МОРФОЛОГИЯ 11 страница

 

Сабақтың мақсаты

Қосымшалардың жеке сөздер сияқты мағыналық ерекшеліктері, атап айтқанда кейбірі ғана мағынамен, кейбірі әр түрлі мағынамен байланысты, немесе бірінің мағынасы екіншісінің мағынасына жақын я қарама-қайшы, немесе дыбысталуы, сыртқы тұлғасы бірдей болғанмен, мәндері бүтіндей бөлек-бөлек болып келуі,кейбір функциялық ерекшеліктері, белгілі бір құрамдық сипаты болатынын білдіріп, меңгеру.

 

Қосымшалардың мағыналық, құрылымдық ерекшеліктері

Сөйтіп, қосымшалардың мағыналары бірдей емес. Бірі, сөзжасам қосымшалары, сөзжасам мағыналарын, яғни жаңа лексикалық мағына білдірсе, екіншісі, мысалы, сөзтүрленім (форма тудырушы) қосымшалары, грамматикалық немесе лексика-грамматикалық мағыналарды білдіреді, ал үшіншісі, функциялы қосымшалар, контекстік лексика-грамматикалық мағыналарды білдіреді. Сонымен бірге сөзжасам қосымшаларының да, сөзтүрленім қосымшаларының да бір тобы ғана мағына білдіріп, моносемиялық қосымша болып бөлінсе, екінші бір тобы бірнеше (екі я одан да көп) мағына білдіріп, полисемиялы қосымша болып бөлінеді.

Мысалы, белгілі бір елге, жерге, ру-тайпаға, халыққа т.б. нақтылы қатыстылықты білдіретін -ы, -і, және кірме қосымшалары моносемиялы болып табылады:

қазақ-ы (мал), қалмақ-ы (ер), алтай-ы (қызыл түлкі), араб-ы (кілем), және тарих-и (оқиға), әдеб-и (тіл), дін-и (көзқарас), әскер-и (адам) т.б. Бұлардың қатарына -лы, -лі, -ды, -ді, -ты, -ті: тау-лы (жер), тас-ты (жер), ина-бат-ты (адам), әдеп-ті (бала), икем-ді (жігіт) т.б., -ыл, -іл, -л: тарс-ыл, дір-іл, гүрс-іл, гүр-іл, қыңқ-ыл т.б., -ым, -ім, -м: ал-ым, ұғ-ым, байла-м, біл-ім т.б. кірме қосымшалар: -кеиі, -қой, -қор, -паз, -хана, -стан: арба-кеш, білім-паз, ас-хана, жем-қор, Турк-стан, Шым-кент т.б. толып жатқан сөзжасам қосымшалар жатады. Ал -лық, -лік, -дық, -дік, -тық, -тік: кісі-лік, дос-тық, жақсы-лық т.б., сондай-ақ өсім-дік, орын-дық т.б., сондай-ақ ай-лық, ап-та-лық, жыл-дық т.б., бір-лік, үш-тік т.б.орта-лық, қоғам-дық, қала-лық т.б., -сыз, -сіз, су-сыз (жер), білім-сіз (ел), мұң-сыз (жұрт) т.б., үн-сіз (тыңдау), қозғалыс-сыз (отыру), сөз-сіз (мойындау) т.б., -дай, -дей, -тай, -тей: тау-дай (кісі), ат-тай (он жыл), үй-дей (тас), жүз-дей (адам), мың-дай (жылқы) т.б., өлер-дей (болу), жылар-дай (болу), баратын-дай (сияқты) т.б., жас-тай (кетті), (ала) жаздай (еңбек етті) т.б. толып жатқан сөзжасам қосымшалары полисемиялы болып табылады. Сондай-ақ -ны, -ні, -ды, -ді, -ты, -ті, -н табыс септік жалғауы (бала-ны оқытты, үй-ді құлатты, мектеп-ті бітірді т.б.) тура объектіні білдіріп, моносемиялы сөзтүрленім қосымшасы болып табылады. Сондай-ақ -ды, -ді, -ты, -ті жедел өткен шақ қосымшалары, -ды, -ді, -ты, -ті көсемше тұлғасынан кейін жалғанатын 3-жақ жіктік жалғауы т.б. моносемиялы қосымшалар. Ал тәуелдік мағынаны, басқа бір заттың иелігінде екендігін білдіретін мағына, бұл үш жаққа бірдей, яғни 2-жақ -ым, -ім, -м қосымшасы да -ың, -ің, -ң, -ыңыз, -іңіз, -ңыз, -ңіз 2-жақ та, -сы, -сі, -ы, -і 3-жақ қосымшасы да бір тәуелдік мағынаны білдіреді. Екіншіден, тәуелділік мағынамен қоса жақтық мағынаны, екінші жақта анайылық, сыпайылық мағынаны білдіреді, үшіншіден, солардың үстіне ІІ, ІІІ жақтар жекеше-көптік мағынаны да білдіреді: І -ым, -ім, -м және -мыз, -міз, -ымыз, -іміз, ІІ жақ анайы: -ың, -ің, -ң және көптік жалғау + -ың, -ің, сыпай: -ыңыз, -іңіз, -ңыз, -ңіз және көптік жалғау + -ыңыз, -іңіз. Солардың қатарына есімше қосымшаларын (-ған, -ген, -қан, -кен, сондай-ақ -ар, -ер, -р, -с, сондай-ақ -атын, -етін, -йтын, -йтін), көсемше қосымшаларын (-а, -е, -й және -ым, -іп, -п) т.б. жатқызуға болады.

Полисемиялы (көп мағыналы) қосымшаларды о м о н и м қосымшалардан айыра білу керек. Омоним қосымшалар түр-тұлғасы бірдей я ұқсас болғанмен, мағыналары бүтіндей бөлек-бөлек, көбіне бір-бірімен ешбір байланысы болмайтын қосымшалар болып табылады. Сөзжасам қосымшалары өз ішінде бір-бірімен омонимдес бола береді. Мысалы, -ық, -ік, -қ, -к: қаз-ық, бұйр-ық, бөл-ік, төсе-к және сұй-ық, аш-ық, арт-ық, жет-ік және мол-ық, орн-ық, кеш-ік, өш-ік, қыз-ық және тол-ық, қыз-ық, жат-ық т.б. -ы, -і: қазақ-ы, араб-ы, естек-і т.б. және өл-і, то-л-ы, жыл-ы, жіт-і т.б. және бай-ы, жер-і, жас-ы, тас-ы т.б. Омонимдік сипат сөзжасам қосымшасы мен сөзтүрленім қосымшалары арасында да болады. Жоғарыда көрсетілген -қ, -к қосымшаларымен 1-жақ көпше түрде жіктік жалғауы (барды-қ, келді-к, келсе-к), -ы, -і қосымшаларымен тәуелдік жалғаудың 3-жағы (кітаб-ы, дос-ы, үй-і т.б.) омонимдес болып келеді. Сөзтүрленім қосымшаларының өз ішінде де омонимдік сипат кездесіп отырады: -ды, -ді, -ты, -ті табыс септік жалғау мен көсемше тұлғасынан кейін жалғанатын 3-жақ жіктік жалғауы (бара-ды, келе-ді, барып-ты, келіп-ті) мен жедел өткен шақ жұрнағы (бар-ды, кел-ді, айт-ты, кет-ті) омонимдес екендігін көреміз. Бұлардың қатарын бұдан әрі көбейте беруге болады. Қосымшалар арасындағы омонимдік сипат кәдімгі лексикалық единицалар - сөздер арасындағы, әр түрлі жолмен қалыптасады. Бірде дыбыстық өзгерістерге түсу нәтижесінде екінші бір қосымшамен тұлғалас болып келеді. Мысалы, өл-і, тір-і, тол-ы т.б. сөздердің көне түрлері: -өл-іг, тір-іг, тол-ығ, яғни қосымша -ығ, -іг, ұғ-, -үг, тілдің даму барысында соңғы ғ, г дыбыстарының түсіп қалу нәтижесінде -ы, -і, болып, осы тұлғалас қосымшаларға омонимдес болған. Екінші бірде бөтен тілден енген қосымша да тіліміздегі басқа қосымшамен омонимдес болып кетеді: қазақ-ы, қалмақ-ы т.б. сөздің құрамындағы -ы, -і парсы нисбеті қосымшасының „қазақыланған" түрі. Үшінші бірде омонимдік сипат полисемиялы (көп мағыналық) қасиеттің дамуы негізінде пайда болып қалыптасады. Мысалы, қыз-ық, тол-ық, жар-ық, сал-ық және мол-ық, орн-ық т.б. сөздер құрамындағы -ық, -ік, -қ, -к қосымшаларының, кітап-ша, өгіз-ше және ұзын-ша, толық-ша және бала-ша, ақын-ша және әзір-ше, бүгін-ше т.б. сияқты сөздердің құрамындағы -ша, -ше қосымшаларының шығу төркіні бір. Қазақ тілінде омоним қосымшалардың шеңбері мен саны бұдан әлдеқайда кең де көп. Соның бірі -шы, -ші қосымшасы: І) бейімділік, мамандық, кәсіпке байланысты , адамға

қатысты зат атауларын тудырады: балық-шы, етік-ші, тігін-ші, қуғын-шы т.б.; 2) заттық ұғымның белгілі бір қимылын білдіретін сөздер тудырады: жан-шы, аунақ-шы, ойнақ-шы, дөңбек-ші т.б.; 3) бұйрық рай (үш жақта да) тұлғасына жалғанып, тілек, жалыну мағынасын білдіреді: кел-ші, бар-шы, келейін-ші, барайын-шы, келіңіз-ші, барыңыз-шы, келсін-ші, барсын-шы және көрсем-ші, барсам-шы, барсаң-шы, көрсеңіз-ші, барсақ-шы; 4) қимылдың мақсаттық мәнін тиянақты түрде жүзеге асатындығын білдіреді: бармақ-шы, келмек-ші т.б.

Мағыналық жағынан қосымшалар мағыналас, жақын мағыналарды білдіретін с и н о н и м қ о с ы м ш а л а р да, мағыналары бір-біріне қарама-қарсы а н т о н и м қ о с ы м ш а л а р да болады. Синоним қосымшалардың қатарына тәуелдік жалғау (үш жақта да) мен -нікі, -дікі, -тікіқосымшасы, белгілі жағдайда -шаң, -шең(тер-шең, кір-шең) қосымшасы мен -ғыш, -гіш, -қыш, -кіш(сен-гіш, көн-гіш, күле-геш, сен-гіш) қосымшасы, сондай-ақ -шыл, -шілжәне -қор (тер-шіл, ұйқы-шыл, шай-қор) қосымшалары, біріншіден, адамға қатысты, екіншіден, ол адамның бір іске бейімділігін, жақындығын білдіретін атаулар я атаулардың сындық белгісін тудырып, синонимдік қатар құрайды. Ал оған керісінше -лы, -лі, -ды, -ді, -ты, -тіқосымшасы белгілі бір заттың, құбылыстың барлығын, көптігін білдіретін мәндегі сөз тудырса, -сыз, -сізқосымшасы заттың, құбылыстың жоқтығын білдіретін мәндегі сөздер тудырып антонимдік сипатта қолданылады. Сондай-ақ барыс септік жалғауы белгілі бір затқа, объектіге, мекенге қарай бағытталуды білдірсе, шығыс септік жалғауы керісінше қимылдың қайдан шыққанын яғни белгілі бір заттан, объектіден, мекеннен шығуды білдіріп, қарама-қайшы грамматикалық мағынада жұмсалады. Бұның өзі сөздерде болатын семантикалық сипат қосымшалардан да байқалып отыратындығын көрсетеді.

Қосымшалардың көпшілігі тілдің даму барысында жеке лексикалық мағыналы сөздерден семантикалық дербестігінен, бара-бара тұлғалық та дербестігінен айрылу нәтижесінде қалыптасып жасалған. Қандай қосымшаны алсақ та, түп төркіні жеке сөзге саятынын этимологиялық зерттеулер дәлелдеп отыр, Мысалы: -ша, -ше, сондай-ақ -шақ, -шек, -шық, -шік қосымшаларышақты, шейін септеуліктері түптеп келгенде шақ (шек) әрі есім, әрі етістіктен жасалып қалыптасқаны, -дай, -дей, -тай, -тей қосымшалары мен дейін септеулігі көне түркі тег, қазіргі тіліміздегі түрі ши (ти десем тимейді дегендегі) етістігінен жасалғандығы толық дәлелденген. Бұндай процесті қазіргі тіл дамуынан да байқауға болады. Мысалы, құмар сөзі араққұмар, әнқұмар, ойьшқұмар т.б. сияқты туындылар жасауға қатысып, қосымша мәніне ауыса бастағанын (әлі ауысып бітпегенін) көреміз. Сондай-ақ соң) әуел баста зат есім, мысалы, көштің соңы, одан үстеу, мысалы, үйге соң кірді, одан барып септеулік шылау - көргеннен соң - көрген соң) шылауы сөйлеу тілде есімше тұлғасымен (ған, -ген, -қан, -кен) кіріп барып күрделі қосымшаға айналып барады: айтқаннан соң - айтқасын, келгеннен соң – келген соң, -келгесін т.б. Немесе бірінші, екінші жақ жіктік жалғаулары (одан тараған тәуелдік жалғаулары да) жіктеу есімдіктерінен қалыптасқаны анық: -мын, -мін, -бін, -пын,- пін жіктік жалғауы мен -ым, -ім, -м тәуелдік жалғауы мен деген есімдіктен, мен -міз, -мыз, -біз, -пыз, -піз жіктік жалғауы мен -ым, -ім, -м тәуелдік жалғауы мен деген есімдіктен -мыз, -міз, -біз, -біз, -пыз, піз жіктік, және -ымыз, -іміз, -мыз, -міз тәуелдік жалғаулары біз деген есімдіктен, -сың, -сің, жіктік жалғауы сен деген есімдіктен, -сыз, -сіз жіктік жалғауы сіз деген есімдіктен тарағаны белгілі.

Сонымен бірге тілімізде бөтен тілден енген қосымшалар да өмір сүріп келеді. Бұлардың қатарына парсы нисбеті (қатыстық сын есім тудыратын тұлға) -и, (әдеби, діни, ресми т.б,) қосымшасы мен оның „қазақыланған" түрлері -ы, -і (арабы, қазақы, естекі, алтайы), -паз, (өнерпаз), -кеш (арбакеш) -хана, (емхана) -стан (Қазақстан) сияқты қосымшалар да жатады.

Ал құрамы жағынан, ең алдымен, бір дыбыстан тұратын, мысалы, -а, -е, -й, -п, -у, -ы, -с, -ш, -т, -қ, -к, -м, -ң, -н, - т.б. қосымшалар: ойн-а, сан-а, күл-е, сөйле-й, қара-п, сал-у, тол-ы, өл-і, кітаб-ы, үн-і, күре-с, ойла-т, сана-қ, бала-м, баласы-н, іні-ң т.б. екіншіден, екі я одан көп дыбыстан тұратын қосымшалар бар екенін айтуға болады. Олардың құрамы дауысты-дауыссыз, дауыссыз-дауысты, дауыссыз-дауысты-дауыссыз, дауысты-дауыссыз-дауысты-дауыссыз т.б. сияқты болып келеді.

Сондай-ақ құрамы жағынан қосымшалар жалаңжәне құрандыболып та бөлінеді. Жалаң қосымшалартұлғалық жағынан да, семантикалық жағынан да, қанша дыбыстан тұрса да, бөлінбейтін біртұтас, бір бүтін морфема болып саналатын қосымшалар да, екі я одан да көп қосымшалардан құралып, мағына жағынан тұтасып кеткен, бірақ сыртқы түрі жағынан немесе басқа сөздер құрамында қолданылуы немесе көне тілде жұмсалуы арқылы бөлуге болатын қосымшалар құранды қосымшалардеп аталады.

Жалаң қосымшалардың өзі бір дыбыстан я бірнеше дыбыстан да құрала береді: -м, -ым, -ім (сал-ым, біл-ім, сөйле-м, бала-м) –ы -і, -сы, -сі, (бала-сы, іні-сі, ана-сы, кітап-ы), -ған, -ген, -қан, -кен (бар-ған, кел-ген), -ма, -ме, -па, -пе, -ба, -бе (кес-пе, мін-бе, көр-ме, сал-ма) лық, -лік, дық, -дік, -тық, -тік (орын-дық, апта-лық, сембі-лік) т.б. Ал құранды қосымшалар бірнеше дыбыстан тұрады, өйткені оның құрамында кем дегенде екі қосымшаның элементі бар. Бір сөзге жалғанған кез келген екі я одан да көп қосымша құранды қосымша бола бермейді. Әдетте құранды қосымшалар морфемалық жағынан ажыратуға келмейді де, бір бүтін қосымша ретінде қолданылады: -шылық, -шілік(шаруа-шы-лық, жай-шылық, бұл қосымша -шыжәне -лық,-ші және -лікқосымшалардың бірігуінен жасалған, бұлар - жеке-жеке де қолданыла береді, бірақ бұл жерде шаруа-шы, жай-шы деген бөлек сөз жасамай, бір қосымша ретінде қолданылған), -ымды, -ынды, -інді (ұна-мды, асыра-нды, үй-інді, бұл жер де де ұнам, асыра-н, үй-ін деген сөздер тілімізде жоқ екендігі ескеріліп отыр), -шпын, -етін, -йтын, -йтін (бар-атын, кел-етін, сөйле-йтін т.б„ есімшенің -тьш, -тін, арғы тегі-туғын көмекші етістігі, тарихи тұрғыдан көсемшенің -а, -е, -й, қосымшасынсыз қолданылмайды, сондықтан да құранды деп танылады), -ыңқыра, -іңкіре, -ңқыра, -ңкіре (бар-ыңқыра, сөйле-ңкіре)т.б.

Осы шағын талдаудан көрінетіңдей, тіліміздегі қосымшалар, мағыналық және тұлғалық дербестігі де, яғни жеке тұрып өз бетімен ешбір мән бере алмай, жеке түбірсіз қолданыла алмай және түбірдің ыңғайына қарай нұсқаланып отырса да, мағыналық және құрамдық жағынан жеке сөздерге, лексикаға тән полисемиялық - моносемиялық, антонимдік, синонимдік, омонимдік, төл-кірме, бір құрамды - көп құрамды сияқты қасиеттерде жұмсалатынын көреміз.

Пысықтау үшін сұрақтар

1.Қосымшалардың көп мағыналылығын қандай мысал келтіруге болады?

2. Синоним қосымшаларға мысал келтіріңіз.

3.Омоним қосымшаларға мысал келтіріңіз.

4. Антоним қосымшаларға мысал келтіріңіз.

5.Тілімде қандай кірме қосымшалар бар?

6. Функциялық қосымшалар деп қандай қосымшаларды айтамыз?

Әдебиеттер:

1. Ы. Маманов.Қазақ тіліндегі функциялық қосымшалар // Қазақ тілі мен әдебиеті . Жинақ. 6-шығуы. А.,1975.

2. Қазақ тілінің грамматикасы. А.,1967. 10-11-б.

3. А. Ысқақов. Қазіргі қазақ тілі. А.,1974.34-39-б.

4. С. Исаев. Қазіргі қазақ тіліндегі сөздердің грамматикалық сипаты. А.,1998.229-235-б.

 

YІІІ. Жалғаулар

1. Жалғаулардың өзіндік ерекшеліктері.

2. Жалғаулардың түрлері.

3. Көптік жалғау және көптік (сан) категориясы.

4. Көптік жалғаудың жалғаулар жүйесінен алатын орны, сөз байланыстыруға қатысы.

Сабақтың мақсаты

Қазақ тіліндегі қосымшалар жүйесінде сөйлеу процесінде жалғаулардың орнын біле отырып, оның түрлерін, әр түрінің өз ерекшеліктерін анықтау. Жалғаулар жүйесінде көптік жалғаудың ерекшеліктерін әсіресе сөздерді байланыстыру қызметі тұлғасынан жалғаудан гөрі форма тудырушы жұрнаққа жақын екендігін ғылыми негізінде түсіну.

 

Жалғаулар, бір жағынан форма тудыратын қосымшалардың бір түрі болып таблады, өйткені форма тудыратын жұрнақтар сияқтыжалғаулар да өзі жалғанған сөзге белгілі бір грамматикалық мағына (мысалы, көптік, тәуелдік, жақтық, меншіктілік, объектілік, мезгілдік, мекендік-бағыттық, т.б.) үстеп, белгілі бір топтағы сөздердің (сөз табының) түрлену формасы болып табылады. Екінші жағынан, жалғаулар форма тудырушы жұрнақтардан сөйлемдегі қызметі жағынан, яғни сөздерді байланыстыру сипаты жағынан ажыратылады. Сөйтіп, жалғаулардың форма тудырушы жұрнақтардан ең басты айырмашылығы сөз байланыстыру қызметіне байланысты.

Білдіретін грамматикалық мағынасы мен сөздерді байланыстыру қызметінің ерекшелігіне қарай тіліміздегі жалғаулардың төрт түрі көрсетіліп жүр: көптік жалғау, тәуелдік жалғау, септік жалғау және жіктік жалғау.

Бұл жалғаулардың қай түрі болсын грамматикалық мағынасы мен қызметі жағынан белгілі сөз таптарына қатысты болып келеді. Мысалы, көптік, септік, тәуелдік жалғаулары зат есімге қатысты және зат есімнің түрлену жүйесі, грамматикалық категориялары болып табылады. Өйткені бұл жалғаулардың білдіретін мағынасы сөздің заттық мағынасымен байланысты да, зат атауын білдіретін сөздерге немесе басқа мәндегі сөздерге жалғанса, оны заттандырып (субстантивтендіріп) жібереді: талаптыға (адамға) нұр жауар, еріншектің (адамның) ертеңі (ертеңгі күні) таусылмас, т.б. Ал жіктік жалғау мағынасы мен қызметі жағынан субъектінің (әрекет иесінің) жағын білдіретіндіктен, қимылды білдіретін сөздерге (етістікке) тән болып келеді. Бірақ есім сөздер де жіктеле алады.

Жалғаулардың ішінде көптік жалғаулардың орын ерекше. Көптік жалғау – көптік ұғымның көрсеткіші.

Қазақ тіл білімінде сан-мөлшер категориясы көбіне-көп көптік ұғыммен, көптік жалғау тұлғасымен байланысты қаралып келді. Қазақ тілінің грамматикаларында сан-мөлшер категориясы деген терминнің болмай, грамматикалық тұлға ретінде көптік жалғау, көптік жалғау категориясы немесе көптік категориясы деген терминдердің қолданылуы осының дәлелі болса керек. „Тілімізде көптік категориясы да, көптік жалғау категориясы да бар. Ал, осы екеуі бір де емес және бірдей де категориялар емес. Көптік категориясы деген ұғым тым жалпы ұғым да, көптік жалғау категориясы — онан гөрі әлдеқайда жалқы ұғым. Мысалы, көптік категориясы тілімізде үш түрлі жолмен беріледі, лексикалық, морфологиялық, синтетикалық тәсіл арқылы да айтылады" (Ы.А. -ҚҚТ,40). Әрмен қарай „көптік жалғау категориясы" деген ұғымға не кіреді деп ашық айтылмайды, сірә, ол термин және ұғым көптік жалғау дегенмен бара-бар болу керек. Мұнда, біріншіден, категория (әрине, грамматикалық категория мәнінде) деген термин, жоғарыда арнаулы тақырыпта көрсетілгендей, белгілі бір тұрақты грамматикалық құбылыстың аты ретінде белгілі бір принциппен қолданылмаған. Екіншіден, „көптік жалғау категориясы" деген термин „грамматикалық формалар жүйесі арқылы берілетін тектес, ыңғайлас әрі өз ішінде бір-біріне қарама-қайшы болып келетін грамматикалық мағыналардың жиынтығы" деп анықталатын грам-матикалық категория ұғымын тіпті жоққа шығарады.

Көптік ұғым мен оған қарама-қайшы жекелік я дара-лық ұғымның болуы — жалпы зат атаулыға тән қасиет. Міне, осы көптік және жекелік ұғымдардың (граммати-калық мағыналарының) арақатынасынан және сол ұғымның белгілі морфологиялық тұлғалар арқылы (же-келіктің арнайы тұлғасы болмай, көптік ұғым көптік жалғау арқылы) берілуінен сан-мөлшер категориясы туа-ды. Сан-мөлшер категориясын (кейбір еңбектерде көптік категориясы деп аталып жүр) тек көптік жалғау шеңберінде қарастырсақ, одан көптік жалғау ұғымының сыр-сипаттары, қызметі, стильдік ерекшеліктері т.б. айқындалғанмен, грамматикалық категориялық сипаты ашылмай қалар еді, тек жекелік (даралық) ұғыммен сәйкесті, қатысты қарағанда ғана, оның категориялық сипаты айқындалады. Сондықтан да әңгіме көптік жалғау немесе көптік ұғым жайында болса да, ол жерде грамматикалық тұрғыдан оған қарама-қайшы мәндегі же-келік (даралық) ұғым есте болатындығын ұмытпаған жөн. Рас, сан-мөлшер категориясының түрі ретіндегі зат атауына байланысты жекелік және көптік ұғымның шартты мәндері де жоқ емес. Мысалы, жеке-даралап санауға келмейтін су, ұн, жел, боран, қар сияқты зат атаулары, жақсылық, жолдастық, білім, ақыл, ой тәрізді дерексіз зат атаулары, қазақ, орыс, қырғыз, керей, найман тәрізді халық, ел, ру аттары т.б. толып жатқан әр алуан әлеуметтік ұғымдардың, қоғамдық құбылыстардың атта-ры сыртқы тұлғасы, грамматикалық формасы жағынан жекелік (даралық) ұғымның көрсеткіші деп танылғанмен, мән-мағынасы жағынан олардың әрқайсысы сол бір ғана заттың атауы деуге болмайды. Ал осы сөздерге көптік жалғауын жалғасақ, ол жалғау негізінен сол ұғымдағы заттардың көптігін емес, олардың әр түрлілігін білдіреді немесе басқа стильдік мәнүстейтінін байқаймыз. Керісінше кейде даралық мәндегі, жалқы атауға да көптік жалғауы жалғануы мүмкін. Мысалы, Құдайларыңды ұмытқан екенсіңдер. Есік алдында Әбдірахмандар әлі тұр екен тәрізді сөйлемдерде құдайлар, Әбдірахмандар сөздеріндегі көптік жалғау сол заттардың (құдай, Әбдірахман) көптігін білдіріп тұрған жоқ, бірінші сөйлемде қаратылып айтылған адамдардың көп (біреу ғана емес) екендігін, екінші сөйлемде Әбдірахман жалғыз емес, қасында тағы басқа адамдар бар екендігін білдіреді, сондықтан да сан-мөлшер категориясына байланысты жекелік және көптік мән туралы, әсіресе олардың грамматикалық сипаты туралы мәселе болғанда мағыналық жағынан осындай шарттылықтарды ескермей болмайды.

Көптік ұғымды білдірудің тәсілдері әр түрлі. Көптік ұғымның бірден-бір грамматикалық көрсеткіші—көптік жалғау. Ал жекелік ұғымның оған қарама-қайшы грамматикалық арнайы формасы болмай-ды. Бірақ көптік ұғым тек көптік жалғау арқылы ғана беріліп қоймайды. Жоғарыда көрсеткеніміздей, бір тек-тес заттардың жалпылама атауында, абстракт ұғымдағы сөздерде де, жеке-даралап санауға келмейтін немесе де-рексіз зат атаулары сияқты сөздерде де көптік, жалпы-лық мән болады. Мысалы, үй, ағаш, сәуле, ой, қарсылық дегендер — бір ғана жеке заттың атауы емес, біртектес заттардың бәрін қамтитын жалпылама атау. Солай бола тұрса да, бұл сөздердің семантикасынан тікелей көптік ұғым туа ма? Бұлар „көптік ұғымды осылайша сөздің тікелей өз лексикалық мағынасы арқылы білдіру лексикалық тәсілі деп аталады" (ЫА -ҚҚТ.41), немесе „Көптік мағына тудырудың лексикалық тәсілі деп отырғанымыз — зат есімнің жекеше, көпше болып бөлінуінің белгілі бір жалғаудың қызметіне байланысты болмай, сөздің өз ішкі лексикалық мағынасына (дұрысында жалпы грамматикалық мағынасына, өйткені лексикалық мағына жекелік-көптік мән жағьшан бейтарап (— И.С.) байланысты болып келуі" (ҚТГ.53) сияқты қорытынды жасауға, ол сияқты сөздерді көптік ұғымды білдіретін сөздер деп тануға толық негіз бар ма? Шындығында бұл сияқты сөздер көптік мәнде ғана қолданылып, жекелік мағынаға қарама-қайшы болса ғана, яғни үй деген үйлер ұғымында ғана, сәуле деген сәулелер ұғымында ғана т.б. түсінікте ғана, оның жекелік, даралық мәніне тұпа-тура қарама-қайшы көптік ұғымның (мағынаның) толық мәнде лексикалық тәсіл арқылы берілуі болып танылар еді, дұрысында бұл сөздер көптік мағынадан гөрі жалпылық, дерексіз абстрактылық мәнді білдіреді.