Терморегуляция

Сау адамның қалыпты жағдайда дене қызуы тәулік бойы 37˚С-тан аспайды. Бұл жылу өндіру және жылу беру сияқты күрделі жылу реттеу жолымен қамтамасыз етіледі. Жылу өндіру бұлшық ет және ішкі мүшелердегі тотығу процестері арқасында жүзеге асырылады. Алмасу процестерінің өнімділігі неғұрлым жоғарылаған сайын соғұрлым жылу жасау көбейе түседі. Жылу беру - терідегі бай тамырлар торына байланысты болады. Олар өз сағасын бірден тез өзгерте алады. Жылу беру - жылу тарату, жылу сәулелену және булану жолдарымен жүзеге асырылады.

Ағзаның жылу өндіруі жеткіліксіз болса немесе ағза салқындағанда тері тамырлары рефлексті түрде тарылады да, жылу беруі төмендейді. Тері құрғақ, суық болады, кейде қалтырау пайда болады. Ол қаңқа бұлшық еттерінің жылу жасауының жоғарылауына әкеліп соғады. Керісінше, жылу көп болған жағдайда (ағза қызғанда) тері тамырларының рефлекстік түрде кеңеюі байқалады. Терінің қанмен қамтамасыз етілуі жоғарылайды, сондықтан жылу беру, оны өткізу және сәулелендіру жоғарылайды. Егер бұл механизмдер жеткіліксіз болса, тер бөлу кенеттен күшейеді. Тер дене бетінен булана отырып, ағзадағы жылудың өте күшті бөлінуін іске асырады.

Сонымен, терморегуляцияның күрделі механизмі ағзаның ішкі ортасындағы температуралық тұрақтылықты қамтамасыз етеді, ол алмасу процестерінің қалыпты жүруі үшін қажетті болып келеді.

2. Дене қызуын өлшеу

Күні бойы кездесетін дене қызуының физиологиялық ауытқулары тәңертеңгі және кешкі қызу арасындағы айырмашылық орташа есеппен алғанда 0,3-0,5 градусты құрайды.

Жастарға, орта жастағы адамдарға қарағанда сәби жастағы және қарт адамдардың дене қызуы төмендеу болады.

Ерте балалық шақта тәулік ішінде үлкен ауытқулармен көрінетін дене қызуының аса тұрақсыздығы байқалады. Қалыпты жағдайда дене қызуы ас қабылдағаннан кейін физикалык күшті жұмсай отырып, жұмыс істегенде айқын көрінетін көңіл-күй жағдайлары, әйелдерде жүктілік және етеккір келу кезеңдерінде аздап жоғарылайды. Қалыпты жағдайларда сау адамдардың дене температурасы физиологиялық жағдайларына байланысты 0,5°С деңгейінде ауытқиды. Сонымен қатар, қалыпты жағдайда теріде өлшенетін дене қызуы (табиғи қатпарлардағы) кілегей қабаттағы қызудан (ауыз қуысы, тік ішегі, қынап) 0,5-0,8°С төмен. Қолтық асты аймағындағы дене қызуы 36-37° С-қа тең.

Жоғарыда айтылған деректерге сүйене отырып, дене қызуын күніне 2 рет өлшеу керек: таңертең - ұйқыдан кейін, ашқарынға(сағат 7.00 - 9.00 аралығында) және кешке -күндізгі демалыстан кейінгі, кешкі асқа дейінгі уақытта (сағат 17.00-19.00 аралығында). Кейбір жағдайларда (дәрігердің белгілеуі бойынша) дене қызуын әрбір 3 сағат сайын өлшеу керек, оны температураның профилін өлшеу деп атайды.

Дене қызуын қалыпты жағдайда максимальді медициналық термометрмен өлшейді. Ол бір шетінде сынап орналасқан резервуарды жұқа шыныдан жасалған және корпустан тұратын аспап. Резервуардан термометрдің басқа шетіне капилляр шығады. Кызған және көлемі үлкейген сынап капилляр бойымен жоғарыға көтеріледі. Капилляр бойында термометр шкаласы орналасқан. Шкала температураның нақты градусына дейін анықтауға есептелген. Ол үшін оның бойында осыған сай арнаулы бөлінулер бар. Медициналық термометрмен 34-42° С-қа дейін дене температурасын өлшеуге болады.

Термометр сынап бағанасының ең жоғары көтерілу биіктігін керсетеді, сондықтан ол ең жоғары (максимальді) деп аталады.

Бірақ капиллярдың төменгі бөлігі бірден тарылып, кедергі жасағанынан сынап өзегінен резервуарға өзінен-өзі аға алмайды.

ЕСКЕРТУ!

Сынапты резервуарға қайтару үшін термометрді сынап бағанасы 35° төмен орналасқанға дейін сілку керек. Манипуляцияны жүргізгеннен кейін термометрді зарарсыздау керек: 15 минутта 1% деохлор немесе 3% су тотығы ерітіндісінде 80 минут батыру, дезинфекциялық ерітінді қоңыр шыныдан жасалған ыдысқа құйылу қажет, себебі күннің көзінде, жасанды жарықта ерітінді өз қасиетін тез жоғалтады.

Абайлаңыз! Термометр жұқа нәзік шыныдан жасалған. Ма-нипуляцияны орындау алдында міндетті түрде термометрдің бүтіндігіне көз жеткізу керек.

Құрамында сынабы бар аспаптармен жұмыс істеу кезіндегі қауіпсіздік техникасының ережесі

Медициналық термометр жұмыс барысында сынуы мүмкін. Ұсаққа бөлініп, ыдырап кететін сынаптың өзі зиянын тигізбейді. Сынаптың буы өте қауіпті. Сынап буы - нейротоксикалық у. Сондықтан сынапты тез жинап алу керек. Науқастарды бөлмеден шығарып, сынапты шаңсорғышпен немесе жұмсақ нанның ортасымен батыра отырып жинайды. Жиналған сынапты тығыз жабылатын шыны ыдысқа орналастыру керек. Содан соң қолды мұқият жуу керек.

Емделушінің дене қызуын өлшеу

Мақсаты: науқастың жағдайын бақылау.

Қажетті заттар:

- медициналық термометр

- астауша

- сүлгі

- дене қызуын есепке алу журналы

- қызу парағы

- зарарсыздандыру ерітіндісі бар ыдыс

- таза термометрді сақтауға арналған ыдыс

- мақта

Іс-әрекеттер алгоритмі:

1. Термометрдің бүтіндігіне көзіңізді жеткізіңіз!

2. Сынап бағанасы 35° төмен болғанша термометрді сілкіңіз.

3. Қолтық астында қабыну құбылыстары мен терінің

зақымдануларының бар-жоғын байқаңыз.

4. Қолтық асты терісін құрғақ орамалмен сүртіңіз.

5. Термометрдің сынабы бар резервуарын қолтық астына

орналастырыңыз.

6. Дене температурасын 10 минут ішінде өлшеңіз.