаған болар еді. Ал адамның негізгі белгісі оның саналылығы мен бір-бірімен тіл арқылы қарым-қатынас жасайтындығында. Бұларсыз адамға толық қанды анықтама беру жеткіліксіз. Мұғалім белгілі бір сөзге (ұғымға) логикалық анықтама бергенде осы мәселені естен шығармағаны дұрыс.

Морфологияны оқыту арқылы сөздік қорын байыту. Тіл дамыту жұмысының барысына қазақ тілі грамматикасына байланысты және оның көлемінен тыс та материалдар пайдаланылады. Атап айтқанда, лексикалық сөздік қорының мол болуы, фонетикалық, морфологиялық /сөз, сөз құрамы т.б. және синтаксистік құралдарды тиімді пайдалана білу, әдеби тіл нормасына байланысты қолдана алу, осы тілдің құралдарды өз ойын дәл, түсінікті беру тәсілдерін игеру, ойының нақты әсерлі болуы т.б.

Бұл жұмыстардың барлығы да мектепте ана тілі мен әдебиеті сабақтарының бағдарламамалық грамматикалық материалдармен тікелей тығыз байланысты болмақ. Ол туралы А.Ысқақов: «Сөз тек мағынасы жағынан ғана емес, сонымен бірге құрамы жағынан да аса күрделі категория. Сөз қолданылғанда әр алуан тұлғалық өзгеріске ұшырап, түрленіп отырады. Ондай өзгеріс, әрине, ең алдымен сөздің морфологиялық құрамында болып отырады»,- деп көрсетеді . Сондықтан ойды жеткізуде тек сөз байлығы ғана емес сөздің құрамы морфологиялық тұлғаларда ерекше маңызға ие. Мәселен, атап айтқанда мынадай сөздерден (саяхат, жолдас, шық) құралған сөйлемдерді талқылап көрейік. Бірінші сөйлем Жолдасым саяхатқа шығады. Бұл сөйлемдегі мағыналық өзгеріс сол морфологиялық тұлғалар арқылы туындады. Яғни, лексикалық, мағыналық өзгерістің өзі белгілі жағдайда синтаксистік жағдайды, сөздің формасын өзгерту жағдайында болатыны белгілі. Олай болса, оқушылардың өз ойын жеткізуде, қарым-қатынас құралдарын дұрыс пайдалануда, тілін дамыту мен тіл мәдениетін жетілдіруде морфологияның да маңызы зор.

Оқушының тіл байлығын жасауда морфология үлкен роль атқарады, себебі тілімізден сөздің баюуының өзі сөздерді қосымшалар арқылы түрлендіру негізінде жасалады.

Түбірлес сөздермен танысқан соң, оқушылар бір түбір сөзден өрбіген сөздермен іс-тәжірибелік жаттығулар жүргізеді. Мысалы, су, мал, бас, көз сияқты сөздерден қосымша жалғау арқылы сушы, малшы, бастық, көздер сөздерін жасаса, екінші, сулық, малды, баста, көзілдірік, үшіншіде сулы, малсыз, бастау, көзсіз сөздерін жасайды. Бұлардың арқайсысының мәні бойынша сөйлем құрау жаттықтырылады.Осындай түбірлес сөздерге арналған алғашқы жаттығулар балалардың сөз жасау қабілетін қалыптастырып, оларды пайдалану өрісін кеңейтеді. Сөз тудырушы және түрлендіруші қосымшалардың тілдегі атқаратын қызметімен танысу балалардың тілдік санасының қалыптасуына және тілінің дамуына игі ықпалын тигізеді. Оқушылар оқытудан бұрын-ақ зат пен құбылыстың атын, олардың белгілерін іс-әрекетін сапа-белгісін, саны т.б. білдіретін сөздерді жіктеуғе арналған жаттығулар жүргізуге болатынын зерттеу жұмыстары дәлелдеп отыр. Сонымен бірге оқушылар нақтылы заттарды білдіретін сөздермен бірге табиғат құбылыстарын (жаз, қыс, көктем, жел, боран, кемпірқосақ т.б.) заттанған абстрактілі сапа белгілерді (қайрымдылық, жақсылық, сарандық, адамгершілік т.б.) - бірінен ажырату машықтары қалыптасқан өте маңызды. Бала көру, есту, дәм сезу, сипап сезу түйсіктермен сезінетін зат пен құылыстардың өзіндік белгілерін (қызыл, тәтті, тегіс, жағымды әуен т.б.) ажыратумен бірге ақыл-сана белсенділігі нәтижесінде қабылданатын сапа-белгілерді де (батыл, саналы, ақымақ, мейрімді, адал, құл ) тағы басқа тани білуге үйретілуі қажет. Осыларды ескере отырып жүргізілетін жаттығу жұмыстары нәтижесінде оқушылар грамматикалық категорияларды (зат есім, сын есім, етістік т.б.) тез әрі жеңіл игереді.

2)Сөз таптарын оқыту барсында сөздік қорды молайту жұмыстары.5-6- сынып оқушыларының сөздік қорын молайту жұмыстары олардың сөз таптары туралы білімдерді дұрыс түсіну, сөздерді дұрыс тіркестіре алу дағдылары мен біліктерін қалыптастырып және дамытуға негізделеді. Оқушыларға сөз таптарының ерекшіліктері туралы арнайы құрылған жаттығулар негізінде, олардың бойында грамматикалық тұлғалардың құрылымын, құрылысын, анықтамаларын, өзіндік белгілерін бір-бірінен дұрыс ажыратуға дағдыландырады. Жаттығулар негізінде оқушылар түрлі грамматикалық тұлғаларды игереді.

Салыстыру, жинақтау, талдау қарама-қарсы қою ақыл-ой әрекеттерін үйренген оқушылар өздерінің сөздік қорындағы сөздерді ауызша және жазбаша сөйлеу үдерісі кезінде мағынасы мен қызметіне қарай орынды қолдануға дағдыланады. Сөздік қорды молайтуға арналған лексикалық 5- 6- сыныптағы қазақ тілі бағдарламасында сөз тіркесі туралы білім беру қарастырылмаған, бірақ сөз таптары оқытылатын болғандықтан оқушыларға сөз таптары бойынша білім мен білігін арттыру мақсаты сөз тіркесінсіз игерілмейді.

Сөз үйретудегі ең алғашқы жұмыс балаға дүниедегі заттар мен құбылыстардың атаулары туралы мәліметтен басталады. Мысалы, үйретілетін сөздің мағынасын, ұғымын, этимологиясын қалай жасалған тұлғасы туралы мәлімет беріледі. Соңынан сөздердің алуан түрлілігі, ауыспалы мағыналары, көп мағыналылығы, лексикалық топтардың ерекшеліктеррі (омонимдік, синонимдік, антонимдік т. б.) сөзжасамның тәсілдері бейнелегіш және көркемдегіш тәсілде сөздердің қолданылуы т.б. синтаксис және стилистикасымен байланыстыра үйрету болып күрделене береді.

Нәтижеде ұсынылатын, үйретілген сөз баланың сөздік қорына еніп, актив сөзге айналуы тиіс. Сөздік жұмысы жоспарлы, жүйелі жүргізілуі қажет. Ол үшін мұғалім әр сыныптағы қазақ тілі мен әдебиет оқулығындағы, сыныптан тыс оқуға берілген көркем шығармалардағы сол сынып оқушыларының түсінігіне қиын сөздердің тізімін алдын-ала алып, әр тоқсанға бөліп, түсіндірудің әдісін ойластырады. Сондай-ақ әр класта ауызша және жазбаша жаттығу әдістерін қолданады. Тәжірибе эксперимент жұмыстары бұл тұжырымдарымыздың нәтижелі екендігін көрсетеді.

№11 Дәріс Тақырып: Синтаксисті оқыту әдістемесі.

Жоспар:

1. Синтаксис–грамматиканың бір бөлігі. Сөз тіркесі синтаксисі және сөйлем синтиксисінен берілетін білім мазмұны.

2. Сөйлемнің түрлерін оқытудың жолдары.

3. Мәтін синтаксисі, мәтінмен жұмыстың түрлері. Қатысымдық синтаксис мәселесі. Оның оқушы тілін дамытудағы рөлі.

4. Мектепте оқылатын синтакистік ұғымдар және оны меңгерту әдістемесі. Синтаксистік байланыстар мен қатынастардың оқушынығһң сөйлеу мәдениетін дамытудағы маңызы.

Синтаксис–грамматиканың көлемді құраушы бөлігі екендігі. Синтаксис жүйесінің ішкі құраушылары–сөз тіркесі синтаксисі және сөйлем синтиксисі. Сойлем синтаксисінің құраушылары - жай сөйлем синтаксисі және құрмалас сөйлем синтаксисі. Мәтін синтаксисі. Қатысымдық синтаксис мәселесі.

Тіл білімінде қарастылатын үлкен салалардың бірі–синтаксис. Синтаксистің зерттеу объектісі–сөз тіркестері мен сөйлем мүшелері, сөйлем.

Тіл білімінен білім беруде мектептегі қазақ тілін оқытудың зор маңызы бар. Баланың өз ойын жеткізуде сөздерді дұрыс тіркестіре алу дағдысын қалыптасса, білім дәрежесінің сапасы артады, қарым-қатынас біліктілігі мен сөздерді дұрыс байланыстыра алу арқылы оқушының шығармашылық қабілеті дамиды. Грамматикалық білім дағдысын қалыптастыру арқылы баланың сөздік қорын байыту, түрлі әдіс-тәсілдердің ұйымдастыру жолдарын ұсыну.Тіл дамыту мақсатында түрлі әдістер қолданылады.

Мектеп оқушылары сөздердің тек лексикалық мағыналарын игеріп, оларды ретімен дұрыс қолдануы жеткіліксіз. Сонымен қатар сөздік қорындағы сөздерді дұрыс тіркестіре білуі тиіс.

Тіл білімінің синтаксис саласында сөздердің жалғаулар арқылы, шылау арқылы, орын тәртібі арқылы, интонация арқылы тіркесу тәсілдері және сөздердің тіркесу түрлері: қиысу, меңгеру, матасу, қабысу, жанасу қарастырылып, олардың еркшеліктері зерттеледі.

Грамматикалық құрылымымен таныса отырып, сөздердің түрленуі мен сөйлемдегі өзгерісін және қазақ тілі грамматикасының ғылыми жүйесі мен оның әр алуан фактілерін зерттеп біледі сол арқылы оқушыларда мынандай дағдылар қалыптасатындығын атап көрсетеді: «оқушылар өздерінің тілден алған білімін толықтырып жазу, сөйлеу тілін дамытады, дұрыс оқуға үйреніп, ұғу қабілеттілігін жетілдіру, грамматикалық орфографиялық ережелерді үйренеді, сауатты жазып, тыныс белгілерін дұрыс қоя білудің тиімді дағдысын қалыптастырады» - дейді белгілі ғалымдар Ы.Маманов және Ә.Әлімжанов.

Оқушылардың өз ойын білдіруде тілдік материалдарды дұрыс қолдана алуы: тілдік материалды тек лексикалық мағынасы тұрғысынан емес, грамматикалық мағынасына қарай таңдай алу, яғни сөзді лексика-грамматикалық мағыналық бірлікте қолдануы; ойын толық жеткізуде сөздерді дұрыс тіркестіре алуы; оқу бағдарламасына сәйкес грамматикалық біліктіліктерді меңгеруі; сөздердің сөзжасамдық қасиеттерін аңғаруы; өз бетінше ізденуі арқылы танымдық қабілеттерінің артуы баланың дұрыс сөйлеу қабілетін дамытады.

Мектептегі түрлі пәндерден оқушылар білім алумен бірге, сол пәндерге тиісті сөздерді терминдердің ұғымын игереді. Сондықтан да тіл мұғалімі әрбір жұмыста, білім беруде және сабақ үстінде кездесетін қиыншылыктарды жою, болдырмау мүмкіндіктерінінің алдын алады. Соның бірі - түсінуге қиын сөздермен жұмыс істеу. Түсініксіз сөздерді білім алу кездеріне, оқылатын материалдардың жүйесіне қарай екі топқа ажыратуға болады: 1) көркем әдеби мәтіндермен байланысты түсінуге қиын сөздер; 2) тіл материалдарына байланысты түсініксіз сөздер.