КІРІСПЕ 9 страница

Көптеген тарихнамалық деректердің арасында тарихшының еңбектері ең бастылары болып табылады. Тарихнамашы кітаптар мен мақалалардың деректік негізін, олардың кеңдігін, өңдеудің әдістемесін, әдістерін сипаттайды және тарихшы еңбектерінің тарих ғылымының дамуына әсерін көрсетеді. Сонымен қатар оны тарихшының ғылымға енген басқа да еңбектері қызықтырады.

Тарихнамалық дерекке диссертациялық жұмыстарды да жатқызуға болады.Олардың көпшілігі жарияланбаған күйде қалғанымен жинақтала келіп, тарих ғылымының жекелеген кезеңдеріндегі оның даму деңгейін сипаттайды. Осы тұрғыдан алғанда диссертациялар құнды болып саналады.

Тарихшының шығармашылығының жолдарын, оның зертханасын оқып - үйрену ғылыми еңбектермен қатар оған дайындық барысындағы материалдармен танысуға мүмкіндік береді.Дәрістер курсының мәтіндері, жарияланбаған қолжазбалардың бастапқы нұсқалары, күнделіктер, заманхаттар, өмірбаяндар, сауалнамалар, хаттар және т.б. тарихнамашы үшін аса маңызды. Осы деректерді зерттеу бірқатар тарихнамалық мәселелерді зерделеуге қажет. Ең алдымен ғылыми ой мен оның тарихи білімге айналуының сабақтастығы процесін, тарихи тұжырымдамалардың шығу тегін, бастауларын, әсіресе жекелеген тарихшылардың ғылыми көзқарастарының, шығармашылығының қалыптасуын, олардың және ғылыми мектептердің, бағыттардың арасындағы пікір - таластарды анықтау тарихнамалық зерттеу үшін құнды.

Тарихнамашы аталған деректерді, әсіресе заманхаттарды зерттей отырып, олардың бойында өздерінің ақылдастарына қатысты сыни емес қарым - қатынастың орын алатындығын ұмытпауы тиіс. Осыған кереғар нұсқа, яғни тарихшының өзге мектептер мен бағыттардың өкілдеріне объективті емес көзқарасының көрініс табуы да мүмкін. Бұдан шығатын қорытынды, тарихнамашының міндеті заманхаттар, естелік мазмұнындағы әдебиеттер авторларының саяси және идеологиялық мақсаттарын анықтау, олардағы объективтілікті субъективтіліктен ажырату, мүмкіндігінше шынайылылық пен ақиқатты ашып айтуды бөліп көрсету болып саналады.

Тарихнамалық деректердің көрсетілген категориясын зерттеудің өзіндік ерекшеліктері бар. Заманхаттық еңбектердің дүниеге келуінің себептерін айқындау және шығармашылық жұмысқа күмәнмен қарау, субъективизмнің элементтерін ашып көрсету - тарихнамалық зерттеудің қажетті тұстарының бірі. Заманхаттар тарихи деректерге қосылған кезде олардың құжаттық негіздерін, өңдеудің және зерттеудің әдіс - тәсілдерін айқындау міндеті туындайды. Дегенмен деректердің осы тобының шығармашылықтың әлеуметтік - психологиялық тұстарын зерттеудегі, автордың деректерді танудағы жеке дара ерекшеліктерін танудағы маңызы зор.

Тарихнамалық деректерге оқу бағдарламалары және тарихнама бойынша оқылған курстардың есебі жатқызылады. Олар мына төмендегі міндеттерді шешуге; ғылыми орталықтардың қызметін зерттеуге, тарихнаманың ғылыми пән ретінде қалыптасу процесін қарастыруға, жекелеген тарихнамашылардың шығармашылығын талдауға септеседі.

Бірқатар ресейлік тарихнамашылар, соның ішінде М.В.Нечкина тарихнамалық деректер қатарына тарихшының өміп сүрген және қызмет еткен кезеңін түсіндіретін, оның әлеуметтік ортасынан, идеялық ағымынан хабар беретін материалдарды да енгізуді ұсынды. Мұндай ұсыныстың терең мәні бар, өйткені ол жалпы методологиялық тарихилық, әлеуметтік принциптерінен, сонымен қатар “дерек - әлеуметтік құбылыс” деген қағидадан туындайды. Шындығында да тарихи тұжырымдамаларды олардың дәуірмен, әлеуметтік ортамен, идеологиялармен байланыссыз түсіну, баға беру мүмкін емес. Осыған орай мынадай жайтты айтпай кетпеске болмайды; М.Н.Покровский Лаппо – Данилевскийдің 1923 жылы жарияланған “Тарих методологиясы” атты кітабына рецензиясында еңбектің теориялық негіздерін сынға ала отырып, былай деп жазған: ”Лаппо - Данилевский өзінің жазылған ортасынан мүлде алшақ кітапты алады. Ол үшін кез - келген кітаптың бәрі бірдей. Қашан және қайда жазылғаны ...бәрібір”[83].Тарихнамалық тәжірибе көрсеткендей, деректі белгілі бір әлеуметтік ортаның және өз заманыныдағы идеялық ағымдардың, олардың авторларының көзқарастарының әртүрлілігінің жемісі ретінде зерттеу оның қызмет ету заңдылықтарын анықтауға мүмкіндік береді.

Құнды тарихнамалық дерек болып мерзімді және мерзімді емес басылымдар саналады. Журналдардағы, ғылыми бюллетендердегі, ақпараттық және реферативті шолулардағы материалдардың, әсіресе әдебиеттерге шолулар мен реценциялардың зерттеушілер үшін маңызы зор. Олар басқалардан бұрын зерттеушінің назарына ғылымнан орын алған тұжырымдарды, көзқарастарды, пікірлерді, тарих ғылымының жетістіктерін, дамуы мен олқылықтарын жеткізеді. Мұндай деректер тарихнамашы үшін тарихи білімнің жағдайын нұсқайтын көрсеткіш болып табылады. Кеңестік кезеңде ғылыми журналдардың беттерінде әртүрлі пікір - таластардың, еңбектерді талқылаудың матералдары жиі басылып тұратын. Ғылыми айтыс- тартыстарды журналдардың өздері ұйымдастыратын. Бұл ғылыми басылымдарға қойылатын талаптардың бірінен саналатын. Тәуелсіздік жағдайында мұндай дәстүр сирек кездесетін құбылысқа айналған. Мұның өзі қазіргі кезеңдегі тарих ғылымының жай - күйінен, оның деңгейінен хабар береді.Бибиографиялық шолулар немесе жарық көрген әдебиеттердің тізімі тарихнамашының шығармашылығының бастапқы сатысындағы өзіндік жол сілтеушілер болып табылады. Аталған деректермен жұмыс істеудің мерзімді басылым материалдарының қашан, қай жерде, ненің шығарылғандығын білудегі маңызы айтарлықтай.

Тарихнама, оның методологиясы үшін тарих ғылымының дамуы мәселелері бойынша өткізілген конференциялардың, симпозиумдардың және басқа да бас қосулардың жұмыстарынан көрініс беретін деректер маңызды рөл атқарады.

Тарихнамашы тарихнамалық деректердің бір түріне жататын тарихи мекемелердің және тарихшы мамандарды даярлаудың тарихы баяндалатын материалдарды айналып өте алмайды.Солардың ішінде тарих ғылымы орталықтарының қалыптасуын, қайта құрылуын, ғылыми мамандарды даярлауды және қайта дайындауды тарих ғылымының материалдық базасын көрсететін деректер ерекше мәнге ие. Олардың бойында тарихнама ғылымының даму заңдылықтарын зерделеуге қажетті материалдар жинақталған.

Тарихнама ғылымының дамуы туралы статистикалық материалдар және анықтамаларды жаппай деректерге жатқызатын болсақ, онда олар тарихнамалық сипатқа ие болады.

Тарихнамалық деректердің тізімін осы аталғандармен аяқталды деуге болмайды. Тарихнамашы көп жағдайларда тарихнама ғылымының шынайы оқиғаларын бейнелейтін деректердің және фактлердің кешенімен жұмыс істейді. Кейбір кездерде нақты тарихнамалық дерек болмай қалуы мүмкін, алайда мұның өзі тарихнамалық фактнің орын алмағандығын білдірмейді. Белгілі бір тақырып немесе мәселе бойынша тікелей тарихнамалық дерек кездеспесе де әртүрлі деңгейдегі тарихнамалық фактлер тарихшылардың еңбектерінен табылады.

Тарихнамашы тарих деректерді жинақтау және ғылыми айналымға түсіру тарихын зерттеуде мынадай міндеттерді шешуге ұмтылуы хақ: деректанулық базаның жаңа идеялардың, көзқарастардың, тұжырымдамалардың орнатылуына және олардың кеңейтіліуіне, тарылуына ықпалы; деректерді өңдеудің және талдаудың әдістемесін анықтау; тарихи зерттеулерде берілген сілтемелердің ғылыми айналымға тұңғыш рет ендірілгенін айқындау. Осыған орай тарихи дерек өзінің бірінші,екінші сапасында, яғни деректің пайда болуы мен оны тарихшының талдауы тұрғысында терең түсіндірілген болса, онда тарихнамалық дерек үшінші деңгейде, тарихнамалық еңбекте оның пайдаланылуы және интерпретациясы түрінде көрінеді.

Тағы бір айта кетерлік жайт, тарихнамалық деректердің шеңбері, олардың әртүрлі топтарының, және деректер кешенінің өзара байланыстарын талдаудың қажеттілігі зерттелуге тиіс тарихнамлық жұмыстың мақсатына сәйкес кеңейіп, әрқайсысына өзіндік бағыт - бағдар таңдап алынады.

Тарихнамалық деректердің құрылымы өте бай. Ол өзіне мынадай құрамдас бөліктерді ендіреді; тарихи білімдердің ғылымында пайдаланылатын, методологияны қалыптастыру процесімен байланысты деректер; тарих ғылымын қалыптастыратын саяси, идеялық шарттарды, тарихи шығармашылықтың психологиясын көрсететін деректер.

Тарихи деректердің иерархиясының төрінде ең бастылары тарихи әдебиетпен байланыстылары тұрады. Қалғандары деректер жүйесіне кіреді. Оларды нақты қалыптасып, қабылданған жіктемеге бөлу қиындық тудырады.

Деректану ғылымында тәрізді тарихнамалық деректерді жүйелеп, топтарға бөліп, жіктеу қисынсыз. Бастысы - сол деректерді танып, оларды орнымен пайдаланып, талдай білу.

Тарихнамалық деректерді талдап, баға берудің жетекші критерийлері болып жалпыметодологиялық тарихилық, әлеуметтік принциптері саналады. Олар тарихнамалық заңдылықтарды орнатуға қызмет етеді.

Тарихнамалық деректану бойынша білім тарихнаманың заңдылықтарын түсіну үшін ғана қажет емес. Терең білім мен біліктілік шынайы тарихнамалық ақиқатты және тарихнаманың теориялық - методологиялық аспектілері деген ұғымға біріккен өзге де тарихнамалық мәселелерді айқындауда шешуші әрі маңызды рөл атқарады.

 

 

Тақырыптың мазмұнын бекіту үшін қойылатын сұрақтар:

1.Тарихнамалық дерек ұғымы және оның тарихи дерек ұғымынан ерекшелігі.

2.Тарихнамалық дерек туралы балама көзқарастар.

3.Тарихнамалық деректердің түрлері.

4.Тарихнамалық деректану және оның мәні.

5.Тарихнамалық деректермен жұмыс істеудің ғылыми әдіс-тәсілдері.

 

 

ТАРИХНАМАЛЫҚ ШЫҒАРМА ЖАЗУДЫҢ ҮЛГІЛЕРІ

 

Соңғы уақыттарда жоғарыда айтқанымыздай, тарихнама ғылымының методологиясын дамытуда бірқатар қиындықтар орын алып келеді. Ол бір жағынан тарихнама ғылымының ұзақ жылдар бойы кенже дамып келгендігімен түсіндірілсе, екінші жағынан республикада тарихнама мектебінің ұйымдастырылмай отырғандығы зерттеулер жүргізуде ала-құлалыққа жол беруде. Жас зерттеушілерге арналған, нағыз тарихнамалық еңбек жазуда мұрындық болар методологиялық тұрғыдағы жүйелі, сүбелі зерттеу жарияланбай келеді. Ғылымның методологиялық мәселелерінің кейбір тұстары жекелеген кандидаттық, докторлық диссертацияларда ғана көрініс тапқан. Ондай еңбектердің көпшілігі жарық көрмегендіктен жас ізденушілердің олармен етене танысуына мүмкіндіктері болмай отыр. Сондықтан да жас зерттеушілерге әдіснамалық көмек көрсетіп, бағыт - бағдар беру мақсатында осы оқу құралына тарихнамалық шығарма дайындаудың үлгісін ұсынуды жөн деп санадық.

Тарихнамалық шығарма жазу - қиын әрі күрделі зерттеу. Оның әдіснамасымен қатар құрылымына сәйкес ғылыми тәсілдерді де жетік меңгеріп, зерттеудің “құпияларын” да білу қажет.

Тарих ғылымының жалпы заңдылықтарына сәйкес дайындалған тарихнамалық зерттеудің өзіндік ерекшеліктері болады. Басқа да ғылымдар тәрізді тарихнаманың өзара байланыстағы, біртұтас бірліктегі танымдық, теориялық-методологиялық, болжамдық функциялары бар. Танымдық функция тарихи білімді айқындап, жинақтауда, оларды тарихнамалық талдауға жүйелеуде, бір ретке келтіруде аса маңызды. Теориялық-методологиялық функция тарихнаманың заңдылықтары мен даму заңдарын қалыптастыруға бағытталады, сондай-ақ оларды объективті түрде тану мақсатында қолданылады. Болжамдық функция ғылымның болашағын, зерттелуге тиіс мәселелерді айқындау үшін қажет. Тарихнаманың осындай функциялары тарихнамалық зерттеудің құрылымын жасауға тікелей қатысады. Сондықтан да аталған функцияларды ескере отырып, тарихнамалық шығарманың мынадай құрылымын ұсынуға болады; кіріспе, методологиялық зерттеу, фактлік және талдау-синтездеу бөлімі, болжамдық буыны, қорытынды. Енді құрылымның жекелеген бөлімдеріне тоқталайық.

Кез - келген ғылыми жұмыстың кіріспе бөлімі тәрізді тарихнамалық шығарманың да кіріспесі оның айнасы іспеттес болады. Тарихнамалық зерттеудің кіріспесі тарих ғылымының басқа салаларындағыдай дәстүрлі түрде жазылғанымен, оның атап айтарлықтай ерекшелігі болады. Мысалы, мәселенің зерттелу деңгейі деп аталатын буынында тарихи емес, тарихнамалық еңбектер талданады, яғни ғылымда ол тарихнамалық зерттеудің тарихнамасы деп аталады немесе қысқаша тарихнаманың тарихнамасы түрінде де айтыла береді. Тарихнамалық шығарма жазуда жас зерттеуші осыны үнемі есте ұстауы тиіс. Осы тұста айта кетерлік бір жайт, тарихнамалық зерттеудің тақырыбын дұрыс таңдау керек. Ғылымда “сәтті таңдалған тақырып зерттеу нәтижелерінің жартысына тең” деген қағида орын алған. Осыған орай тарихнамалық шығарманың тақырыбын кездейсоқ ала салмай, зерттелуге тиіс ауқымды мәселелерді қайта-қайта ой елегінен өткізіп, тарихнамалық теория мен тәжірибенің логикалық дамуымен етене жақын танысу қажет. Тақырыптың өзектілігі тарих ғылымындағы ахуалмен, оны дамытушы факторды ескерумен, тарихи зерттеулердің жай - күйімен байланысты болуы шарт. Себебі, тарихнамалық зерттеу ғылымды алға жылжытушы, дамытушы рөл атқаруы тиіс. Тарихнамалық тақырыпты оқып- үйрену әртүрлі деңгейде жаһандық, өркениеттілік, аймақтық, ықшамдық, т.б. жүргізіледі. Тарихшының еңбегінде көрініс тапқан қоғамның әлеуметтік, саяси, экономикалық және мәдени өмірі мәселелері тарихнамашының зерттеу объектісі болып табылады. Хронологиялық жағынан ықшам проблеманы таңдап алған тарихнамашы өз тақырыбын тарихнамалық шығармашылықтың заңдылықтарын терең меңгермей зерттеуі мүмкін емес.

Тарихнамалық еңбектің жалпы мақсаты - тарих ғылымының даму заңдылықтары мен үрдістерін айқындау. Осыған орай тарихнамалық зерттеудің міндеттері мыналар болып саналады; жаңа теориялық ұстанымдарды орнықтыру, ғылымды жалған, сыңаржақ тұжырымдар мен қорытындылардан босату, тарихнамалық тұжырымдарды қалыптастыру, ғылыми тарихи ойдың дамуының сабақтастығын, тоғысуларын қарастыру.

Тарихнамалық шығарма дайындаудың ғылыми әдіснамасы көбінесе орыс зерттеушілерінің еңбектерінен көрініс тапқан. Тіптен ресейлік тарихшылардың кейбіреулері, мәселен, Е.Н.Городецкий, В.О.Ключевский, А.С.Лаппо- Данилевский, Н.М.Дружинин, М.В.Нечкина, Л.В.Черепнин, А.М.Сахаров, С.О.Шмидт, Н.Л.Рубинштейн, В.Б.Наумова, А.И.Зевелев, т.б[84] тарихнама ғылымының өзекті мәселелері бойынша арнайы еңбектер жазған. Солардың еңбектерін оқып-үйрену барысында тәуелсіз Қазақстан кезеңінде бірқатар тарихнамалық зерттеулер жарияланды. Мұның өзі отандық тарихнама ғылымының дамып келе жатқандығын көрсетеді. Дегенмен кейбір зерттеулер тарихнамалық еңбектен гөрі библиографиялық шолуларға көбірек ұқсап кетеді. Мұндай келеңсіздік орын алмас үшін тарихнамалық шығарма жазудың әдіс - тәсілдерін жан-жақты меңгеру керек. Теориялық -методологиялық ізденістер жүргізілмесе, тарихнама ғылымының өзіндік әдіснамасымен таныспаса, тарихнамалық жұмыстың кіріспе бөлімі шолуграфияға ұқсап кетуі әбден мүмкін.

Тарихнамалық әдебиеттерге шолу жасауда тарихнамашылардың алдыңғы және қазіргі ұрпақтарының атқарған зертеу жұмыстары негізделіп көрсетілуі тиіс. Осыған байланысты жаңа тақырыпты зерттеудің қажеттілігі мен қойылымы ашып айтылуы қажет. Әдебиеттерге шолу тәжірибе көрсеткендей, тарихилық принципі негізінде жасалады. Мұның өзі проблеманың зерттелу сатыларын, идеялар мен көзқарастардың идеологиялық тамырларын, ғылымда үстемдік еткен методологияны, тұжырымдамаларды айқындауға көмектеседі.

Кіріспеде таңдап алған тақырып бойынша әртүрлі кезеңдердегі тарих ғылымының даму сатысы көрініп тұруы керек. Кіріспе тақырыптың өзектілігінен басталып, логикалық байланыста барлық тұстары ашылып, аяқталуы тиіс. Осы орайда ресейлік тарихнамашы А.И.Зевелев былай деп жазған;” Тарихнамалық кіріспені “үштік бірліктегі тарихнамалық мәселе” деген атауға ие болған мінездемемен аяқтаған жөн. Олар; алдыңғы буын өкілдерімен сәтті зерттелген проблемалар; ғылымда зерттелуге тиіс мәселе ретінде қойылған, бірақ шешілмеген және жеткілікті зерттелмеген, кейде бұрмаланған түрде зерделенген болуы да мүмкін мәселе; мүлде зерттелмеген проблема. Аталған сауалдарға берілетін жауаптар зерттелуге тиіс мәселе қалай пайда болды, оны зерттеудің сатылары қандай, қандай идеялық ағымдар оның төңірегінде орын алды дегендерді ұғынуға септесуі тиіс. Сондықтан да кіріспенің осы бөлімі ерекше жауапты, өйткені бұл жерде зерттеушінің тарихнамалық біліктілігінің деңгейі, кәсіпқойлық дайындығы, ғылымда белгілі әдебиеттерді білуі, олар туралы білімі және ғылым дамуының жалпы тенденцияларын бағалауы көрінеді”[85].

Тарихнамашы өзі таңдап алған тақырып бойынша зерттеу жұмысын дайындауда, әсіресе кіріспе бөлімінде тарихнаманың тарихнамасынан басқа зерттеудің деректік негіздеріне баса назар аударуы тис. Себебі тарихнамалық еңбектің деректік негізі тарихи зерттеуге қарағанда өзгеше. Бұл жерде зерттеуші тарихи деректерді емес өзі пайдаланған тарихнамалық деректер жөнінде мәлімет беріп, оларға шолу жасағаны абзал. Тарихнамашының тарихнамалық деректер және тарихнамалық фактлер туралы түсінігі әрі оларды жіктеудің методологиялық ұстанымдары кіріспенің осы тұсында ерекше танылады.

Сонымен қатар жас зерттеуші тарихнамалық жұмысының мерзімдік шегін де ғылымның талаптарына сәйкес дұрыс көрсетуі тиіс, өйткені тарихи оқиғалар мен процестердің хронологиялық шеңберімен салыстырғанда тарихнамалық зерттеудің мерзімдік шегі мүлде басқа. Ол таңдап алынған зерттеу тақырыбының зерттелу деңгейіне тікелей байланысты. Сондықтан да тарихнамашы зерттеудің тарихи емес тарихнамалық мерзімдік шеңберін ашып көрсетуі қажет.

Кіріспеде тағы бір маңызды жайт зерттеудің методологиялық негіздері жайында айтылатын тұсы. Жас зерттеуші өзінің еңбегінде пайдаланған жалпыметодологиялық принциптер мен тәсілдерді атап көрсетіп, басшылыққа алған ұстанымдарын, еңбектерге баға берудегі негізгі критерийлерін, тарихи білімнің әртүрлі кезеңдеріндегі жай - күйін айқындауда ғылыми бағыттарын баса көрсетуі тиіс.

Тарихнамалық шығарманың методологиялық тұсы аса маңызды болып табылады. Тарихнамашы ғылымда берік орныққан тұжырымдарды, теориялық ұстанымдарды, зерттеу принциптерін егжей - тегжейлі меңгеруі тиіс. Отандық тарихнамада, сондай-ақ тарих ғылымындағы қалыптасып келе жатқан жаңа методологияның бағыттары мен ерекшеліктерінің де назардан тыс қалмағаны абзал.

Еңбектің фактілік бөлімі тарих ғылымы дамуының заңдылықтарын тануға негізделген деректер мен фактілерден тұрады.Олар зерттеудің негізін құрайды. Тарихнамалық фактлерді іздеу, айқындау, жинақтау тарихнамашының басты әрі бастапқы міндеті. Тарихнамалық деректерді іздеуде кітапханалық катологтардан басқа “Мұрағаттану”, “Исторический вестник”, “Летопись журнальных статей”, “Книжная летопись”, т.б. жыл сайын шығатын көрсеткіштер айтарлықтай рөл атқарады. Тақырыптың библиографиясын оқып-үйренуден тарихнамалық зерттеу басталады десе де болады. Библиография мәселені терең оқып - үйренген сайын жаңа зерттеулермен, яғни кітаптармен, мақалалармен толықтырыла түседі.

Тарихнамалық деректердің шеңбері М.В.Нечкина көрсеткендей, үлкен. Оларға жоғарыда көрсеткеніміздей, тарихшылардың еңбектері монографиялар, мақалалар, ескертулер, ауызша баяндамалар, пікір-таластардағы сөздері, диссертациялар, құжаттық материалдар топтамалары, мерзімді басылым материалдары, мұрағат құжаттары, т.б. жатады.[86]

Тарихнамалық библиография тарихи тәрізді “ашық” сипатта болады. Проблеманы терең зерттеген сайын ол жаңа жарияланымдармен толықтырылып, көбейтіледі. Сөйтіп, әдебиеттер хронологиялық және тақырыптық ретке қойылып, реттеледі.

Тарихнамашының мұрағат деректерін іздеуінің де өзіндік ерекшеліктері бар. Тарихнамада мұрағат деректері белгілі бір ғылыми тұжырымды дәйектеуде ғана аса қажет. Тарихнамалық деректерді тексеру және қайта тексеру зерттеудің тұғырнамасын нығайтудың кепілі.

Тарихнамадағы зерттеу көп жағдайларда жекелеген, дербес тарихнмалық фактлермен танысудан басталады. Тарихнамашы мұндай ізденістерде жалпыдан жалқығы, жалқыдан жалпыға қарай деген философиялық категорияларды ұтымды пайдалануы тиіс. Тарихнамадағы жалқы құбылыстармен танысу танымның қажетті алғашқы сатысы болып табылады, себебі дарасыз жалпы болмайды, жалқыда жалпының белгілері байқалады.

Тарихнамашының міндеті сол - аталған категорияларды абсолюттендірмей, жалпыны, жалқыны, ерекшені айқындау. Мұнсыз тарихнама ғылымы баяндау деңгейінің жолына түсіп, заңдылықтар мен қажеттіліктерді назардан тыс қалдырады.

Алғашқы сатыда фактілерді жинақтауда тұңғыш пайымдаулар мен қорытындылар жасалады. Бұл саты шартты түрде танысу деп аталады. Жекелеген фактлерді оқып - үйрену болашақ тұжырымдардың қорын құрайды. Зерттеу ұқсас фактлерді жинақтаудан және дараларын айқындаудан және оларды тексеруден басталады. Мұнда айтарлықтай рөлді жалпыдағы жалқының, немесе дараның орнын анықтайтын жүйелі талдау атқарады. Одан кейінгі тарихнамалық жұмыс негізгі фактлерді айқындау мен жүйелеуден тұрады. Тарихшының зерттеуі тарихнамалық факт ретінде ғылымға айтарлықтай үлес қосады. Тарихнамашы тарихшының еңбегіндегі мәселенің қойылымына, зерттеу тәсілдеріне, деректік қорына, түйіндеген тұжырымдарына баса назар аударуы тиіс. Жұмыс барысында тарихнамашыға шашыраңқы фактлерді байланыстыруға тура келеді. Оған талдау, синтездеу тәсілдерінің негізінде қол жеткізуге болады. Талдау мен синтездеуді зерттелуге тиіс мәселенің мақсаты, міндеттері айқындайды. Сондықтан да белгілі бір факт қалыптасқан дәуірдің немесе кезеңнің ерекшеліктерін міндетті түрде анықтау қажет. Тарихнамашы басты тарихнамалық факт тарих ғылымының алтын қорын құрайтын еңбектер екендігін естен шығармауы тиіс. Мұндай бағыт тарихнамашының зерттеу тақырыбына қатысты барлық жарияланған және жарияланбаған еңбектерді, соның ішінде ғылымдағы бұрын қалыптасқан заңдылықтарды қайталайтын, ғылымның жекелеген проблемаларын дамытуға үлес қоспаған, тарихнамалық емес библиографиялық, туындыларды да талдауын талап етеді. Өйтпеген жағдайда тарихнамашы субъективизмге ұрынып, тарихи білімнің толық әрі жан - жақты жай -күйі ашылмайды. Тағы бір ескерер жайт, тарихнамалық фактлерді таңдау тақырыпқа ғана емес, еңбектердегі фактлердің сипатына да байланысты.