МОРФОЛОГИЯ 5 страница

Негізгі (толық мағыналы) сөз бен көмекші сөздің тіркесуі арқылы да грамматикалық мағынаның берілуі қазақ тілінен үлкен орын алады. Негізгі сөздерге септеулік шылаулар тіркесу арқылы мақсат, себеп, арнау, мекендік, мезгілдік, саралау, ұқсату, жәрдемдік, көмектік, мөлшерлік сияқты мағыналар үстеледі. Мысалы, Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін, Жоқ барды, ертегіні термек үшін деген сөйлемдегі үшін шылауы өзі тіркескен ермек, термек сөздеріне мақсат мәнін үстеген. Ал демеулік шылаулар өзі тіркескен сөзге я түгел сөйлемге әр түрлі күшейткіш, сұрау, болжам, шектілік тәрізді мән үстейді. Ашаршылық жоқ па? Ақ жағы қалай? Сауыны тәуір ер бар ма? Осының бәрін қадағалап сұрайды. (М.Әуезов). – Шұғаның белгісін сіз білмейтін шығарсыз-ау! – деді. (Б.Майлин).Сондай-ақ көмекші етістіктердің өздері қатысты негізгі сөздерге (етістікке не есім сөздерге) үстейтін грамматикалық мағыналары сан алуан. Мысалы, тек қана оқып сөзіне тіркескен мына көмекші етістіктердің үстейтін грамматикалық мағыналары қаншама: оқып отырды, оқып жүрді, оқып тұрды, оқып болды, оқып шықты, оқып қалды, оқып қойды, оқып көрді, т.б. немесе сапалық сын есімдерге күшейткіш үстеулердің препозитивтік тұрғыда тіркесіп қолданылуы да жаңа грамматикалық мағына үстеудің бір жолы.

Сөздердің қосарлануы арқылы жалпылық, көптік, сөздердің қайталануы арқылы көптік, дүркінділік, сындық мәндегі сөздерге үстеме буын арқылы күшейткіш мағыналар үстеу де грамматикалық мағына білдірудің белгілі бір жолы болып табылады. Мысалы, аяқ-табақ, үлкен-кіші, кәрі-жас дегендер жаңа туынды (сөз) болумен қатар, жалпылық мән сияқты грамматикалық мағына да білдіріп тұр, ал қора-қора қой, тау-тау ас-тық, көре-көре, сөйлей-сөйлей дегендегі қайталама қос сөздер көптік, дүркінділік ұғымды білдіреді, қып-қызыл, жап-жақсы, үп-үлкен, дегендегі үстеме буындар (қып, жап, уп) күшейткіш мәнді білдіреді.

Сөйлемдегі сөздердің орын тәртібі әр тілде әр түрлі қызмет атқарады. Қазақ тілінде ол сөздердің орын тәртібі – грамматикалық мағына білдірудің негізгі бір жолы болып табылады. Сондықтан да сөйлемде сөздердің (сөйлем мүшелерінің) белгілі тұрақты орын тәртібі бар. Ол орын тәртібінің өзгеруі белгілі бір мән үстелуімен байланысты болады. Мысалы, Тарт қолыңды Вьетнамнан! (Әдеттегі орын тәртібі – Вьетнамнан қолыңды тарт) деген сөйлем үлкен бір жігермен айтылады да, орын тәртібінің өзгеруі (инверсия) белгілі бір стильдік жүк көтеріп тұр. Сөздердің орын тәртібінің өзгеруі олардың грамматикалық мағыналары мен сөздер арасындағы синтаксистік қатынастардың мүлдем өзгеріп кетуіне де себеп болады. Мысалы, қалта сағат

(сағаттың қалтаға салып жүретін бір түрі), көз әйнек (көзілдірік яғни көзге салатын әйнек), біз өкше (үшкір өкше), мосы ағаш (мосы жасайтын ағаш) тәрізді тіркестер бір түрлі мәнде қолданылса, олардың орнын ауыстырып жұмсағанда, басқа мағынада және басқа синтаксистік қатынаста айтылады: сағат қалта (сағат салуға арналып тігілген қалта), әйнек көз (шыныдан салынған жасанды көз), өкше біз жуан біз яғни ағаш шегені өкшеге қағу үшін пайдаланылатын ең жуан біз, ағаш мосы ағаштан жасалған мосының түрі, темір мосы да болуы мүмкін, т.б.

Әрине, бүл тіркестер сөйлем ішінде талдануы қажет. Соның өзінде де қатар тұрған екі зат есімнің мәні де, қызметі де бірдей емес екенін көру оңай. Қосалқы айқындауыш деп жүрген единицаларды олардың орнын ауыстырғанымен, мағынасы да, қызметі де өзгермейді деген топшылаудың тіпті де дұрыс емес екендігін көрсетілген тіркестер айқындап отыр. Алдыңғы зат атауы екінші орындағы заттың белгілі бір белгісі, атрибуты болуы, ал негізгі зат, ұғым екінші сөз екенін айыру қиын емес: қандай (қай)? сағат – қалта сағат яғни негізгі мағына сағат та, қалта сол сағаттың анықтауышы (сағаттың бір түрі, өйткені қабырға я қол сағат та бар), қандай, (қай?) қалта – сағат қалта яғни негізгі мағына қалта да, сағат сол қалтаның анықтауышы (сағат салатын қалта, қаламсап салатын да қалта болуы мүмкін) т.б. Әрине, қатар келген екі зат есім бұлар сияқты әр уақытта орын ауыса да бермейді: тас жол (жол тас емес), жібек орамал (орамал жібек емес), ағаш үй (үй ағаш емес) т.б. Бұдан да осы тәріздес зат есімдердің мағыналық, қызметтік сипатын аңғаруға болады.

Грамматикалық мағынаның түрлері

Сөйтіп, сөз лексикалық мағынасы арқылы басқа сөздерден дараланып, жекеленіп, бөлініп отырса, жалпы грамматикалық мағьнасы арқылы керісінше басқа сөздермен ортақ сипат алып, жақындап, жалпы грамматикалық топ құрауға бейімделеді.Сонда сөзде жалпы заттың атын, немесе жалпы қимылды, немесе жалпы санды, т.б. білдіретін бір ғана жалпы грамматикалық мағына бола ма немесе жоғарыда сөзде бір я бірнеше грамматикалық мағына болады дегеніміздей олардың қарым-қатынасы, ара қатынасы, сипаты қандай болмақ?

Сөзде лексикалық мағынаның жалпылануы негізінде пайда болатын жалпы грамматикалық мағына (жалпы заттың аты, жалпы қимыл.т.б.) басқа да жалпы грамматикалық мағыналарды білдіруге негіз болады. Яғни, мысалы, жалпы заттың атауы болуы мағынасымен бірге ол жалпы грамматикалық мағына жекелеген (жалпы) заттың атауы болуы мүмкін немесе алуан түрлі заттың жалпы ортақ атауы болуы мүмкін (жалпы есім); деректі немесе дерексіз зат атауы болуы мүмкін; адамға байланысты (кімдікі) немесе адамнан басқа затқа байланысты атау болуы мүмкін т.б. Сондай-ақ заттың сынын білдіретін сөздер сапалық сынға немесе қатыстық сынға байланысты болуы мүмкін, қимылды білдіретін сөздер салттық немесе сабақтылық сипатпен қатысты болуы мүмкін немесе қимылдың неше түрлі семантикалық сипаты болуы мүмкін (қалып, қозғалыс, амал - әрекет, ойлау қабілетіне, көңіл күйіне байланысты, т.б.) Бұлардың барлығы да сөздің жалпы семантикасынан туындайтын жалпы грамматикалық мағыналары. Сөйтіп, сөзде жалпы грамматикалық мағына біреу ғана емес, бірнеше де болуы мумкін.

Жалпы грамматикалық мағынаның осы сияқты сипатына ерекше назар аударуға негіз болып отырған бұл мәселелердің бұрын біржақты, қате түсіндіріліп келуінде.

Оқулықтарда грамматикалық мағына деп лексикалық мағынаны айқындай, саралай түсетін немесе грамматикалық тұлғалар арқылы және басқа сөздермен қарым-қатынасқа түсу арқылы пайда болатын (туатын) жалпы мағына деп көрсетіледі. Бұл дұрыс ереже ме және оны қалай түсінеміз?

Ең алдымен, грамматикалық мағына-лексикалық мағынамен жарыса отырып, сол лексикалық мағынаны айқындай, саралай түсетін мағына емес, сөздің сол лексикалық мағынаның жалпылануы арқылы туатын жалпы мағынасы. Лексикалық мағынаға қарағанда грамматикалық мағына одан кейін пайда болады. Атап айтқанда, грамматикалық мағына алдымен лексикалық мағынаның жалпылануы арқылы пайда болып, содан кейін сөйлеу процесінде сөздің жұмсалу мақсатына қарай оған әр түрлі тұлғалардың қосылуы арқылы немесе сөйлемде басқа сөздермен әрқилы қарым-қатынасқа түсуі арқылы үстеледі, демек, осының нәтижесінде екінші қатардағы мағына болып табылады. Сондай-ақ лексикалық мағынаның мәні дара болса, сөйтіп, сөздерді бір-бірінен саралап, бөлуге негіз болса, грамматикалық мағына жалпы болады, жеке сөздерге (формаға) ғана емес, солардың белгілі топтарына тән болатындықтан, сөздерді грамматикалық сипаты жағынан, жоғарыда көрсетілгендей, топтауға негіз болады. Оның үстіне сөз бір ғана лексикалық мағынаны білдірсе, грамматикалық мағына сөйлемдегі сөзде әдетте бірнешеу болады. Екіншіден, грамматикалық мағына, дұрыс көрсетіліп жүргендей, сөйлеу процесінде сөздің әр түрлі грамматикалық тұлғалар арқылы түрленуінен де туады, көрінеді. Үшіншіден, грамматикалық мағына сөйлеу процесінде сөздердің басқа сөздермен әрқилы қарым-қатынасынан да пайда болады. Бұлардың барлығы да грамматикалық мағына деп танылғанымен, олардың әрқайсысының мәні, сипаты, грамматикалық категория үғымына қатысы, сөздің белгілі топтарға бөлініп, олардың грамматикалық сипатын айқындаудағы рөлі бірдей емес. Сондықтан да грамматикалық мағына атаулыны жасалу тәсіліне, сөздің грамматикалық сипатын айқындаудағы мәніне қарай жалпы грамматикалық мағына, категориялық грамматикалық мағына және қатыстық грамматикалық мағына деп үш түрге бөлуге болады.

Жалпы тіл білімінде, сондай-ақ түркологияда грамматикалық мағынаны бұндай бөлу тәжірибесі бар ма? Грамматикалық мағынаны осындай үш түрге бөлудің қандай теориялық және практикалық негізі бар?

Жалпы тіл білімінде грамматикалық мағынаны дәл осындай үш түрге бөлу тәжірибесі жоқ. Қазіргі қырғыз тілінде грамматикалық мағынаның типтері ретінде оны екіге бөліп қарау тәжірибесі бар; бірі – жалпы категориялық мағына және екіншісі – жеке грамматикалық мағына. Жалпы категориялық мағынаға, мысалы, зат есімнің заттық, сын есімнің сындық, етістіктің қимыл-әрекеттік мағыналары яғни сөздің әр түрлі формада түрленіп өзгеруінен емес, түбір білдіретін және сөздің барлық грамматикалық формаларында бола беретін мағыналары жатады да, жеке грамматикалық мағынаға сөздің түрленіп тұлғалануы арқылы пайда болатын мағыналары жатады, сондықтан бір сөзде бір жалпы грамматикалық мағына және бірнеше жеке грамматикалық мағына болады. (Д. Қ. — АҚТ,7-8).

Грамматикалық мағына жоғарыда көрсетілгендей, ең алдымен, сөйлеу процесінде лексикалық мағынадан туындайтын, яғни лексикалық мағынаның жалпылану арқылы, сөздік ұғымның жалпылық-абстрактылық сипатқа ие болуы арқылы пайда болады. Жалпы сөйлеу процесінен (сөйлемнен яғни контекстен) тыс грамматикалық мағына болмайды. Үй, тас, жасыл немесе кел дегендердің заттық және иелік, жалпылық немесе сандық, түсті білдіру немесе қимылдық т.б. грамматикалық мағыналары сөйлеу процесінде әбден қалыптасқан, сондықтан ондай тиесілі мағына сөйлемсіз-ақ ойымызда тұрақталып қалған. Одан әрмен сол сөйлеу процесінде сөздің басқа сөздермен қарым-қатынасқа түсуі арқылы да, түрлі грамматикалық формалардың үстелуі арқылы да, дауыс ырғағы, орын тәртібі, ішкі флексия т.б. арқылы да грамматикалық мағына үстеледі.

Грамматикалық мағынаның түрлері оның берілу жолдарына байланысты және соған сай олардың грамматикалық немесе лексика-грамматикалық, семантикалық, қызметтік-функциялық т.б. сипаттары айқындалады.

Лексикалық мағынаның жалпылануы арқылы пайда болатын грамматикалық мағынаны жалпы грамматикалық мағына деп бөлуге болады. Жалпы грамматикалық мағына грамматикалық формасыз-ақішкі семантиканың абстракциялануы, жалпылана түсуі арқылы қалыптасады да, сол арқылы 1) сөздердің семантикалық жақындығы, 2) ортақтығы пайда болып, 3) грамматикалық топтар құралады. Жалпы грамматикалық мағынаның әрі қарай шектеле, үсақтай түсуі нәтижесінде үлкен грамматикалық шынында лексика-грамматикалық, топтарынан өз ішінде кіші топтар да бөлініп шығып отырады. Мысалы, үй, бала, Алматы немесе жақсы, көк, тасты, құмсыз немесе кел, тұр, ойла т.б. сөздердің лексикалық мағыналарының жалпылануы нәтижесінде жалпы заттық немесе жалпы сындық немесе жалпы сындық немесе жалпы қимыл, іс-әрекеттік сияқты жалпы грамматикалық мағына туған. Ал солардың әрқайсысының өзінен тағы да кішірек жалпы грамматикалық мағына байқалып кішірек топтарды көрсетуге болады. Жалпы заттық мағынадағы сөздерді адамға байланысты (кімдік) заттар (бала, кісі, жолдас, т.б.), адамнан басқа затқа байланысты (нелік) заттар (үй, тас, ағаш, т.б.), жалпылық немесе жалқылық ерекшелігіне байланысты (Алматы, Қүлагер, Ертіс, т.б.), сондай-ақ деректі-дерексіз т.б. топтарға бөлуге болады. Жалпы сындық мағынадағы сөздерді сапалық сын-белгі (жақсы, жаман, үлкен, биік т.б.) түске байланысты сын (көк, қызыл, ақ т.б.) қатыстық сын (тасты, құмсыз, аудандық т.б.) деп, жалпы қимылды білдіретін сөздерді қимылдық мәнді (кел, кет, шап т.б.) қалыпты білдіру (тұр, отыр, жатыр т.б.) абстракты іс-әрекет (ойла, қиялда) т.б. толып жатқан мәнді білдіруіне қарай топтарға бөлуге болар еді.

Сөйтіп, жалпы грамматикалық мағына сөз топтарының семантикалық сипаты болып табылады. Сөздерді топтастырудың семантикалық деп аталатын принципі сөздердің осы жалпы грамматикалық мағынасына негізделеді. Ескерте кету керек: жалпы грамматикалық мағына лексикалық мағынаның жалпылануы нәтижесінде пайда болса да, ол енді лексикалық мағына болып саналмайды.

Грамматикалық мағына арнайы грамматикалық формалар арқылы да беріледі. Грамматикалық форма деген ұғымға, ең алдымен, сөзге түбірге үстелетін қосымшалар, сондай-ақ префикстер мен жүйелі түрдегі ішкі флексия, супплетивтік тәсіл жатады. Ал қазақ тілінде префикстік те, флексиялық та, супплетивтік те тәсіл жоқ. Бірлі-жарым кірме сөздің қурамындағы бей, би (бишара, беймаза), на (наразы) сияқтылардың жеке басында ешбір грамматикалық, семантикалық сипат жоқ, олар тілімізде сөз құрамынан бөлінбей, тұтасып кеткен.

Қазақ тілінде грамматикалық форма арқылы берілетін мағынаны категориялық грамматикалық мағына деп атау қажет. Жалпы грамматикалық мағына лексикалық мағынаның жалпылануы арқылы беріліп, сөздің сыртқы тұлғасына, түріне қатысты болмай, демек, түрлену жүйесіне қатысты болмай, таза грамматикалық семантика ретінде болса, категориялық грамматикалық мағына, ең алдымен, белгілі грамматикалық формалар арқылы беріледі де екіншіден, сол арқылы белгілі грам-матикалық топтағы сөздердің (сөз таптарының) түрлену жүйесі болып табылады, үшіншіден, соның нәтижесінде сол топтағы сөздердің грамматикалық немесе лексика-грамматикалық категориясын құрауға негіз болады. Мысалы, шақтық мағына белгілі шақ тұлғалары есімше, көсемше немесе қалып етістіктері т.б. арқылы беріліп, етістіктің шақ категориясын жасауға негіз болады. Сөйтіп, категориялық грамматикалық мағына белгілі грамматикалық сөздер тобының түрлену жүйесін, парадигмалық сипатын, соның нәтижесінде ол топтардың грамматикалық, лексика-грамматикалық категориялар шеңберін, мәнін айқындайды.

Грамматикалық мағына сөйлеу процесінде сөздің басқа сөздермен тіркесіп, байланысқа түсуі, негізгі сөзге көмекші сөздің тіркесуі арқылы, орын тәртібі, интонация т.б. аналитикалық, қатыстық тәсілдер арқылы да беріле береді. Оны қатыстық грамматикалық мағынадеп атау қажет. Түсінікті болу үшін бірнеше мысалды талдап көрелік. Талдан таяқ жас бала таянбайды. Бала бүркіт түлкіден аянбайды дегендегі екі бала сөзін салыстырып көрейік. Бірінші бала зат атауы (адам), атау септік арқылы субстанттық, иелік (таянбау қимылының иесі) 3-жақ мағынасын білдіріп тұрса, екінші бала заттық мағынада емес, сындық қатыстық мағынаны білдіріп тұр. Бұл грамматикалық (сындық-қатыстық) мағына бала сөзінің бүркіт сөзімен тікелей тіркесуінен пайда болып, соның арқасында объективтену процесіне ие болған. Менде ақыл тұра ма? (Шәкәрім)дегенде сұраулық мағына -ма шылауы арқылы беріліп тұр. Бұл – кітапты көп оқиды және бұл кітап дүкенде сатылып жатыр деген сөйлемдегі бұл сөздерінің интонациясына назар аударсақ та жеткілікті. Әрине, бірінші бұл дегеннің атау септік тұлғасында тұрғаны - бөлек әңгіме. Немесе мына диалогта үйде сөзінің мағынасына назар аударайық:

– Қайда болдың?

– Үйде.

– Үйде? Қай кезде?

Басқа грамматикалық мағыналарды ескермегеннің өзінде екінші үйде дегенде сұрау мағынасы тек интонация арқылы берілген.

Сөйтіп, қатыстық грамматикалық мағына сөздердің сөйлемде атқаратын қызметтерімен байланысты және көбіне контекстік болып келеді де, сөздерді топтастыруда сөздердің синтаксистік қызметі принципіне негіз болады. Сонымен бірге грамматикалық мағынаның бұл үш түрі, бір жағынан, грамматикалық мағынаның грамматикалық форма деген ұғыммен байланыстылығын және грамматикалық категория деген ұғымның мәнін, шеңберін айқындауға негіз болатынын (категориялық мағына) көрсетсе, екінші жағынан, кейде тек ол морфология саласымен шектеліп қоймай, синтаксиске де еніп кететінін (қатыстық грамматикалық мағына) көрсетіп, морфология мен синтаксистің арасын жымдастыра түсуге себін тигізеді. Үшінші жағынан, жалпы грамматикалық мағына жекелеген сөз топтарының семантикалық сипатын айқындайды.

Грамматикалық мағына мен грамматикалық форманың сәйкестігі

Тілімізде белгілі бір грамматикалық мағына, белгілі бір грамматикалық форма – тұлға арқылы берілетіні белгілі. Яғни грамматикалық мағына мен грамматикалық форма (тұлға) бір-бірімен тығыз байланысты.

Грамматикалық мағынаның грамматикалық формамен сәйкестігі дегенде әңгіме грамматикалық мағына атаулының бәрі туралы бола ма, әлде оның бір түрі жайында бола ма? – осы жағын айқындап алған жөн.

Грамматикалық мағына мен грамматикалық форманың сәйкестігі сөз болғанда, әдетте категориялық грамматикалық мағынанегізге алынады, өйткені жоғарыда көрсетілгендей, грамматикалық мағынаның осы түрі ғана арнайы грамматикалық форма арқылы беріледі.

Әрине, грамматикалық мағына мен грамматикалық форма бір-біріне сай келеді дегенде, сөздің құрамында ол екеуінің саны да әрдайым бірдей болады деген қорытынды тумайды. Кейде бір тұлғаның өзі бірнеше грамматикалық мағынаны және керісінше бірнеше грамматикалық форма бір мағынаны білдіріп те тұрады. Мысалы, кітабым стол үстінде жатыр дегендегі кітабым сөзі кітап деген түбір -ым деген тәуелдік жалғауынан тұрады.

Бұл жерде түбір білдіретін жалпы грамматикалық мағына мен атау септік тұлғасының нөлдік формасы мен мағынасы сөз болып тұрған жоқ. Оларға әдейі назар аударылмай отыр. Ал осы -ым деген бір тұлға үш мағынаны білдіреді: 1) тәуелдік мағына, яғни кітап деген зат екінші затқа тәуелді, осының меншігі екенін білдіреді, бұл – негізгі мағынасы. Бұл жағынан қарағанда кітабың, кітабы, кітабымыз, кітабыңыз т.б. сөздер құрамындағы -ың, -ы, -ымыз, -ыңыз деген тұлғалардың бір-бірінен мағынасы жағынан ешбір айырмасы жоқ, бәрі де тәуелділік, екінші затқа меншіктілік мағынаны білдіреді. Міне осыдан бір грамматикалық мағына бірнеше грамматикалық тұлға арқылы берілетіні анық көрінеді. Бірақ -ым қосымшасы тек тәуелділік мағынаны білдіріп қоймайды, сонымен бірге 2) жақтық мағынаны да білдіреді. Яғни зат кітап қай жаққа тәуелді екенін көрсетіп тұр. Ол – айтушы жақ тілімізде үш жақ бар екені белгілі: айтушы жақ, тыңдаушы жақ және бөгде жақ немесе бірінші, екінші, үшінші жақ. Әрбір жақтың өзі де бірнешеге бөлінеді: көпше, жекеше және ІІ тыңдаушы жақ – анайы, сыпайы. Міне, сондықтан 3) -ым тұлғасы бірінші, айтушы жақты білдірумен бірге сол затқа (кітапқа) ие бір-ақ адам (жекеше), мен екендігін көрсетіп тұр.

Сөйтіп, сөз таптарының әрбір грамматикалық форма – тұлғасы сөзге арнайы форма тудырушы қосымша (жұрнақ, жалғау) қосылу арқылы грамматикалық (категориялық грамматикалық) мағынаны білдіреді. Ол грамматикалық мағына сөйлеу процесінде, контекст ішінде айқындалады. Сондықтан да грамматикалық мағына мен грамматикалық форма сәйкес болады дейміз.

Осы тұста мына бір мәселеге назар аудармауға болмайды. Ол грамматикалық мағынасыз грамматикалық форма болмайды және грамматикалық формасыз грамматикалық мағына берілмейді деген түсінік.

Грамматикалық мағына білдірмейтін грамматикалық форма болмайды және грамматикалық формасыз грамматикалық мағына да болмайды дегенді бұлардың жаңағы қасиетінің негізінде ғана тек шартты түрде айтамыз. Өйткені, кейбір жағдайларда қазіргі тілімізде ешбір арнайы грамматикалық тұлғасыз-ақ белгілі бір грамматикалық мағына білдіріліп тұрады. Сондай-ақ кейде сөз құрамында белгілі бір грамматикалық форма болғанмен, (2 – 1086)ол өз бетінше грамматикалық мағына білдіре алмай, факультативті түрде қолданылады, яғни сөз ол формасыз жұмсалмайтын болғанмен, сол сөз тұлғалары білдіретін мағынаға ол форма бейтарап болып тұрады.

Мысалы, Онымен үйінде сөйлесетін. Ауылына менімен қайтатын тәрізді сөйлемдердегі әрбір сөзге, олардың тұлғаларына және сол тұлға беріліп тұрған мағыналарға назар аударайықшы. Морфологиялық жағынан бұл сөздерді мынадай бөлшектерге бөлуге болады: он ол, л дыбысына біткен жіктеу, сілтеу есімдіктері септелгенде, л не түсіп қалады, не н дыбысына айналып кетеді, үй, сөйле, ауыл, мен, қайт дегендер сөздің түбірі, -мен, -де, -а көмектес, жатыс, барыс септік жалғаулары, ортақ етіс, -тын, -тін есімше журнақтары. Үйінде, аулына сөздеріндегі -і, -ы тәуелдік жалғауы (3-жақ), одан кейінгі тұлғасы қазіргі грамматикаларымызда септік жалғауларының құрамында қаралып жүр: -нде – жатыс септік, -на – барыс септік болып, шындығында – септік жалғауының көрсеткіші емес, түркологияда бұл тәуелдік жалғаудың 3-жағының қалдық формасы деген пікір бар, яғни тәуелдік жалғауы 3-жақта қазіргідей -ы, -і, -сы, -сі болмай, -сын, -сін, болған да, кейін соңғы -н түсіп қалған. Бұл арасы тіл білімінде әлі шешілген жоқ. Қайткен күнде де 3-жақ тәуелдік тұлғада тұрған сөзге барыс, жатыс септік жалғаулары жалғанғанда, бұлардың арасында пайда болатын -н септік жалғау құрамында қаралғанмен, белгілі бір грамматикалық категорияның көне көрсеткіші я оның бір бөлшегі болған. Бертін келе өзі білдіретін грамматикалық мағынадан айырылып қалған да, сөз құрамында факультативтік элемент ретінде сақталып қалған. Бұл тұлғасы тек септік жалғауларының ғана алдынан емес, тәуелдік жалғаудың 3-жағынан кейін жалғанған -шы, -ше, -дай, -дей жұрнақтарының алдынан да -нша, -нше, -ндай, -ндей болып шыға келді: біреудің көз-і-нше, айту-ы-нша, бала-сы-ндай, үн-і-ндей т.б. Осының өзінен көрінетіндей, -н тұлғасының белгілі қосымша құрамында болуы, септіктен гөрі тәуелдік жалғау құрамында келуі тұрақты болып көрінеді. Яғни құрамында қаралып жүрген барыс -на, -не және жатыс септік (-нда, -нде) құрамынан гөрі 3-жақ тәуелдік жалғаудың құрамына енуі лайықты сияқты, өйткені -ша, -ше мен -дай, -дей жұрнақтарының құрамында келіп қалуы тұлғасының септіктік тұлғасы құрамынан гөрі басқа бір жүйенің, тәуелдік жалғау жүйесінің және тек 3-жақ тұлғасының құрамына жатқызу жөн сияқты.