КІРІСПЕ 3 страница

Тарихнама - тарих ғылымының тарихын зерттейтін ғылым саласы. Сондықтан да ол үнемі тарихнамалық зерттеулер деген ұғыммен тығыз байланысты. Тарихнамалық зерттеулер белгілі бір дәуірде пайда болған тарихи таным бағыттарына тән және әлеуметтік функциялар атқаратын принциптердің негізінде жүргізіледі. Сонымен қатар тарихнамалық зерттеулердің міндеттері тарих ғылымының даму сұраныстары мен қажеттіліктеріне байланысты айқындалады және қол жеткізілген тарихи таным мен тарихи ойдың деңгейіне, сондай - ақ зерттеу әдістеріне тікелей тәуелді болады.

Тарихнамалық зерттеулер ғылым ретіндегі жалпы мәселелермен тығыз байланысты. Тарихи танымның даму жолдарын бірізді қарастыра отыра тарихнамалық зерттеулер тарих ғылымының қозғаушы күштерінің, әртүрлі ғылыми мектептердің бағыттарының пайда болуының және ауысуының заңдылықтарын, олардың объективті шынайылықтың көрсеткіштеріне орай қалыптастырған тұжырымдамаларының, сол ғылыми ой-тұжырымдардың өз заманының қоғамдық өміріндегі, тарих ғылымын дамытудағы маңызын айқындауға мүмкіндік береді. Белгілі бір тарихи тұжырымдаманың әлеуметтік- тарихи тәжірибенің тезіне төтеп беруі туралы мәселені анықтаудың міндетін қойған тарихнамалық талдау тарихи зерттеулердің теориялық тәжірибесін қорытындылауға алып келеді. Тарихнамалық зерттеулердің тарих ғылымын дамыту үшін қажеттілігі тарихи танымның дамуы ережеге сәйкес бұрын ғылыми айналымда болған деректердің шынайылық дәрежесін сын тезінен, сонымен бірге жинақталған фактілік материалдарды жаңа ой елегінен өткізуді талап етеді. Фактілік материалдың үздіксіз өсіп отыратын өзара байланыстағы тарихи оқиғалардың буындары ретінде белгілі фактілердің тарихтың ағымында жаңа мән мен маңызға ие болғандығын байқау нәтижесінде объективті қажеттілігі арта түседі.

Осыған орай тарихнама зерттеудің мынадай негізгі аспектілерін иеленеді.

Біріншіден. Тарихи таным өзінің дамуының әрбір жаңа сатысында әлеуметтік қызмет атқарады әрі сол әлеуметтік функциялардың әртүрлі дәуірлерде жүзеге асырылуын анықтайды. Зерттеудің осы аспекті тарих ғылымы мен қазіргі кезеңнің өзара қарым-қатынастарын қарастыра отырып тарихнама тарихи танымның әлеуметтілігінің аса маңызды дерегін зерттейді, тарихи танымның тарихшының әлеуметтік позициясына тәуелділігінің қорытындысын шығарады.

Екіншіден.Теориялық-методологиялық принциптерді зерттеу әрбір тарихи ой-тұжырымның бағыттарына тән. Бұл үшін бір жағынан тарих ғылымы және екінші жағынан философия, әлеуметтану, саясаттану, құқықтану, теориялық жаратылыстану ғылымдары арасындағы байланыстарды ашу қажет. Алайда теориялық-методологиялық принциптерді зерттеу тарихшылардың белгілі бір мектептерінің жалпы теориялық пікірлерін жинақтап талдаумен шектелмеуі тиіс. Ол тарихи зерттеулердің теориялық-методологиялық ережелері мен тәжірибесін қолдануды талдауы қажет.

Үшіншіден.Тарихи еңбектердің деректанулық базасын, деректерді пайдаланудың сипатын, зерттеудің нақты әдістерін талдау. Тарихнаманы осы тұрғыда қарастыру зерттеудегі тарихи ойдың түрлі бағыттарына тән өзіндік әдістерін айқындауға, тарихи фактілерді орнату мен жүйелеуде әрбір ғылыми мектептің орнын анықтауға, тарихи зерттеудің методологиясының және әдістерінің өзара байланыстарын ашып көрсетуге мүмкіндік береді.

Төртіншіден. Тарихи зерттеулердің проблемасын, оның дамуы мен кеңеюін талдау тарихи таным прогресінің аса маңызды көрінісін және белгілі бір тарихи дәуірдің әлеуметтік-экономикалық, саяси талаптарының көрініс табуын талдау.

Бесіншіден.Тарихи ойдың әртүрлі бағыттары және түрлі мектептер қалыптастырған ғылыми тұжырымдамаларды зерттеу. Тарихи тұжырымдамаларды талдау бір жағынан жарамсыз көзқарастардың жойылуы процесін дәйектеуге, екінші жағынан, тарих ғылымының дамуындағы сабақтастықты айқындауға, осы дамудың алдыңғы кезеңдердегі объективті шынайы нәтижелерін жаңа жағдайларда пайдалануға қолайлы мүмкіндік тудырады. Осындай негізде әртүрлі мектептер өкілдерінің тарихтың сол кезеңдеріндегі өзекті мәселелері бойынша күресі анық бейнеленеді.

Алтыншыдан.Тарих саласындағы зерттеу жұмысының түрі мен ұйымдастырылуын, оған қоса ғылыми мекемелер және мұрағаттар жүйесін, мамандар даярлау мәселелерін, баспа қызметін, тарихи тұжырымдарды пайдалану түрлерін, оларды насихаттауды зерттеу, т.б.

Тарихнамалық зерттеудің түрлі аспектілері бір-бірімен тығыз байланысты. Тек тарихнамалық материалдарды кешенді түрде зерттеу тарих ғылымы тарихының негізгі желісін және оны ғылым ретінде тұтастай көрсетуге, сондай-ақ жекелеген мәнді құбылыстарын ғылыми тұрғыда қайта жаңғыртуға жол ашады. Сонымен қатар тарихнамалық зерттеу заманауи көкейкесті мәселелерді белгілеп, оларды жаңа тарихи таным мен көзқарастар негізінде ғылым таразысынан өткізуге, тың еңбектер дайындауда жинақталған тәжірибені қолдануға мүмкіндік береді. Тарихнамалық мәселелерді зерттеу қазіргі кезеңде зерттеушіден мәдениеттің жалпытарихи жоғары деңгейін, нақты тарихи материалды терең білуін, біліктілікті, сонымен қатар ғылымның методологиялық ұстанымдарын жан-жақты меңгеруін талап етеді.

return false">ссылка скрыта

Тарихнама тарихтың тарихын зерттейтін ғылым саласы ретінде өзінің алдына нақты мақсат-міндеттерді қояды.

Тарихнама ғылымының мақсаты - белгілі бір ғылыми мәселенің зерттелу деңгейін анықтап, тарихнамалық деректердің мән мазмұнын, зерттелу бағыттары мен үрдістерін айқындау, объективті түрде зерттелмеген тұстарын тану.

Ғылымның міндеттері ;

-тарихнамалық деректерді жинақтау, жүйелеу ;

-тарихнамалық фактілерді жинап, оларға талдау жасау;

-тарихнамалық фактілердің тарихи оқиғалар мен процестерді зерттеуінің деңгейін сараптау, ұтымды тұстары мен олқылықтарын айқындау;

-тарихнамалық талдау арқылы ғылыми еңбектерге баға беру;

-тарихнамалық деректердің саяси-әлеуметтік жүйелер мен идеологияларға тәуелділігін анықтау;

-белгілі бір мәселенің зерттелмеген тұстарын айқындап, келешек ізденушілерге тың тақырыптар ұсыну.

 

Тақырыптың мазмұнын бекіту үшін қойылатын сұрақтар:

1.Тарихнама ғылымының даму үрдістерін көрсетіңіз.

2.Отандық тарих ғылымның дамуына сүбелі үлес қосқан орыс зерттеушілерінің есімдері мен еңбектерін атаңыз.

3.Әрбір тарихнамалық кезеңдегі ғылыми еңбектердің ерекшеліктерін ашып көрсетіңіз.

4.Тарихнаманың өзге тарих ғылымы салалары арасында алатын орны мен атқаратын рөлі қандай?

5. Тарихнамалық зерттеу үлгісі арнайы курсының пәні, мақсаты мен міндеттері.

 

 

ТАРИХНАМА ҒЫЛЫМЫНЫҢ МЕТОДОЛОГИЯСЫ

Тарихнамалық зерттеу әдістері

 

Тарихнаманың өзге де ғылымдар тәрізді өзіндік методологиялық негіздері мен ұстанымдары бар. Методологиялық мәселелердің дұрыс қойылуы ғылымда оқиғалар мен құбылыстарды объективті түрде терең зерттеуге жол ашады.

Методология көне грек сөзінен аударғанда “методос” - “зерттеу жолдары,” “таным тәсілдері”, ал “логос” ілім деген мағына береді, яғни ол ғылыми зерттеу жолдары, таным тәсілдері туралы ілім болып шығады. Ғылымда методологияның “тарихи таным теориясы” деген интерпретациясы да кездеседі. Қазіргі кезеңде методологияның анықтамасын беруде ресейлік тарихшылар белсенділік танытуда. Мәселен, В.В.Журавлев: “... тарихи зерттеу методологиясы - бұл тарихи білімді дүниеге келтіру және олардың принциптерін реттеу. Методология бұл тұста ғалымның қарамағындағы малай немесе құлдық ұруды талап ететін патша емес. Яғни, методологияны “не істесем де өзім білемін” деген принципті ұстанып, оны біржақты дәріптеуге немесе елеусіз қалдыруға болмайды. Нағыз тарихшы ең алдымен өмір бойы методологиялық жағынан жетіледі. Ол ғылымда жинақталған методологиялық қазынамен бірге өседі, ал соңғысы ғалымның күш-қайратының арқасында молаяды”[39], - деп жазды. Сонымен тарих ғылымының методологиясы теориялық, дүниетанымдық ережелердің жүйесі, ол нақты шындықты танудың тәсілдері ретінде ғылыми талдау жасау талаптарынан пайда болады. Басқаша айтқанда тарих ғылымының методологиясы ғылыми зерттеу жұмысында танымдық принциптер, идеялар ретінде пайдаланылатын белгілі бір дүниетанымдық теориялық ережелердің жүйесі. Методология - белгілі бір мәселені зерттеудің ғылыми әдістемелері. Тарих ғылымындағы зерттеу тәсілдері мен жолдары, яғни методология математикадағыдай дайын формула емес, ол өзін теориялық жағынан жетілдіруді және үздіксіз ізденістер арқылы қалыптастырып, дамытуды талап етеді. Методологияға сүйеніп, зерттеуші іс-тәжірибелік қызметінде әдістер кешенімен жұмыс істейді. Осыған байланысты ғылыми әдістер құрылымын былайша көрсетуге болады. 1. Танымның мазмұнын сипаттайтын дүниетанымдық ережелер мен теориялық принциптер. 2. Зерттелуге тиіс мәселенің ерекшеліктеріне сәйкес әдістемелік қолданыстар. 3. Ғылыми зерттеуді дәйектейтін, оның барысы мен нәтижелерін көрсетуде қолданылатын тәсілдер. Осылайша, әдіс зерттеудің теориясының, әдістемесінің және техникасының өзара байланысын іске асырады.

Методология әдістен де кең, ол әдістердің ілімі ретінде білімнің үш деңгейінен құралады: философиялық, ғылыми-теориялық және эмпирикалық.

Енді тарихнаманың зерттеу әдістерін көрсетуге көшейік. Методологияның аса бір маңызды міндеттері тарихнама ғылымының әдістерінің табиғатын, пайдаланылуын және ерекшеліктерін айқындау. Осы мақсатқа қол жеткізу әдістің жалпы мазмұнын, соның ішінде ғылымның әдісі ретінде түсіну арқылы мүмкін болады.

Әдістің ғылыми зерттеу үшін маңызы өте зор. Оның үстіне тарихнамалық процестің күрделілігі көптеген зерттеу тәсілдерін қолдануды талап етеді. Тарих ғылымында әдістің құндылығы сол, ол методологияны жетілдіру және байыту мақсатында қажетті материал бере алады.

Әдіс адамның танымдық қызметіндегі және тәжірибеде белгілі бір нәтижелерге қол жеткізудің тәсілдері, құралы ретінде баршаға таныс. Орыс зерттеушісі Е.М.Жуков: “әдіс ғылымға бағыт беріп қана қоймайды, сонымен қатар қарастырылуға тиіс процестер мен құбылыстарды шырғалаңнан шығарудың дұрыс жолын көрсетеді”, - деп толықтырған[40]. Осы тұрғыдан алғанда әдіс ғалымға тақырыпты зерттеуде бағыт беріп, оның танымдық қызметін рационалдандырып, тиімділігін қамтамасыз етеді әрі өзіне дейінгі зерттеушілердің жинақтаған фактілері мен мәліметтерін жүйелеуге, бағалауға жағдай жасайды. Сондықтан да әдіс өткен уақыттардағы ғылыми жұмыстың тәжірибесінен орын алып, болашақтағы зерттеудің шешуші факторы ретінде шынайы білімді қалыптастырудың тәсіліне айналады.

Айта кетерлік жайт, ғылыми әдебиеттерде әдіс өздігінен жасампаздық рөл атқара алмайды, ол тек шығармашылық қабілеттің дамуына жағдай жасайды деген пікір де кездеседі. Шындығында да тарихнамада әдіс өзінен-өзі зерттелуге тиіс материалға қосымшасыз білімге айнала алмайды, ал егер оны шеберлікпен таңдап, пайдалана білсе, тарихи білімді алға жылжытады. Осындай мағынада әдістің шығармашылық рөлі туралы айтуға болады. Тарихнамада әдістер тарих ғылымын дамыту үшін жаңа білімді алу мақсатында пайдаланылады.

Әдіс эвристикалы. Ол өз бойында объективтілік пен субъективтілікті сақтайды. Осы орайда орыс зерттеушісі П.В.Копнин: “танылған заңдылықтар әдістің объективті қырын құрайды, ал соның негізінде пайда болған зерттеудің тәсілдері мен құбылыстардың өзгеруі субъективті өмір сүреді”,[41] - деп санайды. Әдістер жетіліп, өзгеріп, басқаларға орын беріп, анағұрлым прогрессивті әрі рационалды бола түседі. Әдіс методология арқылы теориямен астасып жатады, өйткені теория ғылыми әдістің дамуынсыз өмір сүре алмайды. Себебі әдіс теориялық білімге негізделген сайын күшейе түседі. Сондай-ақ әдіс пен теорияның бөлінуі алғашқысының бұрмалануына, соңғысының мазмұнынан айырылуына әкеледі.

Осылайша теория мен әдістің диалектикалық өзара байланысының нәтижесінде олардың арасында бір-бірімен сабақтастықтағы толысу процесі жүреді. Мұның өзі тарихнаманың тәжірибесін түсіну үшін қажет.

Әдіс және оның сипаты зерттеу объектісіне қатысты айқындалады. Ол зерттелуге тиіс объектінің ерекшеліктерімен байланысып қана қоймайды, екі түрлі фактор арқылы оның мәні терең ашылады. Олар зерттеушілердің алдыңғы ұрпағының материалдар жинақтауы және талдануы, шынайылыққа жетудегі әлеуметтік принциптің рөлі.

Тарихнамадағы әдістің ерекшелігі мен атқаратын рөлін айқындау үшін жалпы ғылымдағы әдістің анықтамасын, ғылыми танымның түсінігін, сонымен қатар тарих ғылымын дамытудың жинақталған тәжірибесін білу қажет.

Тарихнамадағы зерттеу, яғни ғылыми әдістер - бұл тарихнамашының танымдық қызметіндегі тарихи білімнің шынайылығына жетудегі саналы тәсілдер мен жолдар. Әдіс - тарихи заңдылықтарды оның нақты көріністері тарихи фактілер, фактілерден жаңа білімді шығару жолдарын зерттеудің тәсілі.[42] Әдістер тарихнамашының қызметін рационалдандырып, ғылыми зерттеуде пайдаланудың тиімділігін қамтамасыз етеді. Сөйтіп тарихнамашының ғылыми ізденістерінің методологиялық бағыты айқындала түседі.

Методология әдістен де кең ұғым. Методология мен әдістің арасында айтарлықтай айырмашылықтар бар.

Объектіні, оны тану тақырыптың зерттелу деңгейіне байланысты зерттеу әдістері әртүрлі болып келеді: теориялық, эмпирикалық, жалпы, дара, салыстырмалы, қосалқы, көркемсуретті және т.б. Методология осы және басқа әдістердің жалпылама, әртүрлі болулары туралы ғана ілім болып табылмайды. Ғылыми жұмысты жүргізудің әдіс-тәсілдерінің көмегі арқылы анықталатын әдістің функциялары және оларды пайдалану методология үшін жеткіліксіз, өйткені олардың құрамынан ғылыми ақиқаттың жалпылама жетістігін қамтамасыз етуге бағытталған құрылымдық элементтер орын алмаған. Сонымен қатар әдістің өз бетінше әрекет етуі де салыстырмалы, себебі ол зерттеу жүргізілмесе, қолданылмайды.

Әдістің функциялары туралы келтірілген пікірлер мынадай қорытынды жасауға мүмкіндік береді: біріншіден, методология бүкіл танымдық процеске бағыт беруші әдіс ұғымынан әлдеқайда кең әрі ауқымды, өйткені ол дүниетанымның жалпы құбылыстарын бейнелейді, әдістің ғылыми қолданысын қамтамасыз етеді және ғылыми танымның барлық жүйесінде байланыстырушы рөл атқарады. Екіншіден, ғылымда да дүниетанымдық рөл атқарады.

Методология мен әдісті теңестіру әдіснаманы гносеология позициясына түсіріп, таным теориясындағы онтологиялық, аксиологиялық аспектілерді әлсіретеді.

Тарих ғылымы методологиясының мәнін ашуға бағытталған осындай жалпы бағыт әдіс пен әдіснаманың субординациялық өзара қарым-қатынасын ашуға мүмкіндік береді.Осы турасында ғалымдар арасында “егер методология танымдағы басты жол болса, әдістер осы жолмен қалай жүруді анықтап береді және методология талдаудың құралы, бірақ ол сол талдауды алмастырмайды” деген қағида қалыптасқан.

Дегенмен айтылған пайымдаулар тарихнама үшін жеткіліксіз. Методология әдістерді талдау және сыныптау, сондай-ақ олардың арасынан тиімділерін таңдап алу мүмкіндігіне ие. Оларды тарихнамалық тәжірибеде пайдалануда тарихнамалық талдаудың объектісі, зерттеудің мақсат-міндеттері және т.б. тәрізді бірқатар шарттары орын алған. Методологияда таным әдістері зерттеу тәсілдері ретінде трансформацияланады, берік теориялық негізге айналады деген де пікірлер кездеседі.

Методологиялық талдаудың тағы бір артықшылығы, ол теориялық негізде таңдап алынған әдістерді біріктіре алады, ақиқат жолындағы қызметінің соңғы нәтижесіне қол жеткізеді.

Осылайша, методология мен әдістер қай жағынан алып қарасаңыз да синонимдер бола алмайды. Методология мен әдістерді теңестіру ұмтылыстарына қарсы шыға отырып, олардың өзара байланысының генетикалық түп-тамырын және ғылыми танымның шынайылығын қамтамасыз ету мақсатының, тарих ғылымын дамытудағы заңдылықтарының ортақ екендігін баса айтқан жөн. Осы орайда әдістер методологияның жекелеген аспектілерін іске асырады деп санауға болады. Бұдан өзге әдіс ғылыми таным методологиясын жетілдіріп, байытуда орасан зор мәлімет береді. Алайда методологияның біртұтас жүйесінде әдістер өзіндік негіздемесі, орны арқылы дамып, жетіледі. Тарихнамада қазіргі кезеңдегі әдістер жүйесі қолданылады. Тарих ғылымының тарихындағы әдістер гуманитарлық пәндердегі ғылыми зерттеу тәсілдеріне ұқсайды. Осыған орай оларды мынадай етіп жіктеуге болады: тарихнаманың ерекшеліктері мен міндеттері ескерілген барлық гуманитарлық немесе қоғамдық ғылымдарға ортақ әдістер; тарихнамалық танымның өзіне тән әдістер; басқа да, соның ішінде аралас ғылымдардан алынған, яғни пәнаралық әдістер.

Айта кетерлік жайт, жалпы ғылыми әдістерді тарихнамада нақты пайдалану оның терминдер аппаратын толықтыратын дәйекті дерек болуына мүмкіндік береді. Зерттеу әдістері тәжірибеде “таза” күйінде қолданылмайды, олар бір -бірімен қосылып, тарихнамалық еңбек дайындауда әртүрлі әдістердің қоспасы ретінде көрініс табады.

Ғылымда тиімді әдістерді пайдалану мынадай факторларға байланысты болады; ғылымның даму деңгейі, зерттеушінің біліктілігі, оның әлеуметтік позициясы, дәстүрлер және т.б. тарихнамадағы тарихи салыстырулардың, теңеулердің, параллелдердің және т.б. маңызы зор. Осындай “қасиеттерді”салыстырмалы-тарихи әдіс өз бойына жинаған. Бұл әдіс басқалардың арасында алдыңғы орынды иеленеді, себебі тарихилықтағы әмбебап потенцияны біріктіреді, тарих ғылымының болашағын болжауға қолайлы жағдай тудырады.

Тарихнамада осы әдіс өзінің мақсат-міндеттерінен шыға отырып, белгілі бір тарихи жағдайда пайда болып, әртүрлі даму сатыларында түбегейлі өзгеріп отырған, әрекет еткен тарихнамалық фактілерді оқып-үйренуге мүмкіндік береді. Бұл әдіс тарихнамада сонымен қатар жекелеген тарихи сатыларда қалыптасып, тарихи білімнің жаңа міндеттері мен шарттарына қарамастан қайталанатын құбылыстардың алғышарттарын, себептерін айқындауда аса қажет. Қайталанатын тарихнамалық фактілердің себептерін ашуда тарихнамашы салыстыратын құбылыстың ең алғашқы интерпретациясына назар аударуы тиіс. Аталмыш әдіс генетикалық туыстастықтағы, бірақ шығу тегі жағынан бір-бірімен байланыспаған, дегенмен біртұтас тарихнамалық ахуалға әрекет еткен фактілерді салыстыруда жиі қолданылады. Ескеретін жайт, салыстыратын құбылыстардың ортақ белгілері болуы тиіс. Оның үстіне тәжірибеде салыстырмалы тарихи әдісті пайдалану тарихнамашыны тарихты бұрмалау мен жаңсақ етуден сақтандырады.

Салыстырмалы-тарихи әдіс - тарих ғылымында жинақталған терең білімді айқын көрсетуге, ғылымның дамуы заңдылықтарын анықтауға, пікір өрісінің тарлығынан босауға, тарих ғылымын ары қарай дамытуға жағдай жасайтын тарихнамадағы қолайлы әдістердің бірі. Салыстырмалы-тарихи әдіс тарихнамада нақты талдауды жоққа шығармайды, керісінше оны қолдануды қажет етеді.[43] Нақты талдауға теориялық және нақты - тарихи мәселелерді бір- бірімен өзара байланыста зерттеуде ғана қол жеткізуге болады. Нақтылы ғылым дамуындағы белгілі бір оқиғалардың себептерін, қарастырылатын мәселелердің кеңдігін, бұрын-соңды ашылмаған жаңа тақырыптардың пайда болуын, соны идеялар, қорытындылар, пікірлер қалыптастырудың, т.б. шарттарын іздеп табуды білдіреді.

Салыстыру тарихнама үшін аса қажет, өйткені осы әдіс арқылы бұрын белгісіз болып, зерттелмей келген тарихнамалық факт ғылыми айналымға енген, тарихнамашының тиісті бағасына ие болған деректер өзара салыстырылады. Салыстырмалы - тарихи әдіс ғылыми әдебиеттерге енген қате пайымдаулардың, бірнеше рет қайталанған кемшіліктердің себептерін анықтауда, сондай-ақ оларды болашақта болдырмаудың алдын-алуда елеулі рөл атқарады.

Айта кетерлік жайт, білімнің белгілі бір мөлшері жинақталғанда әрі зерттеу құбылыстары сан қырлы болғанда ғана салыстыруды жүргізген жөн. Астын сызып айтылуға тиіс тұжырым, салыстырудың ғылыми құндылығы салыстырылатын тарихнамалық фактілерді терең түсінуге байланысты арта түседі.

Осылайша, салыстырмалы-тарихи әдіс тарихнамаға тарих ғылымында жинақталған білімнің тереңдігін ашып көрсетуге, даму заңдылықтарын нақты айқындауға, пайымдауларды таразылауға, тарихтың тарихын дамытудың бағыттарын көре білуге жағдай жасайды.

Аталмыш ғылыми әдіс тарихнамада нақты талдау тәсілін қолдануға жол ашады. Нақты талдауға теориялық және нақты-тарихи зерттеудің өзара тоғысуларының негізінде қол жеткізіледі, себебі мәселенің тарихы мен теориясы бір-бірімен тығыз байланыстағы, бірінсіз-бірі өмір сүре алмайтын ғылыми таным тұстары болып табылады.

Тарихнамадағы нақты талдау тарихнамалық құбылыстарды олардың пайда болуы мен өзара ықпал ету шарттарын ескеріп, теориялық фактілік материалдарды және көптүрлі элементтердің бірлігі ретінде зерттеу дегенді білдіреді.

Нақтыландыру - ғылымды дамытудағы белгілі себептерді айқындауға, тақырыпты кеңейтуге бұрын зерттелмеген тақырыптарды шығаруға, жаңа идеяларды, пайымдауларды, қорытындыларды қалыптастыруға қажетті алғышарттарды іздеу. Көптүрліліктің бірлігі осылайша пайда болады. Осылайша нақты талдауды тарихнама ғылымын дамытудың маңызды әдістерінің бірі, оның “жаны” деп санауға болады.