Алматы, 2014
Философия кафедрасы
Мемлекеттік міндетті модуль
FNP 1104 «Ғылыми таным философиясы»
Бакалавриат (қ/б), 2 курс, к-көтемгі семестр, 2 кредит, негізгі пән
Дәрістер курсы
Аташ Берік Мұратұлы
Алматы, 2014
№1 дәріс.Философия, оның пәні мен қоғамдық өмірдегі ролі
1 Философия нені зерттейді? Философияның басқа ғылыми пәндерден айырмашылығы
2 Философия – өнер, әлде ғылым ба? Философияның өнермен жақындығы, түйісуі.
3. Философияның гносеологиялық (танымдық) қызметі
Философия ғылымы туралы айтпастан бұрын, әуелі философияның не екендігін анықтап алуымыз қажет, өйткені бұл сауалдың өзі – философиялық мәселе. «Философия дегеніміз не?» деген сауал философия арнайы ғылым ретінде қалыптасқан сонау көне замандардан бастап, бүгінгі күнге дейін ғылыми дискурс аймағында өзекті түрде талқыланатын тақырыптардың бірі.
Философия – ғылым, әрі қоғамдық сананың ерекше формасы, дүниеге көзқарас, өнер ретінде де көрініс беретін даналық ілімі. Ғылым болып табылатын себебі, арнайы ғылыми әдіснамалары мен әдістерінің болуы, осы ғылым тарихының арнайы қалыптасуы, теорияларын дәйектеуді және дәлелдеуді қажет ететіндігі т.б. болса, қоғамдық сананың формасы ретінде қабылдануы – қоғамның әрбір мүшесінің белгілі бір деңгейде кәсіби емес түрде болса да философиялық пайымдауларды бастан өткізетіндігінен-ақ анық байқалады, тіпті философиялық ой ойламайтын, ойламаған адам болмайды. Осы орайда, философиялық ой адам санасының ажырамас қасиетіне айналады. Сондықтан ол жалпы қоғамдық көпшілік сананың деңгейінде қарапайым формада болса да үнемі қылаң беріп отырады.
Бұдан оның дүниеге көзқарастық қыры ашылады. Философия мен философиялық ой өзінің объектісі болып саналатын дүние, әлем мен адам хақында белгілі бір деңгейде қажетті мағлұматтар мен ақпараттар тасқынын бере алады. Екіншіден, бұл үрдіс кезінде адам мен дүние толықтай қатысып, адамның шексіз танымының бір саласын құрайды. Ал өнер ретіндегі қыры – кең шығармашылық ойлауды қажет ететіндігі, өткенін жоққа шығармайтындығы, объектілерін зерделеу барысында мәселелердің бастапқы күйінен тамыр тартып қозғала беретіндігі т.б. Мәселен, әдебиеттегі махаббат, достық, ана сияқты тақырыптар мәңгілік болса, философиядағы субстанция, рух, ойлау сынды метафизикалық мәселелер де көне замандардан бері, бүгінгі күнге дейін толғанылу үстінде. Ал ғылым өткенін терістеп, сабақтастық бойынша ілгерілей түседі. Мәселен, дүниенің атомдарының соңғы бөлінбейтін бөлшек екендігі хақындағы көне замандардағы теория физика ғылымында қазір жоққа шығарылып, одан кейін атом құрылысы ашылып, тіпті оның шексіз ұсақ бөлшектерге ыдырай беретіндігі дәйектеліп отыр.
Енді философияның қоғамдық теориялық санада, ғылымдар аясында қандай қызметтер атқаратындығына тоқталып өтсек, оның басты функциялары былайша көрсетіледі. Бұл тұста, алдымен, функция немесе қызмет ұғымын түсіндіріп өтуіміз қажет. Функция – міндеттілік, әрекет ету аймағы, өзінің мүмкіндігінің шегіндегі болмай қоймайтын басқа салаларға ықпалы, өзінің атқаруы тиісті мазмұны болып табылады
- болжалдық қызметі бойынша философия ғылымы әлемнің, қоғамның, адамның дамуының болашақтағы күйін анықтап, өзіндік жобалар мен модельдер құрады;
- танымдық қызметі арқылы бүкіл дүние мен адам және оның орны хақында мәліметтер мен ақпараттар жиынтығын тұтастындырып, ғылымиландырып барып ұсынады.
- әдіснамалық қызметі ғылым философиясы саласына сәйкес, барлық ғылымдарға жолбасшылық жасап, жалпы бағдарларды, зерттеу әдістері мен әдіснамаларын жинақтап бере алады және ол ғылымдар осы бағдарлардан айнымай өзіндік зерттеу бағыттарын тиянақтайды. Мәселен, герменевтика, феноменология, структурализм сынды философиялық бағыттар қазіргі таңда көптеген ғылымдардың жалпы зерттеу әдіснамаларын құрайды.
- рационалды жүйелеу- философия адам тәжірибесін теориялық деңгейде тұжырымдайды, ғылыми емес, қарапайым бақылаулардың және ғылыми танымның нәтижелерін философиялық деңгейде қорытып-сараптайды, оларды белгілі бір жүйеге келтіреді.
- сыни- философиялық ұғымдар мен категорияларды, заңдарды игеру, философия тарихымен, оны жасаушы философиялық тұлғалармен танысу, олардың ілімдерін зерттеу адамның өз өміріне, қызметіне, қоғамдағы орнына тереңірек үңілуге, сыни тұрғыдан талдауға үйретеді.
- гуманистік-тәрбиелік- философия адамды дүниедегі ең басты құндылық деп таниды және негізінен руханияттық пен адамгершілікті басшылыққа алады.
- практикалық -неміс философыГегель философияны өмір көшінен үнемі кеш қалып жүреді деп сынаса да, қазіргі философияның, онымен айналысатын философ мамандардың негізгі мақсат-міндеті оның практикалық сипатын зерттеу болуы болып табылады.
Философияның танымдық қызметі дүниеге көзқарспен байланысты. Дүниеге көзқарас ұғымы бір қарағанда тым жалпы болып көрінуі мүмкін. Дүниеге көзқарастың нәтижесі танымға алып келетін және дүние туралы белгілі мағлұматтар алуға қол жеткізетін адамзат санасының мәнді құбылысы. Дүниеге көзқарас – құбылыс, яғни, адамның өзін дүниеден шартты түрде бөліп алып қарастыруына байланысты оны тану, білу, ол туралы белгілі бір ұғымдар мен түсініктір жүйесін қалыптастыру қызметін атқаратын аса маңызды үдеріс болып табылады. Дүниеден өзін ажыратып алған адам, одан оқшаулану, бөлектену немесе оны жоққа шығаруды емес, керісінше, әлем хақында белгілі бір нақты білімдер жүйесін құрастыруға ұмтылады. Себебі, осы әлемде өмір сүріп жатырғандықтан, ол дүние туралы толығырақ білімдер жинақтауы қажет екендігі сөзсіз.
Бақылау сұрақтары:
1.Философияның пәні мен қызметі, оның қоғамдағы рөлін көрсетіңіз?
2.Филосфияның негізгі мәселесі. Материализм және идеализм – филосфияның негізгі бағыттары. Философияның мағынасы және тарихы.
3.Дүниеге көзқарас ұғымы. Дүниеге көзқарастың тарихи типтері: миф, дін, философия; олардың ерекшеліктері неде?
4.Мифологиялық және діни көзқарас, философияның алғышарты қандай?
5.Философиялық көзқарастың мәні.
6.Философия, мәдениет пен ғылым әлеміндегі қызметі.
7.Философия, саясат, қазіргі заман.
№2 дәріс.Антика дәуріндегі философия аясында жеке ғылымдардың бастауларының пайда болуы
1.Антика дәуіріндегі әлемді түйсінудің Батыстық және Шығыстық ерекшеліктері
2.Антикалық Шығыстың әлемді философиялық тұрғыдан байыптаудағы және тәжірибелік-қолданбалы білімдердегі жетістіктері 3.Аристотель мен Платонның таным теориясы
Гректердің математикасының бастаушысы Анаксимандр (б.э.б. 6 ғ.). Оның түсінігінде әлем сфералық, оның ортасындағы Жер цилиндр тәріздес, оның қасында Айдың шеңбері орналасқан, ол 9,18,27 сандарына қатынасты қашықтықтарды құрайды. Ал күн жұлдыздар жүйесіндегі ең ірісі деп түсіндірді. Бірақ бұл тәжірибеден алынбаған, тек мистикалық сандар мен геометризациялау ұғымдарымен астасқан. Бірақ бұл мифологема математикалық астрономияға негізделген: бұдан Парменидтің шар формалы болмысы, Аристотелдің әлемнің қасиетті құрылымы мен формализмі түсінігі, Птолемейдің геоцентризмі үлгі алған. Б.э.б. 6-5 ғасырлардағы пифагорлықтар мектебі осы сандардың үйлесімділігі ғарыштың негізі деп білген. Бірақ бұл математикалық ғылым емес, діни метафизикаға алып келді: сандар мистикалық мәні бар құбылыстар.
Филолайдың ұғымы бойынша әлемнің орталығында от жатыр, оны бір тәулікте үлгеретін сфералық Жер айналып жүр. Осыған байланысты күн мен түн ауысады, орталықтағы от көрінбейтін, жер мен от арасында АНТИЖер бар (Антихтон), біздің жерге ұқсайды, қараңғы кейіпте. Күн осы оттан нәр алады, жылу мен жарықты алып, мөлдір шыны тәріздес болып келеді. Ал Пифагор да осы сандар мистикасымен шұғылданғанмен, оның түсінігінде әлемнің орталығында Жер тұрған. Күн мен Ай және бес планетананың айналып жүретіндігін ұсынған.
«Тимей» еңбегінде: Платон да Пифагор идеясын қолдайды, жетілген дене – шар формалы, жетілген фигура – шеңбер деп білді де, сандар мистикасын былайша реттейді: Ай 1, Күн 2, Шолпан 3, Меркурий 4, Марс 9, Юпитер 8, Сатурн 27 . Ғарыш математикалық үйлесімділікте құрылған сфералық пішінде. Платон әлемнің біріңғайлығын жоққа шығарып, аспан – өзгермейтін, мәңгі, біртұтас, құдайлық болмыс, ал жер – өтпелі, тұрақсыз. «Заңдар» деген еңбегінде: Ғарыш осы планеталарымен, үйлесімділігімен құдайлардың өмір сүретіндігін дәлелдеп тұр деп түсіндіреді: «Құдайлық ғарыштан мәңгілік, циклдылық, шеңбер бойымен қозғалу туындайды. Күн мен Ай ғарышта адасып жүрген жоқ, олар жүйемен, бір ғана шеңбер бойымен қозғалады»,-деп тұжырымдайды, Күннің айналысы жыл, айдың айнылысы бір айға сәйкес келетіндігін ұсынды. Бірақ бұл да эмпирикалық емес, метафизикалық постулат еді.
Платон өзінің таным теориясында тұтас әлемді: шын дүние, жалған дүние деп 2 ге бөлді. Шын дүние – идеялар дүниесі. Себебі олар мәңгі өмір сүреді, өзгермейді. Жалған дүние – материалды дүние. Себебі ол өзгермелі: минералдар, өсімдіктер, адамдар, адамдар заттары т.б. Жалған дүние шын дүниенің жай ғана көшірмесі болып табылады. Мысалы, картинадағы ағаш көшірмеден алынған көшірме. Идеялық дүние материалдық дүниенің өмір сүруіне себепші. Ал сезімдік заттар болмыс пен болмыс еместіктің арасындағы әлдене. Идея – білім объектісі, ал абстрактілі ойлау сезімдік қабылдаудан тыс абсолютті. Жан мәңгі өмір сүретін нәрсе деп, оны өзінің «еске алу» теориясымен дәйектеді: адамның жаны оның тәніне енгенге дейін, яғни, адам нәресте ретінде дүниеге келгенше, ол өз алдына дербес өмір сүреді, тәнге енген соң (адам дүниеге келген сәттен) ол өзінің бұрынғы көріп-білгендерін есіне түсіреді, адамның өмірі жанның бұрынғысын есіне түсіруі болып табылады, ал сезімдік қабылдаулар еске алуға түрткі деп тұжырымдайды.
Диалектиканы пікірлесу, сұрақ қою, жауап беру өнері деп түсінді, онда қарама-қарсы ұғымдар болатынын білген: жеке мен көп, бүтін мен бөлшек, шексіз бен шекті т.б. Бірақ қарама-қарсылықтың екі жағын «Парменид» сұхбатында 2 бөлек ұғым ретінде көрсетті. Ешкім де жекенің көп екенін, көптің жеке екенін дәлелдей алмайды дейді. Оларды жеке дара өмір сүретін реалдылық деп түсінді.
Философия Аристотельдің көзқарасы бойынша: теориялық – мақсаты «білім – білім үшін» болып табылады, практикалық — мақсаты білім қызмет үшін, нойетикалық (шығармашылық) – мақсаты білім шығармашылық үшін. Теориялық философия: физикалық-математикалық және алғашқы философияға бөлінеді. Физикалық философияның пәні — жеке өмір сүріп, қозғалатындар, математикалық — жеке өмір сүреді бірақ қозғалмайтындар, алғашқы философия — жеке өмір сүреді, қозғалмайды. Практикалық философияға этика мен саясат жатады, нойетикалыққа — шешендік өнер мен саясат жатады. Логика — жеке дара ғылым емес, пропедевтика барлығының жиынтығынан құралады.
Аристотельдің онтологиясында үш мәселе жатыр: 1) бар-лықты категориялық талдау немесе бір нәрселердің болмысы туралы ілім; 2) субстанцияларды каузальдік талдау; 3) мүмкіндік пен шындық туралы ілім немесе әлі болмыс еместің теориясы.Категорияларды 10 мағыналық топқа бөледі: мән, сапа, сан, орын, уақыт, иелену, әрекет, азап шегу.
Бақылау сұрақтары:
1.Көне Грек философиясы: ойшылдары мен негізгі мектептері.
2.Философияның тарихи түрлері, олардың әлеуметтік жағдайлары мен байланысы.
3.Көне Грек материалистері.
4.Көне Грециядағы идеалистік философияның өкілдері.
5.Аристотель қай ілімнің негізгі заңдарын жасады.
6.Ежелгі Грециядағы диалектикалық ілімнің қалыптасуы (Гераклит, Элей мектебі, софистер).
7.Ежелгі Рим философиясы: дәстүрі және жаңа идеялардың мектептері мен ойшылдары.
№3 дәріс.Сенімдегі философиялау және оның орта ғасырлық ғылым дамуына ықпалы
1.Орта ғасырлық философиялық ойдың қалыптасуындағы діннің ролі 2.Ғылыми таным дамуындағы араб-мұсылмандық әлемнің тарихи бастамалары
3.Орта ғасырдағы еуропалық философия және тәжірибелік-қолданбалы білімдердің дамуы
Орта ғасырдағы жалған ғылымдардың қалыптасуы –магия, оккультизм, алхимия мен астрология
Жалпы көпшілікке ортақ пікір бойынша, орта ғасырлық философияның өзі екіге бөлінеді: 1) патристика (2-8 ғғ.); 2) схоластика (9-15 ғғ.). Патристика кезеңінің өзі үшке бөлінеді: ерте патристика (2-3 ғғ.), толысқан патристика (4-5 ғғ.), соңғы патристика (5-8 ғғ). Схоластика да шартты түрде екіге бөлінеді: 1) ерте схоластика (11-12 ғғ.). 2) толысқан немесе соңғы схоластика (13-14 ғғ.). Бұл схоластика орта ғасырдан кейін де жаңа заманға дейін неосхоластика немесе «екінші схоластика» деп аталып жалғасын тапты: 1) контрреформация (15-16 ғғ); 2) католиктік реставрация (18-19 ғғ); 3) неотомизм (20 ғ).
Патристика антикалық философияның аяқталуынан және гностиктермен, басқа да еретиктермен идеялық күрес нәтижесінде қалыптасты. Бірінші сатыда апологеттердің ықпалы күшті болды. Бұндағы негізгі тұлғалардың бірі – Ориген христиандық дін негізінде тұтас философия жасауға талпынды. Патристиканың бұл кезеңдегі өрлеу барысы каппадокикалық үйірмемен байланысты: Василий Великий, Григорий Богослов, Григорий Нисский т.б. Бұл ақыр соңында Дамаскиннің идеяларымен қорытындыланды. Патристикалық онтология абсолютті болмыс ретіндегі құдай идеясының айналасына тоаптастырылды. Патристика пұтқа табынушылық политеизмді, гностикалық дуализмді жоққа шығара отырп, жалпы алғанда, монотеизмді қорғайды да, креационизм арқылы стоиктердің және неоплатоншылдықтың пантеизміне қарсы қойылады. Бұл дәуірдегі басты ерекшелік – философиялық ойдың теоцентристік сипаты. Яғни, тео-құдай, центр-орталық деген мағына болып табылатын болса, құдайды басты түсінікке шығара отырып, идеяларды негіздеу, бүкіл рухани мәдениеттің өзегіне айналдыру алаңы белең алды.
Бұл дәуірде құдайдың қасиеттері мен белгілерін позитивті білім бойынша дәйектеуді негізге алатын, жарату құбылысын тану арқылы жаратушыны тануды жолға қоятын «болмыс аналогиясы» қағидасын басшылыққа алатын – «катафатикалық теологиямен» қатар, құдай абсолют ретінде атрибуттарды иеленбейді және оған анықтама берілмейді, сапалылық пен болмыстың сыртында болады деген – «апофатикалық теология» қалыпасты.
Ғарыш жаратудың нәтижесі, сондықтан жаратушыдан төмен тұрады, материя жаратылған және жаратушы арқылы игеріледі деген бағдар ұстанылды. Патристикада әлем құдайдың игілікті жаратуынан және мақсатқа ұмтылатын кемелділік болып саналады. Космологиясындағы басты идея телеологизмге келіп саяды, ол – әлемдегі заттардың үйлесімділігі мен өзара қатынастылығы, ғарыштың қатаң иерархияға құрылғандығы, әлемді эстетикалық тұрғыдан ақтау т.б. идеялармен қамтамасыз етіледі.
Ариандықтар мен афанасьефшілдердің тартысы 4 ғасырда ақыры ариандықтардың жеңілісімен аяқталды, Феодосий құрған Никеоконстантинопольдік шіркеуінде бұл әке-құдай мен бала-құдайдың бір мәнді екендігін негіздеумен дәйектелді. Дегенмен, бұдан 100 шақты жыл өткен соң патриарх Несторий өзінің несториандық шіркеуін құрып, екі құдай өзара бірмәнді болғанмен, Христос бастапқыда адам болып жаратылды, демек, оның анасы құдайды дүниеге әкелуші емес, адамды алып келуші, құтқарушы мессиясын ол кейіннен әулие рухты иемденгеннен кейін ғана иеленді деді. Бірақ бұл шіркеу де 431 жылы Эфесте күнәлі деп табылды.
Константинопольдік Евтихий христологиялық мәселені тағы көтеріп, Христосқа тек бір ғана табиғат тән, ол – құдайлық, ал адамдық табиғаты жай ғана алдамшы көрініс деп, бұл көзқарас теологияда монофизитшілдік деп аталды. Бірақ Халкидон соборында 451 жылы бұл да қараланды. Монофизитшілдік Армения мен Египет шіркеулерінде сақталып, монофелиттік формада көрінді. Яғни, Христосқа екі табиғат тән: құдайлық және адамдық, бірақ бір ғана ерік бар деп түсіндірді. Монофелитшілдік 680-681 жылдары алтыншы соборда қараланды.
5-8 ғасырлардағы патристика кезеңінде: Кассиодор, Исидор Севильский, Боэций т.б. өзіндік діни идеяларымен тәнті болды. Бұл кезеңдегі неоплатоншылдық пен христиандықты біріктіруге ұмтылу идеологиялық білімдердің моделін туғызып қана қойған жоқ, кейіннен түсіндірмелі-энциклопедиялық білімнің қалыптасуына алып келді.
5 ғасырларда «Ареопагитиктер» деп аталатын бағыт пайда болды. Бұл авторы әлі күнге дейін белгісіз болып келген (кей деректерде Жалған Дионисий) христиандық теологиялық мазмұндағы шығармалардың «Ареопагитиктер» деп аталатын жинағын ашу мен түсіндірушілердің тобынан құралды да, апофатикалық теология мен христиандық мистиканы негізге алды. Апофатикалық теология (терістеуші деген мағынада) – құдайдың абсолютті трансценденттілігін (бұл жерде тылсым, танылмайтын деген мағынада) дәлелдеу үшін оған қатысты барлық түсініктерді, ұғымдарды және оның қасиеттерін бірте-бірте жоққа шығаруға ұмтылуды ұсыну. Ол позитивті біліммен анықталмайды, айтылмайды, оны тек нұрлану-ашылу арқылы ғана тануға болады, сондықтан барлық тіркелген эмпирикалық атрибуттарды (оған таңылған қасиеттерді) алып тастау керек деген бағдарды ұстанды. Осыған орай, барлық әлемнен тыс болып табылатын, болмыстың арғы жағындағы құдайтаным «құпия құдай туралы ілім» парадигмасын туғызды. Ол бірте-бірте мистикалық формаға ауысты.
«Ареопагитиктер» мынадай трактаттарды біріктіреді: «Құдайлық атаулар туралы», «Аспандық сатылар туралы», «Құпия құдай туралы ілім» мен басқа да он шақты жолдау хаттар т.б.
Бұл бағыттың көрнекті өкілдері: Максим, Иоанн Дамаскин (675-753 жж.) (бұны 6 ғасырда өмір сүрген, платон академиясының соңғы өкілі Дамаскиймен шатастырмау керек) т.б. Мәселен, Дамаскиннің философияны «теологияның қызметшісі» деп берген бағасы философия тарихында еленетін тұжырым ретінде сақталып отыр. Оны схоластиканың шынайы бастауы деп те түсіндіретін көзқарастар бар.
Патристиканың негізінде 9 ғасырларда схоластиканың негізі қалана бастады. Бұнда жоғары парасатты заттарды тануда парасатты білімдер қажеттігін түйсінді. Бірақ бұл орта ғасырлық рационализм мистикамен ұштастырылып, өзіндік эмпиризммен тиянақталды. Көп жағдайда бұл кезеңнің философтары өз идеяларын дәйектеуде аристотельдік формальді логикаға сүйенді.
Орта ғасырдағы араб жерінде пайда болған ислам діні (ҮІІ ғ) мұсылман мәдениетінің өзіндік бағдарын қалыптастыруға игі ықпал етті. Осыған орай, ғылыми саланың өркендеуі жалпы философиялық білімдердің дамуына және оның энциклопедиялық сипатына айналды. Мұсылмандық ренессанс тек араб халықтарын ғана емес, сол кездегі ислам діні таралған аймақты, орта азия мен шығыс еуропа жерлерін де шарпыды. Сондықтан бұл кезеңдегі философияны «араб тіліндегі философия» немесе «араб философтары» деп атайды және философия өз кезегінде «фалсафа» сөзімен алмастырылады.
Араб-мұсылмандық фалсафаны тарихи-аймақтық ұстаным бойынша үш кезеңге бөліп қарастыру көзделген: 1) Бағдат халифаты тұсындағы: әл-Кинди, «Таза ағайындар» т.б.; 2) Орта Азия халықтарындағы: әл-Фараби, Ибн Сина, Омар Хайям, Аттар, әл-Ғазали т.б.; 3) Мұсылмандық Испания: Ибн Бадж, Ибн Туфейль, Ибн Араби, Ибн Рушд т.б.
Сонымен қатар бұл кезеңде – мутазилиттер (8 ғ.-да негізін салушы Әмір ибн Убайд), калам (10 ғ.-да негізін салушылар: Абу-әль-Хасан Ашари, Матуриди), суфизм сияқты ірі ағымдар мен мектептер пайда болып, өркендеген еді. Бұл дәуірдегі философияның дамуының ерекшеліктері мынадай: діни мұсылмандық ойтолғамдар аясындағы қағидалар үнемі ескеріліп отырылды; білім жан-жақты әмбебап сипат алғандықтан, бұл кезең философтарының көбі энциклопедистерге айналды; Еуропа үшін ұмыт болып бара жатырған көне Грекиядағы мұраларды қайта жаңғырта отырып, бүкіл әлемге таныстырды және түсіндірді; Қазіргі Орта Азия халықтарынан бастап, Еуропалық Испанияға дейінгі үлкен аймақты қамтып, сол дәуірдегі ғылыми-танымдық кеңістікте айтарлықтай беделге ие болды; дін мен философия ғылымының өзіндік үйлесімділік, бірін-бірі толықтырушылық үлгісін жасап берді т.б.
Ислам діні аясында кейіннен сан түрлі бағыттар мен көзқарастар жүйесін қамтитын бірнеше ағымдар пайда болады: суфизм, шиизм, суннизм, ханифизм т.б.
Суфизм – (суф, суфи, суфий сөздерінен шыққан, яғни, жүн, жүннен тоқылған шекпен деген мағыналарды білдіреді.) 8-9 ғасырларда қазіргі Ирак, Сирия жерлерінде пайда болып араб халифаты елдеріне кең таралған, кейіннен, әлем мұсылмандарына да ықпал еткен діни-мистикалық ілім. Басты қағидалары: Құдайдың хақтығына шек келтірмей, оған шын ниетімен, жан-тәнімен берілу, адам жанының құдаймен бірігуі, жер бетіндегі пендешіліктен қол үзіп, материалдық игіліктерден бас тартып, шәкірттердің (мүридттердің) аскеттік өмір стилін қолдануы, құдаймен тоғысу үшін ерекше экстаз жағдайына ену, құпия ілімдерді (эзотерия) игеру және оны көпшілікке (экзотерия), «білімсіздерге» жарияламау, құдайды сүю арқылы интуитивті түрде «нұрлануға» жету (ақиқат жолы), мадақ жырларын жырлау (зікір салу), терең пантеистік танымды ұғыну, осындай практикалық іс-әрекеттерді ұстаздардың (мүршидтердің, пірлердің) өз басынан өткізуі т.б. Сонымен қатар онда мынадай өзіндік қалыптасқан категориялар жүйесі бар: ахуал, ақиқат, зейін, дәруіш, дария, гаухар, ғайб, ғайбат, ғалам, ибадат, жаухар, сыр, ризық, хал, ынсап, ықлас, қаусар, харам, тәуба, тәлім, тәуекел т.б. Бұл ілімді алғаш негіздеушілер: Зу-н-Нун әль-Мысыри, Абу Абдаллах әль-Мухасиби, әл-Ғазали, Суфи Алаяр, А. Яссауи т.б.
Калам (әңгімелесу, сұхбат, сөз деген мағыналарды білдіреді) – орта ғасырдағы араб-мұсылмандық фалсафадағы діни бағыттардың бірі. Бұл үш кезеңге бөлінеді: ерте (7 ғасырдың аяғы - 8 ғасырдың басы); мутазилиттер кезеңі (8 ғасырдың аяғы - 10 ғасырдың ортасы); классикалық кезең (10 - 12 ғғ.). Алғашқы кезеңіне христиандық пен иудаизм өкілдерімен пікірталастар жүргізу тән және үлкен, кіші күнә, тағдырдың тағайындалуы сияқты мәселелер төңірегінде ой өрбітті. Осыған орай, тағдыр түсінігіне мойынсұнушылар – джабариттер, адам әрекетіндегі белгілі бір деңгейдегі еркіндікті дәйектеушілер – кадариттер болып екіге бөлінді. Ал мутазилиттер кезеңінде дискурстық мәселелердің шеңбері ұлғайды: алғашқы жаратушы, құдайдың бірлігі (таухид) және оның қасиеттері (сифат) т.б. Ашари өзінің ілімін «аралық бағыт» (мазхаб аусат) ретінде ұсынды да, фатализм мен волюнтаризм сияқты шеткі бағдарларды теріске шығарды. Ол Құранның мазмұнын сөзбе-сөз түсінуге және оны аллегориялармен көмкеруге қарсы шықты, эсхатологиялық түсінікке сеніммен қарады, Әбу-әль-Хасан Ашаридің ізбасарлары да осы пікірлерді дамытты: әль-Бакиллани, әль-Джувайни т.б. Бұл ілім алдымен әлемнің мәңгілі мен жанның өлетіндігі туралы ілімді жоққа шығарды. Ал 15 ғасырлардағы соңғы калам исфахан мектебі арқылы суфизм мистикасына бет бұрды.
Мутазилиттер(бөлінгендер деген мағынады) – көне Грекиядағы философия мен логиканың тәсілдерін құдай мен адам қатынастарында қолдануды алғаш рет ұсынған бастапқы мұсылмандық теология өкілдері. Олар құдайдың қасиеттерін айнытпай сол қалпында түсінуге қарсы шықты, құдайға адамдық тәндік болмысты таңуға болмайтындығын дәйектеп, ол құдайдың бірлігі идеясына қарсы келетіндігін тұжырымдайды. Құдай сөз сөйлеу қабілетін ие екендігін жоққа шығара отырып, Құранның мәңгілігін терістеп, ол Құдай құдыретінің бір ғана көрінісі деп білді. Құранның қасиеттілігі оның әріптерінде емес, рухында дей келе, «илм ат-тәфсір» деп аталатын оны арнайы түсіндіру ілімін енгізді. Олар ерік еркіндігін қолдап, адам істеген әрекеттеріне құлықтылық тұрғыдан жауапкершілікте болатындығын ұсынды. Үлкен күнә (сахиб кабира) жасаған мұсылман адам құдайсыз (кафиром) болып табылмайды тек ортаңғы жағдайда сақталады деп түсіндірді.
Бақылау сұрақтары
- Батыс Еуропадағы Орта ғасыр философиясы. Номинализм мен реализм
- арасындағы пікірталас.
- Шығыс Ренессансының философиясы. Әл-Кинди, әл-Фараби, Ибн-Сина (Авицена), Ибн-Рушд (Аверроэс).
- Орта ғасырдағы мұсылман философиясы.
- Христиан және Ислам діндерінің негіздері.
- Араб елдеріндегі философия, ғылым, өнер, тәрбие.
- Орта ғасырдағы Батыс Еуропа мәдениетінің ерекшеліктері.
8. Философия мен идеологияның айырмашылығы неде?
- Араб философиясының өзіндік мәні?
- Номинализм және реализм күресінің негізі неде?
№4 дәріс.Қайта өрлеу дәуірі Еуропалық өркениет дамуындағы сілкініс және Жаңа замандағы философия мен ғылымның қалыптасуы
1.Адамға бетбұрыс, оның жеке даралығы мен креативтілік бастауы – Қайта өрлеу дәуріндегі маңызды ерекшелік. Зайырлы зиялылардың пайда болуы.
2.Н. Кузанский шығармашылығындағы ақиқат мәселесі
3.Коперниктің, Галилейдің, Бруно мен Кеплердің жаратылыстанулық-ғылыми жетістіктері
4.Н.Макиавелли шығармашылығындағы қазіргі заманғы саясаттанудың негіздерінің қалыптасуы.
Антикалық өмір сезімімен туыс, орта ғасырлық философиядан кейінгі және оған көп жағдайда идеялық жағынан қарама-қарсы келіп, жаңа өмірлік сезіну мен түйсінулер қалыптасқан, мәдениет пен философия қайта өркендеген Еуропадағы 14-16 ғасырлар аралығын қамтитын кезең ренессанс деп аталады. Орта ғасырдағы құдайға ұмтылатын теоцентрлік көзқарастар үстемдігінің орнына адам мәселесін алға қоятын ой-пікірлер қалыптасты, бұл кезең туындылары антика дәуірінің мұраларын кеңінен пайдалану үрдісіне көшті, сондықтан да бұл уақыт қайта (қайтадан даму ) өрлеу дәуірі деп аталды. Ол шартты түрде үш кезеңге бөлінеді: бастапқы ренессанс (14 ғ.), ренессанстың гүлденуі (15 ғ.), соңғы ренессанс (16 ғ.).
Яғни, қайта өрлеу дәуірінің философия аймағындағы мынадай ерекшеліктер бар:
- көне Грекия мұраларын қайтадан жаңғыртып, оларға сүйеніп отырды: аристотелизм, платонизм, эпикуреизм, стоицизм т.б. ілімдер қайтадан өңделе бастады.
- теоцентризмнің орнына антропентризмнің келуі: адамның әлемдегі орны мен жалпы жағдайы, тағайындалауы, микрокосм идеясы т.б.
- гуманизм, яғни, адамсүйгішік қағидалардың үстемдік ете бастауы: құлықтылық қағидалары, адамды басты құндылық деп табу, оның еркіндігі мен бақыт туралы идеялар т.б.
- пантеизм, яғни, құдайдың жеке жақтылығын түсіріп, оны жалпы табиғатқа апарып таңу;
- әлемнің жаңаша ғылыми картинасын космологиялық тұрғыдан байыптау: геоцентризмнің терістелуі мен гелиоцентризмнің орнықтырылуы;
- утопиялық социализм идеялары: әділетті қоғам орнату идеалы;
- реформация мен саяси-әлеуметтік мәселелердің қойылуы т.б.
Осыған орай, бұл дәуірді мынадай сатыларға бөледі: 1) Гуманисттік (14 ғасырдың ортасы мен 15 ғасырдың орта шені): Данте, Ф. Петрарка, Эразм Роттердамский, Мор, Монтень т.б.; 2) Неоплатоншылдық: Плетон, Фичино, Мирандола, Николай Кузанский (15 ғасырдың орта шені мен 16 ғасырдың басы); 3) Натурфилософиялық (16 ғасырдың екінші жартысы - 17 ғасырдың басы): Леонардо да Винчи, Коперник, Бруно, Галилей т.б.
Кузандық Николай (Николай Кузанский) (1401-1464 жж.) - ең соңғы схоласт, әрі орта ғасырдан қайта өрлеу дәуіріне өппелі кезеңдегі алғашқы философтардың бірі, рационалист және мистик, гуманист, құдайтанушы, математикалық жаратылыстанудың теоретигі, апофатикалық теология мен натурализмді бітістіруші, географ. Құқықтанушы және медик ретінде де белгілі болған. Мәселен, алғаш рет Еуропаның картасын жасаған. Негізгі шғармалары: «Католиктік келісім туралы», «Күнтізбенің түзетілуі жөнінде», «Ғалымның білімсіздігі жөнінде», «Құдайды іздеу туралы», «Қалыптасу туралы», «Ғалым білімсіздігінің апологиясы туралы», «Құдайды көру туралы», «Мүмкіндік ретіндегі болмыс туралы», «Құранды терістеу» т.б. қатар сегіз математикалық трактат жазған. Осыған орай, оның тұлғалық дүниетаным ерекшелігін былайша ажыратып көрсету жолға қойылған: 1) Орта ғасыр философиясын қорытындылаушы; 2) Қайта өрлеу дәуіріндегі философияның кіріспесі ретінде ренессанс кезеңіндегі философиялық бағдарларды ұстанушы (гуманизм, пантеизм, эмпиризм, натурализм т.б.); 3) Жаңа заман дәуіріндегі философия мен ғылмның ізашары, жол салушысы; 4) классикалық философиядағы таным теориясының генетикалық негізін қалаушы.
Ол болмыстың математикаланған моделін ұсына отыра, Құдайды өзекті аяқталмаған шексіздік ретінде таниды, «абсолютті максимум» түрінде көрсетеді. Ол таным теориясында сезімді, пайымдауды, ақылды өзін іске асыру сәтінде әр түрлі мақсаттар мен аймақтарда көрсете алатын субъектінің таным қабілеті деп түсіндіреді. Табиғаттың барлық құбылыстарының негізінде математикалық формализм арқылы ғана көрсетуге болатын объективті прапорция жатырғандығын байыптайды.
Ол көне антикалық мұралардағы адам ғарыштың қайталанған шағын үлгісі ықшамғарыш деген идеяға қайта оралды. Адам періштеден басқа барлық тіршілік иелерінен жоғары табиғаттың орталық буыны деген қорытынды жасады. Адамның жоғары теориялық қабілеті болып табылатын ақыл шексіздікті де ойлауға қабілетті және тек қарама-қарсылықтарды ғана емес, бірліктер мен үйлесімділіктерді де көреді деген тұжырым бойынша «қайшылықтар сәйкестігі» деген ілімді дамытады. Ақыл өзінің нәтижелерін соңғы ақиқат деп танымау керек, себебі, ақыл ешқашан аяқталмайтын абсолютке жақындап келе жатырған үрдіс деп түсіндіреді.
Оның идеясындағы құдай – барлық жердегі және еш жердегі абсолютті максимум болып табылады, бұл пантеизм ғарыштың құрылымын басқаша түсінуге мүмкіндік ашты. Құдайдың жаратушылық әрекетін екінші жоспарға шығарып, әлемнің шегі және тұрақты орталығы болмайтындығын негіздеді, орталық болса да ол шартты. Аяқталған, шекаралық нәрселердің барлығы абсолютті максимум мен абсолютті минимум аралығында екендігін атап көрсетті. Мәселен, осы идеяларын «Ғалымның білімсіздігі» деген туындысында былайша дәйектейді: «Максимум дегеніміз – одан ештеңе де үлкен болмау қажет әлдене. Абсолютті максимум жоғары шек, әрі – бәрі және онда бәрі бар болғаныдықтан, ол – жалғыз. Оған ештеңе де қарсы тұра алмайды, тек минимум ғана сәйкес келеді. Оның шегі жоқ, бірақ бәрін шектей алады. Одан әмбебап бірлік шығады, әлем абсолютпен бірігеді. Абсолютті болмыс абсолютті максимумнан басқа ештеңе де емес, яғни, максимумсыз ештеңе де өмір сүрмейді...
Жер қозғалмайтын сияқт болғанмен, ол қозғалады. Құдай бізді қоршап тұр және орталық. Ол бәрін жаратқан, жаратылғандар бір-біріне қатысты. Мысалы: аяқ – көзге, қолға, денеге пайдалы... Жер күннен кіші, Меркуриден, Айдан үлкен. Құдай арифметиканы, геометрияны, музыканы, астрономияны т.б. өнерлерді пайдаланып әлемді жаратқан. Арифметика арқылы әлемді біртұтас қылды, геометрия арқылы форма мен тұрақтылық, қозғалғыштық, музыка арқылы прапорцияны жасаушы».
Галиллей Галилео (1564-1642 жж.) – итальяндық ойшыл, классикалық механиканың негізін салушы, астроном, математик, физик, жаңа механикалық натурфилософияның бастаушысы. Ол жаратылыстану мен философияның ара жік шектеулерін алғаш рет ажыратты. Негізгі шығармалары: «Жұлдызды хабаршы», «Күн дақтары туралы», «Кастеллиге хат», «Әңгімелер және жаңа екі ғылым саласына қатысты математикалық дәлелдеулер» т.б. Галиллей: Айдағы таулар мен кратерлер, жұлдыздардың көлемі мен олардың алып қашықтығы Күн бетіндегі дақтар, Юпитердің 4 серігі, Сатурнның сақинасы, Құс жолының жеке жұлдыздардың шоғыры екендігі сияқты маңызды астрономиялық жаңалықтардың ашылуына себепші болды. «Әлемнің екі маңызды жүйесі жөніндегі сұхбат – птолемейлік және коперниктік» деп аталатын еңбегі жарыққа шықаннан кейін коперникшілдігі үшін инквизиция сотына түсті, сондықтан бұл теориядан бас тартуға мәжбүр болды. Содан соң инерция идеясы, дененің еркін құлауы, қозғалыстың салыстырмалылығы қағидасы т.б. жаңалықтар аша отырып, классикалық динамиканың негізін салды. Сайып келгенде, Галиллейдің дүниетанымында әлемнің объективті өмір сүретіндігі, шексіздігі мен мәңгілігі туралы ой қозғалып, ол құдайлық алғашқы қозғаушы түрткіні мойындайды. Табиғатта ешнәрсе пайда болмайды және жойылмайды, тек денелердің өзара орналасуы мен олардың бөліктерінің қозғалысы ғана жүзеге асып отырады. Материя бөлінбейтін атомдардан тұрады, олардың қозғалысы - әмбебап механикалық қозғалыс. Табиғаттағы барлық қозғалыстар себепті механикалық қозғалыспен шартталған. Осыдан ғылымның нағыз шынайы міндеті - себептерді іздеу екендігі туындайды деген тәрізді пікірлерін ұсынған.
Ол таным теориясында табиғатты танудың шексіз экстенсивтілігін басшылыққа алса да, интенсивті тану арқылы абсолютті ақиқатқа қол жеткізудің мүмкін екендігін көрсетті. Табиғатты тануда басты екі тәсілді ұсынды: резлютивтік – қарапайым бақылауға ғана емес, жоспарлы түрде қойылған тәжірибеге сүйену керектігі туралы аналитикалық әдіс; екіншісі – композитивтік – дедукциялық тізбекпен гипотетикалық болжамдарды талдау арқылы ақиқаттылықты тексеру.
Джордано Бруно Филиппо (1548-1600 жж.) - итальяндық материалист, философ, ақын. Сонымен қатар Еуропадағы құпия, әрі мистикалық ілім Каббалаға табынушы. Басты еңбектері: «Себептілік, бастама және біртұтастық туралы», «Әлемнің және заттардың шексіздігі туралы», «Ерлік интузиазмы туралы», «Біздің заманның философтары мен математиктеріне қарсы жүз алпыс тезис», «Монадо, сандар, фигура туралы» т.б.
Бруноның поэтикалық пантеизмі жаңа жаратылыстанулық ғылыми білімдерге, әсіресе, коперниктің гелиоцентрлік жүйесіне, эпикуреизм мен платонизмнің идеяларына сүйенілген еді. Шексіз әлем тұтастай алғанда, сол Құдайдың өзі болып табылады, ол барлық жерде ішінде де, үстінде де емес, бірақ қатысу арқылы бар. Универсум өзінің ішкі күштері арқылы қозғалады, жеке заттар өзгермелі және өзінің ұйымдасуына сәйкес келе отырып, мәңгі рухтың ырқында болады дей келе, ол табиғатты, материяны құдаймен теңестіреді (Заттардағы құдайлық). Барлық болмысты панпсихизм ретінде түсініп, гилозоизмге ойысады. Жер тірі тіршілік иесі ретінде күнді айнала қозғалады, планеталар да өз орбитасымен оны қоса айналып жүреді, сансыз өзге дүниелер де шексіз әлемге орналасып алып жануар сияқты болып тірі тіршілік иесі ретінде өмір сүреді деп мынадай ойларын дәйектейді: әлем өзінің барлық мүшелері арқылы жанданған. Әлемдік жан әмбебап интеллект, бүкілжалпы ақыл ретіндегі ажырамас қасиетті алып жүреді. Құдай ұғымы әлемдік жан ұғымымен сәйкестенеді. Жерлік және аспандық әлемдер біртектес, пайда болмайды және жойылмайды, олар әр түрлі бірігулердің сансыз көп түрлерін құрайды. Сансыз көп күндер өзінің орналастырып алған планеталарымен қоса өзінің орбитасынан айналып жүреді (өзге әлемдер де осы әлем сияқты мекен етуге болатындай). Әлем тұтастай алғанда, орталық, ол барлық жерде. Әлем – жерді қоса есептегенде, өмірдің әр түрлі формаларының орны. Философияның мақсаты христиандықтағы сенімдік-трансцендентті Құдайға жету емес, «Заттардағы Құдайды» тану болып табылады деген ойларын байыптайды.
Бруноның пікірінше, табиғаттан тыс ешқандай күш жоқ. Ол кеңістікте де, уақытта да шексіз, ал қозғалыс оның өмір сүру тәсілі. Табиғат өз заңдылығымен дамиды. Әлем – универсум (әмбебап бастама), жалғыз ғана мәнділік. Сондықтан ол мәңгі және өзгермейді.
Джордано Бруноның негізгі түсініктері әлем мен оның құрылымы турасындағы философиялық ойтолғамдарға тоғысты. Мәселен, бесінші сұхбатынан үзінді келтірер болсақ: «БЕСІНШІ СҰХБАТ. Теофил. Әлем біртұтас, қозғалмайтын, шексіз. Бірлік деп абсолютті мүмкіндікті, шындықты, форманы немесе жанды, материя немесе денені, заттарды, барлықты айтамын. .. Әлем өзінің шексіздігі арқылы ұлғаймайды және азаймайды. Оған ешнәрсені қосуға да, алуға да болмайды, себебі, шексіздіктің бөлшектері болмайды». Бұндағыәлемнің жалғыздығы мен бірлігі жөніндегі ұғымдар оның «бар» болып табылатындығын үстемелейді және тұрақтылығын аша түседі. Сондықтан ойшыл дүниенің универсумдық сипатын қуаттай отыра, болмыстың өмір сүруінің өзі оның бірлігі, тұтастығы арқылы қамтамасыз етілгендігін байыптайды. Әлемнің жойылмайтындығы, тұрақтылығы, қозғалмайтындығы – шынайы болмыстың мәнін аша түсетін тұжырым.
Бақылау сұрақтары:
1. Қайта өрлеу дәуірінің өзіндік белгілері, олардың философиялық ойларда
бейнеленуі.
2. Қайта өрлеу философиясының антропоцентризмі және гуманизмі. Пантеизм
және натурализм.
3. ХVІІ-ХVІІІ ғасыр философия ( Ф. Бэкон, Р. Декарт, Т. Гобс, Б. Спиноза, Дж.
Локк, Г. Лейбниц).
4. ХVІІІ ғ. ағартушылық кезеңдегі философиясы (Ж. Ламерти, Д. Дидро,
К. А. Гельвеций, П. Гольбах, Вольтер).
5. Француз материалистерінің діни көзқарастары.
6. Қайта өрлеудегі натурфилософия мен диалектика (Дж. Бруно, Н. Кузанский).
№5 дәріс.Жаңа замандағыэмпиризм мен рационализм
1.Ф.Бэконның ғылымдарды жіктеуі туралы. Ғылымдағы елестер және оны жеңудің жолдары.
2.Р.Декарт шығармашылығындағы таным мәселесі. Күдіктену қағидасы 3.Спиноза мен Лейбництің таным туралы ілімдері.
4.Дж. Локктың бірінші және екінші сапалары туралы.
Жаңа замандағы көрнекті ойшылдардың бірі – Бэкон (Bacon) Фрэнсис (1561-1626 жж.) – британ философы, тәжірибелі ғылым әдіснамасының негізін қалаушы, жаңа заманғы философиялық ойдың бастаушысы ретінде белгілі және эмпиризм бағытын ұстанушы. Негізгі шығармалары: «Ғылымның беделі мен өсімі», «Жаңа Органон...», «Жаңа Атлантида» т.б.
Ол орта ғасыр схоластикасын сынай отырып, бұл әлемге айтыс пен тартыстан басқа ешнәрсе алып келмегендігін көрсетеді. Оның жеміссіздігінің басты себептері: жаратылыстану саласына айтарлықтай көңіл бөлмегендігі, философияны діннің қызметшісі деңгейіне дейін төмендеткендігі екендігін атап өтіп, ғылыми білімді насихаттауға айтарлықтай үлес қосты.
Гносеологияда – танымның индуктивті әдісін қолдай отыра, ол дүниені тәжірибе арқылы ақиқатты тануды қолдауға қарай бағытталады. Заттар мен құбылыстар бір-біріне қатыссыз жеке дара өмір сүреді дей келе, тек силлогизмдерді қолдану арқылы дұрыс білімге жетуге, табиғат заңдарын тануға болмайды. Ақыл ұғымдары заттардан бөлінген, күмәнді, анықталмаған болып келеді. Силлогизм пікірден, пікір сөзден тұрады. Сөз заттардың символы мен белгісі.
Басты философиялық шығармасы –«Жаңа Органон немесе табиғатты түсіндірудегі ақиқат нұсқаулар» атты туындысында ол табиғатты зерттеудің дұрыс әдісін қалыптастыру мақсатын қояды. Бэкон табиғатты игеруде оның имманентті заңдарына бағына отырып, образының өңін айналдырмау қажеттігін ұсынады. Осы жолда адам көптеген кедергілерге, атап айтқанда, адасу түріндегі «елестерге» тап болып, олар ақиқатқа жақындай түсуге бөгет болады деп байыптаған болатын.
Табиғатты тану айтыспен емес, тәжірибемен шешіледі. Оны тануда адам санасына тән болып келетін түрлі елестер қателікке ұрындырады. Олар: 1) тектік елестері. Бүкіл адамдарға тән, адам ақылы мен сезімдерінің шектілігінен, өзінің табиғаты туралы түсініктерін заттарға араластырып жібереді. Олардан құтылу үшін сезім мүшелерінің көрсеткіштері мен қоршаған орта заттарын салыстыру керек, сөйтіп, олардың дұрыстығын тексеру қажет; 2) үңгір елестері. Жеке адамдарға байланысты. Әрбір адамның өзінің ішкі үңгірі, субъективті ішкі әлемі бар. Олар туа біткен қасиеттерінен, тәрбиелеуден, білімнен, біреуге көзсіз сенген беделден пайда болады; 3) Базар елестері. Сөздерді дұрыс қолданбаудан, базардағыдай әр түрлі мағына беретін сөздердің бір жерде қолдануынан болатын қателіктер. Бұл жеміссіз таласқа әкеледі, әрі табиғаттан алыстатады; 4) Театр елестері. Әлем туралы жалған елестер мен сынсыз философия жүйелерінен пайда болады. Бұл театрдағы жасанды әлем сияқты көрініс қалыптастырады деп тұжырымдаған.
Декарт Рене (1569-1650 жж.) – француз физигі, физиологы, математигі және философы, рационализм бағытының көрнекті өкілі. Негізгі шығармалары: «Әдістер жөніндегі пікір», «Философия бастамасы», «Метафизикалық толғаныстар» т.б. Ол механика, космогония салаларында біршама жетістіктерге жетті. Философияны екі саладан тұрады деп түсіндірді: материалистік физика (табиғат туралы), идеалистік метафизика (философиялық жеке өз жүйесі).
Таным теориясы мәселелеріне баса назар аударып, білімнің көзі мен оның ақиқаттылығының өлшемі ол сыртқы дүниеде емес, адамның ақылмен іздеуінде деп байыптап, танымның көзі – интеллектуальды интуиция екендігін дәйектейді. Бұл сезім мүшелерінің көрсеткіштері мен логикалық дәлелдерге сүйенбейді, әрі ақиқатқа тез жете алады деп интуицияның артықшылықтарына сүйенді. Интеллектуальді интуиция – материалды шындықтан таза ақылмен бөлінген нәрсе, ол жалпыға бірдей: ойлайды, өмір сүреді, таниды, мәселен, үшбұрыш үш сызықтан тұратындығын аңғарады т.б шындықтарды біледі. Бэконның таным теориясындағы индукцияға қарсы бірден-бір таным дедукция деп білді. Ол жалпыдан жекеге қарай жүретін логикалық тұжырым бола отырып, жеке ақиқатқа сәйкес келетін жалпы ұғымдардың интеллектуальді интуициясынан туындайды дей келе, нтуицияда ой қозғалысы жоқ, оған алғашқы, тікілей нақты жалпы қағидалар беріледі; дедукцияда ой қозғалысының процесі жүзеге асады. Интуициядан берілгендердің мазмұнын ашу дедукцияға жүктеледі деп пайымдайды.
Декарт білімдердің ақиқаттығына күдіктеніп, танымның басты екі мақсатын көрсетті: 1) қағидалардың, метафизиканың шығу көзін табу; 2) фантастикалық елестерден қашу, жалған ұғымдардан құтылу, схоластикадан арылу. Ғылым жолын осылай тазалау керек деп ой түйді.
Өзінің кейіннен философия тарихына әйгілі болған: «Ойлаймын, демек өмір сүремін» тезисін ұсынды. Бұл интеллектуальдік интуицияның құнды өнімі, сондықтан әлем туралы барлық білімдерді дедуктивтік әдіспен бұдан шығаруға болатындығын дәйектейді. Ойшылдың идеялары бұл салада әрі қарай күрделене түседі, мәселен, «Метафизикалық толғаныстарында» Декарт: «Әлдеқандай күш бар, қандай екенін білмеймін, бірақ зұлым ниетті, мені алдау үшін бәрін пайдаланатын. Егер ол мені алдайтын болса, менің өмір сүретіндігімде ешқандай күмән жоқ; қаншалықты қажет етеді, мені соншалықты алдай берсін, - мен ойлайтын болып тұрғанда ол мені ештеңеге айналдыра алмайды.
Спиноза Бенедикт (Барух) (1632 —1677 жж.) – Нидерланд философы, материалист, пантеист. Негізгі шығармалары: «Саяси-діни трактат», «Этика» т.б. Ол әлем мәңгі, біртұтас, бөлінбейтін табиғат және ол екі түрлі формада сақталады: материалды, рухани деген прікірлерін негізге ала отырып, механикалық-математикалық әдіснаманы ұстанып, әлемнің тұтас бейнесін жасауға ұмтылды, пантеизм дәстүрін қолдады: табиғат пен құдай бір нәрсе, олар мәңгі, біртұтас, шексіз субстанция, басқа бастама болмайды, тек себептердің себебі, ең түпкі себеп болып табылатын, өз себебі өзіндегі түпнегіз (causa sui) ғана бастапқы. Субстанияның атрибуттары бар екендігіне назар аударып, оларды шексіз деп түсіндірді, адамдық ақылға оның тек басты екі атрибуты ғана танылады — жайылу (кеңістік) және ойлау. Ойлау –табиғаттың атрибуты, материя атрибуты сияқты ешқашан пайда болмайды, жойылмайды, ол тастан адамға дейінгінің бәріне тән материяның мәңгі қасиеті, демек, барлық материя ойлайды деп гилозоистік ұстанымды қуаттады. Спиноза нақты субстанция қалпын модустар деп көрсетті. Ол модустарды екіге бөлді: мәңгілік модусы, шексіздік модусы және уақытшалық, шектілік модустары. Алғашқы субстанция атрибутына (ұзындыққа) сәйкес келетін: қозғалыс пен таным, ал ойлау атрибутына: интеллект мен ерік, екінші модусқа – жеке заттар және жеке ойлар мен тілектер енеді деді.
Ол қозғалыс материалды субстанцияның өз мәнінен шығады. Қозғалыс субстанция «негізінде» бар, бірақ ол жеке заттардан ғана байқалады, ал субстанцияның өзі уақыттан, қозғалыстан, өзгерістен тыс мәңгі. «Мәңгілікте ешқандай да: қашан жоқ, алдымен де, соңымен де жоқ» екендігі туралы көзқарастарын ұсынды да, субстанцияның өзі уақыттан тыс, қозғалмайтын нәрсе болғандықтан, өзгермейтін субстанция мен өзгермейтін заттар байланысын көрсетті.
Жаңа замандағы көрнекті ойшылдардың бірі – ЛейбницГотфрид Вильгельм (1646-1716 жж.) неміс философы, математик, физик, тарихшы, заңгер, тілші. Негізгі философиялық шығармалары: «Метафизика туралы ойтолғамдар» (1685), «Табиғаттың жаңа жүйесі» (1695), «Теодицея» (1710), «Монадология» т.б. Лейбниц рационалдылыққа бағдарланған 17 ғасырдағы философияны аяқтаушы ретінде бағаланып, айрықша, синтетикалық философияны ұсынады. Математика саласында – дифференциалды есептеуді; физика саласында – энергияның сақталу заңын ашып, геологиялық, биологиялық, тарихи зерттеулер жүргізді. Метафизиканың теология мен математикаға қарағанда дербестігін тұжырымдап, философтардың тұжырымдарынан «негізделгендік» пен «ғылымилықты» талап етеді. Оның негізгі бағыттары: механикалық материализм, рационалистік әдіс, құдай мен субстанция туралы ілімге келіп тоғысады. Лейбницте материя субстанция емес, ол қарпайым және ұзаққа созылып жатыр, субстания – бөлінбейтін, руханилық және бүкіл әлемді құрайтын, шексіз, ұмтылушылыққа ие болатын, бірақ бір-бірімен әрекеттеспейтін, алдын-ала жарасымдылыққа негізделген «монадолар» болып табылады. Ал білімнің айқындығы, қайшылықсыздығы ақиқаттың шынайы өлшемі, бұны тексеру үшін логиканың заңдары жеткілікті және айғақтың ақиқатын тексеру үшін «жеткілікті негіздеме» заңы болуы керектігін ұсынды да, логиканы дамыта отырып, матемематикалық логиканың қалыптауына ықпал етті. Сөйтіп, ойлауды формальдандыратын әмбебап тіл жасауды қолдады.
Бақылау сұрақтары:
1. Жаңа заман философиясында таным методологиясы неге өзекті болды?
2. Танымның индуктивті және дедуктивті әдістерінің ерекшелігін ашыңыз.
3. Жаңа замандағы философияның негізгі бағыттарын атаңыз.
4. Жаңа заман философиясындағы негізгі субьективтік идеализм өкілдері (Д. Юм, Д. Беркли).
№6 дәріс.Нем