ХYІ. Сын есім

1. Сын есімнің лексика-грамматикалық сипаты.

2. Сын есімнің сапалық және қатыстық түрлері. Мағыналық және құрамдық ерекшеліктері.

3. Сын есімнің жасалуы, морфологиялық құрамы.

4. Сын есімнің адъективтену процесі.

5. Сын есімнің шырайлары:

А)сын есімнің шырайлары туралы көзқарастар;

ә) шырай тұлғаларының форма тудыру жүйесінен алатын орны;

б) шырайлардың түрлері және жай шырай проблемасы.

 

Сабақтың мақсаты

Сын есімнің семантикалық және грамматикалық сипатын меңгеру арқылы оның басқа сөз таптарынан бөлініп, жеке сөз табы бола алатынын, ондағы шырай категориясының орнын және сөйлемнен сын есімдерді тауып, мағыналық, тұлғалық, құрамдық түрлеріне талдай алып, сөйлемдегі қызметін ажырата білу.

 

Сын есім – семантикалық сипаты жағынан (жалпы грамматикалық мағынасы) жағынан заттың әр түрлі сапа, белгісін, түсін, затқа, құбылысқа, іс-әрекетке қатысын білдіретін сөздер, сондықтан қандай? қай? қайдағы? қашанғы? тәрізді сұрақтарға жауап береді.

Сын есімнің мынадай маңызды белгілері болады:

1.Заттың түсін, түрін білдіреді: ақ (қағаз), көк (сия), қара (костюм), сұр (бұлт), құла (бие), күрең (ат), қызыл (сиыр), жасыл (желек), т.б.

2. Заттың көлемдік, аумақтық, салмақтық белгісін, сынын білдіреді: биік (үй), кіші (інісі), тар (бөлме), ұзын (жіп), жеңіл (жүк), т.б.

3.Заттың сапалық белгісін, сипатын білдіреді: жақсы (сөз), жаман (ырым), сараң (кісі), тентек (бала), алғыр (оқушы), зерек (оқушы), жалқау (кісі), т.б.

4.Заттың дәміне, иісіне, және басқа сипаттарына байланысты белгілерін білдіреді: ащы (сөз, тұщы (ас), қышқыл (қымыз), тәтті (су), жұмсақ (төсек).

5. Затқа, қимыл-әрекетке, мезгіл-мекенге қатысты сынды білдіреді: тасты (жер), балалы (үй), білімді (жігіт), көтеріңкі (көңіл), сусыз (арна), қысқы (каникул), аспалы (шам), жазғы (демалыс), төменгі (ағыс),т.б.

6.Сын есім қандай? қай? деген сұрақтарға жауап береді. Мысалы: Жақсы (қандай?) бала, таза (қандай?) бөлме, қызыл (қандай?) орамал, үлкен (қай?) бала, кіші (қай?) қызы. Желсіз түнде жарық ай сәулесі суда дірілдеп …(Абай). Осы сөйлемде желсіз, жарық сөздері түн және ай деген зат есімдердің сын-сапасын білдіріп тұр. Қандай? деген сұраққа жауап береді. Қандай түн? – Желсіз түн; қандай ай? – жарық ай. Сөйтіп, заттың сынын, сапасын, сипатын түр-түсін, көлемін білдіріп, қандай? қай деген сұрақтарға жауап беретін сөз табы сын есім деп аталады.

Мағыналық жағынан сын есімдер заттың сапалық, сындық белгісін, түсін білдіріп, сапалық сын есім және бір затқа, құбылысқа, қимылға қатысын білдіріп, қатыстық сын есімдер болып бөлінеді. Сапалық сын есім мен қатыстық сын есімнің айырмасы ең алдымен білдіретін мағынасына байланысты.

Негізгі түбір сын есімнің өзінен болып, заттың снын, түр-түсін тікелей анықтайтын болса, ол сапалықсын есім болғаны. Мысалы: көк (шөп), қызыл (бояу), жақсы (сөз), ащы (су), көкшіл (мата), қызғылт (орамал), жақсырақ (орын), ащылау (қымыз), жап-жасыл (орман), тұп-тұщы (өзен).

Сын есім басқа сөз табынан да жасала береді. Зат есім, есімдік, етістік, үстеуге сын есім тудыратын жұрнақтар жалғанып, туынды сын есім жасалады. Оны қатыстық сын есім дейді. Қатыстық сын есімнің мағынасы өзіне негіз болған түбір сөздің мағынасымен байланысты, соған қатысты болады.

Мысалы: өнерлі жігіт, орманды алқап. Сонымен, заттың түр-түсін, сын-сапасын тікелей анықтайтын сын есімді сапалық сын есім дейміз. Сапалық сын есімдерге шырай жұрнақтары жалғана алады. Ал заттың сын-сипатын, әр түрлі белгісін басқа сөз табының қатысы арқылы білдіретін сын есімді қатыстық сын есім дейміз.

Сын есімнің жасалуы. Сын есім құрамы жағынан негізгі сын есім және туынды сын есім болып бөлінеді. Ешбір қосымшасыз негізгі түбір күйінде жұмсалатын сын есімді негізгі сын есімдейді. Мысалы: қара, көк, биік, таза, жақсы, сары, терең, т.б. Бұл сияқты сөздер - әрі қарай бөлшектеуге келмейтін негізгі түбірлер.

Басқа сөздерден жұрнақ арқылы жасалған сын есімді туынды сын есім дейді. Мысалы: көш-пелі (ел), кеш-кі ауа), өнер-лі (жігіт), аудан-дық (комитет), азаматтық (борыш), тарих-и (оқиға), үрк-ек (ат), т.б. Құрамы жағынан туынды сын есім негізгі түбір мен қосымшадан (жұрнақтан) тұрады. Демек, туынды сын есімдер жұрнақтар арқылы жасалған сын есімдер болып табылады. Туынды сын есімдер жұрнақтар арқылы есім сөздерден де, етістіктен де жасалады. Мысалы: қыс-қы (күн), су-сыз (жер), сөз-шең (адам), т.б. сын есімдердің түбірі зат есім болса, тол-ық (адам), көтер-іңкі (көңіл), ауыспа-лы (егіс), үсте-ме (ақы) ,т.б. сын есімдердің түбірі – етістік. Сондықтан да сын есім жасайтын жұрнақтар екі топқа бөлінеді: есім сөзден сын есім тудыратын жұрнақтар және етістіктен сын есім тудыратын жұрнақтар. Сын есім сондай-ақ қосарлану және тіркесу арқылы жасалады. Мысалы: үлкен-кіші, апалы-сіңлілі, биік-биік, жақсы-жаман, балалы-шағалы және шұбар ала, қара көк, ақ сақалды, жирен қасқа, т.б. Бұлар құрамына қарайкүрделі сын есімдер деп аталады. Бір ғана түбірден, негізгі немесе туынды түбірден тұратын сын есімдер дара сын есімдердеп аталады.

Есім сөздерден сын есім тудыратын негізгі жұрнақтар:

  1. лы,-лі, -ды,-ді,-ты,-ті; тау-лы, тас-ты, дене-лі, көрік-ті, өнер-лі т.б.
  2. –сыз,-сіз: жер-сіз, қызмет-сіз, жол ас-сыз, ағаш-сы.
  3. ғы,-гі –қы, -кі: жаз-ғы, іш-кі, сырт-қы, соң-ғы, күз-гі, түн-гі т.б.
  4. –лық,-лік, -дық,-дік, -тық,-тік: азамат-тық, жыл-дық, көлем-дік, күн-дік, өлке-лік, кәмелет-тік т.б.
  5. –шыл,-шіл: жер-шіл, ұйқы-шыл, күлкі-шіл, үй-шіл, сыр-шыл т.б.
  6. –шаң,-шең: бой-шаң, сөз-шең, киім-шең, тер-шең т.б.
  7. –дай,-дей, -тай,-тей: үй-дей, қой-дай, арыстан-дай, ат-тай, түлкі-дей т.б.
  8. –кер,-қой,-қор,-паз,-ымпаз,-імпаз: табыс-кер, найза-гер, әуес-қой, сән-қой, бәле-қор, жем-қор, шай-қор, өнер-паз, әсем-паз, жеңім-паз т.б.
  9. и,-ы, -і: тарих-и дін-и, әдеб-и, ресм-и, мәден-и, қазақ-ы, қалмақ-ы, естек-і, (башқұр-лық), алтай-ы, араб-ы т.б.

Ескерту: 1. Көрсетілген жұрнақтардың кейбірі басқа сөз табында да кездеседі. Мысалы: -лық,-лік, -дық,-дік, тық,-тік жұрнағы зат есім де жасайды: жақсы-лық, жаман-дық, дос-тық, күрде-лік, орын-дық, т.б. –сыз,-сіз, -дай,-дей, -тай,-тей –шаң,-шең т.б. үстеуде де кездеседі. Мысалы: ақы-сыз берді, ат-сыз келді, қыс-тай дайындалды, тоты-дай сайрады, көйлек-шең отырды т.б. Бұндай сөздер сөйлемде білдіретін мағынасы мен қызметі арқылы ажыратылады.

Араб-иран тілдерінен енген –кер,-қой,-қор,-паз жұрнақтары үндестік заңына бағынбайды, өйткені бұл жұрнақтардың жуан-жіңішке сыңарлары жоқ.

2.Етістіктен сын есім тудыратын жұрнақтар.

Етістіктен сын есім тудыратын негізгі жұрнақтар:

1.-ғақ, -гек, -қақ,-кек, -ақ, -ек:ұрыс-қақ, үрк-ек, қорқ-ақ, бөл-ек т.б.

2. –ық, -ік, -қ, -к: тол-ық, сын-ық, аш-ық, ақса-қ, сире-к, біт-ік т.б.

3.-ғыш, -гіш, -қыш, -кіш: біл-гіш, жаз-ғыш, көр-гіш, айт-қыш, бар-ғыш т.б.

4. –ғыр, -гір, -қыр, -кір: ұш-қыр, ал-ғыр, тап-қыр, біл-гір т.б.

5. –шақ, -шек: ұрын-шақ, жасқан-шақ, сүрін-шек, қызған-шақ, мақтан-шақ т.б.

6. –ыңқы, -іңкі, -ңқы, -ңкі: бас-ыңқы, көтер-іңкі, шаш-ыңқы, салбыра-ңқы т.б.

7. –ынды, -інді, -нды, -нді: жаса-нды, құра-нды, түй-інді, т.б.

8. –малы, -мелі, -балы, -белі, -пелі: көтер-мелі, таңда-малы, айнал-малы, жылжы-малы, ауыс-палы, көш-пелі т.б.

9. –ымды, -імді, -мды, -мді: жара-мды, шыда-мды, қон-ымды, келіс-імді т.б.

10. –аған, -еген: қаш-аған, сүз-еген, қаб-аған т.б.

11. –улы, -улі: қаңтар-улы, іл-улі, ая-улы, ас-улы т.б.

12. –ма, -ме, -ба, -бе, -па, -пе: қыз-ба, бұра-ма, бас-па, боя-ма т.б.

Сын есім қатары адъективтену (сын есімге ауысу) процесі арқылы да толығып отырады. Мысалы, сүзеген, қабаған, тебеген, жанар (тау), құттықтау (сөз), т.б. қазіргі кезде етістік емес, сын есім деп танылады.

Грамматикалық, құрамдық сипаты жағынан сын есімдер көбіне негізгі түбір және шырай категориясын жасауға негіз болатын сөздер, қатыстық сын есімдер, туынды түбір (басқа сөз таптарынан жасалған) және шырай формаларын жалғамайтын сөздер болып келеді.

Сын есімнің түрлену жүйесі деп шырай тұлғаларын айтып жүр. Бірақ бұл – дұрыс емес. Түрлену жүйесі жағынан сын есім - түрленбейтін сөз табы. Ал шырай тұлғалары жалпы сын есімнің емес, оның бір ғана тобының – сапалық сын есімнің ғана лексика-грамматикалық категориясы.

Сапалық сын есімнің шырай категориясы

Шырай категориясы әдетте сын есімнің категориясы деп танылып жүр. Бірақ, біріншіден, сын есімнің бәрі бірдей, яғни сын есімге сөз табына жататын сөздердің барлығы шырай тұлғаларымен түрленбейді, шырай тұлғалары кез келген сын есімге жалғана бермейді. Мысалы, жақсы -жақсырақ -жап -жақсы-тым жақсы, үлкен-үлкендеу-үп-үлкен-аса үлкен, сары-сарылау-сап-сары-өте сары т.б. болса да, таулы дегеннен таулырақ, не тап-таулы, өте таулы деп, кешкідегеннен кешкілеу не кеп-кешкі, аса кешкі деп, алғыр дегеннен алғырарақ не ап-алғыр деген сөз формаларын, шырай түрлерін жасауға болмайды. Яғни сын есімнің бір түрі-сапалық сын есімдерге шырай жұрнақтары жалғанып, шырай түрлерін жасауға болса, сын есімнің мағыналық тобының екінші тобы-қатыстық сын есімдерге шырай жұрнақтары жалғана алмайды да, одан шырай түрлері жасалмайды. Сонда шырай категориясы жалпы сын есімге емес, сын есімнің бір ғана семантикалық түрі - сапалық сын есімге ғана тән екен. Екіншіден, сын есім – қазақ тілінде түрленбейтін сөз табы. Яғни сын есім өзінің семантикалық (мағыналық), қызметтік ерекшелігі – зат атауының (зат есімнің) әр түрлі сапалық, сындық белгілерін, түр-түсін, бір сөзбен айтқанда, заттың әр түрлі белгісін білдіретін сөздер болғандықтан, сөйлеу процесінде осы мәнде негізінен зат есіммен тіркесіп қолданылатыны белгілі.

Кейде қимыл, іс-әрекеттің, процестің сын-қимылын, амалын білдіріп, етістікпен тіркесіп, кейде тіпті зат есімнің орнына субстантивтеніп жұмсалуы сын есімнің әдеттен тыс қолданылуы болып саналады. Сын есімнің әдеттегі қолданысында ол түбір тұлғасында тұрып, өзі анықтайтын зат есіммен (немесе заттанған сөзбен) тек орын тәртібі арқылы байланысып, синтетикалық түрлену тәсілінің оған ешбір қатысы болмайды. Мысалы, Сұр бұлт түсі суық қаптайды аспан, Күз болып, дымқыл тұман жерді басқан (А). Шоқпардай кекілі бар қамыс құлақ (А.) Сұйықтау, қоңыр шашының арасынан бас құйқасы да қылаңданып көрінеді. (М.Ә.) Шымқай қызыл гүлдердің үлкеп шоғы бірден назар аударады (М.Иман-жанов). Желсіз түнде жарықай. Сәулесі суда дірілдеп, Ауылдың маңы терең сай, тасыған өзен гүрілдеп (А). Берілген мысалда сын есімдер зат атауын анықтап, сұрдеген бұлтты, түсі суықдеген бұлтты, дымқыл деген тұманды, шоқпардайдеген кекілді, сұйықтаужәне қоңырдеген шашты, шымқай қызылдеген гүлдерді, үлкендеген шоқты, желсіздеген түнді, жарықдеген айды, тереңдеген сайды анықтап, атрибуттық қатынаста орын тәртібі арқылы байланыса қолданылған. Бұл мысалдан сын есімдердің, біріншіден, сапалық түрі болсын, қатыстық түрі болсын өзі анықтайтын сөзімен байланысында, сол сөзге қатысында, сол сөздің қандай тұлғада жұмсалуына бейтарап екенін, қызметі жағынан анықтауыштың, байланысу тәсілі жағынан таза орын тәртібі арқылы ерекшеленетінін байқау қиын емес. Екіншіден, сын есім түбір күйінде қолданылса да, шырай тұлғаларында қолданылса да, оның бұл грамматикалық тұлғалық көрсеткіші яғни шырай формасы зат есіммен грамматикалық байланысқа ешбір қатысы болмай, тек сол сын есімнің семантикалық сипатын, семантикалық реңдік мәнін айқындау, көрсету үшін қолданылғанын көреміз.

Мысалдағы грамматикалық сипаты жағынан сұйықтау шаш (сұйық деген сапалық сын есім – тау қосымшасы үстелу арқылы салыстырмалы шырай түрінде қолданылған) пен қоңыр шаштың арасында ешбір айырмашылық жоқ. Әрине, бұлардың (сын есімдердің) семантикалық ерекшеліктері яғни біреуінің сұйықтық-қоюлық жағынан сындық белгісі, екіншісінің түске байланысты мәнін білдіріп отырғаны ескеріліп отырған жоқ. Бұл жағынан келгенде, мысалы, орыс тіліндегі сын есіммен салыстырғанда, грамматикалық сипаты жағынан үлкен айырмашылығы бар. Орыс тілінде сын есім зат есіммен грамматикалық байланысқа түсіп тек жағынан (мысалы, большая школа - үлкен мектеп, болъшой институт - үлкен институт), жекешелік - көптік жағынан, септік түрленуі жағынан (у болъшой школы - үлкен мектептің, большому институту үлкен институтқа т.б.) бір тұлғада ғана түрленіп (согласование) қолданылады да, ол сын есімнің түрлену жүйесі деп танылады. Ал қазақ тіліндегі сын есімнің сипаты, жоғарыда көрсетілгендей, мүлде басқаша. Сондықтан да осындай грамматикалық сипатына қарап, сын есімді сан есім, үстеу сияқты түрленбейтін сөз табы деуге болады. Ал шырай тұлғалары жалпы сын есімнің сөз табы ретіндегі түрлену тұлғасы емес, бір ғана мағыналық тобының семантикалық сипатын көрсететін лексика-грамматикалық тұлғалану көрсеткіші болып табылады. Шырай категориясы затқа, құбылысқа байланысты біртектес, бір ыңғайлас сынның, сапалық, белгінің, түр-түстің т.б. сапалық сипаттың артық я кемін немесе тым артық я тым кем екенін білдіретін белгілі қосымшалар үстелу немесе басқа тәсілдердің жүйелі жолдары арқылы жасалатын сапалық сын есімнің парадигмалық түрі. Сондықтан шырай категориясы, біріншіден, жалпы сын есім атаулының емес, тек сапалық сын есімнің, екіншіден, таза грамматикалық емес, лексика-грамматикалық категориясы болып табылады. Өйткені жоғарыда көрсетілгендермен бірге, шырай қосымшалары сапалық сын есімдердің (сын есім түбірдің) семантикасына (жалпы грамматикалық мағынасына) өзгеріс енгізіп, қосымша реңк үстейді, семантикалық жағынан улкен мен үлкендеу, үп-үлкен, өте үлкен, биік пен биіктеу, біп-биік, күрең мен күреңдеу, күп-күрең т.б. бір емес.

Бұл жағынан (семантикалық) келгенде, сөз жоқ, шырай категориясы сапалық сын есімнің реңдік мәні немесе белгі реңінің бір көрінісі болып табылады. Айта кету керек, сөз табының реңдік мәні оның ерекше семантикалық түрі болып саналады да, грамматикалық немесе лексика-грамматикалық категориясы дәрежесіне жете алуы да, жете алмауы да мүмкін. Осы мәндес зат есімнің реңдік мәнді түрлері белгілі қосымшалар арқылы жасалатын тобы (әр түрлі эмоциялық-экспрессиялық мән үстейтін, сыйлау, қүрметтеу, еркелету, менсінбеу, кекету, қомсыну, кем түту т.б. мән үстейтін) болса да, зат есімнің жеке грамматикалық немесе лексика-грамматикалық категориясы болып таныла алмайды. Ал етістіктің модальділік сипаттағы түрлері бір емес, бірнеше грамматикалық категориясы (рай категориясы, және шақ категориясы т.б.) болып қалыптасқан. Ал модальдылықтың үшінші бір тобы (жекелеген сөздер арқылы, мысалы, көрінеді, болады, болмайды, шығар т.б.) көмекші етістіктер: айтатын көрінеді, сөйлеп болмайды және қосымшалар арқылы, мысалы, -сы-сі, -сын, -сін, -ымсыра, -імсіре т.б. жасалатын жеке сөздер де грамматикалық немесе лексика-грамматикалық категория дәрежесіне көтеріле алмады (танылмай жүр.) Сондықтан да сапалық сын есімнің реңк сынның я белгінің реңкі мәнді тобы толық грамматикалық лексика-грамматикалық категориясы бола алмай, оның белгінің реңкінің бір түрі шырай түрі ғана лексика-грамматикалық категориясы болып қалыптасқан. Сондықтан да сынның (сапаның) белгісінің артық я кемін, солғын я айқын сияқты т.б. дәрежелерін білдіргеннің бәрі шырай көрсеткіші деп танылып келсе, әсіресе ондай таным арнайы зерттеулерден берік орын алса да (М. -ҚШК), кейінгі еңбектерде оларды жаппай шырай категориясына енгізіп, шырай тұлғалары деп тани бермей, осы айтылғандай сипаттары зерттеушілерді ойландыруда, А.Ысқақов белгінің реңін және шырай категориясын бөле отырып, заттың белгісі, сипаты (түсі, түрі, сапасы, көлемі, аумағы, салмағы, сыры т.б.) біркелкі болмай, рең жағынан әр түрлі дәрежеде болатынын, демек, сипатының – я белгінің бір затга артық, бір затта кем болатынын білдіретін сын есім формалары шырай формалары деп аталады дейді. Заттың сындық белгілерінің бәсеңдік, солғындық реңдері мен мәндерін білдіретін формаларға -ғыл, (-қыл), (-қылт), -ғылт, -ғылтым (-қылтым), -ғыш, -ғана (-кене), -ілдер, -қай, -қан, -ақ (-ек), -шыл (-шіл) -шылтым (-шілтім), -ша (-ше) қосымшалары жатады", дей келіп, шырай категориясы түрлерін жасайтын қосымшаларға -рақ, -рек, -ырақ, -ірек, және -лау, -леу, -дау, -деу, -тау, -теу екі қосымшасынан басқа өнімсіз жұрнақтар ретінде -қыл, -кіл, -ғыл, -қылт, -ғылт, -тым, -шыл, -шіл, -қай, -ақ қосымшалары жататынын көрсетеді (Ы.А. -ҚҚТ, 192, 197). Яғни шырай формаларының қатарына -ша, -ше, -ақ -ек, -ғыш, -қана, -кене сияқты қосымшалар енбей қалған. Ал И.Маманов шырай категориясының тұлғалары деп бірді-екілі емес, сапалық сын есімнің баршасына да жалғана алатын, сөйтіп, сапалық сын есімнің кез келген шырай түрін жасай алатын қосымшаларды атайды.

„Қазақ тіліндегі сөз тудырушы және форма тудырушы қосымшалардың ара жігін айыру үшін, олардың сөз мағынасын өзгерту, өзгертпеуі толық критерий бола алмайды. Сондықтан да форма тудырушы қосымшаларды сөз тудырушы қосымшалардан айырудың екінші бір басты белгісі – оның грамматикалық абстракция жасау қабілетіне сүйенген жөн. Былайша айтқанда, форма тудырушы қосымша бір сөз табына, не бір сөз табының бір тобына, тіпті кейбіреулері бірнеше сөз табына түгелдей жалғанады да, грамматикалық абстракция жасайды. Шырай формаларының морфемалары сын есімнің бір тобы сапалық сын есімдерді түгелдей қамтитын грамматикалық көрсеткіші болып саналады. Мысалы, жақсырақ, ақылдырақ, үлкендеу, тарлау т.б. Мұндағы -рақ, -рек, -лау, -леу, -дау, -деу, -тау, -теу қосымшалары сапалық сын есімдерге түгелдей жалғанады. Алғыш, -гіш, -ғылт, -шыл қосымшалары бірді-екілі сөздердің ғана құрамында кездеседі. Сонымен бірге ақшыл, сарғыш, сұрғылт, сөздерінің өзі шырай формасымен түрленеді. Мысалы, ақшылырақ, сарғыштау т.б. Жалпы тіл білімінің қағидасы бойынша, бір категорияға жататын грамматика-лық формалар бірінің үстіне бірі жалғанбайды. Бір септік жалғауының үстіне екінші септік жалғауы, бір есімше формасының үстіне екінші бір есімше жалғанатын -ғыш, -шыл, -ғылт қосымшалары шырай формасының грамматикалық көрсеткіші емес, олар сөз тудырушы қосымшаға жатады. Есімше, көсемше, рай және субстантив формаларының қосымшалары жалғанған сөздеріне грамматикалық мағына үстеумен қатар, барлық түрлеріне түгелдей жалғанып, грамматикалық абстракция жасайды. (М. — ҚҚТЛТ, 49-50). Жол-жөнекей айта кету керек, ғалымның бұл позициясының тілдегі грамматикалық тұлғалардың мәнін анықтай түсуде ғылыми негізі бар мәнді дәлел екенін, көптеген грамматикалық құбылыстарды қайта қарап, қайта саралау керек екенін көрсете отырып, ғалым пікірінің екінші критерийіне байланысты тіл заңдары қатып-қалған, өзгермейтін қағида емес, белгілі бір құбылыстарға байланысты кейбір шарттылық та болып отыратындығын да ескерткен жөн екенін естен шығармауымыз керек. Етіс жұрнақтарының бірінің үстіне бірі жалғануы соның көрінісі, тілдік құбылыстың грамматикалық емес, лексикалық немесе лексика-семантикалық сипатының бір белгісі болу керек. Ал А Ысқақов шырай жұрнақтарының бірінен кейін бірі үстеліп әсіресе -лау, -леу, -дау, -деу, -тау, -теу жүрнағының қосыла жалғануын оғаш деп есептемейді (ЫА -ҚҚТ. 197).

Сапалық сын есімнің шырай категориясы мен реңдік мәнді топтары (түрлері) бір-біріне жақын тілдік құбылыс болғанымен, бірдей емес екенін көреміз. Сын есімнің реңдік мәнді түрлері зат есімнің реңдік мәнді түрлерімен (Ы.А. - ҚҚТ, 165-169) семантикалық (лексика-грамматикалық) сипаты жағынан сәйкес келеді. Зат есімнің де, сын есімнің де реңдік мәнді түрлерін жасайтын қосымшалар, бір жағынан, әдеттегі форма тудыратын парадигмалық жүйенің түрі болып табылатын қосымшалардан да, екінші жағынан, белгілі топқа жататын сөздерге түгел жаппай жалғана алмау сипаты жағынан, сөзжасам қосымшаларынан да, семантикалық сипаты яғни жаңа сөз, лексема тудыра алмау жағынан да ажыратылып, өзгеше топтағы қосымша екенін көрсетеді. Сондай-ақ сапалық және қатыстық сын есімдердің ара жігін ажыратуда да кейде қиындық туып отыратынын да ескерте кеткен жөн. Бұның өзі, ең алдымен, тілдің өзі, оның жекелеген элементтері қатып қалғап нәрсе емес, әр уақытта даму үстіндегі болып отыратын тілдік процесс, құбылыс екенін көрсетеді. Мысалы, қатыстық сын есімдер тұлғалық құрамы жағынан әдетте туынды түбірлер болып келеді де, оның мағынасы сол сөздің түбірі білдіретін мағынаға қатысты болады. Сын есімнің бұл түрі қатыстық деп аталуының мәні де осында жатыр. Бірақ ондай қатыстық мәндегі туынды түбір сөздердің біразы семантикалық өзгеріске үшыраудың салдарынан сапалық сипатты, мәнді біртіндеп білдіре бастаудың нәтижесінде сапалық сын есімге ауысады. Мысалы, толық, ашық, ақылды сияқты сындар толу, ашу қимылына, ақыл деген заттық ұғымға тікелей қатысты, солардан жасалған, бірақ сол қатыстық мәнді ғана білдірумен шектеліп қалмаған, екінші бір заттың сапалық сипатын білдіруге ауысқан, сондықтан да оларға шырай формалары жалғанып, шырай категориясы жасалады да, ол шырай категориясы сапалық сын есімнен жасалады: толық – толықтау – толығырақ – топ-толық – тым толық – ашық – ашықтау – ашығырақ-ап-ашық-өте ашық, ақылды-ақылдылау- ап-ақылды -өте ақылды т.б.

Сын (сапалық) есімнің шырай категориясы лексика-грамматикалық категория, жалпы сын есімнің түрлену жүйесі емес, сапалық сын есімнің семантикалық және грамматикалық тұлғалану сипаты болып табылады. Өйткені шырай қосымшалары түбірге (сапалық сын есімге) жалғанып, түбір білдіретін мағынаны өзгертіп жібере алмағанымен, оған сәл де болса өзгеріс енгізіп немесе қосымша реңк, мән үстеп отырады. Мысалы, қызыл мен қып-қызыл, үлкен мен үлкенірек, ащы мен ащылау семантикалық жағынан бірдей емес. Зат есімде үй-ді (салды), үй-дің (төбесі),үй-лер-дің (көрінді), етістікте (сөзді) айт-ып-ты, оқы-ған-мен т.б. сөздерде -дітабыс септік жалғауы: -діңілік септік жалғауы, -леркөптік -іңтәуелдік және атау септік нөлдік тұлғалары үй деген сөздің жалпы грамматикалық мағынасына ешбір өзгеріс енгізбей (деректі зат атауы болып қалып отыр), оған тек қосымша тура объектілік, грамматикалық меншіктілік, көптік, 2-жаққа тәуелдік субъектілік мағыналар үстеген; етістікте де -ып көсемше жұрнағы, -ты 3-жақ жіктік жалғауы -ғанесімше жұрнағы -мын1-жақ жекеше жіктік жалғауды да айт, оқықимыл, іс-әрекеттің мағынасына ешбір нұқсан келтірмей, өзгеріс енгізбей, сол жалпы грамматикалық (түбір білдіретін) мағынаның қимыл және сабақты мәннің үстіне шақтық, жақтық (жекешелік) мағыналарын үстеген. Ал айт-ыл-ма-ды, жүр-гіз-се-м дегенде, біріншіден, -ыл, -гізқосымшалары түбірдің семантикасына өзгеріс енгізген: сабақты етістікті (айт) салт етістікке айналдырған (айтыл), салт етістікті (жүр) сабақты етістікке айналдырған (жүргіз), яғни түбір білдіретін жалпы қимыл, іс-әрекет өзгермегенмен, сабақтылық-салттылық сипаты өзгерген, екіншіден, қосымша мән үстелген: қимылдың субьект мен обьект арасындағы белгілі қатысты білдіру, сондай-ақ -ма(-ба) жұрнағы сол қимылдың (айту, жүру) болмайтынын білдіріп, түбір семантикасына өзгеріс енгізіп отыр, ал -ды, -се, -м қосымшалары (жедел өткен шақ, шартты рай, 1-жақ жекеше жіктік жалғауы) түбір семантикасына өзгеріс енгізбей тек қосымша шақтық, шарттылық, жекеше жақтық мағыналар үстелген. Осыдан көрінетіндей, шырай категориясының грамматикалық сипаты етістіктің сабақты-салт етістік, етіс болымсыз етістік категорияларына ұқсас келеді де, лексика-грамматикалық категория болып табылады. Шырай категориясының мәнін тану үшін А.Ысқақовтыңмына пікірін келтіре кетейік: Сын есімнің шырай деп аталатын категориясының мазмұны да, формасы да әлденеше заттың (әр түрлі я біркелкі белгілерін емес) біркелкі белгілерінің өзара айырмашылықтарын демек, сол біркелкі белгілердің бір-бірінен я артық, я кем екендігін анықтау арқылы туады. Екінші сөзбен айтқанда, біреуі ақ, біреуі қызыл, біреуі қара, біреуі сары, біреуі қоңыр, біреуі көк түсті нәрселерді немесе біреуі үлкен, біреуі кіші, біреуі тік, біреуі сопақ, біреуі тік нәрселерді (дұрысында түстер мен сындық белгілерді) (-И.С.) салыстырудан шырай категориясы тумайды. Шырай категориясы я бірыңғай ақ, я бірыңғай қызыл, я бірыңғай қара, я бірыңғай сары, я бірыңғай қоңыр, көк түсті әлденеше (кемі екі) заттардың реңдеріндегі ерекшеліктерді немесе бірыңғай үлкен, я бірыңғай кіші делініп танылған әлденеше заттардың көлем-аумақтарындағы артық, я кемдік дәрежелерін өзара салыстыру арқылы туады. Әрине, ондай реңдер мен дәрежелер сан жағынан да, сапа жағынан да салыстырылады. Өйткені біркелкі белгінің осындай сандық я сапалық айырмашылықтары, сайып келгенде, шырайларды бір-бірінен айыратын өлшеу де, тірек те, негіз де болып саналады (ЫА -ҚҚТ, 196).

Солай бола тұрса да, шырай қосымшалары сияқты оның түрлері туралы да қазақ тіл білімінде бірыңғай пікір жоқ. Ең алдымен, бірден көзге түсетін ерекшелік-грамматикалар мен оқу құралдарында шырай түрлерін жасауға негіз болатын тұлға деп көрсетілетін жай шырай түрін жеке шырай деп бөліп көрсетеді. Тек шырай түрлеріне негіз болатын, ал өзі шырай түрлеріне мағыналық жағынан да, тұлғалық жағынан да оппозициялық қатар құрай алмайтын, сөйтіп, басқа түрлермен тепе-тең парадигмалық жүйе жасай алмайтын тұлға ол категорияның ішіне, шеңберіне кіре алмайды. Дәл осындай жағдай етіс категориясындағы негізгі етіс деген ұғымға да қатысты. Сөйтіп, бұл жерде жай шырай деген ұғым сапалық сын есім деген ұғыммен барабар, ал жай шырай дегеннің ондай қасиеті бұл еңбектерде ашық көрсетіледі: заттың белгісін, түсін (түрін), сапасын, көлемін, салмағын, аумағын, тағы басқа сондай негізгі сын-сипаттарын білдіретін сапалық сын есім жай шырай болып есептеледі (ЫА. ҚҚТ, 196).Сонда сапалық сын есім тұлғасы мен жай шырай деген ұғым бір болса, ол бір ұғымды, біріншіден, екі түрлі атағаннан не ұтамыз? Екіншіден, категориялық түрлену тұлғаларына негіз болатын тұлға (сапалық сын есім деген ұғым да, тұлға да ол категорияға (шырай түріне) енбейді. Мысалы, тәуелдік категориясына негіз болатын тұлға – зат есімнің түбірі. Бірақ зат есімнің түбірі тәуелдіктің ішінде бір түрі болып саналмайды. Осы ерекшелік академиялық грамматикада алғаш рет дұрыс көрсетілген: „Мектеп грамматикаларында жай шырай сын есімнің басқа шырай формаларын жасаудағы негіз, таяныш тұлға болатынын көрсету үшін беріледі. Бірақ бұл атау формада ешбір салыстыру жоқ, ендеше шырай емес, ақ, қызыл, сары, дегендерде бұл күйінде шырай мағынасы жоқ. (ҚТГ,І, 85). Оның үстіне ешбір грамматикалық тұлғасыз-ақ аналитикалық тәсіл арқылы да кейде шырай (салыстырмалы шырай) мәнін жасауға, білдіруге болады. Атап айтқанда, субъект (атау септіктегі сөз) пен салыстырылатын зат, заттық ұғымды сөз, сөз тіркесі, кейде жіктеу есімдігі шығыс септікте немесе шығыс септік пен гөрі шылауы тіркесіп, я көмектес септікте салыстырғанда немесе барыс септікте қарағанда сияқты сөздермен тіркесіп, сапалық сын есім анықтауыш қызметімен бірге көбіне предикат қызметінде қолданылады: Саған жар менен артық табылса да (А). Ескі қалаға қарағанда бұл ауданның үйлері биік. Бұрынғы құрылыстармен салыстырғанда жаңа құрылыстың ірге тасы да, қабырғасы да мықтыт.б. Академиялық грамматикада бұл – салыстырмалы шырайдың аналитикалық жолмен жасалатын бір түрі ретінде беріледі (ҚТГ,І, 86) Бұл – бір. Екіншіден, басқа шырай түрлері жайында да бір ортақ пікір жоқ.

Жоғарыда талданғандай жай шырай дегенді есептемегенде, бір оқулықтарда екі түрі салыстырмалы және күшейтпелі шырайлар (Қ.ЫА. -ҚТГ, 117-118, И, Н, -КТ)енді біреуінде үш түрлі салыстырмалы шырай, күшейтпелі шырай және асырмалы шырай (ЫА. -ҚҚТ, 196-197),тағы біреуінде төрт түрі салыстырмалы шырай, бәсең я шағын шырай, күшейтпелі шырай және асырмалы шырай (ҚТГ, І, 86-90),тіпті кейбір зерттеулерде одан да көп түрі беріледі (М-ҚШК).

Күшейтпелі және (асырмалы деп аталатын шырай түрлерін біріктіріп қарайтын болсақ) асырмалы деп жүрген шырай түрі де күшейтпелі мәнді білдіреді: өте жақсы -жап-жақсы, аса биік-біп-биік т.б.), шырайдың сапалық сын есімнің лексика-грамматикалық категориясы ретінде екі-ақ түрін көрсетуге болады: салыстырмалы шырай және күшейтпелі шырай.

1. Салыстырмалы шырайбір заттың сынын (я сапа-сын, түсін) екінші заттың бір тектес сынымен, белгісімен салыстырып, сол салыстыратын белгілердің (түстердің) бір-бірінен я артық, я кем екенін білдіріп, белгілі қосымшалар арқылы жасалады. Ол қосымшалар а) -рақ, -рек, -ырақ, -ірек:үлкен-үлкенірек, ащы-ащырақ, биік-биігірек, жасыл-жасылырақ, қалың-қалыңырақ т.б.

ә) -лау, -леу, -дау, -деу, -тау, -теу: толық-толықтау, кіші-кішілеу, қоңыр-қоңырлау, ұзын-ұзындау т.б.

Бұл екі қосымша барлық сапалық сын есімдерге жалғанып, салыстырмалы шырай жасай береді. Сондай-ақ жекелеген сапалық сын есімдерге жалғанып, салыстырмалы шырай жасайтын да жұрнақтар бар. Олар:

1) –ғыл,-қыл,-ғылт,-қылт, -ғылтым,-қылтым. Мысалы: ащқыл, ащқылтым, сарғыл, сарғылт, бозғыл, бозғылтым, т.б.

2) –шыл,-шіл, -шылтым,-шілтім: мысалы: ақшыл, ақшылтым, көкшыл, көкшілтім, ақшылтым.

3)-ғыш, ілдір: Мысалы: сарғыш, көгілдір, бозғыш, т,б.

4)-аң,-қай,-ша,-ша. Мысалы: қуаң, бозаң, қоңырқай, ұзынша, көкше, ақша, сұрша, т.б.

2. Күшейтпелі шырайбіркелкі сындардың бірінің екіншісінен не өте артық, не өте кем екендігін көрсететін шырай түрі. Олбір заттың бастапқы сынын (белгісін) күшейтіп, асыра көрсетіп тұрады да, күшейтпелі буын немесе өте, аса, ең, тым,нағыз, орасан, ыңғай, кілең, тіпті т.б. күшейткіш үстеулері арқылы жасалады:

а) қызыл-қып-қызыл, жас-жап-жас, ұзын-ұп-ұзын, қысқа-қып-қысқа, толық-топ-толық т.б. Тек ақ, көк сөздері күшейткіш буын үстелгенде аппақ, көкпеңбек болып бірігіп жазылады.

ә) биік - тым биік, тәтті – аса тәтті, жақсы – ең жақсы, күшт - өте күшті т.б. Сондай-ақ кейде күшейтпелі (асырмалы) шырайға заттың ілік септікте, оның сындық белгісін білдіретін сапалық сын есім тәуелдік жалғау тұлғасында және жіктік жалғау (3-жақ нөлдік) формасында предикат қызметінде немесе сынның ілік септігінде жоне сол сынның қайталанып тәуелдік (3-жақ) тұлғасында предикат қызметінде қолданылуы да жатқызылып жүр: таудың биігі, жігіттің жақсысы, көзімнің қарасы және жүйріктің жүйрігі, жуанның жуаны, сарының сарысы т.б. (ҚТГ,І, 89). Бұндай конструкцияларда салыстыру, күшейтпелі мәннің болуын жоққа шығармасақ та, ілік септік пен тәуелдік және жіктік жалғаудың заттық, субстанттық және предикаттық мәні мен қызметін естен шығаруға болмайды. Сондықтан да ол шырай формасы бола алмайды

Сын есімнің сөйлемдегі қызметі.

Сын есім сөйлемде әдетте зат есіммен тіркесіп, анықтауыш қызметін атқарады. Мысалы: Сұр бұлт түсі суық қаптайды аспан (А) деген сөйлемде сұр және түсі суық деген сын есімдер (қандай?) бұлт деген зат есімді анықтап тұр. Сөйлемде анықтауыш болу – сын есімнің негізгі қызметі. Өйткені сын есім заттың әр түрлі сын-сипатын, сапалық, қатыстық белгілерін білдіреді. Сын есім ілік септікте тұрып заттанып келіп те анықтауыш болады. Мысалы: Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын (мақал) дегенде жақсының (яғни жақсы адамның) кімнің? (жақсылығын) деген сұраққа жауап беріп анықтауыш болып тұр.

2.Сын есім жіктік тұлғада тұрып сөйлемнің баяндауышы да болады. Мысалы: Сен бір артық көркемсің (Ж.). Әлсіз адам сүріншек (мақал). Бұл сөйлемдерде көркемсің (ІІ жақ), сүріншек (ІІІ жақ) сөздері жіктік тұлғада баяндауыш қызметін атқарып тұр.

3.Сын есім сөйлемде етістіктің алдында тұрып, қимыл, іс-әрекеттің сынын білдіріп, қалай? деген сұраққа жауап беріп, пысықтауыш та болады. Мысалы: Өлеңмен сөзді желдей құйындатқан (Ж.). Гүлнар бөлмесін таза ұстайды деген сөйлемдерде желдей (қалай құйындатқан?), таза (қалай ұстайды?) деген сын есімдер пысықтауыш қызметін атқарып тұр.

4.Сын есім әдетте, көптелмейді, тәуелденбейді, септелмейді. Егер сын есімге көптік, тәуелдік, септік жалғаулары жалғанса, онда сын есім зат есімнің орнына жұмсалып, зат есімнің қызметін атқаруын, сын есімнің заттануы (субстантивтенуі) дейді. Мысалы: Жақсыдан шарапат, жаманнан кесапат (мақал) деген сөйлемде жақсыдан, жаманнан деген сын есімдер шығыс септік жалғауында тұрып, зат есімнің орнына яғни адамнан (жақсы адамнан, жаман адамнан) дегеннің орнына заттанып қолданылған. Заттанған сын есім атау септігінде тұрып бастауыш болады. Мысалы; Ұялшақ сыбағасынан құр қалар (мәтел). Баланың жақсысы – қызық, жаманы – күйік (А.). деген сөйлемдерде ұялшақ (адам кім?), жақсысы (бала кімі?), жаманы (бала кімі?) атау септікте тұрып, заттанып, бастауыш қызметін атқарып тұр.

5.Сын есім табыс, барыс, жатыс, шығыс, көмектес септіктерінде келіп, заттанып, толықтауыш та болады. Мысалы: Білімдіден шыққан сөз талаптыға болсын кез (А). деген сөйлемде білімдіден (кімнен шыққан?), талаптыға (кім болсын кез?) деген сын есімдер заттанып келіп (адамға деген мәнде) толықтауыш қызметін атқарып тұр.

Пысықтау үшін сұрақтар

1.Сын есімнің лексика-грамматикалық сипаты қандай?

2.Сапалық және қатыстық сын есімдердің айырмашылығы неде?

3.Сын есімнің қандай категориясы бар? Сын есім түрлене ме?

4.Шырай нені білдіреді? Жай шырай проблемасы деген не?

5.Шырайдың неше түрі көрсетіліп жүр?

Әдебиеттер:

1. Қазақ тілінің грамматикасы. І.Морфология. А.,1967. 66-90-беттер.

2. А. Ысқақов. Қазіргі қазақ тілі. Морфология. А.,1974. 174-198-беттер.

3. Ғ. Мұсабаев. Қазақ тіліндегі сын есім категориясы. А.,1961.

4. С. Исаев. И тұлғалы қатыстық сын есімдер және сөз тіркесін құраудағы оның ролі туралы. ҚазССР ҒА хабарлары, қоғамдық ғылымдар сериясы. 1965, 1-шығуы.

5. Исследования по сравнительной грамматике тюркских языков, морфология. М.,1956.