ХV. Зат есім

1. Зат есімнің лексика-грамматикалық сипаты.

а)семантикалық ерекшеліктері;

ә)түрлену жүйесі мен түрлену барысында пайда болатын грамматикалық мағыналардың зат есімдегі жалпы грамматикалық мағынамен қатысы.

2. Зат есімнің семантикалық түрлері:

а) жалпы есім мен жалқы есім;

ә) зат есімнің морфологиялық құрамы;

3. Зат есімнің жасалуы. Субстантивтену процесі.

4. Зат есімнің реңдік мәнді қосымшалары.

5. Көмекші есімдер. Олардың зат есім шеңберінде қаралуы.

6. Зат есімнің сөйлемдегі қызметі.

 

Сабақтың мақсаты

Зат есімнің семантикалық және грамматикалық (түрлену жүйесі мен синтаксистік) сипатын меңгеру арқылы оның басқа сөз таптарынан бөлініп, жеке сөз табы бола алатынын және сөйлемде зат есімдерді тауып, мағыналық, тұлғалық құрамдық түрлеріне талдай алып, сөйлемдегі қызметін ажырата білу.

 

Зат есім – семантикалық сипаты (жалпы грамматикалық мағынасы) жағынан зат атауын білдіретін сөздер, сондықтан кім? (адамға байланысты) және адамнан басқа затқа байланысты не? деген сұраққа жауап береді. Кейбір зат атаулары біркелкі заттардың жалпы атауы, олар жалпы есім деп аталады. Мысалы, ағаш деген – бір ғана ағаш емес, жалпы атау. Зат атауының кейбіреуі жеке, дара заттың өзіндік атауы, аты болып келеді. Мысалы, Алматы – бір ғана қаланың жеке аты. Сондай-ақ Досжан, Әкімтай, Мұхтар - жеке кісілердің аты, Ертіс, Шу, Нұра, т.б. – жеке-жеке өзеннің аты. «Абай жолың, «Ботагөзң - жеке кітаптардың (шығармалардың ) аты, т.б. Бұлар – жалқы есімдер деп аталады. Жалқы есімдерге кісі аттары, әкесінің аты мен фамилиясы, мемлекет, республика, облыс, аудан, қала, көше,ұйым, мекеме, завод, фабрика аттары, географиялық (жер, су) атаулар, әр түрлі шығарма (газет, журнал, кітап, ән-күй, би, т.б.) аттары, мал, құс, хайуанаттарға арнап қойылған (мысалы, Тайбурыл, Құлагер) аттар болып келеді. Жалқы есімдер бас әріптен басталып жазылады.

Зат есімдер кейде қолмен ұстап, көретіндей нақты (деректі) затты да, (мысалы, үй, кітап, қағаз), ой арқылы ғана түсінілетін абстракты (дерексіз) затты да (мысалы, ақыл, достық, қиял) білдіреді.

Зат есімнің түрлену жүйесі оның көптелуі, тәуелденуі, септелуі болып табылады, өйткені көптік, тәуелдік, септік категорияларының білдіретін мәндері заттық мағынамен байланысты, олардың тұлғалары өзі жалғанған сөздерге субстантивтік мән үстейді.

Құрамы жағынан зат есім негізгі түбір, туынды түбір, біріккен түбір, тіркескен (күрделі) түбір болып келеді. Мысалы: өнеркәсіп, белбеу, ашудас, күйші, Көкшетау, Сарысу, аяқ-табақ, азық-түлік, ауыл-аймақ, қант қызылшасы, қызыл отау, Арал теңізі,т.б.

Зат есім тудыратын жұрнақтар. Қазақ тілінде зат есім болып саналатын сөздердің көпшілігі қосымша арқылы жасалған туынды сөздер болыр табылады. Ондай жұрнақтар үлкен екі топқа бөлініп жүр.

1.Есімдерден зат есім тудыратын жұрнақтар:

-шы,-ші: етік-ші, балық-шы, аң-шы. Бұл жұрнақ арқылы жасалған сөздер көбіне кәсіп, мамандық, бірдеңеге икемділікті білдіреді.

-лық,-лік,-дық,-дік,-тық,-тік: жақсы-лық, шебер-лік, шын-дық, дос-тық, т.б. Ондай сөздер жалпылық, қалыптық, қатыстық мән білдіреді.

шылық,-шілік құранды жұрнағы: егін-шілік, кем-шілік, тір-шілік, айырма-шылық, т.б.

-ша,-ше: бөлім-ше, кітап-ша, маңдай-ша,т.б.

-шық,-шік: ойын-шық, үй-шік, қап-шық,т.б.

-ыл,-іл,-л: тарс-ыл, гүрс-іл, дір-іл, т.б. Бұл сөздер көбіне еліктеу сөздерге жалғанып, сол құбылыстың атын білдіреді.

-хана, -стан, -кеш сияқты араб-парсы тілдерінен енген қосымшалар: дәрі-хана, кітап-хана, Қазақ-стан, арба-кеш.

2.Етістіктен зат есім тудыратын жұрнақтар:

-ма,-ме,-ба,-бе,-па,-пе: бөл-ме, мін-бе, тоқы-ма.

-ым,-ім,-м: бөл-ім, біл-ім, тый-ым, тоқта-м, байла-м.

-қы,-кі, -ғы, -гі: шап-қы, бұр-ғы, сүз-гі, ашыт-қы.

-ыс,-іс,-с: жең-іс, айт-ыс, бөл-іс, тала-с, тойтар-ыс.

-ық,-ік,-қ,-к: қаз-ық, тоз-ық, сұра-қ, тіле-к.

-ақ,-ек, қ,-к: қон-ақ, тіре-к, күре-к, жат-ақ.

-ғыш,-гіш, қыш,-кіш: бас-қыш, сүз-гіш, қыр-ғыш,

сыпыр-ғыш.

-ын,-ін,-н: жау-ын, ег-ін, түй-ін, жи-ын.

-ыш,-іш,-ш: қуан-ыш, сүйен-іш, өкін-іш, қызған-ыш.

-уыш,-уіш: тырна-уыш, еле-уіш, түйре-уіш.

-ман,-мен: оқыр-ман, көрер-мен.

Зат есімде реңдік мәндібілдіретін сыйлау, еркелету, кішірейту, менсінбеу, т.б. сияқты қосымшалар бар. Мысалы:

-еке,-қа, -ке(ң): Жәке, Мұқа, Асеке, апеке, жездеке.

-ай,-й: апай, ағай, атай, жездей, қарағым-ай.

-тай,-жан: ағатай,әкетай, Әсетжан, Ермекжан.

-қай,-қан: балақан, балақай, ботақан.

-шақ,-шек:құлыншақ, келіншек.

-шық,-шік: қапшық, үйшік, көлшік.

-ша,-ше: кітапша, кілемше, қобдиша.

-ш: серкеш, бикеш, Құрмаш, Зәуреш.

-сымақ: ақынсымақ, батырсымақ.

Басқа сөз таптарының қолданыс барысында зат есімге айналуы субстантивтенудеп аталады. Мысалы: егеу, бояу, қашау, жасау, айтыс, тартыс, жарыс, қойма, көмбе,т.б. етістіктен заттық мәнге ауысқан.

Қазақ тілінде лексикалық мағынасынан толық я жартылай айрылып қалған сөздер бар. Бірақ олар, біріншіден, заттық мәнде қолданылады, екіншіден, зат есімдермен матаса я жартылай матаса (негізгі сөз ілік септікте я оның жасырын түрінде, бұл сөз тәуелдік жалғау тұлғасында) байланысып, зат есімдерше түрленіп жұмсалады. Олар көмекші есім деп аталады да, осы себептен зат есімнің аясында қаралады: ауылдың маңы, стол үсті, үйдің жаны.т.б. Сөйтіп, көмекші есімдер әдетте тәуелдік жалғауында жұмсалып, септік жалғау тұлғасында да қолданыла береді. Мысалы: Ауылдың жаны терең сай (Абай).

Зат есімніңсөйлемдегі қызметі, бір жағынан, оның жалпы грамматикалық мағынасымен – заттық мағынасымен және қандай түрлену тұлғасында жұмсалуымен, соның нәтижесінде қандай сөзбен тіркеске түсуімен байланысты.

1.Зат есім атау септікте тұрып, кім? не? деген сұраққа жауап беріп, сөйлемнің бастауышы болады. Мысалы: Таулардан өзен ағар сарқыраған (Ы.А.) Бұл сөйлемде өзен сөзі атау септікте тұрып, (не ағар?) бастауыш қызметін атқарып тұр.

2.Зат есімжіктеліп келіп сөйлемнің баяндауышы болады. Мысалы: Ақ басты Алатаудың Жамбылымын(Ж.) Ынтымақ – оқ өтпессауыт (мәтел). Бұл сөйлемдерде Жамбылымын, сауыт деген сөздер 1 және 3-жақта жіктеліп келіп баяндауыш болып тұр.

3.Зат есім ілік септікте немесе түбір тұлғада тұрып, анықтауышболады. Мысалы: Абайдың қонақтары ымырт жабылар кезде ғана көрінді (М.Ә.) Дайрабай әрі күйші, әрі әнші, әрі ақынадам болған (С.Бег.). Бұл сөйлемдерде Абайдың (кімнің?) ілік септікте тұрып, күйші, әнші, ақын (қандай адам?) туынды және негізгі түбір тұлғада тұрып, анықтауыш қызметін атқарып тұр.

4.Зат есім атау мен іліктен басқа септіктердің бірінде объект мәнін білдіріп толықтауыш та болады. Мысалы: Көк торғын Көкшетауды мұнар басқан, Бастары көкке бойлап бұлттан асқан (С.С.) Бұл сөйлемде Көкшетауды (нені мұнар басқан?) табыс септікте, бұлттан (неден асқан?) шығыс септікте келіп толықтауыш болып тұр.

5.Зат есім көлемдік септіктерде тұрып немесе түбір тұлғада мезгілдік, мекен-бағыттық, себеп-мақсаттық мәндегі шылаулармен тіркесіп келіп пысықтауыш қызметін атқарады. Мысалы: Орманның оңтүстік жақ бүйіріненЖол шықты айдаһардай иірілген (С.М.). Көкке қарай қанат қағып, Аққу кетті бұлдырап (С.С.) Бұл сөйлемдерде бүйірінен (қайдан) шығыс септікте, көкке қарай (қайда қанат қағып?) барыс септіктің үстіне қарай шылауы тіркесіп, пысықтауыш болып тұр.

Пысықтау үшін сұрақтар:

1.Зат есімнің лексика-грамматикалық ерекшелігі неде?

2.Зат есімнің семантикалық ерекшелігі неде?

3. Жалпы есім мен жалқы есім деген не?

4. Нақты және абстракты зат есімдердің айырмашылығы неде?

5.Зат есімнің қандай категориялары бар?

6.Зат есімнің реңдік мәнді қосымшалары сөз тудыра ма?

7.Субстантивтену деген не?

8.Көмекші есімдер неге зат есім шеңберінде қаралады?

9.Зат есімнің жіктелу ерекшелігі қандай?

10. Зат есім сөйлемде қандай қызмет атқарады?

Әдебиеттер:

1. Қазақ тілінің грамматикасы. І.Морфология. А.,1967. 45-66-беттер.

2. А. Ысқақов. Қазіргі қазақ тілі. Морфология. А.,1974. 141-174-беттер.

3. Ә. Төлеуов. Сөз таптары. А.,1982.

4. С. Омарбеков. Зат есімнің жеке грамматикалық категориялары жөніндегі зерттеулер. //ҚазССР ҒА Хабарлары, қоғамдық ғылымдар сериясы. 1963.№5,6.

5. С. Исаев, Ж. Бектұров. Грамматикалық талдаудың тәсілдері. А.,1985.

6. Исследования по сравнительной грамматике тюркских

языков, морфология. М.,1956. 45-64-б.