МОРФОЛОГИЯ 10 страница

Сондықтан сөз тудыруға байланысты қазақ тілі грамматикаларында беріліп жүргендей жұрнақ терминін алмай, оның орнына сөзжасам қосымшалары деп берген жөн болар еді. Бірақ сөзжасам қосымшаларының ерекшеліктері бұнымен ғана шектелмейді. Ол қосымшалардың құрамдық (жалаң, құранды), мағыналық (моносемиялық, полисемиялық, мағыналас, омоним т.б. ерекшеліктері мен қолданыстық, тілде өмір сүру (өнімді-өнімсіз, құнарлы-құнарсыз сондай-ақ төл-кірме, көне-жаңа, тірі-өлі т.б.) сипаттарына байланысты ерекшеліктерін былай қойғанда, бір сөз табының аясында ғана (есім сөздерден есім тудыратын қосымшалар) және бір сөз табынан екінші сөз табын тудыратын қасиеттері мен кейбір функциялық сипатын айта кеткен жөн. Мысалы: -Шіркін, айтушы мен болғанда, үнемі ұқтырушы сен болсайшы Абай, - деді (М. Әуезов). Ержан қазіргі соншылап тұр. (Ғ. Мүстафин) Баласы аталап соңынан қалмады. Жарыста алматылықтар басым түсті тәрізді сөйлемдерге айтушы, ұқтырушы, болсайшы, соншылап, аталап, алматылықтар дегендерді сырт тұлғасына қарап қосымша арқылы жасалған жаңа сөздер деуге болады: айту-шы, ұқтыру-шы (жазушы сияқты), сон (л) -шыла-п, ата-ла-п, алматы-лық. Өйткенідәстүрлі грамматика тұрғысынан қарағанда, бұл сөздердің соңғы морфемалары -шы – зат есім тудыратын, -ла – есім сөзден етістік тудыратын қосымшалар. Бірақ бұл қосымшалы сөздер сырт тұрғысы жағынан болмаса сөзжасам тұрғысынан шын мәнінде жаңа сөздер, туынды сөздер жеке лексемалар емес. Өйткені бұлар сөздік құрамға енген лексикалық бүтін, демек, сөздіктерде жеке берілетін реестрлік сөздер емес, белгілі контексте ғана қолданылатын және сол контексте ғана түсінілетін тұлғалар: олардың жасалу шегін, жұмсалу шеңберін туынды сөз ретінде айқындауға болмайды. Сондай-ақ итті қонақ жараспас, сүт пісірім уақыт, бір қайнатым шай, таяқ тастам жер, бір көйлектік мата не костюмдік мата т.б. тіркестеріндегі итті, пісірім, қайнатым, тастам, көйлектік, костюмдік сияқты сөздер қосымша арқылы жасалған туынды сөздер болып қабылданбайды, тілде олар жеке лексикалық бүтін ретінде қалыптаспаған, тек осы және осыған ұқсас шектеулі контексте, белгілі бір сөздердің тіркесінде ғана қолданылып, сол аяда ғана өмір сүреді. „Олардың көпшілігі тек сөйлеу кезінде уақытша қолданылатын сөздік формаға жатады", сондықтан ондай форманттарды „уақытша сөздер деп қарамай, функциялық форма деп таныған дұрыс болар еді". (М-ҚҚТ-ЛТ-27, 28).Бұндай қосымшалардың қатары -дай, -дей, -тай, -тей, -ша, -ше, -сыз, -сіз есімше тұлғасынан кейін жалғанатын -ғы, -гі сияқты қосымшаларымен толыға түседі.

Демек, бұндай қосымшалар жалғанып жұмсалған сөздер, бір жағынан, санамызда жеке тұрып қалыптасқан, сөздіктердің реестрлік сөзі болып табылатын лексикалық бүтін, туынды сөз емес, екінші жағынан, сөйлеу процесінде туатын грамматикалық мағына білдіретін сөз формасы да емес. Сөз тудырушы қосымшалардың бұндай ерекше қолданысы, яғни функциялық мәнде қолданылуы біркелкі емес. Кейбірі сөйлем құрылысына, ой білдіруге қатысты болып келсе, кейбірі белгілі бір конструктивті тіркес шеңберінде ғана қолданылады. Сондай-ақ кейбірінің, жоғарыда көрсетілгендей, сөздерге жалғану мүмкіндігі кең болып, жасалу шегін, жұмсалу шеңберін айқындау қиын болса, кейбірі - бірлі-жарым сөзге ғана жалғана алады. Мысалы, итті қонақ, таяқ тастам, сут пісірім, бір қайнатымтәрізді туындылардың аясы тар да, олар тұрақты тіркестердің құрамында ғана жұмсалады; ал басқа көрсетілген қосымшалардың ауқымы кең: шы -ші қосымшасына байланысты тек айтушы және ұқтырушы ғана емес, сөйлеуші, орнынан тұрушы, жинаушы, айғайлаушы, сыбырлаушы т.б. -лық, -лік, -дық, -дік, -тық, -тік қосымшасына қатысты алматылық тек алматылық емес, кез келген жер, мекен атына байланысты қаскелеңдік, ақсайлық, орбиталық т.б. -лап, -леп, дап, -деп, -тап, -теп қосымшасына байланысты туыс атауларына, кісі аттарына қатысты апалап, аталап, ағалап, інілеп, Абайлап, Әсеттеп т.б. жатыс септік тұлғасының үстіне қосылатын -ғы, -гі тұлғасына байланысты үйдегі, таудағы, даладағы, ағаш басындағы, үй ішіндегі т.б. толып жатқан қолданыстар бола беруі мүмкін. Абайдың қара сөздерінің өзінде ептілік, кырмызылық, сыпайылық, шықпағандық, түзерлік, сақтарлық, сөзді ұғарлық, жақсы көрерліқ тиянақ қыларлық, үйір боларлык, құтқарарлық, мал шашарлық, кәсіп қыларлық, жау жаулағандық, тіленшілік, рақымдылық, мейірбандылық, байлаулық, қайратсыздандық, ұятқа терістік, күнәкерлік, масқаралық, естілік, қайғысыздық, мақтаншақтық. надан атанбастық, қорғауықтық, бәйіштілік, суретшілік, туралық, дүниелік, сертке тұрғыштық, білмектік, үйден шықпағандық, мұндайлық, қуанбақтық, арлылық, намыстылық т.б. толып жатқан сөздер қолданылған.

Сөзжасам қосымшаларының бұндай функциялық қасиеті, олардың қолданылу аясы мен мағыналық шеңбері, жанрлық-стильдік бояуы жеке зерттеуді қажет етеді.

Ал форма тудыратын қосымшалардың басты белгісі, негізгі ерекшелігі өзі жалғанған сөздің лексикалық мағынасын өзгертпей, туыңды сөз жасамай өзі жалғанған сөзге тек қосымша грамматикалық мағына үстеп, жаңа сөз емес, сол сөздің басқа бір грамматикалық формасын жасау арқылы белгілі бір сөз табының грамматикалық категориясының тұлғалық көрсеткіші, парадигмалық түрлену жүйесінің немесе семантикалық түрінің көрінісі болып табылуында. Сондықтан да бұл қосымшаларда лексикалық сипат болмай, олардың ерекшеліктері таза грамматикалық немесе лексика-грамматикалық қасиеттері арқылы айқындалады. Сөйтіп, форма тудыратын қосымшалардың белгілі бір жиынтығы парадигмалық түрлену жүйесінің сыртқы көрінісі мен соған сәйкес ішкі мазмұн жағынан грамматикалық мағына білдіруі арқылы грамматикалық категория құрайды, енді бір тобы белгілі бір сөз табының өз ішінде семантикалық топтарын (түрлерін) жасайды. Қосымшалардың бұл негізгі мәні мен грамматикалық сипаты грамматикаларда форма тудырушы (немесе сөз түрлендіруші) жұрнақтар және жалғаулар деп аталып жүрген қосымша түрлеріне түгел тән болып келеді. Соның арқасында олар қосымшаның бір тобына енеді. Расында да жалғаулар деп аталып жүрген қосымшалар мен есімше, көсемше, шақ, рай т.б. грамматикалық категориялар жасайтын қосымшалардың арасында мағына білдіруі, сөз түрлендіру қасиеті жағынан айырмашылық жоқ, тек жалғаулардың сөзге жалғану өрісі кеңірек, мүмкіндігі молырақ, өздері белгілі бір сөз табының грамматикалық категориясының көрсеткіші бола тұрса да, басқа сөз тобындағы сөздерге де жалғана береді.

Сонымен бірге жалғаулардың басқа форма тудыратын қосымшалардан синтаксистік қызметтік жағынан үлкен айырмашылығы бар, яғни жалғаулар сөйлем ішінде сөз бен сөзді байланыстырып, олардың сөзге үстейтін грамматикалық мағыналары сол байланысқан сөздер арасындағы қатынастар негізінде айқындалып отырады. Мұндай қызметтік қасиеттер жалғаулардан басқа форма тудыратын қосымшаларға тән емес. Сондықтан форма тудырушы қосымшалардың барлығына „сөздің әр түрлі грамматикалық формаларын тудыру қасиеті тән екен деп қана септік, тәуелдік, көптік, жіктік формаларын етістіктің есімше, көсемше, рай, сын есімнің шырай формаларымен бір деп қарап, "бұларды жалғау (словоизменение) және форма тудырушы (формообразование) деп екі топқа бөлмей, грамматикалық форма тудырушы қосымшалар деп біріктіріп қарау дұрыс болар еді". (МҚҚТ-ЛТ-51). Көсемше, есімше, рай, қимыл есімі тұлғалары сөз бен сөзді байланыстырады. Мысалы, бала оқыса түсінеді деген сөйлемдегі оқысадағы – са тұлғасын алып тастаса, сөз арасындағы байланыс үзіліп, сөйлем құрылысы бұзылады (М-ҚТП-87-88) балықшы қармақ салды деудің орнына -шы қосымшасын алып тастап, балық қармақ салды деп айтуға болмайды, осыдан -шы қосымшасы сөздерді байланыстырып тұр деуге бола ма? деген пікірге қосылуға болмайды. Мысалы, Мен көрдім ұзын қайың құлағанын (Абай)деген сөйлемдегі сөздердің мынадай өзара байланысы бар: мен көрдім мен сөзі өзінің семантикасы негізінде 2-сөздегі жіктік жалғаудың І-жақ көрсеткіші – м арқылы байланысқа түскен, сондықтан мен көрдің, я мен көрдік түрінде болмайды, ал -ді деген жедел өткен шақ жұрнағы көру етістігі білдіретін қимылдың болып кеткенін көрсетіп тұр да, оның басқа сөздермен байланысына қатысы жоқ; құлағанын көрдім табыс септік тұлғасы арқылы байланысқан, ал -ғанесімше тұлғасының осы сөйлемдегі сөз байланысына қатысы жоқ, қайың (ның) құлағанын – бірінші сөздегі ілік септіктің тұлғасы (жасырын тұрса да) мен екінші сөздегі тәуелдік жалғау арқылы байланысқан; ұзын қайың – орын тәртібі арқылы байланысқан. Сөйтіп, бұл сөйлемдегі сөздердің құрамындағы жедел өткен шақ (-ді) пен есімше (-ған) тұлғаларының сөздерді байланыстыру қызметін атқара алмайтынын, сөздерді қосымшалар ішінен септік, тәуелдік, жіктік жалғау тұлғалары ғана байланыстыра алатынын байқаймыз. Сондықтан форма тудырушы қосымшаларының сөз байланыстыру қызметін атқаратын түрін жалғау деп, сөз байланыстыру қызметін атқара алмайтынын, категориялық грамматикалық мағына ғана тудыратын түрін жұрнақ деп беруге болады. Тілдің грамматикалық құрылысында жұрнақтар өзі жалғанған сөзге грамматикалық мағына ғана үстеп, белгілі бір сөз табының грамматикалық категориясының немесе семантикалық тобының тұлғалық көрсеткіші болғанмен, олардың грамматикалық сипаты, парадигмалық түрлену жүйесі, түбірге жалғану аясы, сөйлемде қолданылу табиғаты біркелкі емес. Олардың бір тобы өзі жалғанған сөздердің мағынасын өзгерту қабілеті жағынан, түбірдің грамматикалық сипатын өзгерту – сақтауы жағынан сөзжасам қосымшаларға жақын да, бір тобы жалғауларға жақын. Сондықтан олардың бір түрін модификациялық немесе лексика-грамматикалық жұрнақтар, екінші түрін таза грамматикалық немесе категориялық жұрнақтар деп бөліп қараған жөн.

Модификациялық жұрнақтар жаңа мағыналы сөз тудырмағанмен, түбірдің лексикалық мағынасын бүтіндей өзгертіп жібермегенмен, түбірге қосымша грамматикалық мағына үстеумен бірге түбір сөздің лексикалық мағынасына семантикалық реңк қосады да, сөйлеу процесінде қолданылуы жағынан түбірдің грамматикалық сипатын сақтап қалады, сөйтіп, бір сөз табының шеңберінде жасалатын туынды түбірге ұқсап кетеді. Қазақ тілінде модификациялық қосымшаларға зат есімнің реңдік мәнді жұрнақтары, сын есімнің шырай жұрнақтары, реттік сан есімнің жұрнақтары (бұлардың қай-қайсысы да өзі жалғанған түбір сөздің лексикалық мағынасына қосымша рең үстейді, лексикалық мағынасы жағынан үлкен мен үлкенірек я үлкендеу, бес пен бесінші толық бірдей емес), етістіктің етіс, күшейтпелі етістік, болымсыз етістік жұрнақтары жатады. Бұл жұрақтар етістіктің белгілі категорияларының көрсеткіші болғанмен, етістік түбірдің грамматикалық сипатын сақтап тұрады: І) етістік түбірлерше тікелей жіктелмейді. 2) етістік түбірлерше сол күйінде қолданылмайды. ("Түркі тілдерінде атауыш сөздердің ішінде тек етістікке жататын түбір сөздер сөз тіркесін жасай алмайды, яғни түбір күйінде басқа сөздермен байланысқа түспейді" және „сол күйінде жеке сөйлем мүшесі бола алмайды" - (М-ҚҚТ-ЛТ-8-65).3) сыртқы тұлғасы жағынан етістік түбірлерше бұйрық райдың 2-жақ формасына сәйкес келеді: кел-сен, кел-сен, келтірме т.б.Бұлардың түбірге жалғану тәртібі де әрқайсысының өзіндік ерекшеліктері бар екенін көрсетеді. Етіс, күшейтпелі етістік, болымсыз етістік жұрнақтары түбір етістікке сөзжасам қосымшалары арқылы жасалған туынды түбірге грамматикалық жұрнақтардан (есімше, көсемше, шақ, рай) әрдайым бұрын жалғанады да, етістік одан кейін грамматикалық жұрнақтар үстелу арқылы ғана жіктеле алады: айт-қыз-дыр-ма-й-ды, жүр-іңкіре-ме -ген-сің.

Модификациялық жұрнақтардың кейбірінің түбірге жалғану шеңбері шектеліп те қалған. Олар грамматикалық сипаты жағынан категориялық түрлену жүйесінің көрсеткіші болу қасиетінен айрылып, сөзжасам қосымшаларына ауыса бастағанмен, сөздің лексикалық мағынасын бүтіндей өзгертіп жібермейді. Сондықтан ондай жұрнақтарды сөз тудырушы қосымшалар қатарында қарамай, тілдің даму барысындағы жұрнақтар мен сөзжасам қосымшалары арасындағы тұлғалар деп қараған жөн. Оларға қазіргі қазақ тіліндегі зат есімнің рендік мәнді жұрнақтарын, сын есімнің шырай категориясына ендіріп жүрген -ғылт -ғылтым, -шыл, -шылтым, -ша, -ше жұрнақтарын жатқызуға болады. Сондықтан да болу керек, модификациялық жұрнақтар арқылы жасалатын категория лексика-грамматикалық категория деп аталады.

Ал грамматикалық немесе категориялық жұрнақтар өзі жалғанған түбірге таза грамматикалық мағына үстеп, грамматикалық категория жасайды және ол категорияның грамматикалық сипаты сөздің түбір тұлғасынан өзгеше болады. Мысалы, есімше, көсемше, рай, шақ тұлғалары етістіктің таза грамматикалық категорияларының парадигмалық жұрнақтары болып саналады да, түбір тұлғаларды жіктеуге және етістіктің негізгі қызметі – предикат қызметін атқаруға дәнекер және негіз болып тұрады.

Осы тұрғыдан келгенде, зат есімнің көптік категориясының негізгі көрсеткіші деп танылып жүрген көптік жалғауды жалғау деп тану қиын-ақ. Өйткені көптік тұлға сөйлемде сөз бен сөзді байланыстыру қызметін атқармайды. (М-ҚТП-87)Өзі жалғанған сөзге көптік ұғым ғана үстейді. Мысалы, бала отыр, балалар отыр, жақсы бала, жақсы балалар. Көптік форма тек 2-жақта жіктік жалғаумен қабаттасып келгенде, сөз бен сөзді байланыстыруға қатысады: сендер келсеңдер (сендер келсең не сен келсеңдер емес), сіздер оқыңыздар, сіз оқыңыздар емес) т.б.

Форма тудырушы қосымшаларының жалғаулар тобына тәуелдік грамматикалық септік, көлемдік септік, жіктік жалғаулар жатады.

Жалғаулардың сөз бен сөзді байланыстыру қызметінен басқа да ерекшеліктері, атап айтқанда, сөйлемде түсіп қалып, жасырын қолданылу, нөлдік форма (М-ҚҚТ-ЛТ-74-76; и ГМФ-92-93)қасиеті бар. Мысалы, атау септіктің (ІІ-ЕИП-33-43; О.Б-ТАС, 6-11; В.Г.-ОНП),3-жақ жіктік жалғаудың (көсемше формаларынан кейін жалғанғанда және бұйрық райдан басқа) арнайы жалғау тұлғасы жоқ, нөлдік форма болып саналады. Ілік, табыс септік жалғаулардың түсіп қалып жұмсалуы тілімізде жиі кездесетіні белгілі. Сонымен бірге басқа септік тұлғалары да, жіктік, тәуелдік жалғаулардың да түсіп қалуы кездесіп отырады. Біздің, сіздің, өзіміздің деген сөздермен тіркескен екінші сөздегі 1,2-жақ тәуелдік жалғаулары түсіріліп те айтылады. Қазақтың ақын-жыраулары тілінде, жыр үлгілерінде Базарбайдың Төлеген (І) Қобыландының Тайбурыл (ы) тәрізді конструкциялар буын санына сәйкес болу үшін ғана қолданылған үлгілер емес. М. Қашғаридың сөздігінде, О. Баласағұнның „Құтадғу білігінде" де бұндай құбылыстар кездесіп отырады. Мына мысалдарға да назар аударайық. -Мен сөз білмейтін қазақ деді тағы да Олжабек (Ә. Мұстафин).Менің ендігі байлығым -жалғыз сен! (Ғ. Мүсірепов).Мәскеу бардым, не көрдім (Жамбыл).Үркімбай босағаннан кейін, олар жосытып шапқылап, тау асып кетті (М. Әуезов).Бұл сөйлемдерде қазақ сен деген сөздер бірінші (қазақпын), екінші (сенсің) жақтың жіктік жалғаулары, Мәскеу, тау деген сөздер барыс (Мәскеуге), шығыс (таудан) септік жалғаулары түсіп қалып қолданылған. Сөйтіп, жалғаулар сыртқы формалық сипаты жағынан ашық және жасырын, нөлдік болса, мағыналық жағынан заттық, субстантивтік (тәуелдік, грамматикалық септіктер), субстантивтік-адвербиалдық (көлемдік септіктер) және предикаттық (жіктік жалғау) мәнде қолданылады.

Қазақ тіліндегі қосымшалардың осылай жіктелуі олардың түбірге (сөзге) жалғану тәртібінен де байқалады. Сөзжасам қосымшалары форма тудырушы қосымшалардан сөзге бұрын жалғанады. Тек функциялық қосымшалар ғана ондай орын тәртібін бұзуы мүмкін. Форма тудырушы қосымшалардың сөзге жалғану тәртібі мынадай: әдетте ең алдымен модификациялық жұрнақтар, одан кейін грамматикалық жұрнақтар жалғанып, ең соңында жалғаулар қосылады. Қосымшалардың жіктелуін схемалық түрде былай беруге болады.

 

 

Қосымша


 

Сөзжасам қосымшалары   Форма тудырушы қосымшалар

Функциялы қосымшалар   Жұрнақтар   Жалғаулар

 

модифика циялық жұрнақтар   граммати калық жұрнақта   субстан тивтік   субстантив тік адверби алдық   предикат тық

       
   
 
 

 

 

 
 

 


зат ес імнің рендік мәнді жұрна қтары   реттік сан есім жұр нақта ры   сан ес імнің шыр ай жұ рнақ тары   етіс жұр нақ тары   күшей тпелі етістік жұрна қтары   болым сыз ет істік жұрна қтары  

 

 

есім ше       көсем ше   рай жұрнақ тары   шақ жұр нақ тары   көптік жалғау

 

 
 


Пысықтау үшін сұрақтар:

  1. Қосымша неге морфемалардың қатарына жатқызылады?
  2. Қосымшаларды бөлуде қандай принципті ұстанған жөн?
  3. Қосымшаларды сөз тудырушы және форма тудырушы деп бөлгенде неге сүйенеміз?
  4. Сөз тудырушы қосымшаның қандай түрі бар? Мысал келтіріңіз.
  5. Форма тудырушы жұрнақтар мен жалғауларың жақындықтары неде?
  6. Көптік жалғауды грамматикалық жұрнаққа қосуға бола ма, неге?

Әдебиеттер:

1. К. Аханов. Грамматика теориясының негіздері. А.,1972. 30-34-беттер.

2. А. Ысқақов. Қазіргі қазақ тілі. Морфология. А.,1974. 30-40 –беттер

3. Грамматика теориясының негіздері. А.,1967.9-12-б.

4. С.М. Исаев. Қазіргі қазақ тіліндегі сөздердің

грамматикалық сипаты. А.,1998. 214-235-беттер.

5. Ы. Маманов. Қазіргі қазақ тілі. (лекция тезистері).

А.,1973.

6. Ы. Маманов. Қосымшаларды топтастыру принциптері. //Қазақстан мектебі. 1975. 8. 87-88-б.

7. А. Қалыбаева. Қосымшалар жайында //Қазақстан мектебі. 1983 6 73-75-б.

8. С. Исаев. Қазақ тіліндегі қосымшаларды жіктеу мәселесі//ҚазССР ҒА Хабарлары, филология сериясы. 1987. 2

9. Қазақ тілі. Энциклопедия. А.,1998. 244-245-б.

 

YІІ. Қосымшалардың мағыналық, құрылымдық ерекшеліктері

1. Бір мағыналы және көп мағыналы (полисемиялы) қосымшалар.

2. Синоним, антоним қосымшалар.

3. Омоним қосымшалар.

4. Функциялы қосымшалар

5. Қосымшалардың құрамдық сипаты.