ГЛОССАРИЙ 9 страница

 

Экономикалық социологияның тарихи дамуы

Экономикалық-әлеуметтік білімнің алғашқы элементтері қайта өркендеу және жаңа заман дәуірінде пайда болған. Алайда мұндай білімнің теориялық сипаты ХVІІІ ғасырда бастау ала бастады. Бұл уақытта философтар Шарль Луи Монтескье, Клод Гельвеций, экономистер Адам Смит, Томас Роберт Мальтус, Жан Шарль Сисмондидің, философ және социалист-утопистер Уильям Годвин, Анри Сен-Симон, Шарль Фурьенің ойлары құнды болды. Осы кезеңнің өзінде тәжірибешілердің, өндірісті басқарушылардың экономикалық-социологиялық білімге жүгінген алғашқы жәйттері пайда бола бастады. Бұл тұрғыда ең жарқын мысал - Роберт Оуэн.

ХVІІІ ғасырда экономикалық социологияның дамуының “философиялық-экономикалық” кезеңі аяқталып, өзіндік “социологиялық” кезеңі басталды.

Огюст Конт (1798 - 1857) - француз социологы және философы. Ол дәстүрлі философиядағы дерексіз конструкциялар мен заңдық ойлардағы шашыраңқы эмпирикалық байытуларға қарағанда қоғамдық өмірдегі диахроникалық және синхроникалық аспектілердегі құбылыстарды ғылыми зерттеп білуді ескере отырып “социология” ұғымын енгізді.

О.Конт қазіргі заманды анықтап-тануға талпыныс жасап көрді. Ол жаңа әлеуметтік тәртіптің бірқатар ерекшеліктеріне көңіл аударды: 1) еркін кәсіпкерлік пен бәсекелестікке негізделген экономикалық жүйенің қалыптасуы; 2) жұмыс күшінің қалады шоғырлануы; 3) өндірісте ғылым мен техниканың жетістіктерін пайдалану; 4) басшылар мен жалдамалы жұмысшылар арасында жасырын немесе ашық қарама-қарсылықтың пайда болуы; 5) әлеуметтік теңсіздіктің күшейе түсуі; 6) табыс табуға бағыт ұстану.

Конт индустриалдық қоғам мен өндірістің адамға және мәдениетке әсер ету теориясын дамытты. Оның теориясы бойынша өндіруші мен ойлап табушының түйсігі өрлеуді тудырады. Өндірістің дамуы адамның өмір сүруін жеңілдетіп қана қоймай, сонымен бірге тұлғаны жоққа шығарады және әлеуметтік тәртіпті бұзады.

Карл Маркс (1818 - 1883) - неміс социологы, философы және экономисі. Ол жасаған қазіргі заманғы капиталистік қоғамның бейнесі кең тарады. Маркс капитализмге күшті сыни және идеологиялық сипат берді.

Маркс көтерген ең танымал тақырып “жатсыну” болып табылады. Маркстың пайымдауынша, адамдар табиғатынан еркін, үйір және жасампаздыққа бейім. Алайда, адамның табиғи мүмкіндіктерінің көрінуіне кедергі болатын белгілі бір тарихи жағдайлар туатын болса, онда олар табиғи бейімділіктерінен айырылып қалады. Мұндай парасаттан жұрдай қалатын жағдайлар қоғамдағы барлық топтар тарапынан болады, атап айтқанда қазіргі капитализм көптеген адамдарды тәуелділікке айналдырып, оларды қинап, экономикалық механизмнің жатсынған бөлшегіне айналдырып жіберді. Өз еңбегін және оның өнімін бақылаудан айырылған жұмысшы жатсына бастайды, өз еңбегінен, айналасындағы адамдардан және ақырында өз-өзінен шеттеле бастайды. Маркс атап кеткендей, жұмысшы еңбек процесінде өзін орнықтыра алмайды. Керісінше, өзін жоққа шығарып, бақытты емес, бақытсыз деп санайды. Ол үшін - еңбек дене және ақыл-ой күштерінің еркін ойыны емес, қаны мен сүйегін жансыздандыру және сананы бұзу. Сонымен, жатсыну социоцентристік серпіндердің (өзімшілдік, атомизация), шығармашылықтың жоқтығының (кертартпалық, еңбектің бір сарындылығы), күшеюіне, әрекеттерді бақылаудан (енжарлық), дербестіктен (адамдарды басқарушы заттар фетешизмі), бас тартуына бара-бар. Адам табиғаты өз мәнін жоғалтып алады. Оларды қалпына келтіру жатсынудан арылған жағдайда ғана мүмкін болады, ал оны тудырушы әлеуметтік жағдайлардың төңкерісін, тапсыз коммунистік қоғамның орнауын талап етеді .

Герберт Спенсер (1820 - 1903) - ағылшын социологы және экономисі, өз еңбектерінде әлеуметтік даму және әлеуметтік эволюция мәселелеріне баса назар аударды. Ол “әскери” және “өндірістік” қоғамның полярлық қарама-қайшылық үлгісін жасай отырып, қазіргі қоғамға дәстүрлі қоғамды қарама-қарсы қояды. Спенсер жаңа әлеуметтік құрылыстың маңызды белгілерін ашты. Олар - дамудың, қиратудың және реттеудің шешуші фокторлары болып саналатын әлеуметтік күрес пен бәсекелестік. Міне осылар қоғамдағы әлеуметтік-экономикалық айырмашылықтардың ең маңызды қайнар көзі болып табылады. Жеңіске жеткендер меншік иелерінің тобын құрады, ал жеңіліс тапқандар - жалданбалы жұмысшылар т.б. қалыптастырады; жеңілгендердің ерте ме кеш пе абырой сезімі оянады және оның салдарының бірнеше нұсқасы болады.

Фердинантд Теннис (1865 - 1936) - неміс социологы және тарихшысы. Ол жаңа әлеуметтік құрылыстың маңызды белгілерін сипаттап берді. Теннис Gesellschaft (қазіргі қоғам) пен Gemeіnschaft-ты (дәстүрлі қоғам) бір-біріне қарсы қояды. Қазіргі қоғамда адамдар өзінің жеке қасиеттерін, ұқсастығын жоғалтып, құпиялы жалданушылар, жұмысшылар, сайлаушылар, тұтынушылар мен көрермендер, т.с.с. механикалық түрде біріге отырып, сахнаға шығады. Оған - үлкен нарықтары, аудиториясы, тыңдарман қауымы, электораты, ұлттық ұйымдары бар қазіргі қоғамның көлемі кінәлі. Мұндай жағдайда тұлғааралық байланыстар бүркемеленеді. Бұл жағдай өмір сапасының нашарлануына, бюрократия мен үкіметтің жекеленуіне алып келіп, тоталитарлық режимнің пайда болу қаупін тудырады.

Э.Дюркгейм (1858 - 1917). Ол “аномия” ұғымын енгізе отырып, адамдар - олар өз мүдделері үшін күресіп таласуға дайын тұратын өзімшілдер деп санады. Олар тек мәдени ережелер, нормалар мен құндылықтар арқылы байланысқа түскен жағдайда ғана “бәрінің барлығына қарсы соғысынан” құтылып, үйлесімді әлеуметтік өмір сүруге қол жеткізе алады. Қандай да бір тарихи жағдайларда мәдени ережелер өзінің реттеуші күшін жоғалтады. Сол кезде аномия жағдайы туады, қоғамды ұйымдаспағандық пен астан-кестеңдік жайлап алады. Адамдар өздерін түп-тамырларынан үзіліп қалғандай сезініп, өзін-өзі өлтіруге қол жұмсайды. Дюркгейм, қазіргі қоғам аномиялық жағдайдың туындауына ықпал етеді деп есептеген.

Дюркгейм қандай да бір әлеуметтік фактілердің себептерін басқа бір әлеуметтік фактілерден іздеуге шақырып, психологизмнен бас тартады. Оның көрсеткен кестесінде адамның жүріс-тұрысы шын мәнінде пайдакүнемдік сипатынан айырылады. Алайда, сонымен бірге, адамның өзі индивид ретінде әлеуметтік қызметпен алмастырылады .

Көптеген социологтар секілді, ол да әлеуметтік-экономикалық прогресте шешуші рөлді жеке меншік, бәсекелестік пен еркін кәсіпкерлік емес, адамдардың ынтымақтастығы мен бірлігі, әлеуметтік қатынастар мәдениеті, еңбектің микро-макро деген деңгейдегі әлеуметтік ұйымдасқандығы атқарады деп санаған.

Макс Вебер (1864 - 1920) - неміс социологы, ХІХ - ХХ ғасырлардағы ең ықпалды тұлғалардың бірі. Ол қазіргі қоғамды саралай отырып “дәстүрлі” және “капиталистік” қоғамды бір-біріне қарсы қояды. Олардың айырмашылығы мына өлшемдер бойынша көрінеді: жеке меншік формасы, технологияның басым түрі, жұмыс күшінің нарығы, экономикалық бөліп берудің әдістері, заңдар табиғаты, кең таралған дәлелдемелер. Вебердің сөздері бойынша, капитализм дегеніміз “пайда соңынан ылғи қуалап жүру” және “бос жұмыс күштер нарығын дұрыс ұйымдастуру” .

Вебер ерекше ментальдыққа - “этосқа” ие болатын кәсіпкерлер мен жұмысшылардың ерекше табы болады деп санайды. “Этос” немесе “капитализм рухы” табыс себебін, аскеттілік, парыз сезімін қамтиды. Этостың қайнар көзі протестантизм болып табылады.

Вебер ұйым теориясы шеңберінде бюрократия құбылысына сипаттама жасап, бюрократиялық жүйені әлеуметтік-экономикалық жағынан дамыта түсуде нақтылы әдістемелік ұсыныстар берген.

Вебер социологиясының негізгі принципі - бюрократия теориясының арқауын құратын рационалдылық. Капитализмнің ең маңызды белгісі, бәрі де мойындап отырған таным құралы ретіндегі ғылымның рөлі болып табылады.

Вебердің айтарлықтай жетістіктеріне әлеуметтік дауларды экономикалық тұрғыдан талдауын жатқызуға болады. Экономикалық жүріс-тұрысты ол әлеуметтік жүріс-тұрыстың ең ұтымды түрі деп қарастырады.

Ғылым өнеркәсіпте ірі-ірі эмпирикалық зерттеулер жүргізді және мұндай зерттеулердің әдістемесінің дамуына айтарлықтай үлес қосты.

Вебер, жан-жақты социолог бола тұра, социологияда ең бастысы шаруашылық өмірді талдау деп есептеді. Ол әлеуметтік-экономикалық өмірді зерттеп білгенде жүріс-тұрыс категорияларына сүйенді және жүріс-тұрыстық тұрғыдан қарауға үгіттеуші болып табылады.

Талкотт Парсонс (1902 - 1979) қоғамның төмендегідей негізгі белгілерін бөліп қарастырды: 1) экономика, өзінің жаппай өндірісімен, бюрократиялық ұйымымен, жан-жақты қамтушы нарығымен, ақшасымен қоғамда жоғары рөл атқарады; 2) төрт кіші жүйенің толық жіктелуі (бейімделушілік, мақсатты бағыттаушы, интегративті, қолдаушылық); 3) әлеуметтік үйлестірудің негізгі механизмі болып табылатын құқықтық жүйенің дамуы; 4) стратификация; 5) әлеуметтік өзара байланыстардың күрделі жүйесінің жанама түрде кеңеюі.

Ол экономикалық қатынастарды талдауға көңіл бөледі, іс-әрекет теориясы тұрғысынан адами әрекеттің субъектісі көбіне жалпы құрылымдардың элементі ретінде көрінеді. Немесе іс-әрекет жүйелері ішінде шешуші рөл нормативтік құрылымдарға беріледі.

Парсонс, қазіргі және дәстүрлі қоғамның үлгілері тарихи қоғамдарды шынайы бейнелейді деп есептемейді; керісінше, ол оларды үзіліссіз сызықша бойында орналасатын қоғамдағы талдамалық нүктелер ретінде қарастырады. Ол келесі “паттерн-өзгермелілікті” бөліп көрсетті: мәртебені негіздеу, бағалау өлшемі, эмоцияның рөлі, әлеуметтік құрылымның анықтылық деңгейі.

 

Экономикалық социологияның негізгі категориялары

Ғылыми пән өзінің ерекше амалдарын жасап шығаруға мүмкіндік беретін, дербес қалыптасқан теориялық аппараты құрылған кезде ғана, өз орнын тапты деп есептеледі. Теориялық бекітілімдер, категориялар мен ұғымдар танымның жалпыға мәні бар схемасын қалыптастырады, құбылыстар мен процестердің ең құнды ерекшеліктерін, белгілерін және заңдылықтарын көрсетеді. Басты социологиялық-экономикалық категориялардың шеңберін анықтап алу әлеуметтік-экономикалық процестерді зерттеудің әдістемелік негізін жасауға мүмкіндік береді.

Экономикалық социологияның іргелі ұғымдарына ең алдымен экономикалық жүріс-тұрыс, экономикалық әрекет, экономикалық сана мен ой, экономикалық мәдениет, шаруашылықты ұйымдастыру, экономикалық институт және басқалар жатқызылады. Экономикалық және социологиялық ғылымдардың бір-бірін толықтыруы нарықтық құбылыстарды зерттеудің өзектілігінің жоғарылау деңгейіне қарай нарықтық терминология экономикалық социологияға жақындай түседі. Олар нарықтық экономика, жақсы тұрмыс экономикасы, формальді және формальді емес экономика, жеке меншік, жекешелендіру, индивидтер мен шаруашылықтардың нарықтық жүріс-тұрысы, жұмыспен қамту және жұмыссыздық, еңбек нарығының икемділігі және т.с.с.

Басқа да арнайы социологиялық теориялар сияқты экономикалық социология да әлеуметтік қатынастарды зерттеуде түсіп отырған саласының мәнін ашатын жалпы социологиялық категориялар мен өзіндік ерекшелігі бар ұғымдарды қолданады. Ғылымның бұл саласын алға тартып отырған көптеген категорияларға байланысты келесі топтарға бөлуге болады .

1) Жалпы ғылыми (тұжырымдамалық) категориялар - құрылым, жүйе, функция, процесс, байланыс, тұрақтылық, өзгерушілік, даму және т.с.с. Олар жалпы әдістеменің тілін құрайды, экономикалық және әлеуметтік салаларды, экономикалық қатынастар мен процестерді реттеудің әлеуметтік механизмдерін сипаттау құралы ретінде қолданылады.

2) Жалпы әлеуметтік категориялар, басқа да әлеуметтік ғылымдардың сөздігінен алынған. Айталық, экономикалық теориядан - нарық, өндіріс, тұтыну, айырбас, бөліп беру, жеке меншік, бәсекелестік, жұмыспен қамту, трансакциялар және т.б. сияқты терминдер қолданылады. Философиядан - қоғамдық сана, қоғамдық қатынастар, заңдылықтар, мәдениет; әлеуметтік психологиядан - ұжым, тұлға, дәлелдеу, сәйкестендіру; жалпы социологиядан - әлеуметтік қатынастар, топтар, ұйымдар, институттар, әлеуметтік құрылым, стратификация және басқалар.

3) Өзіндік ерекшелігі бар категориялар экономикалық социологияның жеке категориялары болып табылады, оның әлеуметтік-экономикалық құбылыстарды (экономикалық әрекет, шаруашылық ниеттемесі, экономикалық стратификация, экономикалық мүдделер, таптаурындар, келісім-шарттық қатынастар, әлеуметтік-экономикалық қолдау жүйелері және т.б.) танып білудегі амалдарды білдіреді.

Социологиялық зерттеу барысында бұл категориялар операциялық процестен өтіп, эмпирикалық талдауға жатқызылады. Мысалы, шаруашылық ниеттемесі, нарықтық өзгерістерге көзқарас, мамандық пен іс-әрекет түрін таңдаудағы түрткі себеп, ресспондент үшін жұмыс орнының түрлі сипаттамаларының маңыздылығы, оның жоғары жалақысы бар жұмыс табуға ұмтылысы, кәсіпкерлікке көзқарасы және басқалар сияқты эмпирикалық индикаторлар көмегімен анықталады.

Экономикалық социологияның категориялар жүйесі келешегі бар экономикалық-социологиялық мектептер мен бағыттардың дамуының арқасында баий түседі. Олардың қатарына экономикалық жүріс-тұрыс, рационалды таңдау, адам капиталы, жаңа институционализм теориясы және басқалары кіреді.

Экономикалық социология экономиканың әлеуметтік аспектілерін зерттейтін ғылым болғандықтан, экономикалық және әлеуметтік ұғымдарды анықтап алу қажет. “Әлеуметтік” дегенде сол қоғамдағы индивидтер мен топтардың нақты орны мен уақыты жағдайында ортақ іс-әрекет процесінде топтасқан қоғамдық қатынастардың жиынтығы түсіндіріледі. Әлеуметтік - адамдардың өзара әрекеттесуі барысында туындайды және бір-біріне қоғамдық өмірдегі құбылыстар мен процестерге әр түрлі қатынастар барысында көрінеді.

“Экономикалық” деген ұғым адамдар арасындағы өндірісті ұйымдастыру мен материалдық игіліктерді тұтынумен байланысты қандай да бір қоғамдық қатынастарды білдіреді. Экономика өндірісті, еңбек нәтижелерін алмастыруды, өндірілген нәрсені таратуды, тұтынуды қамтиды. Экономика социологиялық көзқарас тұрғысынан екі жақты қарастырылуы мүмкін - шаруашылық іс-әрекет және осы әрекеттерді реттеуші институттар жүйесі ретінде. “Шаруашылық” ұғымы экономиканың синонимы болып табылады және ол адам мен оның айналасындағылардың өмір сүруге қажетті игіліктерді өндіру мен тұтыну мақсатындағы өзара әрекеттесуі деп түсіндіріледі. Бұл тұрғыда экономика қоғамның жеке адам қажеттіліктерін қанағаттандыруы үшін шектелген қорларды пайдалану жайлы шешім қабылдайтын және оны іске асыратын саласы.

Екінші жағынан, қоғамда шаруашылық іс-әрекет процесінде белгілі бір экономикалық институттар қалыптасады. Дәл осыларда, әлеуметтік тәжірибе, ең қолайлы әлеуметтік-экономикалық нәтижені алуға мүмкіндік беретін, шарушылық субъектілерінің нақтылы материалдық-техникалық ортамен өзара әрекеттесуінің тұрақты әдістерін бекітеді. Нәтиже жекелеген әлеуметтік топтар көзқарасы тұрғысынан алғанда аса мықты емес, алайда халықтың көпшілігі үшін ең қолайлысы, өйткені ол қоғамның шаруашылық іс-әрекетінің тұтастығын қамтамасыз етеді. Экономика бұл жерде материалдық сала ретінде емес, Парсонс бойынша көбіне бейімдеу бағытына ие қоғамдық ресурстарды өндіру механизмі, институттар жүйесі ретінде қарастырылады.

Қоғамдық қатынастардың кез келген жүйесі (экономикалық, саяси және басқалар) адамдардың бір-біріне және қоғамға деген көзқарасын білдіреді. Экономикалық құбылыстар мен процестер өзінің әлеуметтік негізіне байланысты болады. Әлеуметтік процестер экономикалық аясына кіреді немесе керісінше. Мысалы, қоғамдағы әлеуметтік теңсіздік көбінде адамдардың экономикалық позицияларымен (меншікке ие болумен, табыс деңгейімен, кәсіби жұмыспен қамтылумен) анықталады. Экономика индивидтерді топтық және жекелік байланыстар жасауға итермелейді, олардың арасында өзара әрекеттесудің өзіндік ерекшелігі бар түрлерін жасап шығады, олардың жүріс-тұрыс шеңберлерін белгілейді. Алайда, адамдардың жүріс-тұрысы тек ұтымды себептермен, экономикалық қинаумен ғана реттелмейді, сонымен қатар, ерекше тарихи және мәдени жағдайларда қалыптасқан әлеуметтік байланыстар, құндылықтар, жүріс-тұрыс нормаларымен де реттеледі.

Экономикалық социологиядағы әлеуметтік өмірді талдау бастау алатын негізгі категориялардың бірі “экономикалық іс-әрекет” және “экономикалық жүріс-тұрыс” болып табылады.

Экономикалық жүріс-тұрысты шығын мейлінше азайып, таза пайда мейлінше көбейетін ұтымды таңдау жасау мақсатымен экономикалық байланыстарды кеңейьуге байланысты жүріс-тұрыс деп бағалауға болады .

Радаев Вебердің экономикалық іс-әрекет социологиясы дәстүрін жалғастыра отырып, оны ішкі дәлелденген және басқа адамдардың әрекеті мен қолда бар нормаларға бағыт алған әлеуметтік әрекет ретінде қарастырады. Ол экономикалық іс-әрекетті “өз қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында күш көрсетусіз әдістермен шектелген ресурстарға бақылау орнату” деп түсіндіреді .

Адамдардың экономикадағы әрекетін социологиялық тұрғыдан түсіндіру экономикалық-социологиялық адам үлгілерінің түсіндірмелі мүмкіндіктерін есепке ала отырып құрылады. Оны суреттеудің көптеген нұсқамаларына қарамастан, оларды негізгі төрт алғышарттарға бөлуге болады.

- Адам тәуелсіз. Ол жеке қалауларынан негізделіп, дербес шешім қабылдайтын атомданған индивид.

- Адам өзімшіл. Ол бірінші кезекте өз мүддесін ойлайды және жеке пайдасын ұлғайтуға тырысады.

- Адам рационалды. Ол алға қойылған мақсатына біртіндеп жетуге тырысады және оған жетудің қандай да бір құралын таңдауда салыстырмалы түрдегі шығындарға көңіл аударады.

- Адам хабардар. Ол өз қажеттіліктерін жақсы біліп қана қоймай, оны қанағаттандырудың құралдары жайлы қажетті ақпартқа да ие.

Алайда, экономикалық агенттің ұтымдылығы мен жеке даралығын мойындай отырып, экономикалық іс-әрекетті талдауда социологиялық тұрғы оны индивидтің әр түрлі бейнедегі әлеуметтік құрылымдар қатарына енген және өздерінің әлеуметтік байланыстар жиынтығы тұрғысынан қарастырады. Қазіргі кезде экономикалық іс-әрекетті социологиялық талдаудың өзіне тән ерекшелігі үш жағдайда қалыптасады.

- Экономикалық әрекет - әлеуметтік әркет формасы болып табылады. Шаруашылық ниеттер оқшауланған индивидтің өнімі емес, әлеуметтік қауымдастықтардың (тұлғааралық қатынасқа түсу жүйесі, ұйымдар, әлеуметтік топтар) өнімі екені айтылады;

- Шаруашылық институттар - әлеуметтік конструкциялар болып табылады. Олар экономикалық әрекетті шектеп, ынталандырып қана қоймай, сонымен қатар, тарихи қалыптасқан шектеулерді аттап өтуге және ресурстарды топтастыруға қабілетті факторлар тарапынан да құрастырылады.

Егер де “экономикалық адам” - ол тәуелсіз, өзімшіл, рационалды және хабардар адам болса, “социологиялық адам” қоғамдық нормаларға бағынады және өзгешілдікке жақын, өзін иррационалды тәртіпсіз түрде ұстайды, ақпараты мардымсыз және табыс пен шығындарды есептеуге қауқарсыз. Адамның социологиялық-экономикалық жалпы үлгісі, адамды осындай екі радикалды позициялардың ортасына орналастыруды меңзейді. Бұл жағдай адамды қалыптасқан жағдайға аса икемді және белсенді етеді: жай ғана ақпаратқа ие емес, сонымен қатар, оны танып білуші, жай ғана нормаларды орындаушы емес, сондай-ақ әлеуметтенуші етеді.

Адамдардың шаруашылық әрекеті экономикалық сана мен ойдың типімен, экономикалық мәдениеттің даму деңгейімен анықталады.

Экономикалық сана, экономикалық қатынастардың көрінуі мен тану амалы ретінде қызмет атқарады, тиісінше бұл білімдер экономика саласындағы процестерді реттеу үшін қолдануға қажет. Ол, әлеуметтік топтар мен индивидтердің, тікелей экономикалық нақтылықты бейнелеуші және нақтылы бір тарихи сәтте қоғамдағы әр түрлі құбылыстарға өз ойын көрсетуші экономикалық білімдер мен идеялар, көзқарастар жиынтығын білдіреді.

Экономикалық сана-сезім экономикалық тәжірибе барысында қалыптасады, оның иеленушілері жекелеген индивидтер, топтар бола алады. Білімнің санаға ауысуының басты өлшемі, әлеуметтік топтар мен индивидтердің экономикалық идеяларға, көзқарастарға және теорияларға қажеттілігі болып табылады. Экономикалық сана-сезімнің дамуы агенттіктердің экономикалық мүдделерін табысты іске асыру үшін маңызды. Мысалы, нарыққа өту халықтың нарықтық білімнің негізін игеруді, жекешелендірудің механизмдерін, жеке істі ұйымдастыруды, сауда ережелерін және маркетингтік қызметтерді түсінуді талап етті.

Экономикалық сана теориялық сана-сезім мен эмпирикалық ой болып екіге бөлінеді. Сана-сезімнің теориялық деңгейі экономикалық құбылыстар мен процестердің заңдылықтары мен байланыстарын анықтауға мүмкіндік беретін категория мен тұжырымдама формасында жүйеленген экономикалық білімді көрсетеді. Экономикалық ой шарушылық өмірдің іс жүзіндегі тәжірибесінен туындаған көзқарастарды қамтиды. Адамдар күнделікті өмірінде, қандай да бір тұрғыда әрекет етуге шешім қабылдай отырып, осындай үйреншікті сана-сезімді басшылыққа алады.