МОРФОЛОГИЯ 1 страница

С.М. Исаев

 

 

ҚАЗІРГІ ҚАЗАҚ ТІЛІ

МОРФОЛОГИЯ

 

 

А, 2007

 

 

С.М. Исаев. Қазіргі қазақ тілі. Морфология. Алматы, 2007.

 

 

Бұл еңбекте «Қазіргі қазақ тілің грамматикасының морфология саласынан ғалымның әр жылдары жарық көрген ғылыми еңбектері, оқу құралдарының материалдары жинақталып, оқулық ретінде ұсынылып отыр.

 

Алғысөз

«Қазіргі қазақ тілің курсының морфология саласы жоғары оқу орындарында көп жылдардан бері оқытылып келе жатқан, ғылыми негіздері айқындалған, тілдің өзге салаларымен ұқсастықтары мен айырмашылықтары белгілі, қалыптасқан сала. Дегенмен, ғалымның өзі айтқандай, «бұл ғылыми курстың шеңбері анықталып, обьектісі айқын болса да, талай жылдар бойы жоғары оқу орындарында тұрақты түрде өтіліп жүрсе де, қалыптасқан оқу жоспары мен бағдарламасы, тұрақты оқулықтары мен негізгі ғылыми тұжырымдары орныққан болса да, оның кейбір жалпы теориялық мәселелерімен бірге жеке немесе нақтылы бір проблемаларында, сондай-ақ практикалық жүйелерінде әлі де болса даулы, талас туғызатын, кейде тіпті қайта қарауды қажет ететін де жәйттер жоқ емес.ң (Қазіргі қазақ тілі (морфология) курсы бойынша теориялық және практикалық сабақтардың мазмұны. А.,1991, 3-б).

Білім негізгі - оқулықта. Сондықтан, қай саланы болмасын, терең меңгерудің негізі оқулыққа байланысты. “Қазақ тілі мен әдебиеті” мамандығында оқитын жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған “Қазіргі қазақ тілі” курсының морфология саласынан оқулық ретінде пайдаланылып жүрген белгілі ғалым А.Ысқақовтың еңбегі 1974 жылы жарық көріп, 1991 жылы 2-рет толықтырылып, өңделіп басылып шықты. Ғалым аталған оқулықтың соңғы басылымында ғылымның соңғы жетістіктеріне сәйкес кейбір теориялық мәселелерді, жаңаша ойлар мен ғылыми тұжырымдарды қайта қарап, жүйелі тұрғыда беруді мақсат еткендігін айтады. Бұл оқулық ұзақ жылдар бойы мамандар даярлауда қажетті негізгі құрал болып келеді.

Әйтсе де, ғалым С.М.Исаевтың 1995 жылы “Оқулық қалай жазылады?” деген мақаласыңда көрсетілгендей, “Қазақ тіл білімінің басқа салаларынан гөрі грамматикалық құрылысында талас тудырып келген, басы ашыла түсуді қажет ететін мәселелер соңғы кезде көбірек кездесіп жүр.”(Қаз мектебі. 1995.№5). Өйткені оқулыққа қойылатын негізгі талаптың бірі - ғылыми дәлдік, ақиқатқа негізделу (сонда, 1995, №5)

Ал жоғарыда аталған ғалым А. Ысқақовтың оқулығында:

1) «Етістіктің түбірі - бұйрық райдың 2-жағы (227)ң,-деген анықтама беріледі. ( Етістіктің түбірінде бұйрықтың мағына жоқ, бұйрықтық мағына - бұйрық рай арқылы берілетін, рай категориясының бір түрі).

2) «Қандай грамматикалық мағынасы болса да, оның өзіне тән грамматикалық формасы болады, керісінше, қандай бір грамматикалық форма болса да, оның өзіне тән грамматикалық мағынасы болады. Грамматикалық мағынасы жоқ грамматикалық форма болмайды, ал грамматикалық формасы жоқ грамматикалық мағына болмайды(18-б)ң,- делінген. Профессор С.М.Исаев өз еңбектерінде бұл тұжырымның тек категориялық грамматикалық мағынаға қатысты алғанда ғана дұрыс болатынын, өйткені грамматикалық мағынаның грамматикалық формасыз да берілетінін, сондай-ақ, грамматикалық мағына бере алмайтын грамматикалық формалардың да тілімізде кездесетінін дәлелдеген.

3) «Тілдегі өзіне тән грамматикалық формасы бар жалпы грамматикалық мағына грамматикалық категория деп аталады (20-б)ң,-деген тұжырым бар. Грамматикалық категорияның сипаты мұнымен шектелмейді. Өйткені бір ғана грамматикалық мағына мен бір грамматикалық форма категория құрай алмайды. Профессор С. М. Исаев грамматикалық категорияның сипатын жан-жақты ашып, тың анықтама берген.

4) Зат есімнің түбір тұлғасы мен атау септік бір деп қаралып, атау септік басқа септіктерге негіз болатын тұлға деп түсіндіріледі. «Атау септік формасы, бір жағынан, басқа септіктердің формалары мен мағыналарын салыстырып ажырату үшін қабылданған негізгі форма болса, екінші жағынан, ол тек белгілі бір затты атау үшін ғана емес, одан әлде қайда кең грамматикалық қызмет атқаратындықтан, арнайы талдайтын негізгі форма ретінде қаралады.” Осыған орай ол негізгі септік деп аталады(61-б).ң Атау септік басқа ешбір септікке негіз бола алмайды, септік жүйесінің бір түрі ғана. Сондықтан оны негізгі септік деген дұрыс емес.

5) «Атау септік формасындағы сөздер, әдетте септеулік шылаулармен де жұмсала береді. Атау формалы сөзге тіркеліп қолданылатын шылаулар: үшін (сен үшін, ел үшін), арқылы (хат арқылы, кісі арқылы) туралы (әдебиет туралы), сияқты, тәрізді, жөнінде, жайында, бойы (жыл бойы), бойынша (облыс бойынша), ғұрлым (кісі ғұрлым), түгіл (сіз түгіл) (61-62-б)ң. Бұл шылаулар атау септік тұлғалы сөзге емес, зат есімдердің түбір тұлғасына тіркесіп тұр.

6) Сын есімнің шырай түрлерін анықтауда бірізділік жоқ. А. Ысқақовта оның 4 түрі көрсетіледі де, ”Жай шырай формасы шырайлардың басқа түрлерін мағына жағынан да, форма жағынан да салыстыратын негізгі форма болып саналады” (188-б) делінеді. Бұған қатысты да кейінгі зерттеулерде талас пікірлер жоқ емес. Профессор С.М.Исаев жай шырайдың сын есімнің түбір тұлғасынан айырмашылығы жоқ екенін дәлелдеп, тіпті жай шырай деп алудың негізсіз екенін айтқан.

7) Тілімізде қанша сөз табы бар? Тоғыз сөз табы бар дейтін болсақ, модаль сөздерді қайда жібереміз?

8) Негізгі етіс проблемасы да даулы мәселе. А. Ысқақовта етістің 5 түрі көрсетіліп, «Негізгі етіс деп өзге етіс формаларына таяныш, негіз болатын, солардың түрлерін, мағыналарын, қызметтерін салыстырып айқындайтын форманы айтамызң,- делінеді. Бұл да жай шырай, негізгі септік секілді қате тұжырым.

9) Етістіктің үш шағының түрлерін беруде бірізділік жоқ (мысалы өткен шақ:

ашық, танық, неғайбыл (328-329), осы шақ: жалпы, нақ, неғайбыл деген түрлерге топтастырылған. Мұндай жіктеулер мектеп оқушыларын да, студенттерді де шатастыратыны сөзсіз.

10) Үстеудің түрін 7 дейміз бе, 8 дейміз бе? Бұл да әркімде әрқалай беріліп жүр.

11) Сөз тудыратын қосымшалардың сөзжасам нысаны ретінде қаралмай, сөз таптарын тудыратын қосымша ретінде көрсетілуі дұрыс емес. Сөзжасамды жеке сала деп танитын болсақ, бұның да басын ашып алған жөн.

Қазақ тілі грамматикасындағы соңғы 10 жылдағы жаңалықтардың, іргелі зерттеулер мен тың тұжырымдардың өзі жоғарыда көрсетілген олқылықтардың сын көтермейтінін аңғартқандай. Бұндай кемшіліктер жоғары оқу орындарының оқулықтарында жіберілсе, мектеп оқулықтарында осылардың қайталанбаcына кім кепіл.

Профессор С.М.Исаевтың «Қазіргі қазақ тіліндегі сөздердің грамматикалық сипаты,ң - атты (1998) ғылыми еңбегі морфологиядан аталған оқулықпен қатар қолданылып жүрген, ғалымның грамматикаға қатысты бүкіл зерттеулерінің түйіні секілді, ауқымды еңбек. Бұл еңбекте тілдің негізгі грамматикалық категориялары, олардың шығуы мен түрлері, ерекшелігі жан-жақты айқындалады. Сөздің морфологиялық құрамы, қосымшалардың жіктелуі, сөздерді топтастыру прициптері мен сөз таптарының дамуы, сөзжасам мәселелері, оның жасалу жолдары мен семантикалық сипаты талданады. Автор көтеріп отырған мәселесін бұдан бұрын жарық көрген оқулықтар, ғылыми зерттеулерде жасалған тұжырымдармен салыстыра отырып, көптеген проблема жөнінде өзінің көзқарасын түйіндейді, соған пікір айтады. Аталған еңбек студенттерге оқу құралы ретінде ұсынылған.

Қарастырылған мәселелердің ауқымдылығын, әрбір мәселенің ғылыми дәлдігін, жүйелі баяндалу сипатын ескеріп, бұл құралды жүйелеп, басқа да осы саладағы еңбектерін жинақтап, «Қазіргі қазақ тілің курсының морфология саласынан жоғары оқу орындарына арналған оқулық ретінде шығару қажет деп білеміз.

Ұсынысымызды ғалымның өз сөзімен тұжырымдасақ: ”Ғылыми мәнін түсіндіруді, оқушыға ой қозғап, ғылыми бағыт беріп, тілдің грамматикалық құрылысына, оның ішкі сырына тереңірек үңілуіне әрі қызықтыра, әрі еліктіре түсуді қадағалап, талап ету – грамматист зерттеушілердің де, солардың ғылыми зерттеулерінің негізінде жазылған оқулық авторларының да, ғалым ұстаздардың да келешек ұрпақ алдындағы үлкен парызы, белді міндеті. Міндет орынды түрде атқарылса ғана, парыз өз дәрежесінде орындалса ғана, қазақ тіл білімінің өркені өсе алады, саналы жас зерттеушілердің қатары көбейе алады. Ол міндет ғылыми грамматикалар мен оқулықтардың бірнеше қайтара баспадан өзгеріссіз қайта басылып шыға беруінен ешқандай орындалмақ емесң (Қазақ тілі жайында ойлар. А.,1997. 189-б.)

 

 

Филология ғылымдарының докторы, профессор

ҚР ҰҒА академигі Ө. Айтбайұлы

 

1. Грамматика және оның салалары

 

1. Грамматиканың объектісі - сөз.

2. Сөздің дыбыстық комплекс жағы.

3. Сөздің дыбыстық жағы мен мағынасы арасындағы байланыс. Сөздің лексикалық мағынасы.

4. Тілдің грамматикалық құрылысы жайында ұғым.

5. Грамматиканың салалары: морфология және синтаксис.

 

Сабақтың мақсаты

Грамматика ұғымының мәнін түсіне отырып, оның басты объектісін анықтау, тілдің грамматикалық құрылысында тілдік единица ретінде сөздің орнын, сөздің грамматиканың объектісі бола алатынын игере отырып, сөздің дыбыстық комплекс жағы мен мағынасы арасындағы табиғи емес, бірақ дәстүрлі байланыстың мәнін түсініп аша білу.

Грамматиканың объектісі – сөз

Тіл – қоғамдағы адамдар арасындағы аса маңызды қатынас құралы. Осы себептен де, ол бір жағынан, ойлаумен, екінші жағынан, сол арқылы санамен тікелей байланысты және қоғамдық өмірде белгілі бір қызметтер (коммуникативтік, эстетикалық-экспрессивтік т.б.) атқарады. Тіл, ең алдымен, ойды жарыққа шығарып, жетілдірудің құралы болу арқылы ойлаумен тікелей байланысты. Сондықтан тілдің негізгі единицалары ойлаудың басты категорияларымен сәйкес келіп жатады. Мысалы, сөз ұғымды білдіріп, соның тілдік көрсеткіші болса, ойды білдірудің бірден-бір тілдік көрінісі сөйлем болып табылады. Сондай-ақ тілдік единицалардың бұдан басқа да өзіндік мәндері, атқаратын қызметтері бар. Міне, осы қасиеттері арқылы тіл айналадағы дүние, объективтік шындық туралы адамның санасын қалыптастырады, оларды есте сақтауға негіз болады. Осы жағынан келгенде де тіл бірденені үйренудің, білудің, шындықты бейнелеудің, тіпті абстракты түрде ойлаудың құралы да болып табылады. К. Маркстің „Тіл де сана сияқты өте көне құбылыс" - деуі осыдан болса керек.

Ойды білдірудің ең кіші тілдік единицасы - сөйлем. Сөйлемнен кіші тілдік единицалар (сөз, сөз тіркесі т.б.) ойды білдіре алмайды. Ал сөйлем сөздерден, сөздер жиынтығынан немесе сөздер тіркесінен тұратыны белгілі. Сөйлемнен кіші тілдік единицалар ойды білдірмейді, ойды құрайтын жекелеген немесе күрделі ұғымды білдіреді. Сол ұғымдар жүйеленіп барып сөздердің бір-бірімен грамматикалық байланысқа түсуі арқылы ой білдіріп, сөйлем құрайды. Ең кіші мағыналы тілдік бөлшек - сөз. Дыбыстарды былай қойғанда, морфемалардың өзі жеке тұрып мағына білдіре бермейді, ал сөз тіркесі - сөзден әлдеқайда үлкен единица. Бұл - бір. Екіншіден, осы қасиеті арқасында сөз тіл білімінің барлық саласына (фонетика, лексика, сөзжасам, морфология, синтаксис) қатысты болып келеді.

Сөйтіп, тілдік единицалардың ішінен, мысалы, дыбыс не фонема, морфема немесе әр түрлі тұлғалар, сөз тіркесі, сөйлем сияқты тілдік элементтерден сөздің ерекше қасиеті бар құбылыс екенін аңғаруға болады. Сөз белгілі бір ұғымның атауы болғандықтан да, соған сәйкес ол белгілі бір нақты лексикалық мағынаны білдіреді. Осы қасиетінің арқасында сөз санамызда жеке тұрып өмір сүре алады. Әр түрлі сөздіктерде сөз жеке реестр (лексика) ретінде беріледі. Сонымен бірге сол лексикалық мағынасына сәйкес ұғымның жалпы атаулық қасиетіне орай грамматикалық мағына пайда болып, ол енді жекелеген сөздерді емес, белгілі бір грамматикалық топтағы сөздердің ортақ жалпы мәніне айналып, әр түрлі қосымша тұлғалар арқылы түрленеді, басқа сөздермен байланысқа түседі, сөйлем құрайды.

Тіл білімінің қай саласын алсақ та, оның зерттеу объектісі я тікелей, я жанама түрде сөзге келіп тіреледі. Өйткені сөзде фонетикалық қасиет (дыбыстық кешен) те, лексика-семантикалық қасиет (ішкі мағына) те, сөзжасам қасиеті (жаңа сөз я жаңа мағына) де, грамматикалық қасиет (морфологиялық құрамы мен құрылысы, сөздердің түрленуі, сол арқылы бір-бірімен байланысқа түсіп, алуан түрлі грамматикалық мағыналар білдіріп, сөйлем құрауы) те бір-бірімен қабысып, қабаттасып келіп отырады.

Демек, сөз – ең алдымен лексикологияның тікелей және басты объектісі. Өйткені тілдегі сөздік құрам, оның баюы, дамуы, сөз мағыналарының түрленуі мен өзгеруі сияқты сөздің тікелей өзіне тән қасиеттері лексикология саласында қаралып, шешімін табады. Сондай-ақ сөз сөзжасам саласының да тікелей объектісі. Әр түрлі тәсілдермен жаңа сөз жасау, сөз мағынасының өзгеруі арқылы жаңа сөздің пайда болуы, сөйтіп, тілдің сөздік құрамын байыту процесі де сөзге тікелей қатысты қасиеттер болып табылады.

Ал, грамматика (гректің grammatіke – оқи алу, әріп жаза білу деген сөзінен қалыптасқан) болса, ол сөздердің түрлену жүйесі мен грамматикалық мағыналарын, олардың арасындағы байланыс пен қарым-қатынастарды, сөйтіп, сөздердің тұлғалану ерекшеліктерін, сөздердің бір-бірімен тіркеске түсіп, сөйлем құрау сияқты қасиеттерін қарастырады. Грамматиканың бір саласы морфологияның (гректің morрһе - форма, тұлға және logos - сөз, ілім деген сөздерінен құралған) да зерттейтін басты объектісі - сөз. Әрине, морфология лексикология сияқты жеке сөздердің нақты мағыналарын, олардың қайдан шығып, қалай қалыптасқанын, функционалдық-стильдік сипаттарын емес, сөздердің жалпы қасиеттерін, ортақ қасиеттері арқылы сөздердің белгілі топ құрай алуы мен түрлену, тұлғалану жүйесін, соның нәтижесінде пайда болатын жалпы мән-мағыналарды топтап, категориялық ерекшеліктерін зерттеп, сипаттайды. Сөйтіп, морфология сөздердің грамматикалық сипаттарын зерттеп айқындайды (СРЯ, 87, 135).

Морфология сияқты синтаксис (гректің Sіntaxіs – құрылыс, тізбек, тіркес, тәртіп деген сөзінен қалыптасқан) те грамматиканың бір саласы. Егер морфология сөздің жалпы сипатын, атап айтқанда, сөздің грамматикалық мағыналарын, олардың берілу жолдарын, түрлену жүйесі мен парадигмалық (гректің paradeіgmа - үлгі, мысал, рет сөзінен алынған, яғни белгілі бір тәртіппен түрлену, өзгеру қатарының тұрақты жиынтығы, үлгісі; мысалы, септелу, тәуелдену, жіктелу үлгілері т.б) қасиетін, сөз формаларының ерекшеліктерін, соның нәтижесінде пайда болатын грамматикалық мағыналар жүйесін жеке-жеке емес, жалпы түрде қарау арқылы, ортақ белгілері негізінде, яғни сөздердің грамматикалық сипаттары негізінде грамматикалық топтарға, олардың категорияларға жіктелуін қарастырса, синтаксис сол түрлену тұлғаларының басқа сөздермен синтаксистік қатынасқа түсу ерекшеліктерін, сөйлемде сөздердің сол тұлғаларында атқаратын қызметтерін, сөйтіп, сөйлем құрау, олардың құрамдық, құрылыстық түрлері мен типтерінің ерекшеліктерін қарастырады. Сөйтіп, морфология мен синтаксистің ортақ тұстары көп-ақ. Мысалы, Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін ... (Абай) деген сөйлемді талдап көрейік. Мен – І жақ жекеше жіктеу есімдігі, атау тұлғада тұр, жазбаймын – сабақты етістік, болымсыз тұлғада (-ба), -й -көсемше тұлғасы арқылы ауыспалы осы – келер шақты білдіріп тұр, - мын – І жақ жекеше жіктік жалғау, өлеңді – жалпы зат есім, - ді табыс септік арқылы тура объекті мағынасын білдіріп тұр, ермек – жалпы зат есім, түбір тұлға, үшін – септеулік шылау. Бұл – морфологиялық талдау. Синтаксистік жағынан: мен - бастауыш, атау септікте, жазбаймын - баяндауыш, жіктік жалғау арқылы бастауышпен 1-жақта жекеше қиыса байланысып тұр, өлеңді (нені жазбаймын?) тура объектіні (табыс септік) білдіретіндіктен тура толықтауыш болады, өлеңді жазбаймын – табыс септік жалғауы арқылы байланысқан етістікті меңгеру (сөз тіркесі), ермек сөзі үшін шылауымен тіркесіп келіп мақсат пысықтауыш (не үшін, не мақсатпен жазбаймын?) қызметін атқарып тұр, сол ушін шылауы арқылы ермек сөзі жазбаймын дегенге меңгеріле байланысып, етістікті сөз тіркесін құрап тұр. Жалпы бұл - жай, жайылма, жақты, толымды, хабарлы сөйлем.

Міне, осы талдаудан грамматиканың екі саласы морфология мен синтаксистің ортақ, жақын қасиеттері және бір-бірінен айырма ерекшеліктері анық көрінеді.

Фонетиканың негізгі зерттеу объектісі дыбыстар, олардың жүйелілігі мен қолданылу ерекшеліктері, заңдылықтары болса, дыбыстардың қыр-сыры, жасалу, артикуляциялық ерекшеліктері мен қолданылу заңдылықтары сөзге тікелей байланысты, сөз арқылы, сөздер құрамында ғана олар толық көріне алады. Жеке дыбысты айтқаннан оның барлық сипаты толық айқындала бермейді. Сөздің бар сипаты оның қолданысында, сөйлем ішінде айқындалатыны сияқты, дыбыстардың да бар қасиеті сөз құрамында қолданылуы арқылы айқындалады. Сондықтан да сөз фонетикаға да қатысты. Міне, осы қасиеттері негізінде сөзді өте күрделі тілдік единица деп түсінеміз. Сөз - сөйлемнен кейінгі ерекше тілдік единица, өйткені ол – тілдің мәнді, мағыналы бөлшегі және сөйлем құрауға негіз болатын тілдік единица.

Сөздің ішкі мағыналық және сыртқы дыбыстық жағы

Тілдегі ең кіші мағыналы бөлшек - сөз. Сондықтан сөз белгілі бір ұғымды, яғни белгілі бір заттың атын немесе сынның, сапаның белгісін, санды, әр түрлі әрекет-құбылысты, қимылды т.б. білдіреді. Сондықтан сөз туралы әңгіме болғанда, ең алдымен, сол сөз білдіретін мағына, яғни сөздің ішкі сипаты, мазмұны қоса жүреді. Рас, морфеманың кейбір түрі, мысалы, түбір морфеманы мағыналы бөлшек дейміз.

Түбір морфема мәселесіне қазақ тілі (сондай-ақ түркі тілдері) тұрғысынан келсек, түбір белгілі бір мағынаны білдірумен байланысты. Бұл жағынан түбір деген ұғым мен сөз деген ұғымдар сайма-сай келеді де, сөз деген ұғымға енетін туынды түбір дегендер ғана одан өзгеше болады. Сондықтан да түбір жеке сөздің баламасы ретінде ешбір түрленусіз түбір күйінде тілде қолданыла алады. Мысалы, Зеңбірек снарядтары суға үсті-үстіне түсіп, аспанға шапшыған судан күміс бағаналар орната бастады (Ғ.Мүсірепов).Ызғырық, суык, сұр бұлт аспанды тегіс қаптаған (Б.Майлин).Төрт бөлмелі тас үй салқын да жайлы (Ғ.Мүсірепов).

Берілген сөйлемдердегі күміс, сұр, төрт, тас деген сөздер түбір күйінде қолданылған, яғни олар - әрі түбір, әрі сөз. Бірақ түбір деген ұғымға қазіргі кезде ешбір мәнге ие бола алмайтын не жеке қолданыла алмайтын өлі түбірлер де енеді. Мысалы, оян, оят, баданадай, алпамсадай, момын, момақан, шалқақ, шалқалау т.б. сияқты сөздердің түбірі, сөз жоқ, оя, бадана, алпамса (я алып), мом, шалқа екенін бір түбірден өрбіген түбірлес сөздер де көрсетіп тұр. Бірақ бұлар қазір тілімізде түбір күйінде қолданылмайды, жеке тұрып ешбір мағына да білдіре алмайды.

Сөйтіп, түбірлік қасиет қазіргі түрғыдан келгенде жоқ я жойылып кеткен. Бірақ бұндай сөздерге салыстырмалы-тарихи талдау жасасақ, қатар тұрған түбірлес сөздердің өзі-ақ көрсетіп тұрғандай, берілген сөздердің өздері негізгі түбір емес екенін байқаймыз. Осы жағынан келгенде, түбір деген ұғымның өзін әрі айқындап, әрі шектеп алудың мәні ерекше сияқты. Яғни түбірдің ең басты белгісі, ерекшелігі не дегенге нақты, дәл жауап беруіміз керек. Әдеттегі беріліп жүрген анықтамаға сәйкес олар мынадай: 1) сөздің ең кіші мәнді бөлшегі, 2) қосымша морфемалар үстелу арқылы жаңа сөз немесе сөз тұлғасын жасауға негіз болатын бөлшегі. Ал өз бетімен сол қалпында (түбір күйінде) сөйлемде қолданылуы түбірдің өз ішінен туындайтын қолданыстық қасиеті емес, ол түбірдің жеке тұрғанда да белгілі мағынаны білдіруімен байланысты. Ол мағына (мән) лексикалық мағына болып табылады. Сондықтан да ол мән түбірде ол жеке тұрғанда да болуы керек. Түбір сол түлғасында екінші сөзбен байланысқа түсіп, сөйлем ішінде қолданылғанда, оған қосымша грамматикалық яғни екі сөздің байланысы нәтижесінде туатын мәні де үстелуі мүмкін. Айталық, жоғарыда берілген сөйлемдердегі күміс (нақты зат атауынан басқа, бағаналардың неден жасалғаңдығын, заттан гөрі нақты затқа қатыстығын), тас нақты зат атауынан басқа, үйдің неден салынғандығын, затқа қатыстығын білдіріп, түбір білдіретін мағынаның үстіне жаңа қосымша қатыстық мағына қоса білдірсе, сұр(жалпы түсті білдіру нақты бұлттың түсін білдіруге ауысуы), төрт (үй бөлмелерінің нақты санын білдіру) түбір қалпында қолданылу сипаты біркелкі емес. Осы талдаудан көрінетіндей, сұр, төртсөздерінің түбірлік тұлғасы мен білдіретін мағынасы, сөйлемдегі қызметі арасында алшақтық көрінбейді (бұл екеуі де зат атауы мен тіркесіп – бұлт және бөлме [лі] үй, анықтауыштық қатынаста жұмсалған), ал күміспен тассөздерінің тұлғасы мен білдіретін мағынасы және сөйлемдегі қызметі арасындағы қатынас бұзылып жаңа сипатқа ие болған: нақты зат атауын білдіретін сөздер (күміс, тас) екінші бір зат атауын білдіретін сөзбен таза аналитикалық сипатта байланысқа түскенде қосымша мәнге ие болып (енді нақты зат атауын білдіруден сол затқа қатыстылық мәнді білдіріп яғни бұл екінші заттың жасалу тегін, қатысын білдіріп) жаңа синтаксистік қызметке ие болады: атрибуттық-анықтауыштық қатынаста жұмсалады. Зат есімдердің түбір тұлғада кейбір шылаулармен тіркесіп келіп (бұл сияқты зат есімнің түбір тұлғасы оның осыған сырттай ғана ұқсас атау септікнемесе предикат мәнінде– баяндауыш қызметінде 3-жақ жіктік жалғау,я тіпті ілік, табыссептіктердің жасырын, түсіп қалған тұлғасымен бір емес бөлек-бөлек грамматикалық тұлғалар екенін ашық айту керек) себеп-салдарлық, мақсаттық, мезгілдік-мекендік т.б. мәнде және соған сай әр түрлі синтаксистік қызметте жұмсалуы да зат есім түбірдің өзіндік ерекшелігі бар екенін көрсетеді.