С)сана мен ми

Сана қаншалықты идеалдық құбылыс болғанмен белгілі-бір материалдық негізсіз өмір сүре алмайды. Осы арада психо-физиологиялық мәселе пайда болады.

Бүгінгі деректерге сүйенсек, сананың физиологиялық негізі адамның миында жатыр. Ол негізінен алғанда екі жарты шарды құрайды. Оның үсті өте нәзік қабықтан – нейрон клеткаларынан тұрады. Орташа есеппен алғанда олардың саны 14,5 млрд.!!! Әрбір нейрон клеткасы адам саусақтары сияқты 4-5 өсіндіден тұрып, солар арқылы бір-бірімен байланысады. Сонда орташа есеппен алғанда 65-70 млрд. жуық байланыс нүктелері пайда болады. Егер де шахмат ойыншылары 64 клеткада 32 фигуралармен миллиондаған ойын варианттарын тудыра алса, 70 млрд. жуық “клеткалары” бар мидың потенциалы шексіздікке кетпей ме ?! Адамның миы өз салмағының 2,5% құрғанмен организмнің қабылдайтын от тегінің 20% жағады екен – бұл да ғажап емес пе? Яғни, жүрекпен қатар ми да өте интенсивті жұмыс істейтін мүше екені анықталды.

Адам өз түйсіктері арқылы сыртқы Дүниедегі құбылыстарды қабылдап алынған ақпаратты жүйке жүйелерімен арнаулы ми бөлімдеріне жеткізеді – міне осы сәтте оларды сараптау басталады. Қазіргі деректерге сүйенсек, ол өте күрделі биоэлектрлік “кванттық өрістер” негізінде жүреді.

Ал, мидың ішкі құрылымдарына келер болсақ, олар әлі дұрыс танылмаған, өте күрделі де көне болып танылады. Олар бүкіл физиологиялық үрдістерді бейсаналық жолмен ретке келтіріп отырады деп болжауға болады. Мысалы, сіздің жүрегіңіз минутына 60 рет соқса, оны басқаратын мидың бөлігі сіздің жүрегіңізге 60 рет элктроимпульс жіберіп оны соқтыртады… Адамның бауыры әсіресе интенсивті түрде таңғы сағат 4-тен 6-ға шейін істейді екен. Бұл үрдістің уақытын анықтап басқаратын мидың арнаулы бөлігі бар т.с.с.

Миды зерттеудегі негізгі қиындық - адамның ең биік құндылық екендігі, олай болса, оған ешқандай эксперименттер жасауға болмайтындығы. Сондықтан, адамның миы тек жанама түрде ғана зерттеледі. Мұндағы зерттелмеген нәрселер – шаштан да көп.

 

д)Сана және оның әлеуметтік табиғаты

Ми – сананың өмір сүруінің физиологиялық негізін құрғанына қарамастан, ол – тек құрал ғана. Сондықтан да, тарихта өмір сүрген ұлы адамдардың миының ерекшелігі зерттелген кезде, онда ешқандай ерекшелік байқалмады. Мысалы, француз жазушысы А.Франстың миының салмағы 1100 г. болса, И.С.Тургеневтікі – 2200 г. болған. Лениннің миынан да ешқандай ерекшелік табылмаған. Адам ми арқылы ойлағанмен, оның негізгі органоны - қоғамның өзі болып табылады. Адам басқа адамдар, жалпы қоғаммен, кітаптар арқылы өткен ұрпақтармен сан-қилы шым-шытырық байланысқа түсудің негізінде өз ойын дамыта алады. Сана – адамдар жасаған әр затта, жағалай оны қоршаған “жасанды табиғатта” сөнген. Өзінің өмірінің барысында сол заттарды пайдаланып, адам ондағы сөнген рухты қайта тірілтіп өз санасының құрамына айналдырады.

“Ұлы мәртебелі Табиғаттың” жасаған “аянышты тәжірибелеріне” тоқталсақ, жоғарыда айтылған ойдың ақиқаттығына көзіміз жетеді. 1920 ж. Үнді еліндегі орманда қасқырдың соңында төртаяқтап жүгіріп бара жатқан екі егіз қыз ұсталады. Олар қасқыр алып кетіп өсірген Амала мен Камала болып шығады. Оларды адами өмірге қайтару мақсатында Дели университетінің психология факультетінде зерттейді. Ақырында, адами қатынастарға шыдай алмай Амала өледі де, Камала 16 жасқа шейін өмір сүріп не бары 30-ға тарта сөздің мән-мағнасын ұғады. Бірақ, ол сөздерді сөйлем ретінде бір-бірімен ұштастырып айта алмайды. Олар күндіз енжар болып қалғу үстінде болса, түнге қарай көздері жарқырап, қасқырша ұлып, белсенділік көрсетеді…

Екінші ғылыми экспериментті Кеңес Одағының көрнекті ғалымдары В.Мещеряков пен Э.Ильенков 60-ші жылдарда жасайды. Олар көзі көрмей, құлағы естімей туған 4 баланы тәрбиелеп, адами өмірге әкеледі. Ең алдымен оларды кеңістікті сезінуге үйрету керек болды. Ол үшін баларға емізікпен тамақ берген кезде, оны бірте-бірте аузынан алшақтатады, - бала болса оны қолымен ұстап жібермеуге тырысады, яғни ол кеңістікті сезіне бастайды. Жүре келе олардың қолына қасық ұстатып, тәрілкеден тамақ алып, аузына жақындатып салуға үйретеді т.с.с. Сонымен, адами заттарды игерудің арқасында олардың сана-сезімі оянып, олар адамдардың қатарына қосылып, тіпті сөйлеу дәрежесіне дейін көтеріледі. Қалам иесі 1976 ж. болған МГУ-дағы жұмыс сапарында олармен көзбе-көз кездесіп сұхбаттасқан болатын. Олар ол кезде психология факультетінің студенттері еді… Бұл теңдесі жоқ ғылыми эксперимент И.Канттың кеңістік жөніндегі априоризмін теріске шығарды, сонымен қатар сананың әлеуметтік табиғатын шынайы көрсетті.

Келесі экспериментті АҚШ-тағы ғалымдар жасады. Олар шимпанзенің жаңа ғана туған баласын қолдарына алып, әлди-әлди өлеңдерін айтып, адами жолмен тәрбиелеп өсірді. Бірақ, ол сөзді ұғу дәрежесіне көтерілмеді. Сонымен қатар, ол 240-қа жуық “ымдау тілімен” (язык жестов) айтылған мән-мағнаны түсінетін дәрежеге көтерілді. Қаншалықты тәрбиелесе де, жалпы алғанда, ол адами өмірге жат болып шықты.

Бұл айтылған деректердің бәрі де сананың әлеуметтік адами құбылыс, ал мидың өзі - ойлау құралы екенін көрсетеді.

е)сана және тіл

Ойлау үрдісін тілсіз көзге елестету - өте қиын шаруа. Егер ми сананың физиологиялық негізі болатын болса, тілді шынайы ойдың “материясы” ретінде түсінуге болады. Айтылған сөз – дыбыс толқындары – материалдық құбылыс екені ешкімнің дауын тудырмайтын жәйт. Тіл дегеніміз ойды, адами қатынастарды қамтитын белгілі бір белгі жүйесі. Тіл – ойдың сыртқы материалдық қабығы, соның арқасында адамдар бір-біріне неше-түрлі ақпараттарды, өз ойларын жеткізе алады. Сонымен қатар, адамның өзіндік санасының өзі тілмен берілген – тілсіз ойлау тіпті мүмкін емес. Тіл мен сана – күміс ақшаның оңы мен астары сияқты – бір-бірінсіз өмір сүре алмайды.

Тарихи қоғамның Дүниеге келуі – тіл мен сананың да пайда болуымен тең. Тілдің Дүниеге келуінің биологиялық алғышарттары ретінде жоғарғы жануарлардың неше-түрлі дене қозғалыстары мен дыбыс сигналдарын айтуға болады. Алғашқы тобырда бірігіп аң аулау барысында ең алдымен “ымдасу тілі”, дене қозғалыстары арқылы адамдар әр-түрлі хабарларды бір-біріне жеткізеді, сонымен қатар, неше-түрлі сезім толқындары (қуаныш, я болмаса, қайғы, ауыру т.с.с.) олардың аузынан неше-түрлі дыбыстарды шығарады. Соңында, еңбек құралдарын жасауға көшкен кезде, ой мен тіл шынайы тез қарқынмен дами бастайды.

Әр халық өзінің дүниеге келуі мен даму барысында өзіне тән тілін қалыптастырады. Тілде мыңдаған жылдар бойы жасалған өмір тәжірибелері қорытылып, халықтың рухани байлығына айналады.

Бүгінгі таңда жер бетінде 2000-ға жуық ұлттық тілдер бар, бірақ, адамзат ой өрісі бірегей, сондықтан да халықтар арасында түсіністік пайда болады. Оның негізгі себебі – ой арқылы Дүниенің заңдылықтарының бейнеленуі. Адамзатты жағалай қоршаған орта бір болғаннан кейін, ойлау формалары да бір.

Бүгінгі таңдағы дамыған адамзат неше-түрлі тілдің жүйелерін жасады. Әрбір ғылымның өзінің категориялық аппараты бар. Ғылыми ұғымдар бір-бірімен өте тығыз байланыста болып, сол пәннің жүйесін құрайды. Мысалы, биология ғылымын “тұқым қуушылық”, “өзгерушілік пен тұрақтылық”, “ассимиляция мен диссимиляция”, “табиғи таңдау” т.с.с. категорияларсыз көзге елестету мүмкін емес. Философия пәнін құрайтын жүздеген категориялардың ішінен “материя”, “сана”, “кеңістік пен уақыт”, “қозғалыс”, “даму”, “ терістеу” т.с.с. атап өтуге болар еді. Жолдағы қозғалысты ретке келтіретін ережелерді алсақ, оның тілі - өзгеше т.с.с.

Бірақ, қалай дегенде де, барлық ғылым, өнер мен өндірістегі жасанды тілдер тек халықтық тілдің негізінде ғана өмір сүре алады. Егер ұлттық тілді көркемдеп үлкен ағаштың діңі ретінде көрсетсек, онда басқа жасанды тілдер – оның бұтақтарын құрайды. Ал бұтақтарда өсіп тұрған жапырақтар – сол саланы құрайтын ұғымдар болып табылады.

Өз тәуелсіздігін алған Қазақ елінде қазіргі уақытта ана тілімізді дамытуға көп көңіл бөлінуде. Соның бір кішкентай айғағы ретінде осы оқулықты алсақ та болғаны. Ана тілі – зор рухани байлық. М.Хайдеггер айтқандай “тіл – болмыстың үйі”. Ал оның әріптесі Г.Гадамерге келер болсақ, ол “тіл дегеніміз алдын-ала түсіндірілген Дүние”,- деген терең ой тастаған екен. Олай болса, тек ана тілін терең игеру арқылы ғана адам өз ұлтына тән дүниесезім мен қабылдау, көзқарасты өз бойында қалыптастыра алады.

Өзіміздің ұлы бабамыз А.Байтұрсынұлы айтып кеткендей, “Тілдің ғұмыры ұзақ. Оның жолы жылдап емес, жүз жылдап емес, мың жылдап саналады.”. Осы мыңдаған жылдар шеңберіндегі қалыптасқан ана тіліміздегі інжу-маржанды аса ұқыптылықпен зерттеу, оның талай-талай ашылмаған сырларын халыққа жеткізу, сонымен қатар, оны жаңа өмір талаптарымен ұштастыру – бүгінгі таңдағы ең өзекті мәселелерге жатады.

Бір дәуір екіншіге ауысқан жағдайда жаңа мәдени ахуал дүниеге келіп, бұрынғы көзқарасты, құндылықтарды сынға алған жаңа саяси, моральдық, эстетикалық т.с.с. идеялар пайда болады. Бірақ, сонымен қатар, әрқашанда белгілі-бір тұрақты ой-өріс қала бермек. Ол – тіл және оны күрт өзгерту ешкімнің де қолынан келмейді. Тілдегі қалыптасқан мәдениет үлгілері ұрпақтан-ұрпаққа өтіп, олардың өмір салтына, іс-әрекетіне, ой-өрісіне өз ықпалын тигізіп, адамдардың өзара қарым-қатынасына үлкен әсер етеді. Сонымен қатар, тіл де, басқа әлеуметтік құбылыстар сияқты, үне бойы өзгерісте, дамуда. Тілді тазарту, тарихи ұмыт қалған сөздерді өмірге қайта еңгізу, жаңа сөздерді тудыру – бұлардың бәрі де керек нәрселер. Бұл жағынан алып қарағанда біршама жұмыстардың беті қайтарылған тәрізді.

Сонымен қатар, бұл салада да асыра сілтеушілік жоқ емес сияқты. Әсіресе, бүгінгі таңда, қазақ елі бүкіл Дүниежүзілік қауымдастықпен тығыз экономикалық, саяси және мәдени қарым-қатынасқа түсіп жатқан кезде, көп ұлттардың сөздіктеріне кеңінен еңген сөздерді алып тастап оларды "жаңарту" біздің тілімізді жаңартар ма екен, я болмаса, басқа қауымдастықтардан алыстатар ма екен? Біріншіден гөрі екінші ақиқатқа жақын ба деп ойлаймыз.

Мысалы, "цивилизация" деген бүкіл жер шарына кең тараған ұғымның орнына "өркениет" деген сөз енгіздік. Ал, олардың мазмұндары бір-біріне сәйкес келмейді. "Цивилизация" ұғымы негізінен алғанда қоғамның заттық, материалдық деңгейін көрсететін ұғым болса, "өркениет" (түбірі – ниет) адамның, қоғамның рухани өмірін бейнелейтін, "мәдениет" деген ұғымға жақын сөз. Соңғы жылдары "тексті" - "мәтінге" (түркі емес араб сөзіне ауыстырғанда не пайда таптық?), "классты" – "сыныпқа", "архивті" – "мұрағатқа" т.с.с. ауыстырдық. Біз мұндай "тазартулардың" пайдасынан гөрі зияны көп болмас па екен деген күдіктеміз.

Дегенмен де, қазақ тілінің арнасы бүгінгі таңда кеңеюде. Әрине, оны толыққанды мемлекеттік тіл дәрежесіне жеткізу үшін біршама уақыт керек. Ол үшін әрбір қазақ азаматы белсенділік көрсетіп, өз тілін терең меңгеріп, кең түрде қолдануы қажет. Сонда ғана басқа халықтардың өкілдері де қазақ тіліне деген шынайы бетбұрыс жасайтыны сөзсіз.

ж) сана және кибернетикалық құралдар

Электрондық-есептеу құралдары пайда болысымен-ақ оларды адамның миымен салыстыру, олардың бір-бірінен айырмашылығын зерттеу үрдістері басталып кетті. Бұл сала өте тез қарқынмен дами бастаған сайын бұл мәселе де философиядағы өзекті салаға айналды. Бүгінгі таңда неше-түрлі роботехника пайда болып, тіпті толығынан автоматизацияланған адамның қатысуынсыз жұмыс істейтін цехтар, тіпті заводтар дүниеге келді. Бүгінгі таңдағы адам электрондық әуенді тыңдай алады, жобалау институттарын компьютерлік жабдықтарсыз көзге елестету өте қиын. “Genіus” деген өте күрделі компьютер Әлем чемпионы Г.Каспаровтың өзін жеңіп кеткені бүкіл адамзат қауымын таңғалдырған болатын. Аса күрделі компьютерлік бағдарламаларда шығармашылық тұрғыдан ізденіс жасай алатын жасанды интеллекті де байқауға болады. Американ фантастика жазушысы А.Азимов болашақта адамның өзіне пара-пар роботтар дүниеге келіп, адамға қарсы көтеріліс жасап, өз еркіне көндіру әрекетін жасауы мүмкін деген қиял айтады.

Олай болса, мәселе тікелей қойылып, жасанды интеллект алдағы уақытта адамның өзін ауыстыруы мүмкін бе?,- деген ашық сұрақ пайда болады.

Әрине, адамның миы – бүгінгі таңдағы ашылған ең күрделі биік дәрежеде ұйымдасқан материя – ол кванттық деңгейде жұмыс істейтін өте нәзік ойлау құралы. Сонымен қатар, электрондық-есептеу құралдары да жартылай өткізгіштердің негізінде жұмыс істейтін сандық құрылымдармен байланысты материалдық үрдіс.

Міне, осы жақтарынан ми мен компьютерді салыстыруға болады. Информациялық қабылдаулар мен байланыстар, басқару мен бақылау жүйелерінің заңдылықтары тірі организмдер мен автоматикалық құралдарда сандық жағынан алып қарағанда ортақ болуы мүмкін. Мысалы, компьютердегі информацияны қабылдау, өңдеу және жауап қайтаруы мидың түйсіктер арқылы деректер алып оларды өңдеп жауап беруіне өте ұқсас. Әрине, тірі организмде болып жатқан нәзік физика-химиялық үрдістерді өлі табиғаттағымен толығынан тепе-тең салыстыру мүмкін емес. Бірақ, соған қарамастан олардың ұқсас жақтары да болғандықтан, математика ғылымының негізінде оларды модельдеуге болады.

Бүгінгі таңда компютерлік техниканың (жасанды интеллектің) мүмкіндіктері жыл сайын өсуде. Мүмкін, болашақта адамның миын толығынан модельдеуге де жетерміз. Дегенмен де, жасанды интеллект адамның көмекшісі ретінде кеңінен пайдаланылса да, оны толығынан ешқашанда ауыстыра алмайды,- деген үзілді-кесілді пікір айтуға болатын сияқты. Енді осы пікірімізді дәлелдеп көрелік.

Бүгінгі таңда кибернетикалық құралдар өте күрделі өндіріс жүйелерін басқаруға көмектеседі. Бірақ, сол басқару бағдарламасын компьютердің “жасанды санасына” еңгізетін сол адамның өзі емес пе? Компьютер миллиондаған ақпараттан ең тиімдісін бірнеше секундта таңдап алып адамға ұсынады. Ол адамның миын тұрпайы есептеу үрдістерінен босатып оның шығармашылық мүмкіндіктерін іске асыруға жағдай тудырады. Әрине, кейбір аса күрделі компьютерлік бағдарламаларда шығармашылық ізденістердің элементтері еңгізілген. Дегенмен де, жасанды интеллект шынайы шығармашылық ізденіс жасай алмайды. Бұл мәселеге толығырақ тоқталайық.

Шығармашылық ізденіс шабыттың, сезімдік толғаудың негізінде пайда болатыны сөзсіз. Адам тек қана ойлай алатын пәнде емес, сонымен қатар ол сүйінеді, күйінеді, шабыттанады, ізгілікке, әсемдікке ұмтылады т.с.с. Осы факторлардың бәрі келіп адамның шығармашылық ізденісін тудырады. Жаңғыз ғана салқын ой шығармашылықты, нақтылы қол астындағы болмысты аттап өтіп жаңа көкжиекті тудыруы екіталай. Олай болса, кибернетикалық құралдарды адами шығармашылық деңгейіне көтеру үшін, олардың бағдарламасына сезім толқындарын еңгізу қажет: олар адам сияқты сүюі, ренжуі, шаттануы, ізгілік пен әсемдікке ұмтылуы керек. Ол үшін оның санасына бүкіладамзат өткен жолын еңгізу қажеттігі туындайды, ал ол - мүмкін емес.

Еріктік негізіндегі шығармашылық - адамның тектік өзіне ғана тән қасиеті. Егерде ол компьютерге берілсе, онда адам не істемек? Ол іске асқан жағдайда, расында да, адам өз-өзін терістеп, тарихтың соңғы беттері жазылып бітер еді. Әрине, ол ешкімге керек емес.

Соңғы кездерде компьютерлік техника мен жаңа білім беру технологиялары мектептер мен жоғарғы оқу орындарына кеңінен еңгізілуде. Қанша қиындықтар болса да, жас мемлекет қомақты қаржы шығарып жастардың компьютерлік бағдарламаларды игеруіне жағдай туғызуда. Оның, әрине, маңызы өте зор. Сонымен қатар, бұл істе асыра сілтеушілік те жоқ емес. Ауылдық жерлерде мектептерге әкелінген компьютерлік техника энергия қуаты болмағаннан кейін істемей, шығарылған қаржы ақталмай жатыр. Екінші жағынан, дәріс беретін мамандар да аз. Көп жағдайларда компьютерлер “қымбат ойыншық” ретінде пайдаланып оның мүмкіндіктері толығынан іске аспай жатыр. Кейбір жоғарғы оқу орындарында студенттердің білімін тексеру толығынан компьютерлік тестерге жүктелуде, ескі жүздеген жылдар бойы сынаудан өткен дәріс әдістемелері жалаң терістелу жолында.

Бұл арада біз бір нәрсені ойдан шығармауымыз керек. Ол – білім беру мен тәрбие жүйесіндегі оқытушының тұлғасының рөлі – оны ешқандай компьютер ауыстыра алмайды. Ол әрқашанда негізгі үлгі болып қала беруі керек. Адамға білім беру дегеніміз – оның тұлғасының қалыптасуына жан-жақты әсер ету деген сөз. Жалаң информация, ол қанша көп болса да, адамның моральдық қасиеттерін қалыптастыра алмайды – ол тек технократизмге ғана әкеліп тіреуі мүмкін. Ал ол болса, адамзатты бүгінгі рухани дағдарысқа әкелген жол.

Батыс білім беру жүйесіндегі көп жетістіктерімен қатар, үлкен кемшілігі – біржақты бейімделген, тек өз мамандығын ғана игерген “бірөлшемді” адамды (Г.Маркузе) дайындауы. Оның салдары ретінде “дүниеқуушылық”, “сезімдік ләззатқа ұмтылушылық”, адамдардың бір-бірінен жаттануы, материалдық байлық қанша өссе де өмірдің рухани жағының азғындауы, соның нәтижесінде “әлеуметтік аномияның” (нашақорлық, ішімдікке салыну, қылмыстық т.с.с.) өсуін айтсақ та болғаны. Бұл айтылған ойлардан компьютерлік білім беру жүйесінің керек еместігі туындамайды. Ол, әрине, қажет. Бірақ, оның мүмкіндіктері асыра бағаланбауы керек. Ол бұрынғы дәстүрлі білім беру жүйесін толықтыру, оның тиімділігін арттыру және өмірде кеңінен қолдану үшін қажет.

 

14.5. Жалқылық пен жалпылық

Болмыстың ішкі астарын ширатып талдауды неден бастауымыз керек ? - Әрине, бұл сұраққа жауап беру оңай шаруа емес. Діни философия оны Құдаймен теңестіреді. Идеалистік философияның көрнекті өкілдерінің бірі Г.Гегель өз философиясын "абсолюттік идея" ұғымынан бастайды. Ал материалистік бағыт ұстаған ойшылдар оны "материя" ұғымынан бастайды. Бірақ, уақытында ұлы Гегельдің өзі-ақ айтып кеткендей, ешкімде ешқашан абстрактылық "материяны" көрген жоқ, дүниеде тау-тас, ағаш, ауа, қой, ешкі т.с.с. нақтылы заттар бар, ал материяның өзі-ақ абстрактылық ұғым емес пе? Ал Л.Фейербахқа келер болсақ, болмысты талдауда күнбе-күнгі көз алдымызда өмір сүріп жатқан заттар мен құбылыстардан, яғни "міне", "мынау", "анаудан" бастап әрі қарай өрлеуіміз қажет деген пікір айтады. Біздің ойымызша, соңғы ойшылдың пікірі дұрыс сияқты.

Расында да, осы пікірді талдап көрейікші. Егерде біз адамды қайсыбір жануармен салыстырып байқасақ, онда оның шексіз айырмашылығын байқаймыз, өйткені, жануар өзін жағалай қоршаған ортадан айырып ала алмайды, ол өзінің туа біткен инстинктері мен шартты рефлекстері арқылы табиғатпен біртұтас өмір сүреді. Ал адамға келер болсақ, оның санасы пайда болған сәттен бастап, ол өзінің басқа заттардан бөлек ерекше болмысын сезінеді, сонымен қатар, басқа заттардың да дара, ерекше өмір сүретінін байқайды. Осы ерекшелікті сезінудің нәтижесінде адамдардың санасында даралық, жалқылық, ерекшелік, зат, құбылыс т.с.с. ұғымдар пайда бола бастайды. Сонымен қатар, адам өз дербестігін, ерекше болмысын сезініп қана қоймай, оны қоршаған жағалай ортамен байланысын, сонда өмір сүріп жатқан заттар мен құбылыстардың өзара байланыстарын да байқайды. Өйткені, оған тірі жан ретінде тамақ ішуі, баспана іздеуі, басқа аңдардан қорғануы т.с.с. қажет. Бұл қажеттіктердің өтелуі жағалай қоршаған заттар мен құбылыстарды пайдалану арқылы ғана іске асуы мүмкін.

Алғашқы уақытта адамның өмір сүру барысында пайдаланған заттары әрқашанда ерекше, дара, жалқы, қайталанбайтын, бұрынғы-соңғы оның өмірінде кездеспеген сияқты болып көрінеді. Ол оның белгілі-бір қажеттіктерін өтегеннен кейін есінде сақталмай қоймайды. Сонымен қатар, адам өзінің өмір сүру барысында сол қажеттіктерді өтей алатын басқа заттар мен құбылыстарды да кездестіріп, оларды пайдаланады. Сондықтан, оның басында даралық, жалқылық ұғымымен қатар бірнеше, көп ұғымдары пайда болады. Мысалы, шие де, алма, алмұрт та бір қажеттікті өтейді. Олардың бәрін салыстыра келе адамдар олардың ортақ қасиеттерінің бар екенін, айырмашылықтарымен қатар жалпыға бірдей жақтарын анықтайды. Сол себепті шие, алма мен алмұрттан тыс жеміс деген ұғым пайда болады, ол аталған және де басқа жидектердің жалпы қасиеттерін біріктіретін ұғым. Жүре келе мұндай ұғымдар адамдардың сөздігіне көптеп кіріп белгілі бір халықтың ойлау жүйесін әрі қарай дамытады…

Жоғарыда өрбіген ой-өрісіміз дұрыс болса, онда жалқылық пен жалпылық болмыс категорияларын талдауының бастамасы болып есептелуі керек. Тарихи-қисындық тұрғыдан алғанда, солардың адам практикасының, тәжірибесі дамуының негізінде пайда болуының нәтижесінде басқа да болмыс категориялары дүниеге келіп өрби бастайды.

Енді бүгінгі таңдағы философиялық тұрғыдан қарасақ, онда біз жалқылық, даралық болмыстың өмір сүру формасы екенін байқаймыз. Дара, жалқы дегеніміз – кеңістік пен уақыттың шеңберінде шектелген зат, я болмаса құбылыс. Болмыстағы нақтылы да шынайы өмір сүріп жатқан заттар мен құбылыстар – дара, жалқы, ешқашанда қайталанбайтын, тек өзіне тән ерекшеліктерімен көрінеді. Қазақ халқы оны "бес саусақ бірдей емес" деген нақыл сөзбен берген. Мысалы, қазіргі жер бетінде өмір сүріп жатқан 6 млрд. адамның ішінен екі бір-біріне толығынан пішін-түрі жағынан ұқсасты табу мүмкін емес. Сондай-ақ олардың әрбіреуінің ой-өрісі, руханияты да өзгеше қайталанбайтын жақтарымен суреттеледі. Элементарлық бөлшектерден бастап жұлдыздар әлеміне дейін ғалымдар толығынан бір-біріне ұқсас ешқандай екі затты тапқан жоқ. Қорыта келе, даралық, жалқылық дегеніміз – шындықтың болмысының өмір сүру тәсілі болып шықты.

Сонымен қатар, бұл Дүниеде екі бір-бірімен толық ұқсастығы жоқ екі затты табу да мүмкін емес. Егерде олай болатын болса, Дүние өмір сүре алмас еді, заттар мен құбылыстар бір-бірімен байланысқа түсіп біртұтас әлемді құра алмаған болар еді. Дүниеге ұқыпты көзбен қараған адам заттар мен құбылыстардың бір-бірімен шытырман байланыста екенін байқайды – ал оның астарында олардың ұқсас жақтары, тектік бірлігі, жалпы қасиеттері жатқан жоқ па? -Әрине, солай. Жалқы заттар мен құбылыстар үне бойы бір-бірімен байланыста, өзара әрекет жасауда, бір-бірін анықтауда. Оның өзі олардың жалпыға бірдей қасиеттері арқылы ғана іске асады. Сонымен, жалпылық дегеніміз де болмыстағы жалқы заттар, құбылыстар мен үрдістердің өмір сүру заңдылығы болып шықты.

Ұқыпты оқырман бұл арада қайшылықтың пайда болғанын байқап қалған болар – бір жағынан, қайсыбір зат, құбылыс, үрдіс тек өзіне тән, Дүниеде қайталанбайтын жақтарымен көрінгісі келсе, екінші жағынан, толық дербес өмір сүре алмай, жалпылыққа өтеді. Олай болса, қайсыбір зат, құбылыс, үрдіс е р е к ш е - өз бойында қайталанбайтын, тек өзіне тән қасиеттерімен қатар оны басқа заттармен біріктіретін жалпы жақтарымен танылады. Айтылған ойдың үлкен методологиялық маңызы бар десек те болғаны, өйткені, сонау көне заманнан бастап осы уақытқа шейін көп мәселелердің шешімі осы даралық пен жалпылықтың диалектикасын жете түсінбеуден пайда болады.

Сараптап жатқан ұғымдарды алғаш рет терең талдаған ұлы Платон болатын-ды. Оның "эйдос әлемі" – "заттар әлемімен" салыстырғанда өз бетінше өмір сүріп жатқан материалды емес, мәңгі, кемеліне келген, сұлу, ізгі әлем, ал біздің Дүние заттанған, мінді, уақытша, эйдос әлемінің бұлдыр көлеңкесі ғана сияқты. Аристотель "Платон маған қымбат болса да, ақиқат одан да гөрі құнды",- деп оның өзінше өмір сүретін эйдос әлемін сынға алады. Оның ойынша, жалпылық дара заттардан бөлек өмір сүре алмайды, ол заттардың мән-мағнасын, яғни формасын құрайды. Ал форма қайдан пайда болады, -деген сұраққа ол "форманың формасы - Құдай" дейді.

Жалпылық пен жалқылық Орта ғасырдағы негізгі философиялық мәселеге айналып реализм (realіs,- латын сөзі,- шынайы) мен номинализм ( nomіnіs,- латын сөзі, -есім, ат) бағыттарын тудырады. Негізгі мәселе – жалпылықтың (сол кездегі терминмен айтсақ- универсалиялардың) онтологиялық (болмыстық) статусын (орнын) анықтауда болды. Реалистер жалпылық жеке заттардан бөлек өмір сүреді деген пікірге келіп, қалай айтқанда да, заттар әлемінен бөлек өмір сүретін идеалдық әлемді, я болмаса Құдайды мойындайды. Мысалы Орта ғасырлық схоластиканың көрнекті өкілі Ф.Аквинский универсалиялар үш түрлі өмір сүреді деген пікірге келеді. Біріншіден, ол Құдайдың ойынан шыққан болашақ заттардың идеалдық үлгілері, екіншіден заттардың ішкі мән-мағнасы, үшіншіден, заттарды зерттеудің нәтижесінде пайда болған адамның басындағы ұғымдар. Ал номиналистерге келер болсақ, олар тек дара жеке өмір сүретін заттар ғана шынайы, ал жалпылық дегеніміз – заттардың ұқсас жақтарын пайымдаудың негізінде қойылған есімдер ғана деген пікірге келеді.

Жаңа дәуірдегі ойшылдар көбіне номинализм бағытына жақынырақ болды. Мысалы, Дж. Локк жалпылық заттарда өмір сүрмейді, оларды ойлап шығарған адамның зердесі деген пікірге келеді – олар неше-түрлі сөздер, идеялар, белгілер ғана. Б.Спиноза ұғымдардың шығу тегін заттардан іздеу керек деген дұрыс пікір айтқанмен, жалпылықты тек қана заттардың қарапайым ұқсастықтарынан іздеді.

И.Кант бұл ойды тереңдетіп жалпылықтың екі түрін мойындайды. Олар – тәжірибеден шығатын және априорлық (тәжірибеге дейін берілген) жалпылықтар. Ғылыми зерттеулер, тәжірибе арқылы жасалатын жалпы ұғымдар әрқашанда жеткіліксіз, өйткені, күндердің бір күнінде жаңа деректер пайда болып ұғымның шеңберін бұзуы мүмкін. Априорлық жалпылықтарға келер болсақ, олар трансцендентальды (transcendens,- латын сөзі,- аттап өту, яғни бұл Дүниенің әржағындағы деген мағна береді.) санаға жатады, оның табиғатын біз ешқашанда тани алмаймыз.

Г.Гегельге келер болсақ, ол жалпылықты "абсолюттік идеямен" теңейді. Бірақ ол заттардың ұқсас жақтарын қамтитын қарапайым абстрактылық жалпылық емес, ол – шынайы нақтылы жалпылық. Соңғыны ол заттар мен құбылыстардың даму заңдылықтарына теңеп, ал оның өзі әрқашанда даралықтың негізінде ерекше көрініп, жекенің де өзіне тән байлығын бойына сіңіреді,- деген терең ой айтады. Жас жігіт пен пісіп-жетілген азамат та белгілі бір нақыл сөзді айтуы мүмкін, бірақ олар оған әр-түрлі мағна береді, өйткені, екінші өзінің бай өмірден алған тәжірибесі мен білімі арқылы оны жете түсінеді.

Маркстік философияда Гегельдің "нақтылы жалпылық" идеясы жоғары бағаланып, сонымен қатар, жалпылықтың қайнар көзін "абсолюттік идеяға" теңеуін сынға алады. Жалпы ұғымдарда объективті шындықтағы жалпылық бейнеленеді, ал оның өзі заттар мен құбылыстардың ішкі нақтылы теңдігі. Ол заттардың өмір сүруінің негізі, оның көрінісі – заң.

Сонымен, оқырманның байқағанындай, философия тарихында даралық, жалқылық пен жалпылықтың өзара диалектикасы ғасырлар бойы зерттеліп бүгінгі таңдағы мәресіне жетті. Оған қорытынды жасасақ, жалқылық жалпылыққа әкеледі, ал соңғы жалқылықтың бойында өмір сүреді. Алайда, олардың екеуінің арасындағы дәнекер – ол ерекшелік. Сондықтан, Дүниедегі әр зат, құбылыс, үрдіс - өзінің ерекшелігімен танылады. Ерекше зат өз бойына жалқы мен жалпыны тек өзіне ғана тән жолмен біріктіреді. Соның арқасында Дүниедегі көпттүрліктің бірлігі қамтамасыз етіледі.

Жалқылық пен жалпылық диалектикасын жете түсіну арқылы өткен Кеңес қоғамы мен қазіргі Егемен елімізде жүріп жатқан үрдістерді талдауға мүмкіншілік аламыз. Кеңес заманында жалпылық басымқы категорияға айналып, жеке адамдардың құқтары, олардың шығармашылық ерекшеліктері дұрыс ескерілмеді, сондықтан, қоғам тоқырауға ұшырады. Бүгінгі таңда біз керісінше ағымды байқаймыз. Жекелік, адамдардың құқтарын сақтау, оларды шығармашылық жолға, ізденіске бағыттау - қазіргі саясаттың негізгі арқауы болып отыр. Ол, бір жағынан, экономикалық дағдарыстан тезірек шығуға мүмкіндік берсе, екінші жағынан, ұжымдық мүдделердің іске асуына нұқсан келтіруде – ол бүгінгі таңда баршаға аян.

Еліміздегі түбегейлі өзгерістер тереңдеген сайын жалқы мен жалпылық диалектикасының маңызы арта түсуде. Оны ұқыпты түрде ескермейінше біз саясатта үлкен қателіктер жіберуіміз мүмкін. Шынында да, Қазақ елі алыстағы Франция, я болмаса Бразилияға ұқсамайды, тіпті бізге жақын елдердің өзі де (Өзбекстан, я болмаса Ресей) басқаша. Осы тұрғыдан қарағанда, біздің ата-бабаларымыз таңдап алып өз Отанына айналдырған жерлер мал өсіруге лайықты, табиғаты қатал, суға тапшы, сонымен қатар, өрісі кең жерлерде орналасқан. Сондықтан да ауыл шаруашылығы қазақ елінің экономикасының жетекші салаларының бірі болып болашақта да қала бермек. Осындай кең байтақ, сонымен қатар, суы тапшы елде бір жылы жақсы егін орылса, екінші жылы қуаңшылық болмауына ешкім кепілдік бере алмайды. Мұндай жағдайда кіші-гірім фермерлік шаруашылықтардың өмір сүруі екіталай. Оны қазіргі өмір көрсетіп те жатыр. Осы тұрғыдан алғанда, көп ұжымдық мықты ауыл шаруашылық мекемелерін жасанды банкрот етіп құрту – саясатта жасалған үлкен қателіктердің бірі болды. Өмір олардың орнына үлкен алпауыт лендлордтарды ауылға әкелді. Ал олар болса ауылдың әлеуметтік жағдайына көңіл бөлмейді. Олардың негізгі мақсаты – егінді егіп, уақытында жинап алып нарыққа мейлінше қымбатқа өткізу, ал одан пайда болған қаражаттың пілдей бөлігі негізінен қалада қорлануда… Бүгінгі таңдағы жеке кіші-гірім фермерлік шаруашылықтардың қайта кооперацияға өтуге тырысуы – осы елдің ерекшеліктерінен шығады. Сонымен қатар, өзен-су бойында орналасқан, суармалы тұрақты өнім алуға мүмкіншілігі бар жерлерде фермерлік шаруашылықтар тиімді болуы әбден мүмкін.

Ал енді жер байлығына келер болсақ, елдің мұхиттан алыс болуына байланысты оларды басқа елдерге экспорттауының жол қаражаты өте қымбат. Сондықтан, шикізат етіп сыртқа шығарудан гөрі оларды өңдеп, мұнайдан бензин, керосин т.с.с., мыстан неше-түрлі кабельдерді, ал жүре келе электр жабдықтарын жасаған жөн. Бірақ бүгінгі таңда оған қаражат жеткіліксіз болып жатыр… Сонымен қатар, алғашқы капитал тез қорланбай, іскерлердің әсем сарайлары мен мерседестерінен қалмай жатқан жақтары да жоқ емес.

Олай болса, біз өзіміздің ерекшеліктерімізді мұқият зерттеп жалаң еліктеушіліктен арылуымыз қажет. Сонымен қатар, алға кеткен елдердің жетістіктерін өз жағалай ортамызға, соған тарихи икемделген сана-сезімімізге бейімдеп қолдануымыз керек. Сонда ғана біз өз ерекшеліктерімізді сақтап, соның арқасында басқа елдердің де шынайы қызығуы мен сүйіспеншілігіне қол жеткіземіз. Дүниедегі көптүрлігімен танылатын мемлекеттердің ішінен өз орнымызды табамыз.

 

Тәуелсіздік пен тәуелділік

Жалқы мен жалпы категорияларымен тығыз байланысты, болмыста терең тамырланған ұғымдар – тәуелсіздік пен тәуелділік ұғымдары.

Бұрынғы философия оқулықтарында бұл ұғымдар жоқ болатын-ды. Бірақ, бүгінгі таңда қазақ елі тәуелсіз мемлекет орнатып жатқан кезде, олардың мән-мағнасы күрт өсуде, өйткені, тәуелсіздік – кейбір әдебиетте кездесетіндей, бұрынғы одақтас кеңес республикаларындағы ұлттық элитаның билікке деген ұмтылысынан пайда болған құбылыс емес, оның түп-тамыры тереңде – болмыстың өзінде жатыр. Тәуелсіздіктің баянды болуы, оның ауадай қазақ халқына қажеттігінің негізінде осындай философиялық пайымдау жатыр.

Енді осы айтылған тұжырым жалаң болып көрінбес үшін, оны дәлелдеп көрелік. Жоғарыда айтып өткеніміздей, Дүниеде – Жер болсын, Аспан болсын – біз екі бір-біріне толық ұқсас зат, я болмаса, құбылысты таба алмаймыз. Микроәлемдегі элементарлық бөлшектерден бастап Мегаәлемдегі жұлдыздарға дейін әрбір зат, я болмаса, құбылыс тек өзіне тән болмысымен сипатталады. Даралық және қайталанбастық, басқаға ұқсамастық, жалпы алғанда, материалдық және рухани болмыстың өмір сүру тәсілі болып табылады. Оны өз уақытында Эпикур болжамдаған болатын. Оның ойынша, атомдар кеңістікте құлдырап бара жатқан кезде алғашқы бағытынан “өз еркімен” ауытқиды. Қазіргі ядролық физиканың деректеріне сүйенсек, бүгінгі таңдағы ашылған 300 – ге жуық элементарлық бөлшектердің әрқайсысының өз табиғаты, сыры бар. Ең ақырында, бүгінгі таңдағы ашылған ең ұсақ бөлшектер – адрондардың құрылымын құрайтын кварктардың өздері "бір-бірінен салыстырмалы түрде тәуелсіз және біршама еріктіктің деңгейінде өмір сүреді" (қараңыз: Материалистическая диалектика., М., Мысль,1983, стр.61). Әсіресе, көрнекі түрде тәуелсіздіктің сипатын тірі және өлі табиғаттағы, қоғам өміріндегі статистикалық үрдістерден байқауға болады. Мысалы, газ табиғаты жөніндегі қазіргі теориялар әрбір молекуланың бір-бірінен тәуелсіздігін көрсетеді. Тек қана сырттай шектеу қойылған кезде ғана (белгілі бір құйманың ішінде) олар бір-бірімен болуы мүмкін байланыстарға түседі. Сол себепті, статистикалық заңдылықтардың негізінде әрбір бөлшектің бағытын білу мүмкін емес, ол оның дербестігін, тәуелсіздігін көрсетеді, тек олардың жиынтығының заңдылықтарын ғана анықтауға болады. (қараңыз: П.В.Алексеев., А.В.Панин. Философия., М., Проспект, 1998, стр.424). Термодинамиканың екінші бастамасы Дүниеде дезинтеграция (ыдырау), энтропия (күш-қуаттың төмендеуі), хаос (бытырау) үрдістері жүріп жатқанын мойындайды. Ал мұның өзі де заттар мен құбылыстардың болмыстағы "өз еріктігіне” деген “ұмтылысын” көрсетпей ме? Өйткені, олардың әрбіреуінің болмыстағы өз негізі бар ! Классикалық механиканың негізгі қағидаларының бірі - әрбір зат өзінің массасы (салмағы) арқылы ерекшеленеді, ал оның өзі бастапқыдан бір-бірінен тәуелсіз берілген.

Тірі табиғатта да біз осындай жәйттерді байқаймыз. Мысалы ағаштың бұтақтарында өсіп тұрған 50 мың жапырақтардың бір-біріне толығынан ұқсас екеуін тауып алу мүмкін емес. Әр жапырақ Дүниеге өз болмысымен келіп, соңында – кетеді. Бір ананың бойында өсіп Дүниеге келген егіз – екі түрлі болып келеді, олар қанша бір-бірімен ұқсас болғанымен, тәуелсіз, қайталанбайтын, ұқсас емес жақтарымен танылады.

Ал егерде адам болмысына келер болсақ, "Дүниеде болу - ерекшеленуге" теңеледі, яғни, әр тұлға өз бойындағы табиғи дарындарын өрістетіп дамыту арқылы өмір сүреді. "Адам құқтары" аталатын бүгінгі таңдағы кең таралған қағида өзінің тереңге кететін түп-тамырында тәуелсіздік ұғымына, тұлғаның басымдылығына негізделген. Бүгінгі қоғамдардағы шарпыған әлеуметтік аномияның (ауытқудың) терең себептерінде адамдардың өз болмыстық негіздерінің дамуына қанағаттанбаушылық жатыр. Сондай-ақ, әр халық өз тәуелсіздігіне жетуге, соның негізінде мәдени құндылықтарын, дүниесезімі мен дүниеқабылдауын сақтауға тырысады.

Қоғамның рухани саласына келер болсақ, тек қана өзіндік болмысымен көрілетін төл шығарма ғана құндылығымен танылады. Сол себепті Құрманғазы мен Абайдың, Қастеев пен Тәттімбеттің т.с.с. шығармалары халықтың санасында мәңгілік сақталады. Ал өзіндік негізі жоқ "біркүндік" туындылар бүгін дүниеге келіп, ертең-ақ ұмытылып қалады. Тіпті математиканың ең абстрактылық саласы - метаматематиканың өзін алсақ, оның өзі де ауыспалы тәуелсіздікке негізделген.

Жоғарыда айтылғанды қорыта келе, тәуелсіздік категориясының болмыстық статусын (орнын) мойындауға тура келеді.

Сонымен қатар, Дүниедегі өмір сүріп жатқан бірде-бір зат, құбылыс өзіндік болмысына қаншалықты "ұмтылса да" толығынан өзімен-өзі бола алмайды, сондықтан ол өз тәуелсіздігінің белгілі бір бөлігінен айырылуға мәжбүр болады. Мұны соғыстан кейінгі Албанияның әлеуметтік тәжірибесі айқын көрсетті. Батыспен де, Шығыс социалистік елдерімен де байланыстарын үзген сол елдің басшылары өз Отанын толық апатқа дейін әкеліп тіреді емес пе? Бүгінгі әлемде адамзатқа қажет 2,5 млн. жуық әртүрлі заттар өндірілсе, бірде-бір мемлекет, қанша алып болса да, басқа елдермен қарым-қатынасқа, кооперацияға түспей дербес өмір сүре алмайды. Олай болса, тәуелділік тәуелсіздікке контрарлы, яғни қарсы бағытталған категория болып шықты. Егер тәуелсіздік жалқының қайталанбайтын өзіндік жақтарымен тығыз байланысты болса, тәуелділік жалпылықтың негізінде өмір сүреді. Аталған екі категорияның "басын біріктіретін" дәнекер – заттар мен құбылыстардың өзара тәуелділігі, өйткені, зат пен құбылыстың өзіне тән қайталанбас жақтарымен есептеспейтін біржақты тәуелділік – ертелі-кеш бұзылады, басқа жағдайда – тәуелді заттың құруына әкеледі. Мысалы, бұрынғы Кеңес Одағының күрт жарылуының негізгі себептерінің бірі ретінде оның халықтардың тілі мен діні, әдет-ғұрпына тигізген зәбірлігі болды емес пе? Барлық халықтарды "орыстандыруға" бағытталған саясат ішкі наразылықты тудырып, ұлт-азаттық сезімді, халықтың ар-намысын оятты. Егер де Ресей саясатшылары уақытында шешен халқына федерацияның шеңберінде дербес даму мүмкіншілігін бергенде -бүгінгі қантөгіс болмаған еді.

Халықтар арасындағы өзара тәуелділік – олардың мүдделерін келіссөздер арқылы бір-бірімен ұштастыруға тең. Жер бетіндегі локальды (жергілікті) соғыстардың осы уақытқа шейін тоқталмауы, негізінен алғанда, ірі мемлекеттердің кішілерді өз еркіне көндіру саясатынан шығады. Тек бүгінгі таңда ғана Ресей мемлекеті бірте-бірте империялық сана шеңберінен шығып, бұрынғы одақтас мемлекеттермен өзара тәуелділіктің негізінде ғана жақсы тиімді қатынастарды орнатуға болатынын сезгендей. Халықаралық саясаттағы бұл оң өзгерістерге өзінің барша тәжірибесі мен білімі, тапқырлығын қосқан елдің Президенті Н.Назарбаевтың үлесін асыра бағалау өте қиын.

Тәуелсіздік - қай халықтың болмасын, аса бағалайтын құндылығы, өйткені, тек осы жағдайда ғана алға кеткен халықтарды тиімді түрде қуып жетуге, халықтың шығармашылық мүмкіндіктерін сыртқа шығарып гүлдетуге, негізінен алғанда, тәуелсіздіктің терең түп-тамыры - өз болмысының қайнар көзіне - жаңа деңгейде қайта оралуына жағдай туады. Қоғам өміріндегі көп нәрселерді реформа барысында өзгертуге, басқа елдердің озық тәжірибесін қабылдауға, әрине, болады. Бірақ, халық болмысының қайнар көзінде жатқан, тәуелсіздіктің өзіндік негізін құрайтын нәрселерді өзгертуге болмайды. Ондай жағдайда біз "жаңа мәңгүрттікке" тап болып өз-өзімізден (идентификация) айырылып қалуымыз мүмкін. Айтылған ойды тереңдете қоғам өміріндегі кейбір өзекті мәселелерге тоқтала кетейік.

Тәуелсіздіктің соңғы 10 жылында елімізді бүкіл әлемге таныту мен мойындату жолында көп жұмыстар жасалды. Бұрынғы Кеңес қоғамының ядрорлық қаруларынан бас тартудың арқасында, ең ірі мемлекеттерден, соның ішінде АҚШ, Ресей, Қытай елдері де бар, тәуелсіз өмір сүруіміздің кепілін алдық. Бұл біздің жас дипломатиямыздың ең ірі жетістіктеріне жатады. Соның арқасында Қазақ елі бүкіләлемдік қауымдастыққа бейбіт өмір аңсайтын қоғам болып танылып, мәртебесі көтерілді. Біздің несібемізге тиген мол табиғи байлықтың арқасында көп дамыған елдердің мүдделерін елімізде қалыптастырдық, миллиардтаған доллар инвестицияларды тартып, халық шаруашылығын жаңа жолға қойдық. Бұл да тәуелсіздіктің негізгі факторларын құрайды. Ел астанасын жаңа жерге көшіру - жаңа мемлекетті құрудың символы, тәуелсіздік жолындағы қажымас саяси ырықтың көрінісі болды. Отандық мәдениет дамуының жаңа сапалы сатысы ашылып, ұлттық руханияттың қайнар көздері ой елегінен өткізіле басталды.

Сонымен қатар, кемшіліктер де жоқ емес. Ол ең алдымен елдің экономикалық қауыпсіздігінде жатқан сияқты. Энергетикалық ресурстарды көптеп сыртқа шығарсақ та, осы уақытқа шейін Ресей, Өзбекстан сияқты елдердің газы мен мұнайына тәуелдіміз. Ұлттық іскерлер тобы тек сауда-саттықпен айналысып өз өндірісімізді дамытуға аса ынта көрсетпей отыр. Біржақты мұнайға басымдық жасау, елді трансұлттық компанияларға тәуелді етуі мүмкін. Екінші жағынан, біз табиғи байлықтардың шексіз емес екенін ұмыт қалдырған сияқтымыз, олар болашақ ұрпақтарға да керек емес пе?!

Реформалар барысында өткен қоғамды тотальды (бірегей, мүлде) терістеу орын алды. Ал оның өзі тәуелсіздік ұғымына түбегейлі қайшы, өйткені, философиялық тұрғыдан келгенде, ол өз болмысымыздың терең қайнар көздерінен бас тартумен бірдей. Ондай жағдайда болашақта тәуелсіз дамудың өзі де мүмкін болмай қалар еді.

Алғашқы кезде жеке меншікке негізделген экономикада "Адам Смиттің "көрінбейтін қолы" бәрін де стихиялық түрде өз қалпына келтіреді",- деген романтикалық қиялдың болғаны да рас. "Ең алдымен экономиканы дұрыстап алайық, қалғанның бәрі содан кейін өз ретіне келеді",- деген сорақы пікірлер де болды. Бүгінгі таңда олардың бәрі қайта ой елегінен өткізіліп, жіберілген қателіктер түзетілуде.

Келесі бір естен шығармайтын жәйт – реформалардың бүкіләлемдік рухани дағдарыстың астарында өтуінде. Сондықтан, басқа елдердің құндылықтарын таңдамалы түрде қабылдап қана өз-өзімізді сақтай аламыз, яғни, тәуелсіздігімізді уыстан шығармаймыз. Түбегейлі өзгерістер барысында қазақ халқының мыңдаған жылдардағы тарихында тудырған рухани құндылықтарын сақтап қалуымыз керек. Олар: табиғатты аялау, жетім мен әлсіздерге қол ұшын беру, әділеттілік, ар-намысты жоғары ұстау, дүниеде алудан гөрі болуға тырысу, үлкендерді силау, әке-шеше алдындағы борышты өтеу, тәубеге келу т.с.с. Сонда ғана біз тәуелсіз гүлденген ел боламыз.

Құбылыс және мән

Дүниедегі сан-алуан өмір сүріп жатқан ерекше, дербес заттар біздің көз алдымызға өзінің сыртқы жақтарымен көрінеді, әр-түрлі қырларымен құбылады. Оны біз құбылыс дейміз. Сонымен қатар, қайсыбір зат, я болмаса үрдістің ішкі тұрақты, соның арқасында оның өмір сүруін қамтамасыз ететін жақтары да болады – ол заттың мәнін құрайды.

Заттың көзге көрінетін “құбылатын” жақтарының астарында оның келесі көзге көрінбейтін қабатының бар екенін адамдар өзінің өмірдегі тәжірибесі мен іс-әрекетінің арқасында өте ерте байқаған. Бірақ, оны жете түсіне алмай заттың денелік-материалдық жақтарынан бөлек алып қараған. Мысалы, Платон заттың “эйдосы”, яғни мәні, ұғымы – материалдық емес, ол мәңгі, идеалды,- деп есептесе, Аристотель заттың мәні ретінде оның ішкі энтелехиясын айтады. Өмір сүруге мүмкіндігі бар енжар материяны шындыққа айналдыратын оның формасы мен ішкі энтелехиясы (алдын-ала берілген мақсатқа лайықты заттың дамуы).

Орта ғасырлық философияда зат мәнінің қайнар көзін ойшылдар Құдайдың құдіретті күшінен іздейді.

Жаңа дәуірде бұл категорияларға аса көп назар аударған И.Кант болды. Оның ойынша, заттың бізге әсер ететін (“заттың біздігі”) жақтарымен (феномен) қатар, оның ішкі “өзіндік” жақтары (ноумен) бар. Заттың құбылысы – феномен, заттың мәні – танылмайтын ноумен. Адамның бар мүмкіндігі – сезім мен ақыл-ойға априорлық (тәжірибеге дейін) түрде берілген категориялар арқылы бізге өз әсерін тигізетін құбылыстарды ретке келтіру ғана. Ал оның әр жағындағы жатқан мәнді, “заттың өзіндік” сырын ашу мүмкін емес.

Мұндай құбылыс пен мәнді бір-біріне қарсы қоюды Гегель қателік деп санап, қайсыбір құбылыс мәнді, ал мәннің өзі ертелі-кеш құбылыстар арқылы өзін көрсетеді,- деген пікірге келеді.

Бүгінгі таңдағы философияда да осы категориялар жөнінде әр-түрлі түсініктер бар. Неопозитивизм шынайы өмір сүретін сезімдік деректерді ғана (құбылыстарды) мойындайды. Ал экзистенциализмге келер болсақ, ол адам өмірінің мәні тек “шекаралық ақуалда” - өлім мен өмірдің екі ортасында ғана ашылуы мүмкін,-деген пікірге келеді.

Әрине, құбылыс пен мән – болмыстың өзіне тән, оған терең тамырланған, олардың қайнар көзі - Дүниенің өзінде. Қайсыбір зат өзінің қайталанбас жағымен көрінуге “тырысқанмен” сонымен бірге оны басқа заттармен біріктіретін жалпы қасиеттерін де көрсетпей қоймайды. Сондықтан құбылыстарды зерттеп, салыстырып, ой елегінде олардың жалпы ұқсас жақтарын ғана қалтырып, қайталанбайтын ерекше жақтарынан бас тартудың арқасында жеке әр-түрлі заттардың ұқсастығын анықтауға болады. Алайда, мұндай жағдайда заттардың тек ұқсас жақтарын анықтап, сонымен қатар, оның тек өзіне тән ұқсамайтын көрінісін көрсете алмас едік. Олай болса, мәнге тек заттарды біріктіретін ұқсас жақтарымен қатар онымен бірге құйыла біткен оның ерекше мазмұны да кіреді, әр зат арқылы белгілі мән өзін байытады, болмыстағы жаңа көріністерін табады. Өйткені, құбылыс тек қана мәннің ерекше көрінісі ғана емес, сонымен бірге, басқа заттармен байланысқа түсіп, оны өз бойына сіңіреді. Ал қайсыбір құбылыс мәнді болғандықтан, ол сол жаңа байланыстар арқылы мәннің өзін өзгертіп, әрі қарай дамытады.