МОРФОЛОГИЯ 19 страница

Нөлдік форма да грамматикалық форма болып санала ма?

Нөлдік тұлға өзінше грамматикалық форма бола алатынын тіл зерттеуші ғалымдар атап көрсеткен болатын. Яғни тілімізде нөлдік тұлға деген тілдік (грамматикалық) құбылыс бар екендігінде дау жоқ. Бірақ нөлдік тұлғаға нелер жатады деген мәселеге келгенде, ғалымдардың пікірі бір жерден шықпайды. Мысалы, академик И.И.Мещанинов:„Бір топтағы сөздердің нөлдік тұлғалары морфологиялық көрсеткіштері тұлғаланған түріне қарама-қайшы оларды жеке бөліп қарауға критерий бола алады", — дейді (М - 22). Сондай-ақ О.П.Суник те атауыш сөздердің негізгі түбір күйінде формасыз тұлғалардың бәрін нөлдік грамматикалық форма дейді, - „Мысалы, іс сөзі іс деген түбір зат есім мен бұл жерде жекешелікті білдіретін нөлдік форма тудырушы қосымшадан тұрады. Сөздің бұндай құрылымдық типі барлық алтай тілдерінде ғана емес, үнді-еуропа тілдерінде де бар: орыс тілінде стул, қол сөздері түбір мен еркек тектің (мужской род) атау септік нольдік формасында тұр (МСС,66,77)

Ал В.Г.Жирмунскийде, Б.А.Серебренниковте атау септік формасын нөлдік формаға жатқызуға болмайтынын, бұлай анықтау шындыққа үйлеспейтінін айтады. В.Г.Жирмунскийдің көрсетуінше, орыс тіліндегі нөлдік формаға бірінші (первое склонение) септеудің көпше түріндегі ілік септік тұлғасын жатқызуға болады, өйткені, мысалы, роз тұлғасын розы, розам,т.б. сияқты тұлғалармен қатар қойып қарауға болады (МСС,19, 20, 220).Нөлдік форманы осылай тануды И.Е.Мамановта қолдайды. Түркологиялық әдебиеттерде ілік, табыс т.б. септік мағыналарында, бірақ ешбір формасыз жұмсалып тұрған сөздерді атау септік терминінен басқа негізгі (основной) септік немесе белгісіз (неопределенный) септік деп атау тіпті де кездейсоқ емес. И.Е.Маманов қазақ тілінде нөлдік формаға ілік, табыс, барыс септік тұлғаларының түсіріліп айтылуы мен бұйрық райдың екінші жақ жекеше түрін ғана жатқызады (М.ҚҚТ ЛТ, 74-79).

Міне, осы ыңғайда нөлдік форма мен грамматикалық форманың ара қатынасын ашып алған жөн. Рас, қазақ тілінде де, басқа да түркі тілінде де негізгі сөз таптарына жататын сөздер ешбір қосымша көрсеткіштерсіз-ақ негізгі түбір күйінде тұрып белгілі лексикалық мағынаны білдіреді, соның нәтижесінде ол сөз жалпы грамматикалық мағынаға да ие болады. Өйткені сөздің жалпы грамматикалық мағынасы – оның лексикалық мағынасы негізінде, атап айтқанда, лексикалық мағынаның жалпылануы арқылы туындайтыны талассыз нәрсе. Соның арқасында сөздер белгілі ортақ қасиеттері арқылы топталады. Мысалы, үй, бала, тас, қала, ойыншық т.б. сөздер лексикалық мағынасы жағынан бір-біріне ешбір жақындығы жоқ: әрқайсысы жеке-жеке заттың атауы. Сол лексикалық мағынасы негізінде қалыптасқан грамматикалық мағынасы жағынан қарасақ, бұл сөздерде ортақ белгі бар: ол зат атауын білдіру. Сондықтан да бұл сөздер грамматикалық тұрғыдан бір топ – зат есім құрайды. Сондай-ақ қызыл, үлкен, биік, жақсы т.б. сөздер заттың сын-сапасын білдіруі, он, екеу, жүз, елу т.б. сөздер заттың санын білдіруі, кел, жүр ойиа, жүгір т.б. сөздер қимылды білдіру жағынан жеке-жеке грамматикалық топ (сөз таптарын) құрайды. Сондықтан да кейбір еңбектерде айтылып жүрген „түбір сөздерде лексикалық мағына болады да, грамматикалық мағына болмайды" деген қағида шындыққа жанаспайды. Бірақ түбір сөзде грамматикалық мағынаның болуы оны нөлдік формада түр деуге негіз болмайды, өйткені түбірдің тұлғасына тән ерекше қызметі, синтаксистік қарым-қатынасы бола бермейді және ол сөйлеу кезінде туатын форма емес. И.Е.Мамановтыңөте дұрыс көрсеткеніндей „грамматикалық формалар - сөйлеу негізінде сөйлемде ғана қолданылатын сөйлеу (речь) бүтіндері". Оның білдіретін грамматикалық мағынасы да сөйлеу кезінде айқындалады. Демек, нөлдік форма болу үшін ол сөз сөйлемде белгілі бір тұрақты қызмет атқарып, басқа бір сөзбен қарым-қатынасқа түсуі, түбір білдіретін грамматикалық мағынадан басқа грамматикалық мағына білдіріп тұруы керек. Мысалы, Одан да шықты жаңғырық. Кел, балалар, оқылық! деген сөйлемдерде шықты, кел деген сөздер қимылды білдіріп тұр. Бұндай мағына кез келген негізгі етістікте бола береді, яғни қимылды білдіру осы екі етістіктің шық, кел деген түбірлеріне ғана тән емес. Сонымен бірге осы мысалдағы шықты, кел деген сөздерде осы топтағы (етістік) басқа сөздерден ажыратылатын грамматикалық мағына бар: ол – бірінші сөзде өткен шақтық (-ты қосымшасы) және 3-жақ жіктік, екінші сөзде 2-жақ жекеше, анайы, бұйрықтық мағына. Демек, етістік түбір мен нөлдік форма (2-жақ бұйрық), етістіктің бір формасы (шақтық) мен басқа нөлдік форма (3-жақ жіктік) бір емес. Кел, дегенмен сен мұнда кел деген (яғни жеке тұрғандағы етістік түбір мен сол түбірдің бұйрық рай формасында сөйлемде қолданылуы) бірдей емес. Біз әдетте сыртқы тұлғасында айырма болмаған соң, бір деп үйреніп кеткенбіз. Біріншісі (жеке түбір күйінде тұрғандағы кел) қимылды білдіреді, екіншіде (сен мұнда кел деген сөйлемде) сол мағынаның үстіне тыңдаушы жаққа қаратылып бұйыра айтылу мағынасы үстелген. Етістік түбірдің осындай ерекшелігі қазақ тілі оқулықтарында болсын, тіпті етістікті зерттеуге арналған монографиялық еңбектерде болсын дұрыс көрсетілмей жүр. Соның салдарынан бір қарағанда онша оғаштығы жоқ сияқты көрінетін қате ережелер осы уақытқа дейін дұрыс көрсетілмей келеді. Мысалы, мектепте де, жоғары оқу орындарында да: етістік түбірі бұйрық райдың 2-жақ жекеше түрі деп үйретеміз. Соған қалыптасқан оқушы бұл екеуін бір деп түсінеді де, одан басқаны ұқпайды. Ал шындығында бұл екеуі бір емес. Мысалы, сен сөйлеме,

алдырыңыз, мақтанба дегендер бұйрық рай формасы емес пе? Етістік түбірлері сөйле, ал, мақта екені белгілі. Сонда етістіктің болымсыз және етіс тұлғаларын да бұйрық райдың 2-жақ көрсеткіші демекпіз бе? Дұрысында, „етістік түбірі бұйрық райдың 2-жақ жекеше түрімен сәйкес келеді" – деу керек.

2-жақ бұйрық рай мағынасы қазіргі тілімізде нөлдік форма болғанмен, бір кезде оның да өзіне тән грамматикалық тұлғасы болғанын салыстырма-тарихи фактілер көрсетеді. Қазіргі кейбір түркі тілдерінде (өзбек, ұйғыр т.б.) оның көрсеткіші бар: -иң, сен ал, кел дегендер ал -иң, кел-иң түрінде қолданылады. Қазақстанның оңтүстік-батыс аудандарында, Қарақалпақстанда тұратын қазақтар тілінде 2-жақ бұйрық райдың -ғын, -гін, немесе -ғыл, -гіл қосымшасы болуы (бар-барғын) кездейсоқ емес. Сондай-ақ бұйрық райдың басқа жақтарында (І. -айын, -ейін, -йін, -йын, ІІ. сыпайы -ыңыз, -іңіз, -ңыз, -ңіз, ІІІ. -сын, -сін) арнаулы райдың грамматикалық көрсеткіштердің болуы бір кезде тілімізде бұйрық райдың 2-жақ жекеше түрінің жалғауы болғанын дәлелдей түседі. Бұйрық райдың 2-жақ көпше түрінің тұлғасы -ыңдар, -іңдер, -ңдар, -ңдер. Демек, осындағы көптік, мағынаны білдіріп тұрған -дар, -дер жалғауы да, -ың, -ің, -ң – бұйрық райдың 2-жақ көрсеткіші, өйткені жіктік жалғаудың 2-жағында жекешеден бөлек көпше түрінің ерекше грамматикалық тұлғасы болмайды, ол мағына көптік жалғауы қосылуы арқылы ғана беріледі: оқушысың-оқушысыңдар, келдің-келдіңдер, т.б. Бұл 2-жақ сыпайы түрінде тіпті айқын көрінеді: сіз кел (2-жақ бұйрықтық) + іңіз (сыпайылық) дер (тек көптік мағына).

Осы кездегі жіктік жалғаудың үшінші жағында да бір кезде арнаулы грамматикалық көрсеткіш болғанын айқындауға болады. Жіктік жалғаудың 1,2-жақтарында және көсемше (-а, -е, -й, -ып, -іп,-п) формасынан кейін 3-жақтың өзінде де (-ды, -ді, -ті:) ол тұр етістігінен қалыптасқаны әлдеқашан дәлелденген) жалғаудың жұмсалуы бір кезде 3-жақта жіктік жалғау болғанын, ол кейін түсіп қалғанын көрсетеді. Бұл да ерекше тілдік қажеттіліктің көрсеткіші.

Демек, жалғамалы (агглютинативті) тілдердегі нөлдік тұлға сөйлеу процесінде сөздің формалық көрсеткіші түсіп қалып, ол тұлға білдіретін грамматикалық мағына сақталып қалуынан туған немесе сөздердің грамматикалық байланысынан қалыптасқан. Сөйлеу процесінде сөз алғашқы формалық көрсеткішіне лайық қызметте жұмсалғанда, грамматикалык, мағына формасыз тұрған, яғни түбір күйінде қолданылған сөз (бұйрық райдың 2-жағы) не басқа мағыналы сөз формасы (3-жақ жіктік жалғау формасы) арқылы беріледі.

Кейбір грамматикалық тұлғалар бірде нөлдік форма ретінде ешбір морфологиялық көрсеткішсіз, бірде нөлдік форма болмай, арнайы морфологиялық көрсеткіштері сөзге қосылып, жарыса қолданыла береді. Оған ілік, барыс, табыс, шығыс септіктері мен тәуелдік жалғауын жатқызуға болады. Әрине, бұлардың нөлдік тұлғада қолданылу мүмкіндігі мен ауқымы бірдей, біркелкі емес. Барыс, шығыс септіктерінің нөлдік тұлғалары өте сирек кездеседі: қала (ға) барды, ол (бел) ден асты, Кейбір тұрақты тіркес құрамында бұл септіктердің нөлдік тұлғалары кездеседі, бірақ онда грамматикалық мағына сақтала да бермеген, сондықтан әуелгі тұлғасын салыстырмалы-тарихи фактілер негізінде ғана айқындауға болады: бой (ға) жету, ер (ге) жету, ірбіт (ке) шабу, т.б. ілік пен табыс септік формаларының түсіп қалуы жиі кездеседі және бұлардың өзіндік ерекшелігі де жоқ емес. Әрине, бұл септік формаларының түсіп қалып-қалмай қолданылуының арасында айырмашылық та жоқ емес. Ол мәселе грамматикамызда біршама толық баяндалған. Тек мына бір жайтқа ғана назар аудара кетуді мақұл көрдік. Ол – ілік септік тұлғасы. Ілік септік тұлғасы өзі жалғанған сөзді тәуелдік жалғаулы сөзбен қайшы байланыстырып тұрады, басқаша айтқанда, ілік септікті сөз бен тәуелдік жалғаулы сөздің грамматикалық байланысы мейлі ілік септік жалғауы тұрсын, мейлі түсіп қалсын, берік болады. Ілік септік жалғауы түсіп қалғанда, ол екі сөздің мағыналық, синтаксистік қарым-қатынасында өзгеріс пайда болады – ол тіркес тұрақталып, номинациялық қасиетке бейімделеді. Соның арқасында бұл – жеке синтаксистік үлгі болып қалыптасып отыр. Мысалы, Арал теңізі, Абай көшесі, космос кеңістігі, почта қатынасы тәрізді тізбектер Аралдың теңізі, Абайдың көшесі, космостың кеңістігі, почтаның қатынасы деген тұлғада ешбір қолданылмайды.

Тәуелдік жалғауының түсіп қалуы қазіргі кезде ілік септік жалғаулы сөздің қандай сөз екеніне тікелей байланысты. Яғни ілік септікті сөз біздің, сіздің, өзіміздің деген жіктеу, сілтеу есімдігі болса ғана, екінші сөздегі тәуелдік жалғау түсіп қолданылуы мүмкін: біздің ауыл, сіздің үй, өзіміздің жігіттер. Бірақ тәуелдік жалғауының түсіп қолданылуы кейін ғана пайда болған құбылыс емес. Әр кезеңдерге жататын жазба нұсқалар тіліне көз жіберсек, ерте кезде тек бірінші (көпше), екінші (сыпайы) жақ тәуелдік жалғауы емес, бірінші (жекеше), үшінші жақ көрсеткіші де түсіріліп қолданыла берген. Ақын-жыраулар шығармалары мен қазақ эпостарының тілінде Қобыландың Тайбурыл, Базарбайдың Төлеген тәрізді, сондай-ақ „Құтадғу білік" (Юсуп Баласағұн) пен „Дивану лұғат-ит турк" (Махмуд Қашғари) атты XІ ғасыр жазба ескерткіштер тілінде мениң тилек, мениң йурек, кимиң тозар сияқты конструкциялардың кездесуі пікірімізді дәлелдей түседі.

Нөлдік тұлға сырт қарағанда түбір тұлғамен сәйкес келгенмен, сөз түбірінің барлығы жеке-жеке грамматикалық нөлдік форма бола алмайды, ол тек грамматикалық форма жасауға негіз болады. Грамматикалық нөлдік форма болу үшін ол тұлға түбір күйіндегідей өзгеше грамматикалық мағына беріліп, белгілі бір топтағы түрлену жүйесінің бір түрі болып саналып, сөйлеу процесінде белгілі бір тұрақты өзіне тән қызмет атқаруға тиісті. Сондықтан да кейбір грамматикаларымызда „зат есімнің жекеше түрі", „сын есімнің жай шырай түрі", „негізгі етіс" деген жеке грамматикалық тұлға ретінде беріліп жүрген атаулардың өзі дұрыс емес деген И.Е.Мамановтың тұжырымы өте орынды. Өйткені бұлар белгілі бір грамматикалық категорияның өзіне тән грамматикалық нөлдік формасы бар бір түрі бола алмайды. Грамматикалық формалар - сөйлеу кезінде сөздерді дәнекерлеп, оларға әр түрлі грамматикалық мән-мағына үстеп, бір-бірімен қатынасын көрсетіп тұратын, сөйлемде ғана қолданылатын сөйлеу „речь" элементтері. Сондықтан нөлдік тұлғаның мағыналық, қолданылуы, атқаратын қызметі жағынан алғанда белгілі ауқымы болады.

Осы тұрғыдан келсек, атау септіктің табиғаты бұлардан бүтіндей ерекше. Атау септіктің арнайы грамматикалық көрсеткіші болмағанмен, түбір тұлғалы сөзбен екеуі бір емес. Олардың айырмашылығы сөйлемдегі қолданылу ерекшеліктерінен, атқаратын қызметінен айқын көрінеді. Атау септік тұлғасы басқа септік формаларын жасауға негіз болып тұрмайды, атау септік – басқа септіктермен терезесі тең септік тұлғасы, бұл тұлғалы сөздің сөйлемде өзіне тән білдіретін мағынасы мен атқаратын қызметі болады: ол – қимылдың грамматикалық субъектісі, бастауышы болу, заттық-атауыштық мағына білдіру, баяндауыш формасымен өзінің мағынасы арқылы белгілі жақта қиысып тұру. Грамматикалық мағына білдірудің бірден-бір тәсілі тек қосымшалар жалғану ғана емес екені тағы белгілі. Мына сөйлемдерге назар аударайық. Бала кітап оқып отыр. Үйге бала жігіт кіріп келді. Әңгіме бала жөнінде болып отыр. Бұл – кешегі көрген бала. Осы берілген 4 сөйлемдегі бала сөздері грамматикаларымызда атау септік тұлғасы деп беріліп жүр. Бұл дұрыс емес. Тек бірінші сөйлемдегі бала сөзі атау септік тұлғада тұр, өзі 3-жақтағы сөз болған соң, баяндауышпен сол жақта қиысып қолданылады. Ал 2-сөйлемдегі бала атау септікте емес, түбір тұлғада келіп, анықтауыш қызметінде жұмсалған. 3-сөйлемде ілік септік түсіп қалып, жөнінде, шылауымен тіркесіп, толықтауыш қызметінде қолданылған, соңғы сөйлемде бала – үшінші жақ жіктік жалғаудың нөлдік формасында тұрып, баяндауыш қызметін атқарып тұр.

Атау септіктің ерекше қызметі зат есімнен басқа сөз таптарының осы тұлғада жұмсалуынан да анық байқалады. Септік жалғауы басқа сөз таптарьша жалғанғанда, оларды субстантивтендіріп, заттандырып, жібереді. Осы қасиет атау септікте де бар. Жақсы ісімен жақсы. Көрмес – түйені де көрмес дегенде жақсы, көрмес сөздері атау септік тұлғада тұрып, бастауыш қызметінде жұмсалғандықтан, бұл жерде сын есім, есімшеден гөрі зат есім мәнінде қолданылған. Міне сондықтан да грамматикаларда көрсетіліп жүрген: „кейбір септеулік шылаулар атау септікті сөзбен тіркеседі" деген пікір дәлелденбей жеңіл-желпі айта салынған, дұрыс емес. Олардың кейбірі бір кезде басқа септік формасында тұрған: үшін, жайында, жөнінде, т.б. көне кезде ілік септікті сөзбен тіркескен. Оны біріншіден, соңғы екі сөз құрамында тәуелдік жалғаудың 3-жақ көрсеткішінің сақталуы (жай-ы-нда, жөні-нде), екіншіден, көне жазбаларда, ауыз әдебиет нұсқаларында үшін шылауының есімдіктермен тіркескенде, ілік септікпен байланысып тұруы дәлелдей түседі: оның үшін, менің үшін, сенің үшін, т.б. Ал аркылы, туралы, сайын т.б. септеуліктер де белгілі формамен тіркескен болу керек, қазір оларды айқындау қиын. Сондықтан олар тіркескен сөздің тұлғасын атау септік демей, сөз түбірі деген дұрыс болады.

Демек, атау септіктің өз алдына дербес грамматикалық тұлғасы болса да, оның білдіретін түбір тұлғадан басқа грамматикалық мағынасы мен атқаратын қызметі бар. Сондықтан оны да атау септікті нөлдік тұлғаның ауқымында қарау керек.

Сөйтіп, нөлдік форма – парадигмалық түрлену жүйесінің бір түрі болып табылатын, сондықтан сол түрлену жүйесінің синтаксистік сөз байланыстырушысы

қызметін толық атқаратын форма, бірақ осы мәндер мен қызметті тікелей көрсететін арнайы формасы жоқ тұлға және осы қасиеттері арқылы бір грамматикалық категорияның басқа да формасы бар түрлеріне қарама-қайшы, әрі онымен бірлікте болып, бір бүтін құрайды. Белгілі бір белгілер жүйесінде бірдей белгінің болмауының өзі белгі болып есептеледі. Мысалы, 3 шар алып, оның біреуіне - І- белгісін, екіншісіне X белгісін салып, үшіншісіне ешбір белгі салмасақ, сол шарларды ажыратуда белгінің болмауының өзі белгіболып табылады.

Нөлдік форма парадигмалық сипаты бар грамматикалық түрлену жүйесінде, тұлғалары бар сөз байланыстырушы сипаттағы таза грамматикалық категория шеңберінде ғана болады. Нөлдік форманың ерекшеліктері де, басқа ұқсас тұлғалардан айырым белгісі де сол жүйенің аясында, сол парадигмалық жүйенің басқа түрлерімен, бір жағынан, қарама-қайшылықта, екінші жағынан, бірлікте тұруы арқылы айқындалады. Бұл – бір ерекшелігі. Екіншіден, нөлдік форма сөз байланыстырушы тұлғалар (жалғаулар) жүйесінде ғана болып, өмір сүре алады, өйткені нөлдік форманың шын мәнінде грамматикалық форма ретінде тілде өмір сүруі тек бір грамматикалық мағынаны білдірумен ғана емес, сонымеы бірге ол тұлғаның синтаксистік қызметімен, сөздерді байланыстыруынан айқындалып көрінеді. Грамматикалық мағынаның формасыз берілуі, бар болуы оның байланыс қызметінен көрініп отырады, яғни нөлдік форманы сақтайтын бірден-бір тілдік фактілер – оның сөз байланыстырушықасиеті.

Пысықтау үшін сұрақтар

1.Нольдік форма деген не?

2.Нольдік форма туралы қандай көзқарастар бар?

3.Неге нольдік форма жалғауларға ғана қатысты қолданылады?

4.Қандай қосымшалар нодьдік формада қолданылады?

Әдебиеттер:

1. Жирмунский В. О границах слова. Морфологическая структура слова в языках различных типов. М.-Л.,1963, 6-33-б.

2. С. Исаев. Грамматикалық мағына мен форманың сәйкестігі және нольдік тұлға //Қазақстан мектебі. 1976. № 8

3. Ы. Маманов. Қазіргі қазақ тілі. Лекциялардың тезистері. А.,1973.

4. Н. Оралбаева. Сөздерді қосымшасыз қолданудың сыры. Кітап: Сөз өнері, А.,1978.

5. Н. Оралбаева. Бұйрық райдың синтетикалық және аналитикалық формасы.//Қазақстан мектебі.1971.№ 4

6. Н. Оралбаева. А. Қалыбаева. Қазақ тілінің морфемалар жүйесі.

7. С. Исаев. Қазіргі қазақ тіліндегі негізгі грамматикалық ұғымдар. А.,1972. 28-41-б.

 

ХІY. Сөздерді таптастыру принциптері

1. Сөздерді лексикалық мағынасының мәніне қарай бөлу.

2. Сөздердің лексика-грамматикалық мағынасына қарай сипаты. Семантикалық принциптің ерекшеліктері.

3. Сөздердің грамматикалық сипатына, түрлену жүйесіне қарай ерекшеліктері.

4. Сөздердің синтаксистік сипаты.

А) сөздердің белгілі сөйлем қызметін атқаруы.

ә) сөздердің грамматикалық жағынан тіркесу

ерекшеліктері

5. Қазақ тіліндегі сөз таптары.

6. Сөз таптарының шығуы мен дамуы.

 

Сабақтың мақсаты

Қазақ тілінде сөздерді таптастырудың негізгі принциптері мен басты критерийлерін меңгере отырып, сөздерді сөз таптарына бөле білу және әрбір сөз табының өзіне тән белгілерін ажырата білу, сөз таптарының шығуы, қалыптасуы мен даму процесін игеру, практикалық жағынан сөйлемдегі әрбір сөздің қай сөз табына жататынын, қандай грамматикалық, лексика-грамматикалық белгілері бар екенін талдап ажырату.

 

Тілдің грамматикалық құрылысы, белгілі топтағы сөздердің түрлену жүйесі мен соған сәйкес туындайтын әр түрлі грамматикалық мағыналар, грамматикалық категориялардың өмір сүріп, жүйелі тілдік құбылыс болуы т.б. сипаттар тіліміздегі сөздердің белгілі-белгілі грамматикалық топтарға, сөз таптарына бөлінуіне байланысты. Өйткені сөздер семантикалық (лексикалық емес, грамматикалық) сипаттарының, түрлену жүйесінің, синтаксистік қызметтерінің ортақтығына қарай топталады. Әдетте қазақ тіліндегі сөз топтары атаушы немесе мағыналы (знаменательные слова) сөздер, көмекші сөздер (служебные слова) болып, кейде оған үшінші топ одағай сөздер қосылып бөлінеді. „Қазақ тіліндегі барлық сөздер семантикалық және морфологиялық (формальдық) белгілеріне (?) қарай, ең алдымен, үш үлкен топқа бөлінеді. Олар – атаушы сөздер, көмекші сөздер және одағай сөздер (Ы. ҚҚТ, 132, 133). Бірден айта кету керек, бұндай түсініктің қателігі – тілдегі грамматикалық құбылыс пен лексикалық құбылыстың өзара айырмашылығын, олар тілдің бөлек-бөлек деңгейі екенін ажырата алмау болып табылады. Сөздерді атаушы, көмекші және одағай сөздер деп бөлуде морфологиялық белгілердің (ол қандай екені де онша түсінікті емес, бәлкім формальдық дегені түрлену – түрленбеу сипаты яғни формалық шығар) ешбір қатысы жоқ, өйткені атаушы сөздердің де түрленетіндері (зат есім, есімдіктің біразы, етістік) бар, түрленбейтіндері (сын есім, сан есім, есімдіктің кейбірі, үстеу) бар, сол сияқты көмекші сөздердің де түрленетіндері (көмекші есім, көмекші етістік) бар, түрленбейтіндері (шылау, еліктеуіш сөздер) бар. Сондықтан морфологиялық белгі я белгілер сөздерді атаушы, көмекші, одағай сөздер деп бөліп жіктеуге негіз, тірек бола алмайды. Бұл – бір. Екіншіден, семантикалық белгі деген де нақты, дәл емес, өйткені лексикалық семантика бар да, олай болса ол лексикалық мағынаға негізделеді, онда лексикалық немесе лексика-семантикалық белгі деп нақтылаған жөн болар еді, сондай-ақ грамматикалық семантика бар, олай болса ол – грамматикалық мағынаға негізделеді.