Тест сауалдары

1. методология – бұл

А. ғылыми зерттеу жолдары, таным тәсілдері туралы ілім;

В. ғылымның әдістемесі;

С. тарихты оқыту әдістемесі;

Д. зерттеудің механизмі туралы ілім;

Е. тарихи оқиғалар мен үдерістерді зерттеу.

 

2.Тарихнамадағы ғылыми әдістер – бұл

А.теория мен методология арқылы зерттеу тәсілдері;

В. тарихнамашының танымдық қызметіндегі тарихи білімнің шынайылығына жетудегі саналы тәсілдер мен жолдар;

С. таринамадағы танымдық үдеріс;

Д. ғылыми дүниетанымдық жолдар;

Е. ғылыми жұмысты жүргізуде тарихнамашының ұстанатын тәсілдері.

 

3. Тарихнама - бұл

А. тарихи оқиғалар мен үдерістерді зерттейтін ғылым саласы;

В. тарихи деректерді оқып-үйренетін ғылым саласы;

С. тарих ғылымының тарихын зерттейтін ғылым саласы;

Д. тарихи тұжырымдамаларды талдайтын ғылым саласы;

Е. тарихтың методологиясын талдайтын ғылым саласы.

 

4. Тарихнама зерттеудің неше аспектсін иеленеді

А. 3;

В. 4;

С. 2;

Д. 6;

Е. 5.

 

5. Тарихнама ғылымның мақсаты -

А. тарихнамалық фактлерді жинап, оларға талдау жасау;

В. тарихнамалық деректерді жинақтап, жүйелеу;

С. белгілі бір ғылыми мәселенің зерттелу деңгейін анықтап, тарихнамалық деректердің мән-мазмұнын, зерттелу бағыттары мен үрдістерін айқындау, объективті түрде зерттелмеген тұстарын тану;

Д. тарихнамалық деректерді саяси-әлеуметтік жүйелер мен идеологияларға тәуелділігін анықтау;

Е. тарихнамалық фактлердің тарихи оқиғалар мен үдерістерді зерттеуінің деңгейін сараптау, ұтымды тұстары мен олқылықтарын айқындау.

 

6. Тарихнама ғылымының жалпыметодологиялық зерттеу принциптері

А. тарихилық, объективтілік, әлеуметтік;

В. жүйелілік, партиялық, тарихнамалық;

С. біртұтастық, танымдық, өркениеттілік;

Д. таптық, партиялық, саяси;

Е. тарихилық, өркениеттілік, жүйелілік.

 

7.Кеңестік кезеңдегі қазақстандық тарихнамашы ғалымдар:

А. Г.Ф.Дахшлейгер, Д.И.Дулатова;

В. К.Нұрпейіс, Б.А.Төлепбаев;

С. Ә.Б.Тұрсынбаев, Е.Бекмаханов;

Д. Х.Маданов, Б.Сүлейменов;

Е. Б.Е.Көмеков, Ә.Х.Марғұлан.

 

8.Тарихнамалық факт – бұл

А. тарихи оқиғалар мен үдерістерден ақпарат беретін мәлімет;

В. тарихи білімдер туралы ақпарат беретін мәлімет;

С. тарихи дәуірлерден хабар беретін мәлімет;

Д.статистикалық мәліметтердің жиынтығы;

Е. археологиялық жәдігерлер туралы мәлімет.

 

9.Тарихнамалық фактнің болмысын анағұрлым дәл көрсетіп берген ғалым

А. Е.М.Жуков;

В. А.С. Лаппо-Данилевский;

С. А.Е. Топольский;

Д. А.М.Сахаорв;

Е. М.В.Нечкина.

 

10. «... тарихнамалық дерек ұғымына бойында тарих ғылымының тарихы бойынша мәлімет жинақтаған кез келген тарихи деректі жатқызуға болады» деген пікірдің авторы -

А. И.Д. Ковальченко;

В. М.А.Варшавчик;

С. С.О.Шмидт;

Д. Е.Н.Городецкий;

Е. Л.Н.Пушкарев.

 

11. Тарихнамалық деректану- бұл

А. тарихи деректерді сыннан өткізу туралы ережелер жүйесі;

В. деректерді ғылыми талдаудан өткізу туралы тұжырымдама;

С. тарихнамада қолданылатын деректерді іздеп табудың заңдылықтары, оларды өңдеу және пайдалану туралы білім жүйесі;

Д. тарихи деректерді ғылыми айналымға түсіру туралы білім;

Е. тарихнамалық деректерді талдау жүйесі.

 

12. Тарихнамалық деректер -

А. тарихнама пәні бойынша анықталатын және тарих ғылымындағы үрдістер туралы, оның жай-күйінен ақпарат беретін тарихи деректер;

В. тарихи оқиғалар мен үдерістерден мәлімет беретін деректер;

С. тарихи деректердің типі;

Д. тарихнама пәнінен мәлімет беретін деректер;

Е. тарихнамалық заңдылықтар туралы мәлімет беретін деректер.

 

13. Тарихнамалық деректерді зерттеуге сүбелі үлес қосқан ғалым -

А. С.О.Шмидт;

В. М.В.Нечкина;

С. Н.Н.Маслов;

Д. М.А.Варшавчик;

Е. В.П.Наумов.

 

14. Басты тарихнамалық деректер -

А. тарихшының еңбектері;

В. мұрағат құжаттары;

С. ауызша тарих айту деректері;

Д. мерзімді басылым және статистикалық материалдар;

Е. археологиялық жәдігерлер.

 

15. Тарихнаманың функциялары:

А. методологиялық, әдістемелік, талдау;

В. жүйелеу, бағалау, болжау;

С. синтездеу, танымдық, методологиялық;

Д. танымдық, теориялық-методологиялық, болжамдық;

Е. әдістемелік, болжамдық, сараптамалық.

 

16. Тарихнамалық зерттеудің мақсаты -

А. жаңа теориялық ұстанымдарды орнықтыру;

В. тарих ғылымының даму заңдылықтары мен үрдістерін айқындау;

С. тарихи ғылыми тұжырмдар қалыптастыру;

Д. ғылымның методологиясын жетілдіру;

Е. тарихи ой мен тарихи білімді дамыту.

 

17. «...үштік бірліктегі тарихнамалық мәселе» -

А. тарихнамалық мерзімдеме;

В. тарихнамалық талдау;

С. тарихнамалық кіріспе;

Д. тарихнамалық зерттеу;

Е. тарихнамалық қорытынды.

 

18. Тарихнамалық зерттеудің фактлік бөлім нелерден тұрады?

А. тарих ғылымы дамуының заңдылықтарын тануға негізделген деректер мен фактлерді талдаудан тұрады;

В. тарихи деректерді талдаудан тұрады;

С. тарихнамалық фактлермен танысудан тұрады;

Д. ғылымның методологиялық ұстанымдарын көрсетуден тұрады;

Е. тақырыптың библиографиясын оқып-үйренуден тұрады.

 

19.Тарихнамалық зерттеудің талдау-синтездеу бөлімінде қандай мәселелер зерттеледі?

А. тарихи деректердің шынайылығы талданады;

В. тарихи деректер өзара салыстырылады;

С. ұқсас фактлер синтезделеді;

Д. тарихи деректер жүйеленеді;

Е. тарихшылардың деректермен жұмыс істеуі, оларды қорыту тәсілдері, әлеуметтік эксперимент жасауы зерттеледі.

 

20. Тарихнамашы тарихнамалық деректер мен фактлерді сынауда нені естен шығармауы тиіс?

А. ғылыми позицияны;

В. тарихи танымды;

С. ғылыми сын айтудың этикасын;

Д. ғылымның заңдылықтарын;

Е. ғылымның методологиясын.

 

21. Тарихнамалық зерттеудің түрлері:

А. мерзімдемелік, тақырыптық, проблемалық, биографиялық;

В. дербес, біртұтас, аяқталған;

С. диссертация, монография, ғылыми мақала;

Д. ғылыми есеп, библиография, монография;

Е. тарихшының еңбектері.

 

22. Тарихшының ғылыми шығармашылығы мен зертханасына қандай тарихнмалық зерттеуде назар аударылады?

А. мерзімдемелік түрдегі зерттеуде;

В. проблемалық түрдегі зерттеуде;

С. биографиялық түрдегі зерттеуде;

Д. тақырыптық түрдегі зерттеуде;

Е. ғылыми түрдегі зерттеуде.

 

23. Тәуелсіз Қазақстан кезеңінде тарихнамалық зерттеулердің көбінесе қандай түрлері дайындалды?

А. биографиялық;

В.тақырыптық;

С. проблемалық;

Д. мерзімдемелік;

Е. мерзімдемелік – проблемалық.

 

 

24.Отандық тарихнама ғылымында тәуелсіздік жылдары Қазақстан тарихы мәселелерін шетелдік тарихнама бойынша зерттеген ғалымдар:

А. Л.К.Есмағамбетов, Қ.Атабаев;

В. Т.Омарбеков, М.Қойгелдиев;

С. Қ.Р.Несіпбаева, Р.М.Таштемханова, Х.А.Сутеева;

Д. О.Х.Мұхатова, Т.Ә.Төлебаев, Г.М.Кәкенова;

Е. М.Х.Әбусейітова, С.Ф.Мажитов.

 

25.Кеңестік тарихнамада әлеуметтік принцип неге негізделді?

А. тап күресіне;

В кеңестік идеологияға;

С. тоталитарлық жүйеге;

Д. партиялық номенклатураға;

Е. Пролетарлық интернационализмге.

 

26. Қазақстанда тарихнама ғылымы қашан қалыптасты?

А. кеңестік кезеңде;

В. тәуелсіздік жылдары;

С. орта ғасырларда;

Д. ежелгі дәуірде;

Е. жаңа заманда.

 

27. «Тарих - адам қызметінің жемісі» методологиялық ұстанымының авторы -

А. М.Қозыбаев;

В. Т.Омарбеков;

С. М.Қойгелдиев;

Д. К.Нұрпейіс;

Е. Ж.Қасымбаев.

 

28. Тарихнамалық заңдылық қай кезде орнатылады?

А. ғылыми ой дамуының түрлі кезеңдеріндегі қозғалыс процесін көрсететін тарихи шығармашылықты талдау нәтижесінде орнатылады;

В. тарихнамалық деректерді жүйелеу нәтижесінде орнатылады;

С. тарихнамалық фактлерді салыстыру барысында орнатылады;

Д. тарихнамалық библиография құрастыру нәтижесінде орнатылады;

Е. тарихнамалық тұжырым жасау негізінде орнатылады.

 

29. Тарихнамалық фактлердің барлығы дерлік талдауға қажет пе?

А. иә;

В. жоқ;

С. барлығы бірдей емес;

Д. жартысы;

Е. көпшілігі.

 

 

30. Тарихнаманың пәні -

А. тарихнамалық деректерді тану;

В. тарихи деректерді тану;

С. тарихи үрдістердің алмасуын тану;

Д. тарихи білімнің пайда болуы мен дамуының заңдылықтарын тану;

Е. тарихи оқиғалар мен үдерістердің дамуын тану.

 

 

Қосымша

Тарихнамалық кестелер

Кесте

Зерттеуші - тарихшы Еңбегінің атауы Негізгі мазмұны
1. Ә. Бөкейханов Қырғыз өлкесінің тарихи тағдырлары және оның мәдени жетістіктері; Қырғыздар (Қазақтар) Ежелгі дәуірден ХХ ғасырдың бас кезіне дейінгі қазақ тарихы, қола, темір дәуірлеріндегі Қазақстан аумағындағы ескерткіштер, алғашқы тайпалар, түркі дәуіріндегі ұлыстар, Қазақ хандығы, Ресей бодан- дығындағы кезең, орыс шаруларының қоныс ау- даруы, т.б. мәселелер қарас- тырылған.
2. А. Байтұрсынов Ақ жол; Революция және қырғыздар Қазақ халқының тәуел- сіздігінен айырылуының себептері, Қазан төңкері- сінің мәні ашылады.
3. Ш. Құдайбердіұлы Түрік, қазақ һәм хандар шежіресі Түркі, қазақ ру-тайпа ларының, хандарының шежірелері көрсетіледі.
4. М. Тынышпаев Қазақ халқының тарихына қатысты материалдар; Ұлы қасірет Түркі дәуірі, Шыңғыс хан кезеңі, Қазақ хандығы кезеңдеріндегі Қазақстан тарихының өзекті мәсе- лелері, «Ақтабан шұбыр- ынды, Алқа көл сұлама» жылдарындағы қазақ халқы- ның қасіретті жағдайы, жоңғар жаулап алушы- ларына қарсы азаттық күресі баяндалады.
5. Ж. Ақпаев Қазақ халқының шығу тегі туралы Түркі тайпаларының бас- тапқы отаны, қазақ ру-тайпаларының құрылымы, халықтың қалыптасу мә- селелері, «қазақ» сөзінің мәні мен мазмұны туралы айтылған.

 

Кесте

Қазақстанға орыс шаруларын қоныстандыру тарихының кезеңдері

р/c Автор Еңбектің атауы Кезеңдері
1. Т..Шонанұлы Жер тағдыры - ел тағдыры 1.орысқа бағынғаннан бастап ХІХ-ғасырдың 80-жылдарына дейін.Бұл атты казактардың пайдасына, әскерлік кісілердің пайдасына деп жер алу дәуірі; 2.80-жылдардың аяғынан, 90-жылдардан бастап бері қарай Николай құлағанға шейін қара шекпенділер үшін жер алу дәуірі.
2. Ә.Б.Тұрсынбаев Из истории крестьян- ского переселения в Казахстане. 1.Сібір темір жолын салуға дейінгі Қазақстанға қоныс аудару қозғалысы. 2.Сібір темір жолы комитетін құрғаннан кейінгі қоныстандыру қозғалысы; 3.Столыпиндік реакция кезеңіндегі қоныстандыру қозғалысы.
3. П.Г.Галузо Аграрные отношения на юге Казахстана 1871-1914гг. П.Г.Галузо қоныстандыру саясат- ындағы кезеңдерді емес екі сатыны көрсетеді. Олар: 1-саты ХІХ ғасыр, шаруалар қонытандырылуының стратегиялық және әскери саяси мақсаттарда жүргізілуі; 2-саты ХІХ ғасыр - Ресейдегі шаруалар бас көтерулерінің өсуіне байланысты қоныстандырылудың қарқынды жүргізілуі.
4. Р.М.Таштемханова Переселенческая деревня и ее взаимосвязи с казахским аулом во второй половине ХІХ - начале ХХ веков.( на материалах Семипалатинской области) 1.1871-1895 жж. Бұл патша үкіметінің қоныстандыруға қайсыбір деңгейдегі негативтік қатынастар уақыты; 2.1895-1905жж. Шаруалар қозғалысының өсуіне және еркін шаруалар қоныстануына байланысты, сондай-ақ патша үкіметінің қоныстануға тиым салу саясатынан оны марапаттау мен ресми қолдау саясатына өтуге мәжбүр болуы; 3.1906-1917 жж.- патша үкіметінің 1905- 1907-жылдардағы буржуазиялық демократиялық революцияның жеңілуінен кейін шиеленіскен аграрлық қайшылықтарды қалайда шешуге тырысуымен және шаруаларды европалық Ресейден шет аймақтарға жаппай жер аудару, столыпиндік жер реформасын іс жүзіне асырумен сипатталады.
5. Ғ.А.Меңілбаев Қоныс аударушылар мекендері мен қазақ ауылдары арасын- дағы қарым-қатынас- тардың өзекті мәселелері (1867-1914ж.ж.) 1.1867-1897 ж.ж. 2. 1897-1905 ж.ж. 3.1906-1911 ж.ж. 4.1910ж желтоқсан-1917 ж.
6. О.Х.Мұхатова ХІХ-ХХ ғасырлар- дағы Қазақстан тарихнамасы 1.1861-1890 ж.ж.- Ресей шаруаларының еркін түрде қазақ даласына көшіп келе бастауы; 2.1891-1905 ж.ж.-қоныстандырудың «заңды» түрде жүруі; 3.1906-1917 ж.ж.- қоныстандырудың бұрын соңды болмаған деңгейде күшеюі.

 

 

Зерттеушілерге тарихнамалық талдау жүргізу үлгілерінің бірі ретінде мына төмендегі мәселенің зерттелуін ұсынамыз.

 

 

Қазақстанға орыс шаруаларын қоныстандырудың

және жер мәселесінің зерттелуі

 

Ресей империясының отарлау саясатының күшеюіне байланысты қазақ жерлеріне қарашекпенділердің жылдам қарқынмен қоныс аударуы, оның мәні мен мақсаты ХІХ-ғасырдың соңынан бастап зиялы қауым өкілдерін, зерттеушілер назарын өзіне аударды. Ресейлік буржуазиялық және демократиялық тарихнамасында қоныстандыруға айтарлықтай көңіл бөлінді. Алайда ол ХХ-ғасырдың бас кезінде өмір сүрген ұлыдержавалық шовинизм шеңберінен шыға алмады.

Патша үкіметінің қоныстандыру саясатына, соның салдарынан туындаған жер мәселесі ХХ-ғасырдың басындағы қазақ қоға-мының күрделі әрі шешімін табуға ұмтылған даулы мәселесіне айналды. Осыған орай “Қазақ” газеті мен “Айқап” журналының беттерінде түрлі ой-пікірлер, көзқарастар білдірген еңбектер жарияланды.

Қазақстанның тарих ғылымында кеңестік дәуірде патша үкіметінің қоныстандыру саясатын арнайы зерттеген бірқатар еңбектер жазылып, жарияланды. Әйтсе де аталмыш мәселе тарихнамасы маркстік-лениндік методология негізінде қарастырылып, коммунистік идеологияның қыспағында қалды. Сондықтан шынайы, кең ауқымды тарихнаманы қалыптастыру мүмкін болмады. Соңғы жылдары қоныс аудару тарихының өзекті мәселелерін жаңа тарихи таным мен методология тұрғысынан саралауда көптеген зерттеулер жарияланды. Олар бұрмаланған оқиғалардың ақиқатын анықтап, тарихи шындықты қалпына келтіруде аса маңызды роль атқарды. Қоныстандыру мен жер мәселесі кеңестік дәуір мен тәуелсіз Қазақстан кезеңінде жан-жақты зерттелгенімен қазақстандық тарих ғылымында мәселені тарихнамалық тұрғыда қарастыратын еңбектер жоқтың қасы. Тек П.Г. Галузоның “Очерк советской историографии аграрных отношений в Казахстане в период капитализма” атты еңбегін атауға болады. Онда негізінен патша өкіметі әскери-феодалдық империализм ретінде қарастырылып, шаруа-келімсектердің жаңа өлке - Қазақстанда феодалдық қанаудың объектісіне айналғандығын көрсетеді. Тарихнамалық зерттеу болғандықтан қазан төңкерісіне дейінгі ресейлік тарихи еңбектер талданып, оларға баға беріледі. Сонымен қатар әскери-феодалдық империализм мәселесінің Б.Сүлейменов, Е.Бекмаханов, Ә. Тұрсынбаев т.б. еңбектерінде көріну деңгейін ашады [1]. Еңбектің біз қарастырып отырған мәселе үшін маңызы ерекше. Алайда П.Г. Галузо аталған еңбегінде қоныстандыру мәселесінің кезеңдерін көрсетпейді. Әйтсе де талдау жасалынып отырған проблеманың кезеңдері бойынша қазақстандық ғылымда пікір айтқан зерттеушілер жоқ емес. Алайда патша үкіметінің қоныстандыру саясаты тарихын кезеңдерге бөлуде әрбір тарихшының өзіндік пікірінің бар екендігін айтуымыз керек.

Ең алдымен бұл мәселеге пікір айтқан 1937 жылы жазықсыз жазаның құрбаны болған қазақ халқының көрнекті ғалымы Телжан Шонанұлы сонау 1920 жылдары назар аударған. Т.Шонанұлы өзінің 1923 жылы жазылып, 1926 жылы “Қазақ жер мәселесі тарихы” деген атпен Ташкент қаласында жарық көрген еңбегінде тұңғыш рет отарлау, қоныстандыру тарихының кезеңдерін ашып көрсетеді. Ғалым өз ой-пікірін ашық жаза отырып былай дейді: “Қазақ орыстың қол астына 1732 жылдан бері қарай кіре бастаған. Сол жылдардан бастап-ақ патшашыл үкімет қазақ жерін отарға айналдыру, қазақ даласын талау тарихын екі дәуірге бөлуге тура келеді: 1) орысқа бағынғаннан бастап ХІХ-ғасырдың 80-жылдарының басына дейін. Бұл атты казактардың пайдасына, әскерлік кісілердің пайдасына деп жер алу дәуірі; 2) 80-жылдардың аяғынан, 90-жылдардан бастап бері қарай Николай құлағанға шейін қара шекпенділер үшін жер алу дәуірі” [2].

Мұнан кейін қоныстандыру саясатының кезеңдері Қазақстандағы тарих ғылымының негізін қалаушылардың бірі С.Ж. Асфендияровтың “Қазақстан тарихында” көрсетілді. Патша үкіметінің қоныстандыру саясатын жан-жақты зерттей келе, ғалым оны мынадай үш кезеңге бөледі: 1) әскери отарлау кезеңі; 2) қара шаруаны отарлау кезеңі: 3) 1905 жылғы революциядан кейінгі переселен саясаты[3]. Автор өз пікірін мынадай ой-тұжырыммен түйіндейді: “… Ресейде капитализм өркендеген сайын өкімет қоныстану саясатын күшейте бастады. 1891 жылы Еділ өлкесінде болған ашаршылық және терістік Қазақстанның жерін басып өтетін Сібір темір жолының салынуы патша өкіметінің қоныстану саясатын күшейте жүргізуіне үлкен жағдай туғызды [3.70б]. Үшінші кезеңінің 1905-07 жылдардағы революциядан кейін басталатынын: “Қазақстанға қоныс аударушылардың келуі, әсіресе 1905 жылғы революциядан кейін күшейді. Патша өкіметі қара шаруаны сыртқа көбірек жіберіп, орталық Ресейдегі жер дағдарысынан құтылмақ болды”, - деп, дәлелдейді [3.71б]. Сөйтіп, С.Асфендияров өз ой-пікірін патшалық Ресейдегі ірі саяси-экономикалық проблемалармен тығыз байланыста көрсете отырып, қоныс аудару процесінің анағұрлым күшейген уақыттарына баса назар аударады. Автордың көрсеткен әсіресе екінші, үшінші кезеңдері қоныстандыру саясаты тарихының түбегейлі мәселелерін ашуға көмектеседі. Сондай-ақ отандық тарихнамада Қазақстанға ресейлік шаруаларды қоныстандырудың кезеңдерін анықтап, нақтыландыруға септігін тигізеді.

Кеңес дәуірі кезінде қоныстандыру мәселесі қазақстандық тарихшылар назарында болғаны белгілі. Бірқатар тарихи мәнді зерттеулер жарық көрген. Солардың бірі - Ә.Б. Тұрсынбаевтың еңбегі [4]. Тарихшы-ғалым өз монографиясында қоныстандыру саясатының кезеңдерін бір жерде жинақтап көрсетпесе де, оның мақсатын, сипатын, себептерін, жүруін шартты түрде кезеңдерге бөлу арқылы көрсетеді. Мәселен, автор осы тұрғыда еңбегінің бірнеше бөлімдерін атай отырып, оларды былайша пайымдайды: 1) Сібір темір жолын салуға дейінгі Қазақстанға қоныс аудару қозғалысы; 2) Сібір темір жолы комитетін құрғаннан кейінгі қоныстандыру қозғалысы; 3) Столыпиндік реакция кезеңіндегі қоныстандыру қозғалысы [4.23б]. Ә.Тұрсынбаевтың осындай пікірі кеңестік дәуірдегі Қазақстан тарихында қалыптасқан кезеңдердің негізін құрайды.

Ресейдің отарлық жүйесіне толық бағындырылған Қазақстанға орыс шаруаларының қоныс аудару тарихы әкімшіл-әміршіл билік кезеңіндегі тарих ғылымында негізінен үш кезеңге бөлініп зерттелген. Қазақстандық зерттеушілер қарашекпенділердің қазақ даласына қоныс аударуының басталуын нақты жылдармен белгілемесе де оның ХІХ-ғасырдың аяғында қарқынды түрде жүргізіліп, ХХ-ғасырдың бас кезінде “заңды құбылысқа” айналғандығын баса көрсетеді. Осы тұрғыдан келгенде кеңестік қазақстандық тарих ғылымына өзіндік үлес қосқан Ә.Тұрсынбаевтың пікірі айтылған ойға дәлел болады.

Патшалық Ресейдің қазақ жерлерін отарлауы, қарашек-пенділердің қоныс аударуы, ХІХ-ғасырдың екінші жартысы ХХ-ғасырдың бас кезіндегі Қазақстандағы аграрлық қатынастар мәселелерін егжей-тегжейлі зерттеп, бірқатар еңбектер жарияланған тарихшы-ғалым – П.Г.Галузо қоныстандыру саясатындағы 2 сатыны белгілейді: 1-саты – ХІХ-ғасыр, шаруалар қоныстандырылуының стратегиялық және әскери-саяси мақсаттарда жүргізілуі; 2-саты – ХІХ-ғасыр – Ресейдегі шаруалар бас көтерулерінің өсуімен байланысты [5]. П.Г.Галузо өз кезеңдерін қоныстындыру саясатының мақсаты мен себептеріне қарай бөледі. Бұл жерден автор пікірінің қайталанбас ерекшеліктеріне көз жеткізуге болады.

1990 жылдары Қазақстан тарихының кейбір кезеңдерін мұқият зерттеп, қалыптасқан танымды өзгертіп, қайта қарау заңды құбылысқа айналды. Себебі республиканың егемендік алуына байланысты тарихи оқиғаларды, соның ішінде патшалық Ресейдің Қазақстанды отарлауы мәселелерін жаңа тарихи таным бағытында шынайы, тың деректер негізінде қайта зерттеп, зерделеу мүмкіндігі туды. Осы бағытта жазылған бірқатар зерттеулердің ішінде өзіндік көзқарасы бар Р.М.Таштемханованың кандидаттық диссертациясында қоныстандыру мәселесі Семей облысының мысалында қарастырылады. Автор өз еңбегінде қоныстандыру саясатына “үкіметтік шаруалық отарлауы” деп айдар таға отырып, оны үш үлкен кезеңге бөлуге болады деп жазады: “1) 1871-1895 жылдар. Бұл патша үкіметінің қоныстандыруға қайсыбір деңгейдегі негативтік қатынастар уақыты; 2) 1895-1905 жылдар. Шаруалар қозғалысының өсуіне және еркін шаруалар қоныстануына байланысты, сондай-ақ патша үкіметінің қоныстануға тиым салу саясатынан оны марапаттау мен ресми қолдау саясатына өтуге мәжбүр болуы; 3) 1906-1917 жылдар – патша үкіметінің 1905-07- жылдардағы буржуазиялық-демократиялық революцияның жеңілуінен кейін шиеленіскен аграрлық қайшылықтарды қалайда шешуге тырысумен және шаруаларды европалық Ресейден шет аймақтарға жаппай жер аудару, столыпиндік жер реформасын іс-жүзіне асырумен сипатталады”[6]. Алайда автор мұндай кезеңдерге бөлуді шартты түрдегі бөлу екендігін ескертеді. Автордың қоныстандыруды кезеңдерге бөлуде сол кездегі Семей облысының саяси-экономикалық ерекшеліктерін ескергендігі байқалады. Р.М. Таштемханованың пікірі – жоғарыда көрсетілген Ә.Тұрсынбаев кезеңдеріне жақын. Тек Р.М.Таштемханова пікірінің ерекшелігі сол, автор кезеңдерді нақты жылдармен шектейді. Осылайша аталған зерттеушілердің барлығының да анықтаған кезеңдері бір-біріне ұқсас, әрі пікірлері шындыққа жақын. Себебі орыс шаруаларының қазақ даласына қоныс аударуы Ресейдегі 1861 жылғы басыбайлық құқықты жою реформасынан басталып, ХІХғ. 90-жылдары үкімет тарапынан қолдау тауып, 1905-07-жылдардағы революциядан кейін жаппай саяси-әлеуметтік сипат алды.

Ізденуші Р.М.Таштемханованың пікіріне мүлде ұқсамайтын кезеңдерді Ғ.Меңілбаев өз кандидаттық диссертациясында көрсетеді. Ғ.Меңілбаев: “қоныс аударуды шамамен төрт кезеңге бөліп қарастыруға болатын секілді”, - дейді [7]. Сөйтіп автор мынадай кезеңдерді ашып көрсетеді: 1-ші кезең (1867-1897ж.ж.). 2-ші кезең (1897-1905ж.ж.). 3-ші кезеңді автор 1906-11 жылдармен шектейді. 4-ші кезеңді Ғ.Меңілбаев 1910 жылғы 10 желтоқсаннан бастап 1917 жылмен аяқтайды [7.42б]. Ғ.Меңілбаевтің анықтаған кезеңдерін аталған тарихшылар пікіріне балама көзқарас ретінде санауға да болады. Әйтсе де біздің пікірімізше тарихи оқиғалар мен процестерді кезеңдерге бөлуде ғылымда ортақ пікірдің қалыптасуы – тарихты зерттеу мен оқып-үйренуге қолайлы.

Осылайша патша үкіметінің Қазақстандағы қоныстандыру саясаты тарихын кезеңдерге бөлуде ортақ пікірдің жоқтығына көз жеткіздік. Қазақстандық тарихнамада ортақ пікірдің болмауында өзіндік себептер де жоқ емес: біріншіден, қоныстандыру соңғы уақыттарға дейін патша өкіметінің отарлау саясатының астарында қалып келді. Сондықтан оны кезеңдерге бөлу көбінесе отарлау сясатының кезеңдерімен тығыз байланыста көрсетілді. Бірқатар тарихшы-ғалымдар қоныстандыруды кезеңдерге бөлуді қажет деп санамады. Осыған орай көбінесе тек отарлаудың кезеңдері ғана ашып көрсетілді. Екіншіден, тарихтың көптеген мәселелерін қайта қарауда қоныстандыруға үлкен мән беріліп, оның барлық қырларын зерттеу барысында өзіне тән кезеңдері ашып көрсетілуде. Тағы бір ескеретін жайт, зерттеушілер қоныстандыруды Қазақстанның әртүрлі аймақтары мысалында зерттегендіктен кезеңдері де түрлі болып көрсетілуде. Себебі орыс шаруаларының Қазақстан территориясына көшіп келу уақытында айырмашылықтары болғандығы белгілі. Мәселен, ең алдымен келімсектер Ақмола облысына, одан кейін Жетісу, Семей, Торғай-Орал, Сырдария жерлеріне жаппай орналаса бастаған.

Жоғарыда аталған ғалым-тарихшылардың қоныстандыру саясатына байланысты еңбектерін бағалайтынымызды, алайда көрсеткен кезеңдерімен келісе алмайтындығымызды айтамыз. Себебі тарихшы-зерттеушілердің барлығы қоныс аудару кезеңдерін негізінен 1870-жылдардың бас кезінен бастап, 1917 жылмен аяқтайды. Оның үстіне С.Асфендияров, Ә.Тұрсынбаев, Р.Таштемханова оның 3 кезеңін көрсетсе, П.Г.Галузо екі этапқа, Ғ.Меңілбаев 4 кезеңге бөледі. Сонымен бірге Қазақстанның жекелеген аймақтарындағы қоныс аударуды зерттеуге және оның әлеуметтік-саяси сипаты мен мәнін, қозғалыстың күшеюін анықтауға байланысты пікір алшақтығы орын алған. Сондықтан Қазақстан тарихындағы патшалық Ресейдің қазақ жерлеріне орыстардың қоныс аударуын 3 кезеңге бөліп, оны төменгідей көрсетуге болады деп есептейміз. 1-кезең – 1861-1890- жылдар – Ресей шаруаларының еркін түрде қазақ даласына көшіп келе бастауы; 2-кезең – 1891-1905 жылдар – қоныстандырудың “заңды” түрде жүруі; 3-кезең – 1906-1917 – жылдар - қоныстандырудың бұрын – соңды болмаған деңгейде күшеюі. Қоныстандыру тарихының 1861 жылдан басталатын себебі, шын мәнінде ең алғашқы Ресей шаруаларының Қазақстанға қоныс аударуы империядағы 1861 жылғы 19 ақпандағы басыбайлық құқықты жоюға байланысты реформаға орай жүргені белгілі. Біз қарастырып отырған проблемамен айналысқан зерттеуші-ғалымдардың өздері, мәселен, П.Г. Галузо, Ә.Тұрсынбаев, Б.Сүлейменов, М.Қойгельдиев, т.б. Ресей шаруаларының еркін түрде қазақ далаларына көшіп келе бастағанын көрсетеді. Патша өкіметі өз елінде дворян-помещик-тердің мүддесін қорғай отырып, жер мәселесін солардың пайдасына шешуге тырысты. Осыған орай жерді сатып алуға мүмкіндігі жоқ немесе жері аз шаруалар өз беттерімен қазақ сахарасына көшіп келе бастады. Алғашқыда патша өкіметі мұндай қозғалысқа көңіл аударып, шара қолдануға ұмтылғанымен, шаруалардың Ресейден басқа жерлерге қоныс аударуын іштей құптады. Шаруалардың ішкі Ресейден еркін түрде қоныс аударуы 1891 жылғы “Дала Ережесі” бойынша патша өкіметінің қазақ даласын империяның мемлекеттік меншігі деп жариялағаннан ендігі жерде заңды түрде жүре бастады. Тіпті қоныс аударушылар мемлекет тарапынан қолдауға ие болып, оларға материалдық көмек көрсетілді. 1896 жылы Ішкі Істер Министрлігі жанынан Қоныс аудару басқармасы ашылды. Қазақ өлкесі қоныс аударатын бес ауданға: Торғай-Орал, Ақмола, Семей, Сырдария, Жетісу бөлініп, аудандық қоныстандыру мекемелері ашылды. Осы кезеңде қоныстандыру қарқынды түрде жүрді.

1905-07 жылдардағы бірінші орыс революциясынан кейін Ресейде аграрлық мәселені шешу мақсатында елде орын алған жер дағдарысынан шығу үшін патша өкіметі қара шаруаларды шет аймақтарға көбірек жібере бастады. Столыпин жер мәселесін қазақ жерін тонау арқылы шешпек болды. Қоныстандыру аса үлкен пәрменділікпен жүргізіліп, қазақ жерлері ашықтан-ашық тонала бастады. Осындай саясаттың нәтижесінде қазан төңкерісі қарсаңында қазақ жерлеріне келіп орын тепкен келімсектердің саны 1 млн-нан асып түсті. Олар негізінен түгін тартса майы шығатын, топырағы құнарлы 45 млн. десятинадан астам жерлерді иемденді.

Ал егер қоныстандыру саясаты қазан төңкерісінен кейін де жалғасып, кеңес өкіметі кезінде күшее түскендігін ескерек, онда оның 4-кезеңін атауға болады. Ол – 1917-29-жылдар – кеңестік – большевиктік қоныстандыру кезеңі. Осы жылдары қазақ жерлерін одан әрі отарлау қарқыны күшейіп, қоныс аударушылырдың саны 2,5 млн. адамға жетіп жығылды. 1929 жылы Орталық биліктің тікелей қолдауына сүйенген Ф.И.Голощекин республика үкіметі жанынан қоныс аударушылар басқармасын аштырды. “Қызыл большевиктік” қоныстандырудың одан кейінгі жылдарда, әсіресе тың және тыңайған жерлерді игеруде одан әрі жалғасқандығын айта кеткен жөн болар.

Аграрлық қатынастардың өзекті мәселесі ретінде саналатын қоныстандыру тарихнамасын 3 үлкен топқа бөліп қарастыруға болады: қазан төңкерісіне дейінгі, кеңестік дәуірде және Қазақстанның егемендік алуынан кейінгі жазылған зерттеулер.

Қазан төңкерісіне дейінгі уақыттарда аграрлық қатынастарға байланысты тарихнамада өзіндік патшалық - чиновниктік тұжырымдама қалыптасты. Оның мәні: “қазақ халқы “табиғи” номад-көшпелілердің өзбеттерінше дамуға қабілеті жоқ, оларға сырттан алдыңғы қатарлы”, “европалық” мәдениет әкелу қажет” дегенді білдірді. Ресей чиновниктері осы проблеманы зерттей келе, тек патша өкіметі Қазақстанға “мәдениет әкелді”, қазақтардың егін-шілікпен айналыса, экстенсивті көшпелі мал шаруашылығынан отырықшылыққа көше бастауы тек орыс егіншілері, казактар мен қоныс аударған шаруаларының “үлгілі ықпалы” дегенді “дәлелдеуге” тырысты. Міне, осындай көзқарастардың бірі экономист әрі статист А.А.Кауфманға тән. Автор патша өкіметінің қоныстандыру саясатын өз зерттеу объектісіне айналдырды. Түркістан генерал-губернаторлығының тұңғыш губернаторы, патша өкіметінің отарлау, қоныстандыру саясатына байланысты жүргізген іс-шараларының басы-қасында болып, осыған орай бірнеше еңбектер жазған [8]. Автор осы еңбектерінде қоныс аудару саясатының мән-мақсатын, маңызын аша келе қазақ жеріндегі “бос жерлер” (артық жерлер) жөнінде, оған орыс мұжықтарын қоныстандыру мәселесін ашықтан-ашық көрсетеді. Алайда оның басқа зерттеушілерден өзгешелегі сонда, ол қоныстандыруды ішкі Ресейдегі аграрлық шиеленісті шешудің тәсілі деп қарамайды. Патшалық Ресейдегі аграрлық дағдарысты жоюдың жолы – ол жеке меншік жерлерді мемлекет пайдасына алу деп санайды. Бұдан А.А. Кауфман пайымдауының патша үкіметінің мүддесіне сәйкес келетіндігін байқау оңай. Өйткені қарашекпенділердің Ресейдің ішкі губернияларынан Қазақстанға қоныс аударуы 1861 жылғы реформадан соң шешімі табылмаған жер мәселесінің салдарынан болды. Қазақ жерлерін жаппай тартып алу, қазақтарды шөл, шөлейт аудандарға ығыстыру арқылы “артық жерлерді” шығару – орыс шаруаларына шұрайлы жерлерді алып беру мақсатындағы патша үкіметінің құйтырқы саясатының нәтижесі.

Қазақ көшпелі қоғамының әлеуметтік –экономикалық дамуы мен қатынастарын өзінше түсіндіруге тырысқан П.П. Румянцев өз зерттеуінде қазақтардың жер пайдалануында жерге жеке меншіктің болмағандығын айта келіп, осыған ерекше мән берген. Автор көшпелі патриархалды шаруашылқтың ыдырау процесін көрсете отырып, осы бір күрделі мәселені объективті түрде аша алмаған. Қазақ далаларын орыс қоныстанушыларының отарлауын қазақ халқының өміріндегі түбірлі өзгерістермен байланыстыра келе қазақтар арасында егіншілікпен айналысатындардың үлес салмағының күрт өсуін шаруашылық сипатының өзгеруінің және қоныстандыру саясатының тиімділігінің, яғни солардың нәтижесі, - деп санайды [9]. Тіпті П.П.Румянцев “қырғыз, яғни қазақ шаруашылықтарын қайта-қайта зерттеу, одан кейін жерлерін алу барысында қазақ тұрғындарының тұрмыс тіршілігінің жақсарып егіншіліктің дамығандығы” туралы қате пікір айтады [9. 66б]. Тарих тағлымын қайта зерделеп, зерттеу П.П. Румянцев және т.б. отаршыл чиновниктердің тұжырымдарының жаңсақ айтылғандығын дәлелдеуде. Өйткені переселендердің Қазақстанға көптеп келіп, қазақ халқының шұрайлы жерлерін тартып алулары дәстүрлі көшпелі мал шаруашылығының құлдырап, әлеуметтік –экономикалық жағдайларының төмендеуіне әсер етті. Ал қазақтардың егіншілікпен айналысып, отырықшылына бастауы мал жайылымдарының тарылып, көшу радиустарының қысқаруына байланысты мәжбүрліктен туындаған әрекет болды. Патшалық-чиновниктік тұжырымдама бағытында жарияланған еңбектердің бәріне ортақ кемшіліктер: қоныстандыру саясатының нәтижесінде қазақ халқы жағдайының төмендеп, кедейшілік пен жерден айырылу өлімге әкелгендігі туралы жұмған ауыздарын ашпау. Ойымыз дәлелді болу үшін осы кезеңде жарық көрген “Влияние колонизации на киргизское хозяйство” деген еңбекті қарастырайық. Шағын еңбек Қостанай уезіндегі Арақарағай болысының шаруашылық жағдайын қайта зерттеу негізінде жазылған. Патша үкіметінің қоныстандыру және жерге орналастыру, егін шаруашылығы бас басқармасының чиновниктері аталған болыстағы жер үлесі, жер жырту көлемі, қазақтардың егіншілікпен айналысуы, мал шаруашылығының дамуын қасақана ешбір өзгеріске түсірмей, барлық жағынан тек “күнгейін көлеңкесіз” көрсетеді [10]. Осындай бағытта жазылып, қазақ халқының егіншілікке көшуін тек қоныстандыру саясатының нәтижесі ретінде қарастыратын Н.Коншин, С.Н.Велецкий, В.Кузнецов еңбектерін атауға болады [11]. Дегенмен Н.Коншин көшпенділердің кедейленгенін, олардың арасында малы жоқтардың пайда болғандығымен көрсетеді. Бірақ “қазақ ауыл шаруашылығының дағдарысы, Н.Коншиннің пікірінше мал шаруашылығының күйреуіне, құнарлы жерлердің шаруа-келімсектердің алуына байланысты [1. 11б]. Ал С.Н.Велецкий, В.Кузнецов керісінше патшалық Ресейдің отарлау саясатын, соның ішінде шаруалар қоныс аударуын қазақ халқы үшін прогрессивті құбылыс түрінде сипаттайды. Авторлар орыс шаруаларының Қазақстанға көшіп келуі қазақ халқының әлеуметтік-экономикалық дамуы мен тұрмыс-тіршілігіне тек жағымды әсер еткендігін баса көретеді. Осылайша патшалық-чиновниктік бағытта жазылған еңбектерде қоныстандыру мен қазақ жерлерін талан-таражға салу, жаппай тонау объективті түрде көріне алмады. Олар қазақ жерлерін тартып алу халықтың жер тапшылығына ұшырап, шаруашылығының күйзелуін “артық” жерлердің болуымен түсіндірді. Себебі жарияланған еңбектер патша үкіметінің мүддесіне негізделіп, отаршыл пиғылға сай жазылды.

Сондай-ақ “қазақ даласындағы егіншілік, отырықшылыққа өту, қазақтардан жерді тартып алудың арқасында жер тапшылығының тууы нәтижесінде пайда болды. Мұның өзі «қазақтарға көшпелі мал шаруашылығымен айналысуға мүмкіндік бермеді» деген тұжырымды қалыптастырушылар, Қазақстандағы аграрлық жағдайды шынайы түрде көрсетіп, патша өкіметінің отарлық саясатын аша білген, демократиялық тұжырымдаманы ұстанушылар Н.Васильев, Л.Герман, А.Е. Алектров, В.Герн, Н.Зеланд сияқты авторлар болды Шынында да авторлар көрсеткендей ХІХ-ғасырдың бас кезіндегі ресейлік келімсектердің Қазақстанға қоныс аударуы, қазақтардың шұрайлы жерлерінің тартып алынуы көшпелі мал шаруашылығын тығырыққа тіреп, дағдарысқа әкелді. Патшалық қатал цензураға қарамастан Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық, саяси өмірінде орын алған жағдай туралы батыл пікір танытқан авторлардың тұжырымдары Ресей империясының қоныстандыру, аграрлық саясатының шынайы мәнін ашуда негіз бола алады.

ХХ-ғасырдың басында жарық көрген, патша өкіметінің отарлау саясатына қарсы жазылған, қоныстандыру шараларын әшкерелейтін еңбектердің бірі ретінде Т.Седельниковтың шағын еңбегі саналады [12]. Т.Седельников өз зерттеуінде қоныс аударуды ұйымдастыруда жіберілген қателіктер, патша чиновниктерінің өз еріктерімен жасаған жүгенсіздіктерін ашып көрсетеді. Әсіресе ағаштарды саяжайлар үшін кесуді қатты сынайды. Автор қазақ жерлерінің қоныстандыру үшін тартып алынғанын, оларды шөл, шөлейт аудандарға ығыстырғанын, қоныс аудару қорлары жергілікті тұрғындардың пайдаланып отырған жерлері есебінен жүргізілгендігін ашық, жан-жақты жазады. “Ол (жерге орналастыру жүйесі) қырғыздардың ең таңдаулы жерлерін тартып алып, … үйсіз, қаңғырап қалған көшпенділерге ешқандай пайда көрсетпей, оларға сәтті жүргізіліп жатқан іске кедергі ретінде қарайды”, - деген автор пайымдауды осының дәлелі [12.47б]. Осылайша Т.Седельников: “қазақ ауылының отырықшылыққа көшуіне патша үкіметі жағдай жасаған жоқ, керісінше шын мәнінде оған кедергі жазады” деген шындыққа жанасатын пікір айтады. Ресей империясы қазақ халқының өзіне тәуелді болуын және экономикасы үшін арзан шикізат көзі ретінде мал шаруашылғының үстем түрде дамуын қалады. Аймақта патриархаттық-рулық қатынастардың орнығып, экономи-касының төмен деңгейде дамуы патша өкіметінің отарлау саясатының мүддесіне сай келді.

А.Алекторов, Н.Васильев, Н.Зеланд, В.Герн Қазақстанның ауыл шаруашылығындағы дағдарыс патша өкіметінің отарлау саясатының салдары екендігін ашып айтады. Мәселен, А.Алекторов қазақ халқы шаруашылығының дағдарысқа ұрынуының басты себебін отарлық езгімен байланыстырса, Н.Зеланд қазақтардың кедейленуі оларды жер пайдалануда ығыстыру емес, патша өкіметінің тарапынан ауылды аяусыз тонауының салдары ретінде көрсетеді. Н.Васильев, В.Герн де қазақтар ауыл шаруашылығының құлдырауын отарлау, қоныстандыру саясатының тікелей әсері деп баса көрсетеді [13].

Мұнан өзге жалпы қоныстандыру қозғалысы, қоныс аударушы шаруалардың тұрмыс-жағдайлары, шаруашылықтары туралы жазылған зерттеулер де кездеседі. Мәселен, А.А.Комаровтың еңбегінде патша үкіметінің қоныс аудару төңірегінде жіберіп отырған асыра сілтеулері шынайы суреттеледі [14]. Автор қоныстандыру мәселесінің өзекті тұстарын батыл сынап, әшкерелейді.

Осындай бағытта жазылған Н.М. Ядринцев, А.Л. Трегубовтың да зерттеулерін атауға болады [15]. Авторлар өз туындыларында келімсектердің шынай әлеуметтік-экономикалық жағдайын қарастырады. Еңбектерде Жетісу, Семей облыстарындағы қоныстанушылардың ауыр тұрмысы көрсетілігенімен Қазақстанның отар аймақ ретіндегі жағдайы өзінің дұрыс көрінісін таба алмайды.

Жалпы осы кезеңдегі демократиялық бағытта жазылған зерттеулердің көптеген кемшіліктеріне қарамастан қоныстандыру тарихын зерделеуде маңызы зор екендігін айта кеткен жөн. Орыс зиялылары қалыптастырған демократиялық бағыттың мәні мен сипаты патшалық Ресейдің шаруалар отарлауының шынайы “келбетін” ашып, зардаптарын көрсетуімен анықталады. Бұл бағытты ұстанушылар патша өкіметінің отарлау саясатын әшкерелеп, оның қазақ халқына тигізген келеңсіз ықпалын тарихи шындық тұрғысында пайымдайды.

Осылайша чиновниктік-отарлық, яғни шовинистік концеп-циямен қатар қоныс аудару мәселесін зерттеуде демократиялық бағыт орын алды.

Патша үкіметінің қазақ жерлерін қарашекпенділерге әперуге кірісуі, халықтың шұрайлы, сулы, нулы жерлерінен айырылуы, мұндай зорлықтың күйзеліс пен дағдарысқа әкелгендігі ғасыр басындағы ең негізгі өзекті мәселеге айналды. Саяси, экономикалық зор мәні бар проблема қазақ зиялылары арасына қозғау салды. Олар аталған мәселе төңірегінде ортақ пікірге келе алмай, екі топқа бөлінді. Бірінші топқа отырықшыландыруды уағыздаған Б.Қаратаев, М.Сералин, М.Дулатов енсе, екіншісін көшпенді өмір салтын жақтаған Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, т.б. бастаған қазақ зиялары құрды. Бірінші топтың мүшелері 1911-15 жылдары үзбей шығып тұрған “Айқап” журналының төңірегіне шоғырланды. Шаруалар отарлауы, жер мәселесі т.б. журнал бетінде үнемі жарияланып тұрды. Сонымен бірге патша өкіметінің қоныстандыру саясатының мәнін, мақсатын, жай-жапсарын түсіндіруде үлкен насихат жұмыстарын жүргізді. Журнал беттерінде отырықшылыққа шақыру жайында басылған мақалалармен қатар оған қарсы пікір айтушылардың көзқарастары басылды. Отырықшылыққа көшу, қала салу идеясын ұстану бағытында журнал беттерінде “Қазақ өкпесі”, “Тағы да жер жайынан”, “Жер мәселесі”, “Біздің бұрынғы һәм қазіргі халымыз”, “Көшіп жүру керек деушілердің пікірі” т.б. шағын мақалалар жарық көрді [16]. Осындай бағытта жазылған мақалалардың бірінің авторы – М.Дулатов. М.Дулатов жер алып, отырықшылыққа көшу, қала болу, мәдениетті елге айналуға шақыру мақсатында былай деген: “… 15-20 жылдан бері бұл көшпелі мұжықтардың келіп бітуінің ұшы көрінбей, бұлай болғанда енді аз жылда қазақ халқы ең жаман жерге сорлап қалып, ақырында пақырлыққа жетуі ықтимал. Жер көп-аз болса да бұл заманның өнер-білім заманы болған шақта әр жерде жайылып жүргенде оқудан мақұрым қалармыз. Надан халық білімді халықтардың өзінің діні, хақын сақтай алмай дүниеден ақыры есебін бітіруі ықтимал” [16. 25-26б]. М.Дулатов қалыптасқан жағдайдан шығар жол жер алып, отырықшылыққа көшу екендігін жасырмайды. Отырықшылық өмір білім мен мәдениетке жол ашады деп есептейді. Осы көзқарасқа қарсы пікірді “Қазақ” газеті төңірегіне жиналған қазақ зиялыларының бірі Ә.Бөкейханов білдіреді. Ұлтжанды тұлға: “Мал бағып, шаруа қылып келе жатқан жұрт, орыс 15-ден жер берді деп егінші бола қоймайды… Мал шаруасын тіршілік үшін ұстап жүрген жұрт 15-ден жер алса, үлкен аяққа тар етік киген болады… 15-ден жер алмай тұрып жан-жағыңа қара дейтініміз, 15-ті алып, осы алақандай жерге мал бақпақ, бұған мал бағылмайды,–деп жазады [17]. Ә.Бөкейхановтың “15-і” патша өкіметінің “жерге орналастыру” саясатынан шығып отыр. Көшпелілерді жер үлесін беріп орналастыру, яғни отырықшылыққа өтуге ынталандыратын шараларды іске асыра бастады. Мәселен, 1905 жылы Егіншілік және мемлекеттік мүлік министрлігі Жерге орналастыру және Егіншілік бас басқармасы болып қайта құрылды. Осыған орай қазақ шаруаларының бір бөлігі жаппай отырықшылыққа көше бастады. Алайда бұл Ә.Бөкейханов көрсеткендей салдары мен зардаптары қайғылы, зорлық әрекеттер еді. Жалпы қарашекпенділердің қазақ жерлеріне қоныстануына, олардың зорлық-зомбылық әрекеттеріне қазақ халқының жерден айырылып қалу, патша үкіметінің саясатын әшкерелеуге Ә.Бөкейхановтың бірқатар еңбектері арналды [18]. Олардың қоныстандыру тарихын жаңаша зерделеуде алар орны мен маңызы өте зор.

“Айқап” журналы төңірегіндегі зиялылар Ә.Бөкейхановтың көшпелі норма алмау пікірін қолдамады. “Ә.Бөкейханов пенен “Қазақ” газетінің отырықшы нормадан көшпелі норманың артықтығы турасындағы пікірлері… залал келтіріп тұр. Неге десеңіз, көшпелі норма болған уақытта қазақ жері патшалыққа керек болғандай болса алына береді. Көшпелі норма қазаққа жерді уақытша пайдалануға ғана береді… Егерде олар Бөкейханов пенен “Қазақ” газетінің сөздеріне еріп көшпелі қалыпта қала берсе, арты не болмақ [16.219-220бб]. Айқаптықтар патша үкіметінің “отырықшы жұрт нормасына” байланысты құйтырқы саясатының мәні мен астарын түсінді. Осы норма арқылы патша үкіметі өзіне жерді көбірек босатып алуды көздеп отырғанын “Айқап” зиялылары халыққа ұқтырғылары келді. “Отырықшы норманы” алу қажеттілігі жайындағы зиялылардың бағытын отарлау саясатының негізінде қарастырсақ, оның сол кезең үшін дұрыс екендігін айтар едік. Себебі Ә.Бөкейханов және “Қазақ” газеті төңірегіне жиналған қазақ зиялыларының ұсынған жолы сол кезең үшін тиімді еді. Себебі Столыпин реформасынан бері қарай ішкі Ресейден қоныс аударушылардың толассыз ағылуы жағдайында бұрын егіншілік мәдениеті жаппай дәстүрлі тіршілігіне айналмаған қазақ бұқарасы үшін ешқандай да даярлықсыз отырықшылыққа өту дегеніміз, көп ұзамай-ақ жерден айырылып, қайыршылыққа ұшырап, артынан біржола жоқ бөлумен тең еді [19]. Жалпы Ә.Бөкейханов қазақ халқының отырықшы тұрмысқа өтуіне қарсы болған жоқ, керісінше “отырықшы нормаға” қарсы шығып, оның салдарының халық үшін мүлде зиянды екендігін ескертті. Ресей шаруаларының қазақ жерлеріне шұбыруын, қазақ халқының шұрайлы жерлерден зорлап ығыстырылып, ақыры құмға, шөлейтке шегінуін көрсетуде қазақ зиялыларының ой-пікірлері ортақтасып, бір жерден шығады. Бірі осыған орай “қазақ өзі бөтен жаққа переселен болып көше бастады” десе, екіншісі, “… халықтың өсіп, жердің өспеуі һәм тозуы, қазақ жері патша мүлкі саналып, сол себепті миллиондап жерсіз мұжықты хүкіметтің қазақ жеріне қондыруы, бұл тілеусіз қонақтар келе бастағаннан бері жер тарылып, атамекеннен ірге қозғалып, қазақтың шаруасының күйзелуі”, - деп шындықты бұлттартпай көрсетеді[16.94б; 17.304б.]. Сонымен қатар қазақ зиялылары қоныстандыру саясатының қайғылы нәтижелері тек халықты күйзеліс пен кедейлікке ғана емес, сонымен бірге жерінің тозып, табиғи ортасының бүлінуіне әкелгендігі туралы мәселені өз туындыларында дер кезінде көтерді. Дәл осындай жағдайды ұлттық-демократиялық бағыттағы қазақ зиялыларының бірі, көрнекті ғалым-тарихшы М. Тынышпаев өз еңбегінде баяндайды. Автор Жетісу облысындағы қоныстанушылардың тым көптігіне назар аударып, келімсектердің келуіне байланысты әлеуметтік-экономикалық жағдайдың күрт төмендегеніне назар аударады. Жетісу жерінде “мал шаруашылығы құлдырап, құнарлы жерлер тартып алынған соң, егістік көлемі қысқартылып, халқы кедейленіп, жеті жылда – 1907-14 жылға дейін облыстың танымастай өзгергендігін ашып көрсетеді [20]. Шынында да келімістер қазақ жерлерін емін –еркін жыртып, тозған жерлерді тастап, жаңа жер алып, бүкіл ен даланың тозып –тоналуына, қоршаған ортаның бүлінуіне жағдай жасады.

Тағы бір айта кетерлік жайт, 1888-1902 жылдар арасында “Дала уалаяты” газетінің беттерінде келімсектердің қоныстануы, отырықшылыққа өту т.б. мәселелері жарияланып тұрды [21].