ФИЛОСОФИЯ 4 страница
5. Әулие Августин және Ф. Аквинский философиясы
6-дәріс.Ортағасырлық араб – түрік философиясы
Батыс философиясында өнер мен ғылым өз дамуында белгілі бір уақыт аралығында тоқтап қалып, христиандық дінді идеологияландыру жүріп жатса, ал Шығыс философиясында әсіресе VІІ-Х ғасырларда араб ойшылдарының арқасында философия мен ғылым өзінің гүлденген кезеңін бастан кешіреді. Ортағасырлық араб-түрік философиясы деп арабтар мен Таяу және орта Шығыс халықтарының мәдени-саяси әсерімен қалыптаса отырып, Гибралтардан Индқа дейін созылған Араб Халифаты териториясында орналасқан, VIII-XIV ғасырдағы кезеңді қамтитын философияны айтамыз. Ортағасырлық араб-түрік философиясы мен мәдениеті антика мұрасын сақтай отырып, діни сипаттағы дамуды күшейтті. Арнайы білім салаларының дамуына әл-Хорезми, әл-Бируни, Ибн- Сина, Омар Хайям және т.б. ойшылдар өз үлесін қосты. Мұсылман әлемінің философтары мен ғалымдары Батыстың ғылымы мен философиясының қалыптасуына дүниетанымдық және теориялық зор ықпалын тигізді.
Ортағасырлық араб-түрік философиясын екі негізгі кезеңге бөлуге болады:
1.VІІ-ІХ - араб-түрік философиясының пайда болуы.
2.IX- XV- араб-түрік философиясының ерте грек философиясын игеру кезеңі.
Ортағасырлық араб-түрік философиясының негізгі бағыттары:
• Калам - исламдағы діни-саяси ағымдардың пайда болуымен қатар дамыған дискуссиялар, мұсылмандардың басқа сенім өкілдерімен, христиан өкілдерімен пікірталасы. Бұл пікірталаста құдайдың мәні, құранның негізі, құдайдың жазуы, бостандық мәселесі қаралды. Каламда екі бағытты атап көрсетеміз: ерте калам-мутазализм, кейінгі калам - ашаризм.
• Мутазалиттер (ерекше, айрықша) - ХІ ғасырдың бірінші жартысында гүлденген калам мектебінің өкілдері. Олар Алладан басқа ешкімді мойындамайды, ең құдіретті Алла. Сондай-ақ мутазализм-шийттердің идеялық ағымы болып табылады. Мутазализмнің атақты өкілдері ал-Алляф, ан- Наззам, ал-Джахисс.
• Суффизм - исламдағы мистикалық аскеттік ағым. Адам үшін жоғарғы игілік адамның қоршаған ортадан, барлық қызықтан бас тартуы. Өкілдерінің бірі Қожа Ахмет Яссауи.
Ортағасырлық араб-түрік философиясы грек философиясы мен Европа филоссофиясы - схоластика арасындағы байланыстырушы буын болып табылады. VІІІ-ХІІ ғасырдан бастап, шығыста ғылымның дамуына жол ашылады. Алдымен тригонометрия, алгебра, оптика, психология кейіннен, астрономия химия, география, ботаника мен медицина дамиды. Одан кейін біртіндеп діни-филоссофиялық бағыттар алдыға шыға бастайды. Орта ғасырлық араб-түрік философиясының басты бағыты ислам мен мешіттің догматтарын сақтау, оны дамыту болды. Орта ғасырлық араб-түрік философиясының басты өкілдерінің бірі Ибн - Сина (Авиценна) (980-1037). Ол Әл-Фарабидің кейбір идеяларын шығармашылық тұрғыда жалғастырды: эманация идеясы, ақыл-ой туралы идея т.б. Ибн-Сина философиялық білімді екі салаға бөледі: теориялық және практикалық. Оның ойынша, егер теориялық философия ақиқатты игеруге ұмтылса, практикалық философия - игілікке жетуге ұмтылады. Теориялық философияға физиканы, математиканы, ал практикалық философияға саясатты, экономиканы жатқызады. Ал логика ғылымдардың барлығын пысықтайды, ол әлемді тану құралы. Барлық ғылымдардың шыңы метафизика деп аталынады, ал метафизика деп кейде теологияны, кейде философияны атайды. Қорытындылай келгенде, Ибн-Сина өз жауаптарында мынадай идеяларға келеді: егер философия ақыл-ой мәліметіне, дәлелге негізделген шындық туралы білім берсе, ал теологиялық білім сенімге сүйенеді.
Әл-Фараби(870-950) Аристотельдің ізбасары болып табылады. Оның еңбектері «Герменевтика», «Қайырымды қала тұрғындары», т.б. Оның көптеген идеялары батыс европа идеяларымен философиялық концепциялардың дамуына теориялық әсерін тигізді. Фараби ғылыми болжамға, әлемді ғылыми танып білу мүмкіндігіне сеніп, қоғамдағы зорлық-зомбылыққа қарсы шықты. Жер бетіндегі соғыссыз қоғам идеалын теориялық тұрғыда негіздеді.
«Фусул әл-мадани» еңбегінде Әл-Фараби адамдық болмыс ретіндегі мәдениетті талдауды бірінші ұядан - отбасынан бастайды. Үйдің өзіне тән мақсаттары болғанымен, ол қаланың құрамдас бір бөлігі болып табылады. Қалада отбасылар келісімді, тату-тәтті өмір сүруі керек. Қала ұғымы мемлекетпен жақындастырылады. Тағы бір мағынасында қала ұғымы әлеуметтік-мәдени топ түсінігімен де байланысты қарастырылады. Әл-Фараби 4 түрлі қалалар бар дейді: қайырымдылар қаласы, надандар қаласы, адасқандар қаласы, азғындар қаласы. Бұл әлеуметтік мәдени типтер сол заманның мәдени бағдарларымен сәйкес келеді. Рухани мәдениет бастауларын Әл-Фараби адамдарды өзара байланыстыратын құндылықтардан - жан дүние үндестігінен, әдеміліктен, қайырымдылықтан, бақыттан іздеді. Қайырымды қала тұрғындары ақыл-ой, әділеттілік, теңдік, бақыт бастауларын жоғары бағалайды. Бұларға жету үшін мәдени тәрбиенің маңызы зор. Тәрбиенің негізгі мақсаттарының бірі - білімді қалыптастыру. Білімсіз адамгершілік молаймайды, білімсіз адам өзгелердің ақылдылығын аңғармайды. Ғылым мен тәрбие ұштаса келе жоғары мәдениеттілікке жол ашылады. Мәдениеттілікке тәрбиелеу мәселесін Әл-Фараби жалпы мұсылмандық білім жүйесі - мағрипатпен үндес қарастырады. Оның басты түйіні - мінсіз ақылды әрі жетілген адамды қалыптастыру (әл-камили әл-инсани).
Әбу-Жүсіп-әл-Кинди құдай, ақыл-ой, философия мәні, ғылымды классификациялау мәселелеріне көп көңіл аударған. Құдай туралы мынадай анықтама береді: «құдай - түп негіз, барлық нәрсенің бастауы», ол абсолютті шексіздік және мәңгілік. Адамның әлемді танудағы ақылдың рөлін анықтай отырып, әл-Кинди ақыл-ойдың төрт түрін және танымның үш сатысы туралы ой айтады. Ақыл-ойдың төрт түрі: белсенді ақыл-ой, енжар ақыл-ой, бейжай ақыл-ой, жариялаушы ақыл-ой.
Болмыстық біртұтас принципін Ибн Араби (1165-1240) екі «ғарыштық» және «феноменальдық» деңгейде қарастырады. Араби үшін, Болмыстың бірлігі үш деңгейде – Абсолют ретінде, Атаулар (архетиптер) тұрғысынан, тұтас дүние көрінісінен білінеді. Абсолютте бәрі де өздігінен, жағдайын шектемей-ақ өмір сүреді. Болмыссыз өмір сүре алмайды. Өмір сүру бастауы туралы айтыста спекулятивті теологиясының жаңа түрі — калам, мутакалалимдік ағым қалыптасты. Мутакалимнің пікірталасына иудаистер, христиандар сияқты мұсылман емес сарапшылар да қатысқан.
Мутакалимдердің ой-толғаныстары мына мәселелерге «біртұтас құдайлық», «Құдайдың қалтқысыз туралығы», қылығына қарай Құдайдың «мейірімділігі және қаһары», күнә жасаған мұсылманның «өтпелі күйі», мұсылманның зұлымдыққа қарсы әрекетіндегі «тыйымды бетке басу» және игілік жасатар «жарлықты құптау» және т.б.
Ибн Араби Болмыстың бірінші деңгейін – Абсолют, Құдай, Шындық деп атайды. Бұл деңгей - Болмыстық біртұтас мәнді реалдылығы, абсолютті жетілгені. Дүние болса, ол «Құдайдың көлеңкесі». Құдай жалғыздықта жапа шекпеу үшін өз атауын басқалар айту үшін дүниені жаратты.
Ибн Араби, басқа суфистер сияқты, мұндай түсініктемені киелі хадиске (Пайғамбардың емес, Алланың өз сөзіне) сүйенгенін еске салады.
Дәріс №6. Өзін-өзі тексеру сұрақтары
1. Аль- Киндидің философиялық көзқарасы
2. Әл- Фарабидің онтологиялық ілімі.
3. Ибн-Синаның өмір сүру мен мән-мағына жөніндегі ілімі.
4. Жүсіп Баласағүни философиясы
5. Шығыс перепатитизмі және суффизм
7-дәріс.Қайта өрлеу дәуірінің философиясы
Қайта өрлеу дәуірі өнеркәсіптің, сауданың, әскери істің, яғни материалдық өндірістің дамуымен ерекшеленеді. Сонымен қатар техника, жаратылыстану, механика, математиканың дамуы да байқалады. Бұндай өзгерістер орта ғасырға тән схоластикалық ойлаудың принциптерінен арылуды талап етеді. Жаңа дәуірге ауысуға себепкер болған жаңалықтар: Американың ашылуы, астрономия жүйесінің орнауы, өмірге, дүниеге деген адамдардың көзқарасын өзгертіп, ғылым мен философияның әрі қарай дамуына үлкен із қалдырды. Осы дәуірдің ойшылдары тәжірибеге сүйене отырып, қоғамды, адамдарды, табиғатты, өмірді түсіндіргісі келді. Осы дәуірге сонымен қатар антикалық идеялардың қайта жаңғыруы тән. Гуманизм, адамның шығармашылық дербестігі принципі, оның өмірдегі барлық жақсылықтарды иеленуге құқығы бар сияқты идеялары кең тарады.
Уақыт жағынан қайта өрлеу дәуірі XIVғ. аяғы мен XVIІ ғасырдың аралығын қамтиды. Қайта өрлеу дәуірі қандай да болмасын бір ғана дәстүрге ғана бағынудан бас тартты. Қайта өрлеу дәуірінің философиясының пайда болуының алғышарттары:
1.Феодализмнің дағдарысы;
2.Сауда, мәдени, саяси орталықтарға айналған қалалардың өсуі;
3.Европа мемлекеттерінің орталықтануы;
4.Алғашқы парламенттің пайда болуы;
5.Ғылыми-техникалық жаңалықтар.
Қайта өрлеу дәуіріне тән ерекше белгілер:
- антропоцентризм мен гуманизм;
- шіркеу мен шіркеу идеологиясына деген оппозиция;
- қоршаған ортаны ғылыми-материалды негізде түсіну;
- әлеуметтік мәселелерге, қоғам мен мемлекетке деген үлкен қызығушылық;
- индивидуализмнің басымдылығы;
- әлеуметтік теңдік идеясының кең таралуы;
Қайта өрлеу дәуір философиясына бірнеше бағыттың болуы тән:
1.Гуманизм;
2.Неопалтонизм;
3.Натурфилософия;
4.Реформация;
5.Саяси бағыт;
6.Утопистік-социалистік.
Гуманистік бағытXIVғ.-XVғ. орта шені, оның орталығы Италия болды. Гуманизм бағытының негізін салушы Ф. Петрарка. Шығармалары: «Өлеңдер кітабы», «Менің құпиям». Ол бірінші болып жеке бастың өзіндік санасының қалыптасуының негізін салды. Гуманистік антропоцентризмнің басты сипаттамасы - адам басты құндылық болып есептелінеді. Гуманистер не еретиктер, не атеистер болған емес, керісінше олардың көпшілігі құдайға сенді, бірақ олар ең бірінші орынға адамды қойса, одан кейін құдай туралы сөз қозғайды.
XVI ғасырдың басы рим-католиктік шіркеудің ірі дағдарысымен ерекшеленді. Осы кезеңде шіркеудің кейбір жат қылықтарына қарсы бағытталған реформация қозғалысы қалыптасты. Реформациялық процесстер рим шіркеуінің бөлінуіне және протестантизмнің пайда болуына әкеліп соқты.
Николай Коперник– поляк астрономы. Әлемнің гелиоцентристік жүйесін жасаушы. Коперник ілімі шын мәнінде революциялық іс болды, сол арқылы табиғат зерттеу істері өзінің діннен тәуелсіз екенін паш етті. Жердің күнді айналуы және жердің бір тәулік ішінде өз кіндігін айналып шығуы туралы теорияны айтты.
Джордано Бруно –поляк астрономы Негізгі еңбектері: «Себептілік бастама және біртұтастық туралы», «Әлемнің және заттардың шексіздігі туралы».Бруноның пікірінше, табиғаттан тыс ешқандай күш жоқ. Ол кеңістікте де, уақытта да шексіз, ал қозғалыс оның өмір сүру формасы. Табиғат өз заңдылығымен дамиды. Әлем мен Құдай бір. Әлем - әмбебап бастама, жалғыз ғана мәнділік. Сондықтан ол мәңгі және өзгермейді.
Социалистік-утопистік (ХУ-ХУІІғ.ғ.) бағыт мемлекет пен қоғамды құрудың идеалды - қияли формаларын, тендестіру, жаппай реттеу және т.б. мәселелерді қарастырды.
Томас Мор (1478-1535)-утопистік социализмнің негізін салды. Мордың атақты шығармасы "Утопия" деп аталды. Утопия грекше «жоқ жер» дегенді білдіреді. Томас Мордың Утопиясында:
- жеке меншік жоқ;
- барлық азаматтар өндірістік еңбекпенен айналысады;
- еңбек ету бәрін еңбекке міндеттеу негізінде жүзеге асады;
- барлық өндірілген өнім қоғам меншігіне өтеді және барлық Утопия тұрғындарына бірдей бөлініп беріледі;
- барлығының еңбекпен айналысуына байланысты Утопияны қамтамасыз ету үшін 6 сағатық жұмыс күні жеткілікті;
- ғылымға ерекше қабілеті бар адамдар қара жұмыстан босатылады;
- ауыр қара жұмысты құлдар-тұтқындар және сотталған қылмыскерлер атқарады;
Утопистік социализмнің көрнекті өкілі Томмазо Камнанелла (1568-1639) «Күн қаласы», «Галилей апологиясы» деген еңбектер жазды. «Күн қаласында» оның тұрғындары-солярийлер әлеуметтік әділеттілікті орнықтырып, өмір мен еңбектің рахатын көреді.
Томмазо Кампанелланың Күн қаласында:
- жеке меншік болмайды;
- коммунистік идеал-4 сағаттық жұмыс күні;
- барлық азаматтар еңбек етеді, еңбектің нәтижесі бүкіл қоғам меншігіне
өтіп, барлық тұрғындарға, қоғам мүшелеріне теңдей бөлінеді.
Дәріс №7. Өзін-өзі тексеру сұрақтары
1. Қайта өрлеу заманы деп қай ғасырларды айтамыз?
2. Гуманизм дегеніміз не?
3. Антропоцентризм дегеніміз не?
4. Утопия ұғымы
5. Ренесанс және реформация
8-дәріс.Жаңа дәуір философиясы
Жаңа дәуір философиясы белгілі бір әлеуметтік-экономикалық, саяси-қоғамдық қатынастардың жемісі болатын Өйткені, Батыс Еуропада капиталистік құрылыстың пайда болуы орта ғасырлық діни идеологияға қарсы күресті үдете түсті. Тауарлы-ақшалы шаруашылықтың дамуы ортағасырлардағы тұйық қоғамның жемісі болған барлық әлеуметтік, саяси-идеологиялық қатынастарды талқандауға әкеліп соқты. Жаңа заман, яғни капитализм дәуірі құлдық пен феодалдық-өндірістік қатынастардың формаларын түбірінен жаңартып, қайтадан заттық-тауарлық қатынастарды қалпына келтірді. Адам ендігі жерде сатып алатын, сатылатын тауарларға бағынышты болды. Оны өлтіруге, сатуға және сатып алуға болмайды. Бірақ, адамның жұмысшы күші сатылады, өйткені, ол қосымша құн тудырады. Бүкіл байлық — капитал осы процесс арқылы дүниеге келеді.
Философияның ендігі мәселесі капиталистік өндіріс нарық тудырған, бірте-бірте өндіргіш күшке айнала бастаған жаңа типтегі ғылым және оның жаңа әдісі туралы болды. Философия сонымен қатар жаңа дүниетаным жаңа көзқарасты дүниеге әкелді. Жаңа философия қалыптасты.
Жаңа көзқарас әлемді біртұтас дүние ретінде тануға, дүниенің барлық салаларын жан-жақты қамтуға әрекет етті. Табиғатты толық тануға ұмтылған бұл көзқарас, бір жағынан, жаңа заман ойшылдарының діни-мистикалық қапастан шыққаннан кейінгі еркіндік аңсаған армандарының орындалуы еді. Дүние кең байтақ, ұшы-қиыры жоқ, оны танитын, оның сырын ашатын табиғаттың нәрестесі (құдайдың жаратқан құлы емес) — адам. Ол бүкіл дүниені тануға және игеруге ұмтылды.
Адам орта ғасырлық, қаратүнек қараңғылықтан, шырмаудан босанып шығысымен ендігі жерде тек өзіне ғана сенді. Ол өзінің еркіндігін және күшін танып, өз ісін қызметінен әділеттілік пен зерделілікті көрді.
Жаңа дәуір өндіргіш күштердің ерекше қарқынмен дамуына кеңінен жол ашты. Өндіргіш күшке айнала бастаған ғылым мен техниканың өркендеуі бірте-бірте жаңа философиялық және ғылыми танымды қажет етті. Сондықтан да жаңа дәуір ойшылдары таным процесіне, табиғатты тануға ерекше назар аударып, ғылыми танымның негізін қалыптастыруға кірісті. Ең алдымен танымның жалпы әдісі, сонымен бірге жекелеген ғылымдардың саласындағы әдістер пайда бола бастады.
Жаратылыстану саласының дамуы қоғам алдына қойылған мақсатқа сәйкес келді. Өйткені, бұл көзқарас философияны жаратылыстану ғылымының жетегіне іліктірді.
Дегенмен, даму процесі диалектикалық жолмен жүреді. Жаңа дәуірдегі ғылымның, яғни жаратылыстану ғылымының дамуы сол кездегі философияның өркендеуіне ішкі мазмұны жағынан өзара сәйкес келді.
Оларды біріктірген жалпыға бірдей әдіс — метафизикалық, механикалық әдіс болды. Бұл әдіс, ең алдымен, сол кездегі ғылымның дамуына байланысты шықты.
Ғылым бұрынғы шашылған ұсақ-түйек ілімдерден бір арнаға жинақталған жүйеге айналуды қажет етті. Сондықтан ғылым білімдер жүйесіне айналды. Сонымен қатар ғылымдардың жекелеген таным тәсілдері философияға да тән әрі ортақ болып шықты.
Таным теориясында бір-біріне қарама-қарсы екі бағыт пайда болды. Олар сырт қарағанда ойлау процесіндегі ой-пікір, пайым мен зердеден келіп шықты. Олардың бірі эмпирикалық (эмпирия - латын тілінде тәжірибе), ал екінші рационалистік (рацио - латын тілінде ақыл, зерде) болып бөлінді. Бұлар кейін келе-келе бір-бірімен қарама-қарсы бағытқа айналды. Таным теориясындағы бел екі бағыт философия тарихындағы, таным процесіндегі көптеген қайшылықтардың бетін ашты. Ал метафизикалық, механикалық әдіс таным теориясындағы осы екі ағымның диалектикалық байланысын анықтаудың орнына, оларды бір-бірінен алшақтатып жіберді. Бұл әдіс ақыл мен зердені табиғаттың, тіпті, құдайдың тудырған жемісі ретінде қарастырды.
Айталық, ағылшын ғалымы Ф. Бэкон «Жаңа Органон» атты шығармасында табиғатты өзінің зерттеу нысаны етіп ала отырып, одан алынған білімнің қандай әдіспен, қалай пайда болғанына назар аударады. Сөйтіп, ол философия мен ғылымда эмпирикалық және индуктивтік әдістердің негізін қалаушы болды. Бірақ, оның әдісінің бәрі тәжірибемен тығыз байланысты болып, кең көлемді теорияның тууына жол аша алмады. Мұндай тар өрістілік Бэкон сияқты философқа танымның әлеуметтік негізін ашып, адамның табиғатын түсінуіне мүмкіндік бермеді.
Ол табиғатты байлықтың көзі деп қарай отырып, оның негізгі мәнін, адамға қатысты жақтарын аша алмады. Сондай-ақ, ұлы философтың ғылыми жаңалықтарымен бірге, негізгі кемшілігі қоғамды, ондағы қатынастарды түсінуде де айқын көрінді. Ол орта ғасырдағы ақылдың адасушылығын тамаша көркем тілмен суреттеп бере отырып, оның мәнін терең түсіндіре алмады. Сондықтан да біз ағылшынның ұлы ғалымы, әрі философы Ф.Бэконның жаратылыстану саласындағы ғылыми еңбегін зор бағалай отырып, оған тән тар өрістілік оның ғылыми әдісінде, әсіресе пайымның шеңберінен толық шыға алмағандығында жатыр дер едік.
Мұндай тар өрістілікті сезе отырып, одан шығудың жолын ақылдан, зердеден іздеген француздың атақты ғалымы, әрі философы Рене Декарт болды. Оның философиясы зерделі ойдың негізінде дүниені екі субстанциядан (латын тілінде - негіз деген мағынада), яғни материалдық және рухани негіздерден тұрады деп есептеді. Бұл екі субстанцияның мәнісі-басқа заттың бар болуынан тәуелсіз өмір сүріп тұрған зат бір-біріне бағынышты емес, бір-бірінен келіп шықпайды. Айталық, материалдық субстанция рухтан немесе санадан пайда болмайды. Сондай-ақ, идеалдық субстанция да алғашқы болып саналады, ол да өз алдына тәуелсіз, дербес. Бұл екеуінің өзіне тән ажырамас қасиеттері, атрибуттары бар. Материалдық субстанцияның атрибуты - тұрақ немесе өріс, ал идеалдық субстанцияның атрибуты - ойлау.
Философиямен айналысқан Декарт математикалық принциптер сияқты философияны да абсолюттік негізде тудыру керек деп санады. Сондықтан да ол философияның негізгі бір тапжылмайтын, нақты принцип арқылы дамытуды көздеді. Философия тарихында әйгілі болған бұл принцип «күмәндану» деп аталады. Ұлы философ өзінің күмәндану принципін былай деп негіздеді: «Егер мен күмәндансам, онда менің ойлай алатыным сөзсіз. Егер мен ойлайтын болсам, онда менің өмір сүргенім».
Бұл принциптің маңызы, ең алдымен, орта ғасырлық схоластикалық, қатып-семіп қалған ұғымдарға қарсы соққы берді. Сөйтіп, Декарттың күмәндану принципі ғылым мен философияның ескі көзқарастардан арылып, жаңалыққа бой ұруына мүмкіндік туғызды. Өз принципі арқылы Декарт ғасырлар бойы өзгермейді деп келген қиюы қашқан қағидаларды теріске шығарды.
Жаратылыстану саласындағы ғылыми жаңалықтар мен қоғам өміріндегі ұлы өзгерістердің орталығына айналып, жаңа қоғамның барынша дамып, өркендеуіне жол ашқан Англия елінің Т. Гоббс сияқты ойшылы дүниеге келді. Оның философиясы өзіне дейінгі өмір сүрген атақты ойшыл Т. Гоббстың саяси-әлеуметтік, қоғамдық көзқарасын айқын бейнелейтін шығарма – «Левиафан». Бұл шығарма қоғамның пайда болуын, оның даму жолдарын жан-жақты талдауға әрекет жасайды. Ұлы ойшыл қоғамды екі дәуірге бөледі. Алғашқы дәуір табиғи деп аталады. Мұндағы адамдардың барлығы тең қүқылы, олар барлығына, яғни заттарға толық иелік етеді. Бірақ, бұл тең құқылық адамдардың арасындағы өзара қақтығысқа, соғысқа, бірін-бірі қырып-жоюға, сөйтіп адамзаттың жер бетінен кұрып кетуіне әкеліп соғатын еді. Осыған байланысты «адам адамға қасқыр» принципі шықты. Сондықтан адамдар өзара келісе отырып, «мынау менікі, мынау сенікі» деген құқықтық қатынастарды тудырады. Мұның өзі әркімнің жеке меншігінің пайда болуына әкелді. Ал жеке меншікті қорғау керек. Ол үшін белгілі бір күш, әкімшілік орын, яғни мемлекет қажет. Ендігі жерде адам баласы екінші дәуірге аяқ басты, яғни бұлардың шығуы қоғамның тууына әкеліп соқты. Сөйтіп, Гоббстың ойынша, қоғамның шығуы заңды түрде жеке меншік пен мемлекеттің тууына әкеліп соғады. Олай болса, жеке меншік, мемлекет әрі заңды, әрі қажетті, әрі объективті, әрі қасиетті. Ендеше, заңды түрде пайда болған бұл процеске қарсы шығуға болмайды. Осыған орай, «қоғамдық келісім» теориясы орнайды.