ФИЛОСОФИЯ 3 страница

Даосизм- қоршаған дүниенің құрылымы мен тіршілігінің негізін түсіндіру және адам, табиғат пен ғарыштың игілікке апаратын жолын табу мәселесін қарастырады.

Даосизмнің негізін б.з.д. VI ғ. соңы - б.з.д. V ғ. басында өмір сүрген Лао Цзы (Қарт ұстаз) салды. Даосизмнің қайнар көзі - «Дао-Дэ- цзин» деп аталатын философиялық трактатта көрсетілген. «Дао» - «жол, алғашқы бастама, алғашқы түпнегіз» деген мағынаны білдіреді. Дао-заттардың табиғи өсу, өнуімен бірге, әлемнің негізін құрайды. Бүкіл әлем Дао заңына бағынады. Даосизм философиясының негізгі мәселесі - ұлы Дао туралы, жалпылама Заң және Абсолют туралы ілім. Даоны ешкім жасаған жоқ, бірақ бәрі де содан тараған. Дао барлық жерде, әрқашан, әр уақытта, шексіз өз үстемдігін жүргізеді. Оны сезім арқылы көруге, естуге болмайды. Дао табиғаттың, қоғамның, адам мінезі мен ойының табиғи, бірақ көрінбейтін заңы. Оның бастамасы да, аяғы да жоқ. Сондықтан ол атаусыз. Ол уақыт пен кеңістіктен тәуелсіз, солай бола тұра, жарық дүниедегі барлық нәрсенің негізі мен бастамасы, аты мен түрі. Дао сансыз заттарды жасаса да, әрекетсіз күйін сақтайды; бос қуыс сияқты, бірақ мәңгі, таусылмайды, оларды әруақытта реттейді.

Ұлы аспанда Даоның ықпалында. Өмірдің мәні де, мақсаты да, оны танып білу, соның тәртібіне еру, сонымен жарасу. Даоны тану дегеніміз табиғаттың заңын ұғыну және сол тәртіпке үйлесе білу.

Легизм –(латынша заң дегенді білдіреді) – фацзя мектебінің заң туралы ілімі, ерте қытайдағы саяси-этикалық ілім, адамды, қоғамды және мемлекетті басқару туралы көзқарастар. Легизм Чжоу династиясының билігі ыдырай бастағанда қалыптасады. Легизмнің көрнекті өкілдері – Гуань Чжун (б.д.д. 645), Шан Ян (б.д.д. 390-338), Хань Фэй цзы (280-233 шамасы). Легистер байырғы рулық қатынастарды, оның тірегі – ақсүйектік тұқым қуалаушылықты сынады. Олар елді басқарудың рулық дәстүрі мен рәсімдерін қабылдамады. Осыған орай бастапқы Конфуций ілімімен тай-таласта қалыптасты. Конфуцийдың этикалық талаптарын «ойын» сөзге жатқызды.

Конфуций басқару идеясын жэнь және ли принципіне сүйеніп жалғастырса, легистер оның орнына заңға (фа) сүйенген мемлекеттік реформаны жасады, басқару теориясын ұсынды. ГуаньЧжун: «Заңдар – халықтың әкесі де, шешесі де... Билеуші мен шонжар да, мәртебелі мен төменгілер де, байлар мен кедейлер де – бәрі де заңға бағыну керек. Басқарудың түп өнері осында»,- дейді.

Дәріс №3. Өзін-өзі тексеру сұрақтары

1. Қытай философиясында қалыптасқан мектептер

2. Даосизмның этикалық-саяси көзқарастарының ерекшіліктері қандай?

3. Конфуцийдің «алтын ережесі»

4. Ян және инь философиясы

5. Қытай философиясындағы категориялар

 

4-дәріс.Ежелгі Грек философиясы

Грек философиясы мен мәдениетінің өркендеген жері грек жері емес, Жерорта теңізі жағалауындағы елдер. Бұл елдерді бір кезде гректер жаулап

алған болатын. Милет, Самос, Абдер сияқты қалалар Жерорта теңізіне жақын болып, оларда сауда-саттық және экономикалық қатынастар кеңінен өркендеді. Сондықтан бұл қалаларда ірі мәдениет ошағы, философиялық орта пайда болып, дами бастады. Алғашқы грек философиялық мектебі Милет қаласында пайда болды. Милет мектебі Ежелгі Грекияда б.з.д. VI ғ. өмір сүрді. Бұл Милет мектебінің негізін қалаушылар Фалес, Анаксимандр, Анаксимен. Бұлар дүниені біртұтас, бір-бірінен бөлінбейтін жалпы процесс деп қарай отырып, оның негізін материалдықтан іздеді. Фалес(б.з.д. 640-560 ж.ж.) дүниенің негізін судан, Анаксимандр (б.з.д. 610-540ж.ж) апейроннан(шексіздіктен), Анаксимен (б.з.д. 546ж. туған) ауадан іздеді. Олар өткен дәуірдегі мифологиялық көзқарастан бас тартты. Алдымен жаратылыстану саласын зерттеушілер болды. Олар дүниеде не бірінші деген мәселені емес, керсінше, дүниенің біртұтастығын белгілі бір материалдық бірінші негіз арқылы шешуге тырысты.

Эфестік Гераклит(шамамен б.д.д.540ж.). Оның есімі философия тарихында өшпес із қалдырған. Сонымен қатар, Гераклит тарихта Қараңғы деген қосымша атпен белгілі. Мұндай теңеу оның шығармаларының ерекшелігіне: ойлау машығының сипатына, тіліне, стиліне қарай айтылады. Гераклиттің ойлары өте қысқа әрі жинақты келеді. Ол түсініксіз сөздер арқылы терең ой жүйесін ширатып, әрбір құбылыс пен заттың мәнін ашуға тырысады.

Гераклит қарама-қарсылықтардың бірінсіз-бірі өмір сүрмейтіндігін дәлелдеп шықты. Ол дүниенің тұрақсыздығын, оның үнемі қозғалыс пен өзгерісте, жалпы дамуда болатынын айқындап берді. «Өзендегі суға екі рет түсе алмайсың, өйткені ол ағып жатыр» дейді. Мұның өзі барлығы ағып, үнемі дамуда болады деген пікірді білдіреді. Гераклит қарама-қарсылықтардың бір - бірінен ажыраспайтынын, бір - біріне өтетінін, алмасатынын, бірін-бірі толықтыратынын, бірі жойылса, екіншісі де жоғалатынын айқындап берді.

Гераклит сол кездегі басқа ойшылдар сияқты жаратылыстану саласымен айналысып, дүниенің негізін материалдық біртұтастықтан іздеді. Сондықтан да ол дүниенің негізін отта деп есептеді.

Гераклит – көрнекті диалектик, теориялық ойлаудың шым-шытырман тұңғиығына, оның қайшылықтары мен бұрылысы көп жолдарына батыл көз жүгірткен ғұлама философ. Гераклиттің диалектикасы көптеген келелі мәселелерді көтерді. Сондай проблемалардың бірі таным процесін, әсіресе, диалектикалық танымның салыстыру әдісімен қалыптасатынын атап көрсетті. Салыстыру арқылы жақсылық пен жамандықтың, әсемдік пен көріксіздіктің т.б, жігін ашып, мәнін негіздеуге тырысты.

Грек философиясында Гераклит диалектикасына қарама-қарсы бағытта пайда болған сол кездегі ағымдардың бірі - Элей мектебі болды. Ол мектептердің өкілдері – Парменид пен Зенон. Парменид пен Зенон бастаған Элей мектебі келелі философиялық мәселелерді көтерді. Ең алдымен олар болмыс туралы проблеманы жан-жақты талқылады.

Элей мектебі болмыс туралы философиялық мәселе көтере отырып, оның мәнін ашуға әрекеттенді. Болмысты тек ойлау арқылы білуге, түсінуге, сырын ашуға болады. Ендеше, негізгі мәселе – ойлаудың болмысқа деген қатынасы. Бұл - Элей мектебінің ашқан жаңалығы. Мұның өзі кейін философияның негізгі мәселесіне айналды.

Элей мектебінің негізін қалаған Парменид деген ойшыл. Оның ұстазы атақты ақын, ойшыл Ксенофан.

Міне, Парменид болмыс туралы терең ой-пікірлер қозғаған. Ол: «Болмыс бар, болмыс емес жоқ» - кесіп айтты.

Зенонныңатақты апориялары: «Ахиллес пен тасбақа», «Жебе». Апория - ойлаудағы қиналу, аң-таң болу, шешілмейтін жұмбақ мәселе.

Пифагоршылдар –ежелгі грек философы, әрі математигі, Пифагордың ізбасарлары. Олар дүниенің негізін сандық қатынастарда, сан барлық заттар мен процестердің мәні деп есептеді. Сандардың негізі әрбір зат пен процестің өлшемінде жатыр.

Атомистер – материалистік тұрғыдағы философиялық мектеп. Негізі өкілдерінің бірі: Демокрит. Оның пікірінше, барлық материалдық дүние атомдардан тұрады. Атом бөлінбейді, мәңгілік, өзгермейді, өзіне-өзі тең.

Софистер б.д.д. V-IVғ. өмір сүрген. Софистік философия, шын мәнісінде, антропалогиялық ілім болып қалыптасқан еді. Оның негізін қалаушы аға буынның өкілі — Протагорболатын. Протагордың «Адам - барлық дүниедегі заттардың мөлшері» деген қағидасы адам туралы ілімнің іргетасын калаған негізгі принцип болды. Шынында да, адам барлық заттардың және соған қатысты процестердің мөлшері болуға тиіс. Мұндай идеяның негізінде адамның өзінің рөлі де және оның қызметінің маңызы да жан-жақты қамтылады.

Классикалық философия.Сократ, Платон, Аристотель.

Сократ(б.з.б. 469-399 жылдары) жасында мүсіншілікпен айналысып, кейін философ, қоғам қайраткері дәрежесіне дейін көтерілді.

Сократтың философиясы әрбір ғасырдағы, әрбір дәуірдегі адамдарды үнемі ойлантатын, ешуақытта маңызын жоймайтын аса қажетті ілім. Сократ софистер басын бастап, бірақ, аяқтай алмаған адам туралы ілімге ерекше назар аударды. Ол, ең алдымен өзіне дейінгі философтардың ой-пікірлерін талдай келе, олар негізгі кемшілігін көре білді. Сократтың ойынша, таным философияның негізгі мәселесі адам болуы керек. Сократ мәселені батыл қойды. Дүниені тану, әлемді тану, әрине, қажет-ақ. Дегенмен адам өзін-өзі, өзінің ішкі дүниесін білуге ұмтылуы керек. Осыдан келіп Сократтың бірінші принципі шықты. «Сен алдымен өзінді-өзің таны». Сократ бұл жерде адамның өмірін философияның негізгі мәселесі етіп қараумен шектелмей, өмірдің өзін өзіндік сана ретінде қарап отырған. Ендеше, адамша өмір сүрудің өзі өнер екен. Оның екінші қағидасы: Менің білетінім - менің ештеңе білмейтіндігім, ал басқалар мұны да білмейді». Адам өзіне-өзі сырттай үңілген сайын, өзін өзі тануға ұмтылған сайын, сайып келгенде ештеңе білмейтіндігін анықтайды.

Платон(б.з.б. 427-347 жылдары өмір сүрген) атақты және аса ауқатты бай жанұядан шыққан.Философия тарихында Платонның қалыптасуы, көбінесе оның ұстазы Сократтың есімімен тығыз байланыстырады. Оның үстіне Платонның көптеген шығарма сұхбаттарының негізгі кейіпкері — Сократ. Ол Афины демократиясын қатты сынға алды. Платонның еңбектері:«Мемлекет», «Театет», «Федон», т.б. Сезімнен тұратын шындықты Платон нақты шындық емес, ол текөмірдің көлеңкесі, шын өмір идеяда деп түсіндірді. Танымдүниені білу емес, еске түсіру деп уағыздады. Идея деген ұғымды алғаш философияға енгізген де - сол. Табиғатта идея тек түр ретінде өмір сүреді. Заттар өз қасиет сипатынсол түрге сәйкестенуі арқылы иемденеді. Идея ол біріншіден мәңгі, ол тумайды да, өлмейді де, өспейді де,кемімейді де; екіншіден, ол біртектес, әртүрлілік текзаттарға тән, олар өнеді, өшеді, - дейді Платон.Сөйтіп, ол идеяны алға тартады. Шәкірттерін оқыту үшінАкадемия ашты. Мемлекетті философтар басқармайынша адам баласы зұлымдықтан арылмайды. Платон жастарды философиямен айналысуға шақырды.Философ болу үшін, таңдана білу керек, — дейді.

Аристотель (б.з.б. 384-322 ж.ж.) философиясы, жағынан, барлық көне грек философиясының қорытындысы іспетті. Ал, екінші жағынан, Аристотель көзқарасы ғасыр мен жаңа дәуірдің ғылыми ілімдерінің қайнар бастауы болды. Яғни бұл ұлы ойшыл көне грек данышпандары көтерген проблемаларға жан-жақты талдау жасап, өз заманының көкейкесті мәселелерді шешіп беруге ұмтылды. Ол, сондай-ақ, өзінің өмір сүріп отырған заманы әлі де күн тәртібіне қоймаған мәселелерді шешемін деп болашаққа ой жүгіртті.

Аристотель философиясында алғаш рет өткен дәуір көзқарасына терең талдау жасалды. Ол «Метафизика» деп аталатын кітабында философияның негізгі мәселелерінің бірі - болмысты жан-жақты анықтай отырып, өзіне дейінгі ойшылдарға, әсіресе, Платонның философиясына сын ескертпелер айтты.

Аристотель - Платонның шәкірті. Ұстазының көзі тірісінде шәкірті оның шығармаларына сын көзбен қарап, пікірлерін ашық айтпағаны рас. Бірақ кейін келе, өзінің философия жүйесін жасау процесінде ол Платонның көзқарасына қарсы шықты. Аристотельге: «Сен неге көзінің тірісінде ұстазыңа қарсы шықпадың», - деп айып таққанда, ол: «Платон маған дос, бірақ ақиқат одан да гөрі қымбатырақ» - деп жауап беріпті.

Эллиндік философия.Эллинизм дәуірі (б.з.б. ІІІ-ІІ ғасырдағы) басталды. Эллинизм ойшылдары стоялықтар – Аристотель ілімін, эпикуршілдер Демокритті, скептиктер Элей мектебі мен софистерді, Платонды әрі қарай ілгері жалғастырушылар болды.

Ендеше, заманның мәнін, ішкі рухани дүниесін түсіну үшін эллинизм дәуірі, ондағы стоялықтар, эпикуршілдер және скептиктер маңызды рөл атқарды.

Стоялық бағыттың негізін салған – Зенон. Әсіресе, стоялық ойшылдар өзінің логикасында, физика мен этикасында табиғатты, яғни сезімдік материалды, ғарышты субъекті ретінде қарап, сол арқылы адамның негізін түсінуге ұмтылды.

Эпикуршілдік бағыттың өкілі Эпикурдің есімімен аталатын философиялық ағым сонау Демокриттің атомдық философиясын дамыта отырып, осы эллинизм дәуірінде адам туралы көптеген мәселелер көтерді. Эпикуршілдікті жаратылыстану саласын және этика мен эстетика мәселелерін көтерген ғылыми бағыт деп қарауға болады. Бұл ағымның негізгі бір ерекшелігі ұсақ бөлшекті атомдарды қарастыра отырып, солар арқылы адамдардың қоғамдық өміріне талдау жасайды.

Скептиктер (грек тілінде «қараймын», «зерттеймін», «күдіктенемін») бағыты адамның ішкі дүниесін, рухани өмірін өзгерткен көптеген ойларды қамтыды. Бұл ағымның негізін қалаушылар Пиррон, Секст Эмпирик, тағы басқалары болды. Бұл философияның негзі адамның ойы арқылы айналадағы дүниеге кеңінен көз салу, оны жақсылап көріп алу, өткен жолымызға қайта қарау және танымның жетістігіне сын көзбен шолу арқылы оны қайта бағыттау.

Неоплатонизм өз дәуіріне тән философиялық бағыт болғандықтан сол заманның қоғамы мен адамының әлеуметтік тәжірибесін дәл ұғынып, оны абстракциялық философиялық формулаларда шебер көрсете білді. Тіл жеткісіз Тұтастық пен оның алуан түрлілікпен байланысын іздеу, Тұтастықты абсолюттендіру және Тұтастық пен материалдық ғарыш, құдай мен адам арасындағы шексіз аралық сатыларды іздеу мифологиялық ойлауды философиялық тұрғыда жаңғыртуға әкелді. Тәнге қатысты барлық нәрселерге қарсы шығу, аскетизм мен экстаз туралы ілімге басымдылық беру тек ерте христиандық философияға ғана емес, бүкіл ортағасырлық теологиялық ойлауға озінің едәуір ықпалын тигізді. Филон Александрийскийдің Көне Өсиет (Ветхий Завет) грек философиясымен алғаш синтездеуге ұмтылысы өзінің жалғасын таппады. Христиан дінінің жеңіске жетуі ертедегі гректердің ойлау тәсілін игере отырып, теріске шығару арқылы жүзеге асты. Бұл ортағасырлық өркениетте бастапқыда антиктік-христиандықты, ал кейінірек еуропалық христиандықты даярлады.

Дәріс №4. Өзін-өзі тексеру сұрақтары

1. Алғашқы грек натурфилософтарының атын атаңыз?

2. Апейрон дегеніміз не?

3. Зенонның қандай «апорияларын» білесіз?

4. Сократтың «ирония» мен «маевтикасын» қалай түсінесіз?

5. «Платондық сүйіспеншілік» деп нені айтамыз?

5-дәріс. Ортағасырлық батысеуропалық философия

Орта ғасырдағы теологиялық философия деп Европада V-XV ғасырларда таралған философиялық бағытты атаймыз, онда жоғарғы жаратушы ретінде құдайды, ал қоршаған орта оның туындысы. Осы кезеңде қоғамның рухани өмірінде үстемдік етуші дін болды. Ортағасырлық батысеуропалық философияның басты мәселелерінің негізі құдай болмысының дәлелі, сенім мен ақылдың ара-қатынасы адам жанының мәңгілігі болды. Антикалық философияға қарағанда орта ғасырдағы ойлау стилі теологиялық болды, яғни әлемді жаратушы ғарыш емес, құдай болды. Ортағасыр философтарының идеялары теологиялық ойға негізделді. Білімділіктің, зиялылықтың орталығы христиан дінінің шіркеуі болды. Шіркеу-мемлекет ішіндегі мемлекет, яғни көптеген мемлекеттік функцияларды атқарды. Философия теологияға қызмет етті. Онтологиялық мәселе-жаратылу идеясы, креационизм болса, ал гносеологияда христиандық аян идеясы орын тапты. Ортағасырлық батысеуропалық философиясы басты екі негізгі идеяға сүйенді: барлық заттың бастамасы шындық пен туындылық. Ортағасырлық батысеуропалық философиясында үстемдік етуші дүниетаным христиандық болды.

Ортағасырлық теологиялық философияның көрнекті өкілдері: Тертуллиан Карфагендік (160-220), Аврелий Августин (354-430), Боэций (480-524), Ұлы Альберт (1193-1280), Фома Аквинский (1225-1274), Ансельм Кснтерберийлік (1033-1109), Пьер Абеляр (1079-1142), Уильям Оккам (1285-1349), Николай Отрекурлык (ХІVғ.)

Орта ғасырлық батысеуропалық философиясын келесі кезеңдерге бөлуге болады:

Патристика (латынша - әке) – ІІ-VІғғ. алғашқы христиан философиясының негізін салушы шіркеу әкелерінің мектебі, ілімі.

Апологетика ( грекше - қорғаймын, ақтаймын ) – ІІ – ІІІ ғ.ғ. пұттық политеизммен күресте христиандық догматика негіздерін қорғаған, уағыздаған ілім;

Классикалық патристика - (ІV-Vғғ.) - тринитарлық мәселе, яғни әке, ұл және қасиетті рух мәртебесі арақатынасы туралы ілім; христологиялық мәселе, яғни Христостағы екіұдайлық, яғни құдайлық және адамдық екі бастама туралы; антропологиялық мәселе, яғни құтқару мен арылу барысындағы Құдайдың мейірімі мен адамның күнәһарлық табиғаты жөніндегі ілім;

Соңғы кезең (VІ-V ІІІ ғғ.) - христиандық догматиканың орнығуы, теология мен ғылымның энциклопедиялық кодификациялануы.

Схоластика (латынша мектеп) - ортағасырлық теологиялық ілім, философияның теологияға қызмет ететін тұсы. Схоластиканың үш кезеңі болды:

- Балауса схоластика (ІХ-ХІІғғ.);

- Кемеліне жеткен схоластика (ХІІІғ.);

- Құлдырау кезеңі (ХІV-ХVғғ.).

Схоластикалық философияның негізгі мәселесі:

Құдайдың бар екенін рационалды (ақылмен) дәлелдеу;

Жалпылықтың жекелікке қатынасы немесе «универсали», яғни жалпылық ұғым мәселесі.

Осы сұрақтарға жауап бере келе схоластикада екі бағыт пайда болды:

Номиналаизм(лат.nomo- ат, атау) бойынша алдымен қандай да бір зат пайда болса, оған ат беріледі. Олар құдайдың бар екендігін былай дәлелдейді: Әке - құдай, ұл - құдайы, рух - құдай. Номинализм өкілдері - П.Абеляр, Росцелин, Дунс Скот, Жан Буридан, Роджер Бэкон.

Реализм бағыты бойынша алдымен заттың өзі емес, оның жалпы атауы «универсалийлер» пайда болады, яғни сөз, соған сәйкес зат болады. Құдайдың бар екендігін былай дәлелдейді: Құдай туралы сөз бар, яғни құдайдың заты да, өзі де бар. Реализм өкілдері: А.Кентерберийский, Шампо.

Аврелий АвгустинӘ у л и е (354-430) - христиандық теолог, «шіркеу аталарының» (католиктерде) бірі, христиандық дүниетаным жүйесін жасаған әулие. Христиандық әлемде дін және философия мәселелері бойынша шексіз беделі болған және «Ұстаз» деген атаққа ие болған. Антиктік мәдени мұра мен оған христиандықтың қатысы туралы пікірталаста сенім мен ақылдың үйлесімдігі туралы ілімді тұжырымдап, «Қасиетті Жазу» мен «Қасиетті Өсиеттің» күмәнсіз беделдігін мойындай отыра, адамның діни өміріндегі ғылым мен философияның рөлін кемітпеді. Августин жүйесіне рухани бастауларды әсірелеу тән. Адам үшін, дейді ол, Құдай мен дүние арасында таңдау бірден-бір абыройлы құндылық болып табылады. Адам тіршілігі құндылықтарының арасында ылғи жақсы көріп аялайтын игіліктер мен тек пайдалануға жарайтындарын бөлуге болады. Біріншісіне тіршіліктің бастауы болып табылатын абсолютті жақсылық ретінде Құдайды сүю жатады. Екіншісіне адамзат мәдениетінің жемістері мен нақтылы дүнияуи игіліктерді қосуға болады. Оларсыз тіршілік ету мүмкін емес. Бірақ оларға үйреніп, жақын көруге болмайды. Августин Құдайға біртіндеп жақындатып, тән мен жанды тазартатын, аскеттік сипатта болатын «катарсис» жүйесін тұжырымдады. Августиннің мәдениетке деген көзқарасы «Құдай қаласы туралы» еңбегінде берілген. Ол екі адамдық қауымдастықты бөліп қарастырады: «Жер қаласы» — Құдайды ұмытқан өзімшілдікке негізделген мемлекет пен мәдениет және «Құдай қаласы» — өзін ұмытқан, Құдайға деген сүйіспеншілігі шексіз рухани бірлестік. Рим империясының соңғы уақытына ұқсас «Жер қаласы» нәпсіқұмарлық пен күнәһарлыққа толы және «алғашқы күнәдан» бастау алады. Осы қалада өмір сүруге мәжбүр адам бар ықыласын Құдайлық Қалаға бағыттауы керек. Августиннің теологиялық ілімдері оның эстетикасымен де тығыз байланысты.

Фома Аквинский(1225-1274) - италияндық діни ойшыл. Католиктік шіркеудің ең ірі ойшылы. Дегдар отбасынан шықса да, ол ата-анасының қарсылығына қарамастан, доминикандық діни ұйымға кіреді. Париждегі Сен-Жак монастырында, кейін Париж унверситетінде дәріс береді. Сонан соң Италияға қайтып келіп, Рим Папасының сарайында болады. Сол жылдары ол Аристотельдің философиясын тереңдетіп, өз ілімінің негізіне айналдырады. 1269 ж. Парижге қайтып оралып, Құдайтану қосындысы жұмысын жалғастырады (1266—1273). 1274 ж. Неапольдан Лионға шіркеулік кеңеске бара жатып қайтыс болады. Логик, метафизик, теолог, Фома әулие Аристотельдің рационалды философиясын христиан дінімен сәйкестендіруге тырысқан. Ф. Аквинский ойынша, дін мен білімнің қарым-қатынасы гармонияға, бейбіт жарасымға құрылуға тиіс. Философия қарама-қайшылыққа ұрынған шағында (мысалы, уақыт шеңберіндегі жарату мәселесі), оның көмекке дінді шақыруы қажет. Ф. Аквинский- теоретикалық теологияның негізін салушы. Негізгі еңбектері: «Теология жиынтығы», «Философия жиынтығы». Ол Құдайдың барына 5 дәлелді келтіреді:

1. қозғалыс: барлық заттың алғашқы қозғаушысы – құдай;

2. себеп: барлық нәрсенің бір себебі болады: ол – құдай;

3. кездейсоқтық пен қажеттілік;

4. сапа дәрежесі: заттардың сапасы әр түрлі, ең жоғарғысы құдай;

5. мақсат: қоршаған заттың белгілі бір мақсаты болады, құдай - мәңгі.

Ф. Аквинский томизм бағытының негізін қалаушы. Томизм – Ф.Аквинский іліміне негізделген католиктік философияның бағыты.

Дәріс №5. Өзін-өзі тексеру сұрақтары

1. Монотеизм дегеніміз не?

2. Креационизм дегеніміз не?

3. Ортағасыр христиан философиясының бағыттары

4. Номинализм және реализм