Скептицизм.

Антикалық философиясының соңғы сатысындағы тағы бір ағым - ол скептицизм (skeptіkos - ізденуші, зерттеуші). Олар өздерінің аты ізденуші болса да, барлық Дүние жөніндегі білім, заңдылыктардың ақиқаттылығын теріске шығарады, бәріне күмәнданады. Скептицизмге қарсы тұрған ілім - ол догматизм (dogma-ілім), ғылымда ашылған белгілі теорияларды өзгермейтін, абсолютті ретінде қарау.

Егер скептицизм ағымын осы сөздің мағнасы арқылы түсінгіміз келсе, онда бүкіл философияны осы ағымға жатқызуға болады, өйткені бұл пәннің саласында бірде-бір бүкіл ғылым қауымы мойындаған ақиқат жоқ. Әр-түрлі философиялық ағымдар Дүниенің ең жалпы сурақтарына өзінше жауап береді. Философиялық дүниетаным өте күрделі де қиын, болмыс әлі көп құпияларын өзінің бойында сақтап жатыр, әрбір ұрпақ үлкен ізденіс пен толғау арқылы өзінің дүниетанымын тереңдете түседі…

Ал бірақ танымның қиындығын скептицизммен теңеуге болмайды. Скептицизм барлық дүниетанымға күмәндану, танымның ақиқатқа жетуге болатынын теріске шығарған кезде ғана дүниеге келеді.

Скептицизмнің түп-тамыры Софистика мектебіне кетеді. Протагорды еске түсірейік. “әр зат жөнінде кемінде екі қарама-қарсы пікір айтуға болады²,- дейді ол кісі. Ал мұның өзі скептицизмге жол ашады.

Қазіргі таным теориясындағы қайсыбір білімнің салыстырмалы екендігі де белгілі бір жағдайда скептицизмге әкелуі мүмкін.

Скептицизм бағытының ірі тұлғасы Пиррон (360-370 б.ғ.д.(.

Пиррон жазылған еш нәрсе қалдырмаса керек. Ол өзінің ойларын оқушыларына әңгіме етіп жеткізіп отырған. Ол еш нәрсені сулу, ия түрсіз деп, әділетті, ия болмаса әділетсіз деп айтпаған. Оның ойынша, ақиқат жоқ, ал адамдар тек қана әдет-ғұрып арқылы өмір сүреді деген. Заттар сезіммен де, ақыл-ой мен де танылмайды, сондықтан олар жөніндегі қайсыбір пікір болмасын ақиқатқа жеткізбейді. Пиррон өзінің осы пікірлерін дәлелдеу үшін былай дейді.

Ешнәрсені заттар жөнінде айтуға болмайды, өйткені олар әр-түрлі тіршіліктердің бір-біріне ұқсамайтын түйсіктерін тудырады - біреулеріне ол зат пайдалы, екіншілеріне - зиянды; әр-түрлі адамдар да заттардан әр-түрлі әсер алады. Белгілі бір нәрсе адамның әр-түрлі түйсіктерінде әр-түрлі қабылданады (күннің сәулесі көзге жарық болып, денеге жылылық әсерін тигізеді). Адам өзінің жан-дүниесінде әр-түрлі жағдайда белгілі-бір затты әр-түрлі қабылдайды. Заттар әр-турлі басқа құбылыстармен бірге қабылданады да, әр жағдайда әр-түрлі болып көрінеді; белгілі бір түжырымға екінші оған қарсы пікірді айтуға болады және олардың біреуі екіншісінен көрі ақиқатқа жақын деп айту қиын. Сондықтан, Дүние жөніндегі ақиқат тек Құдайдың колында.

Олай болса, адам еш нәрсенің ақиқатын білмегеннен кейін олар жөнінде ешқандай тұжырым жасаудан аулақ болуы керек.

Пиррон жөнінде мынандай аңыз қалған. Кемемен теңізде жүзіп келе жатқанда үлкен толқындар пайда болып, адамдардың көңіл-күйі түсіп кетеді. Бірақ Пиррон жағалайға самарқаулыкпен қарап, адамдарға кемедегі тамақ күйсеп жатқан торайды көрсетіп: неге қорқасындар осы торай сияқты еш нәрсеге алаңдамай, өздеріңді дана адамға ұқсас сияқты ұстамайсыңдар ма? -деген екен.

Атақты орыс философы А.С.Богомолов, “Скептицизм адамдық дәрежеге сай емес, одан төмен тұрған ілім²,- деген пікір айтады. Өйткені, қауып туғандағы қорқыныш сезімі адамдыққа лайықты болмағанмен, қорыққан адам ең болмаса өзінің өміріне кауып төніп тұрғанын біледі. Ал нағыз адамдық нәрсе - ол содан кейін барлық күш-жігерін жинап, сол қауыпқа қарсы тұру, осы күресте барлық өмірдегі алған тәжрибесін, білімін жұмсау болса керек. Богомоловтың бұл пікіріне толығынан қосылуға болады.

Сонымен скептицизммен антикалық философия аяқталады. Грек философиясында ең алдымен оптимистік дүние таным пайда болды. “Білемін және соған сәйкес әрекет етемін²- деген қағида көне гректердің ең биік идеалы; Эпикурлықтар “Білемін, сондықтан бас тартамын²,- деді. “Білемін және оған көнемін²,- деп стоиктер айтты. Ал Скептиктер “Білмеймін, сондықтан қалай болса солай өмір сүремін²,- деп көне грек ой пікірін аяқтады. Ал мұның өзі Көне Заманның тарихи мүмкіншілігінің (құл иеленүшілік қоғамның) сарқылғанын, жаңа ой-өрісіне өрлеу керектігін қажет етті.

Бұл жаңа талапқа сай келген Орта Ғасырларда пайда болған тамаша философия - діннің шеңберінде пайда болған сенім философиясы еді. Келесі тарауда соны талдауға көшеміз.

Өзін-өзі тексеруге арналған сұрақтар.

Философияның дүниеге келуінің қандай себептерін айтар едіңіз?

“Кіндікті уақыттың² ерекшелігі неде?

Даоның екі мән-мағынасын көрсетіңіз.

Қытай философиясындағы болмыс пен бейболмыстың ара-қатынасы қандай?

Даоны сезімдік жолмен танып-білуге бола ма?

Даосизмнің этикалық-саяси көзқарастарының ерекшеліктері қандай?

Конфуцзыдың “алтын ережесін² есіңізге түсіріңіз

Конфуцзыдың “бес турақтылығын² атаңыз?

“Цзюн цзы² (ізгі адам) мен “Сяо-жень² (надан адам) айырмашылығы неде?

Конфуцзы оқу мен ой - елегінің байланысын қалай түсінеді?

“Фа-цзя² мектебі адамның табиғатын қалайша түсінеді?

үнді мифологиясындағы “Сансара², “Карма², “Мокша² ұғымдарының мағнасын көрсетіңіз.

Каста дегеніміз не?

Апариграха дегеніміз не?

Джайнизм ілімінде адам кімді жеңуі керек?

Ахимса дегеніміз не?

Буддизм деген ұғымның мәні неде?

Зардап шегудің себептері неде?

Нирванаға қалай жетуге болады?

үнді философиясындағы материалистік көзқарастардың ерекшеліктері неде?

Грек мифологиясындағы Құдайлардың атын айтыңыз.

Гректің “Жеті Данасының² қандай нақыл сөздері есіңізде қалды?

Алғашқы грек натурфилософтарының атын атаңыз?

Апейрон дегеніміз не?

Гераклиттің “Логосы²- ол не?

Парменидтің “Болмыс² дәлелдемесін көрсетіңіз.

Зенонның қандай “апорияларын² білесіз?

Эмпедоклдың “Сүйіспеншілік², және “Жаугерлік², күштері ғарышта қандай роль алады.

Демокрит дүниедегі қажеттілік пен себептікті неден шығарады?

Софистиканың бетбұрысын қандай философиядағы мәселеге теңеуге болады?

Протагордың “Адам - барлық заттардың өлшемі² деген нақыл сөзін қалай түсінесіз.

Сократтың “ирония² мен “маевтикасын² қалай түсінесіз.

Платонның “идеялар әлемі² дегеніміз не?

Платонның “анамнезис² теориясының мағнасы неде?

“Платондық сүйіспеншілік² деп нені айтамыз?

Платонның мемлекетіндегі “Үш әлеуметтік топтарды² атаңыз

Платон неге жеке меншікке қарсы?

Аристотельдің “Платон маған қымбат, бірақ ақиқат одан да қымбат² деген сөзін қалай түсінесіз?

Аристотельдің логика саласындағы ашқан заңдарын айттыңыз.

Аристотельдің материя және форма ұғымдарын қалай түсінесіз?

Аристотель жан-дүниенің қандай үш түрін көрсетеді?

Аристотельдің 10 категориясын есіңізге түсіріңіз.

Аристотельдің этикалық көзқарастарының ерекшелігі неде?

Аристотельдің ашқан басқару формалары қандай?

Киниктердің көзқарасы қандай болды?

Эпикуреизм деп этика саласында нені айтамыз?

Скептицизмнің көрнекті өкілі кім?

 

Ойланыңыз:

Ешқашанда бұл дүниеде өшпенділік өшпенділікпен жойылған жоқ; теқ қана өшпенділіктің жоғы оны тоқтатады. Бұл мәңгілік Дхамма. Бұл Бүдданың сөзін қалай бағалайсыз?

Жау жауға не істесе де, жалған бағытпен жіберілген ой одан да жаман істейді.

Даосизмнің диалектикалық идеялары: Барлық дүние болмыстан туады. Болмыс бейболмыстан туады. Бірдеңені әлсірету үшін ең алдымен оны күшейту керек. Бірдеңені қурту үшін ең алдымен оны гүлдету керек. Біреуден бірдемені алу үшін оған ең алдымен беру керек; Бақытсыздықта - бақыт жатыр. Бақытта - бақытсыздық бар. Кім оның шекарасын біледі?

Адамдарды білетін - дана; өзін-өзі білетін - ағарған.

Аспанның тілегі - адамдар бірін-бірі сүю керек және бір-біріне пайда әкелу керек (Мо-Цзы(.

Пайда іздегендер адалдықты ұмытады; Ең биік адамды сүюшілік туысқандық байланыстарды ескермейді (Чжуан-Цзы).

Аспан қарапайым адамдарды ел басы үшін тудырмайды, ол ел басын таққа қарапайым адамдар үшін отырғызады (Сюнь-Цзы).

Өлген мен тірі, оянған мен ұйықтаған, жас пен кәрі - бәрі бір, өйткені бірінші екіншіде жоғалады (Гераклит).

Бейболмыстың өмір сүруі ешқашанда дәлелденбейді. Ой елігін бұл жолменен жүргізбе (Парменид).

Сүйспеншіліктің тартуы мен бәрі де жиналады; қастық олардың бәрін кері таратады (Эмпедокл). Философия - таңғалудан басталады (Аристотель).

Күн, ай және барлық жұлдыздар - жанып жатқан тастар (Анаксагор).

Бір заттың себебін табу маған парсы тағынан қымбат (Демокрит).

Дене тілегі - ашықпау, шөлдемеу, тоңбау. Осының бәрі бар адам, я соған болашақта үмітті - Зевстің өзімен бақыт жөнінде дауласа алады (Эпикур).

Тағдыр тілегенді алып жүреді, тілемегенді - сүйретеді (Сенека).

Қандай тәлкекке түссең де, олардың бәрі ғасырлар бойы анықталған. Себептердің байланысы басынан бастап сені сол оқиғалармен байлады (Марк Аврелий).

Ұсынылатын негізгі оқулық әдебиеттер.

1.Кішібеков, Сыдықов Философия. Алматы 1994 ж.

2.С.К.Мырзалы Философия әлеміне саяхат. Қостанай. 2001 ж.

3.Ақназаров Философия тарихы бойынша дәрістер курсы. А.

4.Әбiшев К. Философия., Алматы, 2002.

6.Лосев А.Ф. Философия. Мифология. Культура., М, 1991

7.Мифы народов мира., М.. 1991

8.Антология мировой философии в 4-х томах, т.1., М.,1968

9.Чанышев А.Н. Курс лекций по древней философии. М., 1981

10.Антология мировой философии., т.1., М.,1968

11.Асмус В.Ф. Античная философия., М.,1975

12.Диоген Лаэртский. О жизни, учениях и изречениях знаменитых философов. М.,1998

13.Асмус В.Ф. Платон. М.,

Қосымша әдебиеттер

1.Бэкон Ф. Соч. в 2-х т., М.,1977

2.Декарт Р. Соч.в 2-х т., М.,1989

3.Дж.Реале и Д.Антисери. Западная философия от истоков и до наших дней.,т.3., Спб,1996

4.Рассел Б. Мудрость Запада., М.,1998

5.История философии. М.,1998

6.Спиноза Б. Этика., Спб.,1993

7.И.Кант. Критика практичского разума. М.,1996

8.Абдильдин.Ж. И.Кант. Алма-Ата.,1978

9.Гегель. Феноменология духа.Соч..т.4,ч.1.м.1959

10.Гулыга А. Немецкая классическая философия., М..1986

11.Быховский Э. Людвиг Фейербах.,М.,1972

4 тақырып. Орта ғасырлардағы Христиандық философия.

Орта ғасырлық философияның ерекшеліктері

Тарихшылар Орта ғасырларға Көне Рим Империясының құлауынан бастап Қайта Өрлеу (Ренессанс) заманына дейінгі уақытты жатқызады (V ғасырдан X1У ғасырға дейін). Яғни, бұл заман құл иеленушілік қоғамның Дүниеден кетіп, оның орнына феодалдық қоғамның келіп өмір сүрген уақыты. Демек, оның негізі - белгілі өндіріс тәсілінің орнауында.

Философтар бұл мәселеге біршама басқаша қарайды. Олардың ойынша, Орта ғасырлар Европа топырағына Христиан дінінің пайда болуымен бірге келіп, қайта Өрлеу заманына дейін созылды. Ал мұның өзі бірқұдайлыққа көшуменен (монотеизм), философияда адам және Құдай мәселерінінің бірінші орынға көтерілуімен байланысты.

Сонымен тарихшылар Орта ғасырларды 1 миллениумға (мың жылдық) теңесе, философтар оны 1.5 мың жылғы уақытқа дейін созады.

Көп жылдар бойы Орта ғасырларға көп көңіл бөлінбей, оны бір-екі ауыз сөзбен айтып өтіп әрі қарай кете беретінбіз. Орта ғасырлар тарихтағы бір кері тартпалық, діни түнек, бір орында тұрып қалу, алға жылжымау, ғылым мен техниканың алға баспауы, адамдардың рухани езіліске түсүі, ерікті ойдын қудалануы, өндіргіш күштердің тұрақтап қалуы ретінде суреттелген болатын.

Мұның негізгі себебі – Кеңес Заманындағы Орта ғасырларды атеистік (құдайсыздық) идеологиясының тұрғысынан сынау, бағалау болды.

Бүгінгі таңда біз Орта ғасырлар дәуіріне қызыға қарап жатырмыз. Әңгімені өндіргіш күштерден бастасақ, әрине, құлдық қоғаммен салыстырғанда бұл заманда үлкен алға жылжу байқалады. Шаруалар байларға тіркелгенмен, олардың өздерінің жан-ұясы, малы, жері болды. Олар жартылай ғана тәуелді адамдар болды.

Ғылым мен техникада да белгілі жаналықтар болды. Vқғ. қытайда фарфор өндірісі дами бастады. Бұл елде 1041 ж. алғашқы баспа дүниеге келіп кітаптар шыға бастады, шараптан спирт шығарыла бастады.

1010 жылы Солернода (Италия) алғашқы медициналық мектеп ашылды. Хққғ. ауыр соқамен жер жырту басталды, компас дүниеге келді.

1215 ж. Париж университінің жарғысы жарияланып, 1222 жылы Падуя (Италия) қаласында университет ашылды (салыстыр: Ресейде –1725 ж., қазақстанда - 1934ж.). 13 ғ. аяғында көзілдіріктер істеле бастады. Осы кезде механикалық сағаттар жасала бастады. 1320 жылы күкіртпен атылатын зеңбіректер пайда болды. Бұлардың бәрі де қоғам өмірінде алға жылжулықтың болғанын көрсетеді.

Ал Орта ғасырдағы рухани ақуалға келетін болсақ, ондағы ғажап өзгеріс-адам өзінің ішкі жан-дүниесінде рухты табып, өзінің Құдаймен байланысты пенде екенін аңғарады. Мұның өзі философияның жаңа түрінің пайда болуына әкеліп соқты. Ол - сенім шеңберіңдегі философия, рух саласын зерттеу философиясы.

Еуропа топырағында бұл заманда дүниеге келген философия негізінен діни көзқарасқа жақын, екінші жағынан адам тағдыры, ел қандай болуға тиіс т.с.с. мәселелерді қамтыды.

Бұл жаңа рухани ақуалдың бірінші ерекшелігі монотеистік (бірқұдайлық) көзқарастың негізін жасау. Ертедегі гректер Құдай бір ме әлде көп пе?- деген ой шеңберіңде болды. Аристотель аспандағы жұлдыздарды құдайлықпен теңеп, ал Плотин Ғарышты “Көрінген Құдай² деп есептесе, енді бір Құдайдан басқа ешнәрсе жоқтығы айтылды.

Екінші ерекшелігі – креационизм, (creatura - лат. сөзі, - жасау, жарату). Бұл Дүниені жоқтан бар қылып жасаған Құдайды мойындау. Грек философиясында Дүние әртүрлі стихияның қосындысы ретінде, я болмаса Платонның Демиург туралы ілімі, Аристотельдің “Мәңгілік қозғалтқышы² аркылы түсіндірілсе, Орта ғасырда Дүние мен адам Құдайдың құдіретті күші арқылы жаратылды деген пікірден таймайды.

Үшінші ерекшелік – Антропоцентризм, (antropos-адам, centrum-орталық). Грек философиясының негізгі мәселесі - ғылым. Адам мен ғылым бір-біріне қарсы қойылмайды, Ғарыш - макрокосм болса, адам – микрокосм. Адамды қандай дәріптеп биікке қойғанменен ол Ғарыштың шеңберінен шықпайды. Аристотельдің айтуынша, “адамнан да гөрі анағұрлым жетілген заттар табиғатта көп, оларды көруге болады: мысалы Ғарыштағы жұлдыздар². Басқаша көзқарас Орта ғасырда пайда болды - ол адамды ешнәрсемен салыстыруға болмайды, өйткені оны Құдай өзініне ұқсас қылып ерекше басқадан бөліп жасады. Олай болса, ол жаратылған Дүниенің қожайыны, бәрінен де биік тұр. Сонымен қатар, оның Құдай алдындағы ерекше пенде екендігі оған үлкен жүк артады - ол әр-қашанда өзінің ар-ұжданын, жан-дүниесін таза ұстауға тырысуы керек.

Төртінші ерекшелік - Құдайдың еркіне көну мәселесі.

Егер Грек философиясында табиғат (физис) заңы деген ұғым пайда болып, оған адам да, құдайлар да көнуі керек. Өйткені, оны ешкім жасаған жоқ, ол мәңгі болатын болса, Орта ғасырда, керісінше, адамға заңды беретін - Құдай, адам оның еркіне көнуі қажет (ешқандай қарсылықсыз). Ал Құдайдың еркіне көнбеуден жаман күнә жоқ.

Иса пайғамбардың өзі Құдайдың еркіне көніп талай-талай зардаптан өтіп өлді. Олай болса адам да өзінің Құдайға деген сүйіспеншілігін көрсетіп Иса пайғамбар жасап кеткен жолымен жүруі керек.

Бесінші ерекшелік - Құдайдың құдіретті көрегендігі. Егер гректер тағдырға (фатум) табынса, ал оның өзі табиғаттың қажеттілігінен шығатын болса, Құдай өзі жаратқан бүкіл Дүниені басқарып қоймай, ондағы әрбір адамның - күнәлі, кемтар, данышпан болса да, жүріс-тұрысын, іс-әрекетін бағалап отырады. Оған сенген адамға ­“Сұраса - беріледі, іздесе - табылады, қақса - ашылады².

Алғашқы тектік күнә, оның салдары және одан қутылу - алтыншы ерекшелік. Алғашқы адам Құдайдың айтқан ізгілік пен жамандықты танитын ағаштың жемістерін алмау жөніндегі ескертуін тыңдамады. Ол адамның тәкәппарлығында, өзімшілігінде, ешқандай шектеуді жаратпауында, өзінің Құдай болғысы келуінде. Керісінше, адам шайтанның “Сендер алманың дәмін татқан кездеріңде Құдай сияқты ізгілік пен жамандықты білетін боласындар² деген ақылын тыңдап, күнәға батып, жердегі жұмақтан қуылды. Құдай оларды жамандық, зардап өлімге толы дүниеге өзінен алыстатып қоя берді. Адамның жасаған күнәсі бүкіл адамзат күнәсіне айналды сонымен “өлім адамдың тағдарының үстінен өтеді, өйткені бәрі де күнәкер² ( апостол Павел ).

Сонымен, алғашқы тектік күнә жеке адамды, ол қалай тырысса да өзінің шегінен шығармайды, одан құтылу үшін құдайдың қолдауы керек; бұл рухани жаңа көзқарас грек ой-пікірінен қанша алшақ тұр десеңізші! Грек философиясында күнә ұғымы бар болғанымен оның мәні жөнінде сұрақ әлі қойылмаған болатын, сонымен қатар, олар жан-дүние өлген адамнан тірі адамға көшкен көзде жанарып отыратына сенген, ал философтарды алатын болсақ, олар дүниетаным арқылы өздерінің ақыл-ойының арқасында жан-дүниесін тазарта алатынына күмән келтірмеген. Ал Орта ғасырдың адамы Құдайдың қолдауынсыз күнәліктің шеңберінен шыға алмайтынына сенеді.

Жетінші ерекшелік – Рухани сенімнің дүниеге келуі. Гректердің ойынша, сенім сезімдік танымнан шығады, ал сезіммен қабылданатынның бәрі жалған, өтпелі, өзгергіш т.с.с. сондықтан олар ақыл-ой арқылы (epіsteme) Дүниені тану, игеруге көп көңіл бөлді. Орта ғасырдағы ақуал ақыл-ойды шектейді, ғылымның әр жағында сенімнің бар екендігін мойындайды. Сонымен адамның үшінші өлшемі ашылады - егер гректер адамды тек дене және жан дүние деп алып қараса, қазір оған рухани сенім қосылып “дене-жан-рух² адамның үш құрамды бөлігіне айналады.

Сегізінші ерекшелік - Құдайдың сүйіспеншілігі.

Егер Гректердің эросы – адамды жетілдіруге ұмтылдыратын күш, сезімдік құдіретті әлеммен байланыстырушы ретінде қаралған болса, Орта ғасырдағы діни түсінік бойынша, сүйіспеншілік (“агапэ²) ол адамның жоғарғы игілікке ұмтылысы емес, ол Құдайдың адамдарға түсуі. Ол адамдарға берілген сый, және ол қайырымды талап етпейді.

Егер гректердің ойынша сүйетін - адам болса, жаңа рухани ақуалда - ол Құдай, оның сүйіспеншілігі - риясыз, ол күштіні де, әлсізді де, кемтарды да-бәрін сүйеді ... Сондықтан, адамдар Құдайға еліктеп бірін-бірі сүю керек. Кімнің сүюге қабілеті жоқ, ол әлі Құдайды таныған жоқ, өйткені, Құдай дегеніміз – ол сүйіспеншілік. Христиан діні жақыныңды, алысыңды сүйіп қана қоймай, сонымен бірге жауыңды да сүй,- деп адамның мүмкүншілігінің шеңберінен шығып кететін талап қояды.

Адамзат Тарихының жаңа мән-мағнасы - соңғы ерекшеліктердің бірі.

Гректердің ойынша, тарих Ғарыштың тағдырымен тығыз байланысты. Ғарыш оттан пайда болып Дүниежүзілік Өртте құриды да, тағыда жаңа Дүние келеді. Ол тағы да өртте құрып, тағы да жаңарады.

Ал жаңа Дүниеге келген көзқарастың шеңберінде тарих қайталанбайды, ол өзінің соңына бара жатыр. Уақыттың соңы сонымен қатар жаратылған Дүниенің сарқылуымен тең. Соңғы сот - Құдайдың патшалығының толыққанды келуіне тең.

Орта ғасырдағы алғашқы діни философтар.

Александриядан шыққан Филон (1 ғасырда өмір сүрген) Грек философиясындағы кейбір ұғымдарды Христиан дінінде пайдаланып, Христиандық діни философияның негізін қалайды.

Филонның айтуынша, Библияны екі түрде оқуға болады: бірінші - ондағы жазылғанды тікелей түсіну; екінші - ондағы сөздермен көмкерілген астыртын жатқан метафизикалық, моральдық, рухани мән-мағынаны ашу.

Ол ақиқаттарға жету үшін адам жан-дүниесі ерекше жағдайда болуы керек. Филон Грек философиясына беймәлім “Жарату² ұғымын кіргізеді. Құдай Дүниені жоқтан жаратты. Бірақ, материалдық Дүниеден ерте ол “интеллигибелдік Дүниені², яғни “идеялар әлемін² тудырды. Оны ол гректердің “Логос² ұғымы арқылы береді. Сонымен, Логос - Құдайдың ойы, сөзі - сол арқылы Дүние өмірге келеді.

Филонның айтуынша, Құдайдың екі потенциясы бар: біріншісі - жаратушылық, екіншісі - басқарушылық (жаратылған дүниені).

Адам мәселесін де Филон жаңаша көзбен қарайды. Ол адамның жануарлық жағы - дене; 2 - жан, ақыл-ой; 3 – рух - Құдайдан пайда болған. Олай болса, адамның жаны табиғаттан шыққаннан кейін құрып кетуі де ғажап емес. Бірақ ол рух пен бірге өмір сүрсе, онда өлместік дәрежесіне көтерілуі мүмкін.

Сондықтан, адам Ғарышты танудан гөрі ең алдымен өзінің ішкі өмірін тануға тырысуы керек. Адам өзін танып біліп, сыртқа серпіліс жасаған кезде өзінің толығынан бишара екендігін мойындайды. Тек қана өзінің пенделігінен өтіп жаратылмаған мәнгілік Құдаймен байланысқа түссе ғана масайрайды.