ЛЕКЦИЯ № 15

Тақырыбы: Қазақ мәдениетіндегі философия феномені.

Жоспар

1. Қазақ ұлттық философиясының қалыптасуы.

  1. Ақындар мен жыраулар шығармашылығының философиялық аспектілері.
  2. Қазақтың ағартушылық философиясы.

Лекцияның мақсаты: Қазақ ұлтының философиялық бастауларымен, алғашқы діни сенімдермен, әдет-ғұрыптарымен салт-дәстүрлерімен танысу. Тәрбиелік мәнін қарастыру

1. Қазақ халқы – ертеден келе жатқан этнос. Тарихы мыңдаған жылдарды қамтиды. Оған дәлел – қазақ халқының тілі, әдет-ғұрыптары, салт-санасы, өмір сүру тәсілі, шаруашылығы. Қазақ халқының киіз үйі соңғы мың жылдықта бір елі де өзгермеген. Сонда, киіз үй қай заманда дүниеге келген, қалай дамып, жетілген? Қонақ күту, дастарқан басына отыру, табақ тарту, етті мүшелеп, әр сүйекті мағыналай бөлу, бас беру кәдесі Еділ (Аттиль) заманында да қалай болса, қазір де солай. Асылы, мұның бәрі арнайы зерттеуді керексінетін проблемалар.

Қазақ қоғамы үшін философиялық емес қалыптағы даналық тән. Ол адам тіршілігін қалыптастыратын дүниетанымдық әмбебаптылық дәрежесінде қолданылады. Сондықтан да шығыс “философемі” дәстүрлі көркем және діни әдебиеттерде малтығып, философия тарихшыларын философиялық жүйені әлеуметтік аспектіде зерттеуге, дүниетанымдық бағыттағы текстерді тануға итермелейді.

Қазақтың ата-тегі табылатын сақтар, гұндар, үйсіндер, қаңлылардың түп-төркіндеріндегі қарама-қайшылықтарға қарамастан, мәселен, гұндар көшпелі болды (қаңлылар Сырдарияның егіншілері еді, ал сақтар мен үйсіндер малшылық пен отырықшылықты үйлестіре отырып Жетісуды мекендеді) көшпенділік әмбебапшылығы басымдылққа ие болды. Солай бола тұра жер өңдеушілердің де дүниетанымдық көзқарастары үнемі елеулі ықпалын жүргізіп отырды. Бүкіл қазақ мәдениетін көшпенді өмір тіршілігінен шығарамыз деу бекершілік, өйткені көшпенділер ешқашан автономды өмір сүрмейді.

Ұлттық сананың өсуі, мәдениеттің қайта өрлеуі (халықтың рухани бастауларына зор көңіл аудару) 25 ғасырлық тарихы бар халықтың рухани бастауларға көңіл аударуын туындатуы заңды еді. Қазақтың ата-тегінің арғы философиясынан бастап дінге, сенімінде, тәңірге табынушылығында және сақтар, гұндар, үйсіндер, қаңлылардың мифологиясында алдыңғы орынға философиялық дүниетанымдық зәру мәселе ретінде көшпенділердің (гұндар), малшы-егіншілердің және отырықшы тайпалардың тіршілік бағыттарының жолдарының арақатысы шығады. Бұл дала мен егістік Тұран мен Иран арасындағы өзара қатынас мәселесіне ұласады. Бұның өзі көне түрік жазу мәдениетінің дүниеге келуімен белгілі. Үлкен мәселелер тізбегі көне Қазақстандағы діни бағыттарға байланысты. Тәңірге (көкке) табыну, Жер-Суға, Ұмайға табыну бақсылық пен тіленшілікке (шаманизм, язычничество) ұласты. Тұрғындардың идеологиялық қауымдастығын сақтау үшін діннің әмбебаптық қалыптағы қажеттіліктерін іске асыру ретінде биддизм пайда болды. Осымен бірге Манидің үш уақыт жайындағы консепциясының нәтижесінде манихейшілік дамып өркендеді. Христиан діні болса, несторианство және яковиство қалыптарында заораостризммен жарыса дамыды, ал бұлардың екеуі де даланың барлық халықтарына ықпал жүргізген Митра құдіретіне ұмтылды. Бұл мәселелер діндердің синкретизмін және әртүрлілігін ой елегіне өткізуге алып келеді. Мұның өзі руникалық жазбалар куә болғандай, синтез, жалпылау мәселесін алға қояды.

2.Ақындық өнер шынайы өмірді бейнелеудің ерекше формасы ретінде Қазақстанда Қазақ хандығының қалыптасуымен бірге пайда болды. Жазуды шектеулі топтың қолдануы, баспаның болмауымен, халықтың жаппай сауатсыздығы хандық кезеңдегі қазақ қоғамында әртүрлі формадағы ауызша мәдениеттің үстем болуына қолайлы жағдай қалыптастырды.

Қазақ жыраулары мен ақындарының ауызша өнері, халықтың ауызша шығармашылығы негізінде қалыптасты. Бұл өнер жанры мен мазмұны жағынан және идеялық бағыты жағынан халықтың ауызша өнерімен тығыз байланысты болды.

Қазақ әдебиетінде қалыптасқан дәстүр бойынша қазақтардың ақындық өнері, өзінің қалыптасуында үш кезеңді басынан өткізді: 1) Жыраулар кезеңі (XV мен XVIII г-ң бірінші жартысы). 2) Ақындық шығармашылық кезең (XVIII г-ң екінші жартысы мен ХІХ г-ң бірінші жартысы). 3) Айтыс өнерінің пайда болу кезеңі (ХіХ г-ң екінші жартысы мен ХХ г-ң басы).

Жыраулардың ең ерте өкілдері: Қазтуған, Асан Қайғы (XV), Доспамбет жырау (ХVІ), Шалкиіз жырау (1465-1560), XVIII ғасырда халық арасында Ақтамберді жырау, Тәтіқара ақын, Бұқар жырау, Шал ақын әйгілі болды.

Жыраулар шығармашылығы толғау формасындағы философиялық-дидактикалық ой-талғамдар болды.

Талғауларда билеушілерге халықты қалай басқару керектігі жайлы, ал халыққа өзін оқиғалар барысында қалай ұстау керектігі жайлы кеңестер мен өсиеттер болды. Қоғам мен табиғаттағы өзгерістердің мәнін түсіндірудің әрекеттері де болды. Толғау түрінде көбіне мораль принциптері, құлықтылық қағидалары көрініс тапты. Көптеген жыраулар жорықтарға қатысып жауынгер де болды. Олардың шығармалары батырлықты, жауынгерлікті ерекше дәріптеп, жырлары жауынгерлерді алдағы болар шайқастарда рухтандырып отырды.

Жыраулар шығармашылығы сонымен қатар, өмір мәні жайлы толғаныстарға да толы болды. Өмір мен жер, яғни ел тағдыры мен жер тағдыры Қазтуған, Асан Қайғы шығармаларының басты тақырыбына айналды. Мұндай сарын әсіресе Асан Қайғы толғауларында өте өткір қойылған. Асан жырлары экзицтенциалды сарынға толы. Адам өмірі оның проблемалары Асан Қайғыны қатты толғандырды. Мұндағы ең басты құндылық адам мен жер. Жер ақынның пікірінше бұл халықтың өмірі. Ел мен жер өзара тығыз байланыста болады. Адам болмысының игілікті болуы жердің игілігіне оның байлығына байланысты.

Жырау адамның жерге деген қарым-қатынасын оның ізгілігі критерийі тұрғысынан қарауға бейім. Елдің игілігінің нағыз кепілі Асан Қайғыда “Жер Ұйық” болып табылады. Асан Қайғы осы “Жер Ұйықты” іздеуде утопияға беріледі.

3. Қазақ халқының рухани даму тарихында ХІХ ғасырдың екінші жартысы бетбұрыс кезеңі болды. Міне осы кезеңде, Қазақстанда, ағартушылық мәдениет пайда болып дамыды. Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин және А.Құнанбаев оның классикалық өкілдері болды. Қазақстанда ағартушылық адамзаттың рухани өмірінің дамуының жалпы заңдылықтарының ықпалымен пада болды. Алайда бұл заңдылықтардың жүзеге алуының Қазақстанда өзіндік ерекшеліктері болды.

Қазақстанда ағартушылықтың пайда болуы қазақ қоғамының сол кезеңдегі тарихи даму процесімен айқындалып қана қоймай, сонымен қатар қазақ халқының тағдырын түбегейлі өзгерткен, ұзақ жылдарға оның саяси өмірінің мазмұнын айқындап берген сол кезеңдегі саяси оқиғалардың барысы да өз ықпалын тигізді. Өзінің Ресей мен Европаның алдыңғы қатарлы қоғамдық ойымен орғаникалық, тығыз байланысының болуына қарамастан тарихы тереңде жатқан өзіндік құбылыс болды. Сондықтан оны, Ресейдегі Еуропамен байланыстырып тұрған қоғамдық-саяси жағдайлармен қалай байланыстырсақ, Ресей империясының бір бөлігі ретінде қалыптасып келе жатқан Қазақстандағы жағдайлармен де солай байланыстырған жөн.

Демек қазақ ағартушыларының негізгі ерекшеліктері сол, ол Дала өлкесінің Ресейге қосылуының идеялық көрінісі ретінде пайда болды.

Европалық ағартушылық пен орыс ағартушылығынан қазақ ағартушылығының негізгі айырмашылығы, ол идеялық мазмұны бойынша нашар дамыған. Халықтардың артта қалушылығынан құтылу проблемасының теориясы талап шығарудың төңірегінде дамыды. ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ ағартушылары, қазақ халқының әлеуметтік-экономикалық және мәдени прогресс жолымен дамуының қозғаушы күші ретінде оның орыс өркениетімен қоян-қолтық араласуында деп есептеп, осыған бар күштерін жұмсады.

Батыс ағартушыларының көзқарас ұғымдарымен қазақ ойшылдарының идеялары да сәйкес келмеді. Егер Батыс ағартушылары өзінің көзқарастарына қарама-қайшы түрде, буржуазиялық құбылысты объективті түрде идеялизацияласа, қазақ ойшылдары білімге негізделген демократиялық тәртіптерді орнату үшін күресті.

Қазақ ағартушылары сонымен бірге батыс ағартушыларына қарағанда езгіні қатаң түрде сынға алуымен ерекшеленді. Міне осы ерекшелігімен қазақ ағартушылары бүкіл дүние жүзілік ағартушылық ойдың дамуына баға жетпес үлес қосты.

Қазақ ағартушылығының негізін салушы Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов (1835-1865) әнциклопедист-ғалым, шығыстанушы, саяхатшы, публицист және қоғам қайраткері. Ш.Уәлиханов өз бойында шын мәнінде еуропалық білімділік пен Шығыс халықтарының мәдениеті жайлы терең түсінікті үйлестірді және қысқа гұмырында мол да жан-жақты шығармашылық мұра қалдырды.

Ш.Уәлихановтың ойшыл ретінде қалыптасуына демократиялық бағыттағы орыс ойшылдарының көзқарасы елеулі ықпал етті.

Ш.Уәлиханов тікелей философиялық мәселелер жөнінде еңбектер жазбаған, алайда, барша шығармаларынан дерлік философиялық пікірлер мен тұжырымдарды байқауға болады.

Ол “Қазақтардағы шамандықтың қалдығы”, “Сахарадағы мұсылмандық жөнінде”, “Тәңір” деген еңбектерінде философияның негізгі мәселесіне қатысты пікірлер айтады. Ең алдымен Ш.Уәлиханов сыртқы дүниенің адам санасынан тыс өмір сүретіндігіне шек келтірмейтіндігін айту керек. Шамандықтың шығу тегін мұқият зерттеулерінен және басқа да еңбектерінен Шоқанның себептілік заңдылығын құптайтындығы, себепсіз құбылыс болмайтындығына кәміл сенетіндігі байқалады.

Ш.Уәлиханов секілді Алтынсарин да өз халқының артта қалушылығын жоюдың бірден-бір жолы ағартушылықта деп сенді және Қазақстандағы халық ағарту ісінің ұйымдастырылуы мен дамуы белсене араласты.

Ыбырай арнайы философиялық тақырыпта еңбек жазбаған, дегенмен өз еңбектерінде дүниетанымдық ерекше пікірлер қалыптастырған. Ыбырайдың көптеген өлеңдері мен әңгімелерінен оның қоршаған дүниенің санадан тыс және тәуелсіз өмір сүретіндігін мойындайтынын байқаймыз. “Жаз”, “Өзен” сияқты өлеңдері табиғатты өзінше тамашалау ғана емес, сонымен бірге оның адам санасынан тыс және тәуелсіз екендігі сезіледі.Бұл – ұлы ағартушының дүние туралы көзқарасының бір жағы. Екінші, Ыбырай дүниені жаратушы Құдай деп біледі.

Алтынсариннің этикалық және эстетикалық көзқарастары құндылығы және маңызы жағынан ерекше орын алады. Мысалы, жаңа “Жаз”, “Өзен” өлеңдерінде табиғаттың сұлулығы көгорай шалғында көркі, күмістей сыңғырлаған суы, көкжиектің мұнарланған сағымы шебер тілмен суреттеледі. Бұл шығармалар жастарды сұлулықты, ғажайып табиғатты сүйе білуге, құрметтей білуге тәрбиелейді.

Алтынсариннің қоғамдық-саяси көзқарастарына шынай да терең демократизм, өз халқының мүддесін қорғауға деген ұмтылыс тән. “Қырғыз қайғысы” деген жазбаларында ол 1868 жылға отаршылдық қанауды күшейту мақсатында жасалған әкімшілік реформасына наразылық білдіреді.

Абайды көбінесе ұлы ақын сазгер деп жатамыз. Шындығында Абай алдымен философ ақын. Оның кез-келген өлеңі философиялық терең ойларға құрылып отырады.

Жамандар қыла алмай жүр адал еңбек,

Ұрлық, қулық қылдым деп қағар елбек.

Арамдықтан жамандық көрмей қалмас

Мың күн сынбас, бір күні сынар шөлмек.

Бұл жыр шумағын философ ақын ХІХ ғасырда жазғанымен, бүгінгі күндегі қоғамымызда болып жатқан құбылыстарға байланысты айтылып тұрғандай. Байқасақ қазақ қоғамының бұдан жүз жылдан астам бұрынғы басынан өткізген проблемасының негізгі мазмұны сол күйінде қалып отыр. Сондықтан Абай өлеңдері қазіргі кезде де өз актуальдығын жояр емес.

Өзінің терең ойымен Қазақ философиясында ерекше із қалдырған Абай, әдебиетімізде сыншыл реализмнің негізін салушы. Ол ақынның азаматтық парызы шындықты бейнелеуде, қоғамдық кесірді әділет пен ақылдың билігіне жүгіндіруде деп білді. Дүниетанымдық мәселеде Абай деизмге жақын болды. Құдайдың жақсы мен жамандықты жаратқанын, алайда оны істейтін адамның өзі екенін Абай алға тартады да фатализмді сынға алады.

Мұны ол атеистік тұрғыдан емес, Қазақ ағартушыларының көбінде кездесетін “нағыз” дін немесе рационалдандырылған дін позициясынан сынға алады.

Дегенмен Абай нағыз идеялист философ болды. Отыз екінші сөзінде барша заттарды, тіптен машиналар мен завод фабрикаларды да Алла жаратты деген тұжырым жасайды.

Сонымен бірге Абай нағыз рационалист болғаноымен, ол сезімнің ізгілікке жетудегі шешуші рөлін алға тартады.

Өзге ағартушылар секілді Абай философиясының басты проблемасы – адам болды. Қазақ елінің надандықтан шығар жолы ол еңбек етуде деп білді. Еңбек пен білімді де Абай жоғары қояды. Абай шығармаларындағы еңбек пен білім халықты игілікке жеткізер, қатар әрекет ретінде ұғындырылады.

“Еңбек етсең ерінбей

Тояды қарның тіленбей”.

немесе

“Бақпен асқан патшадан,

Мимен асқан қара артық.

Сақалын сатқан кәріден,

Еңбегін сатқан бала артық”.

Деген сөздерде қаншама философиялық тұжырым, ой жатыр.

Абай дүниетанымы ХХ ғасырдың басындағы қазақ ойшыл-зиялыларына елеулі ықпалын тигізді. Осы зиялылардың еңбегі арқасында Абай ұлы ойшыл ретіндегі бағасын әділ түрде алды деуге болады.

Бақылау сұрақтары:

1. Қазақ дүниетанымымының қандай ерекшеліктерін бөліп көрсетуге болады?

2. Көне түркі мифологиясы

3. Қазақ даласындағы алғашқы утопист жырау кім болды?