КІРІСПЕ 4 страница

Тарихнама өзінің зерттеу арсеналында логикалық талдауәдісіне ие. Логикалық әдісте тарихнамалық талдаудың үлкен мүмкіндіктері шоғырланған. Ол - тарихнамалық фактінің өзіне тән белгілерін, ерекшеліктерін, оның көпқабатты құрылымын, өзге де тарихнамалық құбылыстармен арақатынастарын ашуға қолайлы әдіс. Осы әдіс арқылы басты тарихнамалық факт анықталады. Аталмыш әдісті пайдалану білімнің жинақталу процесінің қиындықтарын айналып өтпей, керісінше тарих ғылымын объективті түрде зерттеу деңгейіне қол жеткізуге ықпал етеді. Тарихнамада логикалық талдауды бірнеше деңгейлерде жүргізуге болады. Оның алғашқысында тарих ғылымындағы жекелеген құбылыстар мен оқиғалар талданады. Осы деңгейде негізінен формалды логика қолданылады. Келесі, екінші деңгей белгілі бір тарихи кезең немесе саты шеңберіндегі тарих ғылымының дамуын талдауды қамтиды. Осы жерде ғылым дамуындағы жалпылама, әртүрлілік, ерекшелік анықталады. Үшінші деңгейде диалектикалық логиканың көмегімен талдаудан синтезге, тарихи білімді дамытудың жинақталған тәжірибесінен теориялық қорытындылауға өту жүреді.

Синтездік таным толыққанды талдау бола алмайды. Логикалық талдау және оның жоғарғы деңгейі - диалектикалық синтез тарихи ойдың, күрделі, әртүрлі ойлау операцияларының, басты элементтері мен сатыларының қорытындысы болып табылады. Осылардың нәтижесінде тарихи ойдың және оның маңызды элементтері мен сатыларының мәні танылады[44]. Сонымен қатар талдау мен синтездің заңды өзара әрекеті, олардың үйлесуі логикалық талдау әдісін тиімді пайдаланудың шарты болып табылады. Тарих ғылымында әр қырынан жинақталған білімнің негізінде ғылыми ойдың дамуының жалпы және біртұтас бейнесін жасауға мүмкіндік беріп, оның ілгерілеуінің заңдылықтарын айқындайды. Сондай-ақ талдау мен синтездің диалектикалық өзара әрекеті, олардың үйлесімі логикалық әдісті қолданудың тиімді шарты және тарих ғылымында жинақталған білімнің көптүрлілігінің негізінде ғылыми ойды дамытуға мүмкіндік береді.

Логикалық позитивизм де тарихнамада кеңінен қолданылады. Ол тарихнамалық фактілерді олардың өзара байланысының процесі позициясынан зерттеуге қолайлы жағдай жасайды. Мұнда жекелеген сатылар мен кезеңдер тарихнамалық білімді тереңдету және жинақтаудың объективті заңдылықтарын ашу мақсатында салыстырылады. Бұл әдісте тарихнама үшін хронологиялықбаяндаудың аса маңызды функциясы орын алған. Аталған әдіс арқылы ғылыми ойдың, яғни тұжырымдамалардың, көзқарастардың, идеялардың хронологиялық сабақтастықтағы қозғалысы қарастырылады. Нәтижесінде генетикалық бір-бірімен байланыстағы және қайталанатын тарихнамалық фактілердің тізбесі пайда болады. Осы тізбені құрайтын фактілерді таңдауды зерттеу тақырыбының құзырына беріледі. Ал оларды хронологиялық ретке қою ғалымды уақыт өткен сайын бір жағынан әртүрлі сипаттағы құбылыстарды ескеруге мәжбүр етеді. Зерттеудің мерзімдемелік әдісі кейде тарихнамалық талдау жасауға қолайсыз болады. Мұндай жағдайда тарихнамашы мерзімдемелік әдістің бір түрі болып табылатын проблемалық-мерзімдемелік әдісті ұстанады.[45] Проблемалық - мерзімдемелік әдіс ауқымды кең тақырыпты бірнеше ықшам проблемаларға бөлу арқылы зерттеуде ұтымды. Әрбір шағын мәселе тарихнамалық фактлерді бірінен соң бірін мерзімдемелік кезекке қою арқылы қарастырылады.

Қазіргі кезеңде республикадағы тарихшы зерттеушілер көбіне осы әдісті пайдаланады. Бұл бір жағынан мәселенің әртүрлі кезеңдерде қойылымын көрсетсе, екінші жағынан тақырыпты терең зерттеуге ықпал етеді. Тарихнамалық деректерді осындай бөліністе зерттеудің артықшылығы, сондай-ақ осалдығы бар. Тиімді тұсы сол, жекелеген тарихнамалық фактілердің әрекетін терең меңгеруге, түсінуге мүмкіндік береді. Алайда мұндай бағыт тарих ғылымының тарихының даму заңдылықтарын мен қозғалысын анықтауда жеткіліксіз әрі салдары жағымсыз болып келеді.

Қазіргі тарихнамалық тәжірибеде хронологиялық және проблемалық хронологиялық әдістер бірін-бірі толықтыра, тұтаса келіп, жиі қолданылады.

Тарихшылар мен тарихнамашылардың үнемі пайдаланатын әдістерінің бірі -мерзімдемелік әдіс. Бір тарихи кезеңнен екінші кезеңді ажырата білу мерзімдеменің теориялық негізі болып табылады. Мұндай бағыт тарихтың заңдылықтарын зерделеуге бағытталған.

Мерзімдемелік әдіс тарихнамалық фактілерді олардың өзара байланысы процесіндегі позиция тұрғысында жекелеген сатылар мен кезеңдер тарихнамалық білімді жинақтаудың және тереңдетудің объективті заңдылықтарын айқындау мақсатында теңестіріліп зерттеуге жағдай жасайды[46] Тарихи процестегі мерзімдемелік әдіс - бір-бірінен тарихи заңдылықтардың, тенденциялардың түрлері, әдістері арқылы, өндіргіш күштер мен өндірістік қатынастарының деңгейі бойынша дәуірлерді, кезеңдерді, сатыларды айқындауда қайталанбайтын тәсіл. Мұның өзі тарихтағы ең басты бағыт. Адамзат тарихын, соның ішінде қазақ тарихын дәуірлерге бөлмей қарастыру мүмкін емес. Себебі әрбір тарихи дәуірдің өзіндік ерекшеліктері, даму заңдылықтары, өзіне тән белгілері, т.б. бар. Тарихты дәуірлемей зерттеу оны бұрмалауға, қате, жаңсақ тұжырымдар жасауға жол ашады. Кеңестік тарихнамада дәуірлеудің формациялық теориясы үстем етсе, қазіргі отандық тарих ғылымында өркениеттік тұжырымдамалар қалыптасқан. Қазақ тарихы осы ұстанымдарға сәйкес ежелгі дәуір, ортағасырлар, жаңа заман, қазіргі заман деген дәуірлерге бөлінген. Дәуір замандарға, заман кезеңдерге, кезең сатыларға бөлінеді. Дегенмен ғылымда дәуірлеу мәселесінде әлі де шешімін таба алмай отырған проблемалар да кездеседі. Ондай мәселелерді қазақстандық тарихшы ғалымдар көтеріп, өз пайымдауларын көрсетуде.

return false">ссылка скрыта

Тарихнамада да осындай көрсетілген жаһандық факторлар әрекет етеді. Алайда оның өзіндік ерекшеліктері бар. Бұл ғылым саласында кезеңдер мен сатыларға бөлу әрбір жаңа тарихнамалық уақыт кесіндісіндегі ғылыми ойдың дамуындағы шешуші бағытты, белгілі бір кезең ішіндегі соны құбылыстарды, оларды алмастырған тың процестерді айқындау мақсатында қолданылады[47].

Мерзімдемелікті зерттеу әдісі ретінде пайдалану, оның ғылымилығы ең алдымен мерзімдеменің критерийлерін таңдап алумен байланысты. Тарихнамада, тарих ғылымында тәрізді критерийлер болып қоғам өміріндегі фактор және солармен байланыстағы тарихи білімнің дамуындағы объективті, субъективті элементтер саналады. Сондай-ақ осы ереже мына төмендегілер арқылы нақтыландырылады: тарихнамадағы мерзімдемеліктің критерийі тарих ғылымын дамытудағы сапалы өзгерістер, тарихи шығармашылықтың әдістері мен сипатының трансформациясы, оның ұйымдастыру түрі. Хронологиялық шеңбер түрінде белгіленген мерзімдемелік әдісті пайдалану тарихи ғылыми білімнің қалыптасуы мен дамуы процесіне терең үңілуге мүмкіндік береді.

Тарихнамадағы субъективті фактор ғылымның жағдайын тікелей сипаттап береді. Зерттелуге тиіс мәселелер ауқымының кеңеюі, ғылыми мекемелер қызметінің сипаты мен міндеттері, тың деректерді ғылыми айналымға түсіру, т. б. Объективті және субъективті факторлардың ғылымға ықпал етуі тікелей әрі тура болмайды, себебі көп жағдайда гуманитарлық ғылымдар саяси сананы бейнелейді.

Мерзімдемеліктің нақтыландырылған ғылыми критерийлері кездейсоқ таңдалған мерзімге негізделген субъективті пайымдаулардың дүниеге келуіне тосқауыл бола алады. Мынадай мәселеге ерекше назар аударған жөн, жекелеген кезеңдер мен сатылардағы хронологиялық шек тарихи білімнің барлық салалары үшін жарамды бола бермейді. Оның үстіне кезеңдерде және сатыларда көрсетілген критерий түрлі жағынан көрінеді. Жалпы мерзімдеме тарихнама ғылымының басты бағытын көрсетеді. Сонымен қатар тарихнамада оның жекелеген кездерде бұра тартатын тұстары болады, өйткені мерзімдеме тарихи құбылыстарға қатысты математикалық формула емес.

Тарихнаманың методологиялық негіздерін толықтыратын мәселенің бірі тарихнамалық мерзімдемеқалыптастыру. Мұны жоғарыда айтқан мерзімдемелік әдіспен шатастыруға болмайды. Кез-келген мәселенің зерттелу деңгейін анықтау тарихнамалық кезеңдерге бөлуді талап етеді. Мерзімдеме әр кезеңдегі тарихи еңбектердің жариялануына, ерекшеліктеріне байланысты жасалады. Тарихнамалық деректерді, тарихи еңбектерді, т.б. кезеңдерге бөліп талдау зерттеудің тереңдігі мен құндылығына әсерін тигізеді.

Тарихнама үшін ғылымды дамытуда ретроспективті талдау айтарлықтай маңызға ие болады. Ретроспективті әдістің мәні тарихи оқиғаларды зерттеуде зерттеушінің ой-пікірлер қозғалысы процесінің қазіргі кезеңнен өткенге қарай жүруін зерттеу. Қазіргі кезде сақталған көне тарихтың элементтерін оқып- үйрену, солардың негізінде тарихтағы оқиғалар мен құбылыстарды қайта жаңғырту ретроспективті әдістің басты функциясы болып саналады.[48] Біруақытта бұл әдіс кейінгі тарихи тәжірибеде зерттеулердегі қорытындыларды тексеруде тиімді. Ретроспективті әдістің методологиялық негізі - өткеннің, қазіргінің және болашақтың бірлігі туралы ұстаным.

Тарихнамадағы ретроспекция қазіргі кезеңдегі білімді оның өткен уақыттардағы жағдайын оқып-үйренуге пайдалануда елеулі нәтижелерге қол жеткізеді. Мұнда тарихты біртұтас заңды процесс ретіндегі ұғымға жетелейтін адамзат жинақтаған тәжірибе үлкен рөл атқарады. Әрбір жаңа саты өзінің алдындағы кезеңнің элементтерін бойында сақтайды.

Тарихнамадағы ретроспекция бірнеше деңгейде іске асырылады. Солардың алғашқысы бұл - аталмыш ғылымдағы қазіргі заманғы теориялық және методологиялық ережелерді ғылыми ойдың қалыптасуы мен дамуы процесін, оның прогрессивтілігін немесе регрессивтілігін, сондай-ақ тарихнамалық қорытындыларды, тұжырымдарды алу жолдарын айқындауда пайдалану. Екіншісі - тарихнамалық деректанудың жетістіктерін тарихнама бойынша дайындалатын жұмыстардың деректік негіздерін талдауда пайдалану. Үшіншісі - қазіргі заманғы тарихнаманың себеп - салдарларының байланысын өткен кезеңдерде оның дамуындағы ұқсас құбылыстарды талдау үшін пайдалану. Осы деңгей өткен мен қазіргінің өзара байланысы мен өзара тәуелділігінің арасында ерекше көрініс табатын күмән келтірмейтін фактісіне негізделеді. Отандық тарихнама ғылымын жан-жақты дамытқан сайын ретроспекцияны пайдаланудың жаңа деңгейлері ашылуы мүмкін.

Тарихнамадағы ретроспективті талдауды қолдану қазіргі кезеңдегі ғылым дамуының жетістіктері болып саналатын бағаны өткенге көшіру дегенді білдірмейді. Сонымен қатар кешегі уақыттағы еңбектерге қойылған талаптарды бүгінгі күнге таңу қисынсыз. Тарихнаманың мәніне тәжірибеде өзектіліктің келеңсіз түсінігіне алып келетін ғылыми тәсілі қайшы. Ғылымның белгілі бір сатыларындағы дамуын, сондай-ақ жекелеген авторлардың жетістіктерін, кемшіліктері мен қателіктерін, соған сәйкес кезеңнің ерекшеліктерінен шыға отырып айқындауға болады. Өйткені кез-келген кезеңдегі саяси, әлеуметтік, т.б. ахуал ғылым дамуына ықпал етеді. Ретроспекцияны қолданған, тарих ғылымынің қазіргі заманғы жетістіктерін пайдаланған тарихнамашының алдыңғы кезеңінен тарихи болып қалыптасып үлгермеген идеяларды іздеуі қисынсыз әрекет. Ғылыми ойды дамытудағы еңбектердің маңызы олардың дүниеге келген уақыты, ғылымның жағдайы, оның болашақ прогреске ықпалы арқылы бағаланады. Әрбір ғылыми еңбек өз дәуірінің туындысы, сондықтан да оның ұтымды тұстарымен бірге әлсіз жақтары болады. Сол себепті өткен уақыттардағы шығармаларға қазіргі заман тұрғысынан баға беруде осындай методологиялық принципті ескерген жөн.

Тарихнамада өзектілік әдісін пайдаланған тиімді. Өзектілік ғылыми білімнің құндылықтарын қазіргі және болашақ уақыт үшін айқындау дегенді білдіреді[49]. Тәжірибеде өзектілік әдісін қолдану тарихи білімнің ғылымды дамытудағы маңызын анықтауда мол мүмкіндіктер тудырады. Сонымен қатар өзектілік әдісі тарих ғылымының болашақта дамуы үшін ғылыми болжамдар жасауға, басты тенденцияларды айқындау және олардың өткеннен қазіргіге қарай өзгеруін көрсетуге жол ашады. Бір уақытта ол тарихнамашының келешек қызметіне тарих сабақтарының негізінде тәжірибелік ұсыныстар жасауға мүмкіндік беріп, тарихтағы ақтаңдақтарды жоюға септеседі.

Айта кетерлік жайт, тарихнамадағы өзектілік тек қазіргі кезеңдегі проблемаларды зерттеу дегенді білдірмейді. Әрине, қазіргі заманның мәселелерін қарастыру аса қажет, дегенмен бүгінгі күннің зәру тақырыптарын талдау ғылымды тың тұжырымдармен байытады.

Тарихнама перспективтілікәдісін де қолдана алады. Бұл әдісті пайдаланудың қажеттілігі өзінің бойына өткен мен қазіргіні жинақтаған тарих ғылымының мәніне тікелей қатысты. Тарих ғылымының болашағын болжау оның өткені мен қазіргі уақыттағы дамуы, ғылымның қозғалыс заңдарын тану туралы шынайы тұжырым жасай алуымен байланысты. Перспективті бағыттарды, тақырыптарды, проблемаларды анықтау, зерттеу жұмысының өткен тарихи сатылардағы ізденіс деңгейіне байланысты. Өткен кезеңдердегі тарих ғылымының заңды дамуы туралы білім қазіргі уақытқа дұрыс бағыт алудың және болашақты болжаудың алғы шарттары болып саналады. Тарихнамадағы перспективтілік ғылым дамуының алдыңғы сатыларындағы тарихи білімді талдауымен ғана емес, сонымен қатар мемлекеттегі саяси билікке, идеологияға, қоғам дамуындағы сұраныстарға да тығыз байланысты болады.

Тарихнамалық талдауда жүйелілік әдісі де қолданылады. Осы әдістің және оның мүмкіндіктерінің негізінде тарихнамалық дамудың жалпы көрінісінен бір немесе бірнеше арнайы тақырыптар мен проблемалардың зерттелу жағдайын көруге, олардың өзара байланыстарының басты элементтерін анықтауға болады. Бұдан өзге анағұрлым дамыған тарихнамалық білімнің құрылымын, оның алғашқы сатыларын тануға жағдай жасайды.

Тарихнама басқа да ғылымдардан түрлі әдістерді, сондай-ақ аралас әдістерді пайдаланады. Мұндай әдістерді пайдалану зерттеу тәжірибесінде аса маңызды, өйткені ғылымның интеграциялану процесі бір ғылымның екінші бір ғылымнан зерттеу әдістерін алудан көрінеді. Мәселен, тарихнама ғылымы математика, әлеуметтану, тарихи демография ғылымдары кеңінен қолданатынстатистикалықәдісті кітап, журнал жылнамаларын және өзге де мерзімді басылым материалдарын талдауда пайдаланады.

Жоғарыда көрсетілген әдістер тарихнамада қолданылатын ғылыми таным тәсілдерінің барлығын қамтымайды, алайда олар бірігіп тарихнамалық шығармашылықтың мықты іргетасын қалай алады. Дегенмен түрлі тарихнамалық мәселелерді тиімді түрде талдауда ғылыми әдістердің өзге, жаңа түрлерін пайдалануға болады. Десек те белгілі бір әдісті таңдап алу кездейсоқ әрі мақсатсыз сипатқа ие болмайды. Ғылыми әдісті таңдау тақырыпқа және зерттеудің өзіндік ерекшеліктеріне, сондай-ақ методологиялық принциптеріне байланысты жүреді.

Осылайша ғылыми тәжірибеде қолданылатын тарихнамалық зерттеу әдістеріне тоқталып, олардың маңызын ашып көрсеттік. Жоғарыда аталып, талдау жасалған әдістердің көпшілігі тарихнамалық шығармашылықта пайдаланылады. Тарихнамашы-зерттеушілердің көпшілігі көрсетілген әдістердің тек кейбіреулерін ғана ұстанса, енді біреулері үш, төрт әдісті пайдаланумен шектеледі. Алайда ғылыми тәжірибеге сүйеніп айтатын болсақ, тарихнамалық әдістер неғұрлым барынша тиімді әрі орынды қолданылса, соғұрлым зерттеу ғылыми және нәтижелері құнды, тұжырымдары салмақты бола түседі. Сондықтан жас зерттеушілер тарихнамалық жұмыстың бастауында методологиялық әдістерді дұрыс таңдаулары тиіс. Методологиялық әдістері ғылыми талаптарға сәйкес дайындалған зерттеулерді нағыз тарихнамалық еңбектер деп бағалауға болады.

Тақырыптың мазмұнын бекіту үшін қойылатын сұрақтар:

1.Методология ұғымы және оны ұстанудың жолдары.

2.Методология мен әдістің айырмашылығы неде?

3.Тарихнама ғылымының өзіндік зерттеу әдістері және олардың қажеттілігі.

4.Тарихнамалық мерзімдеменің мәні мен маңызы.

5.Тарихнамалық зерттеуге аса қажетті әдістер.

 

Пәнаралық

Ғылым мен техника дамыған қазіргі ХХІ ғасырда белгілі бір ғылымды жеке оқып-үйрену, зерттеу мүмкін емес екендігіне көз жеткізіп келеміз. Дамудың интеграциясы және жаһанданудың ықпалы қоғамның барлық салаларынан, соның ішінде ғылымнан да көрініс беруде.

Соңғы уақыттарда оқытудың жаңа технологияларына ден қойылып, оқып-үйренудің дербестігіне, өз бетінше ізденістер жүргізуге жіті мән берілуде. Сонымен қатар кез-келген пәнді, ғылымды жеке дара емес өзге де ғылымдардың, пәндердің көмегімен, пәнаралық байланыста оқыту мен оқып- үйрену заман талаптарына сәйкес іске асырылуда.

Пәнаралық байланыстар туралы пікірлер ертеректе туған. Оның төңірегінде көптеген пікір-таластар өрістеген. Нәтижесінде ғалымдардың көпшілігі оның қажеттілігін дәлелдеп берген. Кез-келген ғылымды терең әрі жан-жақты тану үшін оны өзіне жақын, яғни туыстас ғылымдармен байланыстыра отырып жүргізу ғылыми жетістіктерге әкеледі.

Пәнаралық байланыс ұғымы соңғы уақыттарда кең етек жайып, осы негізде ғылыми зерттеулер жүргізу өзекті проблемаға айналуда.

Пәнаралық - бұл біздің заманымыздың сипатты көріністерінің бірі, білімнің әлеуметтік және саяси интеграциясы. Көп жақтылы ұғымда пәнаралылықтың бірпәнділіктен айырмашылығы оның әртүрлі пәндер, білім салалары арасында өзара әрекет етуі түрінде түсіндіріледі. Оның дамуы барысында идеялар мен көзқарастардың, терминдері және зерттеу тәжірибесінің интеграциясы, айырбасы жүреді. Осындай өзара ықпал етудің нәтижесінде ғылыми білімнің өзекті міндеттерін шешудің бағыты қалыптасып, ақырында зерттеу объектісінің мазмұны толығып, байи түседі.

Пәнаралыққа қатысты тағы да мынадай пікір орын алған: пәнаралық бір білім саласы элементтерінің екінші салаға өтуімен сипатталады. Мұнда ғылыми теориялар мен жалпыметодологиялық принциптер осындай элементтер ретінде саналады. Пәнаралық өзара әрекет ететін жекелеген проблемалардың бірпәндік деңгейінде жан-жақты зерттеліп, нәтижеге жеткен жерінде ғана жүреді.

Пәнаралықтың дамуы білімді белгілі бір ғылым салаларынан екінші ғылым салаларына жеткізуден көрінеді. Мұның өзі жаңа сапалы білімге қол жеткізу үшін жасалады. Ғылымның пәнаралық сипаты аралас және өзге де ғылым өкілдерінің бірігуін, олардың зерттеу аппараттарының интеграциялануын талап етеді. Осындай бағытта зерттеу пәнінің жаңа мүмкіндіктері ашылады. Бұл бағыт соңғы уақыттарда өзінің алғашқы табыстарына қол жеткізуде. Мәселен, отандық тарихшылар тарих ғылымында соңғы уақыттарда математикалық тәсілдерді қолдануға көше бастады.

Пәнаралықтың пайда болуы ғалымның методологиялық жұмыстарын күшейту, сапалы білім алудың жаңа деңгейінде зерттеу процесін өрістету қажеттіліктеріне байланысты деген пайымдау бар. Осылайша пәнаралық феномені ғылыми білімді дамытудың қозғаушы күштерінің біріне айналады.[50] Алайда пәнаралық өзара әрекет методологиялық талдауды алмастыра алмайды, алмастыруы тиіс те емес.

Пәнаралықты тарихнамада қолдану мүмкіндігі оның теориялық және гносеологиялық дәстүрлерімен, методологиялық жетілдірудің бағыттарымен байланысты бірқатар фундаменталды негіздерінен шығады.

Пәнаралық өзара әрекет тарихнамада бірнеше сатылар арқылы анықталады; зерттеу проблемасының қойылымы, оның мақсаты мен міндеттерін айқындау, материалды талдауда жалпы ғылыми және басқа да ұғымдарды таңдау.

Тарихнамадағы пәнаралық оның өзіндік потенциясы сызылып тасталғанда өзара әрекет етуі ахуалының орын алғандығын білдірмейді. Бұл өзара әрекет көшбасшылық деңгейдің орнына емес қол жеткізілген бірпәнділіктің методологиялық мүмкіндіктерімен бірге өмір сүреді. Методологияның пәнаралық сипатындағы зерттеудің ерекше бір құндылығы теориялық қорытудың негізінде ғана емес, ғылымның әртүрлі саласында қолданылатын тәсілдердің жолымен синтездің көмегімен жаңа нәтижелерге қол жеткізеді. Бұдан өзге бүкіл тарихнама ғылымындағы зерттеудің қайта құрылуы мен бір мақсатты деңгейінің тура мүмкіндіктері ашылады. Тарихнамадағы пәнаралық өзінің “жариялығының” арқасында методологиялық арсеналына білімнің жетістіктерін енгізу, әдіснамалық дәйектерді тарихнамадан алыс ғылымдардан іздеу мүмкіндіктерін тудырады.

Методологияның пәнаралық мүмкіндіктерінде тағы бір маңызды элемент - тарихнаманы адамзат қоғамы тарихының заңдылықтары туралы білім жүйесінде зерттеу орын алған. Пәнаралық тұрғыда жинақталған тарихнамалық фактілердің құрылымы және мазмұны, оларды талдау мен баға берудің критерийлері туралы мәліметтер фактілерге терең еніп қана қоймай, қосымша тәсілдер, соның ішінде жүйелеп талдау әдісі бойынша білімнің жинақталу тенденцияларын, олардың одан ары дамуын және жаңа ғылыми зерттеулерді болжауды айқындауға жағдай жасайды. Мұндай жетістікке қол жеткізу пәнаралықтың эмпирикалық тәсілдерін теориялық қағидалармен біріктіре алатын қабілетінің негізінде мүмкін болады.