ЛЕКЦИЯ №12

Тақырыбы: XIXғ. мәдениетіндегі батысеуропалық философия.

Жоспары:

1. Классикалық емес философияның қалыптасуының алғы шарттары. Марксизм классикалық емес философиялық тұжырымдама ретінде.

2. Батыс философиясындағы сциентистік беталыс, позитивизмнің қалыптасуы.

3. Неокантшылдық

  1. Гуссерльдің феноменологиясы.

 

Лекцияның мақсаты:19ғ. философиясымен танысу.

1 Диалектикалық материализмнің негізін қалаушы К.Маркс пен Ф.Әнгельс болып табылады. Сондықтан диалектикалық материализмді, көбінесе марксистік философия деп атайды.

Диалектикалық материализм философиясы ХІХ г-ң ортасында пайда болды. Марксистік философияның пайда болуының алғы шарттары:

Қол еңбегінен машина еңбегіне өту кезеңін білдіретін Европадағы XVIII-XIX ғасырдағы өнеркәсіп революциясы.

Саяси аренада, өзінің саяси талаптарымен бірге пролетариаттың пайда болуы.

Классикалық неміс философиясының идеялары (әсіресе Гегельдің және Фейербахтың).

Жаратылыстану ғылымдары саласындағы жаңалықтар, Дарвиннің эволюциялық теориясы, организмнің клеткалық құрылысы жайлы ілім, әнергияның сақталуы және ауысуы заңы.

 

1) Диалектикалық әдіс материалистік принциппен байланыста қарастырылады.

2) Тарихи процесс, материалистік тұрғыдан, табиғи, заңды процесс ретінде түсіндіріледі.

3) Дүниетанымды өзгертудің жалпы методологиялық негізі жасалып шығады. Осының нәтижесінде, философиялық зерттеулердің ортасы өзге пайымдаулар саласынан, адамдардың материалдық-практикалық іс-әрекеті саласына ауысады.

4) Қоғамдық дамудың қажеттіліктерімен сәйкес келетін пролетариаттың, бүкіл еңбекшілердің мүдделері, диалектикалық-материалистік көзқарастармен байланыстырылады.

К.Маркстың философия мен әлеуметтік ғылымдарға қосқан ең басты үлесі ол қосымша құн теориясы мен тарихты материалистік тұрғыдан түсіну. Маркс бойынша Қоғам – бір қоғамдық формациядан келесі қоғамдық формацияға табиғи жолмен өту арқылы дамиды. Мұндай әрбір формацияның негізгі ерекшелігі мұндағы өндіріс тәсілдерімен айқындалады. Ал мұның негізінде қандай да бір өндірістік қатынастар жатыр. Тауарлық өндіріс үстем болған қоғамда, қанаушылық пен зорлық-зомбылық туындайды. Қоғамды қанаушылықты жою мақсатымен қайта құру, капиталистік формациядан коммунистік формацияға өту кезеңінде пролетарлық революцияның көмегімен және пролетариат диктатурасын орнату арқылы жүзеге асуы мүмкін. Маркс бойынша коммунизм – бұл өндіріс құрал-жабдықтарына қоғамдық меншік орнатылған қоғам. Бұл қоғамдағы адам бостандығының өлшемі, оның бос уақыты. Мұнда “әркімге қабілетіне қарай және қажетіне қарай” деген принцип жүзеге асырылады.

К.Маркстің серігі Ф.Әнгельс болды. Бұл екеуі бірлесіп, материалистік диалектиканың негізгі идеяларын жасап шықты. Ф.Әнгельс өзінің көп уақытын материяның мәніне, оның қозғалу формалары мен атрибуттарына бөлді. Оның Марксизм философиясына қосқан үлесі – табиғат диалектикасы.

2. ХІХ ғасырдағы Батыс Европалық философияда едәуір өзгерістер болды. Бұл өзгерістер сол кезеңдегі мәдениеттің, ғылымның, техниканың және адамдардың бүкіл іс-әрекетінің өзгеруімен байланысты болды. Адамзат тарихындағы бұл кезең – бұл қарама-қайшылыққа толы кезең болды. Бұл кезеңде адам өмірінің барлық саласында революциялық өзгерістер жүріп жатты.

Міне осындай қарама-қайшылыққа толы әлеуметтік-мәдени жағдайда философияда құндылықтарды қайта қарау мен парадигмалардың ауысуы болмай қоймады.

Философиялық ойлауда плюрализм (лат-pluralis-көп) пайда болды. Бұл кезең әртүрлі философиялық бағыттардың, тұжырымдамалардың және мектептердің; материалистік және идеялистік рационалистік және иррационалистік, діни және атеистік бағыттағы көзқарастардың пайда болып қатар өмір сүруімен ерекшеленеді.

Осы көптеген философиялық бағыттардың ішінде енді біз позитивизм философиясын алып қарастырайық.

Позитивизм философиясы (франң. positivisme, лат. Positivus-оң) классикалық индуктивизмнің ағылшындық мектебінің дәстүрлері негізінде қалыптасып, эмпирикалық-индуктивистік дәстүрдің жалғасы іспеттес болды. Позитивистік философияның қарастыратын негізгі мәселесі – философия мен ғылымның, методолгия мен гносеологияның өзара қарым-қатынасы болды. Оның басты принципі – білім арнайы ғылымдардың ғылыми зерттеуінің нәтижесі және олардың синтетикалық қосылысы ретінде болуы мүмкін, ал философия жеке ғылым ретінде өз алдына өмір сүруге құқы жоқ. Философия ғылыми шектерден азат болып, шынайы ғылыми білімге арқа сүйенуі қажет. Позитивизм философиядағы дербес сциентистік бағыт ретінде ХХ г-ң 30-шы жылдарында қалыптасты да, өзінің бір ғасырлық өмір сүруінде о баста өзіне тән субъективтік идеализм мен агностицизм бағытындағы эволюцияны басынан өткізді. Себебі, ол ғылым – заттардың мәні емес, ол тек құбылыс қана деген тезисті негізге алды.

2. Енді біз мұнда позитивистік философияның даму эволюциясының негізгі кезеңдерін қысқаша түрде қарастырып көрейік.

І. Классикалық позитивизм кезеңі.

Бұл кезең Огюст Конттың (1798-1857) философиясынан және оның отандастары әрі ізбасарлары Жозеф Әрнест Ренан (1823-1892) мен Әмиль Литреден (1801-1881) бастау алады. Англияда бұл философияның негізін қалаушылар: Джон Стюарт Милль (1806-1873) мен Герберт Спенсер (1820-1920) болды. Ал Германияда Якоб Молешотт (1822-1893) пен Әрнест Геккель (1834-1919) Италияда- Роберто Ардиго (1828-1920), Ресейде- В.В.Лесевич (1837-1905) және т.б.

Классикалық позитивизмнің негізгі сипаттары.

Ғылым өзіне-өзі философия – міне позитивизмнің мәні осында.

Танымның жалғыз әдісі – табиғатпен бірге қоғамды зерттеуде жұмыс атқаратын ғылыми әдіс болып табылады. Философия аксиологиялық (құндылық) үйлесімділіктен бас тартып, өз негізінде позитивті (ғылыми) білімге ден қоюы тиіс. Себебі философиялық білім дәл болуы шарт.

Огюст Конт бойынша, адамзат позитивті философияға өз ой-қабілетінің дамуы арқасында қол жеткізді. Ол адамзаттың интеллектуалдық эволюциясының 3 кезеңін бөліп көрсетеді: 1) Теологиялық.

2) Метафизикалық. 3) Позитивті.

 

ІІ. Махизм немесе эмпириокритизм.

Позитивтік философияның екінші тарихи формасы ХІХ ғасырдың соңында пайда болды. Өкілдері: Әрнст Мах (1838-1916) және Рихард Авенариус (1843-1896). Махизм мен эмпириокритизмнің негізгі сипаттарры.

Махизм – ілім ретінде жаратылыстану ғылыми ойды, метафизикадан (философиядан) оның алданыш проблемаларымен қоса тазалауды талап етті.

Э.Махтың тұжырымдамасы “ойлауды үнемдеу және таза сипаттау ғылымы идеясы” деп аталатын екі методалогиялық принципке негізделген. Э.Мах ғылымның абстрактылы табиғаты жайлы ұғымды алға тартады.

Р.Авенариустың әмпириокритизмі философияның негізінде сыни тәжірибе жатуы қажет деген тұжырымнан келіп шығады.