МОРФОЛОГИЯ 14 страница

„Атау септік формасы, бір жағынан, басқа септіктердің формалары мен мағыналарын салыстырып ажырату үшін қабылданған негізгі форма болса, екінші жағынан, ол тек белгілі затты атау үшін ғана емес, онан әлдеқайда кең грамматикалық қызмет атқаратындықтан, арнайы талдайтын негізгі форма ретінде қаралады. Осыған орай негізгі септік деп аталады" (ЫА - ҚҚТ, 62). Сөйтіп, қазақ тіл білімінде атау септік тұлғасы септік жүйесінде басқа септік түрлерімен тең деңгейде емес, оларға немесе басқа септік тұлғаларын үстеуде негіз болатын тұлға, демек, зат есімнің түбір (негізгі және туынды түбір) тұлғасы деген ұғыммен барабар екенін байқаймыз. Ол – атау септік тұлғасының қолданылу аясын анықтаудан да көрінеді: атау септіктегі сөз бастауыш қызметінен басқа 1) баяндауыш қызметінде (ол-мұғалім), 2) анықтауыш қызметінде изафет конструкциясында қол сағат сатып алдым; 3) үшін, арқылы, туралы, сияқты, жөнінде, жайында, бойы, бойынша сияқты септеулік шылаулармен тіркесіп қолданылады. (СКЯ, 160; ЫА - ҚҚТ, 63, К. - ГУЯ, 93 - 95, 297-307 т.б.).

Ең алдымен, атау септігі басқа септік түрлерімен білдіретін грамматикалық мағынасы, сипаты, атқаратын қызметі жағынан теңдес, сыбайлас, ыңғайлас болмай, тек басқа септік түрлеріне „негіз болатын" ғана болса, онда атау септігінің септіктер жүйесіне оның бір түрі ретінде ене алмайтынын естен шығармаған жөн. Яғни белгілі бір парадигмалық түрлену жүйесіне негіз болатын тұлға ол жүйенің бір түрі ретінде сол жүйенің шеңберінде қаралмайды. Мысалы, тәуелдік категориясына (түрлену жүйесіне) негіз болатын зат есімнің негізгі я туынды тұлғасы (мысалы, бала-м, бала-ң, бала-ңыз, бала-сы немесе білім-ім, білім-ің, білім-іңіз, білім-і дегендерге негіз болып тұрған бала және білім тұлғалары) сол түрлену жүйесінің бір түрі болып енбейді. Жіктелуде де, етістіктің шақ, рай т.б. грамматикалық категорияларында да осылай. Екіншіден, атау септік тұлғасын „басқа септіктерге негіз болатын тұлға" деп анықтасақ, онда атау септік ұғымы зат есімнің түбір (негізгі және туынды түбір) тұлғасы деген ұғыммен барабар болып, тек септік түрлеріне ғана емес, сонымен бірге зат есімнің басқа да түрлену жүйелеріне (тәуелдену, көптелу, жіктелу) негіз болатын тұлға болатынын да естен шығармау керек. Онда ол (атау септік) септік жүйесі шеңберінен сырт қалуға тиісті.

Рас, атау септігінің басқа септік түрлері сияқты арнайы грамматикалық көрсеткіші (формалары) жоқ. Сондықтан атау септік тұлғасы сырттай зат есімнің түбір тұлғасымен сәйкес, ұқсас келеді. Бірақ бұл екеуі бір емес. Атау септігінің өзіне тән арнайы грамматикалық формасы болмағанымен, зат есімнің түбір тұлғасынан өзгеше болып келетін, басқа септік түрлері білдіретіндей арнайы грамматикалық мағынасы бар және сөз арқылы формасыз атау септік тұлғасы басқа септік тұлғалары сияқты семантикалық мән мен синтаксистік қызмет атқарады, яғни сөз бен сөзді байланыстыруға қатысады. Міне, осы қасиеттері арқылы атау септігі қазақ тілінің септік жүйесінде септіктің басқа түрлерімен тең дәрежедегі тұлға және парадигмалық түрленудің бір көрсеткіші болып табылады да, жоғарыда қазақ тілі грамматикалары көрсетіп, танып жүрген атау түлғасындағы сөздің баяндауыш, анықтауыш болу қызметтері, кейбір септеулік шылаулардың тіркесуі атау септіктегі сөз емес, одан бүтіндей бөлек зат есімнің түбір тұлғасы болып табылады. Айталық, баяндауыш қызметін атқарып тұрған зат есім еш уақытта атау септігінде тұрмайды, ол жіктеліп (3-жақта арнайы көрсеткіші болмаса да,) нөлдік формада тұрып жұмсалады. Жіктелген зат есім заттық, субстантивтік мәннен гөрі номиналдық мәнді білдіруге яғни субъектінің кім екенін білдіруге айналады, сөйтіп, зат есімнің жалпы түрлену жүйесінің, соның ішінде септік жүйесінің мәніне қайшы келеді. Тағы бір ескертетін жайт, есім баяндауыш тек зат есімнен ғана болып қоймайды. Сондай-ақ сын есім де, сан есім де зат есім сияқты есім баяндауыш қызметін атқарады. Ол кезде сын есім де, сан есім де зат есім сияқты 1,2-жақтарда жіктік жалғауын қабылдап, ал 3-жақта жіктік жалғауынсыз нөлдік тұлғада баяндауышпен қиыса байланысады: мен үлкенмін, сендер жақсысыңдар, ол - білімді, біз бесеуміз, сен екіншісің, олар - үшеу т.б. Міне, осындай жіктеліп келіп (3-жақта арнайы формасыз да) баяндауыш қызметін атқарып тұрған сын есім, сан есімдерді де атау септік тұлғасында тұр деп дәлелдейміз бе? Бұлардың атау септік тұлғасымен ешбір байланысы жоқ екені өзінен-өзі белгілі.

Зат есімнің түрлену жүйелері, әсересе, септік жүйесі мен оның тұлғалары заттық мағынаны білдіретін сөздерге (зат есімге) жалғанып, заттық мағынаға тән әр түрлі грамматикалық мағына үстейді, ал басқа сөз таптарына жалғанса, оған субстантивтік (заттық) мән үстеп, сөйлемде зат есімнің қызметін атқарады: Білімдіден шыққан сөз талаптыға болсын кез (Абай). Көргеннің көзі жаман, айтқанның сөзі жаман (Мақал). Бұл сөйлемдердегі білімді, талапты сын есімдер, көрген, айтқан есімшелер -ден, -ға, -нің, -ның, деген шығыс, барыс, ілік жалғаулары жалғану арқылы субстантивтеніп, адам деген заттық мағынада қолданылған. Міне, осындай субстантивтік және субстантивтендіру (заттандыру) қасиеті атау септігіне де тән: Бітер істің басына жақсы келер қасына (Мақал). Малқарға тақау отырған төрт бұрышты қара - Жәнібек (Ғ. Мүстафин). Шешінген судан тайынбас (Мақал). Принцип үшін күресу – арыз қуу емес (3. Шашкин).Бұл сөйлемдердегі жақсы, қара сын есімдер, шешінген есімшесі, күресу тұйық етістігі атау септік тұлғасында жұмсалғандықтан, біріншіден, сөйлемнің бастауыш қызметін атқарып тұр, сөйтіп, бастауыш баяндауышпен (келер, Жәнібек, тайынбас, арыз қуу емес) жіктік жалғаудың 3-жақ нөлдік формасы арқылы қиыса байланысқан, ол сын есім, етістіктерге (есімше, тұйық етістік) заттық мән үстеп, оларды субстантивтендіріп, адам мағынасын білдіріп түр: жақсы адам, қара адам, шешінген адам, ал күресу - өз бетімен қимыл атауы. Әрине, бұл сөздер тек осы сияқты қолданыста ғана субстантивтенген. Атау септігінің бұндай қызметі түбір тұлғада болмайды, басқа септік түрлерімен ұқсас.

Анықтауыштық қатынаста және септеулік шылаулармен (үшін, арқылы, жөнінде, жайында, туралы, бойы т.б.) тіркесіп қолданылған зат есімдер де атау септік тұлғасынан өзгеше. Бұл тұлға зат есімнің түбір тұлғасы болып табылады. Түркі тілдеріндегі түбір-сөздің жеке тұрғанындағы мәнді, мағыналы бөлшегі болғандықтан, сөйлемде есім түбірлері сол күйінде өз бетімен жеке қолданыла алады. Міне, зат есім түбір (негізгі және туынды түбір) күйінде қолданылғанда осындай қатынастарда (анықтауыштық) және шылаулармен тіркесте соған сәйкес белгілі синтаксистік қызметте жұмсалады. Ол зат есімдерді сыртқы түріне ғана қарап атау септік тұлғасы мен шатастыруға болмайды.

Сөйтіп, атау септігі сырт тұлғасы жағынан да зат есімнің түбір тұлғасымен ұқсас, арнайы грамматикалық көрсеткіші жоқ болып келсе де, басқа септік түрлерімен бірдей арнайы грамматикалық мағынасы бар субстанттық-заттық мағына, ол әсіресе, басқа сөз таптарын сөйлемде заттандыру мәнінен айқын көрінеді, басқа септік тұлғаларындай сөз байланыстырғыш қызметі бар (субъектілік-предикаттық қатынаста жақ жағынан қиысып, сөйлемнің баяндауыш қызметіндегі сөзбен байланысып тұрады), олармен тепе-тең, бірақ нөлдік формалы (яғни арнайы жалғауы жоқ) септік жүйесінің бір түрі болып табылады. Яғни атау септігі тек арнайы формасы ғана жоқ, басқа грамматикалық сипаттары септіктің басқа түрлерімен сайма-сай келетін парадигмалық жүйенің бір тұлғалық түрі болып саналады.

Сондықтан сырттай бір-біріне ұқсас болса да зат есімнің түбір тұлғасы мен атау септік тұлғасы бір емес, бөлек-бөлек грамматикалық тұлғалар, зат есімнің түбір тұлғасы септік тұлғаларының түрленуіне негіз болатын, соның ішінде, атау септігіне де негіз болатын тұлға болса, атау септігі - септелудің парадигмалық жүйесіндегі бір түрлену тұлғасы.

Сонда ілік, барыс т.б. септік жалғаулар атау септік тұлғасының үстіне емес, зат есімнің түбір тұлғасына жалғанады.

Барлық септік тұлғаларына, соның ішінде атау септігіне негіз болатын тұлға – зат есімнің түбірі. Сондықтан атау септігі - нөлдік тұлға болады, яғни түбірдің үстіне нөлдік форма жалғанады да басқа септік тұлғалармен тең болып есептеледі.

Ілік септігініңбілдіретін басты мағынасы - грамматикалық меншіктілікті, иелікті, меншіктілік-қатыстықты көрсету. Әрине, ілік септігі білдіретін меншіктілік мағына иелік-тәндік, таза меншіктілік (баланың кітабы, Оспанның ішігі, оқушының дәптері, әкемнің үйі), әр түрлі органикалық, табиғи байланыс (мұнайдың қалдығы, майдың тортасы, еттің көбігі, шайдың шамасы), әр түрлі туыстық жақындық, адамдар арасындағы қарым-қатынастар (баланың ағасы, ағамның жолдасы, әкемнің нағашысы, әйелдің баласы), бүтіннің бөлшегі, бір заттың бөлігі (кітаптың беті, үйдің терезесі, үйдің едені, адамның қолы, таудың басы, ағаштың жапырағы), заттар арасындағы әр түрлі, әр ыңғайдағы тәуелділік қарым-қатынас (судың сылдыры, сөздің түйіні, ойдың қорытындысы, аттың сыны, аңның ізі), заттың әр түрлі қасиеті, сапалық тәндігі (аттың жүйрігі, қыздың сұлуы, адамның кербезі, ақынның шешені, адамның ұқыптылығы, баланың үлкені), заттың сандық, реттік мәні, қатысы (баланың біріншісі, ауылдың жартысы, келгендердің екеуі, қонақтардың оны), заттың белгілі бір қасиетінің артықшылығына, ерекшелігіне қатысы (жігіттің жігіті, шешеннің шешені, сұлудың сұлуы, сараңның сараңы) т.б. сияқты мәндерді білдіріп, ілік септікті сөз тәуелдік жалғаулы сөзбен анықтауыштық қатынаста байланысып қолданылады. Демек, ілік септік тұлғасының бір ерекшелігі сол – ол өзі жалғанған сөзді әрі тәуелдік жалғаулы сөзге бағындыра байланыстырады, әрі басыңқы сөздің тәуелдік жалғауында тұруын талап етіп тұрады, әрі ілік септіктегі сөздің семантикасы (жақтық мағынасы) арқылы тәуелдік жалғаудың сол жаққа қатысты болуына қарай үш жақты байланыс арқылы жасалған сөз тіркесі-матасу пайда болады. (И.- НОК)

Ілік септік жалғауы кейде түсіріліп те (жасырын тұрып та) айтылады: колхоз малы, ақын өлеңдері, қала жастары, кітап беті, адам баласы, жер шары, жыл басы т.б. Онда бұл тіркестер (екі сөз арасындағы қатынас) меншіктіліктен гөрі қатыстық, жалпы атаулық, абстрактілік иелік мағына білдіреді: колхоз малы десек, мал меншік емес, колхозға қатысты екенін (орысша колхозный скот сияқты), колхоздың малы десек, мал белгілі бір колхоздың меншігі екенін (скот колхоза сияқты), ақын өлеңдері десек, ақынға қатысты (әрине, ақын шығарған) өлеңдер екенін (поэтические стихи немесе вообще стихи поэта сияқты), ал ақынның өлеңдері десек, белгілі бір нақты ақынның өлеңдері екенін (стихи поэта), қала жастары десек, жалпы қалада тұратын жастар екенін (городская молодежь сияқты), ал қаланың жастары десек, белгілі немесе нақты қаланың жастары екенін (молодежь города сияқты) т.б. түсінеміз. Бұдан көрінетін ерекшелік ілік септік жалғауынсыз байланысқан тіркестер нақты меншіктілік мағынадан гөрі қатыстық, абстрактілік, атауыштық мәнді басымырақ білдіреді де, көбіне тұрақты, терминдік атауыштық сипатқа ие болып қалыптасады. Қазіргі қазақ тілінде атауыштық мәндегі тұрақты тіркестер мең күрделі терминдердің көбі ілік септік жалғауынсыз қолданылған тап күресі, космос кеңістігі, Абай көшесі, күкірт қышқылы, күн сәулесі, тап тартысы, тауар айналымы т.б. Қазақ тілінде зат есім мен көмекші есім ілік септігі (көбіне-көп ілік септігінің түсіп қалған түрі) мен тәуелдік жалғау арқылы байланысады: ауылдың маңы, үй іші, стол үсті, аспан асты, үйдің жаны т.б. Түркологияда зат есімнің ілік септік тұлғасы мен тәуелдік жалғаулы сөздердің байланысынан тұратын тіркесті (колхоз-дың малы-ы т.б.) изафет ІІІілік септік тұлғасынсыз конструкцияны (колхоз малы) изафет ІІ деп атайды. Ал изафет І- ешбір жалғаусыз (ілік және тәуелдік тұлғаларынсыз) анықтауыштық қатынастағы екі зат есімнің тіркесі: қол сағат, тас жол, жібек орамал, ағаш үй т.б.

Барыс септігініңбасты грамматикалық мағынасы – жанама объекті мен қимыл, іс-әрекеттің кімге, неге, қайда бағытталғанын көрсету, атап айтқанда, қимылдың, іс-әрекеттің барып тірелер жерін, аяқталар шегін (қалаға кетті, үйге келді) кімге, неге бағытталғанын (кісіге берді, қонаққа ұсынды), қимылдың мақсатын, не үшін істелгенін (көруге кетті, оқуға келді), қимылдың мөлшерін, мезгілдің шегін (екі метрге созылды, жазға жетті), сынның неге қатысын (малға бай, сөзге сараң) т.б. сияқты мәндерді білдіру. Барыс септікті сөз дейш, шейін, қарай, таман, тарта сияқты септеулік шылаулармен тіркесіп, сандық, мезгілдік, мекендік шекті білдіреді: ауылға дейін еріп барды, бірінші қарға дейін күзеуде отырды, үркер ауып барады айға таман..., ол ауылға қарай жөнелді.

Барыс септік жалғауы кейде (сирек) түсіріліп те қолданылады Мәскеу - (-ге) бардым, не көрдім? Туысқан-туған ел көрдім (Жамбыл). Сондай-ақ кетті етістігімен тіркесіп айтылған жер-су, мекен аттарындағы барыс септік жалғауы да кейде түсіріліп айтылады: Алматыға кетті - Алматы кетті. Қазіргі тіліміздегі ер жету, бой жету тұрақты тіркестері тарихи жағынан ерге жету, бойға жету түрлерінен, алдыңғы сөз барыс септікті тұлғадағы үлгіден қалыптасқан. Қазақтың әр кездегі жазба нұсқалары тілінде ерге жету, бойға жету түрінде ғана қолданылуы, сондай-ақ жету етістігінің әдетте барыс септік тұлғадағы сөзді меңгеретіні: мемлекетке жету, мұратына жету, арманына жету, жасына жету (жасына жетпей қартайып...), түбіне жету т.б. пікірімізді толық дәлелдейді.

Сөздердің семантикасына байланысты әр түрлі тұлға құрамындағы барыс септігіндегі біраз сөз адвербиалданып, үстеуге айналып кеткен: алға, артқа, кешке, бас-басына, алды-артына, бірге, жатқа, жоққа, күн ұзаққа, күніне, текке, қолды-қолына, өз алдына т.б.

Табыс септігініңбілдіретін грамматикалық мағынасы - қимыл, іс-әрекеттің тура бағытын білдіріп, тура объектісі болу. Сондықтан да табыс септігіндегі сөз сабақты етістікке (мейлі ол жалаң, мейлі күрделі етістік болсын) меңгеріліп отырады да, толықтауыштық қатынаста ашық та, жасырын тұрып (түсіп қалып) та жұмсалады. Өзі тіркесіп тұрған етістіктің алдында жалпы абстракты мағынада келгенде, табыс септік кейде түсіп қалады: кітап оқыдым (яғни әйтеуір бір кітап оқыдым), жеміс сатып алдым (жалпы жеміс сатып алу), маған ойыншық әперді (әйтеуір бір ойыншық әперді) т.б. Ал табыс септіктегі сөз айқындылық, белгілілік мәнде айтылса, оған ой екпіні түссе, оның өзін айқындап, саралап тұратын анықтауышы болса, немесе табыс септіктегі сөз бен оны меңгеріп тұрған етістік арасына басқа бір сөз түссе, табыс септік жалғауы түспей қолданылады: кітапты мен оқыдым немесе кешегі кітап-ты түгел оқыдым, бұл жемісті сатып алдым немесе жеміс-ті кеше сатып алдым, маған осы ойыншық-ты әперді т.б. Бұндай қолданыстарда табыс септік жалғауын түсіріп айтуға болмайды.

Табыс септігі атау, ілік септіктері сияқты шылаулармен тіркеспейді. Табыс септігіндегі сөз сөйлемде тура толықтауыш қызметін атқарады.

Жатыс септігініңбасты мағынасы - істің, қимылдың болу орнын, мекенін, мезгілін, көлемін, тұрағын білдіру. Жатыс септігінің мағынасы мезгіл, мекенге байланысты болғандықтан да, соған қатысты жатыс септік жалғаудың үстіне кейде функциялық сипаттағы -ғы, -гі қосымшасы да үстеліп қолданыла береді: ауыл-да-ғы үй, кісі-де-гі дүние, ба-зар-да-ғы мал, кісі-де-гі-нің кілті аспанда. Жатыс септігінде қолданылған сөз әдетте мезгіл, мекен пысықтауыш және жанама толықтауыш қызметін атқарады. Сонымен бірге жатыс септігінде зат есім жіктеліп келіп баяндауыш қызметін де атқарады: Мен қазір үй-де-мін; қызым үй-де, қылығы түз-де; Бағыныңқы сөйлемнің баяндауышы да жатыс септік тұлғасында есімшеден немесе кезде, уақытша сияқты сөздерден де бола береді: мен келген-де, ол үйде екен. Жатыс септікті сөздердің ішінде де адвербиалданып, үстеуге айналып кеткендері аз емес: кейде, жазда, іңірде, осында, ақыр аяғында, аңдаусызда, атам заманда, оқта-текте, лезде, қаға берісте, қапыда, іңірде т.б.

Жатыс септік жалғауы жуан-жіңішке түрін есептемегенде екі-ақ нұсқада -да, -де және -та, -те түрінде кездеседі. Қазақ тілі оқулығында сонымен бірге 3-жақ тәуелдік жалғау тұлғасынан кейін жатыс септігінің -ңда, -ңде түрі де беріледі. Шынында, -да, -де қосымшасының алдындағы -н түрінің тарихи жағынан жатыс септігіне қатысы жоқ, ол -дай, -дей және -ша, -ше, -сыз, -сіз жұрнақтарының да алдынан шыға келеді: баласы-н-ша, баласы-н-сыз. т.б.

Тарихи тұрғыдан қарасақ, жатыс - көне септіктердің бірі. Ерте кезде көне түркі жазбаларының тілінде жатыс септігінің мағынасы мен қызметі, қолданылу аясы қазіргімен салыстырғанда әлдеқайда кең болған да, ол тек қимылдың орнын, мезгілін ғана емес, сонымен бірге жалпы бағытын, жалпы көлемдік мәнді де білдіріп, қазіргі барыс және шығыс септіктерінің орнына да жұмсала берген. Қазіргі қазақ тілінде барыс септік те, жатыс септік те мекендік мәнде бір ғана тұлғалы қайда? деген сұраққа жауап беруі, сондай-ақ, осында, мұнда, сонда, сияқты сөздердің әрі қимылдың мекенін білдіріп, жатыс септігінің көрсеткіші болуы (осында болды, мұнда жүр, сонда тұр т.б.), әрі бағытын білдіріп, барыс септігінің көрсеткіші болуы (осында келді - үйге келді, мұнда келмейді - үйге келмейді, сонда кетті - үйге кетті т.б.) көне кездегі қолданыстың қалдығы болу керек. Жатыс септік тұлғасы септеуліктермен тіркеспейді.

Шығыс септігінің басты мағынасы - қимыл, іс-әрекеттің неден, қайдан шыққанын, басталғанын білдіру, сөйтіп, барыс септігінің мағынасына қарама-қайшы болып келеді. Сондай-ақ шығыс септігі қимылдың қандай обьект төңірегінде болғанын (бетінен сүйді, басынан сипады,) себебін (айғайдан шошып кетті), не арқылы, неден өткенін (аяқтан аттады, таудан асты), сапалық, сындық сипаттағы сөздердің салыстырма мәнін (бетегеден биік, адамнан ақылды), істің, заттың тегін (атадан алтау, анадан төртеу), кейбір өлшем, мөлшер, мезгіл мәнін (бес жасынан қасына ерді, былтырғы жаздан қасынан қалмайды, жанама объект {досынан түңілді, жақсыдан шарапат), бөліктің бірлік, тұтастығын (топтан бөлініп, жұбынан жазбай) сияқты да мағыналарды білдіреді. Шығыс септікті сөз сөйлемде пысықтауыш (ауылдан келді, жаздан бері жұмыс істеп жүр), толықтауыш (жақсыдан көмек күт, менен сұра) қызметінен басқа жіктеліп келіп баяндауыш (біз ауыл-дан-быз, олар қала-дан) немесе бағыныңқы сөйлемнің баяндауышы қызметін атқарады: ол барғаннан сон, жол түзелді. Шығыс септікті сөзге соң, кейін, бері сияқты септеуліктер тіркеседі. Шығыс септікті кейбір сөздер адвербиалданып, үстеуге айналып кеткен: алдан, аяқ астынан, баяғыдан, келтесінен, кенеттен. Шығыс септік жалғауы өте сирек жағдайда түсіп қолданылады: Тескен тау (-дан) өт, бел (-ден) асты т.б.

Көмектес септігі - қазақ тіліндегі септік жүйесінің өзіндік бір ерекшелігі, өйткені басқа түркі тілдерінде бұл септік түрі жоқ. Жоғарыда көрсетілгендей, көмектес септігінің қосымшасы да тұлғалық жағынан ерекше: буын үндестігі заңына бағынбайды, тарихи жағынан бірлән-білән-мынан-менен септеулік шылауынан қалыптасқан. Негізгі мағынасы – істің, қимылдың немен, қандай құралмен (құралдық) істелгенін (балтамен шабу, таяқпен түсіру), қимылға ортақтық, қатысқан затты (жолдасымен хат жазысып тұрады), қимылдың амалын, қалай істеуін (бар зейінімен тыңдау,) еңбегімен күн көру), іс-әрекеттің, қимылдың мақсатын (бір оймен келді) қимылдың мекенін, мезгілін (жолмен жүрді, күнімен отырды), қимылдың себебін (сөйлеумен естімей қалды) т.б. білдіру. Сондай-ақ қарсылықты мағынаны білдіріп, бағыныңқы сөйлемнің баяндауышы да болады: мен барған-мен, ол келмейді. Көмектес септік жалғауын оған ұқсас, омонимдес жалғаулық шылаудан (-мен, -бен, -пен) ажырата білу керек: байланысты сөздер мен, бен, пен тұлғасынсыз айтылмаса, ол - көмектес септік жалғауы, онсыз айтыла алса немесе мен, бен, пен дегеннің орнына және да, де, та, те дегеннің бірімен алмастыруға болса, онда ол - жалғаулық шылау: Қасыммен бірге келдік (бұл жерде мен дегенді алып тастауға я өзгертуге болмайды) және Қасым мен баласы келді дегенді Қасым және баласы (немесе Қасым да, баласы да) келді деп өзгертіп айтуға болады.

Көмектес септік жалғауы есімдіктерге тікелей жалғанбай, о баста ілік септік тұлғасының үстіне жалғанған болу керек, қазіргі кезде соның қалдығы сақталған: менімен-меніңмен-мениң білән, бұнымен-буниңмен-буның билән т.б.