МОРФОЛОГИЯ 7 страница

Лексикалық мағынаның жалпылануы арқылы пайда болатын грамматикалық (жалпы грамматикалық) мағыналар жүйесі (кем дегенде екі түрлі мәндес, тектес грамматикалық мағына) ешбір грамматикалық тұлғасыз семантикалық тәсіл арқылы ғана берілетін болса, онда грамматикалық категория жасай алмайды, өйткені грам-матикалық категория тек грамматикалық мағыналар жиынтығы ғана емес, сол тектес, мәндес әрі бір-біріне қарама-қайшы грамматикалық мағыналарды білдіретін, парадигмалық сипаттағы грамматикалық тұлғалар жүйесі болып табылады. Сондықтан, мысалы, зат есімнің жалпы зат атауын білдіруін былай қойғанда, мұнда тіпті бір-біріне қарама-қайшы және тектес, мәндес мағыналық та қасиет жоқ, яғни бір ғана жалпы грамматикалық мағына, (қайшы) оппозициялық және тектес мәнді жалпы және жалқы есім, деректі және дерексіз зат есім, кімдік (адамға байланысты) және нелік (адамнан басқа зат атауларына байланысты) зат есім, сапалық және қатыстық сын есім т.б. сол сөз табының (зат есім я сын есімнің) грамматикалық категориялары бола алмайды, ол грамматикалық мағыналардың морфологиялық көрсеткіштері жоқ. Ал грамматикалық мағыналар семантикалық тәсіл (лексикалық мағынаның жалпылануы) арқылы берілсе де, олардың (тектес грамматикалық мағыналардың) бір-бірінен айырмашылығы (қарама-қайшылығы) кейде грамматикалық формалар арқылы берілетін болса, сөз жоқ, бүл мағыналар мен формалар жиынтығы грамматикалық категория жасай алады. Мысалы, етістіктің салттылық-сабақтылық мағынасы түбірдің семантикасы арқылы көрінеді, яғни кез келген етістік түбір ешбір грамматикалық формасыз-ақ я салттылық мағынаны я сабақтылық мағынаны білдіреді. Салттылық-сабақтылық мән етістік түбірдің семантикалық сипаты, қасиеті болып табылатындықтан да, кейбір зерттеушілер бұл қасиетті етістік сөз табындағы омонимия мен полисемияның шегін ажырататын критерий ретінде де ұсынады. „Етістіктердің салт немесе сабақты болуына қарай әрқайсысын өз алдына жеке сөз, дербес лексикалық единица деп қарау керек" (-X. ЕЛГС, 210) Соған қарамастан етістіктің салттылық-сабақтылық мәні тура обьектіні талап ету-етпеуіне қарай грамматикалық формаға байланысты, өйткені тура объект табыс септік формасы ашық я жасырын түрінде беріледі. Сөйтіп, етістік түбірдің таза семантикалық тәсіл арқылы байқалатын салттылық-сабақтылық мағынасы екінші жағынан табыс септік формасы арқылы берілетін тура объектімен тікелей байланысты я байланысты емес болуы арқасында грамматикалық категория қасиетіне ие болып отыр.

Орыс тілінде зат есім семантикалық жағынан деректі-дерексіз (конкретное — отвлеченпое имя), жалпы-жалқы (нарицательное – собственное имя) сияқты түрлерімен бірге жанды және жансыз заттар (одушевленные и неодушевленные предметы) болып бөлінетіні белгілі. Қазақ тілінде де зат есімнің осындай түрлері орыс тіліндегі зат есімнің, соңғы түріне семантикалық сипаты жағынан қазақ тіліндегі кімдік (адамға байланысты) және нелік (адамнан басқа зат атауларына байланысты) зат атаулары біршама сәйкес келеді, бірақ бірдей емес. Орыс тіліндегі зат атауының жанды-жансыз түрлері, бір жағынан, қазақ тіліндегі кімдік-нелік зат атаулары сияқты таза семантикалық тәсіл арқылы ажыратылып айқындалса, екінші жағынан, белгілі бір сәтте грамматикалық формаға қатысы байқалып отырады. Мысалы, жанды зат атаулары септелгенде, табыс (винительный) септік тұлғасы ілік (родительный) септік тұлғасымен сәйкес келеді де, жансыз зат атаулары септелгенде, табыс (винительный) септік формасы атау (именительный) септік формасымен сәйкес келеді: вижу белые пароходы (ақ кемелерді көріп тұрмын) және вижу белых слонов (ақ пілдерді көріп тұрмын). Сондықтан орыс тіліндегі зат есімнің жанды-жансыз түрі грамматикалық (морфологиялық) категория болып есептеледі де, қазақ тіліндегі зат есімнің кімдік-нелік түрі ондай қасиеті (грамматикалық тұлғалануға қатысы) болмағандықтан, грамматикалық категория бола алмайды. Орыс тіл білімінің кейбір мамандары зат есімнің жанды-жансыз мәнді түрін топтау, жіктеу мәнді (классифицирующие) морфологиялық категорияға (сөз түрлендіру словоизменительные) – морфологиялық категорияларға қарама-қайшы) жатқызады. (М.-МКСРЯ, 26). Мұның өзі грамматикалық категория әр тілдің жүйелік қүрылымына, грамматикалық құрылысының парадигмалық сипат-ерекшеліктеріне қарай анықталатынын көрсетеді. Сондықтан да бір тілдегі грамматикалық категория екінші бір тілде бола да бермеуі мүмкін. Айталық, үнді-еуропа тілдерінің көпшілігіне зат есімнің тек (род) категориясы тән. Тек категориясы о баста жыныстық қасиетпен байланысты туып қалыптасқан болуы керек. Жанды заттарды (адамзатты, хайуанаттар мен жәндіктерді) биологиялық жынысы жағынан еркек және ұрғашы деп бөлу және сондай ұғымның болуы дүние жүзіндегі халықтар тілінің барлығына ортақ. Бірақ ол ерекшеліктердің көрінісі болып табылатын ұғымдардың тілде берілуі бірдей емес. Бір тілде, мысалы, орыс тілінде, ондай тектік (род ұғымына байланысты) ерекшелік белгілі бір жүйелі түрдегі грамматикалық тұлғалар арқылы берілсе және тектік жүйе грамматикаланып, ол сипат тек жыныстық ерекшеліктері бар жанды заттарға ғана емес, жыныстық қасиеті жоқ белгілі грамматикалық топтағы (заттық ұғымдағы) сөздерге, жалпы зат атауларына тән болып келеді, тіпті жыныспен байланысы жоқ аралық тек (средний род) сияқты грамматикалық мәнде пайда болса, басқа бір тілде, мысалы, қазақ тілінде, жыныстық ерекшелік жеке сөздердің семантикасы шеңберінен шықпай (мысалы, әке-шеше, бала-қыз, аға-апа, қошқар-қой, арлан-қаншық т.б.) немесе сипаттама түрде ғана беріліп (мысалы, еркек қаз я ата қаз ұрғашы қаз, еркек күшік – ұрғашы күшік, оқушы бала-оқушы қыз т.б.) белгілі грамматикалық топтағы сөздердің (сөз табының) жүйелі тұлғалық түрлену ерекшелігі болып қалыптасқан.

Тілде болатын табиғи құбылыстардың бірі-заттар арасындағы меншіктілік – тәуелділік қатынас. Өйткені қоғамдық өмірде бір зат жеке бір адамға, ұжымға тән, соның меншігі болу, бір зат екінші заттың бөлігі болу немесе соған қатысты болу т.б. – ақиқат нәрсе. Осындай мәндер қай тілде болсын белгілі амал-тәсілдер арқылы беріледі. Мысалы, ол мағына орыс және басқа үнді-еуропа тілдерінің біразында таза аналитикалық немесе семантикалық-аналитикалық тәсілмен – тәуелдеу есімдіктері (притяжательные местоимения) мен зат есімдіктердің анықтауыштық қатынаста қиысуы (согласование) арқылы (қазақ тілінде қиысу тек жақ арқылы және кейде жекеше-көпше бастауыш пен баяндауыш арасында ғана болады) беріледі: мой дом, твой дом, наш дом, наша школа, ваша книга, мои друзъя, ваши друзья т.б. Мұнда парадигмалық сипаттағы ешбір жүйелі тұлғалық құрылым жоқ, заттың атауы болатын сөздер өз алдындағы анықтауыштарынсыз ешбір тәуелдік ұғымды білдірмейді. Ал қазақ тілінде менің үйім, сенің үйің, біздің мектебіміз, сіздің (сендердің) кітабыңыз (кітаптарың, менің достарым, сіздің (сендердің) достарыңыз (достарың) дегендерде тәуелділік, жақтық мағына, алдыңғы анықтауыштарын (менің, сенің, біздің, сіздің, сендердің) алып тастасақ та, сақталып тұрады. Ол грамматикалық мағынаны білдіріп тұрған -ім, -ің, -іміз, -іңіз, -ыңыз, -ың, -ым деген парадигмалық сипаттағы тәуелдік жалғауы. Сондықтан да бұл – қазақ тілінде (жалпы түркі тілдерінде) жеке бір грамматикалық категория, тәуелдік категориясы болып табылады.

Тілдегі грамматикалық категориялар айналадағы объективтік құбылыстың, қоғамдық өмірдегі болмыстың, шындықтың тілдегі бейнесі деуге болады.

Жоғарыда көрсетілгендей, грамматикалық категориялардың негізінде белгілі бір объективтік болмыс, шындық жатады. Айталық, тек (род), тәуелділік ұғымдары мен жекелеген тілде сондай грамматикалық категориялардың болуын былай қойғанда, тілдегі етістікке байланысты шақ категориясын алайық. Ең алдымен, етістік қимылды, іс-әрекетті, процесті, құбылысты білдіреді. Бұл – қандай тілге болса да тән. Екіншіден, қандай тілде болса да, етістік яғни, іс-әрекет, процесс, құбылыс белгілі бір мезгілде, сәтте, уақытта және белгілі бір кеңістікте, мекенде өтеді я өтуге тиіс. Бұл – объективтік шындық. Ешбір кеңістікке байланыссыз, ешбір мезгілге қатынассыз қимыл, іс-әрекеттің болуы мүмкін емес. Енді қимыл іс-әрекеттің өту мезгілін (уақытын) белгілі бір сәтпен байланысты анықтау, яғни айтушы тұрғысынан сөйлеп тұрған сәтте өлшем ету қалыптасты да, соған байланысты әрбір қимыл, іс-әрекет мезгілінің, шағының грамматикалық мағынасы туып, тұрақтап, олар белгілі грамматикалық амал-тәсілдер арқылы жүзеге асу нәтижесінде грамматикалық шақ категориясы пайда болды. Қимыл, іс-әрекетке байланысты кеңістік, мекендік мән грамматикалық сипат ала алмай, бұл сияқты қалыптасу процесі болмағандықтан, грамматикалық категорияға айнала алмады. Немесе жоғарыда көрсетілгендей, тек (род) категориясы бар тілдердің өзінде олардың (тектің) сипаты, түрлері бірдей, біркелкі бола да бермейді. Орыс, неміс тілдерінде зат есімдер еркек тек (мужской род), аралық тек средний род, ұрғашы тек (женский род) түрлеріне бөлінсе, араб, француз тілдерінде зат есімдерді тек еркек тек, ұрғашы текке бөлу дәстүрі бар. Сондай-ақ бұл тілдерде жекелеген сөздердің (зат атауларының) тектік сипаты, ерекшеліктері біркелкі емес: бір сөз бір тілде тек категориясының бір түріне жатса, екінші тілде ол сөз тектің екінші біреуіне жатуы мүмкін. Мысалы, орыс тіліндегі ложка (қасық), голова бас деген сөздер ұрғашы текке, женский род, жататын болса, неміс тілінде олар дер Леффель (қасық), дер Кепф (бас) түрінде еркек текке жатады. Тіпті бір тілдің өз ішінде тектес, мәндес, жақын сөздер әр текке де жатуы мүмкін. Орыс тіліндегі мына сөздерге назар аударайық: -изба -здание -дом, -школа -училище -техникум -институт, речь -слово -голос, -вывод -заключение т.б. Осындағы үйге, оқу орнына байланысты, сөз сөйлеуге, қорытындыға байланысты сөздердің әрбір сыңары бір-бірінің соңғы тұлғалық формасы арқылы ғана әр түрлі текке (род) жатады. Әйтпесе бұлар мәндері жағынан бір-біріне өте жақын емес пе?

Бұдан тілдегі грамматикалық категориялар о баста қоғамдық өмірдегі болмыс объективтік шындық негізінде пайда болып қалыптасып, тілдің даму барысында ол категориялардың абстракциялану дәрежесіне сай алғашқы мәнін сақтап я одан алшақтап кететінін көреміз. Сөйтіп, ол осы қасиеттері арқылы белгілі бір сөз табының грамматикалық немесе лексикалық-грамма-тикалық сипаттағы түрлену жүйесі болып табылады да, сол сөз табын басқа сөз таптарынан ажыратарлық морфологиялық белгісі болып есептеледі.

Грамматикалық категорияның түрлері

Жоғарыдағы талдаудан байқалатындай, грамматикалық категориялар грамматикалық сипаты жағынан, жасалу жолы мен тұлғалық жүйесі жағынан біркелкі емес. Қайткен күнде де грамматикалық категориялар белгілі грамматикалық топтағы сөздердің тұлғалану, түрлену жүйесімен, соған лайық олардың грамматикалық мәнімен, сөйлеу процесінде сол сөздердің атқаратын қызметімен, басқа сөздермен қарым-қатынасымен байланысты болғандықтан да, грамматикалық категорияларды тілдік деңгейге қатысты шартты түрде морфологиялық категория және синтаксистік категория деп бөлуге де болады. Сондай-ақ морфологиялық категорияларды сөз түрлендіру мәнді (словоизменительные) морфологиялық категориялар және топтау я жіктеу мәнді (классифицирующие) морфологиялық категориялар деп те бөлу дәстүрі бар (М.-МКСРЯ, 26).Бірден көзге түсетін ерекшелік грамматикалық категорияның және олардың түрлерінің сөз таптарына қатысына байланысты.

Грамматикалық немесе морфологиялық категориялар сөз таптарына қарай топталып жіктеледі. Бұның өзі грамматикалық (морфологиялық) категория сол сөз табының грамматикалық ерекшелігі, түрлену жүйесінің сипаты екендігін көрсетеді. Бірақ тіліміздегі сөз таптарының барлығында бірдей грамматикалық (морфологиялық) категория бола бермейді. Кейбір сөз табында (мысалы, сан есім, есімдік, үстеу т.б.) грамматикалық категория атымен болмауы мүмкін, өйткені бұлар (осы сөз таптарына енетін сөздер) белгілі парадигмалық жүйемен өзгермейтін, грамматикалық, тұлғалық түрлері жоқ сөздер болып келеді. Ал грамматикалық категориялары бар сөз таптары – зат есім, сын есім және етістік. Олар мыналар: зат есімнің сан-мөлшер (көптік) категориясы, тәуелдік категориясы, септік категориясы, сын есімнің шырай категориясы, етістіктің салт-сабақты етістік (немесе салттылық-сабақтылық) категориясы, етіс категориясы, болымсыз етістік (болымдылық-болымсыздық) категориясы, рай категориясы, шақ категориясы, жіктік (жақ) категориясы.

Белгілі сөз табына қатысты грамматикалық (морфологиялық категориялардың грамматикалық) сипаты сол сөз табының семантикалық, грамматикалық ерекшеліктерімен айқындалады. Сондықтан да грамматикалық (морфологиялық) категориялардың түрлену жүйесі мен семантикалық сипаты біркелкі емес. Олардың морфологиялық көрсеткіші болып табылатын грамматикалық тұлғалары бірде таза грамматикалық қана мағына үстеп, сол сөз табының сөз түрлендіру жүйесінің формалары болса, бірде ондай формалар таза грамматикалық сипаттан гөрі түбірдің семантикасына аздап болса да өзгеріс, мағыналық реңк үстеп, лексика-семантикалық сипатқа да ие болады. Сын есімнің шырай категориясының етістіктің етіс категориясының, салт-сабақты етістік категориясының, болымсыз етістік категориясының семантикалық мағыналық мәні жағынан, грамматикалық сипаты, парадигмалық жүйесі жағынан басқа грамматикалық категориялармен (зат есімнің көптік, септік, тәуелдік, етістіктің жақ, рай, шақ категорияларымен) салыстырғанда, ондай ерекшеліктері анық байқалады. Мысалы, шырай қосымшалары түбірге (сапалық сын есімге) жалғанып, жаңа мағыналық сөз тудырмағанмен, сын есім түбірінің негізгі сапалық мағынасына қосымша мән, реңк үстейді. Яғни түбірдің семантикасы бүтіндей өзгеріссіз қалмайды. Бірақ ол – жаңа мағыналы сөз емес, яғни сөзжасам көрсеткіші емес, грамматикалық мәнге қатысты шеңберден шығып кетпейді. Семантикалық жағынан үлкен мен үлкендеу, биік пен биігірек, жақсы мен өте жақсы, таза мен тап-таза т.б. бірдей емес. Сонымен бірге шырай қосымшасы үстелгеннен түбірдің грамматикалық сипаты (сөз түрлендіргіштік, сөз байланыстырғыштық, қызметтік, басқа сөзге қатыстық қасиеті) өзгермейді. Сондай-ақ етіс, болымсыз етістік категорияларының тұлғалары, біріншіден, түбірдің семантикасына аз да болсын өзгеріс, мағыналық реңк үстейді (келтір яғни өз бетімен келуі емес, біреудің алып келуі, келме -қимылдың болмауы), екіншіден, түбірдің грамматикалық сипатының атап айтқанда, етістіктің сырттай жекеше, анайы 2-жақ бұйрық рай тұлғасымен сәйкес келіп, тікелей жіктеле алмай, сөйтіп, осы күйінде сөйлемде қолданыла алмай, түбірге модификациялық тұлға жасауы олардың лексика-грамматикалық категория екендігінің негізгі белгісі болып табылады. Яғни кел, сөйле деген сияқты етістік түбірлер (негізгі я туынды), бір жағынан, сен кел, сен сөйле деген сияқты 2-жақ жекеше, анайы бұйрық рай тұлғасымен сырттай ұқсас келіп отырса, екінші жағынан, мен кел-мін, сөйле-мін немесе кел-ім, сөйле-м, сен кел-сің немесе кел-ің, сөйле-ң т.б. сияқты тікелей жіктеле алмайды, түбір күйінде басқа сөздермен грамматикалық карым-қатынасқа түсе алмайтындықтан, сөйлемде сол күйінде қолданыла да алмайтын болса, етіс және болымсыз етістік тұлғалы етістікке де дәл осы қасиеттер тән: келтір, сөйле-т, кел-ме, сөйле-ме дегендер, бір жағынан, сен кел-тір, сөйлет, сен кел-ме, сөйле-ме тәрізді 2-жақ бұйрық райдың жекеше, анайы тұлғасымен ұқсас келіп, екінші жағынан, мен келтір-мін, сөйлет-пін, келме-мін, сөйлеме-мін, сен келтір-сің, сөйлет-сің, келме-сің, сөйлеме-сің тәрізді жіктеле алмайды да, басқа сөздермен грамматикалық байланысқа түсе алмай, сөйлемде сол күйінде қолданылмайды. Ал етістіктің салттылық-сабақтылық мәні жоғарыда көрсетілгендей, оның семантикалық сипаты болып саналады да, бұл категорияның жасалуында грамматикалық тұлғалар міндетті түрде қатыспайды, ол сабақты етістіктің тура объектісі табыс септік тұлғалы сөзді) қажет етуі сабақтылық мағынаны жасаудың тәсілі емес, керісінше, сабақтылық мағынаның салдарысол мағына болудың нәтижесіболып табылады: семантикалық сипаты басым болып, бірінші орында тұрады да, грамматикалық сипаты екінші орында қалады. Осы тұрғыдан келгенде, көптік, тәуелдік, септік жалғаулары түбір білдіретін грамматикалық заттық мағынаға ешбір нұқсан келтірмей, оған сан-мөлшерлік, немесе тәуелділік, немесе меншіктілік – объектілік сияқты мағыналар ғана үстеп, көбінесе оны сөйлемде басқа сөздермен байланыстыру, қарым-қатынасқа түсіру қызметін атқарады. Етістіктің рай, шақ тұлғалары да түбір білдіретін грамматикалық қимыл, іс-әрекет мағынасына ешбір өзгеріс енгізбей, сол қимылдың орындалуының мезгілін (шағын), ақиқатқа, шындыққа, болмысқа қатысын білдіріп, түбірдің грамматикалық сипатын, тұлғасын (2-жақ бұйрық рай тұлғасымен сәйкес келуін) өзгертіп, жіктеліп келіп басқа сөздермен қарым-қатынас жасаудың негізінде сөйлемде жұмсалуға негіз болады.

Морфологиялық сипаты жағынан грамматикалық категориялардың бір тобын, түбір семантикасына қандай да болсын әсер ететін түрлерін лексика-грамматикалық категория деп атап, екінші тобын, яғни түбір семантикасына ешбір әсер етпей, өзгертпей, оған қосымша мән үстейтін түрлерін таза грамматикалық категория деп бөліп көрсетудің осындай негізі бар. Осы тұрғыдан келгенде морфологиялық жағынан грамматикалық категориялардың күрделі екенін байқаймыз.

Пысықтау үшін сұрақтар

1.Грамматикалық категория деген не?

2.Грамматикалық категорияның қандай түрлері бар?

3.Қай сөз таптарының грамматикалық категориялары бар?

4.Лексика-грамматикалық категориялардың таза грамматикалық категориялардан айырмашылығы неде?

5.Таза грамматикалық категориялар қайсы?

6.Лексика-грамматикалық категориялар қайсы?

Әдебиеттер:

1. К. Аханов. Грамматика теориясының негіздері. А.,1972. 133-151-беттер.

2. А. Ысқақов. Қазіргі қазақ тілі. Морфология. А.,1974.

19-24 -беттер.

3. С. Исаев. Қазіргі қазақ тіліндегі негізгі грамматикалық ұғымдар. А.,1992. 48-58-беттер.

4. С.М. Исаев. Қазіргі қазақ тіліндегі сөздердің грамматикалық сипаты. А.,1998. 53-64-беттер.

5. А.Ысқақов. Грамматикалық категория туралы.// Қазақстан мектебі. 1961. 39-41-б.

6. К. Аханов. Тіл білімінің негіздері. А.,1993. 338-358.

7. Н.М. Курманбаев. Происхождение грамматических категорий.А.,1981.12-52-б.

Y. Сөздің морфологиялық құрамы

1. Морфема туралы түсінік және сөздің морфемаға бөлінуі.

2. Морфеманың түрлері.

3. Түбір морфема. Түбірдің морфема болу мәні.

4. Қосымша морфема, оның түрлері.

 

Сабақтың мақсаты:

Сөздің өзі морфологиялық жақтан грамматикалық мәні бар бөлшектерден тұратынын және ол бөлшектерді ң (морфемалардың) өзіндік семантикалық-грамматикалық сипаты болатынын, оған сәйкес жіктелетінін білу және сөзді морфологиялық құрамына қарай талдай алу.

 

Сөздің морфемалық құрамы

Қандай да сөз болмасын негізінен белгілі бір дыбыстардың жиынтығынан тұратыны белгілі. Сөздің сыртқы қабыршағы - дыбыстар. Демек, сөз құрайтын ең кіші тілдік бөлшек (единица) дыбыстар екен. Бірақ дыбыстар сөзді құрайтын ең кіші бөлшек бола тұра өздері жеке тұрып ешбір мағына, мән (лексикалық та, грамматикалық та) бере алмайды. Сондықтан дыбыстар, олардың жасалуы, қолданылу ерекшеліктері, сипаты т.б. соған байланысты толып жатқан зандылықтары фонетикада қаралады. Ал морфологияның объектісі болу үшін тілдік единица жоғарыда көрсетілгендей белгілі бір грамматикалық мағына білдіріп, сөйлеу процесінде (контексте) белгілі бір қызмет атқарып тұруы керек.

Сөздің қолдану негізінде қалыптасқан көбіне бір ғана лексикалық мағынасы болғанмен, сөйлеу процесінде сөз бір я бірнеше грамматикалық мағына білдіруі мүмкін. Олай болу сөздің сөйлеу процесінде қандай мәнде жұмсалуымен, басқа сөздермен қарым-қатынасқа түсу дәрежесімен, соның нәтижесінде көтеріп тұрған семантикалық – стильдік жүгімен және түрлі тұлғада жұмсалуымен байланысты. Мысалы:

Сүй-е-мін ту-ған тіл-ді ана-м тіл-і-н,

Бесік-те жат-қан-ым-да-ақ бер-ген біл-ім, (С.Т.) дегенді көрсетілген бөлшектерге бөлуге болады, өйткені олардың әрқайсысының контексте білдіретін грамматикалық мағыналары бар, сол жердегі тұрғысына байланысты белгілі қызмет атқарып тұр. Сүйеміндеген сөзде бір лексикалық мағына бар, ол – нақтылы сүю қимылы, оны білдіріп тұрған сөздің сүйбөлшегі, ол – тілдің сөздік құрамына енетін жеке сөз, сөйлеу процесіне түсудің арқасында (лексикалық мағынаның жалпылануы арқасында) бұл сөзде қимылды білдіру сияқты жалпы яғни грамматикалық мағына қалыптасқан. Сөздің бұл бөлшегінде басқа да грамматикалық мағына бар, ол – сабақтылық мағына яғни бұл қимылдың тура объектіні талап етуі. Бұл мағынамен бірге осы сөздің басқа бөлшектері (сүй дегенге үстелген тұлғалар) сөзге түрлі грамматикалық мағына үстеп отыр: – қимылдың белгілі мезгілде болуын яғни шақтық (ауыспалы осы шақ және сөйлемнің модальдылық сипатын белгілеп тұр), - мін - қимылдың қандай субъект арқылы іске асуын яғни жақтық (1 жақ, жекеше) мағыналы білдіріп, өзі сол жалғанған сөзін (сүйе) предикаттық қатынаста, мендеген сөзбен байланыста жұмсалуға дәнекер болып тұр. Тіліндеген сөзде де бір лексикалық мағына, нақтылы зат атауы бар, оны білдіріп тұрған - сөздің тіл деген негізгі бөлшегі, сөйтіп, грамматикалық тұрғыдан жалпы зат атауын білдіру мағынасы бар, Сонымен бірге бұл бөлшекке деген қосымша бөлшек қосылу арқылы тәуелдік мағына (жақтық мағына тағы бар) үстелген. Сөйтіп, барып бұл сөз осы -і бөлшегі арқылы анам сөзімен (ілік септіктің жасырын түрінің қатысуы арқылы: анам/ның/ тілі: байланысқа түсіп тұр. Ал бөлшегі сөзге тура объектілік мағына үстеп, оны сүйемін деген сөзбен байланыстырады және бұл сөздің (тілін) сөйлемде толықтауыш қызметін атқаруына негіз болады...