ISBN 978-601-241-059-4 13 страница
- Қарағандыда «Сарыарқа» АЭА инфрақұрылымы 75 %-ға аяқталды (бюджеттен 21,4 млрд. теңге бөлінді). 2012 жылға инфрақұрылымды аяқтау үшін 3,2 млрд. теңге қарастырылды.
- Павлодар облысының әкімдігімен «Павлодар» АЭА инфрақұрылым құрылысының ТЭН әзірленуде (жергілікті бюджеттен 76 млн. теңге бөлінген)
- «Қазақстан темір жолы» АҚ мемлекеттік сарапшылар сатысында тұрған «Қорғас-Шығыс қақпа» АЭА инфрақұрылым құрылысының ТЭН жетілдіру бойынша «Делойт» ЖШС консультанттары шақырылған.
13.1 Алматы қаласының экономикасы
Алматы (қазақ. Алматы; 1921 жылға дейін - Верный) Қазақстанның ең ірі қаласы, мемлекеттің қаржы, мәдени және туристік орталығы. Халқы 1,4 миллион адамды құрай отырып, жалпы республика аумағының 0,19 пайызын алып жатыр.
Алматы қаласы Еуразиялық континенттің орталығында, Қазақстан Республикасының оңтүстік-шығысында, 77 градус ш.б. және 43 градус с.е. бойынша, Тянь-Шань тауының солтүстік жотасын, Іле Алатауының баурайын ала орналасқан.
Қаланың ауа-райы құбылмалы, температурасы әдеттегідей жыл мезгілдерінде ғана емес, тіпті күн сайын өзгеріп отырады. 500 метрлік биіктіктен қала үстіне қараса, көшелері солтүстікке қарай ыстық Қаскелең маңындағы Мойынқұмына бағыт алып тіреледі. Қаланың тұрғын үйлер алабы оңтүстігінде де, теңіз деңгейінен 1500-1700 метр биіктікте де, Медеу шатқалында және «Терісбұтақ текше тауында» (Каменское Плато) мұздықтардың суық лебі сезіледі.
Іле Алатауының жануарлар мен өсімдіктер дүниесі өте бай. Алматының шеткі аймақтары Іле Алатауының ұлттық паркіне жатады. Мұнда арнайы қорықтар бар. Сирек кездесетін құстар мен аңдар Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген. Солардың ішінде барыс қазіргі кезде Алматы қаласының елтаңбасында белгіленген.
Тау баурайындағы дәнді дақылдар, бақша және темекі алқаптары жүзім, жеміс-жидектер мен алма ағаштарына ауысып отырады. Қаланың 8 мың га. астам жерін бау-бақшалар мен саяжайлар, демалыс орындары алып жатыр. Дәл осы жер атақты Алматы апортының отаны болып табылады.
Қала 170 шаршы шақырым аумақты алып жатыр. Үлкен және кіші Алматы өзендерінің бойына орналасқан. Қаланы сумен тау өзендері мен көлдері қамтамасыз етеді.
Алматы қаласының халқы 1 404,3 мың адамды құрайды. Оның 54 пайызы әйелдер, 46 пайызы – ерлер. Соңғы бес жыл бедерінде төрт жасқа дейінгі балалар саны 50 пайыздан астам көрсеткішке дейін өсті. Алматы байырғыдай Қазақстан қалалары ішіндегі «көпұлтты қала» мәртебесіне ие. Этникалық жағын ескерсек, бұл қалада 100-ден астам ұлт өкілдері тұрады. Қазіргі кезде Алматыда 51,1 пайыз қазақтар, 33 пайыз орыстар, 5,7 пайыз ұйғырлар, 2 пайызға жуық корейлер және дәл осы мөлшерде татарлар мен 0,5 пайызға дейін өзбектер, сондай-ақ 0,4 пайызға дейін түріктер тұрады. Қалада сонымен қатар, 0,5 немістер де тұрып жатыр.
Алматы қаласының экономикасын өнеркәсіп, қызмет көрсету аясы мен ауылшаруашылық салалары құрайды. Өнеркәсіптегі негізгі салалары өндіріс орындары, электр қуатын тарату, су, көгілдір отын және өңдеуші кәсіпорындар болып табылады. Бұларға қоса, химиялық, азық-түлік, металлургиялық және халық шарушылығының басқа да түрлері даму үстінде. Өңдеу өнеркәсібінің еншісіне қаладағы барлық өнеркәсіп өнімдерінің 85 пайыздан астамы тиюде. Соңғы жылдары ағаш өнімдері мен қортқы көмір (кокс) біршама азайды. Есесіне тігін және тоқыма өнімдері, химиялық өнеркәсіп, сондай-ақ транспорттық құралдар мен оларға жабдықтар шығару артты.
Байланыс саласы бойынша айтсақ, оларға көп кіріс әкелген жергілікті телефон байланысы (1,5 пайыз), халықаралық телефон байланысы (4,4 пайыз), интернет желісі (6,6 пайыз) және ұялы телефон байланысы (70 пайыздан астам) болып отыр. Өсімдікшарушылығының басты көзі – дәнді дақыл, картофель, көкөніс, жеміс-жидек пен жүзім. Ал малшаруашылығында өсіріліп жатқан малдардан негізінен ет, сүт, жұмыртқа және жүн алынуда.
Мемлекеттің жалпы ішкі өнімінің (ЖІӨ) 1/5 бөлігі немесе 2 триллион 273 миллиард теңгесі Алматының еншісіне тиюде, яғни Алматы қаласының әрбір тұрғынына 15 мың доллардан келеді. Бұл республика бойынша айтсақ, 2,7 есеге көп. Елдегі салықтың 30 пайызы осы қаладан жиналса, мемлекеттің сыртқы тауар айналымының ішкі 50 пайызы және 1/6 бөлігі Алматыда жүзеге асуда. Барлық банк жүйесі операцияларының 70 пайызы да осы мегаполисте атқарылып жатады. Сонымен қатар, барлық инвестициялардың 18 пайызы, пайдалануға беріліп жатқан баспаналардың 12 пайызы және тауарлардың жеке және көтерме саудасы операцияларының барлығының 50 пайызы Алматының үлесінде.
Алматы экономикасы негізінен қалада жұмыс істеп жатқан банктер мен шағын және орта бизнестің есебінен дамуда. Мәселен, барлық салықтың 60 пайызын қаладағы саны 78 мыңға жетіп отырған бизнес орындары түсіруде. Сонымен қатар, қалада 33 екінші деңгейлі банк тіркелген. Бұл жалпы санның 95 пайызы.
Транспорт саласы бойынша жұмыс істеп жатқан мекемелер саны 517. Соңғы жылдары жолаушы тасымалы да, жүк тасымалы да едәуір өсті. Әуедегі транспортты жылына 20 мың жолаушы пайдалануда. Ал олардың көмегімен тасымалданатын жүк салмағы жылына 7 мың тоннаны құрап отыр. Автомобиль транспортымен негізінен түрлі-түсті меттал, құрылыс заттары, басқа да жүктер тасымалданып жатады.
Алматының тауар мен туризм саласын дамытуға мүмкіндігі мол. Қазір қаладағы туристік ұйымдар саны 500-ге жуық. Туризм саласының жақсаруының арқасында соңғы жылдары туристер легі айтарлықтай өсті. Туристік фирмалар саны да өсіп келеді.
Алматы қаласында аймақтық қаржы орталығын құру туралы 2006 жылы ресми түрде жарияланған болатын. «АӨҚО» (Алматы қаласының өңірлік қаржы орталығы» акционерлік қоғамы) қазіргі кезде тұрғындардың қаржы және инвестиция төңірегіндегі сауатын көтеруге мүдделі. Және Қазақстанның қаржы аясына шетелдік инвестиция тартудың тиімді жолдарын қарастырып, еліміздің құнды қағаздарын халықарылық нарыққа кіріктірумен айналысуда.
Алматының еліміздің мәдени ошағы екендігіне дау жоқ. Қазір мұнда 270 мәдени ұйымдар орналасқан. Атап айтсақ, 14 театр, 7 концерт залы, 2 филармония, 11 оркестр, 13 ансамбль. Алматыда 32 мұражай, 20 көркем сурет галереясы, 39 кітапхана, 2 Балалар шығармашылығы үйі де жұмыс істеуде. 18 кинотеатр, цирк, 920 спорт ғимараттары, көптеген түнгі клубтар, мейрамханалар мен түрлі ойынсауық орындары бар. Қаланың мәдени өміріне оның көпұлттылығы тиімді әсер етпей қоймайды. Мәселен, жыл сайын әр елдің өнері мен түрлі жанрларда халықаралық фестивальдар мен байқаулар ұйымдастырылып тұрады.
Драма театрлары 1928 жылы Қызылордадан ауыстырылғанда пайда болды.
Әуелде олардың міндетіне тек кеңес үкіметінің құрылғанына байланысты ғана спектакль қою жүктелді. Кейін 1930 жылдары театрлар күрделі драмалық дүниелерді қоя бастайды. Спектакльдер қазақ тілінде синхрондық аудармалармен қойылады.
1934 жылы Опера және балет театры құрылды. Олардың ең алғашқы қойылымдары – «Айман - Шолпан» музыкалы комедиясы мен «Кармен» операсы. 1941 жылдан бастап театр академиялық мәртебеге ие болады. Опера және балет театрының ашылуынан бір жыл бұрын орыс драма театры ашылған болатын. Орыстың ұлы жазушысы Лермонтовтың 150 жылдығына орай аталған театрға соның есімі беріледі. Театр бірнеше мәрте марапаттарға ие болған еді, атап айтсақ, халықтар достығы ордені мен мәдениет комитетінің мақтау грамотасымен.
Ғ.Мүсірепов атындағы жасөспірімдер театры қазақ тіліндегі спектакльдерді қояды. Бұл театрдың тырнақалды қойылымдары «Красная шапочка» мен «Осада Лейдена» көрермендерімен 1945 жылы қауышқан еді. Театр 2000 жылы «Наурыз2000» халықаралық байқауында бірінші орынға ие болды.
Қалада балалар мен жасөспірімдерге арналған орыс театры да жұмыс істейді. Оның тарихы сол жасөспірімдер театрымен байланысты, яғни 1985 жылы ол қазақ тіліндегі Ғ.Мүсірепов атындағы және орыс тіліндегі Н.Сац атындағы болып екіге бөлінген-ді.
Алматыда қазіргі заманғы театрлардан да кенде емес. Солардың ішіндегі танымалы, сыншылар мойындағаны «АRТиШОК». Ол 2001 жылы құрылып, бірнеше жылдың ішінде еліміздің теңдесі жоқ театрына айналып үлгерді. Театрдың бағыты әралуан: пантомима, импровизация, драматрургия және басқа да. Труппаның кәсіби шеберліктері және өнерге тың қырынан келулері олардың фестивальдар мен алыс және жақын шетелдердегі байқауларда жүлделі орындарға ие болуларына мүмкіндік берді.
Тарих пен бейнелеу өнеріне арналған ірі-ірі мемлекеттік мұражайлармен қатар, Алматыда әр түрлі қызықты тақырыптардағы мұражайлар да бар. Мәселен, қаладағы Қазақстан бойынша ең ірі саналатын теміржол мұражайын айталық. Мұражайдың сирек жәдігері деп Морзенің телеграфын айтуға болады. Пойыздың келген-кеткенін хабарлап тұрған көне қоңыруы да мұражай үшін құнды. Көне шамдар, компостерлер, коммутатор байланысы мен теміржолға қатысты төсбелгілер топтамалары тағы бар.
Қаланың көрікті орындарының бірі - халық музыкалық аспаптар мұражайы. Онда қазақтың бірегей аспаптар топтамасы орын тепкен. Оларда кезінде Қазақстанның әйгілі мәдениет қайраткерлері ойнаған.
Бүгінгі күннің барлық өнеріне қолдау көрсетумен Алматы қаласында орналасқан Қазіргі заман өнер орталығы айналысады.
Қазіргі кезде Алматыда сауда-саттық саласы бойынша 3100 нысан жұмыс істеуде. Олар - бірнеше топқа бөлініп отыр: азық-түлік, өнеркәсіп салалары, базар, сауда кешендері және баспана.
13.2 Астана қаласының экономикасы
Астана қаласы – Қазақстан Республикасының астанасы (1997 жылдың 10 желтоқсанынан). Халқының саны 697 257 адамды құрайды. Халық саны жағынан бұл қала Қазақстанда Алматыдан кейін екінші орында.
Қаланың байырғы атаулары – Ақмола (1830-дан 1961 жылдарға дейін), Целиноград – 1961-ден 1992 жылдарға дейін, Ақмола – 1992-ден 1998 жылға дейін.
Қала Қазақстанның орталық бөлігінің солтүстігінде Ақмола облысында, Есіл өзенінің алабындағы өзен маңы жазықтығында орналасқан.
Қала аймағының жер-бедері тегістелген. Қаланың климаты шұғыл континеттік. Астана қаласындағы негізгі әрі маңызды сулы артериясы Есіл өзені болып табылады, және оның екі арнасы Сарыбұлақ пен Ақбұлақ.
Астанадан 25-30 шақырым радиуста тұщы және ащы көлдер көп. Қала аумағы – 71 мың га.
Қоңыржай шұғыл континеттік. Жазы ыстық әрі құрғақ, қысы аязды әрі ұзақ. Жылдық орта температурасы 3,1 °C. Жылдық жауын-шашын көлемі 300 мм. Жаздың ыстығы 40 °C –тан асып кете алса, қыстың суығы – 50 °C-қа дейін төмендейді. Қысының суығы сібір аязына таяса, жаздыгүні Орта Азияның ыстық қапырығы байқалады.
2009 жылдың көрсеткіштерінде Астана қаласының миграциялық сальдосы 31 908 адамды құрады – бұл республикадағы ең жоғарғы көрсеткіш. Қалаға жасалған миграциялық толқындар негізінен Қазақстанның өзге аймақтарынан болады. Астана адам капиталын тарту жағынан және тұрғындарының табысы жағынан елдегі көшбасшы қала болып келеді. Ұлттық құрамы: қазақтар, орыстар, украиндар, татарлар, армяндар, әзірбайжандар, еврейлер, белорустар, грузиндер, молдавандар, тәжіктер, өзбектер және т.б.
Астана өн бойына халықтың күші мен қайратын жинап, тәуелсіз Қазақстанның мақтанышына айналған Елордасы. 1997 жылдың 10 желтоқсанында Президент Н.Назарбаевтың ұсынысы бойынша Қазақстанның астанасы Алматыдан Астанаға (ол кезде Ақмола) көшті. Бұл шешімге көптеген себептер болды, негізінен елдің экономикалық және геосаяси мүддесіне байланысты. Астана ел аумағы ортасында орналасып, Еуропа мен Азияға көпір болып тұр. Қала елдегі экономикалық ірі аймақтардан алшақ жатыр. Өнідірісі дамыған болуы, аграрлы инфрақұрылымының болуы, маңызды транспорттық торап мәртебесі, жағымды экономикалық жағдайда болуы, үйлесімді табиғаты мен халық санының аз болуы – міне, осы факторлардың барлығы аталған қаланың астаналық мәртебесіне сай келіп, оның дамуына түрткі болды.
Қала күні жыл сайын 6 шілдеде атап өтіледі. Астана белсенді дамып жатқан қоғамның сөресіне айналды. Қаланы Есіл өзені бөліп жатыр. Онда баяу қозалыспен катерлер жүзеді. Осыдан біраз жылдар бұрын ғана мұнда саусақпен санарлықтай он қабатты үйлер болған. Ал қазірде мұнда 70 метр және одан да зәулім үйлер көп.
Жыл өткен сайын Астана қызмет көрсету саласы дамыған ірі мегапоислке айналып келеді. Жүздеген кафелер мен мейрамханалар, дүкендер, көңіл көтеру ошақтары мен сауда үйлері ашылды.
Бүгінгі Астана – жедел қарқынмен дамып жатқан заманауи қала. Сәулет өнеріне келсек, еуропалық және шығыстық үлгілердің жағымды дәстүрлері байқалады. Айналдырған бірнеше жылдың ішінде қаланың халқы үш есеге артты.
Аз уақытта қаланың бет-бейнесі де айтарлықтай өзгерді.
Қаланың архитектуралық бейнесін қалыптастырар сәтте Нұрсұлтан Назарбаевтың оған еуразиялық рең беру қажет деген ұсынысы ескерілді.
Құрылыс барысында еуропалық технологиялар пайдаланылды. Сонымен қатар оған жергілікті және түркиялық, италиялық, француздық және швейцариялық компаниялар атсалысты. Жеделдетілген құрылыс қарқыны 6-7 жылдың шамасында Қазақстанның даласынан заманауи модернизацияланған, қайталнбас бейнесі бар қала тұрғызуға мүмкіндік берді.
Қаланың экономикасының негізін құрайтындар: сауда, көлік, байланыс және құрылыс. Қазақстан экономикасының сауда саласындағы жалпы өнімге салатын үлесі жағынан Астана еліміздегі маңызы бар облыстар мен қалалар арасында Алматыдан кейінгі екінші орынды алады. Астана және Алматы қалаларының біріккен аймақтық өнімі Қазақстанның сауда саласының тең жартысын алып отыр. Сондай-ақ, бөлшек сауда айналымы бойынша Астана еліміз бойынша екінші орында тұр. Астана республикада құрылыс жағынан да алға озып келеді. 2009 жылы елде пайдалануға берілген құрылыс нысандарының бестен бір бөлігі осы өңірдің үлесіне тиеді. Соңғы бес жыл көлемінде қолдануға берілген үйлердің көлемі бойынша да Астана алда келе жатыр.
Қаланың өндірістік әлеуеті негізінен құрылыс бұйымдарын, тамақ өнімдері/сусындар және машина жасау салаларына бағытталған. Астана Қазақстан бойынша құрылысқа арналған темір бұйымдарын, бетон, қолдануға дайын бетон, бетоннан жасалған заттар шығару жағынан жетекші орынды алады. Сонымен бірге, құрылысқа арналған темір құрылғылар, радиатор, орталық жылу қазандық, көтергіш-көлік құрылғыларын жасау жағынан да басым үлеске ие.
Қаланың жалпы аймақтық өнімінің 22 пайызын шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері толықтырып отыр.
Инвесторларды тарту және бәсекеге қабілетті жаңа кәсіпорындар ашу үшін қалада "Астана – жаңа қала» атты арнайы экономикалық белдеу (АЭБ) құрылған. АЭБ негізінде салық және кедендік жеңілдіктер қарастыратын құқықтық тәртіп енгізілген. АЭБ аймағында әртүрлі бағыттағы бағдарламалар жұмыс істейді. Қаланың дамуы өндірістің жаңа әрі ірі көлемі бойынша бәсекеге қабілетті экономика құруға, оның ішінде қаланың жалпы аймақтық өнімі мен туризм саласын дамытуға мүмкіндік беретін шағын кәсіпкерліктің өндірістік саласын дамытуға бағытталған.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың №67 Бұйрығымен 2006 жылдың 17 наурызынан бастап 2003 жылға дейін қаланың тұрақты дамыту стратегиялық жоспары бекітілген. Аталған жоспарды қаланы тұрақты дамыту орталығы жүзеге асырды.
Сондай-ақ, қалада бес жоғарғы оқу орны, Ақмола облыстық филармониясы, мұражай (тарихи-аймақтану мұражайы, қолданбалы өнер мұражайы), театрлар
(К.Бәйсейтова атындағы ұлттық опера және балет театры, Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық-драмалық театры, М.Горький атындағы орыс драмалық театры), кітапханалар жұмыс істейді.
Қаланың мәдени-ағарту орындарына, сонымен бірге, Конгресс-холл, Жастар сарайы, Президенттің Мәдениет Орталығы, «Шабыт» шығармашылық сарайы, Бейбітшілік және келісім сарайын жатқызуға болады. Бәйтерек монументі қаланың басты символы болып саналады.
2008 жылдың 5 маусымында қалалық мәслихаттың 16-шы кезектен тыс сессиясында Қазақстан астанасының жаңа елтаңбасы мен туы белгіленді.
Аталған елтаңбаның тұжырымдамасы мен сызбасының авторы болып Президент Нұрсұлтан Назарбаев саналады.
Елтаңбаның негізіне кемелдік пен мәңгіліктің белгісі ретінде шеңбер қойылған. Орталық элементі ретінде екі басты символ–Бәйтерек пен шаңырақ біріктіріліп көрсетілген. Ондағы суреттер жаңа Қазақстанның даму бағыттарынан хабар беріп тұр. Сонымен бірге, Бәйтеректің негізіне «құс қанаттары» орнаменттері қойылған. Ол аңыздағы Самұрық құсының бейнесінде әзірленген. Елтаңба екі сақинаға бөлінген. Оның сыртқы бөлігі Ұлы даланың терең тарихынан сыр тартады. Көшпенді халық соғыс белгісі ретінде қызыл түсті таңдаған. Сондай-ақ, қызыл түс туылу, өсу және даму деген түсініктермен астасып жатыр. Сақинаның жиектері «бөрі көз» орнаменттерімен безендірілген. Бұл көшпенді халқымыздың көк бөрі ұрпақтары екендігін әйгілеп тұр.
Ішкі сақинадан тәуелсіз Қазақстан және Астана қаласының жаңа символдарын көруге болады. Аспан түстес ішкі сақина еліміздің көк байрағын көзге елестетеді. Оның жиегіне жүргізілген жасыл түсті орнамент көктемгі молшылық пен жастықтың нышаны ретінде таңдалған.
Аталған көркемдік шешімдер жаңа Қазақстан және Астана қаласының гүлденуі мен дамуын білдіреді.
Қаланың көрнекті жерлері:
- Сулы-Жасыл бульвар–Астананың жаңа алаңындағы көше;
- Ақ Орда–Қазақстан Республикасы Президентінің резиденциясы;
- Бәйтерек монументі – Астананың символы және басты көрікті жері;
- Тәуелсіздік сарайы – дипломатиялық және басқа да халықаралық маңызды кездесулер өткізетін орын;
- Бейбітшілік және келісім сарайы – әлемдік және дәстүрлі діндер басшыларының конгрессі өтетін жер;
- Хан Шатыр – ірі сауда, ойын-сауық орталығы;
- «Шабыт» шығармашылық сарайы – қаланың мәдениет және өнер
орталығы;
- «Қазақ елі» монументі – Қазақстан Тәуелсіздігінің символы;
- «Астана-Арена» стадионы – 30 000 орынға арналған;
- Республикалық велотрек (Қазақстан) – 8 000 орынға арналған;
- Жабық конькиймен сырғанау стадионы – 8 773 орынға арналған;
- «Қазақстан» спорт сарайы – 4 050 орынға арналған, 1 000 тұрып тұруға арналған орын.
Тақырыпты игеруді бақылау сұрақтары
1. Арнайы экономикалық аймақ түсінігі.
2. Қазақстанның арнайы экономикалық аймақтары.
3. Алматы қаласының экономикасы.
4. Астана қаласының экономикасы.
5. Астана мен Алматы қалаларын дамытудағы проблемалар.
Cеместрлік және бақылау жұмыстарының тақырыптары:
1. Қазақстан Республикасының жергілікті өкілетті органдарының функциялары мен міндеттері және олардың іс әрекеттерін жетілдіру жолдары.
2. Қазақстан Республикасының жергілікті атқарушы органдарның іс-әреттерін жетілдірудің негізгі бағыттары.
3. Қазақстан Республикасының аймақтық саясаты, қалыптасуы, мақсаттары, міндеттері және оларды жүзеге асыру қағидалары.
4. Қазақстанның аймақтық саясатын жүзеге асырудың әдістері мен құралдарыжәне оларды жетілдіру жолдары.
5. Қазақстан Республикасы аймақтары экономикасының дамуын мемелекеттік реттеудің негізгі әдістері.
6. Аймақтар экономикасын дамыту проблемалары мен оларды шешу жолдары (нақты мысалда).
7. Қазігі жағдайда өндіргіш күштерді дамытуды қамтамасыз етудегі жергілікті басқару органдарының жұмыстарының тәжірибесі.
8. Шетелдерде жергілікті басқару органдарын саяси және әкімшілік ұйымдастыру тәжірибесі.
9. Әлеуметтік проблемаларды шешуде Қазақстан Республикасының жергілікті басқару органдарының рөлдерін көтеру жолдары.
10. Аймақаралық проблемаларды бірігіп шешу үшін аймақтарды интеграциялаудың негізгі бағыттары мен құқықтық негіздері.
11. Қазіргі жағдайдағы өндіргіш күштерді тиімді орналастыру проблемалары.
12. Жергілікті өзін - өзі басқаруды ұйымдастыру мәселелері және оның іс әрекеттерінің нысандары мен әдістерін жетілдіру жолдары.
13. Қазақстан Республикасында аймақтардың экономикасын дамытуды мемлекеттік реттеу.
14. Аймақтардың әлеуметтік-экономикалық дамуындағы жергілікті басқару органдарының орны мен рөлі.
15. Аймақтық инвестициялық кешен және оны мемлекеттік реттеу негіздері.
16. Нарықтық қатынастар жағдайында аймақтардың агроөнеркәсіптік кешенін мемлекеттік реттеу жолдары.
17. Аймақтардың көлік-коммуникация кешенінің дамуын мемлекеттік реттеу әдістері.
18. Еңбек ресурстарын ұтымды пайдаланудағы жергілікті басқару органдарының рөлі.
19. Халықты әлеуметтік қорғаудағы жергілікті басқару органдарының жұмыс тәжірибесі.
20. Аймақтарда жоспарлы-экономикалық жұмысты жетілдіру жолдары.
Аралық бақылау сұрақтары
1. Еңбектің территориялық бөлінуінің негізгі факторлары.